• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Созақта полиэтилен құбырлары шығарылады

Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында индустрияландыру картасы аясында жылына 360 мың шаршы метр полиэтилен құбырын шығаратын зауыт іске қосылып, «UKO-S Star» металл құрастыру зауытының екінші жобасының іргетасы қаланды. Шолаққорған ауылындағы индустриялды аймақта орналасқан «Сырлы Созақ» ЖШС-нің «Пластмас қалдықтарынан шикізат өндіру және полиэтилен құбырын шығару» зауытының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Мақсат Исаев қатысып, жаңа өндіріс орнының жұмысына сәттілік тіледі.


«2012 жылдан бастап жаңадан іске қосылатын шағын және орта кәсіпорындарды бір жерге шоғырландыру арқылы олардың инфрақұрылым (автожол, су, жарық) мәселелерін мемлекеттік деңгейде шешу мақсатында ауданда индустриалды аймақ құру мәселесі қолға алынып, 50 гектар жер телімі резервке қойылды. Қазіргі күнге дейін инфрақұрылым құрылысына жалпы 239,7 млн. теңге бөлініп, жұмыстар толық аяқталған», - деді аудан әкімі өз сөзінде. Жоба құны 222,9 млн. теңге болатын полиэтилен құбырын шығаратын зауытта жергілікті 50 азамат жұмыспен қамтылды.


Ал кірпіші қаланған «UKO-S Star» металл құрастыру зауытының  екінші жобасының құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталып, іске қосу жоспарлануда. Бұл зауытқа құны 337 млн. теңге болатын инвестиция тартылып отыр. Өндіріс орны техникалық май тасымалдауға арналған бөшкелер шығаратын болады. Жоба іске қосылған уақытта  25 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Мақсат Исаев, Созақ ауданының әкімі: - Ауданымыз бойынша индустриалды аймаққа 50 га жер бөлінген. Бүгінгі таңда сол 12 га инвестрларға берілген. Қазіргі таңда 4 жоба іске қосылып отыр. Жалпы 5 айдың көлемінде 130 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 123 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жалпы жергілікті бюджетке 36 млн-дай салық төлейді, - дегенді айтты. Айта кетейік, аталған индустриалды аймақта бүгінде уран  өндіруші кәсіпорындарға арналған құрал-жабдықтар шығаратын зауыт пен иодталған ас тұзы кәсіпорны мен  металл құрастыру сынды 3 жоба жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.