• Бүгін: 24.04.2019 |$1 = ₸378.92

Құралай апа

Біздің көнекөз көпті көрген аналарымыздың өмір жолын тыңдап отырсақ, тіпті балдәурен балалық шағының өзі оңай болмағанын аңғарар едік. Небір қиындықтан өтіп, тағдыры қайсарлықпен, күреспен өрілген, әйтсе де сол тауқыметтерде сынып кетпей, керісінше өзінің тектілігімен, төзімділігімен өнеге көрсеткен жанның бірі Құралай Жотайқызы Айекеева. Осы жолы Құралай апамен дидарласып, әңгіме-дүкен құрудың сәті түсті. Бұл күндері сексеннің үшінші қырына аяқ басып бара жатқан аяулы ананың айтары көп. Жастай белі қатпай ауылдың қара жұмысына араласып, анасына қолғабыс болған Құралай ана  кейін келін болып түскен шағында да ата мен ененің қас-қабағына қарап, қызмет еткен, өкіметтің жұмысына да тиянақты үлгерген, алты балаға үлгілі тәрбие беріп, жоғары білім алғызған алтын құрсақты ананың сүбелі сөздеріне құлақ түрейік.   


 


     - Мен 1936 жылы 20 қазанда Сайрам ауданы, Ошақты ауылында туғанмын. 1941 жылы әкемізді орда бұзар отыз жасында майданға әкетті, анамыз екі қыз, бір ұлмен қалды. Мен үйдің үлкенімін, інімнің ғұмыры қысқа болды,  алты жасында ауырып қайтыс болды. Бала атаулыдан, үйде сіңілім екеуміз ғана. Содан 1942 жылы әкем соғыста жараланып бүйіріне оқ тиіп, ауылға келді. Сөйтіп, арада дүниеге тағы қыз бала келді. Кішкентай сол сіңілімді қырқынан шығарарда, әкем құлан-таза айығып, қайтадан соғысқа шақырып алып кетті. Ол кезде он екі мүшесі сау адамды қайта шақыртып алатын, тек қолдары мен аяқтарынан айрылғандар ауылға оралып жатты. Жеті жасар тұлшымшағы желбіреген қыз баласы едім, әкемді шанамен әкетіп бара жатқан сәті көз алдымда қалды. Үйде әжем, анам, біз үш қыз үрпейісіп қала бердік. Өмір-ай... содан қайтып асқар тау әкешімнің бейнесін көрген жоқпын.      


     Анам жиырма сегіз жасында жесір қалып, бізді асырап-жеткізді. Әкемнің артынан қара қағаз келген жоқ, өйткені, ол шақтары екі-күннің бірінде әрбір шаңыраққа қаралы хабар жетіп жатты ғой, ел іші күңіреніп кетті. Күнде еңіреп жылап-сықтау, елдің еңсесін одан бетер күйзелткісі келмеді ме, «ауылсовет» өлгенді де, тіріні де естіртпей қойды, қара қағаз жіберуді тоқтатты. Кейде «пленге» түсіп қалғандары бар жауынгерлердің арасында, олардың ізі белгісіз, бәлкім сондай кезде жаудың қолында кетті ме, тірі келер ме деген үміт те жоқ емес болатын. Хабар-ошарсыз қалған туысқандар іштей тым болмаса осындай үміттің жетегінде жүретін.


       Содан әңгімемді әрі қарай жалғайын... біз ауылда қалдық. Өңкей әкелері соғысқа кеткен жетім қалған балаларды жинап, Шымкенттегі мектеп-интернатқа әкеліп оқытатын болды. Мені сіңілдеріммен қосып, яғни үйдегі үш қызды интернатқа алды. Анам аяқастынан ауырып қалды, денсаулығы сыр берді. Таңнан қара кешке дейін колхоздың жұмысын істеп, саусақтарын күнде мүздай суға салып, сүйектері майысып қақсайтын болды. Мен содан шешеме қарайлаймын, үйде басқа бас көтетер адам жоқ деп, интернатқа бармай қалдым. Ауылда барлығының әкелері соғысқа кеткен, бәрі қаладағы интернатқа көшірілді. Сонымен ауылдағы мектеп жабылды. Мен сол күйі алтыншы класқа дейін оқыдым да, әрі қарай оқымай қалдым. Он үш жасымнан ауылда сиыр саудым, анамның орнына жұмысқа шықтым. Таңғы алакеуімде бесте тұрып, сиыр саууды бастаймыз. Саусақтарым нәзік, бұзауды байлаудың өзі мұң. Әлі бұғанасы қатпаған бала болсам да, тәтті ұйқыны да, қарнымның аштығын да, қатар құрбымен ойнайтын ойынды бәрін ұмытып, тек еңбекке төселдім. Бір күні маған бұл жұмыстың тым ауыр екенін, ересектер аңғарды ма, жандары ашып, көкөніс таситын жаққа қарай ауыстырды.  Кейін он тоғыз жасымда тұрмысқа шықтым. Бөгежін руына келін болып түстім. Отағасы екеміз алты баланы өсіріп, тәрбиелеп жеткіздік, құдайға шүкір. Төрт қыз, екі ұл дүниеге келді. Отағасы қойма меңгерушісі болды, өзім 1965 жылдан жиырма тоғызымнан бастап, азық-түлік дүкенінде дүкенші болдым. Үш айлық курсты бітірдім. Сол дүкеншілікті зейнет жасына дейін істедім, 50 жасымда зейнеткерлікке шықтым. Үлкен қызым сауда саласына кетті. Екінші қызым Айгүл Ақмола облысындағы медициналық институтты (қазіргі Астана медициналық университеті) бітірді, бұл күндері Жетісай қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері. Бір ұлым жеке кәсіпкерлікпен айналысады, бір қызым бухгалтер, кенже қызым Шамшат дәрігер, фармацевтика саласында, кенже ұлым жылжымайтын мүлік саласында жеке кәсіппен айналысады...


... Балалары мен немерелерін айтқанда Құралай апа марқайып қалды. Бала бауыр етің, әрқайсысы өз орнын тауып, жетістікке жетсе, ана үшін сол бақыт. Баланың жеңісі – ананың жемісі, әлбетте. Құралай апа өмірінде көп қайырымдылық жасаған жан. Жиырма екі жыл ата-енесіне қарады, енесі 93-інде қайтты, алдынан кесе-көлденең өткен емес, бар әдебін сақтайтын. Ғұмыр бойы сыйласып өтті, ал атасы 84 жасында дүние салды. Өмірінің соңында осы Құралай келіннің қолынан дәм татып, батасын беріп кетті. Сол кісілердің ризашылығы ма, бұл күндері өзі де сексеннің сеңгіріне шыққан Құралай апа ширақ. Жастайынан қалыптасқан әдет ғой, тыным таппайды, ұл-қыздарының үйіне қонаққа келеді де, құрылыс жұмыстарына араласып кетеді, әйтеуір кішкене де болса себім тисе дейді.  Құралай апаның өз сіңілдерінің екеуі де мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түскен, бірі дәрігер, енді бірі физика-математикадан мұғалім болды. Олардың да немерелері бар, ал өз анасы 84 жас өмір сүріп, қайтыс болған. Міне, осындай сүйегі асыл аналарымыз немере-шөберелерінің ортасында  мерейлері тасып жүрсе берсек екен деп тілейміз.


Құралай Исламқызы


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.