• Бүгін: 20.07.2019

Өткен күннен белгі бар...

 АХМЕТ Ислам


 1949 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аралсульфат поселкесінде дүниеге келген. 1966 жылы осы облыстың Қазалы ауданы Карл Маркс атындағы кеңшарында (қазіргі Бекарыстан би ауылы) орта мектеп бітіреді. 1966-1968 жылдар аралығында кеңшарда жұмысшы болып істеген.


1968 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, оны  1974 жылы ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шығады.


1974-1978 жылдарда Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, «Қызылқұм» кеңшарында зоотехник-селекционер болып жұмыс істейді. 1978-1980 жж. Қазалы аудандық ауылшаруашылығы басқармасында аға зоотехник, 1980-1988 жж. «Қызылқұм» кеңшарында ферма меңгерушісі, бас зоотехник, кеңшар директоры қызметтерінде болған. 1988 жылдан 1993 жылға дейін Қызылорда облыстық мал тұқымын асылдандыру бірлестігінің бас маманы, 1993-2000 жылдар аралығында «Алмас» жеке кәсіпорынының директоры.


Қызылорда облыстық атқару комитеті мен кәсіподақтары облыстық комитетінің біріккен қаулысымен 1983 жылы «Қызылорда облысының үздік зоотехнигі» атағы берілген. 1985 жылы КСРО Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің медалімен марапатталған. 1986 жылы Қазалы аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланған.


2003 жылдан 2013 жылға дейін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында» ғылыми қызметкер және бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2010 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Қызылорда облысында қаракөл шаруашылығын дамыту жөніндегі монографияның авторы. Сонымен қатар елімізде түйе тұқымдарын асылдандыру бағытында бес кітап шығаруға қатысқан. Бұлардан басқа отыздан астам ғылыми және ғылыми-публицистикалық еңбектер жазған. 2016 жылдан осы уақытқа дейін «Түйе тұқымдары» Республикалық палатасының директоры қызметін атқарады. 


Жанұяда алты бала тәрбиелеп өсірген жұбайы Жұмагүл «Күміс алқа» иегері.


 Өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері


                                                   Еңбек жолы


 1966 жылы орта мектепті бітірді.


1966-1968 жж. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Карл Маркс ат. кеңшардың жұмысшысы


1968-1974 жж. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенті


1974-1978 жж.. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қызылқұм кеңшарының селекционер зоотехнигі.


1978-1980 жж. Қазалы аудандық ауылшаруашылығы басқармасының аға зоотехнигі.


1980-1988 жж. Қызылорда облысы Қазалы ауданы Қызылқұм кеңшарының ферма меңгерушісі, бас зоотехнигі, директоры.


1988-1993 жж. Қызылорда облыстық ғылыми-өндірістік жүйесінің бас маманы.


1993-2003 жж. «Алмас» жеке кәсіпорнының директоры.


2003-2013 жж. Шымкент қаласындағы «КазАгроИнновация» АҚ «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» ғылыми қызметкері.


2016 жылдан «Түйе тұқымдары» Республикалық палатасының директоры


                                Марапаттаулар мен атақтары


 1983 ж. Қызылорда облыстық атқару комитеті мен облыстық кәсіподақтары кеңесінің бірлескен қаулысымен «Қызылорда облысының үздік зоотехнигі» атағы берілді.


1985 ж. КСРО Халық шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің қола медалімен марапатталды.


1986 ж. Қазақстан КП Қазалы аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды.


2010 ж. ҚР білім және ғылым министрлігі жанындағы Жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.


 


                                         Сөз басы


Елуден асыппын…


Биік төбенің басына шығып жан-жағыңа қарағандай-ақ, өткен өмірің жайлы ой түйіп, соның жаманынан түңіліп және жақсысына сүйсінетіндей уақыт жеткен сияқты.


Ойлана келе басымнан өткенді қағаз бетіне түсіруді жөн көрдім. Адам баласы бұл дүниеге келгеннен кейін жалғыз өзі өмір сүрмейді. Осы себептен өмірім жайлы жаза отырып, өзіммен қатысып-араласқан жандар жайлы да айтуыма тура келді. Жазбадағы аты аталғандардың барлығы да өмірде бар адамдар және болған адамдар. Оқиғаларды ешбір боямасыз, қоспасыз жеткізуге тырыстым.


Оқыған адамға ой саларлықтай және балаларым ғибрат аларлықтай дүние болып шықса, мақсатымның орындалғаны ғой деп есептеймін.


 


                                Ислам Ахметұлы,


2001 жыл.


 I - БӨЛІМ


 БІЗДІҢ ШАҢЫРАҚ


 Естелік)


 Дүние үлкен көл,


Уақыт соққан жел.


Алдыңғы толқын ағалар,


Артқы толқын інілер.


Кезекпенен өлінер,


Баяыдай көрінер…


.......................................


                             Абай 


 


 Ағаштың бұтағына бүр жарып шыққан жапырақтың нәрді сол ағаштың алыстағы тамырынан алатыны сияқты, дүниеге келген әрбір адамзат баласының да шыққан тегі болады және сол тегінен рухани қуат алады. Батырларымыздың жауға шапқанда бабаларының атын атап ұран салатыны осының айқын дәлелі. Адамның бойындағы жақсы қасиеттер мен жаман әдеттер тек тәрбиеге ғана емес, сол шыққан тегіне де байланысты.


Жеті атасын білмейтін қазақ кемде-кем шығар, бірақ біз қайдан шықтық, біздің тегіміз кім деген сұраққа жауап іздегенде жеті атаны білу аздық етеді. Ол үшін одан да әрменіректен, яғни шежіреден сыр тартуға тура келеді. "Арғысын айтпай, бергісін түсіндіру қиын... " деп қазақтың үлкен ақыны Әбекең (Әбділдә Тәжібаев) айтқан екен, олай болса әуелі шежіреге үңіліп көрейік.


Қазақ халқы ең негізгі қырық екі рудан тұрады екен[1]. Осы рулар ұлы жүз, орта жүз және кіші жүз болып үшке бөлінген. Ұлы жүздің құрамында он бір ру (үйсін, дулат, жалайыр, албан, суан, шапырашты, ысты, ошақты, сіргелі, қаңлы, шанышқылы), орта жүзде алты ру (қыпшақ, арғын, керей, уақ, қоңырат, найман), кіші жүзде жиырма бес ру бар[2]. Кіші жүздің осы рулары әлімұлы, жетіру және байұлы болып үш тайпаға бөлінеді. Байұлы тайпасында он екі ру (адай, беріш, алтын, жаппас, таз, есентемір, байбақты, масқар, алаша, қызылқұрт, шеркеш, ысық), жетіру тайпасында жеті ру (кердері, керейт, табын, тама, рамадан, телеу, жағалбайлы) бар. Ал әлімнің құрамына төмендегі алты ру кіреді - төртқара, шекті, қарасақал, қаракесек, кете және шөмекей.


Бұлардан басқа жүзге кірмейтін төре, қожа және төленгіт бар.


Осы қырық бес ру бүкіл қазақ халқының негізін құрайды. Егер көз алдымызға киіз үйді елестетсек, оның "қазақ" атты шаңырағын көтеріп тұрған қырық бес уық - жоғарыдағы қырық бес ру болған болар еді. Осы уықтар үш қанатты керегеге бекітілген, яғни рулар үш жүзге бөлінген.


Кейбір шежіреде кіші жүздің үш баласы болыпты немесе әлімнің алты баласы, жетірудың жеті баласы болыпты деп бастайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бергі он бес-жиырма аталықты "әке-бала" деп атасақ болар еді, арғы жағын бұлай атауға келмейді. Себебі, "жетіру" атауы адамның аты емес, жеті рудың бірлестігі болғасын осылай аталып кеткен. Сондықтан, әңгімені әлімнен алты ру тарайды деп бастаған жөн сияқты.


Біз соның шектісі боламыз[3].


Шежіренің айтуынша Шекті өмірде болған адам екен, шын аты Жаманақ. Көне тарихи жазбалар мен қиссаларда шекті руы жайлы деректер жиі кездеседі. Қоныстанған аймағы Сырдарияың төменгі құйылысындағы қызылқұм мен қарақұмнан басталып, Арал теңізін бойлай Шалқар мен Ырғызға дейінгі алқапты алып жатқан ел. Қыстаулары мен жайлауларының өрісіне қарай қыр және сыр шектісі болып бөлінген. Атақты Көтібар, Есет, Жанқожа, Бақтыбай, Бекежан, Тайлақ, Ерназар, Бекет батырлар мен Мөңке, Нияз, Жетес, Нұрыбай, Бекарыстан билер шектіден шыққан (№1қосымша). Біз білетін "Айман-Шолпан" дастаны Көтібар батыр жайлы болса, "Қыз Жібек" пен "Алпамыс батыр" қиссаларындағы Жібек пен Гүлбаршын сұлулардың шектінің қыздары екендігі айтылады. Елге танымал Нұрпейіс Байғанин, Ахмет Жұбанов, Зейнолла Шүкіров, Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Тахауи Ахтанов, аттары Сыр бойына мәшһүр Төремұрат, Жаңаберген, Дәріқұл, Нұрмағанбет, Нұртуған және Жәмет жыраулар да осы шекті руынан.


Шекті руы Шыңғыс, Өріс, Баубек және Бөлек болып төртке бөлінеді. Осының Өрісінен екі аталық - Есенәлі және Әйдербек тарайды. Есенәліден Палуан мен Кішкене туады. Осы жерден сәл тоқтап, құлағымыз естіген мына бір аңызға назар сала кеткеннің артықтығы болмас деймін.


Кішкене тентектеу болып өсіпті дейді. Бір себептермен Палуан ағасы оған қол тигізеді. Ол кездері шектілердің қонысы ұлы жүзбен қатарласа Сауранға дейінгі аймақты алып жатады екен. Ағасына өкпелеген інісі Сауран асып, көрші үйсін еліне кетіп қалады.


Салт басты сабау қамшылы жүрген Кішкене бір асқа қатысады. Сол астағы күресте өзі түйе балуанды жығыпты, астындағы аты бәйгеден келіпті. Көлденең көк аттыға бәйге бергісі келмеген кейбіреулер: "Күрес таза болмады, біздің балуан қапыда кетті... "- деп қайта күрестіреді. Кішкене бұл жолы да жеңіске жетеді. Осыдан кейін атақты Бәйдібек бидің немересі Байтоқты байдың көзіне түседі. Жігіттің қайратына риза болған бай оған жылқысын бағуға ұсыныс жасайды. Кішкене келіседі. Байтоқты барлық жылқысын Кішкененің қолына сеніп тапсырады[4].


Бір күні бәйбішесі байға: "Мен түнде түс көрдім. Түсімде арқадан қара дауыл тұрыпты. Соққан жел үйдің үзігін ұшырып кете жаздады. Қарасам, Кішкене үзіктің бауын белдеу арқанға мықтап байлап жатыр екен. Осы түсімді қалай жоруды білмей отырмын"- депті. Сонда бай: "Кішкене үзіктің бауынан ұстаса - осы елден қыз алады екен, үйсін мен шекті құда болады екенбіз. Түсіңде қорықсаң, өңіңде қуанасың деген ғой, арты той болар... Әумин!"- деп бетін сипапты. Бұл қоңыр күздің басы болса керек.


Сол жылы қарашаның басында қар жауып, арты сарышұнақ аязға ұласады. Қалың қардан тебіндей алмай, әрі арқадан соққан ызғырық желге шыдамаған үйір-үйір жылқы оңтүстікке қарай ыға бастайды. Ыққан малдың соңынан қасындағы қосшыларымен бірге Кішкене де кете барады. Жылқышылардан көп уақыт хабар-ошар болмайды. Бар байлығынан бір жұтта айрылған бай еңсесін көтере алмай қалады.


Осылай көктем шығады.


Байтоқтының екі перзенті бар екен - ұлының аты Мырзатаз, қызының аты Қоңыр. Көркіне ақылы сай Қоңыр бойжеткен бір күні кешкісін үйінде кесте тігіп отырып:


-   Көке, құлағыма Үндайғырдың дауысы келді,- депті.


Кеткен жылқының ішінде байдың "Үндайғыр" аталатын белгілі айғыры бар екен.


- Ондай күн туса, кәнекей, қызым. Аман-сау оралса, сені Кішкенеге қосар едім...- деп күрсінеді бай.


Қоңыр ертеңіне таң ата бере:


- Сіздер неғып естімей отырсыздар? Айғырдың даусы үйдің іргесінен шығып тұр ғой,- деп далаға жүгіре шығады.


Алыстан шаңдатып келе жатқан қалың жылқы көрінеді. Басы түгел, тіпті өсімімен келген жылқысын көріп қуанған бай уәдесінде тұрады. Қызы Қоңырды отаулап Кішкенеге қосады. Бұлардың қайын жұртында көрген тұңғыш перзенті Сұлықсарыны[5] ата-енесі баурына басып, бала етіп алыпты деген әңгіме бар. Екінші перзенті дүниеге келгенде, нәрестенің атын жиенге меңзеп, Жиеней қояды.


Арада төрт-бес жылдай уақыт өтеді. Ақ сақалды қарттар мен ақ жаулықты қариялардың келіндеріне сәлем салдырып, шын көңілдерімен ақ баталарын беріп жатқанын көріп жүрген зейінді Қоңыр бір күні Кішкенеге: "Жауынменен жер көгереді, батаменен ер көгереді деген сөз бар. Біз батадан құр қалып барамыз. Мен бұл елге қызбын, сен күйеусің. Осылай жүре берсек маған құйымшақ, саған төстен басқа ештеңе тиіспейді. Еліңе көшейік. Рұқсатты әкемнен өзім алып беремін"- дейді.


Ұзамай Қоңыр әкесінің алдына барыпты. Қызының тілегін естіген Байтоқты бай: "Бұл ниеттерің дұрыс екен, рұқсат Алладан"- деп келісімін береді. Ел-жұртын жинап, батасын беріпті. Аттанар алдында Кішкенеге: "Мен саған ризамын, балам! Енді, еліңе көшер алдында, өзіңе енші бергелі отырмын. Мына жайылып жатқан жылқыны қазір ортасынан бөліп өтемін. Оң жағындағы менікі, сол жағындағы сенікі болады"- дейді. Бай сабатта жатқан қалың жылқыны бөліп өтеді. Айтқанындай, шығыс жағындағы бөлігін өзіне қалдырып, батыс жағындағысын Кішкененің алдына салып берген екен дейді.


Қайын жұртынынан бата алып қоштасқан Кішкене еліне көшеді. Атасы қастарына қырық адам қосшы қосып, салтанатпен шығарып салады. Аяғы ауыр Қоңыр шешеміз жолда келе жатып ер бала босанады. Жолда туғандықтан атын Жолшара қояды. Елге келгесін Кішкененің ағайын-туысы тегіс жиналады. Үлкен мен кішіге сәлем салдырып, Қоңырдың бетін қайтадан ашып, баталарын беріпті. Ұзамай Асан мен Үсен атты егіз ұлды болады.


Оңтүстік Қазақстан облысында шығатын "Шымкент келбеті" газетінде (2006 жылғы 24 ақпандағы саны) жазушы Еркінбек Тұрысовтың "Бәйдібек бабаның қызыл жолбарысы" атты көлемді мақаласы басылды. Осы мақалада автор Бәйдібек бидің ұрпақтары жайлы айта келіп: "...Соның бір парасына бірер сөзбен тоқталсақ, бүгінде өздерін Кішкене атаның ұрпағымыз дейтін кіші жүздегі қалың шектінің бір саласы - сол бір алыс заманда Шалқар көл, Көк теңіз (Арал) өлкесіне ұзатылған Бәйдібектің әулие ана Нұриладан туған ай жүзді ару қызы Қоңырбикенің төрт ұлы - Жиеней, Жолшара, Асан, Үсеннен тараған жиен ұрпақтар бар…"- деп осы сөзді бір растап өткен[6].


Балалы-шағалы болып, қырық үйір жылқы айдап абыроймен оралған інісінің алдында айыбын жуғысы келген болу керек, арада көп уақыт өтпей-ақ, Палуан ағасы: "Ініме елден тағы бір қыз алып беремін"- дейді. Осыдан кейін Жарықшақ деген байдың Құланбике атты қызына құда түседі.


Құланбике шешеміз келін болып түскеннен кейін баладан сәл кідірген көрінеді. Осы себептен, ырым болсын деген ниетпен, Асанды баурына басып тәрбиелейді. Баланы қалай алғаны жөнінде мынандай әңгіме бар.


Асан мен Үсеннің бірін қалағысы келген Құланбике ұйықтап жатқан егіз ұлды сынаған көрінеді. Үсен аяқ-қолын бауырына алып, бүк түсіп ұйықтайды екен. Асан екі қолын екі жаққа жайып жіберіп, шалқасынан жатқан көрінеді. "Шалқасынан жатыр екен - адал әрі ақжүрек болар, құлашын кеңге жайған екен - ұрпағы көп болар"- деп баланың ұйқысын бұзбастан етегіне орап алыпты дейді.


Асан да Құланбикені өз анасындай сыйлап өсіпті.


Күндестік дегеніңіз қай заманда да болған көрінеді. Аяғы ауырлаған Құланбикенің толғатып жатқанына қарамай, Қоңыр шешеміз үлкен үйді жықтырып, жаңа қонысқа көшіпті. Кіші отаудағы Құланбикені ескі жұртта қалдырып кетіпті. Асан: "Құланбике шешем көрінбейді ғой"- деп жаңа жерге келіп орналасып жатқан анасынан сұрайды. "Бәлекей неме үйді жығып жатқанымызда ішім ауырды деп отырған еді, одан кейінгісін білмеймін"- депті Қоңыр шешеміз.


Асан бұл кездері атқа отыруға жарап қалған болса керек. Артта қалған ескі жұртқа қарай аттанып кетеді. Келе жатқанда алдынан қос атқа жегілген күймелі арба көрініпті. Күймеде құндақтаулы баласымен Құланбике отыр екен. Өзін іздеп келе жатқан Асанды көріп:


-  Қолыңды жайшы, батамды берейін,-  дейді.


Атынан түсе сала, қолын жайған Асанға қарап:


- Алдың ашық, артың қалың болсын, балам! Малың мен басың тең өссін!- деп шын ықласымен батасын беріпті.


Үйге келгесін Асан шешесі Қоңырға көргенін айтады. Сонда Қоңыр түрегеліп барып, жапсарда тұрған сабаны пісіп-пісіп жібергенде, бір топ көкбас үйрек пырылдай ұшып шаңырақтан шыға жөнелген екен.


-  Менің осал екенімді қайдан білдің, балам?- депті Қоңыр шешеміз.


Құланбикеден Құрманай және Құттық туады. Кішкененің екі әйелінен туған алты баласы өсе келе "Алты Кішкене" аталады. Кішкене бабамыз өзінің адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында елге танымал адамға айналады. Сыр сүлейлерінің бірі, атақты шайыр дүр Омардың:


"Нағашым  алты әлімде Кішкене еді,


Сыртынан көрмей дұшпан сескенеді.


Тағамның тал түстегі саясына,


Бес бозғыл, төрт төртқара түстенеді..." деп жырға қосуы тегіннен-тегін емес[7].


Ұрпақтары "кішкене шекті" деген атпен Сырдарияның Арал теңізіне құяр аймағының сол бетін тұтасымен, оң бетін жартылай алып жатқан төрт болыс ел болады. Ішінен небір жайсаң, халыққа танымал адамдар шыққан. Құттықтан шыққан батыр әрі әулие Жанқожа, асаннан шыққан аузы дауалы билер Нұрыбай мен Бекарыстан, таңды таңға ұрып жырлайтын Жәмет жырау, құрманайдан шыққан суырып салма Төремұрат жырау, үсен Нұрсұлтан мен Байназар ақындар, бұлардан басқа заманына сай аты шыққан азаматтар - Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев, қазақтың күміс көмей әншілері Роза Бағланова мен Мәдина Ералиева, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Көпмахамбет Елемесов, тәуелсіздік алған Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қараманов осы  Кішкене бабаның ұрпақтары.


Асан бабамыз менің оныншы атам болып табылады.


Қос ананың мейріміне бөленіп өскен Асан да елге белгілі адам болған деседі. Біздің құлағымызға келіп жеткен әңгімелерге қарағанда, бабамыз ретті жерінде сөзін батыл айтатын, турашыл адам болғанға ұқсайды. "Жекіргеніңді жеткізе айт, өтінгеніңді өткізе айт!"- деген сөз сол кісіден қалған көрінеді. Төрт ұлын батылдық пен батырлыққа тәрбиелеп: "Ауыздарың бір болсын, сонда төрт құбылаң тең болар"- деп өсірген дейді.


Кішкененің ұрпағының ең көбі осы Асаннан өрбігені[8]. Асанның ұрпақтары өздерінің көптігімен ғана емес, ауыздарының бірлігімен де аты шыққан. Жер дауында, жесір дауында, барымта дауында ешкімге есесін жібермеген екен. Теріскейі Сырдарияның Аралға құяр тұсындағы Ақшатаудан басталатын, дария мен теңіздің аралығын сонау түстіктегі Арандықырға дейін алып жатқан, кешегі Кеңестер Одағы кезінде "Карл Маркс", "Майдакөл", "Октябрь", "Энгельс" атындағы төрт ірі кеңшар орналасқан аймақ Асан баба ұрпақтарының негізгі мекені. Осы аймақта отызыншы жылдардағы үкімет саясатына қарсы халық қозғалысының тарихта "Асан көтерілісі" аталуы да осы себептен. Бұл көтеріліс туралы сөз болса, Асанның ұрпақтары жайлы айтылмай қалған емес. Сол сияқты, Асан атаның ұрпақтары жайлы әңгіме бола қалған жағдайда, осы көтерілістің еріксіз еске түсері анық. Енді, реті келгенде, Кеңес өкіметі кезінде көп айтылмай келген, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жариялана бастаған осы көтеріліс жайлы да айта кету жөн ғой деймін.  Ел аузында көтерілістің болып өткен мерзімі мен оқиғасы туралы әртүрлі нұсқалар айтылып жүр. Сондықтан, көтеріліс жайлы өз ауызыммен баяндағаннан гөрі, құжаттар мен тарихи деректерге кезек бергенді дұрыс көрдім.


Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің подполковнигі болған Ә.Бәкіровтың "Асан көтерілісі" деген тақырыппен берілген мақаласында (Қызылорда облыстық "Сыр бойы" газеті, 1993 жыл) былай деп жазады:


"Осы уақытқа дейін ақиқаты ашылмай келген "ақтаңдақтардың" бірі Асан көтерілісі. Бұл көтерілістің себептері мен сипаттары сол отызыншы жылдың бас кезінде халықты зорлық-зомбылыққа ұшыратқан сталиндік ұжымдастырумен ұштасады. Халықтың қорасындағы малы мен үйіндегі астығын тартып алған, бір ғана астық науқаны кезінде үш рет салық салынған.


Осындай ауыр жағдайда Арал және Қазалы аудандарының шаруа адамдары (барлығы үш мыңға жуық адам) өкіметтің солақай шараларына наразылықтарын білдіріп бас көтерген. Олардың басым көпшілігі Асан руынан болған. Сондықтан бұл көтерілісті "Асан көтерілісі" деп атап кеткен.


Негізінде көтеріліс 1930 жылдың бас кезінде басталған. Алтыншы тамызда Қазалы қаласынан аудандық атқару комитетінің тапсырмасы бойынша №22 ауылға милиция бастығы Қаюпов келіп, жергілікті белсенділердің қатысуымен жиын өткізген. Осы жиында ауданнан белгіленген астық дайындау жоспарын ортаға салған. Бұл жоспар бойынша шаруалар үкіметке 23 мың пұт астық өткізуі тиіс еді...


8-ші тамызда "Алты арық" деген жерде 300-дей шаруалардың қатысуымен жиналыс өткізілген. Астық дайындау жоспарының мән-жайын түсіндіретін баяндаманы Қаюпов жасаған. Ауылдың бас көтерер азаматтары бір ауыздан: "Өкіметке өткізетін мұндай астық бізде жоқ" деп ауданнан белгіленген жоспарға қарсы шыққан.


Арада төрт-бес күн өткен соң Қызылорда қаласынан ОГПУ-дың қызметкерлері Чекалин, Ықсанов және басқалары келіп, мың қаралы шаруаларды жинап, астық дайындау науқанының мән-жайын қайта түсіндірген. Жиналғандар жоспарды тағы да қолдамаған. ОГПУ қызметкерлері жиналыс біткен соң Асанов Дәрмен, Тілеубаев Жұмаш, Қалдыбаев Аңсат және Тілеулиев Бақыны тұтқынға алған. Оларды абақтыға жабуға қалаға әкетіп бара жатқан жерінен ауылдың екі жүздей адамдары тұтқындағыларды босатып алған...


Осы уақиғадан кейін олар (шаруалар – И.А.) №21,23,24 және 25 ауылдарға адамдар жіберіп, солардың уәкілдерінің қатысуымен "Алты арық", "Мақбал" және "Майдакөл" жерлерінде бірнеше жиын өткізген. Онда өкіметтің шараларына жаппай наразылық білдіріп, көтеріліске шығуды дұрыс деп тапқан...


Көтерілісшілердің ең соңғы жиыны 2-ші қыркүйекте "Ханшүңгіл" деген жерде өткен. Орынбетов пен Иімбетовтердің басқаруымен 2-4 қыркүйек аралығында үш мыңдай адам жиналған. Көтерілісшілердің қолдарында қамшы, таяқ және шоқпарлары болған. Сондықтан олар бақайшағына дейін қаруланған қызыл отрядқа қарсылық көрсете алмаған. Көтерілісті аз уақыт ішінде басқан. Тергеу құжаттарына қарағанда, бұл қақтығыс халықтың қан төгісімен аяқталғанға ұқсайды...


Көтерілісті басқаннан кейін көтерілісшілердің басым көпшілігі қазақтың жалпақ даласына қашып құтылған. Өзгелері тұтқындалып, соттан тыс "үштіктермен" жазаланған. Тоғыз адам көтерілісшілердің жетекшілері деп ату жазасына кесілген. Жеті адам он жылға бас бостандығынан айрылған. Олардың кейінгі тағдырлары жөнінде тергеу ісінде мәлімет жоқ..."


Ал Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында осы көтеріліс жайлы мынандай мағлұмат берілген: "Асан көтерілісі - Қызылорда облысы Қазалы ауданының 1930 жылдың тамыз-қыркүйек айларындағы Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатына, алым-салық, азық-түлік, мал жинау науқандарына қарсы көтерілісі... Бұл көтеріліске қатысушылардың басым бөлігі кіші жүздің әлім тайпасының кішкенесінен тарайтын асан руынан шыққан. Сол себепті көтеріліс "Асан көтерілісі" деп аталған...


Көтерілістің басшысы болып 22-ауыл тұрғыны Иман Мақсым Орымбетов сайланған. 1930 жылы 4-ші қыркүйекте қазақтар жасағы көтерілісті басуға жіберілген 80 адамдық ОГПУ әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасады. 6-шы қыркүйекте олар Алматыдан келген атты әскер дивизионымен шайқасып, 40 адамынан айрылды. Иман Мақсым осы ұрыста қаза тапты...


Мұнан кейін жүргізілген жазалау шараларының барысында көтеріліске қатынасқан 98 адам тұтқындалып, 31 адамға іздеу салынды. 1931 жылдың басында ОГПУ үштігінің шешімімен 9 адам ату жазасына кесіліп, 28 адам түрлі мерзімге концлагерге айдалды, 16 адам жер аударылды. Асан көтерілісіне қатысқандардың көпшілігі жазадан қашып Қарақалпақстанға, Өзбекстанға, т.б. жерлерге көшіп кетті... [9]"


Міне, көтеріліс жайлы осындай деректер бар...


Кеңес кезінде осы көтеріліс туралы: "Үкіметке қарсы шыққандары несі?..», «Кеңес өкіметін құлатамын деді ме екен?!."- дейтіндер болған еді. Өзім де осылай ойлайтындардың бірі едім. Менің әкем көтеріліске қатысқан адам. Бірде оған осы сұрақты қойғанымда:


- Халықтың ойында өкіметті құлату болған жоқ, олар балалары аштан өлмесін деп шыққан...- деді.


Көтеріліс жайлы көп айта бермейтін. Мен бірде қоярда-қоймай сұрағанымда: "Несін сұрайсың, ол бір қиын заман болды ғой. Бір жылда үш рет астық салығын салды. Ояз бен болыстан арнайы бөлінген белсенді топтар әр шаңырақтың ауласы мен үйінің ішін тінтіп, қолдарына түскендерін ала бастады. Үйдің ішіндегі киіз бен алашаны сыпырып тастап, қолдарындағы ұзын істік темірлерін сұққылап жүріп қазылған ұраны, тығылған астықты оп-оңай тауып алатын еді. Бұл қыстағы азығымыз ғой, бала-шаға енді не жейді деген сөзге құлақ аспады. Осыдан кейін халық амалсыз көтеріліске шықты. Аштан өлгенше, оқтан өлейік деген шешімге келді"- деген болатын.  


Отызыншы жылдардағы аштықтан республика бойынша екі миллионға жуық қазақ қырылды, бір миллионнан астам адам шет елге ауып кетті деп айтылып жүр. Осы тұрғыдан қарағанда Асан көтерілісі қантөгіспен аяқталса да, өзінің мақсатына жеткен сияқты - жергілікті халықты аштық қырғынынан, атамекеннен үдере көшуден аман алып қалды. Көтерілістің себебінен жүздей адам қаза тапты, тоғыз адам ату жазасына кесілді, елудей адам сотталды, солай да болса қалың ел орнында қалды. Өкімет көтерілісті күшпен басқанмен, осыдан кейін елдің қолындағы астығын тартып алудан қаймықты. Жоғарыда айтылған жиырма үш мың пұт астық жинау жоспары жүзеге аспады. Халықтың қыстай талғажау қыларлық, көктемде жерге себерлік астығы қолдарында қалған еді. Көтерілістің маңызы мен құндылығы да осында жатыр. Осы көтеріліске негіз болған Асан бабамыздың ұрпақтары екенін және олардың "ауыздарың бір болсын" деген баба өсиетін естен шығармағандарын мақтанышпен айтуға болады. Балаларының аштан өлмеуі үшін, ата мекеннен босып кетпеу үшін жандарын шүберекке түйіп әділетсіздікке қарсы шыққан сол әкелеріміздің аруағы алдында біз әрқашанда басымызды иіп отыруымыз керек! Себебі, көтерілісте шейіт болғандар - тірі қалған жандар мен кейінгі ұрпақ үшін құрбандыққа шалынғандар еді.


Осы жерде тағы бір "ақтаңдақты" анықтай кеткен жөн сияқты. Жоғарыдағы Ә.Бәкіровтың мақаласында көтеріліске қатысқан үш мыңға жуық адамның қолдарында қамшы мен таяқтан басқа ештеңе болмаған дейді. Ал Энциклопедияда келтірілген мәліметте олардың (көтерілісшілердің) төртінші қыркүйекте сексен адамдық ОГПУ әскеріне шабуыл жасағаны, алтыншы қыркүйекте Алматыдан келген атты әскер дивизионымен шайқасқа түскені айтылады. Осыған қарағанда, көтерілісшілердің қолында қамшы мен сойыл ғана болды дегенге сену қиын. Мұздай қаруланған тұрақты армияның әскер бөліміне қарсы құр қамшымен екі күн соғыс салу мүмкін емес қой? Әкемнің ауызынан естігенім бойынша, көтерілісшілердің қатарында берденке мен шиті мылтықпен қаруланған мергендер жасағы болыпты. Тіпті, ішінде орыстар да болған көрінеді (қазалылық орал казактары). Бұл жасақ жайлы еш құжатта айтылмайды. Шамасы, қарулы көтеріліс болды деген сипат алмас үшін және көтеріліске саяси рең бермес үшін құжаттарға түсірілмеген сыңайлы. Сондықтан бұл көтеріліс әлде де зерттеле түсуді қажет етеді.


2000 жылдың жазында Сырдария жағасындағы көтеріліс болған жерге осы оқиғаның жетпіс жылдығына байланысты биік монумент-ескерткіш орнатылды. Қазалы ауданы көлемінде үлкен жиын өткізіліп, құрбан болғандардың аруағына арналып ас берілді. Асқа қатысуға Шымкент қаласындағы асандар әулетіне де шақыру қағаз келген еді. Бір өкініштісі, ата-баба қонысындағы осы асқа біздер, Шымкенттегі асандар, қатыса алмадық. Көтеріліске қойылатын ескерткішті алып кетуге келген делегацияны скульптор-суретшісімен қоса үйге шақырып, дәм таттырып жібердім[10]...


Енді шежіреге қайта оралайық.


Егер өз атамыздың ізін қуалайтын болсақ онда төмендегідей болып шығады (асты сызылып көрсетілген). Асаннан төрт бала болған: Қожамберді, Құдайберді[11], Сырлыбай және Өтеп (бұл «бөлек Асан» аталып кеткен). Асанның Сырлыбайынан бес бала: Дәулетияр, Матығұл, Мәметек, Аташ және Мырзағұл.


 Матығұлдан Өмірқұл (Тоғыс), Көбек[12], Нұрыбай, Құрымбай, Қалыбай, Бақай туады. Біз Көбектен тараймыз. Көбектің үш баласы болған - Орымбет, Орсақ, Шебек. Орымбеттен тоғыз бала: Пұсырман, Ақназар, Көшкінші, Аққошқар, Әнербек, Ханкелді, Шәкен, Төлеш, Тұрлыбек. Орымбеттің Ханкелдісінен Күнту мен Ерту туады.  Күнту бабамыздың екі әйелінен жеті бала болған деседі: бәйбішеден Қосбармақ, Егізбай, Сегізбай, Ес және Дос, екінші әйелінен Құлманбет пен Беспембет туады. Сегізбайдан үш бала - Смайл, Пана және Спан. 


 Қазақ жеті ұрпақтан кейін қыз алыса бастайды, оған дейінгілер туысқан (ағайын) болып есептеледі. Бұлар: бала - немере - шөбере - шөпшек - немене - туажат - жұрағат. Алыстау туысқанды "жұрағат екен ғой..." деп жататыны сондықтан. Ағайынды жігіттердің балалары бір-біріне немере туыс, олардың балалары шөбере туыс, т.с.с. болып кете береді. Жеті атадан әрмен қарай қыз алыспағандары жекжат болады.


Мен Асан бабамыздың оныншы, Көбек атамыздың жетінші ұрпағы екенмін. Асанның ұрпақтары қазір өзара қыз алысып кетті, бірақ Көбектің балалары әлі қыз алыса қойған жоқ. Жалпы көбек руы туыс болғанымен, оның ішіндегі үш-төрт атаға дейінгілері тонның ішкі бауындай жақын болып келеді. (Төрт ата жердегі туыстар, яғни Күнту бабамыздың ұрпақтары, №2 қосымшада көрсетілді.)


Панадан Ахмет пен Сахи[13] атты екі ер бала және Шамшырақ, Ұлбике, Шамбике атты үш қыз болған. Шамбике жастай қайтыс болады. Шамшырақтың барған жері төртқара (күйеуінің аты Абибулла), одан Темірбай, Жантемір атты екі ұл бар. Ұлбикенің барған жері үйсін (күйеуінің атын білмедім), оның да Әлнәш пен Қасқырбай атты екі ұлы бар еді.


Ахметтен екі қыз бен бір ер бала бар.


Қызының үлкені Үржан (күйеуі Срадин, руы жақайым), одан сегіз бала: Құтан, Ақзада, Үрзия, Ұлбосын, Көгалдым, Болат, Назыгүл, Гүлбану. Одан кейінгі Кәлимадан (күйеуі Тынымбай, руы телеу) он бала бар: Жылқыбай, Жылқайдар, Бақтияр, Алтынкүл, Мейрамбек, Болатбек, Айбек, Нұрбек, Кенжебек, Гүлжібек. Бұлардың бәрі жиендер.


Ер баласы менмін.


Әкем Панаұлы Ахмет (шын аты Ахметше) 1896 жылы бұрынғы Қазалы уезі, Майдакөл болысының 22-ауылында туылған (кейінгі Карл Маркс атындағы кеңшар, қазіргі Бекарыстан би ауылы). Пана атам сопы болған екен, Алтай ахунның мешітінде қызмет етіпті. Әкем көпке дейін үйленбей жүріпті (шешемнің әзілдеп айтуынша "сал-серілік құрған"), анам Рысжанды отыз жасында құда түсіп алып береді. Шешем сол кезде он алты жаста екен. Егер ол кісінің 1909 жылы туылғанын ескерсек, бұл 1925 жылдардың шамасына келеді. Алғашқы екі баласы (Сарыбай мен Жағи) жастай шетінеп кеткен. 1930 жылы туылған Үржан апамнан кейінгі бес бала да жастай өліп, Кәлима ғана тұрақтаған.


Кәлима апам Қарақалпақстанда туылыпты. Жоғарыда айтылған Асан көтерілісінен кейін оған қатысқандарды қудалау басталады. Осыдан қашқан әкем Қарақалпақстанға кетіп, сондағы Мойнақ ауданының Талдық деген пристанында[14] жұмыс істеген.


Үржаннан кейін бала тұрақтамаған соң шешем сол жақтағы Тоқпақ ата деген әулиенің басына барып түнепті. Түс көреді. Түсінде бір ақсақалды адам: "Балам-ай, көп жыладың ғой, әзірше осыған риза бола тұршы…"- деп білегіне екі жібек мата іліпті. Матасының бірі ұзын, екіншісі қысқа екен. Ұзамай құрсақ көтеріп, Кәлиманы босанады. Кәлимадан кейін Қарлыға деген қызды болған, бірақ ол да жастай шетінеп кетеді. "Әулие берген қысқа мата сол қызым шығар, өмірі қысқа болды ғой"- деп отыратын еді анам.


Ұлы Отан соғысы басталған кезде әкем пристанда жұмысшы екен. Соғыс біткесін Арал қаласына көшіп келеді. Порттың күзет бөлімінде жұмыс істейді. Кейін Арал ауданындағы тұз өндіретін Сульфат[15] елді мекеніне ауысады. 


Қарақалпақстандағы Талдық пристанының Соколов деген бастығы болыпты. Соғыс аяқтала бере Соколовты Арал қаласына ауыстырады. Ауысар алдында көкеме: "Мен Арал портына бастық болып барғалы жатырмын. Егер менімен бірге жүргің келсе, алып кетейін"- дейді. Ел жаққа қайтуға себеп таба алмай жүрген әкем бірден келіседі. Арал портына келіп, қарулы күзет (воохр) бөлімінде жұмыс істейді. Кейін Соколов Сульфат комбинатына директор болады. Бұл жолы да: "Панаев, менімен бірге жүр, сені жауапты жұмысқа қоямын"- депті. Әкем не жұмыс екенін сұрамай-ақ келіседі. Кейін біледі - әлгі айтқаны халыққа су тарататын бекеттің кілтшісі екен.


- Мені не себептен жақсы көргенін білмеймін, көп жақсылық жасады. Қазақша жақсы сөйлейтін еді. "Панаев, қазақта «жел жағына пана бол, ық жағына қала бол» деген сөз бар, әкең жақсы адам болған болу керек" дейтін,- деп көкем Соколовты үнемі еске алып отырушы еді.


Бұл кездері Үржан апамның он жеті-он сегізге келіп қалған кезі болса керек. Бойжетіп отырған қызға жақайым руының адамдары құда түсе келеді. Қонақтар бұйымтайларын тікелей айтуға әкемнің мінезінен қаймықты ма, кім білсін, тұспалдап жеткізіпті. "Сіздің үйдегі қызыл қашарды саудалап келіп отырмыз…"- деген көрінеді. Бұл сөздің төркініне шешемнің айтуымен түсінген әкем: "Адамды малға теңегендері несі!?"- депті де... құдаларды үйден қуып шығыпты.


Ертеңіне үйге болашақ құдағиы Шолпан келіпті.


- Бір ашуыңызды беріп, сөзге құлақ салыңыз, Аха! Мен жақында түс көрдім. Түсімде сіз маған ақ лақ бердіңіз, мен босағаңызға тоқты қошқар байлап жатыр екенмін. Түсім оңғарылып, кешікпей ұлды боларсыз. Енді, мына көңілдері жарасқан екі балаңызға батаңызды беріңіз,- дегенде райынан қайтып,  батасын берген екен.


Әкемнің құдағиы, Срадин жездемнің анасы Шолпан әжем  сексеннен асып барып дүние салды. Кейін көзінен айрылғанына қарамастан, бүкіл ағайын-туысына сөзін өткізе алатын, беделді және аузының дауасы бар адам болатын.


Арада жыл өткенде, 1949 жылдың 6-шы мамыры күні дүниеге мен келіппін. Кіндігімді Шолпан әжем кесіпті, атымды да өзі қойыпты.  Әуелде Исламбек қойған екен, метрика аларда кімнен болғанын білмеймін, "бегі" жазылмай қалыпты. Тек Шолпан әжем ғана өмірінің ақырына дейін атымды толығымен атаумен өтті.


 


* * *


 


Отыруға жарағанымнан бастап-ақ әкем мойнына мінгізіп жұмысының басына алып кетеді екен. Тіпті, аяғымды басып жүре  бастаған кезімнің өзінде, иығынан түсірмеген көрінеді.


 Бірде мені көтеріп алған әкем Сульфатқа бармақшы болып көлік күтіп тұрады. Өтіп жатқан машиналардың ешқайсысы тоқтамапты (шамасы, кабиналары бос болмай, жас баламен кузовқа алғылары келмесе керек). Мені сонда да тастамаған әкем тұз тасып жатқан составты тоқтатып, мотовозға (тепловоздың кіші түрі) мініп кеткен көрінеді. Он төрт шақырым жердегі Сульфатқа мені неге алып баратынын апам да жөндеп түсіндіре алмайтын еді, ұлым бар деп мақтанғаны шығар дейтін.


Қолына әзер ұстап қалған екі қызынан кейін көрген жалғыз ұлы болғандықтан ба, ата-анам мені бетімнен қақпай өсірді. Содан болар, бала кезімдегі мына оқиға айрықша есімде қалыпты.


Жалғыз үй отырып өзінің жеке малын бағатын, қақпан құрып аң аулайтын Қарабала деген кісі болды. Ұзын сақалы кеудесін жапқан, зор денелі адам болатын. Жасы әкемнен үлкен еді. Сол кісі бір күні үйге келеді. Әкем құдық басында жүрсе керек. Мені алдына алып сөйлетіп отырғанда, қызықтым ба білмеймін, бір тал сақалын жұлып алыппын. Соған ашуланған Қарабала құйрығымнан тартып жіберген көрінеді. Бұрын бұндайды көрмеген мен бақырып алып, құдық басындағы әкеме жетіппін. Мені жетелеп келе жатқан әкемді көріп, әлгі кісі қатты қысылады (жасы келгенде көрген жалғыз ұлы болғасын, сөзін сөйлейді деген болу керек).


Көкем есіктен кіре бере:


- Қарекең ашуланса, сен түгіл мені де сабайды ғой, балам-ау,- деген екен.


Сонда Қарекең:


- Рахмет, Аха, мың жаса! Баламен бала болғаныңыз не десең, тірілей өлген жерім ғой деп отыр едім..,- деп, неге екенін кім білсін, менің таңдайыма түкіріпті.


Мұның бәрін мен, әрине, әкемнің айтқанынан есіме түсіріп отырмын. Болмаса, менің есімде қалғаны Қарекеңнің құйрығымнан тартып жібергені ғана еді. (Кейін осы кісінің қызы Срадин жездемнің Ерше атты інісіне үйленді).


Есімді білген кездері әкем "21-ші шақырым" деген бекетте құдықшы (сушы) болатын. Мұндай жұмыс орнының Арал ауданында қазіргі кезде бар-жоғынан хабарым жоқ, ол кездері бар еді. Жақсықылыш аталатын биік жотаның (біз тау дейтінбіз) баурайында тұз қазылатын көл болатын. Осы көлге тартылған теміржол бойымен жұмысшы тасыған және тұз тиеген "товарняк" вагондар ағылып өтіп жатады.  Бұл маңда тұщы су көзі жоқ, су тапшы. Теміржол жиегінде бетондалған екі тас құдық бар. Осы құдыққа "водянка" аталатын вагон-цистернамен ауыз су әкеліп құяды. Әкем осы құдықтың егесі, құдықтың кілті қалтасында жүреді. Халыққа су талон[16] бойынша беріледі. Бұл жұмыс орнының комбинатта қалай аталатынын білмедім, жергілікті халық әкемді "құдықшы Ахмет" деп атайтын еді.


 Біз осы құдықтың қасындағы жертөледе тұрдық. Терезелері төбесіне орналасқан  бастырма менің әлі көз алдымда. Кейде таңертең  ұйқыдан оянғанымда жанымда ешкім болмайды (Кәлима апам оқуда болса керек). Сондай кездері далаға жылап шығатыным есімде қалыпты. Көкем мен анам құдық басында жүреді. Менің жылап тұрғанымды көрген шешем маған қарай тұра жүгіреді. Сол бақырған күйіммен мен де анама қарай жүгіремін…


Кейін әкем жердің бетіне екі бөлмелі қоржынтам салды. Көлдегі жұмысшылар түскі үзіліс кезінде біздің үйге келіп шәй ішетін еді. Жердегі киіздің үстіне жайылған шүберек дастарханды жағалай еркегі-әйелі араласып отырып алады. Дастархан шетінде буы бұрқыраған үлкен жез самаурын тұрады. Құрсаулы аққұманнан құйылған шәйді ду-ду болып дабырлап отырып ішетіндері, арасында мені сөйлетіп қойып, былдырыма мәз бола күлетіндері есімде. Ішіне екі шелек су сыятын жез самаурын үйде көпке дейін сақталып келді.


 Әудем жерде ауыл болатын. Әйелдер иінағашпен келіп құдықтан су алады, кейде мал суғарады. Ауылдың шығыс жағында айналасы тікенді сыммен қоршалған, үстінде солдаттар тұратын биік мұнаралы лагерь көрініп тұрушы еді. Әкем атқа жегілген арбамен сонда ауыз су тасиды. Кейде мені қасына отырғызып алады.


Тұрмысқа шыққан Үржан апам сол ауылда тұрушы еді. Апамның тұңғышы, менен сегіз ай кішілігі бар Құтан жиенім (шын аты Құттыжол) ойнау үшін көбіне маған келетін.  Ғалымжан, Аманқос, Тарғын және Жұбаныш атты жасымыз қатар ауыл балаларымен бірге ойнайтынбыз. Әбден шаршаған кезімізде Құтанның үйіне барамыз (қарнымыз да ашатын болса керек). "Апа, нан..."- деймін есіктен кіре бере. Үржан апам ондайда бізге тамақ бермес бұрын: "Алдымен әжеңе сәлем бер"- дейтін. Сол бойыммен төргі бөлмеге кіріп барамын. Құс төсектің үстінде ақшаңқай киінген аппақ кимешегі бар ақ кемпір отырады. Сәлем беремін. Мені даусымнан жазбай танып (бұл кезде көзі көрмейтін болған): "Исламбексің бе? Өй, айналайын, әжеңе сәлем беруге келдің бе? Бақытты бол, кел бермен"- деп бауырына басушы еді жарықтық. Сосын: "Әй, Үржан! Бұлардың қарындары ашқан шығар. Менің талқанымнан сүтке былғап екеуіне бере салшы"- дейтін. Әжемнің қант қосқан тәтті талқанына тойып алып енді теміржол бойына ойнауға шығатынбыз. Жол жиегінде үлкенді-кішілі құм кесектер жатады. Сол кесектерді рельске егеп, неше түрлі ойыншықтар жасайтынбыз. Бірақ, мотовоз басып кетеді деген оймен, бізді теміржол жаққа көп жібермейтін еді.


Қыста сырғанақ тебеміз. Әкем басына үшкір шеге қағып, екі таяқша жасап береді. Құдықтың басына су төгіп, мұздақ жасап қоятын еді. Әлгі таяқшаны мұзға тіреп, итеріп қалсаң болды, шана сырғи жөнеледі.


Есімді білетін шамаға келіп қалған кезімде (дәл неше жаста екенім қазір есімде жоқ), ауылды шулатқан бір оқиға болды...


Қырда еркек деген шөп болады. Соны орып, қыстағы мал азығына дайындап алатын еді. Бізді қасына қара көрді ме, білмеймін, Үржан апам бір күні Құтан екеумізді шөп оруға ертіп кетті. Ол шөп орып жатқанда біз қасында ойнап жүргенбіз. Күн бата бере апам орған шөбін баулап, бір жерге жинауға кірісті. Осы кезде біз апамнан көз жазып қалдық. Қарақұмның жері тегіс емес, ой-шұқыры көп болады. Төбенің басына шығып қараймыз, ешкім көрінбейді. Ылдиға түсеміз де басқа төбеге шығамыз. Осылай жүгіріп жүргенде алғашқы орнымызды таба алмай қалдық. Жылап жүрміз. Жүгіре-жүгіре өкпеміз өшті.


Күн батып, қараңғы түсті. Жұлдыз шықты. Біраздан кейін ай туды. Айнала жарық бола бастады. Осы кезде алдымыздан машина жол кезікті. Жолдың ауылға алып баратынын бала да болсақ білдік. Енді  бұл жолмен қалай қарай жүру керек? Оңға ма, солға ма? Білмейміз... Тәуекел деп сол жағымызға қарай тартып бердік (сегіз ай үлкендігім бар, Құтанды жетелеп алғанмын,). Қанша жүргенімізді білмеймін, бір кезде алдымыздан қарауытқан бір үйлердің сұлбасы көрінді. Жақындай келіп қарасақ өзіміздің лагерьге ұқсайды. Биік мұнараларынан байқадық - шынымен-ақ  лагерь екен! Қуанғаннан: "Лагерь!..  Лагерь!.." деп айқайлай беріппіз.


Құтанның  үйіне келдік. Сонда барып білдік - бүкіл ауыл болып екеумізді іздеп кеткен екен. Бізді таба алмағаннан кейін апам ауылға хабарлапты. Әкеме айтуға батылы бармай, ағыл-тегіл жылап жүріп: "Ең болмаса інімді аман қалдыра гөр, баламды жолына бергенім…"- деп Аллаға жалбарыныпты. Әкесі мен шешесінің қартайғанда көрген жалғыз ұлын өлтіріп алам ба деп қорыққан шығар? "Пәтшағар! Қорада мал тұрғанда адамды садақаға айтқаны несі?"- деп Шолпан әжем айтып отырушы еді (немересін қимағандығы болар?). Үржан апамның осы тілегін кейін ақтай алдық па, алмадық па, білмеймін?!


Егер сол жолы басқа жаққа кеткенімізде не болар еді? Қарақұмның ішіндегі ең жақын Тоқабай ауылы отыз шақырым болатын (ол кезде оны да білмейміз ғой). Алла-Тағала мен ата-бабалар әруағы желеп-жебеп, періштелер ауылға қарай қақпайлаған шығар?!


Кейін білдім, жоғарыда айтылып отырған лагерь ГУЛАГтың[17] Қазақстандағы көп түрмелерінің бірі екен. Айналасы тікенді сыммен қоршалған, ағаш мұнараларының басында қарулы күзет тұратын, қаз-қатар казармалары бар бөлек бір «ауыл» болатын. Дәу овчаркалар (біз "қасқыр иттер" дейтінбіз) орналасқан итқоралардың қасына бара алмасақ та, алыстан әрі қорқа, әрі қызыға қарайтынбыз. Үржан апам лагерьдің асханасында жұмыс істейтін еді. Кейде Құтан екеумізді ішке алып кіреді. Ондайда асханадан капуста мен картоп қосып пісірген дәмді самса жейтінбіз. Қазір қанша ойлансам да түрменің ішіндегі адамдардың сырт бейнесі мен тұрмыс-тіршілігін есіме түсіре алмаймын. Балалықпен назар аудармадық-ау деймін. Кейін лагерь басқа жаққа көшіп кетті. Казармалар мен барактар, атқоралар мен итқоралар енді ауыл балаларының еншісіне тиіп, азаннан кешке дейін сонда ойнайтынбыз. Түн ішінде адасып жүріп тап болған осы лагерьді жазбай тануымыз да сондықтан болар.


Менің туылған жерім Жақсықылыш деп аталады. Арал теңізінің солтүстік шығысында, Торғай даласының оңтүстік-батыс шеті болып саналатын Жақсықылыш жотасының етегінде орналасқан азғантай ғана ауыл. Ауылдың арқа жағында таудың етегіне дейін созылып, беті көз шағылысардай жалтырап жататын көл ас тұзын өндіретін кен орны. Ауыл тұрғындарының еңбекке жарамдылары осы көлде жұмыс істейді, кен қазады. Срадин жездем Ерше інісі екеуі сонда трактор жүргізуші еді. 


Ауылдың оңтүстік-шығыс беті далалық болатын. Бұл кәдімгі Арал маңының Қарақұмы. Сексеуілі мен жыңғылына мәуелі қызыл-күрең тобылғысы қосыла өскен, иісі бұрқыраған бозжусаны мен әсем ақселеуі желбіреген құмшауыт дала. Қазақтың өзі сияқты қарапайым ғана елеусіз жатқан осы даланың небір кереметтері бар еді. Тәттілігі тіл үйіретін көсігі, көзіңнен жас ағызатын ащы жуасы, қышқыл қаракениі мен жұмсақ құмсағызының дәмі таңдайымызда қалды. Жүйрік боламыз деп табанымызға құлқұлық жағып алып, азаннан кешке дейін жалаң аяғымызбен қарақұмның төсінде талай жүгірдік. Жусан иісі аңқыған, селеуі желге толқыған сол даланың әсіресе көктемгі көрінісі керемет болатын. Ұшы-қиырына көз жеткісіз далада өскен ақселеулер баяу ескен желдің екпінімен теңіз толқынындай тербетіліп тұрушы еді. Көрмеген адамның бұны көз алдына елестетуі мүмкін емес!


Көкемнің айтуы бойынша, соғыс кезінде еңбек майданына алынған адамдар соғыс біткеннен кейін де тұз қазуда жұмыс істепті. Көл басындағы жұмысшыларға ат арбамен ауызсу алып баруға көкеме осы адамдардан көмекші береді екен. Әкем көбінесе Тәжібай деген кісіні сұрап алатын көрінеді. Көп сөйлемейтін, ісіне тындырымды адам болса керек. Осы кісі күйеуі соғыстан қайтпаған Зәру деген келіншекке үйленіп, біздің үймен жақсы қарым-қатынаста болады. Шешем мені босанарда оның әйелінің де аяғы ауыр екен. Кейін қыз туып, атын Жұмагүл қояды. Осыдан кейін қазақтың бұрынғы салт-дәстүрінің ізімен екеуі құда болуға сөз байласыпты. Менің білуімше араларында ешқандай алыс-беріс болмаған көрінеді. Бұл әңгімені мектепте оқып жүргенімде естігенмін, бірақ мән бермейтінмін. Тек Құтан жиенім ғана анда-санда, әдейі менің қытығыма тию үшін, есіме салып қоюшы еді.


...Балғын балалық шақтың осындай үзік-үзік кезеңдері ғана есте сақталыпты. Ескі кітаптың аман қалған беттері тәрізді, бұл күндер адамға сондай ыстық болып елестейді.


 


* * *


 


1956 жылы  Сульфат елді мекеніндегі жеті жылдық мектепке оқуға бардым. Кәлима апам екеуміз әкемнің Жанұзақ деген бөлесінің үйінде жатып оқыдық. Жетіру атты мұғалім сабақ берді. Кәлима апамның үйретуімен мектепке дейін-ақ жүргізіп оқи алатынмын, сол себептен болар, алғашқы күннен-ақ еш қиындықсыз үлгеріп кеттім.


Жанұзақ ағай қолы бос кезінде сандық соғатын еді. Бетіне жұқа қаңылтырдан неше түрлі бедерлі оюлар салып, әшекейлеп, cырлап жасайды. Қазіргі кезде ондай сандықтар кездеспейді. Баласы жоқ еді, бірақ әйелі Дариғаның аяғы ауыр екені есімде қалыпты. Есімде қалатын себебі бар. Бір күні Дариғаның үстінен шағым айттым ба, білмеймін, "онда бұл қатынды ұру керек екен..."- деген Жанұзақтың сөзіне еріп (ол, әрине, әзілдеп айтса керек), қамыр жайып отырған әйелдің қолынан оқтауын жұлып алып, бүйіріне салып қалыппын. Сонда Жанұзақ та, жеңгем де бір ауыз сөз айтқан жоқ еді. Кейін, есейгесін, таң қаламын, қандай абзал адамдар еді деймін! Менікі балалықпен істеген іс шығар, солай да болса, айы-күні жетіп отырған әйелді оқтаумен соққаным есіме түссе, қазірге дейін ұяламын.


Бұл кезде Кәлима апам алтыншы класта оқитын еді. Күнде таңертең оқуға барарымда үйдің жанындағы жұмысшылар асханасынан бір түйір самса сатып әпереді. Қағазға орап, сөмкеме салып жібереді. Түске таман қарным ашқанда соны жеймін. Мен мектептен келгесін өзі кетеді сабағына. Алғашқы кездері, бөтен үйге үйренісе алмағандықтан болар, апам сабақтан келгенше есіктің алдында күтіп отыратын едім.


Калима апайым Сульфаттағы жеті жылдық мектепті бітірген соң ары қарай оқу үшін Сольтрест поселкесіндегі онжылдық мектепке баруына тура келді. Осыдан кейін әкем мені жоғарыда айтылған, өзі қатысып отырған Тәжібайдың үйіне жатқызды. Үшінші класты осы үйде жатып оқыдым. Жұмагүл екеуміз бірге оқимыз.


1959 жылы біз Сольтреске көшіп келдік. Біреудің ескі үйін сатып алған әкем көп еңбектеніп, құлауға келіп тұрған тамды жөндеді, адам отыратындай жағдайға келтірді. Өзі тұз өңдейтін комбинатта кеңсе күзетшісі, анам сонда кеңсе сыпырушы болып жұмысқа орналасты.


Сольтрест Арал қаласынан[18] он бес шақырым жерде орналасқан қала типтес поселке. Орталығында мәдениет сарайы, әжептәуір стадионы бар. Сульфатқа қарағанда халқы көп, көлдегі тұз қазушыларды қоса есептегенде комбинатта мыңдаған адам жұмыс істейді. Мектептегі өндіріс сабағында біздерді комбинатқа алып баратын еді. Көбінесе пакет қалталар дайындауға, соларды желімдеуге пайдаланады. Ас тұзын осы қалталарға салып, вагондарға тиеп жатады.


Көлден қазылып әкелінген тұз кені комбинат маңында тау болып үйіліп жатады. Кейбір кездері осы тұз таулары жақтан шығып жатқан гүрсілдерге таңданып анамнан сұрағанымда: "Аманәлі ғой"- дейтін еді. Мен оны алғашқы кездері адамның аты екен деп түсінетінмін. Сөйтсем... айтып жүргені "аммонал" деген қопарғыш зат екен. Ашық аспан астында үйіліп жатқан тұз кені қар мен жауыннын әсерінен қатып қалатын көрінеді. Осыдан кейін оны әлгі қопарғыш затпен қопсытып босатады екен.


Бұл кенді жоғарыдағы айтқан көлден вагонмен әкеледі. Көлдегі жұмысты "добыш" дейді. "Ол добышта жүр" немесе "ол добышқа кетті" деп айтып жататын еді. Бұл сөзге ол кездері онша мән бермейтінмін, кейін білдім - бұл орыстың "добыча" деген сөзі екен. Яғни "добышта жүр" дегендері орыстың "работает на добыче" деген сөзінен шыққан. "Добыштағылардың" жұмысы ауыр болатын еді. Бала кезімде жұмысшылардың кенді кетпенмен қазып, вагонға күрекпен тиеп жататынын көретінбіз. Кейін тұз қазатын комбайндар, тұз тиейтін транспортерлер мен тиелген тұзды өзі түсіретін "хоппер" аталатын вагондар пайда болды.


Әкем мектепке менің оқуымды қадағалап жиі келіп тұратын еді. Талай рет сабаққа кіріп отырғаны бар. Мектепке келген әкемді мұғалімдердің өздері ертіп әкеліп сабаққа қатыстырады. Ондай кездері бәрінен де маған қиын болатын, қатты қысылатынмын. "Көке, сабаққа кірмей-ақ қойсайшы, басқа ата-аналар өйтпейді"- десем: "Олардікі дұрыс емес, балаларының қалай оқитынын білулері керек қой"- дейді.


Аманов Қалдыбай деген класс жетекшіміз болды. Мектептің завучы еді. Завучтардың жұмысы көп болады ма, білмеймін, Қалдыбай ағай сабақ түсіндіріп болғасын қағаз жазуға отырады. Кейде мені қасына шақырып алады. Алдыма класс журналын беріп қойып балалардан сабақ сұратқызатын еді. Ағай, әрине, көзінің астымен бақылап отырады. Соған қарағанда жаман оқымасам керек.


Екінші есімде қалған ұстазым Ашықбаев Қаныбет ағай. Жетінші және сегізінші кластарда қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді, класс жетекшіміз болды. Жаңа кітаптармен таныстырып, қосымша сабақтар өткізетін. Үйіміз көрші болды. Сондықтан болар, қолына түскен жақсы кітаптарды алдымен маған беріп, түсінікті көбінесе менен сұрайды. Менің әдебиетке және кітап оқуға деген құштарлығымды арттыруға осы кісінің көп септігі тиді ғой деп ойлаймын.


Математика пәнінен сабақ берген Рысмаханов ағайдың да еңбегін айтпай кете алмас едім - осындай қиын сабақтың өзін қызғылықты өткізетін еді. Бірге оқыған Нағашыбай, Елдес, Көптілеу, Рахман, Өтеген, Жақсыбай деген балалар мен Сағира, Базан, Күлпара, Мәдина, Несібелі атты қыздар әлі жадымда. Сольтрест өндірісті жер болғандықтан болар, орыстар көп болды. Орыс балалармен бірге ойнап өстік. Бұл менің орыс тілін ерте үйренуіме септігін тигізді.


Бір жылы Сольтресте нан тапшы болды. Поселке ортасындағы бір ғана дүкеннен кезекке тұрып алатынбыз, адам басына нормамен беріледі. Егер көбірек алғың келсе қайтадан кезекке тұрасың, бірақ ол кезде нанның таусылып қалуы мүмкін еді. Дегенмен өндірісті жер болғасын ба, сөрелерде шұжықтар мен түрлі консервілер, ысталған балықтар үнемі болып тұрады. Бұршақ деген өсімдіктің бар екенін сол жылы білдік, бұршақтан жасалған сорпадан сол жылы ауыз тидік.


Ересек адамдар жұмыстарында болатын болулары керек, кезекте көбінесе жас балалар мен кемпір-шалдар тұрады. Орыс балалармен кезекке таласып, тәжікелесіп қалатын кездеріміз де болушы еді. Бірақ бұның арты ұзаққа бармайды, ертеңіне ештеңе болмағандай-ақ, қайтадан бірге ойнап кететінбіз.  


Бесінші класты бітірген жылы жазда Арал қаласының маңындағы пионер лагеріне бардым. Қасымда Сольтрестен тағы бір орыс баласы болды. Екеуміз лагерде бір айдай демалып қайттық. Алғашқы кезде, үйреніскенге дейін, жалғызсырағандай болып жүрдім де, бір жетіден кейін балалармен танысып кеттім.


Табиғаттың маған берген ерекше бір белгісі бар - сол аяғымдағы башпайымның біреуі артық, яғни алтау. Лагерьде осыны балаларға көрсетуге ұялып жүрдім. Бірақ қашанғы жасырасың. Қасымдағы балалар алғаш көргенде таң қалған еді, кейін көздері үйренді ме, онша таңданбайтын болды. Башпайымның алтау екені орыс группасындағы балаларға да жетіпті. Бір күні бір топ орыс балалар келді. Мақсаттары башпайымды көру. Бөлмеде ұйықтап жатқан болатынмын. Олардың: "Давайте, посмотрим…"- деп дабырлап кіріп келе жатқандарын естідім, бірақ ұйықтаған болып жата бердім. Етпетімнен жатқан менің башпайларымды санап, бесеу екен деп (алтыншы башпай үстінгі жағында болатын, табан жағынан көрінбейді), жөндеріне кетті.


"Тамақ тоқ, көйлек көк" дегендей, күн сайын кино қойылып жатады, күнара концерт көрсетіледі. Лагерь теңіз жағасында орналасқан. Теңізге шомыламыз. Бір рет Арал қаласындағы музейге алып барды. Осы сапардан есімде қалғаны – Арал балықшылары 1920-жылдары Лениннің өтініші бойынша Еділ бойындағы ашыққан халыққа бір эшелон балық жөнелткен екен. Сол туралы материалдар бөлменің бір қабырғасын толығымен алып тұр.


Үшінші аптада теңізге алып шықты. Үлкен кемеге мініп, теңіз айдынында кешке дейін серуен құрдық. Ашық теңізге шыққан кезде айналаның бәрі бірін-бірі қуалай сырғыған ақжал толқындар, көкжиекке дейін көзге ілінер ешнәрсе көрінбейді. Теңізге алғаш шыққан адамға таңсық көрініс. Палуба үнемі шайқатылып тұрады. Кеменің шайқалғанына шыдамай, құсып жатқандар да бар. Мұны теңіз тілінде "морская болезнь", ал қарапайым тілде "качка" дейді екен.


Кеш түсе лагерьге оралдық. Келгесін білдім: мен жоқта көкем келіп кетіпті. Үйден шыққаныма үш апта өткен еді, сағынған болса керек. Кезекші: "Әкең беріп кетті"- деп ішінде жеміс-жидегі бар тор қалтаны қолыма ұстата берді. Мені күтсе автобустан қалатын болғандықтан, амандық-саулығымды біліп, көңілі орнына түскен әкем, әкелген сәлемдемесін кезекшіге тапсырып қайтып кетіпті. 


Құтан жиенім бесінші класты біздің үйде жатып оқыды. Мұнысы маған жақсы болды - жиенім екеуміз бірге жатып, бірге тұрамыз. Бірге ойнаймыз. Сабаққа да бірге дайындаламыз.


Бір күні сабаққа дайындалып отырғанымызда радиодан: "Халық әні  «Гауһартас», орындайтын Бибігүл Төлегенова"- деп хабарлады. Бибігүл әнді тамылжыта шырқап: "Беу-беу, Гауһартас..."- деген жеріне келгенде, қасымда отырған Құтан жылап қоя берді. Менің: "Неге жылап отырсың?"- деген сұрағыма ештеңе айтпайды. Бір кезде анам келді. "Не болды, бір жерің ауырды ма, біреу ренжітті ме"- деп сұрап жатыр. Сонда Құтан: "Гауһартас» апамның (мамасы Үржанды айтып отыр - И.А.) айтатын әні еді"- деп одан әрмен жылай жөнелген еді. Сөйтсек, әке-шешесін сағынып жүр екен ғой! Мамасының салатын әнін естіген кезде шыдай алмай жылап жіберген екен. Анам: "Онда ол қызды ертең шақыртайын"- деп жұбатып жатыр. Кейде радиодан Қазанғаптың "Көкіл" атты күйі берілсе: "Мынау папамның тартатын күйі ғой"- деп елең ете қалатын еді. Кейін үйреніп кетті. Әке-шешесін сағынатын шығар, бірақ жыламайтын болды.


Алтыншы класты бітірген жылы, зейнетке шығып қолы босаған әкем, мені Қасқақұлан деген жерге алып барды. Арал қаласынан кемеге отырып, ұшан теңіздің ортасындағы аралға бардық. Арал да, онда орналасқан ауыл да Қасқақұлан аталады екен.


Ілгеріде Пана атам сонда тұратын Шамшырақ атты қызының үйіне қыдырып барады. Қайтайын деп отырған кезде теңіздің мұзы қатып, абыржы[19] бітем дегенше ауырып қайтыс болыпты. Кезінде басы қарайтылмай қалған көрінеді. Арада көп жыл өткен соң, өзінің перзенттік парызын өтемек болған әкем құдайы берді, әруаққа бағыштап құран оқытты. Аралдың ортасындағы төбенің басындағы бейіттен атамның орнын тауып алып, басына құлпытас-белгі қойды.


Қайтарда моторлы қайықпен Қаратерең деген жерге барып түстік. Одан әрі Тоқпан, Қарашалаң, Қызылжар деп аталатын ауылдардың үстімен көлікпен жүріп өтіп, әкемнің ағайын-туысы орналасқан Қазалы ауданының Карл Маркс атындағы кеңшарына жеттік. Сонау отызыншы жылдардағы қуғыннан кейін елге ат ізін салмаған әкем, арада отыз жылдан астам уақыт өткенде, ағайын-туғанымен қайта қауышты. Оларға ізіне ерткен мені көрсетіп, елде бір аптадай болып қайттық. Қасқақұланнан қайтарда елге соғуы - ағайынның амандығын білу, сонымен бірге маған да ел-жұртты көрсетпек ойы болса керек. Ауылдың ақсақалдары: "Баяғы Алтай ишанның мешітіндегі Пана сопының Ахмет деген баласы ғой... Әкесі ақ сәлдесін орап, ақшаңқай киім киіп жүруші еді, жарықтық... Қасындағы  Пананың немересі екен..."- деп әңгімелеп жатты.


Қазір ойланып отырсам атам жайлы жүдә аз біледі екенмін. Анамның айтқан бір әңгімесі ғана жадымда сақталыпты.


Кеңес үкіметі орнап, ишан-молдалар қуғындала басталған алғашқы кезең болса керек, белсенділер Алтай ишанның мешітін бұзбақшы болады. Мешітті құлатуға трактор алып келеді. Бірақ, бұзуға кірісер кезде ешбір тракторшының батылы бармапты. Сосын орыс тракторшы тауып әкеледі. Әлгі орыс трақторды мешітке бағыттап жүргізе бастаған екен, сөніп қала берген көрінеді. Осылай бірнеше рет қайталанғаннан кейін, ол да қорқып, кетіп қалыпты. 


Бұдан соң мешітті қоймаға айналдырады. Ішіндегі заттарды халыққа таратып береді. Ауыл тұрғындарының арасында мешіттегі кілем, сандық, киіз т.б. бұйымдарды алған адамдар болыпты. "Құран мен басқа да кітаптарды өртемек болып жатқан жерінен атам алып шығып, киізге орап көміп тастады. Атамның ескертуімен мешіттен сабақты ине алғанымыз жоқ. Бүлінгеннен бүлдіргі алма деген рас екен, мешітке қол салған адамдардың бәрі де кейін жаман ауру деген аурумен ауырып өлді"- деп анам айтып отырушы еді.


Анамнан сұраймын:


- Сонда атам кім болған?


- Сопы болған.


- Сопы деген кім?


- Алланың жолына түскен адам...


Бұдан басқа сұрақты мен бере алмаймын, шешем де әрмен қарай ұзатып айтпайды.


Осы арада айта кетейік, сопылық жайында көпшілігіміздің біле бермеуіміз мүмкін. Шынында, сопылар деген кімдер? Дін жолын ұстанғандар молда немесе имам аталмаушы ма еді? Сопылардың олардан қандай айырмашылықтары бар? Кітап ақтарып қарасақ, сопылық жайлы төмендегідей түсініктемелер беріліпті.


"Сопы мұсылман дініндегі имамға қол тапсырған діндар адам. Сопылық аскеттік ағым ретінде IX-ғасырда пайда болды. Кейіннен сопылар қауымы шығып, оны басқаратындарды «шейх» деп атаған. Әрбір сопының негізгі мақсаты құдайға жақындау. Ол үшін төрт сатыдан өту керек: 1) шариғат - мұсылмандық заңды қалтқысыз орындау; 2) тарикат - сопы боламын деген адам өзін-өзі ұмытып, құдай жолына түсу, яғни мүрит болу; 3) марифат - күні-түні құдайға жалбарынып, сопы боламын деушілерді сопылыққа үйрету; 4) хақиқат - дүниедегі қызықтан біржолата безу[20]".


Ал саясаттану ғылымдарының кандидаты Б.Әзірханов өзінің "Бекет ата" атты кітабында адай руынын шыққан Бекет батыр жайлы айта келіп, сопылық туралы былай деп түйіндейді: "Сопылықтың сусындап қайнар бұлағы ислам шариғаты. Ол бүкіл болмыстың неден тұратынын түсіндіріп бере алатын... адалдық пен рухани тазалықты бәрінен жоғары қойып, адам жүрегіне ұялаған жарамсыз қылықтардан құтылу шараларын үйрететін... ілім. Дін ғұламалары әлі күнге дейін біржақты бағасын бере алмай келе жатқан, бастауы бар, өз заманының ұлылары ғана ұстанған өте қасиетті, аса қадірлі, тым жіңішке жол. Сопылардың көпшілігі ерекше қасиеті бар жандар... Сопылық жолдың рухани басшысын арабтар "Шейх", парсылар "Пир", ал қазақтар "Пір" дейді... Біздің естуімізше қазақ жерінде өмір сүрген ғұламалардың ішінен тек Ахмет Яссауи бабамыз бен Бекет Мырзағұлұлы атамыз ғана сопылық жолдың Пірі болыпты. Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет деген сөз содан қалған[21]".


Біз бұдан сопылықтың ислам дінінің бір тармағы екенін білумен қатар, осы жолды ұстанудың кез-келген мұсылманның қолынан келе бермейтінін байқаймыз. Атамның сопылықтың жоғарыда айтылған сатысының қай дәрежесіне жеткені маған беймәлім, менің түсінуімше, бар ғұмырын осы жолға арнаған адам болғанға ұқсайды. Атам жайлы, оның ұстанған сопылық жолы мен өмірі жайлы бұдан басқа ештеңе білмеймін.


 


* * *


 


1960 жылы күзде Кәлима апам тұрмысқа шықты. Шешемнің көрпе арасынан қызының қалдырып кеткен хатын тауып алғаны, көкем екеуінің оны маған оқытқандары, әкемнің шешеме айқайлағаны есімде (қызының кеткенін анамнан көрсе керек). Күйеу бала Арал қаласындағы Қани ағамыздың үйіндегі Қадиша жеңешемнің Тынымбай атты жиен інісі болып шықты. Кешірім сұрап Қадиша келіні келді. Қадиша жеңешем төртқара руының қызы болатын, бұл жағынан көкеме балдыз болып есептеледі. Соған арқа сүйеді ме, әлде қорыққан бұрын жұдырықтайдының кері ме, көкеме: «Қайнаға! Аққызды[22] танымайтын жақайымға да бердіңіз ғой, маған қара қызыңызды да қимайсыз ба?- деді төтесінен. Егер бұлай демегенде әкемнің қаһарына ұшырар ма еді, қайтер еді? Мына сөзге әкем ештеңе айта алмай қалды. Көп ұзамай-ақ екі жақ қатынасып кетті. Құдасы өзімен аттас адам болып шықты, Қазалы қаласында тұрады екен. 


Әкем тік мінезді адам еді. Айтатын сөзін бетің бар, жүзің бар демей, бірден айтып салатын. Осы мінезін білетіндер көкемнің бетіне көп келе бермейтін еді. Кейде ашуын кімнен аларын білмесе, анама келіп тиісетіні бар болатын. Бала кезімде ешнәрсенің мәнісін біле бермеймін, есейе келе шешеме тиіскенін жақтырмайтынмын. Ондайда, әкемнің бетіне тіке айта алмағандықтан, шешеме: "Неге қарсы сөйлейсің? Үндемей отырсаң тиіспейді ғой"- деймін. Бірақ, көкемнің кейде тыныш жүрген анамнан ілік іздейтіні бар еді. Сыныққа сылтау таба алмай отырған адамға ыстық келген тамақ та, суыңқырап қалған шәй да себеп бола салатын. Ашуы сыртқа шыққаннан кейін барып сабасына түсетін еді. Арақ ішпейтін адамның (әкем аузына арақ алған адам емес) бұл қылығына мен таң қалатынмын.


Осы мінезіне қарамастан қолы ашық, дастарханды адам болған. Өте дәулетті болмаса да, сол қоңырқай күйімен-ақ жоқ-жұқаларға қарасып жүреді екен. Көшедегі қайыршыларды үйге ертіп әкелетін көрінеді. Анама: "Бұлардан қайтпаса Құдайдан қайтар, қолыңдағы барыңды бер…"- дейді екен. Бала кезімдегі тұз қазатын жұмысшылардың біздің үйден тамақтанатындарын ұмытқаным жоқ. Үйіміз асхана болған ба немесе ол кездері "сенікі-менікі" деген ұғым болмаған ба деп ойлаймын осы күндері.


Бірде танымайтын орысты үйге ертіп келіпті (ол кезде біздің үй Арал қаласында екен). Әлгі орыс ақшасын ұрлатып алып, кемеге міне алмай, портта жалғыз отырса керек. Үйде екі күн қоныпты. Үшінші күні қонағы теміржол вокзалына барып келейін деп шығып кетеді. Сол кеткеннен мол кетеді, қайтып оралмайды. Күдіктенген анам сандықты ашып қараса - ішіндегі азын-аулақ ақша мен әкемнің біркиер киімдері жоқ болып шығады. Орнында бір жапырақ қағаз жатыр екен. "Ахмет! Ақшаң мен киіміңді сұрамай алдым, ренжіме. Міндетті түрде қайтарамын. Қонақжайлығың үшін рахмет!"- деп орыс тілінде жазып кетіпті. Кейін сол адамнан пошта арқылы ақша мен әскери ақ тон келген көрінеді. Осы оқиға есіне түскенде: "Орыс әділ халық қой. Ұрласа да айтып ұрлайды"- деп отыратын еді. 


Әкем ортадан жоғары бойы бар, қапсағай келген, адамға көзін қадап сөйлейтін кісі еді. Өте қарулы болатын. Біз Карл Маркс атындағы кеңшарда тұрғанымызда бақшаны қалай еккенін ауыл адамдары осы күнге дейін жыр қылып айтады. Кейбір қатарлары әкемді "бульдозер Ахмет" деп әзілдейтін. Сол кездері жасы жетпістен асқан еді. Ауылда бәрі де бақша салады, бәрі де жоңышқа егеді, бірақ әкемнің жасаған тірлігі ерекше болатын! Бізбен көрші ферма бастығы Айдаулет ағамыз бақшалық жерін бульдозермен тегістетсе, әкем одан екі есе көп жерді кетпенмен аударып, күрекпен тегістейді.


Қазалы уезіндегі ұжымдастыру кезеңінде Қараарық, Бозарық, Қарлаң каналдары қазылған екен. Осы жұмысқа көптеген адамдар жұмылдырылып, соның ішінде әкем де болған. Жас әрі қайратты әкем күнделікті нормасын артығымен орындап жүрген көрінеді. Ол заман өкілдер мен белсенділердің сөзі жүріп тұрған кезі, бір өкілдің канал қазып жатқан жұмысшыларға: "Қара айғырдың үстінде жүріп мен шаршамаймын, қара жерді қайқая шауып тұрып сендер қалай шаршайсыңдар?"- дегені бар екен.


Осындай күндердің бірінде, топырақты бірнеше өткелектен өткізіп сыртқа шығарып жатқан жұмысшыларға канал жиегінде тұрған өкіл:


- Топырақты решке[23] өткелексіз жеткізген адамға сыйлық беріледі,- депті.


 Бұл да жарыстың бір түрі болса керек. Талап қылушылар аз болмапты. Солардың ішінде решке жеткізгендері де болыпты. Канал түбінде тұрған әкем кетпеніне іліп алып лақтырғанда, топырақ атты өкілдің үстінен асып барып, шашырамастан жерге түскен екен. Риза болған өкіл: «Канал қазуда алдына жан салмаған Панаев Ахметке екі пұт бидай мен бес метр жібек мата беріледі» деп жариялапты. Ол заманда алтынға бергісіз осы тұқымдық бидай мен матаны әкем сол күні үйге әкеліп беріп кеткен көрінеді.


Темекі шекпейтін және насыбай атпайтын еді. "Насыбай атпағаным үшін бір ұялған жерім бар"- деп отыратын. Бір бейтаныс адам насыбай сұрапты. Көкем насыбай атпайтынын айтады. Сонда әлгі адам: "Мына қоңқиған мұрныңның рахатын көрмеген адам екенсің ғой!"- деп кетіпті. Тағы бір ерекшелігі - мұрт қоймайтын, сақал ғана өсіретін еді. "Әкем сақалды осылай қоятын"- дейтін.


Көңілді кезінде қара домбырасын қолына алып, жәйлап қана ән салатыны бар. Көбінесе айтатыны Ақанның "Қараторғайы"      


...Ұшады Қараторғай қанат қағып,


Астына қанатының маржан тағып.


Кішкентайдан қолда өскен балапаным,


Айрылдым қапияда сенен неғып?


Қараторғай,


Ұштың зорға-ай.


Бейшара, шырылдайсың,


Жерге қонбай...


Ежелеп кітап оқитындай сауаты бар болатын. Кеңес үкіметі сауатсыздықты жою науқанын жүргізген кезде (ликбез) қызыл отауда оқып, аздаған жазу-сызу үйреніпті. Көбінесе мақалдап сөйлейді және олардың айтылу себептерін түсіндіріп отыратын еді. Мысалы: "Арғымақ жығылса жөніне кетеді, жабы жығылса көріне кетеді"- атақты адамдардың кемшіліктері біліне бермейді, қарапайым пенделердің жіберген қателіктері кешірілмейді деген мағынада; "Ақет өсті де Құлеттің қолы ұзарды"- Ақет әкесі, Құлет баласы екен: баласы  жалқау болса керек, оның істейтін жұмысына әкесі жүгіретін көрінеді, сол себептен халық арасында осындай сөз қалған; "Шешем тіккіш, мен сөккіш"- олақ қыздың мақтанып айтқан сөзі көрінеді; "Адам адамнан құтылады, бірақ қылығынан құтылмайды"- адам баласы бір-бірінен айрылса да істеген істері ұмытылмайды деген мағынада; "Көн қатса қалыбына барады"- жөнге, тәрбиеге көнбеген адамға айтылған сөз; "Жақсы адам жүрісінен пұл болады, жаман адам жүрісінен құл болады", "Құс баласы Қырымға, ит баласы жырымға қарайды", "Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат"- адамның қандай екендігіі оның істеген ісінен, жүріс-тұрысынан белгілі болады дегенді білдіреді; "Біреуге өлім тілегенше, өзіңе жүрім тіле"- біреуге жамандық ойлағанша, өз басыңа пайдалы іс істе; "Бойы өседі десе мұрны өседі, ақылы енеді десе бетіне секпіл түседі"- баласының ісіне көңілі толмаған қазақтың айтқан сөзі екен; "Ат пен есекті қатар байласаң, атты есектің тәпсісі ұрады"- жаман адамның қасында жүрсең, теріс қылықтары жұғады...


Бұлардан басқа: "Асты қорласаң құстырар, ерді қорласаң  тыштырар", "Нені қор тұтсаң, кейін соны зор тұтарсың", "Баланы жастан, әйелді бастан, ауру астан, дау қарындастан, сараңдық жұғысады ауылдастан", "Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей", "Жын да бейімді ұрады"- деп отыратын еді. Сөз арасында жиі келтіретін мақал-мәтелдерінен есімде қалғандары осылар.


Шешем бәкене бойлы, қараторы өңді, қағілездеу келген адам болатын. Әңгімесі керемет қызық болушы еді. Анамның қойнында еміп жатып ертегі мен өлеңдер тыңдайтынмын...


…Парпар деген құс болар,


Қауырсыны бос болар.


Екі жақсы дос болар,


Екі жаман қас болар.


…Бай баласы байбатша,


Өңірі тола зер болар.


Кедейдің ұлы керімсал,


Соған жетсем дер болар.


…Мұратына жеткен шағында,


Отырған жері төр болар.


Жете алмаған кезінде,                    


Көкірегі тола шер болар.


… Аз күн жалған дүниеден,


Өткесін бәрі тең болар.


Бай-жарлыңа қарамай,


Жатары құлаш жер болар…- деген үзік-үзік өлең жолдары құлағымда қалыпты. Соған қарағанда анамның емшегін көпке дейін емген болуым керек. Бұл өлеңдердің кімдікі екенін білмедім, кейін де еш жерден кездестірген емеспін.


...Баласы мен Батақтың атым Сары,


Құрысын мендей болса жұрттың бәрі.


Он екі ай абақтыда жатқанымда,


Қара шәй бір қайнатым болды дәрі.


...Сәлем айт барғандарың болысыңа,


Болысың ұстап берді орысына.


Біздің ел кейін жайлап қалды дейді,


Көшіріп ала кетсін қонысына.


...Баласы мен Батақтың «Ұзынмұрын»,


Абақты көргенім жоқ бұдан бұрын.


Жүйрік ат, әсем шапан киіп алып,


Сайрандап жүруші едім кешкітұрым.., - деп әндетіп отыратын еді. Бұл өлеңнің қыр шектісінен шыққан Батақұлы Сары ақындікі екенін кейін білдім.


Менің нағашы атам ескіше хат таныған адам екен, қызын (анамды) үйінде өзі оқытыпты. Анам ертегі-хиссалар мен өлең-жырларды жатқа айтып отыратын. Арасында маған да үйрететін еді. Бала кезіңде естіген нәрсең ұмытыла бармейді, кейбірі әлі күнге дейін жадымда.


-  Кімнің құлысың?


-  Құдайдың құлымын.


-  Кімнің үмбетісің?


-  Пайғамбардың үмбетімін.


-  Кімнің досысың?


-  Шадиярдың досымын.


-  Кімнің құзырындасың?


-  Имам Ағзамның құзырындамын.


-  Иманың неше қысым?


-  Иманым екі қысым: бір иманым пассал, бір иманым нажмал.


Мектепке дейін "үш Құлһуалла мен бір Әлһамды" да шешемнің айтуымен жаттаппын[24]. Кейін, құран сүрелерін қолыма алып оқығанымда (90-шы жылдары), бала кезімде жаттаған сол сөздер есіме қайтадан оралды.


"Басқа адамның ала жібін аттаушы болма, кісі ақысын жеген күнәһар болады"; "Әлсізді жәбірлеме, обалына қаласың"; "Өзіңнің маңдай теріңмен тапқан табысың ғана бойыңа жұғады"- деп отырушы еді. Сонымен қатар, ретті жерінде, ешкімге сөзден есесін жібермейтін адам болатын.


Шешем Сольтрестегі «Аралсоль» комбинатының кеңсесінде еден сыпырушы болып жұмыс істеген. Жиырма пешке от жағады екен.  Сол кездері комбинатты Мәуленқұлов деген қазақ басқарыпты (Соколов Мәскеуге кеткен көрінеді). Жаңа директор кабинетін кеңейтіп, қайта салады. Бөлмедегі жалғыз контромарка пеш есік жақта қалып, төрде отырған директорге әлгі пештің жылуы жетпейтін көрінеді. Бір күні директор бөлмесінің салқын екенін айтып, анама ескерту жасайды. Анам осыншама кең бөлмені бір пештің жылыта алмайтынын айтады. Директор: "Отты дұрыс жақпайсыз, сол себептен жылымайды"- дей беріпті. Сонда анам: "Өзіңіз Қырымда отырсыз, отты Хиуаға жақтырасыз, сосын тоңбай қайтейін деп едіңіз"- деген екен. Осыдан кейін директор қосымша пеш салдырыпты.  


Анам Рысжан Қалдыбайқызы кіші жүз әлім, оның ішінде төртқара руынан. Төртқарадан да атақты адамдар көп шыққан. Бұл жөнінде иісі қазаққа танымал Әйтеке би мен Самарқанды қырық жыл билеген Жалаңтөс батырды айтсақ та жеткілікті болар. Анамның өзінің айтуы бойынша төртқараның ішіндегі сексені[25], оның ішінде тұғыры. Тұғырдан Қаракісі, одан Тайжер туады. Әкесі Қалдыбай үш ағайынды болған: Құдабай, Қалдыбай, Түймебай. Құдабайдан Жәния атты қыз, Қалдыбайдан менің шешем мен Үржан атты қыз (Үржан апамның атын осы кісімен аттас қойған) туады. Ер балалары болмаған. "Түймебайдан Нығмет деген жалғыз ұл бар. Ақтөбенің Қарабұтақ ауданында тұрады. Мектеп директоры болып жұмыс істейді екен" деп айтып отыратын еді. Қалдыбайдың әкесінің, яғни менің арғы нағашы атамның аты Аманбай. Бұлар да үш ағайынды болған. Қайсысының кіші, қайсысының үлкен екенін білмеймін, қалған екеуінің аттары Абибулла мен Көлдей. Абибулла әкемнің қарындасы Шамшырақты алған (яғни қарсы құда болған). Аманбайдың әкесі Құлман деген кісі екен. Бұлар да үш ағайынды болыпты: Құлман, Қосық және Ермекші. Ал бұлардың әкесінің атын анам нақтылап айта алмайтын еді.


Құлман нағашым атақты ұста әрі зергер болған дейді. Дүкен ұстап, түрлі тұрмыс заттарын, қолөнер бұйымдары мен ат әбзелдерін соққан. Алыстан іздеп келіп ұзатылатын қыздарына сақина, білезік, сырға соқтырып жатады екен. Атақты ұста болған дейтін себебім, анамның мына бір әңгімесі есімде. Бір бай Құлман нағашыма тайқазан соқтырыпты. Дайын болған қазанды көрген әлгі бай: "Ойпырмай! Құдай ұста ма, әлде Құлман ұста ма?!"- деп таң қалған екен. Осы сөз ел ішіне тарап кеткен.


Шешемнің туылған жері қазіргі Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданы. Анам он жасқа келгенде елінде жұт болып, төртқаралар Сыр бойына қарай ығысады. Сырдың Аралға құяр жеріндегі қалың асанның ішіне келіп орын тепкен. Он алты жасқа толған кезінде әкеме үйленеді. Кейін, ел тойынған кезде, төртқаралардың көбісі (соның ішінде менің нағашыларым да бар) өздерінің ата мекеніне қайта қөшіп кеткен.


Өкінішке орай, мен нағашыларыммен қатыса алмадым. Нағашы атам Қалдыбай ертеректе қайтыс болған екен, ер баласы болмаған. Анаммен бірге туған Үржан мен әкесінің бауыры Айқын апайы менің жас кезімде келіп-кеткендері есімде бар. "Түймебайдың баласы Нығмет нағашың Қарабұтақта тұрады. Көзімнің тірісінде апарып бір жолықтырсам…"- деп анам армандап отыратын еді. Ол арманына жете алмай кетті. Осылайша, мені нағашы жұртпен жалғастыратын осы жіптің де ұшынан айырылып қалдық.


 


* * *


 


Алпысыншы жылдары жасының жетуіне байланысты шешем зейнетке шықты. 1964 жылы мен сегізінші класты бітірдім. Осы жылы әкем елге көшуге бел байлады. Сол жылдың жазында біз Қазалы ауданының[26] Карл Маркс атындағы кеңшарына (әкемнің туылған жері) көшіп келдік.


Қазалы қаласынан[27] елу шақырым, Сырдарияның сол жақ жағалауынан сегіз шақырым жерде орналасқан бұл ауыл төрт мыңға жуық халқы бар ірі кеңшардың бірі екен. Негізінен асан руынан құралған. Әкемнің немере-шөбере туыстары, яғни Сегізбайдың Смайылынан тараған ұрпақтарының дені осы жерде. Сегізбайдың Спанының ұрпақтары Қаратерең мен Ұзынқайыр жақтағы теңіз беткейінде тұрады. (Біз Сегізбайдың Панасының ұрпағымыз, №3 қосымша). Көшіп келген бізге әкемнің немере ағасы Халила атам өз үйіне жапсыра салынған екі бөлмелі тамды босатып берді.


Әкемнің айтуынша Қазан төңкерісіне дейінгі асандардың ата қонысы Қазалы мен Арал аудандарының шекарасындағы Ақшатаудан басталып, Сыр өзенінің сол қапталын бойлай сонау қызылқұммен шектесетін Арандықырға дейінгі жерді алып жатады екен. Осы аралыққа орналасқан халық негізінен мал бағу мен егін егумен айналысқан. Қотанкөл, Майдакөл және Шаңдыкөл аталатын көлдері бар. Көлдердің маңы мен дарияның жағасына егін салған, қырға мал жайған. Қотанкөлдің солтүстігінде алыстан биік төбе көрінеді, Ақшатау деген сол. Арандықырдан қызылқұмға қарай жиенейлердің, Ақшатаудан арқаға қарай әйдербектер мен жақайымдардың жері болып есептелген.


Ақшатаудың өзі бұрын асандарға қараған дейді. Ілгеріде асанның бір атақты адамының қызы теңіз жақтағы жақайымдарға ұзатылыпты. Әлгі қызымыз төркіндеп келерде жақайымдар жер сұрауды тапсырады. Қызымыз: "Мал алмаймын, оның орнына егін салатын жер беріңдер"- дейді. Бұны естіген асандар қыздарының да тілегін қайтара алмай, жерді де бере алмай, қатты қиналады.


Кеш түсе құдаларға тігілген киіз үйдің сырт жағына асандар жағының екі-үш адамы келіп жайғасыпты. Өзара әңгімелескен болып, Ақшатауды мақтай жөнеліпті. "Ақшатаудың жерін айтсаңшы, түгін тартса майы шығады ғой"- дейді біреуі. Екіншісі іле кетеді: "Оның асқабағын айтсаңшы. Бір тойсаң, екі-үш күнге дейін тамақ жегің келмейді". Қонақтар естіп отырады. Әлгілер кеткен соң жақайымдар:  "Ақшатауды сұрайық, басқа жерді алмайық"- депті.


Ертеңіне құдалар қайтатын болады. Қызымыз төркін сыбағаға Ақшатауды сұрайды. Асандар әрі-бері ойланған болады, ақыр соңында жақайымдарға әлгі жерді беретін болып шешіпті. Осылайша, Ақшатау жақайымдардың қолына өткен дейді. Бірақ жақайымдар ол жерге егін сала алмапты, биік жерге су шықпапты.


Көлдердің ішіндегі ең үлкені Қотанкөл - дариядан оншақты шақырым, ауылдан үш-төрт шақырымдай жерде. Бұл көлден балық ауланады, айналасына егін егіледі. Теңіз жақ беті нұралық, дария беті қалың жынысты тоғай болып келеді. Көлдің дария жақ бетінде, ауылмен екі аралықта, Жолбарысты деген жер бар. Осы жерде, Сырдың жағасындағы қалың тоғайда, бір кездері жолбарыс болған  көрінеді. Сондықтан осылай аталып кетіпті. Біз көшіп келген жылдары жабайы өскен қалың жиде бар болатын, кейін бірте-бірте азайып, сол тоғайлар жоқ болып кетті. 


Ауыл кішкене көлшікті таға тәрізді жағалай орналасқан, ол шеті мен бұл шеті үш шақырымдай болып қалатын шығар. Бір шеті Әміржай талы, екінші шеті Жабағылы деп аталады. Біздің үй ауылдың орта шенінде, бұл жерді Күркіреуік атайды. Көктемгі судың мол кезінде сайдан күркіреп су ағатындықтан осылай аталса керек. Ауыл сыртындағы көлшік көктемде суға толады, кейін жазға қарай суы қайтады. Қайтқан судың орнына көкмайса шөп шығады. Жазда осы көкмайсаға киіз үйлер тігіліп, ел жайлауға шыққандай осы көлжиекке келіп орналасып жатады екен.


Сол жылы дарияның суы мол болды. Тасыған өзен ауылдың іргесіне келіп жетті. Ауыл шетіндегі бөгетті биіктетіп, кей жерлерін құм толтырылған қаптармен бекітіп, күндіз-түні қарауылдап жатты. Кейін судың осындай мол болғанын, ауыл іргесіне дейін келгенін көрген емеспін. 


Ауылдың ортасын үлкен канал кесіп өтеді. Каналда көлік өтетін екі үлкен көпір, үш-төрт жерде баяпыл[28] бар. Қырда өскен маған канал мен баяпыл да, бұл жердің қалың жынысты тоғайы мен мол суы да, жағалай егілген ағашы мен әремдегі[29] бау-бақшасы да таңсық, әрі қызық. Тек күндізгі шіркейі мен кеш түсе шығатын масасына көпке дейін үйрене алмай жүрдім.


Мені таң қалдырған тағы бір жәйт бар еді - кейбір жеңгелерім маған иіліп сәлем салатын. Мұқыш ағамның үйіндегі Ақерке жеңгем сәлем бергенімен қоймай, алдымды кесіп өтпейді. Менің келе жатқанымды көрсе, сонадайдан күтіп тұратын еді. Алғашқы кезде бұған ұялып, кәдімгідей қысылып жүрдім. Апама: "Бұлары несі? Неге маған  сәлем береді, менің жасым үлкен емес қой?"- деймін. Апам: "Жасың кіші болғанымен жолың үлкен, атаның баласы деп құрметтеп жатқандары ғой"- дейтін. Кейін үйреніп кеткенім соншалықты, енді сәлем жасамаса таң қалатын болдым.


Мектепке барғанға дейін үй маңындағы өзім қатарлы балалармен танысып алған едім. Демекбай мен Айнабай Халила атамның немерелері, екеуі де менен бір жастай кіші. Мұқыш ағамның үлкен қызы Аққалам, көшенің арғы бетіндегі Ортай деген бала менімен құрдас болып шықты, олар да тоғызыншы класқа барады екен. Ортай екеуміз достасып алдық. Бұлардан басқа бізге жақын туыс болып келетін Ерғали, Алпамыс, Асқарбектер бар. Ерғали екі жас үлкен, Асқарбек менімен қатар, ал Алпамыс екі жастай кіші. Үйдің айналасында балалар көп болғанымен, менің араласып-қатысатыным осылар еді.


1964 жылдың күзінде Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев атындағы №24 орта мектептің тоғызыншы класына бардым. Балалар арасында болатын сырттан келген баланы "сынақтан өткізуден" мен де құр қалғаным жоқ. Бірақ мен тез сіңісіп, тез араласып кеттім. Бұған менің орыс тілін білуім, орысша біршама сөйлей алуым себеп болды ғой деп ойлаймын. Бір-екі ауыз ғана орысша білетін ауыл балалары үшін менің орысша сөйлеуім кереметтей көрінсе керек, шамасы. Оның үстіне, мектеп кітапханасындағы шаң басып жатқан орыс тіліндегі кітаптарды алып оқып, кейбірінің мазмұнын айтып беретінмін.


Мектепте бір класта оқыған Ортай, Базарбай, Жақсылық, Бертілек, Төребай, Әбілжан, Зұлпыхар атты балалармен достасып кеттім. Сонау көз ұшында қалған бозбалалық шақтың сағым елесіндей болып ыстық көрінетін, сол кездердің арманы мен тілектерін бірге бөліскен кластас Ортай[30], Базарбай, Бертілектердің, қатар жүрген Ерғали, Пазыл, Бақыт, Қаракесек пен Кітабиялардың орындары бөлек. Оған дәлел - арада отыз бес жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін хабарласып, бір-бірімізді іздеп тұратынымыз. Тіпті Зәмзә, Әлия, Күләш, Базаркүл атты қыздарымызбен осы күнге дейін байланысымыз үзілген жоқ. Қәзір, әрине, бәрі де отбасылы болған.


Ол кезде мектептің директоры Ешниязов Жетес ағай еді.


Ұстаздардың ішінен қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Оразалиев Нағашыбай ағайды (класс жетекшіміз болды), математикадан сабақ берген Пірманов Жаулыбай ағайды, физикадан сабақ берген Жақсығұлов Ыбырай ағайды, астрономиядан сабақ берген Атабаев Мұрат ағайды, тарихтан сабақ берген Шоқанова Ажайып апайды ерекше еске алар едім. Балалықпен жасаған небір қиқарлықтарымыз болды. Әсіресе Нағашыбай, Ыбырай, Мұрат ағайлардың сабағында тыныш отырмайтынбыз. Нағашыбай ағай айқайға басатын болса, Ыбырай ағай қып-қызыл болып қызарып, үнсіз қалатын. Мұрат ағайдың шаң болған бөлмеге кірмейтінін білеміз, әдейі шаңдатып қоятынбыз. Кіріп келіп: "Фу-у! Мына шаңның ішінде мені отырады дейсіңдер ме? Өздерің жұтыңдар шаңдарыңды... Мен бес минуттан кейін келемін"- деп шығып кететін. Бірақ шаң бес минут емес, он минуттан кейін де басыла қоймайды. Басын бір шайқап қойып, сабағын жүргізуге кірісетін еді. Ал Жаулыбай ағай мен Ажайып апайдың сабағында тыныш отыратынбыз. Әсіресе Ажайып апайдың сабағы ұшып жүрген шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық жағдайда өтетін.


Мұғалімдердің мінездері әртүрлі болғанымен, олардың бәрінің де мақсаттары бір еді - біздерге қайтсе де білім беру болатын. Мұқағали ақын айтқандай "мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққанша" балаларға бойларындағы бар білімдерін ғана емес, денсаулықтарын да қоса бергендерін біз ол кездері қайдан білейік?!


Сол ұстаздардың берген білімінің арқасында көбіміз жоғары және арнаулы оқу орындарына түстік. Түспегеніміз де ұстаздардың тәрбиесі арқасында өмірге жолдама алдық. Біз бітірген №24 мектептің білім беру деңгейінің жоғарылығына 1970-ші жылдары бір ғана Алматы қаласының өзінде қырыққа жуық түлектің оқығаны дәлел.


1966 жылы орта мектепті бітірдім. Менің еңбек жолым осы жылдың маусым айынан басталады. Мектеп бітіргеннен кейін, көп ұзамай-ақ, әкем фермаға жұмысқа қосты.


Нағыметов Айдаулет деген ағамыз болды. Кеңшардағы қой фермасын басқаратын еді. Сол кісі көкеме: "Інімді менің қарамағыма беріңіз, бос жүріп сандалмасын. Мен жұмысқа қосайын"- депті. Көкем келіседі. Ол кезде жұмысшы қолы жетіспейді, Айекең таңертеңгі сағат бесте келіп, ұйқымнан оятып алды да кетті.


Фермадағы мал азығын дайындау науқанының кезі... Таңғы бесте тұрамыз. Бір кесе ашыған көже мен бір бөлек қазанжаппай нанды жеп алып, сағат он бірге дейін косилкамен шөп шабамыз. Күн ыстық. Түстен кейін ыстықтың беті қайта бастайды. Сағат беске таман жұмысқа шығамыз. Осыдан қас қарайғанша жұмыс істелінеді. Менің міндетім трактордың артына тіркелген косилкаға отырып, шалғыны бақылау. Тас немесе томар кездесе қалса дереу жоғары көтеремін, өткеннен кейін қайтадан түсіремін. Бір рет косилка аударылып, шалғының астына түсіп қала жаздағаным бар.


Зырылдап шөп шауып келе жатқан косилканың алдынан бір үлкен томар кездесе кетті. Шалғыны көтеріп үлгіре алмадым, осы кезде томар шалғыға соғылды да, косилканы аударып жіберді. Құдай оңдағанда артқа қарай құладым. Мотордың гүрілі мен шалғының шуылынан тракторист ешнәрсені аңғарар емес. Аударылып қалған агрегатты сүйреткен ДТ-74 тракторы біршама жерге дейін жүріп барып тоқтады. Менің еш жерім жарақаттанған жоқ, оның есесіне трактористің қалай қорыққанын көрсеңіз! Болған оқиғаны ешкімге айтпауымды өтінген тракторист бірден: "Қосқа қайтайық"- деді. Ол күні шөп шабуға шыққанымыз жоқ, кешке дейін косилканың майысқан шалғысын жөндеумен айналыстық.


Кейін қой қырықтым. Алғашқыда жүн престейтін агрегатта жұмыс істеп жүрген едім. Қырқымға өзім сұранып бардым. Бригадирдің: "Қой қырқу өте ауыр жұмыс, қолыңнан келе қоймас..."- дегеніне көнбедім. Айтқаны рас болып шықты, шынында да ең ауыр жұмыс екен. Үнемі еңкейіп жұмыс істегендіктен адамның белі шыдамайды. Дегенмен, намысқа тырысып, норма орындауға ұмтылдым.


Шөп тасу, қой айдасу, қаракөл сою, қой қырқу, сақпан бағу және шөп престеу сияқты жұмыстардың бәрін бастан өткіздік. Балалықпен жұмыстың ауырлығына шыдамай, қиналған кезіміз де болды. Ол күндері осы жұмыстардың кейін алдымыздан шығатынын және пайдасы тиетінін білгеніміз жоқ болатын. Мектепте алған куәліктің арқасында үш ай трактор де жүргіздім. Кейін кеңшардың машина-трактор шеберханасына слесарь болып орналастым.


Ауылда екі жыл жұмыс істедім, енді жоғарғы оқу орнына түсуге талап қылу керек еді.


 


* * *


 


1968 жылы осы ойымды әкеме айтқан едім, келісе қоймады. Байқаймын, мені көзінен таса еткісі келмейтін сияқты. "Айдаулетке айтып жаңа трактор алдырып берейін. Соны айдап, көз алдымызда жүрсейші"- дейді. Шешемнің де жібергісі жоқ еді.


Алдымен анамды көндірдім, бұл қиын болмады. "Қайда жүрсең де Алла жар болсын, шырағым..."- дей жүріп келісімін берді. Енді көкемді көндіруіміз керек! Екеулеп көкемді де көндірдік-ау, әйтеуір. "Жалғыз ұлды май-май қылып трактордың соңына салғанда ұшпаққа шығамыз ба? Барсын оқуына... Талабына қарсы тұрмайық, көкесі"- деді шешем. Қолымызда боталы түйе, екі-үш жылқы, бұзаулы сиыр мен бірнеше  уақ  мал бар болатын. Жылқының біреуін саттық. Соның үш жүз сом ақшасын қалтама салып, Алматыға аттандым.


Аттану да оңай бола қойған жоқ еді. Мені алғашқыда жұмыстан шығармады. Арызымды жазып апарып: "Оқуға барғым келеді, босатыңыз"- десем тыңдайтын директор жоқ. Сол жылы келген Нармағанбетов Сақыбай деген кісі еді (кейін көп жыл осы кеңшарды басқарып, беделді басшы болды). "Оқимын дейсің... Сонда ауылда кім жұмыс істейді? Комбайнерлер жетіспей жатыр, босата алмаймын"- дейді.


Ол кісінің айтқаны да дұрыс шығар, бірақ менікі де өзімше дұрыс сияқты. Қайта-қайта кіріп мазалай бергесін мезі болды ма, бір күні:


- Кешкі сағат сегізде кеңсеге кел,- деді.


Кешкісін бардым. Директордың кабинетінде партком хатшысы Жалғасбаев Шынтас, ауылдық кеңес төрағасы Мәкенов Қали, бас инженер Тілеубаев Ереш отыр екен. Бәрі мені ортаға алды. Әсіресе бас инженер: "Оқимын дейсің, сонда ауылда кім қалады?"- деп қоймады. Өзі бізге жезде болып келетін еді және Әбләзи атты баласы (менімен кластас) техникумда оқып жатқан болатын.


- Сіздің балаңыз оқып жатыр ғой, менің неге оқымауым керек? Жұмыс қолы жетіспей жатса, Әбләзиді оқудан шығарып әкеліп, менің жаныма жұмысқа қосыңыз. Егер осылай істесеңіз, мен де оқымай-ақ қояйын,- дедім.


Бұл сөзіме Ерекең уәж айта алмай қалды. "Қайтсем де оқимын!"- деумен тұрып алдым, босатпаймыз десіп олар да тарқады.


Ертеңіне жұмысқа шыққаным жоқ. Қалтамда бір жылқының ақшасы бар, Алматы қайдасың деп тартып отырдым. Әкем Айдаулет ағамызға айтып, Айекең директорге кіріп, арада бір айдай уақыт өткенде менің еңбек кітапшам пошта арқылы қолыма тиді.


Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының дайындық курсына құжатымды тапсырдым. Курсты аяқтаған соң, бір ай бойы пәтерден шықпай, химияға дайындалдым. Емтихандардың ішіндегі маған қиыны - мектепте өзім ұнатпаған химия пәні болатын. Орта мектеп бағдарламасындағы барлық химия оқулығын жинап алып, "әліп-биінен" бастап оқуыма  тура келді.


Бірінші емтихан да осы химиядан болды.


Алғашқы төрт талапкердің бірі болып ішке кірдім. Екі столға бөлініп, төрт адам емтихан қабылдап отыр екен. Билетімді алып, дайындалуға кірістім. Бір қарағанда сұрақтардың бәрі қиын болып көрінгенімен, сәлден соң есіме түсе бастады. Кезегім келгенде сол жақтағы столда отырған екі әйелдің алдына бардым. Үш сұрақты да айтып шықтым. Олар қосымша сұрақтар бере бастады. Жауап беріп отырмын. Бір кезде емтихан алушы әйел келесі столда отырған ер адамға қарады.


-  Мына балаға бес қойғымыз келіп отыр, қалай қарайсыз?


- Тағы бір сұрақ беріңіз. Соған жауап берсе, қарсылығым жоқ,- деді комиссия төрағасы.


 - Алтынды неге тот баспайды, осыны білесің бе? Егер дұрыс жауап берсең, бес аласың!


Бақытыма қарай бұл сұрақтың жауабын білетін едім. Менің жауабыма қанағаттанған әйел алдында жатқан емтихан қағазыма бес қойып берді. Қуанышым қойныма сыймай, далаға жүгіре шықтым. Есіктің алдында ауылдың бір топ баласы күтіп тұрған болатын. Оң қолымды жоғары көтере: "Бес алдым!.."- деп айқай салыппын.


Қалған емтихандарды: физика мен биологияны төртке, орыс тілін беске тапсырып, барлығы он төрт баллмен (орыс тілін беске тапсырғаным үшін бір балл қосылды) осы институттың зоотехникалық факультетіне түстім.


Оқуға қабылданарда тағы бір жағдай болған еді. Конкурстық комиссияға кіргенімде: "Саратов қаласына барып оқисың, сондағы ауыл шаруашылығы институтына жолдама береміз"- деді. Мен келіспедім. Комиссия төрағасы Қожабеков Зейнолла деген кісі екен, барасың деп отырып алды.


- Диктантты беске жазғансың, осы себепті сені Россияға оқуға жіберіп отырмыз,- дейді.


-  Мен қазақ мектебін бітірдім, орысша сөйлей алмаймын,- деймін.


- Ешқандай қате жібермегенсің… Мүмкін, орныңа басқа адам кірген шығар?


Қолыма қалам мен қағаз берді. Диктант жаздырды. Комиссия мүшелері бір-бір сөйлемнен айтып отырды, мен жазып отырдым. Төраға жазылған парақты емтихандағы парақпен салыстырып көрді. Екі парақтағы қолдың бір адамдікі екеніне көзі жеткен болу керек, Қожабеков ақырында: "Өзі жазған екен"- деді. Абырой болғанда, бұл жолы да қате шықпапты.


Осы сөз себеп болған болу керек, батылданып:


- Жазығым беске жазғаным ба, неге мені Алматыдан қуғалы тұрсыздар?- деп салыппын.


Бұл сөзіме бәрі күліп жатыр.


Қожабеков:


- Онда, осы сөзіңді орысша айтып бере қойшы, қалдырайық,- деп жымиды.


Аузыма түсе қоймады ма, әлде білмеймін деген сөзімде тұрғым келді ме, мен ештеңе айта қоймаған едім. Жаны ашыған болу керек, жақындау отырған бір комиссия мүшесі жәйлап қана сыбырлап жатыр: "Разве виноват, что писал на пятерку десеңші…" Үндемеген күйі тұра бердім. Осындай көп тартыстан соң, ақыры, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына қабылдандым.


Ресейге барып оқуға да болар еді... Онда барғым келмеген себебім, ауыл балаларының бәрі Алматыда болатын, соларды қимадым. Оның үстіне, шынымды айтсам, жалғыз өзім Саратов қаласына кетуге жүрексінген едім.


Осылайша, студент болу бақытына да қол жетті. Ертеңіне бәрімізді жинап алып, топ-топқа бөлді де, поезға отырғызды. Біздің топта екі "резервисті" қоса есептегенде отыз екі бала болдық. Алғашқы кезде бірімізді-біріміз танымаймыз. Ішімізде Зәуреш атты жалғыз қызымыз бар, тыңның астығын жинауға Солтүстік Қазақстан облысына аттандық. Шу, Балқаш, Қарағанды және Целиноград арқылы жүріп отырып, үшінші күні Петропавл қаласына жеттік. Қыркүйек айының іші. Күн жылы болғасын Алматыдан жеңіл киіммен шыққанбыз, мұнда салқын екен (түн іші болатын). Бәріміз бізді күтіп тұрған автобустартарға топырлап мініп алдық. Булаев ауданына алып барды.


Аудан орталығында біздің топты тағы екіге бөлді. Он бес шақты баладан тұратын жартысын бір кеңшардың жемшөп дайындау бригадасына берді. Осы жерде бір айдан астам уақыт силос бастық. Қалдан, Қыдырбақыт, Шоқан, Өмірзақ, Қазкен атты жігіттермен осында таныстым. Кейін жолдас болдық, дос болдық. Студенттік өмірдің қызығы мен қиындығын бірге өткіздік.


Бірінші курста жатақхана берілмеді. Ленин проспектісі бойындағы ("Арман" кинотеатрының жоғарғы жағында) бір орыс кемпірдің үйінде Ерғали, Ортай үшеуміз пәтерде тұрдық. Ерғали ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінде бірінші курста оқиды. Ортай оқуда жоқ (түсе алмай қалған еді, өкінішке орай, келесі жылы да түсе алмады).


Пәтер иесі Татьяна Федоровна аталатын орыс кемпірі. Бұл кемпірді мен осы күнге дейін ұмытқаным жоқ. Себебі, бұрын үлкен қалада болып көрмеген ауыл баласына, яғни бізге, көп нәрсе үйретті. Кейде ұрысып алатын еді, бірақ соның өзі бізге үлкен сабақ болатын.


Ұрысатын да реті бар. Алғаш барған кезімізде білместіктен бүлдіргеніміз көп болды. Ауланың іші толған жеміс. Көз тұнады. Кемпір анда-санда тарелкаға салып піскен жемістен алдымызға әкеліп қояды. Бірақ біз бұған қанағат тұта қоймайтынбыз. Кемпірдің көзін ала бере өзіміз кірісеміз. Әсіресе бізді қызықтыратын сырты қып-қызыл болып тұрған, әрқайсысы адамның қос жұдырығындай үлкен алмалар болатын. Кемпір ол алмалардан бермейді (тіпті үзбейді). Бір күні үйде кемпір жоғын пайдаланып әлгі алмаларды жерге сілкілеп түсірдік. Бір шелегін жинап алдық. Бөлмемізге әкеліп жеуге кірістік. Алманың қаттылығы сондай – тіс өтпейді. Бірақ сырты қып-қызыл, піскен алма сияқты болып көрінеді. Сөйтсек, бұл алманың кеш пісетін апорт деген сорты екен. Әлгі алмаларды түгелдей дәретханаға аударуымызға тура келді.


 Сол орыс кемпірінің айтқан кейбір қағидаларын мен әлі күнге дейін орындаймын. "Судан таза нәрсе жоқ"- деуші еді. Кейде ыдыс-аяқты жуып болғаннан кейін қолорамалмен сүрте бастағанымызды көрсе: "Ең таза орамалдың өзі судан таза емес"- деп сүрткізбейтін еді. Бір затты іздеп, бөлменің астаң-кестеңін шығарып жатқанымызды байқаса: "Әр заттың белгілі орны болуы керек, соған дағдыланыңдар"- дейтін. Отырған-тұрған жеріңнің шашылмауын қадағалап, сонымен бірге тазалықты, ұқыптылықты талап етуші еді. "Адамның кім екендігі келгенде емес, кеткенде белгілі болады"- дейтіні тағы бар.


Бірақ орыстардың бәрі бірдей Татьяна Федоровнадай емес екен.


Бірде "Арман" кинотеатрынан кино көріп, жаяу қайтып келе жаттық. Қараңғы түсіп қалған кез болатын. Пәтерімізге екі аялдамадай жер қалғанда, күтпеген жерден, бір топ орыс балалар шыға келді. Қоршап алып, әй-шәйға қарамастан ұра бастады. Қаперсіз әңгімелесіп келе жатқан біздің қарсылық көрсетуге шамамыз келген жоқ. Ерғали сол жерде тротуарға құлап түсті. Мен бір-екі соққыдан кейін жол жиегіндегі арықтың ішіне құладым. Қалай құтылғанын білмеймін, Ортай қашып шығыпты. Жерде жатқан Ерғали екеумізді әлгілер тепкілеуге кірісті.


Бір кездері бәрі кетіп қалды. Мен арықтың ішіне құлағандықтан болар, жарақатым аз болып, тез орнымнан тұрдым. Ерғалидың қасына бардым. Қозғалмайды. Епетінен жатқан күйі ыңырси берді. Бет-аузынан қан ағып жатыр. Көтеріп иығыма салдым. Енді бұл жерден тез кету керек еді, арқалаған күйі үйге жеттім. Есіктің алдында Ортай күтіп тұр екен, екеулеп ішке кіргіздік.


Біздің үсті-басымызды көрген Татьяна Федоровна шошып кетті. Ерғалидың жағдайын білгеннен кейін, тіпті, жедел жәрдем машинасын шақырамын деді. Біз: "Қажеті жоқ, ештеңе етпейді, жазылып кетеді ғой"- деп жатырмыз. Төсекке жатқызғаннан кейін есін жинады. Дәрігер шақырайық па дегенімізге басын шайқады. (Жедел жәрдем машинасы келсе, міндетті түрде милиция ере келеді. Сосын институтқа хабарлайды. Төбелеске қатысқанымызды білсе, институт ақ-қараңды айырып жатпайды, оқудан шығарып жібереді деп қорқып жүрміз ғой).


Таңертең сабағыма кеттім. Ерғалидың қасында Ортай қалған еді. Түске таман үйге келгенімде екеуі де жоқ екен. Үй егесінен сұрап едім: "Жаңа ғана дәрігерлер ауруханаға алып кетті"- деді. Жедел жәрдемге Татьяна Федоровна хабарлапты. Шамасы, жарақатынан қауіптенген болу керек. Дәрігерлерге: "Аулада алма теріп жүріп, ағаштың басынан құлады"- депті (Ерғали солай айтыңыз деп өтініпті).


Сәлден соң Ортай келді. Ерекеңнің жатқан ауруханасының адресін содан білдім. Түстен кейін ауруханаға бардық. Төсекте жатыр екен. Жағдайының дұрысталғанын айта келіп: "Ауылға хабарламай-ақ қойыңдар, тіпті, осындағы жерлес балаларға да айтпаңдар"- деді. Біз келістік. Бір аптадан соң аман-сау жазылып шықты.  


Ол кездері Алматыда қазақ ұлты аз болатын, тұрғындардың басым көпшілігі орыстар. Осы себептен болар, орыс балалар қазақтарға үстемдіктерін жиі көрсетіп жататын еді. Бұдан кейін абайлап жүретін болдық.


Ал Татьяна Федоровнаның жақсылығын кейін де талай көрген едік. Жатақханада жатқанда ақшамыз таусылып қалса: "Стипендияға дейін көмектесіп жіберіңіз, Федоровна…"- деп жетіп баратынбыз. Сөзге келмей, сұраған ақшамызды беріп жіберетін еді. Біз де уәдемізде тұрып, стипендия алған күннің ертеңіне апарып беретінбіз. Аулаға адам кіргізбейтін Буян атты неміс овчаркасы да Ерғали екеумізді көпке дейін ұмытқан жоқ, даусымызды естіген бойда үргенін қоя қоятын.


1969 жылы бірінші курсты бітірдік.


 


* * *


 


Адам өмірінің айрықша есте қалатын кезеңдері болады. Оған мектептегі, әскердегі, студенттік кездерді жатқызуға болар. Мен армияға барғаным жоқ, қалған екеуін басымнан өткіздім.


Мектепте жүргенде әке-шешеңнің қасында, үйіңде боласың ғой. Студенттік өмірдің қиындығы мен қызығы сонда - алғаш рет өзіңмен-өзің болып, тіршіліктің барлық тауқыметін өз мойныңмен көтеруіңе тура келеді. Қарнымыз ашқан кездер болды. Жастық шақтың кереметі де сол емес пе, қарын тойған күні бәрін ұмытатынбыз. Сабақтан қиналған кезіміз де болды, бірақ емтиханды тапсырып шыққаннан кейін, сол қиындықтардың бәрі болмағандай көрінетін. 


Екінші курста институттың бас корпусының түбіндегі №2 жатақханадан орын берді. Бір бөлмеде алты бала жаттық - Қалдан, Шоқан, Өмірзақ, Қазкен, Ораз және мен. Емтиханға бәріміз бірігіп дайындалатын едік. Арамыздағы білімдіміз Шоқан болатын. Сабақты беске оқиды. Ертең емтихан деген күні Өмірзақ екеуі барлық сұрақтарды алдымызға жайып тастайды. Шоқан бір сұрақты оқиды да: "Кәні, кім жауап береді?"- дейді. Көбінесе жауап беретін Шоқанның өзі еді. Анда-санда біз де қосылып қоямыз. Бірақ Қалдан екеуміздің айтуымыздан гөрі тыңдауымыз көп болатын. Ертеңіне емтиханға барамыз. Шоқан міндетті түрде бес алып шығады, қалғандарымыз бұйырған бағаларымызға риза болатын едік.


Біз оқуға түскен жылы институттың ректоры академик Мүсілім Ермеков болатын, кейін оның орнына Зейнолла Қожабеков келді. Бұл баяғы маған Саратов қаласына барасың дейтін Қожабеков. Осы кісі институтты біз бітіріп шыққанша басқарды, кейін де көп жыл ректор болды.


Деканымыз Ораз Мустафин өте қатал болатын. Қаталдығы сондай, студенттерді оқудан шығарып жіберуге дейін баратын еді. Одан қаймығушы едік.


Институт қабырғасындағы бес жылдың ішінде талай ұстаз сабақ берді. Кезінде тәлім алғанымызбен, бәрі бірдей есте сақтала бермепті. Менің ойымша, ұстаз екі жағдайда ғана шәкіртінің есінде қалатын сияқты: бірі - білімі арқылы, екіншісі - қылығы арқылы.


Бірінші курста анатомия пәнінен Блэхман деген еврей сабақ берді. Қолынан шыбығы (указка) түспейтін еді. Менің есімде Блэхманнан гөрі, оның шыбығы сақталып қалыпты. Сабақ айтып тұрғанда мүдіріп қалсаң болды, шыбығы столға шарт ете қалатын. Біз селк ете түсетінбіз.


…Блехман лабораторияда сабақ өткізіп жатыр. Сабақты айтып тұрған Шора деген студент. Қолында тоқпан жілік. Осы жіліктің бас-аяғын, қуыс-қолтығын қалдырмай түгелдей атап шығу керек. Бір жеріне келгенде мүдіріп қалды.


-  Дальше!- деді Блэхман.


Мұны өзінше түсінген Шора (әлде әдейі істеді ме?):


- Дальше? Пожалуйста...- деп сүйекті қасындағы балаға ұстата салды.


Сол сәтте Блэхманның шыбығы столға шарт ете қалды.


-  Сам отвечай!


Еріксіз селк ете қалған Шора сүйекті қолына қайтадан алады. Біз ду күлеміз. Бізге алара қараған Блэхман Шораға қайтадан шүйлігеді...


…Анатомиядан емтихан тапсыруға келіп отырмын. Жауабымды тыңдап болған Блэхман:


- Бір сұрақ беремін, осыған дұрыс жауап берсең бес аласың. Что собой представляет зрачок?- деді.


Сұрап отырғаны көздің қарашығы еді. Құрылысын айта бастадым. Байқап отырмын, менің жауабыма қанағаттана қоймаған сияқты. Орнынан қозғалақтай, ырғатылып отырды да:


- Можешь обьяснить в двух словах?- деді.


Жауап бере алмадым. Басын шайқады да, есеп кітапшама төрт қойып берді. Қолыма ұстатып жатып:


- Запомни! Это всего-навсего дырка,- деді…


Физиология пәнінен проректор Зейнолла Қожабековтің өзі сабақ берді. Лекцияны өте қызғылықты оқитын еді. Аудиторияны әр уақытта уысында ұстап отырады. Біздің жалыға бастағанымызды байқаса, лекцияны тоқтата салып, күлдіріп алады. "Жүгіру мен бокстан  екінші разрядтарым бар. Басымдағы малақайымды алған адамды қуып жетіп, қайтарып алуға шамам келеді. (Сол кездері Алматыда малақай алып қашу жағдайлары болған- И.А.). Шахматтан да разрядым бар, соған қарағанда ақылсыз да болмасам керек"- дейді күлдіріп. "Менікі кілең екінші разряд"- деп тағы күлдіруші еді.


Лабораториялық сабақты бір орыс кемпірі жүргізді. Неге екенін білмейміз, ер балаларға өте қатал болды. Емтихан тапсырар кезде алдына гүл қоюды ұмытып кетіппіз. (Осындай дәстүр бар еді - ортамыздан ақша шығарып гүл алатынбыз). Сол үшін болу керек, жарты топтағы он екі баланы түгел "құлатып" жіберді. Мұндай жағдай институтта бұрын-соңды болмаған шығар?! Жалғыз қызымыз Зәуреш пен Шоқан ғана баға алып шықты. Шоқанға төрт, Зәурешке үш қойды. Бұл менің институт қабырғасындағы алғашқы "құлауым" еді (соңғысы да осы болды). Ертеңіне емтиханды Қожабековтың өзі алды. Төрт алдым. Бірақ кемпірдің долылығы бізге оңайға түскен жоқ, алты ай бойы стипендиядан қағылдық…


"Ірі қара малы" аталатын кафедрада Соколов деген оқытушы болды. Қазақ тілін өте жақсы білетін еді. Алғашқы кезде бұдан бейхабар студенттердің күлкіге ұшырағандары бар. Тағы да сол Шора.


Соколовтың алғашқы сабағы болатын. Шораны тұрғызды. Ол дайындалмай келген екен, бірден ескі әдісіне басты:


-  Қазақша айтайын, орыс тілінде толық жеткізе алмаймын.


-  Пожалуйста,- деді Соколов.


Шора қазақша айта бастады. Арасына анда-санда "КРС" деген сөзді қыстырып қойып ("крупный рогатый скот" деген сөздің  қысқартып айтылған түрі) ойына не келсе, соны соғып жатыр. Бұл қазақ тілін түсінбейтін мұғалімдерге қолданатын тәсілі болатын. Біз күлкіге булығып отырмыз. Бір кезде тоқтады.


-  У тебя все?


-  Да.


- Олай болса,- деді Соколов еш акцентсіз таза қазақ тілінде,- сен бұл ертегіңді маған айтпа, ауылыңа барғанда кемпір-шалдарға айтып бер! Ал, қазір, отыр! Екі қоямын!


Бүкіл тобымызбен қыран-топан күлкіге батып қалдық. Құлағына дейін қызарған Шора орнына отырып жатты…


...Ағылшын тілінен Рида Тураровна[31] деген оқытушы сабақ берген еді. Өте ажарлы, сонымен қатар мәдениетті ұстаз болатын. Оның  сабағында Қалдан екеуміз алдыңғы қатарға отыруға тырысатынбыз. Оқуымыздан гөрі мұғалімнің бас-аяғына қарап, сұлулығына қызығуымыз көп болады. Осыны байқады ма, бірде:


- Ей, красавчики, не отвлекайтесь от занятий…- деп қалғаны бар. 


Біздің ойымызда басқадай ештеңе жоқ болатын. Сұлулыққа қызыққанның, таңданғанның  не айыбы бар?!


...Әскери кафедрада "Атыс құралдары" пәнінен сабақ берген Крашенинников деген майор болды. Фамилиясының айтылуы да, жазылуы да қиын болатын. "Менің фамилиям он үш әріптен тұрады, осыны ұмытпағаңдар қателеспейді"- деп отыратын еді. Принципшіл, әділ орыстың бірі болатын.


Бірде автоматты шашып-жинаудан (разборка-сборка) зачет тапсырып жаттық. Кенеттен ішке кафедра меңгерушісі полковник кіріп келді. Майордың қасына отырып, зачет алуға қатысты. Менің кезегім болатын. Автоматты бөлшектеп тастадым. Қолындағы секундомерге қарап отырған полковник: "Он үш секунд!"- деді.


Сөйтті де:


- Сіз он үш секундте бөлшектеп болдыңыз. Норматив бойынша он төрт секундке бес қойылуы тиіс еді, сіздің бір секунд уақытыңыз жетпей қалды, сол себептен төрт қоямын,- деді.


Бетіне қарасам, айтып отырғаны әзіл емес сияқты. "Мына қазақтың миы осыған жетер ме екен?"- деп отырғаны белгілі еді. "Мен нормативтік уақыттан да тез орындадым ғой" деуім керек еді, бірақ олай айтқаным жоқ. Институттың екінші курсында оқитын студенттің осыған ақылы жетпейді деп отырған орысқа ызам келіп кетті.


- Я вас понял, товарищ полковник,- дедім.


Менің емеурініме түсінбеді-ау деймін, мәз бола күлді де, Крашенинниковке қарады.


- Төрт қойыңыз!                                                            


Кафедра меңгерушісінің бұл қылығына майордың қып-қызыл болып кеткенін байқадым. Әскери тәртіпке бағынған майор маған сол жолы "төрт" қойып, бірақ жыл соңында "беске" қорытқан еді.


...Қыс мезгілі болатын. Ғимараттағы жылу жүйесінде ақау болып, жылу берілмегендіктен, аудиторияның іші салқын еді. Сырт киіммен отырғанбыз. Біздердің тоңып отырғанымызды байқаған майор: "Бас киімдеріңді киіп алыңдар"- деді. Ішімізден ризалығымызды айтқан біз оны да киіп алдық. Осы кезде ішке кафедра меңгерушісі келіп кірді.


- Аудиторияда неге бас киіммен отыр? – деді майорға қарап.


Майор бөлменің суық екенін, студенттердің ауырып қалмауы үшін өзінің рұқсат бергенін айтты.


- Есть поговорка: ногу надо держать в тепле, а голову на холоде,- деді полковник.


Оның бұл сөзіне Крашенинников: "Но, не морозе же..."- деп жауап қайтарды да:


- Я не отменяю свое распоряжение, товарищ полковник,- деді нықтап.


Полковник майордың бұл сөзіне еш жауап қатпастан аудиториядан шығып кеткен еді. Осындай ұстазды сыйламауға бола ма?


..."Мал өнімдерін өңдеу технологиясы" пәнінен Едігенов деген оқытушы лекция оқыды. Бұл кісі студенттердің есінде өзінің қатал талап қойғыштығымен қалған еді. Зачет тапсырарда (зачетті де өзі қабылдайды) лекция жазған дәптерімізді міндетті түрде тексереді. Егер бір лекция жазылмай қалса, қуып шығады. Лекцияларды түгелдеп жазып болғасын қабылдауына кіретінбіз.


Осы пәннен емтихан тапсырарда әркез бірінші бастайтын Шоқанның өзі кідіріп қалған еді. "Сен кірсейші... Сен бастасайшы…"- деп бір-бірімізге қараймыз. Ешқайсының бірінші кіргісі келмейді. Старостаға қарап едік, «менің ең соңынан кіруім керек» деп ол да бастамады. Құлайтын болсам бірінші болғаным не, соңғысы болғаным не, бәрі бір емес пе деген оймен мен кірген едім. Билетке өз әлімше жауап беріп шықтым. Бір таң қаларлығы - Едігенов мені онша қинаған жоқ. Оның есесіне, алғашқы болып кірген бұл "ерлігім" үшке ғана бағаланған еді.


 


* * *


 


Ауылда қартайған әкем мен шешем бар. Әкемнің жасы жетпістен асты, шешемнің жасы алпыстан асқан еді. Анам аурушаң, ыңқыл-сыңқылы көп адам. Келген сайын үйдің тірлігінен шаршағанын, пештің түбінде отырып дем алатын уақыттың болғанын айтып құлаққағыс қылады.


Анама көмек болсын деген оймен Аралдағы Үржан апам жазғы каникул кезінде қыздарын жіберіп тұрады. Олар үйде бір-екі айдай болады. Бөлмелерді әктеп, тазалап, кір-қоңдарын жуып беріп қайтады. Сол кездері бесінші класта оқитын Көгалдымды қолдарыңда болсын деп жездем мен апам қалдырып та кетті. Өздерінен шыққан ұрпақ болса да көкем мен шешем Көгалдымды күзге таман оқуы жақындағанда аулына қайтарды. Баланың келешегін ойлап, туған әке-шешесінен айырғылары келмеді ме, кім білсін? Үржан апам: "Жалғыз балама арналған "айналайынымды" бөлмеймін деп апам алмады ғой"- дейтін еді. Қазалыдағы Калима апам мен Тынымбай жездем де жиі келіп тұрады. Бірақ олар қаншама қатынап тұрғанымен, аурушаң адамға күнделікті күтімнің орны бөлек болатын.


 Бұл жағдайды мен де ойламайды емеспін. Сөз арасында: "Алматыдан келін әкеліп берейін, қалай қарайсыздар?"- деймін екеуіне. Бұл сөзімді көкем жақтырмайды (Алматыдан дегенді, әрине).


Ал анамның айтатыны:


 - Алматы түгілі, оның арғы жағынан әкелсең де мейлі... Қазан-ошағына өзі еге болса, біздің жағдайымызға қараса болады.


Екінші курсты бітірген жылы көкеме:


-  Алматыда оқып жатқан келініңіз бар,- дедім.


- Маған басқа келіннің керегі жоқ, балам. Тәжібаймен уәделесіп, құда болып қойғанмын. Мені әкем дейтін болсаң айтқанымды орындайсың!- деп шорт кесті.


Басқа қызды әкеліп жатсам әкем үйден қуып шыға қоймас еді. Маған олай жасамайтынын білемін. Бірақ, айтқаны бола қоймағаннан кейін, ашуын шешемнен алары анық еді. Оның үстіне: "Мені әкем дейтін болсаң..."- деген сөзінің салмағы тым ауыр болатын.


Әкемнің болашақ құдасы Тәжібайдың руы жетірудан тарайтын табын (кейін білдім: табынның ішіндегі ағым, оның шал текесі екен). Табындардың көпшілігі Жалағаш ауданында тұрады. Жұмагүлдің әкесі де зейнетке шыққаннан кейін менің әкем сияқты ағайын-туысын іздеп Жалағашқа көшіпті. Сол кездері Жалағаш ауданындағы "Коммунизм" кеңшарын басқарып тұрған Шәменов Мөрәлі деген кісі інісі екен. (Әбділда Тәжібаевтың "Жылдар, ойлар" деген кітабындағы "Директор" атты очерк осы кісі жайлы жазылған). Соны сағалап барған болса керек. Інісі Жалағаштан үй алып беріп, ағасы мен жеңгесін балалар бақшасына қарауыл етіп орналастырады.


Жұмагүлдің менен үш ай кішілігі бар, екеуміз Сульфатта мектепте бірге оқығанбыз. Әкелеріміздің құда боламыз деп уәделескендерін естігенімізбен (оның да білетініне күмәнім жоқ), ол кездері бұл сөзге онша мән бермейтінбіз. Кейін біз Қазалыға көшіп кеттік, олар Жалағашқа көшті, одан кейін көргенім жоқ.


Бір күні анам: "Әкең осылай қалап отыр ғой, балам. Айтқанын орындағаның дұрыс шығар..."- деді. Жұмагүлдің адресін берді. Сол жолы Алматыға оқуға қайтарда Жалағашқа түстім. Ойым Жұмагүлге жолығу.


Кешкі апақ-сапақта кіріп барған мені көргенде үйдегілер аса таң қала қойған жоқ. Күтіп отырған адамындай қарсы алып, амандық-саулық сұрасып жатыр. Жұмагүл шеберханада тігінші болып жұмыс істеп жатыр екен. "Жігіт қызды таңдайды, қыз да жігітті аңдайды" дейді ғой, менің келу себебімді білген сияқты. Бірақ сыр берген жоқ. Дегенмен "кет әрі" емес екенін байқадым. Сол күні қонақ болып, ертеңіне поезға міндім. Үйден шығарда хат жазып тұратынымды айттым. Басқадай әңгімеге барғанымыз жоқ, онсыз да бәрі белгілі болатын. Алматыға келгесін хат жаздым. Одан хат келді...


…Қысқы каникулде ауылға келгенде барып білдім - анам қатты ауырып қалған екен. Бұрындары самолеттен түскенімде жүгіріп шығып қарсы алатын еді, бұл жолы көрінбеді. Үйге келсем, басын көтере алмай пештің түбінде жатыр.


"Емделдің бе, шаныштырдың ба?"- дегеніме:


- Үйреніскен ауруым ғой... Шамалы терлесем тұрып кетермін,- дейді.


Дәрігерді үйге алып келдім. Өкпесін тыңдап көрген Аманғазы дәрігер: "Салқын тиген екен. Дәрі жазып берейін, медбике үйден шанышар"- деді. Екі-үш күннен кейін басын көтеріп, тұруға жарады.


Үйдің іші тозып кетіпті. Анам үйге қарамақ түгілі көкем екеуінің тамағын әзер дайындайды екен. Баяғы маған сәлем ететін, шешеме үнемі қолғабысын тигізіп жүретін Ақерке жеңгем бұл кезде қайтыс болған еді. Анам ауырып жатқан күндері ауқат істеп ішудің өзі қиын болыпты. Көп ойланбастан үйдің қасындағы Ерғалиға бардым (ол да каникулге келіп жатқан болатын).


- Кемпір-шалдың келінін әкеліп беруіміз керек, Ереке. Менімен бірге Жалағашқа жүресің.


Ерғали сөзге келмей келісті. Көкем мен анама дайындала беруді ескертіп, сол күні поезға міндік. Жалағашқа барып қонақ үйге түстік. Киім тігетін шеберхананы сұрастырып жүріп тауып алғанбыз, Жұмагүл жұмысында екен. Оңаша алып шықтым. Үйдегі жағдайды түсіндірдім. Көп сөзбұйдаға салмай, егер келісетін болса, алып кетуге келгенімізді айттым.


-  Келісемін. Бірақ әке-шешемнің алдынан өтіңдер,- деді.


Біздің жоспарымызда мұндай "миссия" жоқ-тұғын. Енді не істейміз? "Үлкен кісілер өздері хабарласады ғой..."- деп айтып көріп едім, оған көне қоймады. "Әке-шешемнің алдынан өтпей, бармаймын!"- деп тұрып алды. Мен дағдарғандай Ерғалиға қарап едім, ол: «Онда үйіне барайық!»- деді. Осылайша Ерекең "құда" болып, мен күйеу болып, Жұмагүлдің үйіне қарай бет алдық.


Жұмагүлдің ата-анасы үйінде екен. Сәлем бердік. Төрге шығып жайғасып отырдық. Алғашқыда батырсынған Ерекең үйге кіргеннен кейін бұрынғыдай емес, өзгерген сияқты. Сөзді неден бастарын және қалай бастарын білмей мен жаққа жалтақтап қарай береді. Өзім күйеу болып отырсам оған қалай көмектеспекпін?


Осыны байқаса керек, бізді бұл тұйықтан Жұмагүлдің өзі алып шықты.


Шәй құйып отырып:


- Көке, Ислам алып кетемін деп келіп отыр ғой... Не айтасыз?- деді әкесіне қарап.


Атам да мәселенің шет жағасын кемпірінен естіп отырған болуы керек, көп ойланған жоқ.


- Не айтайық... Екеуіңе батамызды береміз-дағы,- деді.


Сол арада хабар тиген ағайын-туыстары, апа-жеңгелері жиналып қалды. Дастархан үстінде атам мен енем қолдарын жайып, баталарын берді. Туыстарымен қоштасып шыққан Жұмагүл бізбен бірге поезға мінген еді.


Ауылға келіп шама-шарқымызша той жасадық. Ұзамай-ақ құдалар бір-бірімен қатынасып кетті. Екі аптадан соң мен оқуыма аттандым.


Бұл 1971 жылдың қаңтар айы болатын.   


                                      


* * *


 


Осы жылдың жазында үшінші курстың жазғы сессиясы бітті. Сессиядан кейін ауруханаға жатып өкпеме операция жасатуыма тура келді - созылмалы бронхоэктазадан құтылудың басқа амалы болмады. Операция жасалатынын үйге айтқаным жоқ. Жастары жеткен кемпір-шал, әсіресе апам уайымдамасын дедім.


Үйде Жолбарыс атты күшік болатын. Бақыт досым көзін әлі ашпаған кезінде қойнына салып әкеліп Жұмагүлге: "Ислам жоқта саған қарауыл болады"- деп беріп кеткен еді (әзілі, әрине). Бұл күндері соқталдай ит болған. Сол Жолбарыс бір күні түн ішінде аспанға қарап ұлыпты. Иттің ұлығанын жаман ырымға жоритын қазақпыз ғой, әкем: "Мына итке не болды жаман ырым шақырып!"- деп ұрып, қуып жіберіпті. Ол күндері менің ауруханада жатқанымды үйдің іші білмейтін еді.


Тексеру кезінде бір рет есімнен танып қалып бір түн күзетте жатқаным бар. Кейін естіп отырып таң қалдым, иттің ұлыған күні мен менің ауырған күнім сәйкес келеді екен. Әкемнің ашуы басылды-ау деген кезде, екі күннен кейін, әлгі күшік үйге қайтып келіпті. Одан кейін бұл қылығын қайталамапты. Осыған орай айта кетер бір жәйт – ит жеті қазынаның бірі деген сөз бар – иттің келе жатқан қауіп-қатерді алдын-ала сезетіні рас көрінеді. Бірақ оның ұлуын сол қауіпті шақыру емес, ескерту деп түсіну керек сияқты.


Менде сонау мектептегі кезімнен созылмалы бронхит бар болатын. Институтқа түскеннен кейін дәрігерлер жыл сайын көктемгі семинар бітісімен емделуге жолдама беріп отырды. Бірінші курста медпункттен жеңіл ем алып, жазғы практикадан қалған жоқпын. Екінші курсты бітірген жылы ауруханаға жатуыма тура келді, бірақ одан да елеулі көмек болмады. Келер жылы дәрігерлер Республикалық экспериментальді-хирургия институтына (қазіргі Сызғанов атындағы) жолдама берді.


Кезекте адам көп екен. Бір аптадан кейін ауруханаға жаттым. Алдымен он күндей тексеру жасады. Сол кездегі медицинаның ең үздік құралдарымен жабдықталған мекеме, қара бақайшағыңнан бастап шашыңның ұшына дейін тексеретін аппараттары бар. Башпайымның алтау екенін байқаған дәрігерлер артық башпайды еш қиындықсыз алып тастауға болатынын айтты. Мен ешқандай қолайсыздық тудырмайтынын айтып, алдырудан бас тарттым.


Осындай күндердің бірінде (бұл тексерудің аяқталуға жақын қалған кезі еді), процедура бөлмесіне кіргенмін. Сестра қолымнан дәрігер берген жолдаманы алғаннан кейін кушеткаға жатуымды өтінді. Танауымнан жіңішке резеңке түтіктер енгізе бастады. Шыдап жатырмын. Түтіктің ұшы өкпеге барды-ау деген кезде біраз уақыт қозғалмай жатуым қажет екенін ескертті. Осыдан кейінгісін білмеймін…


Есімді жинасам айналам толған ақ халаттылар. Абыр-сабыр болып жатыр. Көтеріп алып коляскаға салды. Палатаға жеткізді. Жамбасыма, күре тамырыма уколдар салды. Оттегі толтырылған жастық әкеліп, қосымша дем берді. Бір медбике жанымда отырып, таң атқанға дейін күзетіп шықты. Ертеңіне ғана қалыпты жағдайға келгендей болдым.


Сол жолы өкпеме бор ерітіндісін жіберіп, бронхоскопия жасаған екен. Менің оң жағымдағы сау өкпемді тексергілері келген ғой. Ерітінді оң жақтағы өкпені толық жапқан кезде, сол жақтағы өкпе организмді оттегімен қамтамасыз етіп тұруы керек екен, ал оның шамасы келмей қалған болса керек. Бұл жерде кінә дәрігерлерден болды ма, болмаса медбикеден бе, ол жағын анық білмеймін. Сөйтіп, операция жасамай тұрып-ақ, бір қауіпті жайды басымнан өткізіп үлгірдім. 


Дәрігерлер консилиумнан кейін сол жақтағы өкпені толық алып тастамаса болмайды деп шешіпті. Алғашқыда мен бұған келісім бергенім жоқ. Неліктен бір бөлегін қалдыруға болмайды деймін ғой. Бас дәрігер мен емдеуші дәрігерім өкпемнің рентген суретін көрсетіп тұрып: "Міне, өзің көр. Осыны түсінетіндей білімің бар шығар[32]? Егер түгел алынбайтын болса, операция жасаудың да қажеті жоқ. Келіспесең, еріксіз жасай алмаймыз"- деді.


Көп ойландым. Сол кезде менің жасым жиырма екіде болатын. Алдырып тастағанда, жалғыз өкпемен қалай өмір сүруге болады? Алдырмаған жағдайда не болады? Бұл сұраққа жауап табу оңай емес еді.


 Өзімнің емдеуші дәрігеріме барып: "Что посоветуете, доктор?.."- дедім. Армян жігіті еді, операциядан қорықпауымды (мені қорқып тұр деп ойласа керек), бұл онша күрделі операция емес екенін айтып түсіндірді. "Бір өкпемен тіршілік етіп жатқан адамдар жетерлік. Кейін проблема туындамас үшін бір жағын толық алып тастаған дұрыс. Сен жассың, организмің қалыптасып кете алады. Это не только мое личное мнение, это заключение солидной врачевной комиссий"- деді соңында.


"Жүрегім әлсіз емес пе?"- деген сұрағыма (бұл менің ең соңғы күдігім болса керек): "Дай бог каждому твое сердце!"- деді емдеуші дәрігерім.


Осыдан кейін келісім бердім.


Кешке жақын палатама анестезиолог дәрігер келіп кірді. "Арақ ішетін бе едің?.. Темекі шегетін бе едің?.." деген сияқты сұрақтарын берді де (наркоздың дозасын анықтау үшін болса керек), соңында медбике укол салып кетті. Уколдан кейін рахат әлеміне енгендей және аспанда қалықтап ұшып жүргендей болады екенсің.


Түнімен жақсы ұйықтап шықтым.                         


Ертеңгі сағат тоғызда операция бөлмесіне алып кетті. Стол үстіне, көз шағылыстырардай жарықтың астына әкеліп жатқызды. Бір дәрігер укол салып, екіншісі: "Сана"- деді. Санай бастаған едім, нешеге дейін санағанымды білмеймін…


…Ұйқыдан оянсам, құлағыма алыстан бір дауыстар келеді. Тыңдап жатырмын.


- Почему так долго не приходит в сознание?- деген қыздың даусы естілді.


- Это нормально... После удаления идет разрушение эритроцитов,- деді бір еркек адам.


Ең алғашқы басыма келгені: "Тірі екенмін ғой…"- деген ой болды. Құлағыма күмбірлеп келген әлгі дауыстарды естіп жатып: "Бұлар кім жайлы айтып жатыр?"- деп ойлап қоямын. Көзімді аштым. Қасымда үстеріне көкшіл халат киген қыз бен жігіт отыр - мен операциядан кейінгі реанимация бөлімінде жатыр екенмін. Көзімді ашқанымды байқаған медбике:


-  Больной пришел в себя,- деді қасындағы дәрігерге. Олар менің оянуымды күтіп отыр екен.


Келесі күні палатаға шығарды.


Әдетте операциядан кейін науқастар қатты шөлдейді. Дәрігерлер суды көп ішуге рұқсат бермейді. Бір ғажабы, мен онша шөлдегенім жоқ. Шамасы, Аралдың тұзына пісіп қалсам керек. Кезекші медбике қағазға оралған бес-алты лимонды қолыма ұстатып тұрып: "Операция жасалған күні сені бір қыз іздеп келген еді, мына лимонға қоса бір жәшік "Боржоми" минералды суын қалдырып кетті"- деді. Қолыма оқушы дәптерінің бір бетіне жазылған хат ұстатты. Қағазда: "Ауруханада жатқаныңды Айнабайдан естідім, сауығып шығуыңа тілектеспін. Ауылға қайтып барамын, сау бол!"- деген екі-үш ауыз ғана сөз бар екен. Неге екенін білмедім, атын жазбапты. Кім жазғанын қолтаңбасынан таныдым. "Рахмет!"- дедім ішімнен. Бізді қосылуға жазбаған тағдыр бұдан кейін жолығуды да жазбады…


Операция сәтті өтті. Дәрігерлердің қолдары жеңіл болды ма, орнымнан тез тұрып кеттім. Бірақ, бір  аптадан кейін тағы бір жағдай болды.


Сол күні тігістің жібін алған болатын. Түскі тамақтан кейін залда телевизор көріп отырғанмын. Кенеттен денем ауыр тартып, мазам кете бастады. Орныма барып жаттым. Жатқан соң да тыныштала алмадым. Керуеттің тұсында түйме бар, соны басып медбикені шақырдым. Ол келіп градусник салып кетті. Бес-алты минуттен кейін жай басып қасыма келген әлгі қыз градусникті көрді де... көзі бақырайған күйі тұра жүгірді. Бір уақытта үш-төрт дәрігер айналамды қоршап алды. Бірі қайтадан градусник салды, екіншісі шприц дайындады, үшіншісі тігістің орнын қарап дегендей... әбігерге түсіп жатыр. Укол салды. Бір кезде бұршақтап терлей бастадым. Сенген адам сенер, сенбейтін адам сенбес, бір сағаттың ішінде төсектегі ақжайма мен іш киімімді екі рет ауыстырды. Бәрі малмандай су. Сәлден кейін ыстықтың беті қайтты, денем жеңілденіп қалды. Кейін білдім - менің ыстығым жаңағы медбике тексерген кезде 40,3 градус болған екен.  


Операциядан кейін он бір күн өткенде ауруханадан шықтым. Дәрігерім қолыма емделу қағазының көшірмесін ұстатып тұрып, мүмкіндігінше температуралық режимді қатаң ұстауымды (тоңудан, ыссылы-суықтан сақтануымды) қатты тапсырды[33].


Ауруханада жатқан кезімде Алматыда оқитын немере інім Айнабай келіп тұрған еді. Қала іргесіндегі Александровка селосындағы оқу-тәжірибе шаруашылығында практикада жүрген кезі болатын. Содан естіген болу керек, Пазыл бастаған ауылдың бір топ жігіттері -  Кемал, Мұстафа, Орақ, Бигелділер есік аузынан күтіп алды.


Ертеңіне институтқа бардым. Операция жасатқаным жөніндегі аурухананың берген анықтамасын тапсырдым. Институт бір жылға академиялық демалыс берді. Осыған қоса кәсіподақ ұйымы Қырымға барып демалып қайтуға тегін жолдама тапсырды.


Ауылға келдім. Отбасыма қауышқаннан кейін өкпеме операция жасалғанын айттым. Анам жылап алды.


Арал мен Қазалы өңіріне танымал Пәһуадин деген кісі болды. Баяғының дәруіштеріндей өте жұпыны киініп, иығына қолдорбасын салып жүретін осы кісіге кейбіреулер күлетін, кейбірі қадірлеп сыйлайтын еді. Тәуіптік, емшілік қасиеттері бар болатын. Басы ауырып, балтыры сыздағандар іздеп барып ем алып жататын. Шешем мені сол адамға алып барамын деді. Емші-балгер дегендерге ол кездері онша сене бермейтінмін, анамның көңілі үшін (әрі не айтар екен деген қызығушылықпен) баруға келістім.


Пәһуадиннің туып-өскен жері біздің ауылдағы Майдакөл мен  Шаңдыкөлдің маңы екен. "Едіге ағаң екеуі бөле. Жас кезінен оқымаған оқуы қалмаған, сол кездің өзінде "әулие бала" атанған болатын. Неше балам болады деген әзіліме - қанша бала тусаң да қолыңа ұстап қалатының үшеу дейтін еді. Сол айтқаны келді, он бір құрсақтан қолымда қалғаны үшеуің"- деп анам жолда әңгімесін айтып келеді.


Жаңақазалы қыстағындағы емшінің үйіне келдік. Үйі кәдімгі үйлерден ерекше салынған. Бірыңғай темір-терсек пен қаңылтырдан құрастырылған құрылысты көргенде таң қаласың. Бұл кірпіш пен ағаш материалдары табылмағандықтан емес, әдейі осылай тұрғызылған үй болатын. Қысқасы, Пәһуадин емшіні Қазалының Диогені[34] десе де болғандай еді.


Есік қаққанда іштен шыққан шоқша сақалды, орта бойлы, арықтау келген қара торы кісіге амандасып болып:


- Әулие! Мынау баяғы өзің айтатын үш баламның бірі - жалғыз ер балам,- дей келіп, менің операция жасатқанымды, өзінің әлде де қорқатынын, сол себепті алып келіп отырғанын жеткізді.


Пәһуадин емші тұрған жерінде тамырымды ұстады.


-  Тамырының соғуы жақсы... Қорықпа, бәрі де жақсы болады,- деді анама қарап.


Шешем әдейілеп апарған түйіншегін Пәкеңнің қолына ұстатты. Рахметін айтып, күпті көңілі орнына түсіп, ауылға қайтқан еді.


 


* * *


 


Жаздай үйде болдым. Күзге салым институт берген жолдама бойынша Қырымдағы Алушта қаласына барып демалып қайттым.


Қырым облысының орталығы Симферополь қаласы. Қырым түбегінің тарихи жерлері көп. Осы түбек үшін екі халық - орыстар мен түріктер - қаншама жыл қан төгіскен. Соңында орыс империясы басым түсіп, Қырым XIX ғасырда Ресейге толық қарады. 


Бірнеше ғасырға созылған осы соғыстар жайлы ескерткіштер мен  музейлер Қырымда жеткілікті. Бұл жөнінде орыс халқына тәнті болуға болады. Севастополь үшін болған ұрыс жайлы "Севастополь қорғанысы" аталатын музей-панорама бар. Панораманың керемет жасалғандығы сондай, өзіңді музейдің ішінде емес, сол болып жатқан ұрыстың ортасында  тұрғандай  сезінесің. Ұлы қолбасшылары Нахимов пен Ушаковке орнатылған ескерткіштері өз алдына. Бұлардан басқа Симферопольде Ұлы Отан соғысына арналған "Сапун гора" атты диорама бар. Мұнда неміс-фашист басқыншыларымен болған шайқас суреттелген. Осыларды көріп орыс халқының рухының биік екенін амалсыз мойындайсың. Бір өкініштісі, осындай биік рухтың аяғы кейде шовинизмге ұласып жатады.


Атақты Бақшасарайда болдым. Бұл Қырым хандығының ордасы болған жер. Қазір музей. Ханның тағы орналасқан үлкен залға кірдік. Байқағаным - қабырғаға ескі кілемдер ілініпті. Зал маған өте жұпыны болып көрінді. Тақ та қарапайым, ханның тағына мүлде ұқсамайды.


Жол көрсетіп жүрген гидтен:


- Қырымның ханы осы таққа отырып, мына кілемді тұсына ілген бе?- деп сұрадым.


- Ия.


Мен бұған сенгенім жоқ. Олай дейтінім - ескі де болса керемет үлкен кілемнің қабырғаға тұту үшін тоқылмағаны еді. Кілемнің жартысынан астамы қабырғадан ауысып, еденге төселіп жатыр. Тіптен ыңғайсыз көрініс. Хан ордасының салтанатын көрсетуге музей қызметкерлерінің онша тырыспағандығы осыдан-ақ белгілі болып тұрды[35].


Оның есесіне, орыс патшайымы II-Екатеринаның бір қонып кеткен бөлмесін ерекше қастерлеп қойыпты. Алтын жалатылған керует, жалт-жұлт еткен бұйымдар қойылған. Бақшасарай Қырым ханының ордасы емес, бейнебір орыс патшайымының қонақүйі үшін салынғандай әсер қалдырады. Бұдан орыс шовинизмінің иісі аңқып тұр еді.


Бұл жерде орыс халқының ұлы ақыны Александр Пушкин де болған екен. Өзінің "Бақшасарай фонтаны" атты поэмасын осында  жазыпты. Поэманы жазуға себеп болған атақты фонтанды да көрдік. Биіктігі екі метрге жуық діңгектің бойында кезекпен орналасқан шаралар (кеселер) бар. Осы шаралардан аққан су бір кеседен екіншісіне көздің жасындай тамшылап тұрады. Сондықтан бұл "Көз жасы фонтаны (фонтан слез)" деп те аталады екен. Ақын осы фонтанның алдында сағаттап отырған көрінеді. Соның әсерінен керемет дастанын дүниеге әкелген.


Қырым түбегінің табиғаты тамаша. Қырым десе, Қырым екен! Теңіз жағасында бір айға жуық демалып қайттым. Қара теңіздің саф ауасы операциядан кейінгі әлсіреген ағзаның әл жинауына әжептәуір септігін тигізді.


Жұмагүл бұл кезде жұмыста. Ауылдағы ағайындар бос отырмасын деп жұмыс тауып берген - кеңшардың құрылыс бөлімшесінде кілтші болып жұмыс істейді. Әкем мен шешемнің келін жұмсап қолдары ұзарған. "Алла, бергеніңе шүкір! Енді немере сүйсек арманымыз жоқ"- деп отыр бұл күндері. Жұмагүл әкем мен шешемнің ойынан шықты. Аяғынан тік тұрып ата-енесінің жағдайын жасайды. Ағайын-туысқа да тәрбиелі келін атанды. Жұмысында да абыройсыз болған жоқ - аудандық кеңеске депутат болып сайланды.


Күзде оқуды қайтадан жалғастырып төртінші курсқа бардым. Институтқа бірге түскен жігіттер бұл кезде бесінші курсты оқып жатқан еді, менің өзімнен бір жыл кейін түскен студенттермен оқуыма тура келді.


Алғашқы күні таныс емес студенттермен араласып кете алмай оңашалау жерге орналасқанмын. Сәлден соң: "Қасыңдағы орын бос па?"- деген таныс дауыс естілді. Жалт қарасам ту сыртымда күлімсіреп Жәнібеков Қалдан тұр. "Қайдан жүрсің?"- деймін таңырқап. Сөйтсем семья жағдайына байланысты ол да бір жыл академиялық демалыс алған екен. Үйленіпті. Әйелі Сараны танитынмын, ЖенПИ-де оқыған еді. Қалданның "шашбауын көтеріп" Гоголь көшесінің бойындағы атақты жатақханаға талай рет барған болатынбыз. Сараның бөлмесінде алты қыз тұрды, біз бір бөлмеде алты жігітпіз - он екі болып қыдырған кезіміз де болған. Бірақ солардың ішінен үйленгені Қалдан мен Сара ғана. Қазір екеуі қалада пәтер жалдап тұрып жатыр екен. Қалдан екеуміз дос болатынбыз, қайтадан бірге оқуымыз тағдырдың тартқан ерекше сыйындай болды.


Төртінші курста студенттерді мамандығына қарай қайта топтайды. Мен қаракөл шаруашылығы мамандығын қалаған едім, бұл №7 топ. Осы топта негізінен Жамбыл, Шымкент және Қызылорда облысының балалары оқыды. Түркістаннан Жәнібекоы Қалдан, Аралдан Керимов Сахитжан, Қармақшыдан Еламанов Бекмырза, өзіміздің ауылдан Әймішов Мұратбай мен Жазықбаев Жұбатқан бірге оқыдық.


Ол кездері қаракөл шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі Социалистік Еңбек Ері Михаил Давидович Тавитов болатын. Ұлты осетин, асықпай жәй сөйлейтін маңғаз адам еді. Диплом жұмысын жазарда менің жетекшім осы кісі болды.


Тәжірибе сабағынан Файз Камалович Шарафутдинов деген башқұрт жігіті тәлім берді. Өте білімді еді. Мұндай адамды "эрудит" дейді. Сонымен қатар анекдоттың неше атасын білетін. Айтып отырғанда өзі күлмейді. Есесіне тыңдап отырған біз күлкіден құлап қала жаздаушы едік. Стипендия алған күні: "Факе, бізбен бірге жүріңіз, сыра ішіп қайтайық"- десек, әлдекімдерге ұқсап бәлденіп бас тарта қоймайтын еді. Бірге отырып сыра ішіп, оның анекдоттарын тыңдап, бір жасап қалатынбыз.


Төртінші курс жоғарғы курс болып есептеледі. Бастапқы курстарда оқу-тоқу деп кітаптан бас алмайтын болсақ, енді олай емес. Бойыңды жазып жүруіңе, қыдыруыңа мүмкіндігің бар. Ұстаздар да бұрынғыдай көп қыса бермейді.


 Мерекелер мен туған күндерде ауыл балалары бас қосатынбыз. Сол кездері Алматыда Карл Маркс атындағы кеңшардың орта мектебін бітірген қырыққа жуық студент оқыдық. Бәріміздің басымыз қосылғанда анау-мынау үйге сыймай қалатынбыз. Қаладағы Неке сарайының түбінде бөлмесін той өткізуге жалдайтын бір татардың үйі болды. Бас қосуларымызды көбінесе сонда өткізетінбіз.


Ондай күндері отырысты "Карл Маркс" жастарының вальсін"[36] шырқаудан бастаймыз.


…Нұрландырған өмірді,


Еңбекпенен жас-кәрі.


Қуанышты, көңілді


"Карл Маркс" жастары…


Арғы жағы "Қазалы вальсі", "Қызылорда вальсі" және "Сыр сұлуымен" жалғасады.


Кездесуіміз Кітабияның орындауында Мәдидің атақты  "Қарқаралысымен" аяқталатын. "Атыңнан айналайын Қарқаралы..." деп бастап шырқау шегіне жеткізе: "Жастық шақ ақ семсердің жүзі емес пе, қайрап ап қалың жауға сермегендей... " деп аяқтайды. Оған осы әнді айтқызбай тарқамаушы едік.


Алматы қаласында бір мектепті бітірген қырықтай студент оқимыз дегенге көпшілігі сенбейтін, сенгендері таң қалатын. Осыншама студенттің астанада оқуы мектебіміздің де, ұстаздарымыздың да абыройы еді.


Ұжым болғасын басшысыз, жиын болғасын асабасыз болмайтыны белгілі. Сол кездегі жерлес студенттер арасындағы басшыларымыз Бегайдаров Шыңғыс, Әметов Жеңіс және Базарбаев Мараттар болатын. Олар бітіріп кеткеннен кейін кезек біздерге тиді. Бізден кейінгі кезекті келесі толқын өз қолдарына алып, әрі қарай жалғасын тауып кете барды…


 


* * *


 


1974 жылдың сәуір айында "Қаракөл елтірісінің сапасын арттыру жолдары" атты тақырыпта диплом жұмысын қорғадым. Негізгі жетекшім жоғарыда айтқан М.Тавитов болды. Бірақ барлық жұмысты бастан-аяқ тексеріп шыққан, қырлап-жонып әрлеген, қазақша айтқанда "сақал-мұртын басып берген" Файз Камалович болатын. Диплом жұмысын қорғау институттың бас ғимарат залында өтті.


 Төрде мемлекеттік комиссия мүшелері отыр. Солардың ортасында кеудесінде Алтын Жұлдызы жарқыраған жетекшім де бар.  Залда қатысушы халық. Кірем деушілерге есік ашық еді. Мен қасымда жүрген Мұратбайға: "Ауылдың балалары келіп жатса, ішке кіргізбей-ақ қоярсың"- деген едім. Кім біледі, жауаптан мүдіріп жатсам, олар көрмей-ақ қойсын дегенім ғой.


Қалдан "ассистентім" барлық таблицаларды іліп қойды. Мен бастай жөнелдім. Қалдан таблицаларды ауыстырып тұр. Бас-аяғы он бес минутте бәрін баяндап шықтым. Енді сұрақтар беріле бастады. Жауап беріп жатырмын. Сұрақ көп берілген болса керек, залдан: "Жетеді… Сұрақ тоқтатылсын… Болады…"- деген дауыстар естіле бастады. Маңдайымның терін сүртіп тұрып, көзімнің қиығын салып қарасам - ауылдың балалары иін тіресіп тұр. Шамасы, олар Мұратбайдың айтқанын тыңдай қоймаған болса керек және сұрақ тоқтатылсын деп тұрған да солар екен.


Комиссия төрағасы да:


- Болатын шығар... Сұрақты тоқтатуға қалай қарайсыздар?- деп қасындағы комиссия мүшелеріне қарады. Олар өзара күбірлесіп, бір тоқтамға келгендей болды. Осы кезде факультет деканы Мустафин:


-  Ұстаздарыңа айтатын тілегің бар ма?- деді.


Институттың бірінші курсынан бастап соңғы курсына дейін бес жыл бойы сабақ берген ұстаздарыма рахметімді айта келіп: "…Большое спасибо за ваш огромный труд!"- деп сөзімді аяқтадым.


Диплом жұмысын "беске" қорғап шықтым.


Жолдаманы Орал облысына берді. Қалданды Гурьев облысына бөлген еді, ақылдаса келе екеуміз орын ауыстыратын болдық. Ол Гурьевтен гөрі Оралды дұрыс көрді. Бармайтын болғасын маған ешқандай айырмашылығы жоқ болатын. Сол себептен комиссияға қайта кіріп, өтініш жасадық. Қалдан Оралға, мен Гурьевке[37] алдым.


Ауылға келіп бір айдай демалғаннан кейін, жұмыстың ыңғайын байқайын деген оймен, аудандық ауылшаруашылығы басқармасына бардым. Маған керегі мал шаруашылығы бөлімі еді, сол себептен осы бөлімге кіргенмін. Бөлімді басқаратын Мұстафаев деген кісі екен,  бос  орынның жоқ екенін айтты. Осылай бір ай уақыт өтті. Жұмыс жоқ. Бір күні көкем: "Аралдағы Махамбетәли деген туысымыздың Түгелбай атты баласы Қазалыда үлкен қызмет атқаратын көрінеді. Ағаңды тауып ал. Ахметтің баласымын десең жұмыс тауып берер"- дегенді айтты. Қандай мекемеде істейтінін білмейді.


Сұрастырып көрсем, Махамбетәлиев дегенді Қазалыда еш адам танымайды. Бұлай жүре бермейін деген оймен Аралдағы Едіге ағама бардым. Едіге әкемнің немере інісі. Студент кезімде Сольтрестегі Үржан апамның үйіне барғанымда бұл үйге де соға кететінмін. Жолпұл қыларсың деп жиырма-отыз сомдай қалтама салатын еді. Ағамыз аудандық білім беру басқармасында бас бухгалтер болып істейді. Отан соғысының мүгедегі, үкімет берген машинасы бар (өзі жүргізеді). Ағам мен Бағи жеңгем қуанып қарсы алды. Институтты тәмәмдағанымды, енді жұмысқа орналасу керек екенін айттым.


- Егер жұмыс табылмаса, Гурьевке кетемін. Ондай жағдайда ағаңыз бен жеңгеңізді өзіңіздің бағуыңызға тура келеді, аға,- деп әзілдеп қойдым.


"Қайтсек те жұмыс тауып берерміз..."- деген Едіге ағам қалааралық телефон байланысына шықты. Жаңақазалыны қосуды сұрады.


-  Түгелбай ағаңды танитын ба едің?


Мен танымайтынымды, бірақ әкемнің де сол кісіге бар дегенін айттым.


- Қазалыдағы ауылшаруашылығы басқармасының бастығы ғой, фамилиясы Пірімбетов. Мен қазір телефон арқылы байланысайын, ертең өзің барып сәлем берерсің.


Сәлден кейін телефонмен қысқа ғана сөйлесіп болып:


-  Үйінде жоқ екен. Хат жазып берейін, апарып бер,- деді.


Ертеңіне баяғы өзім барып жүргін басқармаға қайта бардым. Пірімбетов Түгелбай ағамыз осы басқарманың бастығы, ал Мұстафаев оның орынбасары екен. Қабылдау бөлмесінде кезекке тұрдым. Кезегім келгенде ішке кірдім. Қол беріп  амандастым. "Едіге ағам сізге тапсыр деген еді"- деп хатты қолына ұстаттым. Оқып шықты. Бетіме сынағандай ұзағырақ бір қарап алып: "Ахаңның баласы екенсің ғой..."- деді. Сосын оқуды қашан бітіргенімді, қайда жолдама алғанымды, не себептен жолдама бойынша бармағанымды сұрады.


- Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын биыл бітірдім. Жолдаманы Гурьевке берген болатын, әке-шешем ол жаққа көшпейді. Мен оларды тастап кете алмай жүрмін, жалғыз баласымын...- дедім.


- Үйленіп пе едің?


- Ия.


-  Қазір бос орын жоқ, хабарласып тұрарсың...- деді.


Апта сайын барып тұрамын. Тағы бір ай өтті, жұмыс табылар емес. Енді не де болса бір жағына шығу керек еді.


Сондықтан келесі барғанымда:


- Оқуды бітіргеніме үш айдан асты, Төке. Жұмыстың ыңғайы болмаса, институттың жолдамасы бойынша бара берейін. Ол жақтағы жұмыстан да айрылып қалармын,- дедім.


Төкең бұл жолы маған жауап қатқан жоқ. Бірден алдындағы қара телефонға қол салды. Әуелі: "Құмжиек кеңшары ма? " деп сұрап алды да: "Директорды қос"- деді. "Құмжиектің" аты аталғанға өзімше қуанып отырғанмын (ауданға жақын орналасқан кеңшар еді), бірақ ол үмітім ақталмады, қысқа ғана сөйлесті де тұтқаны орнына қоя салды.


Енді рацияға шықты. Бұл жолы ұзағырақ сөйлесті. Ең соңында: "Әлгі босаған орынға адам алмаңдар, осы жақтан маман жіберемін"- деп сөзін аяқтады.


Маған қарап:


- "Қызылқұм" кеңшарына барасың, арызыңды жаз- деді.


Осыдан кейін өзіме таныс Мұстафаевты шақырды. Мен орнымнан тұрып амандастым.


- Орналы, мына маманды "Қызылқұмға" жіберу керек. Директорымен келісілді, бұйрық дайында,- деді Мұстафаевқа.


"Бұл баланы білемін ғой…"- деген Орекең мені өз кабинетіне алып кірді.


Арада бір сағаттай уақыт өткенде қолыма Қазалы аудандық ауылшаруашылығы басқармасының мені "Қызылқұм" қаракөл қой шаруашылығына зоотехник-селекционер етіп тағайындауы жайлы бұйрығы тиді.


 


                                                         * * *                                  


 


"Қызылқұм" кеңшарының орталығы ол кезде Қазалыдан екі жүз елу шақырым жердегі терең қызылқұмның ішінде болатын. Жері шалғай әрі жолы нашар болғандықтан болар, автобус қатынамайтын еді. Қазалыдағы аэропорттан күніге бір-екі реис самолет ұшады. Халықтың ауданмен қатынасы осы самолет арқылы.


Кеңшарға селекционер-зоотехник болып орналасып, Әметов Жеңістің үйінде жаттым. Жеңіс кеңшарда бас экономист еді, біздің ауылдан болатын (туысқанбыз, руы көбек). Ол жылы үйді көшіріп апара алмадым.


Келесі 1975 жылдың жазында кеңшар орталығы Қызылқұмнан Кәукейге ауысты. Мұнда келгесін біздің жанұяға екі бөлмелі пәтер тиісті. Жұмагүл өз мамандығы бойынша тігін шеберханасына тігінші болып орналасты.


Сол жылы күзде аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Пірімбетов мені Мәскеудің К.И.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясына төрт айлық мамандық жетілдіру курсына оқуға жіберді.


Бұл Мәскеуде алғашқы болуым. Қолым бос кездері қаланы аралаймын. Мавзолейде болдым, Ленинді көрдім. Қазір Ленин жайлы әртүрлі әңгімелер айтылып және жазылып жатыр, біздің ұрпақ үшін бұл адамның теріс қылықтарынан да оң істері басым сияқты көрінеді де тұрады. Мен үшін де солай. Қалай болғанда да Ленин бүкіл әлемге қарапайым еңбекші халықтың да мемлекет құра алатынын дәлелдеген адам.


Қызыл алаңда болдым. Бұл КСРО-ның басты алаңы болып есептеледі. Қарт Кремльдің қыш қабырғасына қолымды тигіздім. Пәлен ғасырды көз алдынан өткізген тас қабырға мызғымастан тұр. Рубиннен жасалған бесжұлдызы бар Спас мұнарасы Кеңес өкіметінің символындай болса, Кремль орыс мемлекетінің символы тәрізді.


Оқу аяқталуға жақындағанда бір аптаға Ленинград қаласына алып барды. Сонда "Союзпушнина" атты мекеме бар екен. Шет елдерге шығарылатын бағалы аң терілері осы жерден аукцион арқылы сатылады. Осында өткен халықаралық аукционға қатыстық. Өмірімде бірінші рет тірі капиталистерді, тірі фермерлерді сонда көрдім. Неше түрлі аң терілері мен қаракөл елтірілері сатылып жатты.


 Аукционға екі-үш күн қатысқаннан кейін Ленинградты аралауға шықтық. Атақты Неваны, оның сансыз көпірлерін, Эрмитажды, "Мыс салт аттыны", Петергофты, Адмиральтействоны, Сарай алаңындағы Александр бағанасын (Александрийский столп)… бәрін-бәрін үлгергенімше көруге тырыстым. Кітаптан оқығанды көзбен көрген қызық болады екен. Ұлы Отан соғысындағы тоғыз жүз күн жау қоршауы кезінде қаза болған ленинградтықтарды жерлеген Пискарев бейітінде (Пискаревское кладбище) болдық. Азалы әуен жиырма төрт сағат бойы тынбайды, жәйлап қана естіліп тұрады. Ленинградтың әр көшесін, тіпті әр үйін музей экспонаты десе де болғандай еді. Қалада өткізген бір апта  айрықша есімде қалды.


 Эрмитажға кіргенімізде сәті түсіп "Алтын қойманы (Золотая кладовая)" көрдік. Қолдарына автомат ұстаған солдаттар есік күзетіп тұр. Орыс патшалары мен патшайымдарына арналып жасалған немесе сыйға тартылған тартулар төрт бөлмеге қойылған. Іші тола алтын мен күміс, небір қымбат тастардан жасалған бұйымдар. Сонау Бірінші Петрден бастап кешегі Екінші Николайға дейінгі патшалар мен патшайымдардың қолданған заттары, атақты шебер Карл Фаберже жасаған зергерлік бұйымдардың неше түрлері бар.


Солардың арасынан айрықша назарымды аударған бір бұйым болды. Ол кәдімгі құлаққа тағатын алтын сырға еді. Әлгі сырғаның біреуі үлкейтіп көрсететін лупаның астына қойылған. Лупа арқылы қараған адамға сырғаның ортасында қос атқа жегілген күймелі арба, оның үстінде ат айдап бара жатқан қыз бен жігіттің кішкене мүсіні көрінеді. Бұл чеканка емес, барельеф те емес - кәдімгі мүсін! Бұны жәй көзбен ажырату мүмкін емес. Көзге әзер көрінетін осы мүсінді шебердің қалай жасап, құлаққа тағатын сырғаның ішіне қалай орналастырғанына таң қаласың?!


Сәті түсіп деп отырғаным, бұл бөлмелерге кіруге билет табыла бермейді екен. Билетке алдын-ала, бірнеше ай бұрын тапсырыс берілетін көрінеді. Ішке кіруге дайындалып тұрған топтың үш адамы келмей қалған екен, солардың орнына кіре салғанбыз. Біздің "Алтын қойманы" көрдік дегенімізге қонақүйдегі ленинградтықтардың өздері таң қалып жатты.


Бұдан кейін орыс патшасының тағы орналасқан залға кірдік. Патшаның аудиенция жасайтын бөлмелерін, тақтың өзін көріп тамашаладық. Сол жолы Эрмитажға Египет фараоны Тутанхамонның алтыннан жасалған бетпердесі (маскасы) қойылған екен, оны да көрдік.


Ленинградтағы сапарымыз аяқталысымен, Мәскеуге келіп оқуымызды жалғастырдық. Жаңадан "Технология  кожевенного сырья" деген пән қосылған еді. Осы пәннен сабақ беретін Вячеслав Николаевич Баканов деген оқытушы қызылордалық болып шықты. Өзі Орел қаласында тұрады екен (курсқа іс-сапармен келіп сабақ берді), сондағы ауылшаруашылығы институтында оқытушы болып жұмыс істейді.


Оқуды бітірер кезде Баканов мені Орел қаласындағы ауылшаруашылығы институтының аспирантурасына  шақырды. Маған пейілі түскен болу керек, болмаса отыздан астам курс бітірушілердің ішінен менен басқасына ұсыныс жасамағаны анық еді. Курсты бітіргесін, қасымдағы жігіттермен ақылдасып көріп едім, көпшілігі барғанымды дұрыс көрді. Олар елге қайтқан күні мен Мәскеудің Курск вокзалынан Европа бағытына поезға отырдым. Ұмытпасам поезд Орелге дейін оншақты сағат жүрген болу керек. Вокзалдан үйіне телефон шалдым. Телефонды көтерген Вячеслав Николаевич үйіне қалай жету керек екенін түсіндірді. Мен таксимен айтылған адресті оңай тауып алдым. Вячеслав балконға шығып қарап тұр екен, мені көргеннен кейін, кіретін подъезді қолымен сілтеп көрсетті.


Амандасып болғасын отбасымен  таныстырды. Ұлы мен қызы бар екен. Екеуі де мектеп жасында. Оларға: "Дядя Ислам наш земляк, из Кзыл-Орды…"- деп түсіндіріп жатыр. Әйелі қазақша ет асып қойыпты (Вячеславтың айтуымен болса керек). Ауқаттанып болғасын аспирантура жайлы менің пікірімді сұрады. Мен әке-шешемнің қарт адамдар екенін, жалғыз бала екенімді, оларды тастап шыға алмайтынымды айта келіп, мүмкіндігі болса сырттай аспирантураға түсіп, кейін Шымкенттегі ғылыми-зерттеу институтына ауысқым келетінін түсіндірдім. Төрт жыл аспирантурада оқу үшін Орел қаласы тым шалғай болатын. Ойлана келе, Баканов менің бұл ойымды құптады. Шымкенттегі институттың директоры Геннадий Поповты жақсы танитынын (курстас жолдасы екен) айта келіп, оған мен жайлы телефон шалуға уәде берді.


Қонақ қылып қабылдағаны үшін өзі мен әйеліне рахметімді айтып, сол күні кешкі поезбен Москваға қайттым. Мен бұл кісімен екінші рет кездесе алмадым, бірақ көп жыл бойы хат алысып тұрдық. Кейін Шымкенттегі қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсуіме осы кісінің көмегі тиді.


Ауылға оралып, жұмысыма кірістім. Мал төлдеп жатқан кез болатын. Кеңшар директоры Сарқұлов Құбайдулла қаракөл елтірілерін зауытқа өткізуді биыл маған тапсыратынын айтты (бұрын бұл жұмысты бас зоотехник орындайтын). Осы жауапты жұмысты маған сеніп тапсырып отырғанын айта келіп, сапасы мен бағасының өткен жылдан кем болмауын қадағалап ескертті.


Шымкентке бардым. Елтіріні зауытқа өткіздім. Сорттауға кезек келгенше уақыт бар еді. Осы екі аралықта қаладағы ғылыми-зерттеу институтына бардым. Институт директоры Поповқа Бакановтың сәлемін жеткіздім. Директор Вячеслав Николаевичтің өзіне қоңырау шалғанын айтты. Мен жайлы ескертіпті. Орынбасарын шақырып алып, менің көзімше құжаттарымды қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ертеңіне аспирантураның сыртқы бөліміне құжатымды тапсырдым.


Сол күні институтта сабақ берген ұстазым Файз Шарафутдиновты жолықтырған едім. "Генетика және селекция" бөлімінде жұмыс істеп жатыр екен. Фазекең институт қабырғасында біздің топқа куратор болған еді, ойда жоқта кездескенімізге екеуміз де қуанып қалдық. 


Мен аспирантураға түсуге талаптанып жүргенімді айттым.


- Дұрыс болған! Осы сен Қазалыдан емес пе едің?


- Ия.


- Біздің бөлімнің меңгерушісі Елемесов те қазалылық жігіт қой, ағаңмен  таныстырайын,- деп бөліміне алып келді.


Төрде денелі келген, жігіт ағасы жасындағы келбетті қазақ отыр екен. Амандастым.


Файз әлгі кісіге мені таныстырып жатыр.


- Көбеке, бұл жігіт те Қазалыдан, сіздің жерлесіңіз болады. Институтта сабақ бергенмін.


Еліміздегі қаракөл шаруашылығының білгір маманы, көрнекті ғалым, болашақ академик Елемесов Көпмаханбет ағамен мен осылай таныстым. Көбекеңнің өзі Түрікменстанда туылыпты. Ата-бабасының шыққан жері қазалылық болғасын (жиеней руынан), мені өзіне жақын тартып, аспирантураға түсер кезде көмегін берді. Қаракөл сортталып бітем дегенше емтихан тапсырып, аспирантураның сыртқы бөліміне қабылдандым. 


Шымкент қаласында Аралдағы Қани ағамның інісі Әбжәл ағаның (Әбдіжәлел Асқаров) тұратынын білетінмін. Ағаңды тауып ал, үйіне барып сәлем бер деп көкем үнемі айтып отырушы еді. Осы жолы ағамды іздеп жүріп тауып алдым. Пәтері қаланың орталығында, Ғани Мұратбаев ескерткішінің жанындағы көп қабатты үйде екен. Ұмытпасам, ағай сол кездері облыстық сот төрағасының орынбасары  қызметін атқарды-ау деймін. Ағам мен жеңгем жатырқамай қарсы алды. Жеңгеміздің ұлты татар екен. Кейін үйіне барып тұратын болдым. Осы жолы аспирантураға түсіп, Әбжал ағамызбен танысып, қаракөлді де ойдағыдай тапсырып, ауылға үлкен олжамен оралдым.


Күзде Шымкенттегі ғылыми-зерттеу институтынан кандидаттық минимум тапсыруға шақырған қағаз келді. Қағазды директорге көрсетіп тұрып екі аптаға босатуын сұрадым. Қағазға бір, маған бір қараған директор:


- Егер ғалым болғың келсе, жұмысыңды тастап соның жолына түс. Болмаса, алаңсыз жұмысыңды істе,- деді.


Бір аптадан кейін екінші рет кірдім. Бұл жолы да босатпады.


Бара алмайтынымды айтып Көбекеңе (Елемесов) хат жазып жібергенмін. Ол кісіден жауап келді: "Көктемде қайтсең де келуің керек"- деп жазыпты. Бірақ көктемде де бара алмадым. Осылайша, ғылым жолымен қош айтысуға тура келді.


Ал Бакановпен көп жыл хат алысып тұрдым. Соңғы хаттарының бірінде институтқа проректор болғанын айтып жазған еді. 1980 жылдың жазында, неге екені белгісіз, хат үзілді. Мәскеу қаласында танысқан осы адамның маған деген ықыласын, маған істеген жақсылығын осы күнге дейін ұмыта алмаймын.


 


* * *


 


Шешем бұрынғыдай емес, келінді болғалы денсаулығы түзелгендей болған еді. Тек күз бен көктемде ғана қолқасы аздап сыр беріп қалады. Ондайда дәрі ішіп, кейде шаныштырып барып тұрып кетеді. Көкемнің денсаулығы әлі мықты. Жасы сексенге келсе де еңкеймей, тіп-тік жүреді. Осы уақытқа дейін көкемнің ауырып төсекте жатқанын көрген емеспін, "ана жерім ауырады, мына жерім сырқырайды…" дегенін естіген емеспін. Денсаулығы қандай мықты болса, мінезі де сол күйінде.


Әкем мен шешемнің ендігі арманы немере сүю еді. Ашық айтпағандарымен, нені аңсайтындары белгілі. Жұмагүл осы уақытқа дейін бала көтерген жоқ. Көкем бұл жөнінде тіс жарып ештеңе айтпайды. Анам сөз арасында кемпірлердің той-томалаққа барғанда немереме апарып берейін деп дастарханнан бір-екі түйір кәмпит алып жататындарын айтып қалып, артынан: "Құдайға шүкір дейінші... Жақсылықтың ерте-кеші жоқ деген, басын берген құдай аяғын да берер..."- дейтін.


Көкем мен анам сарыла күткен осы арманына 1977 жылдың 5-ші ақпаны күні жетті. Дүниеге менің тұңғышым, әкем мен шешемнің тұңғыш немересі Құралай келді. Кемпір мен шалдың қуанышында шек жоқ.


Перзентханадан шығып үйге келген Жұмагүл құндақтаулы баланы көкеме ұстатып жатып:


-  Ата, мынау немереңіз!- деді.


Кіп-кішкентай, қолға ұстауға келер-келмес нәрестені алақанына алған көкем бетінен ұзағырақ бір иіскеп: "Тіпә… Тіпә… Ғұмырлы, бақытты, дәулетті бол!"- деп кемпіріне ұстатты.


Анам:


-  Сенің атың Құралай... Құралай... Құралай!- деп құлағына үш рет айқайлап атын қойды.


Құралай екеуіне үлкен ермек болды. Әсіресе шешем немересі отырып-жүргенше өзі ұстап, өзі бақты. Келініне тек емізуге ғана беретін еді.


Сол жылы жазда мен Қызылқұм кеңшарының Ажар фермасына зоотехник болып ауыстым. Кәукейден жетпіс шақырым жердегі Ажар елді мекеніне көшіп бардық. Осы фермада бір жылдай жұмыс істегеннен кейін, 1978 жылы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына жұмысқа шақырды. Жаңақазалы қыстағына көшіп келіп, Карл Маркс пен Сакко көшелерінің қиылысқан жерінен (Сакко, 1) үш бөлмелі үй сатып алдық.


1979 жылы, Құралай екі жастан асқан шақта, Қарлығаш атты екінші қызды болдық. Екі немере сүйіп көңілі орнына түскенімен, анамның бұрынғы науқасы (бронхит) асқына берді. Күзге салым төсек тартып жатып қалды. Ішкен дәрілері де, салынған уколдар да әсер ете қоймады.


Анамның ауырып қалғанын естіп Аралдан Үржан апам мен Срадин жездем келді (Калима апам Қазалы қаласында, Тынымбай жездем екеуі күнара келіп тұрады). Үйде үш-төрт күн болғаннан кейін Срадин жездем:


- Апа, біз енді қайтайық. Шүкір, жаман емессіз. Бұрынғы үйреніскен науқасыңыз ғой... Хабарласып тұрармыз,- деген еді.


Төрдегі диванда жатқан анам:


- Сендер өйтіп асығыстық жасамаңдар, әлде де бола тұрғандарың дұрыс,- деді.


Жездем мен апамды қайтармаған себебін кейін білдім. Соның алдында ғана түс көрген екен. Түсінде өзінің қайтыс болған Үржан апасы аяғының ұшынан ұстап, бір-екі рет тартыпты. Өз түсін өзі жорыған анам: "Мен бір-екі күннен әрі кетпеспін"- депті. Оның бұл сөзіне мән бермегенмен, апам мен жездем әлде де бола тұрайық деген оймен қайтпай қалыпты. Бұл әңгімені ол кезде маған айтқан жоқ болатын.


Арада бір күн өткесін, ертеңіне, әдеттегідей төргі бөлмеде отырып шәй іштік. Анам да басын көтеріп бірнеше кесе шәй ішті. "Апа, қалайсың?"- дегеніме: "Шүкір, жақсымын ғой…"- деді. Басқа ешнәрсе айтпады. Күндегі қалпында болғасын мен жұмысыма кеттім.


Сағат он бірге таман жұмысыма Срадин жездем келіп тұр.


-  Апам сені іздеп жатыр... Жұмысты таста да, тездетіп жүр!


Түрі әдеттегідей емес, өзгеріп кеткендей еді. Ләм-мим деместен алдына түсіп жүре бердім. Үйге келсем... анамды оң жаққа шығарып қойған екен. Мен кеткеннен кейін бір сағаттан соң қысылыпты. "Балаға хабар айтыңдаршы…"- депті де, сәлден соң үзіліп жүре беріпті.


Ағайын-туғанға хабар берілді. Ауылда анама төркін болып қатысып отырған Жалмахан, Аймахан және Жұмағұл атты ағайынды кісілер бар еді, соларға хабар айтылды. Ағайын мен туыстар жиналып, қазақтың сан ғасырдан бері келе жатқан әдет-ғұрыптары жасалды. Екі күн қондырып, үшінші күні Қазалы қаласының Әлсейіт көпіріне қарай шығатын жол бойындағы қорымға жерленді.


Осылайша, менің анам Қалдыбайқызы Рысжан 1979 жылдың 14-ші желтоқсаны күні, жетпіс бірге қараған шағында, дүниеден өтті.


Бұл менің есімді білгелі біздің оттың басындағы алғашқы қаза болатын. Анамды қашан жерлегенше бұл жағдай біздің үйде емес, басқа бір отбасында болып жатқандай ұйқылы-ояу күйде жүрдім. Барлығы түсім сияқты еді, анамның өлуі мүмкін еместей көрінді. Тек жерлеп келіп, ағайындар тарай бастағанда ғана ол кісінің енді мәңгілік келмейтінін түсіндім.


Ананың орны бөлек… Тіліңнен бал тамған шешен болсаң да ана туралы жеткізіп айту қиын. Оны тек жүрегіңмен ғана түсініп, сол жерде сақтауың керек! Қаншама қадірлеп-сыйладық десек те, ананың балаға деген мейірім-шапағатының мыңнан бірін қайыра алдық па? Айта алмаймын!


Жүз ботаның ішінен өз ботасын даусынан айыратын аруанадай-ақ, каникулге келгенімде самолеттен түскен жолаушылардың арасынан мені жазбай танып, үйге жеткенімше тағат тауып тұра алмай, аэропортқа қарай ақ жаулығы желбіреп тұра жүгіретін қайран анашым! Ентігіп келіп сүйіп жатқанда қасымдағы адамдардан ұялғаннан: "Неге жүгіресің, өзім де келе жатырмын ғой?!"- деп ренжитінім есіме түссе, қазір қараптан-қарап отырып қысыламын.


"Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің" деген сөз бар. Сол кездегі кейбір қылықтарымызға осы күндері өкінеміз. Өкінгенмен не пайда, өткен күн қайта айналып келмейді. Айтқан ақылыңды жүре тыңдайтын өз балаларымыз да өздері балалы болғанда түсінетін шығар?!


1980 жылы мені Қызылқұм кеңшарының бұрын өзім зоотехник болып істеген Ажар фермасына меңгеруші етіп жіберді. Қаладағы үйді сатып, Ажарға көшіп бардық.


Келесі 1981 жылы үшінші қызымыз Асыл дүниеге келді. Бұл көкемнің қолына алып сүйген соңғы немересі болатын. Сол жылы мен кеңшарға бас зоотехник болып ауысып, қайтадан Кәукейге көшіп келгенбіз. Кеңшардың бас мамандарға арнап салынған бес бөлмелі кең үйіне орналастық.


Әкемді бұл кезде кәрілік жеңе бастаған (жасы сексен беске келген адамға сын бар ма?). Кемпірі қайтқаннан кейін салмағы Жұмагүлге түсті. Мен жұмыстамын. Жұмагүл көкемнің ас-суын дайындайды, дәретсуын жылытып үйде отыр. Обалы не керек, атасының тек Жұмагүлді ғана келін қыламын деген сенімін ақтады. Тіпті, көкем Жұмагүлді еш уақытта келін деп атаған емес еді - "балам" дейтін. Бір қызығы, анам да келін деген сөзді қолданбайтын. Кішкентай кезінен білгеннен кейін бе, атын айтады немесе "Тәкеңнің қызы" деп отырады. Кейде, ойынан шықпай жатса ғана, "Тәжібайдың қызы..." деп қалушы еді. Бірақ бұндай жағдай өте сирек болатын. Жалпы, Жұмагүлдің ата-енесіне жасаған қызметі үлгі болуға тұрарлық деп айтуға болады.


Қыс ортасында әкем үш күндей тұмау тиіп ауырды. Тұмау ғой деп алғашқыда мән бере қоймағанбыз. Аса діндар адам болмаса да, бес уақыт намазын ешуақытта қаза жібермейтін еді. Төртінші күні намазын оқи алмады. Ертеңіне тілден қалды.


Суға әдетте өзім түсіретінмін. Шомылдырып болып шашын алдым, сақал-мұртын басып бердім. Сөйлей алмады, тек басын ғана изеп құптағандай белгі жасады. Дәрігер шақырдық. Дәрігер тұмаудың дәрілерін берген болатын, оны ішпеді (көкем дәрі ішпейтін еді). Үйдің қасындағы көрші Лепес шалды шақыр дегендей белгі берді. Ол кісіден әкемнің қасында болуын өтініп едім, бала-шағасының рахатын көргір сөзге келмей келісті. Бір кезде Жолтай нағашым келді. Сәлден кейін Лепестің айтуымен молдаға адам жібердік. Алдында кеудесі сырылдап дем алып жатқан әкем, молда келу бойына, соны күтіп жатқандай-ақ үзіліп жүре берді.


Бұл 1982 жылғы қаңтар айының 11-ші жұлдызы болатын. Әкем сексен алты жастың қарын көріп барып дүние салды...


Бақилық жолға аттандырудың әдеттегідей абыр-сабыры басталды. Шешем қайтыс болғанда ағайын-туғанның ортасында жүріп ешнәрсе аңғармаған екенмін (әрі ол кезде көкем де бар ғой), қаза жөнелтудің мен білмейтін қыр-сырлары көп екен. Көзі тірісінде араласып-қатысып жүрген жақын туыстарымыздың көбісі Карл Маркс атындағы кеңшарда. Төрде жайғасып әңгіме шертіп отырғандар жиенейдің шалдары (Кәукейдің көпшілігі жиеней руынан). Жастықтың да әсері болар, әрі қызмет бабымен жүріп мән бере бермейді екенбіз, осы жерде алғаш рет қазақтың неге ру сұрасатынын, неге рулас жақынын іздейтінін түсінгендей болдым. "Асанның қайсысы едіңдер, жақын-туыстарыңнан кімдер бар?"- деп сұрап отырған мына шалдар күндердің күнінде: "Әкеңді біз көміп едік"- деп айтпасына кім кепіл?


"Қызылқұмда" да асандар жоқ емес. Тіпті Нақыш, Імәт, Мұқатай, Марат атты төрт үй көбек те бар. Сол туыстар жиналып, ойластығын жасауға кірістік. Енді елге хабар айтуымыз керек. Астымдағы машинаны хабаршыға беріп, ауылға жібердім. Ауылдық кеңестің төрағасы Мәкенұлы Қали ағамызға хат жаздым: "Ағаңыз қайтыс болды, Қалеке. Ендігі жұмысты өзіңіз бітіріңіз..."


Ертеңіне түске таман бір автобус болып Қалекең бастаған кемпір-шалы аралас отызшақты адам келіп түсті. Төрде отырған жиенейдің шалдары бүкіл ауданға танымал Қалекеңді, оған ерген Бақыштың Төлегенін көріп төрден ығысып орын босатты. Әкемнің жақын інілері Қаленнің Төлебайы, Әшімнің Оңдашы, Халиланың[38] Мұқышы мен Сәйпесі, Құтжанның Бақытжаны, Балымбеттің Шәметі, Садықтың Сайлаубайы келді. Оларға ілесіп келген жеңгелерім Үржан мен Кәлима апаларыма, Жұмагүлге көрісіп жылап жатыр.


 Қалекең келе сала тізгінді өз қолына алды. Ендігі мәселе әкемді қоятын жерді анықтау. Қалекең бастаған ақсақалдардың ойы ауылға апарып (Карл Маркс атындағы кеңшарға), сондағы бейітке қою екен. Бұл жөніндегі менің пікірімді білу үшін ортаға шақырды. Осы жерде есіме әкемнің алғашқы Кәукейге көшіп келгендегі айтқан сөзі түсті. "Жан бар жерде қаза бар, балам! Алланың қанша ғұмыр беретінін білмеймін, бірақ сол аманат жанын алған жерден топырақ бұйырса - мен соған ризамын. Анда апарамын, мында апарамын деп сүйрелеудің қажеті жоқ"- деген болатын. Мен соны айттым.


Қалекең:


- Ойпырмай, Ахаң өзі айтып кеткен екен ғой... Олай болса, айтқаны болсын!- деп Кәукейге қоюға келісті.


1982 жылдың 13-ші қаңтары күні Кәукей елді мекенінің құбыла бетіндегі биік төбенің басындағы қорымға көкемді қойдық.


Адам баласына ананың аялы алақаны қандай ыстық болса, әке мейрімінің де орны сондай бөлек. Мүмкін, әке балаға анасындай елжірей бермейтін шығар, солай да болса әкең асқар тауың және тірегің. Әке балаға қатал болса, ол оның жек көргендігінен емес. Өмірдің ыстық-суығына шыдамды болсын, кездесетін небір қиындықтарға мойымайтын ер болып өссін дегені! Біз бұның бәрін өзіміз әке болғанда түсіндік.


Ел қатарлы азамат атанып, өмірден лайықты орнымызды тапсақ - ол да әкеміздің арқасы. Егер ол кісі оқытпағанда, осы деңгейге жетер ме едім? Әрине, жетпеген болар едім! Өмірінің соңына дейін менің тілегімді тілеумен өтті. Қаншама тік мінезді болса да, менің маңдайымнан шертпек түгілі, "тәк!" деп айтқан емес. Адам жасында бір рет, қартайғанда екінші рет бала болады дейді. Адуын мінезді қайратты адамның кейін баладай болғанын да көрдік. Шамамыз келгенше, перзенттік парызымызды өтеуге тырыстық... 


Сол жылы жазда ақ силикат кірпіштен басына төртқұлақ орнатылып, граниттен құлпытас-тақта қойылды. Ол кездері қолынан келгендер бейітті күмбездеп салдырып жататын еді. Сондайды көргенде: "Бейіттің үсті ашық болғаны дұрыс және қоршауы өте биік болмауы керек, адамның кеуде тұсынан аспағаны жөн"- дейтін әкем. Өзінің сол айтқанындай, бейітінің іргесін кең және төбесін ашық етіп жасаттым. Қазалы қаласындағы анамның да басы қарайтылып, көкемнің басына қойылғандай гранит құлпытас-тақта орнатылды.


Көкемнен кейін алты айдан соң Тәжібай атам қайтыс болды. Ер баласы жоқ болатын (Қылышбай атты жалғыз ұлы абайсызда поездың астына түсіп, қазаға ұшыраған еді). Жүмагүлден кейінгі Жұмабике балдызым да тұрмысқа шығып кетті. Жалғыз отырған енемді қолымызға алғымыз келді. "Бізбен бірге болыңыз"- дегенімізге: "Тәкең мен Қылышбайдың шаңырағын қалай қалдырып кетемін?"- деп көнбеді. Жұмагүлді алып шығатын үш бөлмелі үйдің отын өшірместен, өмірінің ақырына дейін түтінін түтетіп отырды. Анда-санда бізге келіп тұратын еді, каникул кезінде балаларды апарып тұратынбыз. Зәру енем 1993 жылы қайтыс болды, руы жақайымның ішіндегі сырлыбайы еді.                                                 


Осы екі отбасының қарым-қатынастарының жақсы сыйластықпен өткендерін білемін. Бұрындары аға мен інідей болып қатысқан екен, құда болған соң да сол әдеттерінен айныған жоқ. Көкем енемді ешуақытта құдағи демейтін, бұрынғысынша келін дейтін еді. Атамның да көкемді құда дегенін естіген емеспін: "Аха"- дейтін. Сол айтқандай, енем де көкемді қайнаға деумен, анамды шешей деумен өмірден өтті.


 


* * *


 


1983 жылдың жазында ауданның тапсырмасы бойынша біздің шаруашылыққа Қарақұм беткейіндегі "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы кеңшардан екі мың бастай ұрғашы тоқты алу керек болды. Автобазадан тіркемесімен оншақты КамАЗ алып жүріп кеттім. Қарақұмның дала жолымен жүріп отырып, Шәкен атты фермасына бардық. Барлық машиналарды жүктеп алдық. Қайтар кезде жүргізушілер Арал арқылы жүргеніміз дұрыс деп ұйғарып, бұған менің қалай қарайтынымды сұрады. Бұл жолдың бір артықшылығы - елу шақырымдай жүрген соң Арал қаласына шығуға болады екен, арғы жағы Қазалыға дейін асфальт жол. Менің жауабым: "Қай жолмен жүрсеңдер де үстіндегі малды аман жеткізейік"- болды. Сонымен Арал арқылы жүретін жолға түсіп, "біссімілләмызды" айтып жүріп кеттік.


Мен бірінші машинада болатынмын. Басқа машиналар біздің ізімізден шұбырып келе жатыр. Біршама уақыт өткенде жол бойында бұзылған үйлердің орны, қалқиып тұрған қабырғалар кезікті. Мен бұған онша мән бермеген болатынмын. Тағы біраз жүргеннен кейін алдымыздан теміржол кезікті. Теміржолға елу метрдей қалғанда сол жағымнан баяғы көкемнің су тартатын құдығы көзіме оттай басылмасы бар ма? Жүргізушіге: "Тоқта!"- деп айқайлап жіберіппін. Жерге секіріп түсіп, қасына бардым. Құдықтың қақпағы жоқ, аңғал-саңғал күйде. Егесіз қалғаны көрініп тұр. Өзім дүниеге келген бастырманы іздедім. Қаншама жыл өтсе де орнын оңай тауып алдым. Айналып өттім. Қасымдағы шофер аң-таң.


- Мына жерде, мына жертөленің орнында мен дүниеге келгенмін. Менің кіндік қаным тамған жер осы. Бұл жермен өтетінімді білген жоқ едім...- дедім.


 Арттағы машиналар да келіп тоқтады. Өзім туылған жертөленің  үстінде тұрғанымды білген олар: "Әттеген-ай, неге ертерек айтпағансыз, жуатын едік қой"- деп әзілдеп жатыр. (Ол күндері бізде "сухой закон" болатын).


Сол жолы Сульфаттағы Срадин жездемнің үйіне барып шыққанмын. Жездем мен апама ескі бастырма мен құдықты көргенімді айттым. Сөйтсем, жолда кездескен бұзылған қабырғалар бұрынғы ауылдың орны екен. Осылай, ойламаған жерден, өзімнің кіндік қаным тамған топырақты қайта көрудің бір сәті түскен еді.


Күзде Ресейдің Пенза облысына барып, дем алып қайттым. Пенза қаласынан он бес шақырым жерде "Сосновый бор"  аталатын демалыс үйі бар екен. Қарағайлы орман. Ауа райы қоңыр салқын. Аспан шайдай ашық болып тұрады да, лезде бұлт шығып, күн жауа салады. Сосын қайтадан ашылады.


Пензалықтар өздерінің атақты жерлесі, орыстың белгілі ақыны Михаил Юрьевич Лермонтовпен орынды мақтана алады. Кавказда әскери қызметте жүріп дуэльден қаза тапқан ақынның денесін өзінің туылған топырағына әкеліп жерлеген екен. Балалық шағы өткен үйі қазір музей. Лермонтовтың осы музей-үйінде болдық. Орыс халқының тарихқа мән бергіштігіне, өткен тарихын қастерлеп сақтайтындығына таң қаласың! Музейдің қасында ескі шіркеу бар. Осы шіркеудің журналында кішкентай Лермонтовтың ғибадат етуге келгендігін тіркеген жазу сақталыпты. Журналдың бетін ашып, әйнектің астына салып, әдейі көрсетіп қойған.


Облыстық өлкетану музейінде болғанбыз. Елеусіздеу жерде ілулі тұрған ерекше бір көне картаға көзім түскен еді. Анықтап қараған адамға "XV ғасырда сызылған" деген жазу байқалады. Әлгі картада Ресей мемлекетінің сол кездегі аумағы белгіленген. Шекара сызығы Пенза қаласының оңтүстік іргесінен өтіпті, яғни Ресейдің XV ғасырдағы шығыс шекарасы Орал тауына дейінгі аймақты ғана алып жатыр. Шекараның арғы жағында (Орал тауының оңтүстігі мен шығысында) хазарлар мен печенегтер тұрады деп көрсетілген. 


Пенза қаласының маңында биік төбе бар екен. Автокөлік серпантинмен айналып қана шыға алады. Үстінен көз жетер жер түгел көрінеді (басына экскурсияға шыққанбыз). Ұшар басында дөп-дөңгелек оба бар.


Экскурсоводтан:


-  Бұл оба (курган) не үшін тұрғызылған?- деп сұраған едік.


- В XIII веке там жилы половцы,- деді гид оңтүстік-шығыс жаққа қарай қолын сілтеп,- солардан қорғану мақсатында, қарауыл қарау үшін тұрғызылған.


Гидтің "половцы" деп тұрғаны қыпшақтар, яғни қазіргі қазақтар болатын. Менің кеудемді бір мақтаныш сезімі кернеп кеткендей болды.


Осы кезде қасымда тұрған бір орыс:


-  Кто они, половцы?- деп сұрап қалды.


Неге екені белгісіз, экскурсовод бірден жауап қата қоймады. Осы үнсіздікті пайдаланған мен:


-  Они наши предки!- дедім.


Маған жалт қараған орыс та, экскурсовод та үн қатқан жоқ…


Пенза облысының жері ну орманды, көлшікті-сулы болып келеді екен. Қаланың іргесінен Сура өзені ағып жатыр. Санаторий осы өзенге таяу көл жағасындағы әсем жерге орналасқан. Оразаға көшкен ермек дейді, демалыстағы адамға уақыт өткізу керек. Кешкі тамақтан кейін, Қазақстаннан келген бір қазақпен танысып, әңгімелесіп отырғанымда қасымызға бір орыс жігіті келді.


- Ну, дружище! Теперь обьясните, как вы являетесь потомком Чингисхана,- деді менің қасыма отырып жатып.


Бұл экскурсияда жүргенімізде половецтер деген кімдер деп сұраған орыс еді. Біз қазақ екенімізді айттық. Ол қазақтардың половецтерге қандай қатысы бар деп сұрады.


-  Сіз Янды[39] оқып па едіңіз?


Ол "Шыңғыс хан" романын оқығанын, бірақ арада көп уақыт өткенін, мазмұнын ұмытып қалғанын айтты.


- Жазушы Янның "Шыңғыс хан", "Батый", "Соңғы теңізге дейін" атты кітаптарындағы үйсін, керей, қоңырат, қыпшақ деген рулар қазіргі қазақтар. Ал половецтерге келетін болсақ, олар бір кездері Алтайдан Дунайға дейінгі "Дешті Қыпшақ" аталған даланы игерген қыпшақтар. Орыс жылнамаларында "половцы" деп аталған. Бату ханның (орысша Батый) әскерінің құрамында Мәскеу мен Киевті алып, сонау Жерорта теңізіне дейін жеткен де солар. Бұны сіздің қандасыңыз жазып отыр,- дедім.


Әлгі орыстың мамандығы дәрігер екен. Мені тыңдап болғаннан кейін: "Қалай болғанда да, сіздерге тамақты шанышқымен жеуді біз үйреттік қой"- демесі бар емес пе? Енді оған өркениеттің Батыстан емес, Шығыстан шыққанын дәлелдеуімізге тура келді. Осы кезде қасымдағы жігіт өзінің турист болып Европаға барғанын, сонда әлгі «қасық пен шанышқыға» байланысты басынан өткізген бір қызық оқиғаны айтып берген еді.


Осыдан екі жыл бұрын туристік сапармен Германияға барыпты. Топтағы адамдардың басым көпшілігі орыстар. Алғашқы күні ауқаттануға асханаға барады. Бұлар қасық-шанышқыларын салфеткамен сүртіп, тамақтануға кіріседі. Бір кезде официант әлі жеп болмаған тамақтарын алып кетіп, екінші ауқатты әкеліп қояды. Бірақ оны да таусылар-таусылмастан алып кетеді. Осылайша бұлар шала-шарпы тамақтанып шығады.


Ертеңіне асханаға тағы келеді. Бәрі қасық-шанышқыларын қолдарына алып, қайтадан салфеткамен сүрте бастайды. Осы кезде қастарына залдың меңгерушісі келіпті. "Кешірім өтінемін, сіздерге қойылған сервиз таза емес пе?"- деп сұрайды. Стол басындағылар таза екенін айтады. "Онда неге салфеткамен сүртіп отырсыздар?"- депті. Бұл сұрағына орыстар: "Қасық-шанышқыларды салфеткамен сүрту өзіміздің әдетіміз"- деп жауап қайтарыпты. "Мен кеше сіздерге қызмет жасаған официантты таза сервиз қоймадың деп жұмыстан шығарып жіберген едім, неге сүртіп отырғандарыңызды түсінбеймін"- дейді зал меңгерушісі. Бұл сұрағына жауап қайтара алмаған орыстар кешірім сұрапты.


- Тағы бір байқағаным,- деді әңгімеші жігіт,- ауқат үстінде қасық пен шанышқыны ыдыстың ішіне салып қойсаң, бұл ауқатты жеп болғандығыңның белгісі екен. Официанттардың жеп болмаған тамағымызды алып кетіп жүргендері осыдан екен. Біз орыстарға қараймыз, солардан көргенімізді істейміз ғой. Бұлардың да Европа мәдениетін біле бермейтіндігіне сол жолы көзім жетті. Бізге ғана білгішсінеді бұлар..."- деп әңгімесінің соңын қазақша аяқтады. Оның бұл сөзіне дәрігер ешқандай уәж қайтара алмады. Үшеуміз бұдан кейін де түрлі тақырыпта пікір таластырып, кейін өзара тіл табысып кеткен едік. Ұлы жазушы Мұхаңның (М.Әуезов) «халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім» деген сөзі бар. Әлгі дәрігер алғашқы кезде екеумізге «Как дела, половцы?» деп әзілдейтін еді, кейін «Қалайсыңдар, қазақтар!» деп амандасатын болды.


Қайтуға төрт-бес күн қалғанда қазақ жігіті қатты ауырып, Пенза қаласының ауруханасына түсті. Палатасына кіріп, сауығып шығуына тілек білдіріп шықтым. Ақтөбе облысының жігіті болатын, одан кейін кездеспедік…  


 


* * *


 


Сол жылы өмірге тағы бір қызымыз келді.


Күзге таман ауданда сары ауру деген індет көбейіп кеткен болатын. Ауырған адамның көптігі сондай, басқа ғимараттардан орын босатып, ауруларды соған жатқызып жатты. Екіқабат Жұмагүл де сары ауру болды. Алғашында оның денсаулығынан қауіптенген дәрігерлер баланы алып тастау керек деген мәселе қойды. Кейін, ақылдаса келе (уақыты да өтіп кетсе керек), қалдыратын болды. Қарашаның ішінде Жүмагүл аман-есен босанды. Кәукейдегі Жолтай шағашымның кішкентай қызы "атын мен қоямын" деп күтіп жүрген болатын. Соның айтуымен Мейрамкүл аталды.


1984 жылы Құралай Кәукейдегі мектептің бірінші класына оқуға барды. Жұмыс бабымен әр жерге көшіп жүргендіктен Құралай оқуға дейін қолымызда болған еді. Енді бес жасқа келген Қарлығаш пен үш жасар Асылды балабақшаға бердік. Емшектегі Миконмен Жұмагүл үйде отыр.


Күзде аудандық партия комитеті мені Алматы қаласындағы  директорлар даярлайтын алты айлық курсқа оқуға жіберді. Сонда жүргенде қараша айында Срадин жездем қатты ауырып жатыр деген хабар алдым. Оқуымнан сұранып Сульфатқа келдім. Жездем төсек тартып жатып қалған екен. Ауруы әйгілі рак. Менің келгеніме қуанып, көңілі әжептәуір көтеріліп қалды. Қасында екі күн болып, үшінші күні қайтуға рұқсат сұрадым. Сонау Алматыдан келіп көңілін сұрағаныма риза болғанын айтып қоштасты. Мен қайтып кеткеннен кейін бір аптадан соң қайтыс болды.


Ата-анадан біз ағайынды үшеу едік. Менен үлкен екі апайым да тұрмысқа шығып балалы-шағалы, үйлі-баранды болып отыр. Соңдарынан ерген жалғыз інісі болғандықтан ба, апаларымның маған деген ықыласын айтып жеткізе алмаймын. Соған сәйкес, жезделерім де керемет еді. Әсіресе үлкен жездем Сәкеңнің орны бөлек. «Әкенің ең жақсысы жездедей» деген сөзді қазақ бекер айтпаған екен, маған үнемі қамқор болып жүретін еді. Жұмагүлге: «Исламның аяқкиімінің таза болуын, ұлтарағының құрғақ болуын қадағала… Жұмыстан келгенде тамағы, жұмысқа кетерде киімі дайын тұратын болсын…»- деп үнемі ескертіп жататын. Анда-санда келгендегі айтқанына өзгеріп жатқан Жұмагүл жоқ, солай да болса жездемнің осы көңіліне ризамын. «Адам адамнан құтылады, бірақ қылығынан құтылмайды»- деуші еді көкем. Шындығында адамдар бір-бірінен айрылғанымен, олардың жақсылы-жаманды істеген істері көпке дейін ұмытылмайды екен.


Ілгеріде, Үржан апама үйленген алғашқы жылдары болу керек, өзіне қарсы сөйлеген Срадин жездемді көкем сабап жіберіпті. Жездем бір айға дейін өкпелеп, әкемнің көзіне түспей жүреді. Сонда Шолпан әжем баласына кейіпті: «Өмір бойы атаңнан қашып жүрейін деп пе едің, барып кешірім сұра!»- деп көкеме жіберіпті.


Басы салбырап алдына келген күйеу баласына:


- Ашумен таяғым қатты тиіп кеткен жоқ па?- деп басынан сипаған екен. Бұдан кейін Срадин жездем көкемнің бетіне келмейтін болыпты. Көкем жайлы: «Біздің Ахаң тегін адам емес қой, арқасы бар…»- деп отырушы еді.


 Мен жезделеріммен әлдекімдер сияқты қалжыңдасып көрген адам емеспін. Өзімнің ағам болмағасын ба, оларды ағамдай силап өскенмін. Оқуды аяқтағасын, жұмысқа кіріспей тұрып, жездемнің орнына барып қайттым. Басына құран оқыдым.


1985 жылдың күзінде қызметім ауысты - өзім сегіз жыл маман болып жұмыс істеген «Қызылқұм» кеңшарына директор болдым. Бұл жаңалықты естіген достарым Базарбай Айнагүлімен, Қаракесек Күлжаханымен, Кітабия  Саяшымен келіп, құтты болсын айтып кетті. Достардың тілектес болып, көңілдерін білдіріп жатқаны да мәртебе екен.


1986 жылы дүниеге бесінші сәбиіміз Гүлназым келді. Бұл жолы ер бала бола ма деп дәметкеніміз рас еді (қазақ үшін ер баланың орны бөлек қой). Қасымда жүрген қатар жігіттер: «Жүмагүл осы жолы ер бала босанады, атын өзім қоямын»- деп таласып жүретін. Жүмагүл босанған күні кеңшардың прорабы Шаттықтың әйелі күйеуінен сүйінші сұрапты. Шаттық ұйықтап жатыр екен. «Не босанды?»- депті ұйқылы-ояу. Әйелі: «Қыз...»- дейді. Сонда Шаттық: «Тағы да қыз ба?…»- депті де, бір аунап түсіп жата беріпті. Егер ер бала болғанда, ұйықтамайтыны анық еді. Дегенмен, қыз болғанына ренжи қойғанымыз жоқ, ол кезде жаспыз ғой, бізге баланың бәрі бір еді. Атын кеңшардың парторгі Демесін қойды.


Менің кеңшар директоры болып жұмыс істеген жылдарым жайлы «Қызылдың қия құмында» атты бөлімде толық айтылған. Осы кезеңдегі, әсіресе 1986-87 жылдардағы шаруашылықтағы қиындықтар менің денсаулығыма едәуір әсерін тигізді. Шынын айтқанда, сол кездері денсаулыққа қарауға мұрса болмады. Ал менің денсаулығым бұрыннан да ойдағыдай емес еді. Оған енді жүрек қосылды. Алғашқы кездері жүрегімнің шанышқанына мән бермей келген едім, кейін емделмесе болмайтынына көзім жетті. Дәрігерлердің айтуынша, екі өкпенің қызметін біреуі атқарып тұрғандықтан, жүректі оттегімен қамтамасыз ету өз дәрежесінде болмайды екен. Сол себептен жүректің жұмысы әлсірей бастайтын көрінеді. Оған салмақ түсірмеу үшін уақтылы демалыс пен режим керек екен. Осы себепке басқа да себептер қосылып, 1987 жылдың күзінде кеңшарды тапсырдым.


«Қызылқұм» кеңшарында барлығы он бір жыл жұмыс істеппін. Осының үш жылында селекционер, бір жыл ферма зоотехнигі, бір жылдан астам ферма меңгерушісі, үш жылдай бас зоотехник, үш жылдай директор болған екенмін. Жиырма бес жасымда барып, отыз тоғыз жасқа дейінгі өмірді осы Қызылда өткізіппін. Осы кезеңдерде небір қиыншылықтарды да көрдік, қуанышты сәттерді де бастан өткіздік. Құралай, Асыл, Мейрамкүл, Гүлназым атты қыздарым қызылқұмда дүниеге келді, әкеме де топырақ осы Қызылдан бұйырды.


Теріскейі Сырдың бір саласы Қуаңдария өзенінен басталып, оңтүстігі Қарақалпақстанмен шектесетін әжептәуір аймақ кейбіреулер ойлағандай тек қана ысылдаған құм емес. Бұл өңір сонау Қазан төңкерісіне дейін де мал баққан қазақтың қыстауы мен жайлауы болған жер екен. Тіпті ата-бабаларымыз бір кездері сол жерлерге егін де егіпті. Қызылқұмның ішіндегі тақырлардан көміліп қалған арық-атыздардың орындарын әлі де кездестіруге болады. Дарияның суы мол болған бір замандарда сол жерлерге су апарып, егін салғандары анық.


Атақты Жанқожа батырдың бейіті осы Қызылда. Арқадағы орыспен, түстіктегі Хиуа-Қоқан хандарымен жалғыз өзі арпалысып жүріп, мәңгілік мекенін осы жерден тапқан. Қызылқұм бөлімшесінің оңтүстік беткейінде, алпыс шақырымдай жердегі биік төбеде жатыр. Басына зиярат етушілерге арнап үй салынған. Шырақшысы бар. Қазалыдан үш жүз шақырым жердегі осы қорымға келіп зиярат жасаушылар әлі де толастар емес.


Кәукейден екі шақырымдай жерде XI ғасырдың ескерткіші болып саналатын және мемлекеттік қорғауға алынған «Сараман-Қоса» белгісі бар. Биіктігі оншақты метр болатын бұл қыш мұнара жайлы әңгіме көп. Аңыз бойынша, қосыла алмай қаза тапқан ғашықтарға - қыз бен жігітке - қойылған ескерткіш дейді. Енді біреулердің айтуынша, жаугершілік заманда ел шетіне жау келгенде от жағып белгі беруге тұрғызылған мұнара деп те айтады. Қалай болғанда да, он ғасырға жуық тұрған осы мұнараның тарихи ескерткіш екендігінде дау жоқ. 1980-ші жылдары мұнараға реставрация жасалынып, қайта қалпына келтірілген.


Бір замандарда шектілердің әрідегі Хиуа мен Қоқанмен, берідегі Шымбаймен сауда-саттық жасайтын керуен жолдары осы Қызылдың үстімен өткен екен. Отызыншы жылдардағы аштық кезінде сол жолдармен Өзбекстаннан азық-түлік әкелгендерін қариялар айтып отырады. Қырқыншы жылдарға таман, халық сәл-пәл тойынып естерін жинағаннан кейін, бұл жолдар ұмытыла бастапты. Екінші тыңды игеру ұранымен мал әкелгенге дейін Қызылдың ішінде ел болмаған. Тек алпысыншы жылдары Ажар атты жерге Карл Маркс атындағы кеңшардың бір ферма қойы келген екен. 1964 жылы қазіргі Қызылқұм бөлімшесінің орнына алғаш рет қазық қағылып, "Қызылқұм" кеңшарының орталығы салыныпты...


Қызыл өңірі жайлы әлде де айта беруге болар еді, дегенмен осы жерден тоқтап, әңгіменің негізгі желісіне оралайық.


Кеңшарды тапсырғаннан кейін алыс-беріс жұмыстары бітем дегенше Қырымға барып демалып келдім. Барарда Ақтөбеден самолетпен ұштым. Ақтөбе қаласында тұратын Әділхан, Әбжәми атты ауылдың жігіттері бар еді. Хабарласып тұратынбыз. Әділхан Қайбуллаев Ақтөбе облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі болып қызмет істеді. Әбжәми сонда бір мекемеде маман болатын. Менің демалысқа шыққанымды естіген Әділхан: "Жұмагүл екеуің Ақтөбеге келіп қыдырып қайтыңдар"- деді. Симферопольге самолет Ақтөбеден де ұшады екен. Балалардың қасына Ақбай жездемнің қыздары Сара мен Қазынаны қалдырып, бір жасар Гүлназымды алып Жұмагүл екеуміз Ақтөбеге бардық. Әділхан мен Гүлсара үйленгенде мен тамада болған едім. Өткен-кеткенді еске түсіріп, Әділханның үйінде екі күн қонақ болдық. Ертеңіне Әбжәмидің үйінде болып, сол күні мен самолетпен Симферополдьге ұштым. Жұмагүл мен Гүлназым қызым келесі күні поезбен ауылға қайтты.


Қырымнан поезбен Мәскеу арқылы қайттым. Билеттің ыңғайы солай болды, Мәскеуде бір тәулікке жуық аялдауыма тура келді. Осындағы К.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясының мамандық жетілдіру курсында оқығаныма он екі жылдай уақыт өтіпті. Академияға бардым. Бұдан он екі жыл бұрын жүрген жерлермен қайта жүріп, бір мүшел болса да жас кезімді есіме түсірдім. Қаланың басқа да жерлерін аралап көрдім. Келесі күні Қазан вокзалынан елге қарай поезға отырдым. 


1988 жылдың көктемінде Қызылорда қаласындағы мал тұқымын асылдандыру жөніндегі жаңадан ашылған мекемеге жұмысқа орналастым. Мекеме Қызылордада болғанымен, жұмысым Қазалы ауданында еді. Аудандағы қой шаруашылығын асылдандыру жұмысымен айналысамын. Асылтұқымды шаруашылық болып есептелетін "Қазалы" және "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы кеңшарлардың фермаларын аралаймын. Мамандармен бірлесе жүріп мал басын іріктеу, сұрыптау жұмыстарын жүргіземіз. Өзімнің мамандығым бойынша жұмыс істеу маған әрқашанда қызықты болып көрінетін еді.


Сол жылдың жазында Қазалы қыстағына көшіп келдік. Осы кездері Шымкент жаққа көшемін бе деген ойда жүрген едім, сол себептен Қазалыдан үй алғаным жоқ. Таныс адамның бос үйінде бес-алты айдай тұрдық.


Осы қыста Құтан науқастанды. Ауырып қалғанын естігеннен кейін бардым. Жүдеп қалған екен. Үйдегілер рак па деп қауіптеніп отырғандарын айтты. Ауырып жүрсе де осы уақытқа дейін жұмысынан қол үзбепті. "Аралсоль" комбинатының тұз қалталайтын цехында мастер болып істейтін еді. Мен барардың алдында ғана, ауруы жанына бата бастаған соң, дәрігерге көрінген екен. Арал қаласындағы дәрігерлер асқазан ауруы деп ем-дом жасаған болыпты. Бірақ ешқандай көмек болмаған көрінеді. Ол кезде қазіргідей УЗИ аппараттары жоқ еді. Үржан апаммен ақылдаса отырып, Қызылордаға алып барайық деп шештік.


Жиен қарындасым Ақзада екеуміз Қызылорда қаласындағы облыстық ауруханаға алып бардық. Дәрігерлер көріп-тексеріп болғаннан кейін операция жасау қажет деді. Операциядан соң рак деп диагнозын анықтады. Өзіне айтқанымыз жоқ. "Ауылға барып бір айдай ағарған ішсін деп қайтарды"- дедік. Келгеннен кейін екі айдан соң қайтыс болды...


Үржан апам тұңғышын қырық күн бойы дауыс салып жоқтап отырды. "Ботам-ау..." деп жылағанда, басқаны қайдам, өзім әзер шыдап отыратын едім. Есімді білгеннен бірге ойнап өскен жиенімнің бұл қазасы маған да оңай болған жоқ. Оның үстіне сол кезеңдерде жұмыста да, тұрмыста да біршама қиыншылықтар болған еді...


Бірақ өмір тек қиыншылықтар мен сәтсіздіктерден ғана тұрмайды екен, оның қуанышты кезеңдері де болады екен. Оған көп ұзамай-ақ көзіміз жетті. Бір аштықтың бір тоқтығы болады деп қазақ бекер айтпапты – 1989 жылдың мамыр айында Алмасбек атты ұлды болдық. Шешем: "Келінім түбінде ер балалы болады, атын Алмасбек қойыңдар"- деуші еді. Сол себептен, ат қоярда онша қиналғанымыз жоқ[40].


Мына қуаныштан кейін Жаңақазалы қыстағынан үй алдық. Біз сол үйге кіргенімізде Алмасбек бесікте болатын. Ұйықтап жатқан баланы бесігімен көтеріп алып барғанбыз.


Көптен күткен ер балалы болдық, жаңа үй алдық. Осы үйде ағайын-туыс, дос-жаран, тамыр-таныс пен көрші-қолаңдарды шақырып той жасадық. Жаңақорған ауданынан Қалдан, Аралдан Сақитжан, Байқоңырдан Базарбай келді. Алдыңғы екеуі институтта, соңғысы мектепте бірге оқыған достарым. Осылайша, Жаңақазалы қыстағындағы Терешкова көшесі №22-ші үйде, үш күнге созылған той болып өтті.


 


* * *


 


1991 жыл елеулі жаңалықтарға толы болды.


Осы жылы бүкіл дүние жүзі бойынша айбатты мемлекет болып есептелген Кеңестер Одағы өзінің өмір сүруін тоқтатты.  Бұл адамның ойы түгілі, түсіне де кірмеген жаңалық болатын. Егер соның алдында: "Жақында КСРО құлайды"- десе, оған ешкім сенбес еді. Дегенмен осы құдіретті мемлекет бүкіл әлем алдында күлкіге ұшырап, өзінен-өзі тарап кетті. Одақтас республикалар енді тәуелсіз мемлекеттерге айналды. Осылайша, біз де өз тәуелсіздігімізді алдық[41].


Осы жылдың үлесіне тиген жергілікті маңызы бар мәселеге келетін болсақ, ол біздің мектеп бітіруімізге жиырма бес жыл толуы еді. Осы датаны атап өтудің қамына бұдан бір жыл бұрын кіріскенбіз. 1991 жылы тамыз айының 19-21 күндері Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев атындағы №24 қазақ орта мектебінің 1966 жылы оныншы класын бітірген түлектер Карл Маркс атындағы кеңшарда жиналып, мектеп бітіруіміздің жиырма бес жылдығын атап өттік.


Екі класта алпысқа жуық түлек бітіргенбіз. Есепке алғанымызда (арасында бірнеше жыл оқып кеткендері де бар), барлығы алпыс бес түлек болды. Осының ішінен алты түлек қаза болған екен (ішінде Ортай да бар). Сабақ берген ұстаздардан да алтауы қайтыс болыпты. Алдымен солардың бейітіне барып құран бағыштадық.


Ортай досымыздың үйіне бардық. Анасы мен жарына амандасып, үйінен дәм ауыз тидік. Екі ер баласы мен бір қызы бар. Әйелі Күнқияшты балаларымен бірге алып келіп, кездесуге қатыстырдық. Мектеп бітірушілер түгелге жуық жиналды. Араларында жиырма бес жыл бойы кездеспегендері де бар екен. Бірін-бірі танымай қалып: "Осы сен кім едің?…"- деп жүргендері де бар. Кездесу есте қаларлықтай өте қызықты жағдайда өтті.


"Достар, достар, жүрсің қайда,


Бірге еді ғой жанымыз.


Еске алысып осындайда,


Кел шырқайық бәріміз...


Бәріміз де таптық бүгін,


Бақыт жолын іздеген.


Дос үміті, достық сезім,


Әрқашанда бізбенен... "- деген белгілі әуен үш күн бойы ауыл аспанында армансыз қалықтады.


Кездесу аяқталып, бәріміз тарқар кезде, Мәскеуде ГКЧП дегендердің (Ерекше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия) пайда болғанын, олардың М.С.Горбачевты орнынан алғысы келіп әрекет жасағандарын естідік. Бірақ, ол әрекеттерінен ештеңе шықпапты.


Ол күндері біздің саясатта шаруамыз болған жоқ еді. Егер саясатпен сен айналыспасаң, сенімен ол айналысады деген сөз бар. Алғашқыда мән бермегенмен, осы оқиғаның соңы жоғарыда айтқандай Одақтың тарқауына әкеліп соқты. Одан кейінгі болған өзгерістер бүкіл халықтың саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдайларының өзгеруіне, олардың өмір сүру жүйесінің бұрыннан қалыптасып келе жатқан арнасынан басқа арнаға ауысуына, яғни социалистік жүйеден капиталистік жүйеге өтуіне әкелді.


Бастауын К.Маркс пен Ф.Энгельстің "Коммунистік партияның Манифесінен" алған, бүкіл Европаны "елес болып кезіп", ақыр соңында Ресейде 1917 жылы алғаш рет еңбекші табының мемлекеті құрылуына алып келген коммунизм идеясы Кеңес территориясында осылайша күйреді. Сөйтіп, жетпіс үш жыл өмір сүрген осы алып мемлекет тарих қойнауына кете барды.


Енді ел басқару жүйесі де өзгерді. Бұрынғы бірінші хатшылардың орнын әкімдер басты. 1990-95 жылдар аралығында Қазалы ауданында бірнеше басшы ауысты. Елеу Көшербаевтан кейін Жарылқасын Шәріпов, одан кейін Нәжмәдин Мұсабаев[42] ауданға әкім болды.


Нәжмәдин бұған дейін Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болған еді. Бұрыннан жақсы қатынаста болатынбыз. Ауданға әкім болып келгеннен кейін құттықтап шығайын деп бардым. Қабылдау бөлмесінде адам көп екен, бір сағаттай күтуіме тура келді. Бұрынғы қалпынша ашық-жарқын қабылдады. Амандасып болғаннан кейін не жұмыс істеп жатқанымды сұрады. Мен қазіргі жұмысымды айттым. "Бұдан да тәуірін тауып беретін болсаң, қолыңда ғой"- деп әзілдеген едім, ол қалтасынан қойын кітапшасын алып, жаза бастады. "Сенің фамилияңды жазып жатырмын"- деді жымиып. "Қабылдауыңа кіру оңай емес екен, Нәке, ендігі хабар өзіңнен болар"- дедім де, қоштасып кабинетінен шықтым.


Арада бір айдай уақыт өткенде аудандағы "Бозкөл" кеңшарының директорлығын ұсынды. Бұл барлық шаруашылықтардың күйзеліске ұшырап, берекесі кетіп жатқан кез болатын. "Қызылқұм" кеңшарынан денсаулығыма байланысты арыз беріп шығып, енді мынандай апыр-топыр болып жатқан кезде, "Бозкөл" кеңшарын қабылдағаным қалай болады? Барғым келмеді. "Нәке, рахмет! Енді мені кеңшарға директор болуға қинамай-ақ қойыңыз, денсаулығым жарамайды. Мүмкіндігі болып жатса аудан орталығынан бір мекеме беріңіз. Үлкені табылмаса, кішісі де болады"- дедім. Ұсынысынан бас тартқаныма ренжіді ме:  "Мүмкіндігі болса… көрерміз"- деді де қойды.


Осы жылдары Қазалы ауданының орталығы (Жаңақазалы қыстағы)  Әйтеке би кенті аталды. Біздің ауылдың да аты өзгерді - бұрынғы Карл Маркс атындағы кеңшар енді Бекарыстан би ауылы болды.


Бекарыстан би біздің Асан атамыздың Матығұл атты немересінен туған Нұрыбай бидің ұрпағы. Жанқожа батырмен замандас болған. Атақты батыр мен айтулы бидің бір-бірімен жақсы сыйластығы жөнінде Ә.Оспановтың "Жанқожа батыр" кітабынан оқуға болады. Асан руының туын тіккен жері, асандардың қара шаңырағы болып есептелетін ауылдың Бекарыстан бидің[43] атымен аталуы  құптарлық іс болды.


Енді қайтадан жұмыс жайына оралайық.


Мекеме Қызылордада болғанымен, негізгі жұмысымның ауданда екенін жоғарыда айттым. Астымда мекеменің қызметке пайдалануға берген УАЗ машинасы бар. Қызылордаға айына бір рет барып, есеп беріп қайтамын. Арасында біздің мекемемен келісім-шартқа отырған кеңшарларды аралап, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарымен айналысамын. Бастығым Ыбыраев Нұртаза мені сонау директор кезімнен білетін еді, осы кісінің көмегімен астымдағы машинаны кейін жекеге сатып алдым.


Күзге таяу Алматыда өткен "Қарқара-93" жәрмеңкесіне қатыстық. Республикадағы ауыл шаруашылығы саласының мекемелері өздерінің өндірген өнімдерін алып барып көрсетіп жатты. Біз де асыл тұқымды қошқарлар мен қаракөл елтірілерін апарғанбыз. Осы жәрменкеде Ауыл шаруашылығы министрлігінде жұмыс істейтін Жүгінісов Сембайды кездестірдім. Мектепте менен бір жыл кейін оқыған жігіт еді, мамандығы агроном болатын (ауыл шаруашылығы институтын бітірген). Алматының орталығында екі бөлмелі пәтері бар екен. Үйінде болдым. Сөз арасында бизнеспен айналысқысы келетінін айтып,  бірігіп жұмыс істеуге ұсыныс жасады. Министрліктегі кейбір жігіттер жеке фирмаларын ашып алыпты. Солардан қарызға зат алуға болатынын, сол заттарды ауылға апарып сату үшін қасына серік керек екендігін айтты. Мен табан астында ештеңе айта қойғаным жоқ, істеп жатқан жұмысым да жаман емес болатын.


 Бірақ адамның емес, Алланың айтқаны болады деген сөз рас екен. Сол жылдың күзінде біздің мекеме жұмысын тоқтатты. Мекеменің тарқауына себеп болған жағдай - кеңшарлардың жаппай таратылуы, қоғамдық мал басының күрт азаюы еді.


Мекеме тарқағаннан кейін Сембайға телефон шалдым. Баяғы айтқан тірлігінің жайын сұрадым. "Хабар өзімнен болады, күтіп жата бер"- дегенді айтты. Көп ұзамай: "Алматыға келуің керек. Осы жақтан тауар алып, ауылға апарамыз. Ауылдан зат тиеп келетін машина табылып жатса тіптен дұрыс болар еді, арзанға түседі"- деді. Арада екі-үш күн өткенде бір мекеменің Алматыға күріш тиеп апарғалы тұрған КамАЗ автокөлігімен келісіп, поезға міндім.


Менің үш жылға созылған коммерциямен айналысуым осылай басталды. Қазіргі коммерция деп атап жүрген кәсіптің қазақшасы кәдімгі сауда-саттық. Бұл кәсіппен мен осы жасыма дейін айналысып көрген емес едім. Басқа түссе баспақшы демекші, сол сапарда Сембай екеуміз әкеліп арақ саттық. Алғашқы жоспарымыз ұн немесе қант алу болатын, бірақ Қытайдан кілең арақ келген екен. Келесі партиясын күтуге ауылдан келген машинаның жүргізушісі көнбеді, амалсыздан арақ тиедік. Тіркемелі КамАЗ-ға жүзден астам қорап тиелді. Қазалыға аман-сау жетіп, үйге түсірдік. Ендігі жұмысты менің машинаммен бітірдік. Сыйғанынша тиеп алып, дүкендерге көтере өткіземіз. Арал, Сольтрест, Байқоңыр және Қармақшыға дейін апарып өткізіп  жүрдік. Сембай екеуміз бұл жолы әжептәуір пайда көрдік. Тауардың құнына қоса өз үлесін алып, Сембай Алматыға қайтты.


Қалған ақшаны жинап, қыста Алматыға бардым. Бұл жолы бір мекемемен тауарды көтере өткізетін болып келіскенмін, сол мекеменің машинасымен бардым. Сембай басқа тірліктер жасап жатыр екен, өзіндегі бар ақшаның айналымда жүргенін айтты. Қолымдағы ақшаға Алматының темекі комбинатынан темекі алдым. Машинаны толық жүктеп алып, ауылға қайттым.


Жол-жөнекей МАИ қызметкерлері тоқтатады. Құжаттарымыз дұрыс болса да, ақы төлемесең өткібейді. Әр бекеттің белгілі ақысы бар - кейде темекі алады, кейде ақша сұрайды. Қазалыға жетем дегенше санап келе жатырмын, қырық үш жерден тоқтатты. Оларға беретін пұлды бөлек шығарып қойғанмын, оған қиналғаным жоқ. Қиыны - әкеле жатқан темекінің жолда су тиіп бүлінгені болды.


Жалағашқа жақындағанда түн болған еді. Осында Жұмагүлдің сіңлісі Жұмабикенің үйі бар. Шаршап келе жатқасын, тынығып дем алайық дедік. Қуат бажамыз екеуміз біраз әңгімелесіп, түн ортасы ауа ұйықтағанбыз. Ақпан айы болатын. Түнгі төрттің шамасында далаға шыққан едім - жаңбыр жауып тұр екен. Қыстың ортасында жаңбыр жауады деген кімнің ойында бар? Жабыла жүріп үйдегі алаша, киізбен үстін жапқан болдық.


Ауылға келіп сұрыптаған кезде кузовтағы бес қатар жиналған темекі қорабының жоғарғы қатары түгелдей бүлінген болып шықты. Сатуға жарамай қалды. Темекіге су тигенін білгеннен кейін, өтпей қалады деп ойлаған болуы керек, мекеме қабылдамай қойды. Амал жоқ, олармен транспорт үшін есеп айырысып, тауарды өзімнің сатуыма тура келді.


Ленинск қаласында сыра зауытының директоры болып жұмыс істеп жатқан Базарбайдың көп көмегі тиді. Темекіні қала ішіндегі өзіне қарасты азық-түлік дүкендеріне өткіздірді, ақшасын дүкеншілерден алып берді. Бұл жолғы тірліктен пайда көре алмадым. Қолдағы пұлмен Алматыға үшінші рет бардым. Шәй алып, оны поезбен әкелдім. Бұл жолы да Базарбайдың айтуымен дүкеншілер қабылдап алып, ақшасын санап берді.


 


* * *


 


1994 жылы Құралай мектеп бітірді. Ақылдаса келе, Қызылорданың педагогикалық институтына құжат тапсыруға ұйғардық. Үржан апамның Үрзия атты қызы сонда тұратын еді. Жиен қарындасымның үйіне барып түстік.


Менің ойым тіл-әдебиет факультетіне тапсыру еді, Құралай журналистиканы қалады. Журналист болу үшін табиғи талант керек, басқа мамандықтарды оқып үйренуге болар, журналистиканы оқып үйренуге болады дегенге мен сенбеймін. Баламның қабілетіне күмән келтіргенім жоқ, бірақ сол мамандықтың алдағы қиындығын ойладым. Дегенмен, өзінің қалауы солай болғасын, бетін қаққаным жоқ. Сол жылы ашылған журналистика факультетіне құжат тапсырдық.


Емтихан тапсыратын күн де келіп жетті. Таңертеңгі сағат тоғызда Құралайды ішке кіргізіп, өзім сыртта қалдым. Тест сұрақтарына жауап беруге төрт сағат уақыт беріледі екен. "Әр сұрақты байыппен оқы, асықпай жауап қайтар. Бітірдім деп ерте шықпа, уақытың болса қайта тексеріп шық"- деп қайта-қайта айтып тапсырғанмын.


Сағат он бірге таман тапсырушылардың алды шыға бастады. Он екіден өте көпшілігі шығып болды. Құралай әлі жоқ. Мен алаңдай бастадым. Сағат бірге он минут қалғанда ең соңғылардың бірі болып шықты-ау, әйтеуір.


-  Неге соншама кешіктің?


-  Өзіңіз әбден тексеріп, уақытың жақындағанда ғана шығарсың дегеннен кейін соңына дейін отырдым.


 -  Қалай тапсырдың?  Өзіңше қанша балл болды?


 - Шамамен жүз балдай болатын шығар,- дейді (1994 жылы балл есептеу жүйесі сәл өзгеше болатын).


Үш күннен кейін талапкерлердің алған бағалары ілінді. Құралайдың бағасы сол өзі айтқан шамада екен. Солай да болса, түсе алмай қала ма деген қауіппен, ректордың атына өтініш жаздым. Алған балының анықтығына көз жеткізгім келді, яғни толтырылған қағазды өзімізге көрсетуін өтіндім (талапкердің немесе ата-анасының ондай құқығы бар екен). Өзіміз сияқты өтініш жасаған ата-аналарды қабылдау комиссиясының әдейі дайындаған бөлмесіне кіргізді. Ол кездері қазіргідей компьютерлер жоқ, жауаптың дұрыс-бұрыстығы трафарет арқылы тексеріледі. Сұрақтардың жауабын көрсетіп, қойылған бағаның дұрыстығына көзімізді жеткізді.


Енді конкурстан өту керек еді. Бір аптадан кейін конкурс басталды. Журналистика бөліміне қабылданған жиырма студенттің бірі болып Құралай оқуға түсті. Үрзияның үйінде жатып оқитын болып келісіп, ауылға қайттық.                 


Сол жылдары Сольтресте тұратын Үржан апам Алматыға көшті. Арал теңізі тартылып, Кеңес үкіметі тарқағаннан кейін берекеті кеткен комбинаттан ел көше бастаған болатын. Осы көшке ілесіп Үржан апам да қолындағы Болат атты баласымен сонау Алматының арғы жағындағы Кербұлақ деген ауылға қоныс аударды.


Орналасқан жерін көрейін, жағдайларын білейін деген оймен 1995 жылдың жазында Кербұлаққа бардым. Алматыдан автобус қатынайды екен. Қапшағай теңізінің жағасымен жүріп отырып, үш сағатта аулына жеттім. Бұрын немістер қоныстанған мекен, Одақ тарқағаннан кейін немістердің барлығы елдеріне - Германияға көшіп кетіпті. Босап қалған үйлерге Аралдан көшіп келген отбасыларды орналастырған екен. Апама да үш бөлмелі үй тиісіпті.


Елдің айналысатын тірлігі пияз егу. Арендаға жер алып, соған пияз егіп, алған өнімін сатып тіршілік жасайды. Бұрын қолына кетпен ұстап әуестенбеген, жер түртіп көрмеген аралдықтар әжептәуір егінші болып алыпты. Келген күннің ертеңіне апам қоярда-қоймай егістіктің басына алып барды. Еккен пияздарын көрсетті. Пияз алқабы ауылдың іргесінде екен, жаяу барып  қайттық. Немересін арқалап алған апам Қарақалпақстанда әкемнің бақша еккенін, жасы он-он бірлердегі жас қыздың (өзінің) әкесіне қалай көмектескенін айтып келеді.


- Әкем портта жұмыс істеп жүргенде жүктің астында қалып, бірнеше қабырғасы сынған болатын. Ауруханада жатып емделді. Кейін Манкент курортына барып, демалып қайтқан еді. Көпке дейін жұмысқа жарамады, үйде болды. Ауыл маңындағы Әмудария өзеніне ау салатынбыз. Ескекті мен есетін едім. Көкем ескек есуге жарамайды, ау төгіп отырады. Суалмаға тары себетінбіз, бақша егетінбіз. Онда да қасында мен жүремін.


Бір жолы әкем қар кете бастағанде өзен жағасында өскен қалың шеңгел мен жыңғылды аударып, орнын тегістеді. Көктемде жаңағы жерге дарияның суы жайылған еді. Сол жерге қауын, қарбыз, асқабақ, тары сияқты дақылдардың тұқымын тастады. Содан кейінгі көктеп шыққан бақшаны көрсеңіз! Сол бақшаның өніміне жұрттың бәрі таң қалды. Тың жерге еккендіктен болар, асқабақтың үлкендігі сондай, үстінде отырған баланың аяғы жерге тимейтін еді. Ой, дүние-ай (апам таң қалып келеді- И.А.), қазіргі заманда он жастағы бала тамағын жыламай ішпейді, ал біз үйдің тірлігіне араластық, тамақ таптық.


 Бір күні құрған ауымызға сүңгуір үйректер түсіп қалыпты. Бұрын-соңды бұндайды кім көрген?! Үйге балығы мен үйрегі араласқан бірнеше қап  олжамен оралдық. Сол күні апам (шешемді айтады- И.А.) Кәлиманы босанған еді. Осылайша, Кәмаштың шілдеханасында ауыл-аймақты балық пен үйрекке бір тойғызғанымыз бар. Әкем ауды дарияның ағысы баяу қалтарысына салған еді, сірә, ауға түсіп жүрген су астынан сүйрік қиямын деп сүңгіген үйректер болса керек. Бұдан кейін, қанша салсақ та, ауға үйрек түскенін көргенім жоқ.


- Мен әкемді әскерден алып қалғанмын,- деп күлді апам үйге келіп жайғасып отырғаннан кейін.


- Қалайша?


- Әкем біреулерден: "Әскерге алып кетейін деп жатыр"- деп хабар айтып жіберіпті. Осы хабарды есіту бойына апам аздаған азық-түлікті  қолыма ұстатты да, Талдық пристанына жіберді (біздің үй пристаннан үш-төрт шақырым жерде болатын). Өзі бара алмады, Кәлима ол кезде емізулі еді.


Апам одан арғы әңгімесін былай баяндайды: "Қолымда түйіншегім бар, жүгіріп өзенге келсем, соңғы паром кеткелі жатыр екен. Паромға мініп арғы бетке өттім де жүгіре жөнелдім. Өкпем өшкенше жүгіріп, азғана дем алайыншы деп отырсам, қалғып кетіппін. Қанша ұйықтағанымды білмеймін, бір кезде: "Тез жет!.."- деген дауыстан шошып ояндым. Айналама қарасам, адам жоқ. Қорыққанымнан қайта-қайта "біссімілләмді" айтып, артыма қарамастан жүгіре жөнелдім.


Екі өкпемді қолыма алып пристанға мен де жеттім, пароход гудогін беріп, жүруге бейімделіп жатыр екен. Кеме үстіндегі адамдардың қайсысы әкем екенін білмеймін, бірақ солардың ішінде әкемнің барын бала көңілім білді. Кеткелі тұрған кемеге карай: "Көке, көке!.."- деп айқай салдым. Суға құлап кетердей болып портты жағалап жүгіріп жүрген мені көрді-ау деймін, жинап алынған трап қайтадан түсірілді. Иығында қолдорбасы бар әкем түсіп келеді. Келе сала мені құшақтап: "Құлыным!"- деп бауырына басты. Мен көкемнің мойнына асылып, жылай беріппін.


Осы кезде әскер формасындағы бір адам қасымызға келді. Әкемнен: "Панаев, твоя кызымка?"- деп сұрады. "Иә, мой кызымка… менің қызым..."- деп жатыр көкем. Маған әлгі адам әкемді алып кететіндей болып көрінді. Көкемнің мойнынан тас қылып құшақтап алып, жібермедім. Осы кезде кеме трабын көтеріп, портқа байланған арқанын жинап алып, кете барыпты. Әлгі әскери адам көкеме: "Келесі рейспен жіберерміз, Панаев"- деді.


Ертеңіне қуанышты хабар естідік. Москвадан түнде телеграмма келіпті - порттағы жұмысшыларды соғысқа алмайтын болыпты, яғни бронь беріліпті. Осылайша, әкем соғыстан қалды. Бұл 1943 жыл болатын. Егер мен сол жолы жетіп үлгірмегенімде, әкемді майданға алып кеткен болар еді... [44]"


Үржан апамның кескін-келбеті әкеме тартқанымен, мінезі мен сөз сөйлеу мәнері анама келетін. Әңгіме айтуы да, есте сақтау қабілеті де ерекше болатын. Жеті кластық білімі бар апайымның сауаттылығына мен таң қалатынмын. Егде тартқан шағының өзінде мектепте өткен сабақтарын жатқа айтып отыратын әдеті бар еді. Егер Үржан апам оқуын әрі қарай жалғастырғанда, одан үлкен оқымысты шығар еді ғой деп ойлаймын.


Сол жолы Кербұлақта үш күн болдым. Осы үш күннің ішінде тыңдаған әңгімелерімде шек жоқ еді. Апамның бұлай ағытылып сөйлегенін бұрын байқамаушы едім, сөйтсем, нағыз шежіре екен. Менің осы жазбаларымның дүниеге келуіне бір адам себепші болса, ол Үржан апам дер едім. Тағы бір айтарым - қаншама мұқият тыңдағаныңмен, айтылған әңгіменің бәрі бірдей есте қала бермейді екен. Аузынан шыққан сөзді қағазға түсіріп отыру ол кезде ойыма келмепті. Қазір, арада көп жылдар өткен соң, айтқандарының кейбір жерлері есімде қалмағанын байқап отырмын. 


Апам өзінің балалық шағын, әсіресе Мойнақ пен Аралда өткен жастық шағын көп еске алды. Аралда үй теңіз жағасында болыпты. Жазғы каникул кезінде апам портта жұмыс істейтін көкемнің қасында жиі болады екен.


Бірде балалармен суға шомылып жатады. Сол сәтте параход күтіп тұрған бір жолаушының қол сағаты суға түсіп кетіпті. Сірә, қымбат сағат болса керек, балалардан сағатын алып беруін өтінеді. Олар бірінен соң бірі суға сүңги бастайды. Ешқайсысы алып шыға алмайды. Әлгі сағатты апам алып шығыпты. Риза болған жолаушы порттағы дүкеннен қолсөмке сатып әперіпті. Ол кездері ондай сөмкені анау-мынау адам ұстамаушы еді дейді апам.


- Апамның (анамызды бәріміз де апа дейтінбіз- И.А.) ақша сақтайтын былғары сөмкесін көріп пе едің? Айтып отырғаным сол сөмке, кейін апама бергенмін.


Үйдегі сандықтың ішінде әдемі қолсөмке (ридикюль) жүретін еді. Анам ақша мен кейбір құжаттарды сонда сақтайтын. Бір кездері қара болғанымен, қазір ақжемі шыққан былғары қолсөмке үйде әлі бар.


-  Сол сөмке үйдегі Жанұзақ[45] соққан сандықтың ішінде,- дедім.


-  Көкемнен қалған зат бар ма?


- Көкемнің тымағы мен тәспихы бар. Қайтыс болғанда, кемпірлер тоқсанға келген шалдан теберік аламыз деп, көйлектеріне дейін алып кеткен еді. Түлкі тымағын ешкімге бермей алып қалғанмын.


Апам қуанып қалды.


 -  Сақтап қой!


Мені есіне ұстасын деді ме, біздің тегіміздің тармақтарын бірнеше рет қайталап айтты. Менің әжемнің, яғни көкемнің шешесінің аты Алмабике екенін (әкесінің есімі Қойбөрі, руы қаракесектің қасайы екен) сол жолы естідім. Бір өкінетінім, анамның шешесінің аты есімде қалмапты (оны да айтқан болатын), қазір ол кісінің есімін білетін адам қалмады.


Ауылға келгеннен кейін арада бес-алты ай өткенде апам ауырып қалды деген суыт телеграмма келді. Кәлима апам мен Тынымбай жездем үшеуміз Кербұлақ аулына жеттік. Төсекте жатыр екен. Жүдеп қалыпты. Алдыңғы көргендегімнен әлдеқайда жүдеу, екі көзі үңірейіп, жағы суалған.


Біздің келгенімізге қуанғанымен, басын көтеріп отыра алмады. Әуелде әлдеқандай шығар деп мойындамай жүріп, төсекке жатқанына екі ай уақыт болыпты. Соңғы кездері сүт пен шәй ішудің өзі қиындап қалыпты. Қасында бір апта болғаннан кейін, ауылда жұмыстарым бар екенін айтып, қайтуға рұқсат сұраған едім.


- Жұмысыңа барма деп айта алмаймын ғой...


Аз тыныс алып ойланып жатты да, сөзін қайта жалғастырды.


- Үйде көкемнің тымағы бар деген едің ғой... Құдайдың құдіреті,  көкемнің тері сіңген сол тымақты бір иіскесем, ауруымнан жазылып кететіндей болып жатқаным...


- Алып келейін, апа... Тез келемін ғой.


Бір аптадан соң келетінімді айтып ауылға қайттым. Тынымбай жездем мен Кәлима апайым қасында қалды.   


Арада апта өтпей-ақ Кербұлақтан телеграмма келді: "Тез жет, апам қайтыс болды". Төретам қыстағында тұратын немере туысым - әкемнің Сахи атты інісінің баласы Нұртуғанға, Карл Маркс атындағы кеңшарда тұратын ағайындарға хабар айтылды. Нұртуған екеуміз сол күні поезға міндік. Қазалыдан Алматыға, одан әрі автобуспен Кербұлаққа жетем дегенше екі тәулік өткен еді...


Біз барғанда апамды жерлеп қойған екен.


Үзілер алдында аулаға шығаруды өтініпті. Балалары әбден әлсіреген адамды орнынан қозғағылары келмеген екен. "Далаға шығарыңдаршы, жарық дүниені соңғы рет бір көрейін"- дегесін шыдай алмаған Тынымбай мен Кәлима қаумалап көтеріп есік алдына апарыпты. Сол кезде аспандағы жайнаған жұлдыздарға бір қарапты да: "Ислам…"- деп бір ауыз ғана сөз айтып үзіліп жүре беріпті. Мұны маған сол кезде қасында болған Кәлима апам айтты. Мен үшін өзінің баласын садақаға айтқан апам-ай, қу тірліктің соңында жүріп бақи дүниеге аттанар алдында жаныңда болмай, дұрыс жасамадым ба?


"Хош бол, апа! Топырағың торқа болсын, апа!"


Әлі топырағы кебе қоймаған бейіттің басында Үржан апайымның әруағына бағыштап құран оқылды. Жетілігін өткізіп болғасын Тынымбай, Кәлима, Нұртуған төртеуміз елге қайттық.


Қазақта "ағайын бір өліде, бір тіріде" деген сөз бар. Мұнысы жақын-жанашыр туыстардың қуанышты жағдайда немесе осындай қазада міндетті түрде бастары қосылады дегені. Жердің шалғайлығынан болар, ауылдағы ағайындар апамды жерлеуге келе алмады. Алыста болғандықтан Қашқынбайға[46] хабар берілмеді.


...Арада бес-алты айдай уақыт өткенде Кәлима апамның баласын - Мейрамбек жиенімді үйлендірдік. Бұл үйленудің ерекше тарихы бар.


Үржан апам төсек тартып жатқанда, қасында қолын уқалап отырған Тынымбай жездем бір әңгіменің шетін шығарған болатын. 


-  Апа, маған бір ой келіп отыр. Қолыңыздағы Жәконды маған бала қылып берсеңіз қайтеді? Мейрамбегіммен бірдей көрер едім, осыған қалай қарайсыз?


Айтып отырған Жәконы Құтанның қызы Жауқазын, ал Мейрамбегі - өзінің баласы. Бұл жөнінде Кәлимамен ақылдасқан-ақылдаспағанын білмеймін, мен үшін күтпеген жағдай болатын. Екеуі ағайынды қыздардың балалары, туған бөлелер емес пе?  (Дұрысында, Жайқазын Үржан апамның немересі еді).


Апам:


- Тынымбай-ау, көңілімді сұрайын деп келді ме десем, құда түсуге келген екенсің ғой,- деді.


Бұл сөзге жездем ешқандай жауап қайтара алмады. Сәлден соң апам: "Исламжан, сен бұған не айтасың? "- деді маған қарап.


Мен не айтарымды білмей отырмын. Туған бөлелердің үйленуіне бола ма? Қазақта осындай салт-дәстүр бар ма? Шынымды айтайын, мен бұны алғашқыда құптай қойғаным жоқ.


Менен жауап бола қоймағаннан кейін Үржан апам тағы да:


-  Мейрамбекті көп біле бермеймін ғой... Ол жиенің қандай еді?- деп сұрады.


Туған жиенім жайлы не айтуым керек?


-  Не дейін, апа? Бізден шыққан жиен ғой...


-  Саған ұқсаса жаман бола қоймас...


Бұдан басқа ешнәрсе айтқан жоқ. 


Ертеңіне таңертеңгі шәйдің үстінде:


- Алланың маңдайға не жазғанын кім біледі? Солай да болса, Құтаннан қалған төртеуінің[47] жамандық көрмегенін тілеймін. Қоянның көжегіндей болған Жауқазынды әуелі саған, сосын барып Кәлима мен Тынымбайға тапсырдым!- деді апам маған қарап.


Бұл келіскені еді. Сәлден соң Жәконды шақырып алды. Аяқ жағына келіп жайғасқан Жәконге:


- Айналайын, балам! Сен менің Құтанымның көзісің. Менің ендігі жерде Алладан тілеп жатқаным сендердің жыламай жүргендерің. Мына Кәлиманың менің бауырым екенін білесің, көзімнің тірісінде сені соның баласы Мейрамбекке қосып кеткелі отырмын. Осыған қалай қарайсың? Мен сені зорламаймын, ақылың бар еді ғой, ойлан...- деді.


Болып жатқан жағдайға менің өзім толық түсіне алмай отырғанда,  Жауқазынға не жорық? Әжесінің аяқ жағында тізесін бүгіп отырған күйі, қолымен бетін басып, жылап жіберді. Мен Жауқазын орнынан ұшып тұрып, далаға шығып кетер, болмаса еш жауап қатпас деп ойлаған едім.  Жоқ, олай етпеді, өксігін басып сәл отырды да:


-  Мама, сіздің айтқаныңыз болсын!- деді.


Міне, бұл үйлену тойының тарихы осындай. Екеуі де менің туған жиендерім. Мейрамбек жиеніме кейде "күйеу баласың" деп әзілдесем, үндемей ғана жымияды.


...Арада бір жылдай уақыт өткенде Кәлима апам телефон шалды:


-  Шүйінші! Жәкон ер бала босанды, атын өзің қой.


-  Шоқан болсын,- дедім.


Шоқан маған жиеншар, Құтанға жиен еді.


 


* * *


 


…Бұл Арал теңізінің тартылып, зардабы облыстың ғана емес, бүкіл аймақтың қасіретіне айналған кез болатын. Кіндік қанымыз тамған жер болғандықтан Арал тағдыры бәрімізді де ойландыратын еді, енді не болар екен дегендей елеңдеп күтетінбіз. Проблеманы шешудің бірнеше жобалары сонау Кеңес кезінде-ақ жасалынған болатын. Аралды өзінің табиғи арнасы Әму мен Сыр арқылы толтыру мүмкін болмағандықтан, Каспий мен теріскей өзендерінің суын пайдалану жобалары болды. Осы екі жобаның соңғысына тоқтап, Ертіс өзенінің суын Аралға қарай бұру жөнінде КОКП ОК-нің Бас хатшысы Л.И.Брежневтің кезінде арнайы қаулы қабылданды. Осыған сәйкес зерттеу жұмыстары басталды. Каналдың басы Ресей жерінен басталып (Ертістің Обь өзеніне құйылысынан), сағасы Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданының Кемесалған деген жерінен Сырдарияға құю болатын. Бұл жұмыс Брежнев қайтыс болғаннан кейін тоқтап қалды[48]. Кезінде Кеңес Одағы деп аталған алып мемлекеттің мақта мен күріш көлемін ұлғайту үшін жасаған жұмыстарының зардабын, ол мемлекет жоқ болғаннан кейін, енді Арал маңының халқы тартты.


Оған Байқоңырдан ұшатын ғарыш зымырандары қосылып, бұл жер адам тұруға қауіпті аймаққа айналды. Кеңес үкіметі кезіндегі берілген жеңілдіктер біртіндеп жойыла бастады. Түрлі аурулар  көбейді. Бұл жағдайды "көппен көрген ұлы той" деуге келмейтін еді. Проблеманы халықаралық деңгейге көтердік дегенмен Арал зардабының салмағы тек Қызылорда облысына, әсіресе Қазалы мен Арал аудандарының халқына түсті. "Аралды құтқару!" деген ұранмен құрылған сансыз қорлардың да пайдасы аз болды, халық өз проблемасымен жеке-дара қалды. Осыдан кейін жергілікті тұрғындар ата-бабасының мекенін тастап, басқа жаққа көше бастады. 


Солардың бірі болып Тынымбай жездем де 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Түлкібас ауданына қоныс аударды.


 


* * *


1996 жылы Алмас бірінші класқа барды.


Мен балаларымның бәрін қазақ мектебінде оқыттым. Кейбір адамдардың балаларын орыс мектебіне беріп жатқандарын көзім көріп жүрді. Қалаға келгеннен кейін ондай мүмкіндік те болған еді, бірақ балаларымды қазақ мектебіне оқытуыма мына бір оқиға себеп болды.


Алматыда оқып жүрген кезім болатын. Каникулде Сольтрестегі Срадин жездемнің үйіне барып қайтқанмын. Қайтарда Аралдағы Едіге ағамның үйіне соқтым. Неге екені белгісіз, ағам ренжіп отыр екен. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін бір әңгіменің шетін бастады.


- Үлкен балам қазір оныншы, кішісі бесінші класта оқиды. Осы екеуінің мінездері екі түрлі, соған өзім таң қалып отырмын,- дегені.


Едіге ағам Ұлы Отан соғысына қатысқан, екі аяғынан бірдей айырылған адам (қос балдақпен жүреді). Солай болса да қызметтен қалмай, аудандық оқу бөлімінде бас бухгалтер болып жұмыс істейтін еді.


- Үлкенім қас-қабағыма қарайды, қолынан келгенше жәрдемін жасауға тырысып жүреді. Далаға шықсам, киімімді киюге көмектеседі, аяқ киіміме дейін әкеліп қойып жатады. Үйге кірсем, шешінуге көмектесіп, киімімді іліп жатады. Ал кішісі олай емес, менімен шаруасы жоқ,- деп жалғастырды әңгімесін.


-  Әлі жас қой. Есейе келе түсінер, аға.


- Түсінетін шығар... Бірақ мен бұны басқадан емес, өзімнен көріп отырмын.


-  Қалайша?


- Үлкен балам қазақ мектебінде оқиды. Кішісін жұрт беріп жатыр ғой деп орыс мектебіне бергенмін. Осы бала қазір өзімізді "оқыта" бастады. "Неге тамақты жерге отырып жейсіңдер, неге етті қолмен жейсіңдер? Тамақты үстелде отырып жеу керек, етті қолмен емес, вилкамен жеу керек!"- дейтінді шығарды. Бірге оқитын орыс балалардың үйлеріне барады, солардан көргенін айтады ғой деймін. Өсе келе не орыс емес, не қазақ емес - дүбәра біреу болып шыға ма деп қорқайын дедім. Енді қайтадан қазақ мектебіне беруге кеш қалды. Есіңде болсын, балаңды орыс мектебіне берме!


-  Аға, алдымен үйленіп алайын,- деп күлген едім.


- Үйленесің ғой... балалы да боларсың әлі... Тек менің осы айтқанымды есіңнен шығарма!- деді тағы қайталап.


Мен ол кезде Едіге ағамның осы сөзін қоштарымды да, қоштамасымды да білмегенмін. Бірақ ағамның[49] торыға айтқан сөзі мен ренішті кейпі есімде қалыпты. Балаларымның бәрін қазақ мектебіне оқытуыма осы сөз себеп болды ғой деймін? "Талағында биті бар бала әйтеуір бір жерден шығады..."- деп қазақ бекер айтпаған шығар, болайын деген бала қандай мектепті бітірсе де адам болады деп ойлаймын! Біздің тұқымға ұқсаса жаман оқымас деген едім, сол үмітімді ақтағандай, Алмас алғашқы күннен-ақ жақсы оқып кетті.                                                                                  


Бұл кездері "Алмас" атты жеке шағын кәсіпкерлік ашқанмын. Өзім директорымын. Әйелім мен балаларым кәсіпкерлік мүшелері. Үкіметке салығын төлеп тұрамын. Сол кездегі мемлекеттік салық инспекциясының талабы бойынша, түскен пайданың жартысынан астамы салық пен әр түрлі қорларға төлеуге кететін еді. Ол кездері саны бар да сапасы жоқ қорлар көп болатын. Егер әлгі қорларға қаржы аудармай қойсаң, салық қызметкерлері ізіңе түсіп алады. Оның үстіне сол салықшылардың өздерінің дәмететінін қос және олардан да басқа МАИ қызметкерлері бар. Менің білуімше, кез-келген өркениетті елде пайдаға отыз пайыздан артық салық салынбауы тиіс. Ал біздегі коммерция саласындағы салықтың (кімдердің ойлап тапқанын білмеймін) пайызы өте жоғары болды. Осы себептен коммерсанттар тауар айналымының көлемін азайтып көрсететін еді, яғни аз салық төлеудің амалдарын жасайтын. Айналып келгенде мемлекет бұдан ұта алған жоқ, коммерсанттар да ұтыла қойған жоқ. Бұл кәсіпте үлкенді-кішілі чиновниктермен тіл табыса білетін, еңбекқорлығымен қатар небір қитұрқы тәсілдерді амалсыз меңгерген адамдар ғана табысқа жете алатын еді. Осы аз уақыт аралығында бұған менің көзім толық жетті. Бұл тірліктің мен үшін жанұямды асыраудың көзі болғаны рас, бірақ менің мамандығым емес болатын. Жалпы, менің саудаға қырым жоқ болып шықты.


Жаңақазалы қыстағында Карл Маркс атындағы кеңшардан шыққан, жастарымыз қатар он бестей шаңырақ қатысып тұрдық. Мейрамдарда, той-томалақтарда бірге болатынбыз. Солардың бірі Баспақбай бірде үйге келіп, өзінің балдызының аудандағы балық зауытына директор болғанын айтты. "Осы балдызымның қасында орынбасар болып істесейші. Жұмысқа үйреніп кеткенше ақылыңды айтып, көмектессең қалай болады?"- деген ойын білдірді. Айтып отырған балдызын танымайтын едім, бірақ оның ағасын білетінмін. Көшербай атты жігіт халық шаруашылығы институтын бізден екі-үш жыл кейін бітірген болатын, соңғы кездері Алматы жақта қызмет істеп жүр деп еститінмін. Сол Көшербай Арал балық комбинатына бас директор болып келген көрінеді. Аудандағы балық зауыты сол комбинатқа қарайтын еді, зауыттың директорын жұмыстан шығарып, орнына өзінің інісін тағайындаған екен.


Баспақбайға:


- Танымайтын бала ғой... Оның үстіне жас болса, жұмыс істеу қалай болар екен?- дедім.


- Балдызыма түсіндіріп айттым. Екеуіңді кездестіремін, сенің айтқаныңнан шыға қоймас,- деді.


Баспақбайдың үйінде шәй үстінде отырып таныстық. Бұрын қызмет істемеген, бұған дейін коммерциямен айналысқан жас жігіт екен. Әңгіме үстінде келісімге келдік.


Ертеңіне зауытқа бардым. Қызмет бабымен талай мекеменің кеңсесіне кірген болатынмын, бірақ осы балық зауытының табалдырығын аттамаған екенмін. Сол күні мамандарын жинап, мені болашақ бас инженер әрі орынбасары есебінде таныстырды. Қәзіргі бас инженер жұмыстан шығуға арызын беріп қойыпты. Бір айдың ішінде мені өндірістің технологиясымен таныстырып, сосын жұмысын тапсыруы тиіс. Оған дейін "мастер" деген штатпен жұмысқа кірістім.


"Балық зауыты" деген дабырайған аты болғанымен, бес мың шаршы метр ауланың ішінде бір ғана балық өңдейтін цех жұмыс жасап жатыр. Жүруге жарамды бес-алты машина-тракторы бар екен. Қыстақтан он шақырымдай жерде, дария жағасына салынған балық тоғаны бар. Қазір жұмыс істемейді. Кезінде үш жерде балық аулайтын бекеттері болған, балық тоғанында өндірістік негізде товарлы балық өндірілген, бірнеше жүз жұмысшысы болған зауыттың қазір тамтығы ғана қалған. Бас-аяғы отыз шақты адам жұмыс істеп жатыр. Науқан кездерінде ғана дария бойындағы көлдерден балық ауланады. Осы жұмыс күздің қара суығына дейін жалғасады. Үлкен табыс табатындай мардымды тірлік емес, бірақ балық келіп жатса, жейтін балығыңды алып тұрасың.


Зауытта бір жылдан астам жұмыс істедім. Кейінгі кездері еңбек ақыны бермеуді шығарды. Балықтан айтарлықтай табыс жоқ, ұн және жем сатып тірлік жасаған болады. Түскен ақшаны Аралға тапсырады, себебі ұн мен жем Аралдағы комбинаттан келеді. Жұмысшылардың күңкілдері көбейе бастады (бірақ олар күңкілдегеннен арыға бара алмайды). Айлықтарын сұраса, бастық бір қап ұн береді де: "Қалғанын кейін аласың"- деп қайтарып жібереді. Қайта-қайта бара беруге жұмыстан шығарып жібере ме деп қорқады. Қарсы келгендерді шығарып та жатыр. Кейбірі шағымданып маған келеді. Менің қолымда не бар?


Осы мәселе жөнінде бастыққа бірнеше рет айттым: "Бұлай жасауға болмайды, олар өздерінің еңбекақыларын сұрап жатыр. Бәрінің де балалары бар. Сен зауыттағы отыз адамның ғана бастығы емессің, солардың жанұясындағы жүздеген адамдардың да бастығысың. Себебі, олар да сенің қолыңа қарап отыр".


Әлі жиырма беске тола қоймаған жас бала менің айтқанымды тыңдай қоймады. Тыңдамақ түгілі, осыдан кейін менің өзімнің еңбек ақымды бермей қойды. Айтатыны: "Кассада ақша жоқ, орнына жем алыңыз". Енді менің базарға барып жем сатуым қалды ма?


Қазіргі кезде "жаңа қазақ" деген сөз пайда болды (бұл орыстың "новый русский" дегеніне балама ретінде алынса керек). Міне, осы "жаңа қазақтардың" кейбірінің тіпті жоғары білімі де жоқ, ұжым басқарудың, мекеме басқарудың сатыларынан өтпегендер. Олар тек мүлік иесі немесе мүлік иесіне қызмет етушілер. Алдарына қойған негізгі мақсаттары пайда табу. Өздері байлықты қандай жолмен иемденсе, пайда табудың ең негізгі көзі тек қана сол жол деп білетіндер. Олар үшін Заң немесе адамдар арасындағы қатынас нормалары деген ұғымдар қасиетті емес. Олардың девизі: "Пайда табу үшін кез-келген мүмкіндікті пайдалана білу!". Біздің тәуелсіздік алған мемлекетіміздің қазіргі тірегі, басты скрипкада ойнаушылар осылар. Негізі заңсыздыққа құрылған бизнестің, сол заңсыз бизнеске арқа сүйеген экономика мен саясаттың болашағына менің күмәнім бар.


Балығымды жеп үндемей тып-тыныш жүре беруіме де болатын еді, бірақ табиғат маған ондай мінез бермепті. Бастықпен тіл табыса алмағаннан кейін, бүйтіп жеген балығы бар болсын дедім де, жұмыстан босатуын сұрадым. "Сіздің еңбек кітапшаңыз Аралдағы комбинатта. Бас директор болмаса, мен босата алмаймын"- деді бастығым. Аралдағы Көшербайға бардым (інісінің қарамағында жұмыс істеп жатқанымды білетін еді). Зауыттағы жағдайды айта келіп, жұмыстан босатуын сұрадым. Көшербай көп сөзге келген жоқ, арызыма қол қойып, кадр бөлімінен еңбек кітапшамды алдырып берді.


 


* * *


 


Әкем айтушы еді: "Балам, былай болма (алақанын ашатын), былай да болма (алақанын жұматын), былай болуға тырыс (алақанын су тұратындай шұқырлап көрсететін). Қолыңдағы дүниені есепсіз шашсаң, жомарт емес, дарақы атанасың. Еш нәрсе шығармасаң, үнемшіл емес, сараң атанасың. Алда боламын деп те ұмтыла берме, бәле-жала үйір болады. Ал топтың соңында қалсаң, қатарыңнан кем боласың. Сондықтан, жуан ортадан орын алсаң жаман болмайсың. Бұл сөзді мен ойдан шығарып отырғаным жоқ, әкемнің маған айтқанын айтып отырмын".


Мен әкемнің осы айтқандарын естен шығармауға тырыстым. Дегенмен, адам тағдырға емес, керісінше, тағдыр адамға өз дегенін істетеді екен.


Николай Островский айтқандай, өмір адамға бір-ақ рет берілетін болса, оны қалай өткізу керек? Қалай өткізу керек дейміз, сол өмірдің тізгіні адамның өз қолында ма екен? Өз қолында болса, кімнің бай болғысы, кімнің би болғысы келмейді? Әлде адамның тағдыры маңдайға жазулы ма? Олай болса, аса терлеп еңбек жасап не қажеті бар? Меніңше, бұл сұрақтарға әлі ешкім толық жауап беріп көрген емес және жауап беруі мүмкін де емес сияқты.


"Жеті қат жер мен зауһал аспандағың,


Үйрендім, білдім бәрін жасқанбадым.


Жалғыз-ақ шамам жетіп шеше алмадым,


Өлімде қандай жұмбақ астар барын",- деп жазған шығыс жұлдыздарының бірі Омар Хайямның өзі алдын болжай алмаған. Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Өмір сонысымен күрделі (мүмкін, сонысымен де қымбат шығар?). Бірақ, өткен өмірің көз алдыңда. Сол жүріп өткен өмір жолыңның жақсысы мен жаманын айыра біліп, жаманын қайталамауға тырысып, жақсысынан ғибрат алу керек сияқты.,


Жоғарыда айтқанымдай, саудадан шалқып пайда көре алғаным жоқ. Оның үстіне әйелім де жұмыста жоқ еді. Көшіп келген жылы үйдің қасындағы аурухананың бастығына өтініш айтып, сестра-хозяйка етіп орналастырғанмын. Бір жылдай жұмыс істегеннен кейін мойнынан көптеген простыня көрініп қалды. Әйелдер босанатын бөлім еді, босанған әйелдер простыняны жыртып пайдаланады екен. Жинала келе, көп простыня жоқ болып шықты. Құнын төлеп, аман-сау  шығарып алдық.


Құралай университетте оқып жатыр (бұрынғы педогогикалық институт бұл кездері университет болған). Мектеп бітірген Қарлығашты қасына алып әйелім оны-мұны сатуға базарға шықты. Төрт бала мектепте оқиды. Өзім машинамен вокзалдан базарға, базардан вокзалға адам тасуға, зат тасуға шықтым. "Мынау баяғы "Қызылқұм" совхозының директоры"- деп саудагер әйелдердің бір-біріне сыбырлап жатқандарын да талай естідім.


Денсаулық жағы да ойдағыдай емес еді. Бұрынғы емделіп жүрген дәрігерім Жәми бұл кезде Алматы жаққа көшіп кеткен болатын. Аудандық аурухананың терапия бөлімінде тұрақты есепке тіркелгенмін. Бөлім меңгерушісі Дөңесбаева Зейнегүл еді. Осы дәрігердің жолдамасымен 1997 жылдың көктемінде Қызылордадағы диагностикалық орталыққа барып көріндім. Ондағылар бронхитке қосымша жүректің ауыратынын (стенокардия), бауырдың өт жолында да өзгерістер бола бастағанын айтты. Есепте тұрып тұрақты емделумен қатар, таза ауа мен таза судың ең негізгі шипа екенін ескертті.


Бұрын да ойланып жүретінмін. Балаларым есейіп келеді. Егер оларды әрмен қарай оқыту керек болса, қазіргі жағдайда тек ірі қалаларға, облыс орталықтарына барып орналасу керек сияқты. Ойлана-толғана келе, көшуге бел байладым. Сонда қайда көшуім керек? Қызылордаға ма? Қызылорданың Қазалыдан асып бара жатқан жері шамалы еді. Алматыға ма? Дәрігерлер қолқа мен жүрегі ауыратын адамға Алматының ауа-райының сәйкес келмейтінін айтты. Әрі ойланып, бері ойланып, Шымкентті дұрыс көрдім.


Қазақстанның көптеген жерлерінде болыппын. Сонда байқағаным - Шымкент қаласы тіршілік етуге де, тірлік жасауға да қолайлы жер сияқты. Кезінде қаракөл зауытына елтірі апарып жүріп апталап-айлап жатқанмын. Қала өзіме таныс еді. Республикалық қаракөл зауыты, Қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты да осында. Осы ойға мықтап бекінгеннен кейін, астымдағы машинаны саттым да, сол күні поезға міндім.


 Түлкібасқа келдім. Кәлиманың үйінде екі-үш күн болдым. Барлық жағдайды, Шымкентке көшіп келгім келетінін айттым. Жездем де, апам да мұнымды дұрыс көріп жатыр. Шымкент қаласына барып, сатылатын үйлердің шамасын байқадым. Әрине, көрпеңе қарай көсілмесең тағы болмайды, көшіп келгеннен кейінгі тірліктің жағдайын да ойлау керек. Шет жақтан әжептәуір үйлерді алуға болатын сияқты, бірақ ол тірлікке қиын. Орталықтағы үйлер қымбат, оған менің шамам келмейді. Осылай жүргенде қаланың орталыққа жақын жеріндегі көп қабатты үйден үш бөлмелі пәтер табылды. Қолдағы бар ақшамды аманатқа қалдырып, қалғанын бір аптаның кейін әкеліп беретін болып келісіп, ауылға қайттым. Келу бойына хабарландыру беріп, онша қымбат айтпай үйді саттық.


Ағайын-туыс пен тамыр-танысты шақырып ата-бабалар рухына арнап құран оқытып жібердік. Кәукейдегі әкемнің басына бардым. Әруағының алдына бас иіп, талап қылып ата мекеннен көшіп бара жатқанымды айтып рұқсат сұрадым. Қайтар жолда анамның басына құран оқыдық. Екеуінің де бейітінен орамалға түйіп топырақ алдым.


Туған жерді тастап шығу оңай емес екен. Алдымда не күтіп тұрғанын білмесем де:  "Нартәуекел! Арқада қыс болмаса арқар ауып несі бар деген, оның үстіне Ақтаудан Алатауға дейін қазақтың жері емес пе?" – дедім.


Қазалының базарына қауын-қарбыз тиеп келген Шымкенттік "КамАЗ" машинасымен келісіп, 1998 жылдың тамыз айында  Шымкент қаласына көшіп келдік. Егесі пәтерді босатып қойған екен, қалған ақшасын қолына санап беріп, үйді өз атыма аударып алдым.


 


* * *


 


Көшпен бірге екі тонна күріш ала келгенмін. Алғашқы кезде соны саттық. Бір жақсысы базар үйдің түбінде. Мектеп те жақын, келу бойына үш баланы мектепке бердім (үшінші қызым Асыл мектепті биыл бітіріп келді). Сол жылы Құралай да университет бітіріп, дипломын алған еді. Облыстық "Сыр бойы" газетіне тілші болып қалуға ұсыныс жасапты. Біз қарсы болғанымыз жоқ. Жарты жылдай сол газетте істеп, кейін облыстық мәдениет басқармасына қызметке ауысты.


Мен бір жылдай жұмыссыз болдым. Осы уақыт аралығында әйелім үйдің жанындағы базарда қасына Қарлығашты алып саудаға кірісті. Жаңа ортаға үйрену оңай жұмыс емес, оның үстіне базарда отырып сауда-саттық жасаудың біз біле бермейтін қыр-сырлары көп екен.


Бір күні әйелім үйге ентігіп жүгіріп кірді.


- Қарлығашты қамаймыз деп жатыр, не істеймін?


Қызымды керосин сатып тұрған жерінен рұқсат қағазың жоқ деп полиция ұстап әкетіпті[50]. Бар болғаны бес шөлмекке құжаттың не қажеті бар деген Жұмагүлді полиция тыңдамапты. Қылмыскер ұстағандай-ақ қызымды жетелеп ала жөнеліпті. Шешесі шырылдап кеңсесіне барған екен: "Екі мың теңге айыппұл төлейсің. Төлемесең, қамаймыз..."- деген көрінеді.


- Дереу қайтып бар. Беретін ақшам да, қызым да жоқ деп айт. Өзің Қарлығаштың қасынан кетпе... Қамай алмайды,- дедім.


Полиция әрі-бері әурелеп, ештеңе шықпайтын болғасын: "Мың теңге айыппұл төле!"- деп босатыпты.


Ертеңіне біреу есік қақты. Есік алдында бір полицей тұр екен.


 -  Жайшылық па?


 - Осы үйде Ахметова Қарлығаш деген бар ма? Айыппұлын төлесін. Егер төлемесе, үш күннен кейін ісін сотқа жібереміз,- дейді.


Соттасып жатайық па, қолына бес жүз теңге ұстатып "айыппұлдан" құтылдық. Егер осы ақшаны кеше бере салғанда, бұндай шу шықпаған болар ма еді, қайтер еді?


Маған жұмыс табыла қоймады. Қаракөл зауыты жабылып қалған. Онда жұмыс істейтін мамандар бұл күндері әрқайсысы әр жаққа, өз күндерін өздері көріп кеткен. Ғылыми-зерттеу институтының да жағдайы мәз емес, қызметкерлер қысқартуға ұшырапты. Аз ғана адам жұмыс істеп жатыр. Босқа жүре бермейін деген оймен сонау 1971 жылғы қолқаға жасалған операцияның ізін қуып, комиссияға түстім. Өкпенің рентген суретін көрген комиссия мүшелері пәлендей қарсы пікір айтқан жоқ, III-топтағы мүгедектік берді. Айына екі мың бес жүз теңге жәрдемақы алатын болдым. 


Осыдан кейін қаладағы жұмыспен қамту орталығына тізіліп, "жұмыссыздық" статусын алдым. Мұның да "жұмысы" өзіне жетерлік екен. Апта сайын белгілетіп тұруың керек. «Жұмысқа орналастыру биржасы» деп аталғанымен, келгендерді жұмыспен қамтамасыз етіп жатқанын байқамадым. Халық негізінен жәрдемақы алу үшін тіркелетін сияқты. Кезекте тұрған қарақұрым халық. Әр тоқсан сайын жер-жерден анықтама қағаз дайындайсың. Бірақ қолыма жөнді жәрдемақы тиген жоқ. Екі тоқсанның азын-аулақ ақшасын алғаннан кейін жәрдемақы ақшалай емес, заттай төленетін болды деген тәртіп шықты. Шамасы, киім-кешек пен азық-түлік түрінде берілетін болса керек. Осыдан кейін бармай кеттім.


Бір күні көшеде Қазалы райкомында жұмыс істеген Сәбитті кездестірдім. Осындағы бір микроауданның әкімшілігінде маман болып жұмыс істеп жүр екен. Осы кездесуден кейін хабарласып тұратын болдық. Қала шетіндегі салынып жатқан үйі біткесін той жасады. Шақырылғандардың көбісі Шымкент қаласында тұратын асан руының адамдары (өзі де асан руынан болатын). Қалада тұратын Бижанов Хайролла, Әлібаев Нәжмәдин және Дүйсенбиев Ақылбай атты ақсақалдар асан ұрпақтарының басын қосыпты. Ағайын болып кездесіп тұрады екен. Осы тойда сол кісілермен таныстым.


Бірде кешкісін үйде телефон шылдырады. Хабарласқан асан ағайындардың бірі Жылқайдар деген жігіт (облыстық газ мекемесінде бас инженер еді):


-  Ислам, мастер болып істейсің бе?- деді.


-  Мақұл, істеймін.


- Онда ертең сағат онға таман облыстық газ мекемесіне кел,- деп адресін берді.


Ертеңіне кеңсесінде күтіп отыр екен. Бірақ ол күні жұмыс бітпеді. Келесі күні де, одан кейін де біте қоймады.


Төртінші күні Жылқайдарға айттым:


- Егер бастығың бірдеме дәметіп отырса, ашығын айт. 


- Ешнәрсенің қажеті жоқ, енді екі-үш күннен кейін белгілі болады,- деді.


Мекеменің директоры Қадірбеков деген өзбек екен. Бесінші  күні қабылдауында болып, әңгімелесуден өттім. 1999 жылдың 9-шы маусымында бұйрыққа қол қойды. Осылайша, Жылқайдардың көмегі арқылы мастер болып орналастым. Қаланың  газ тарату жүйесі он үш округке бөлінеді екен. Менің жұмысым бір округтың газының есебін жүргізу. Ертеңіне жұмысқа кірісіп кеттім...


"Оңтүстікгаз" деп аталатын облыстық қазыналық коммуналдық мекемесі Шымкент қаласын табиғи газбен қамтамасыз етеді. Қала халқын жарық, газ, жылумен қамтамасыз етудің жағдайы ол кездері өте нашар болатын. Жарық жиі өшірілетін еді, кей жерлерге мүлдем берілмейтін. Газ да сол сияқты. Ал жылу жайлы айтпаса да болады. Неге бұлай болып жатыр? Бұл сұраққа: "Халық ақша төлемейді" деген жауап берілетін. Осы мекемеде жүрген екі жылдың ішіндегі көзімнің анық жеткені - болып жатқан жағдайға халықтың кінәлі емес екендігі.


Алғашқы кезде қала ішіндегі Еңбекші аудандық газ бөлімшесінің негізінде құрылған төрт дилерден тұратын округте мастер болып істедім. Дилер дегеніміз біздің мекемеден газды сатып алып, тұтынушыларға жеткізетін кәсіпкер, яғни делдал. Менің міндетім, жоғарыда айтқандай, осы дилерлердің алған газының есебін жүргізу.


Берілген газдың көлемі жөнінде ай сайын есептесіп отырамыз. Әр кварталдағы газ құбырына есептегіш құралдар орнатылған. Сол есептегіштердің көрсеткішін дилерлердің қатысуымен белгілеп алып, берілген газ көлеміне тиісті ақшасын аударуын қадағалаймыз.


Дилерлер алынған газ көлемін азайтқысы келіп, неше түрлі амалдар ойлап табады. Негізгі дәлелдері - құбырлар ескі, сол себептен газ тұтынушыға толық жетпейді дейді. Кейде жиырма, кейде отыз пайызға дейінгі газ көлемін алмадық деп келетіндері бар. Алғашқы кездері дилерлер менің жаңадан келгенімді пайдаланып қалғылары келді. Мен олардың алған газының көлемін дәлелдеп беруім керек еді. Бұл үшін Жылқайдардан талай рет кеңес алуыма тура келді. Бірінші есептесуге келген дилермен түнгі сағат он екіге дейін отырғаным есімде. Егер бірінші кірген адам актіге қол қоймаса, кейінгілері де қоймас еді. Түн ортасы ауа (өзі де шаршады-ау деймін): "Әкеліңіз, қол қойып берейін…"- деді. Менің көрсеткен көлемімнің дұрыс екендігін іші сезіп отыр, әрине. Осы көлемдегі газ үшін тұтынушылардан толық төлемақы алғанын мен де біліп отырмын.


Сатылған газ көлемінің белгілі бір бөлігі дилерлердің үлесіне тигенімен, олар оған қанағаттана қоймады. Көпшілігі газ көлеміне толық төлем жасамай қойды. Бұл жүйе тиімсіз болды. Сондықтан бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегі жүйеге қайтадан ауысып, әр ауданда газ тарату бөлімшесі құрылды. Аудан аймағы кварталдар мен көшелерге бөлінді. Оларды "участок" деп атап, әрқайсысына бақылаушылар бекітілді. Газдың есебін енді солар жүргізетін болды. 


Осы кезде Еңбекші аудандық газ бөлімшесінің бастығы болып облыстық мекемеден Рафаэль атты татар жігіті келді. Мен оның орынбасары болдым. Қарамағымда қырыққа жуық бақылаушы жұмыс істеді. Бұрынғыдай емес, төлемнің түсімі көбейе бастады. Бөлімшенің кассасына түскен бір күндік соманың мөлшері миллион теңгеге дейін жеткен күндер болды. Түскен ақшаны күнделікті жинап әкетеді. Сонда да газдың берілуі қалыпқа түсе қоймады, баяғы "халық төлемейді" деген әңгіме тыйылған жоқ.


Халықтың ақша төлеуі тұрақтана бастаған кезде, табан астынан бөлімше бастығы қайтадан облыстық мекемеге ауыстырылды. Орнында уақытша мен істеп жүрдім. Оншақты күн өткенде мені директордың коммерция жөніндегі орынбасары шақырды. Кәріс жігіт болатын, кабинетінде бес-алты бас мамандар жиналып отыр екен (Жылқайдар бұл кезде Шымкент мұнай өңдеу зауытына ауысып кеткен еді). Орынбасар бөлімшеде жұмыстың жақсы жүріп жатқанын, бұған менің де қосқан үлесімнің бар екенін айта келіп, мені облыстық мекемеге алғылары келетінін айтты. Жаңадан ашылған дебиторлық борыштар жөніндегі бөлімге инспектор-ревизор болып келуге қалай қарайтынымды сұрады. Келістім. (Келіспегенде қайтемін, мені бастық етіп тағайындамайтыны белгілі еді). Орныма бір түрік жігітін бекітті.


Қалада газ тарататын төрт бөлімше бар. Дебиторлық борыштар бөлімінде осы төрт бөлімшеге төрт инспектор-ревизор жұмыс істедік. Жұмысымыз төленбеген қарыздарды (тұтынушылардың төлемеген ақшаларын) өндіру. Осы бөлімде бір жылдай жұмыс істедім.


Қарыз өндіру оңай жұмыс емес. Төлемейтіндердің басым көпшілігі коттеджде тұратын байлар. Олар тексерушілерді үйлеріне кіргізбейді (қасымызға полиция ертіп алмасақ, бізді де кіргізбейді). Одан кейінгісі ресторандар мен кафелер еді. Олар қожасының кім екенін айтпайды. Қожайынын анықтамасаң, сотқа бере алмайсың. Біздің міндетіміз қайтсек те егесін анықтап, сот арқылы өндірудің амалына кірісу. Бірақ, сотқа тапсырған істеріміздің өзі шешіле бермейтін еді, тіпті, айлар бойы қаралмай жата беретін кездер болатын.


Жоғарыда айтқанымдай мекеме басшысының ұлты өзбек, орынбасары кәріс, бөлім меңгерушілері түгелімен дерлік орыстар мен өзбектер. Қазақ жігіттерінің көбісі көше аралайтын жұмыстарда, болмаса "барып кел, алып кел" сияқты жерлерде жүреді.


Мекемені «жаулап алған» басқа ұлттардың өкілдерін көргенде, қазақтың жігіттері газдың оқуын оқымаған екен деп ойлайтынмын. Бірақ біздің бөлімдегілердің бәрі қазақ болатын -  бухгалтерлер немесе экономистер еді. (Менің мамандығымның зоотехник екенін көбісі білмейді, сұрап жатса инженермін деймін).


Бөлім бастығы өзбек. Арада бір айдай уақыт өткеннен кейін аңғардым – ол бірімізді екіншіміздің ізіне салып қойғысы келетін сияқты. Алғашқы кезде мен бұны байқамай жүріппін. Бір күні тексеретін обьектіге барсам: "Кеше ғана тексеріп кеттіңдер ғой, неге қайта-қайта келе бересіңдер?"- дейді. Сөйтсем, бөлім меңгерушісі мені әдейі жұмсаған екен. Мен алдыңғы тексерушінің қалай тексергенін, олардан не алғанын (егер алса) айтып келуім керек екен. Бұны білгеннен кейін бөлім меңгерушісіне айттым: "Екінші рет мені бұндай мақсатқа жұмсамай-ақ қойыңыз. Егер маманыңызға сенбейтін болсаңыз, өзіңіздің тексергеніңіз жөн". Кейін білдім, менің тексеріп келген жеріме де адам жібереді екен. Сонда, төрт қазақ жігіті бірінің үстінен екіншісіі әңгіме айтса, әлгі кісі рахаттана отырып тыңдағысы келеді екен ғой.


Ортамызда жасы менімен қатар бір ревизор болған еді. Сол жігіттің ізімді аңдып, бастыққа сөз жеткізетінін байқап жүрдім. Бүлдірген ештеңем болмаса да, қай жерде не істегенімді бастық біліп отыратын болды. Бірде әлгі жігітке: "Бөлім бастығына мен жайлы ақпар беретініңді байқап жүрмін. Мұндайды орыс тілінде "стукач" деп атайды, ұят емес пе?"- дедім. Ол әуелде мойындағысы келмеді, ақыры екеуміз сөзге келіп қалдық. Бір кезде: "Сені бұл жаққа кім шақырды? Қызылордаңда жүре бермедің бе? Бұл біздің ата-бабамыздың жері!"- деді[51].  Осыдан кейін: "Ата-бабаңның белгі салып қоршап қойған жерін көрсетші маған! Атыраудан Алтайға дейінгі жердің бәрі қазаққа ортақ. Егер бабаларыңның жерін шынымен қорғағың келсе, алдымен басқа ұлттарды көшіріп көр! Соларды түгел көшіріп болғаннан кейін маған келерсің!"- деуіме тура келді. Ол жауап қайтармады.


2000 жылы облысқа жаңа әкім келді. Бердібек Сапарбаев келгеннен кейін қаланың коммуналдық қызмет саласында оң өзгерістер байқала бастады. Жарық пен газ беру тұрақтанды. Жылу да өз дәрежесінде беріле бастады. Жылу мен жарық өзімізде өндірілгенмен, газды Өзбекстаннан сатып алатынбыз, яғни өзбектерге тәуелдіміз. Олар уақтылы төлем болмады деген сылтаумен газды жиі өшіретін еді. Облыс әкімдігі Өзбекстанға облыстық бюджеттен қомақты ақша аударды, алты айдың газына алдын-ала төлем жасады. Осының орнын біз тұтынушылардан жинаған ақшамен жабуға тиісті болатынбыз. Кейін газеттерде жазылып және теледидардан жария етілгеніндей, бұл ақша бюджетке толық қайтарылмады. Оған кімнің кінәлі екенін, не себеп болғанын мен білмеймін. Менің білетінім, тұтынушылардың (қарапайым халықтың) пайдаланған газ үшін төлемдерін төлеп жатқандығы. 


Бірде төлем болмауы себепті қала іргесіндегі Тельман ауылының газы өшіріліп, аула жағалап есептесуге кірістік. Тұрғындар төледік деп кітапшаларын көрсетеді, бірақ онда алған адамның аты-жөні жазылмаған. Ақша жинаушылар жиі ауысып тұратындықтан, кімге төлегендерін өздері де ұмытып қалған.


Бухгалтериядан квитанцияларды іздедім. Қайда екенін сұрасам: "Архивте"- дейді. Архивін көрейін деген оймен қасыма кілтшіні алып төменге түстім. Жертөленің ішінде жарық та жоқ екен. Мені таң қалдырған ол да емес - ауыздары буылып, теңкиіп-теңкиіп жатқан қаптар болатын. Сыртында жазулары да жоқ. Бұндай "архивтен" іздеген құжатыңды табу мүмкін емес еді.


Тұтынушылардың қолдарында ақша төленгені туралы түбіртектер бар, солай да болса олар қарызданушылар тізімінде тұр. Себебі, бухгалтерияда квитанция жоқ. Кімнің кінәлі екенін енді анықтап көріңіз? Меніңше кінәні тұтынушылардан іздегеннен гөрі, бухгалтериядан іздеген дұрыс сияқты. Тіпті бухгалтериядан ғана емес, одан да жоғарыдан...


Көп ұзамай мекеме банкрот деп жарияланды. Қызметкерлердің көбісі алты айлық, біздер төрт айлық еңбекақыларымызды ала алмай қалдық. Заң бойынша мекеме жылжитын және жылжымайтын мүліктерін сатып, бірінші кезекте еңбекақы қарызынан құтылуы керек болатын. Кейін анықталғандай, мүліктердің бәрі алдын-ала сатылып кеткен болып шықты. Бас директор шекара асып, Өзбекстанға қашып кетіпті[52]. Бұл коррупцияның осы заманғы «классикалық» түрі еді.


Қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету енді Республикалық "КазТрансГаз" кәсіпорнына берілді. Бұл мекеме кадрларға іріктеу жүргізді, жұмысқа дипломы немесе куәлігі бар газ мамандары ғана қабылданды. Мамандығым сәйкес келмегендіктен менің жұмыссыз қалуыма тура келді.


 Бұл кездері қалада жарық, газ және жылу жүйелері толық қалпына келтіріліп, тұрақты түрде жұмыс істей бастаған болатын.


 


* * *


 


2000 жылдың жазында Асыл мен Мейрамкүл жоғары оқу орындарына түсті. Асыл өткен жылы финанс және кредит мамандығына тапсырып, грантқа іліне алмай қалған еді. Биыл қасында өзім жүріп М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік университетінің педогогика мамандығына тапсыртқыздым. Мейрамкүл осы университеттің өнер факультетіне грант бойынша  түсті.


Осы  жылдың күзінде Қарлығаш тұрмысқа шықты.


Базарда шешесінің қасында сауда жасап жүрген қызым бір күні табан астынан: "Папа, қалада жастар театры ашылайын деп жатыр екен. Соған конкурс арқылы адам қабылдап жатқан көрінеді, барсам қалай болады?"- деді. "Театр" дегесін, әрі қандай театр екенін білмеген соң қаламаған едім. "Одан да жақсылап дайындалып мұғалімдік мамандық алатын оқуға түс"- дегенмін. Қызым үндемеді. Арада бір айдай уақыт өткенде шешесіне: "Папама айт, мен театрға қабылдандым"- депті. Ол қандай театр? Мамандығы жоқ адам онда қалай жұмыс істейді? Сұрастыра бастадым. Анығын білсем – жаңадан құрылған "Шымкент-шоу" аталатын жастар театры екен. Ұйымдастырушысы және басшысы Әбдірайымов Сәбит деген айтысқа қатысып жүрген белгілі ақын болып шықты. Бұрын танымасам да, облысқа белгілі азамат болғасын, бастаған  ісі  дұрыс шығар деген оймен  балама келісімімді бердім. Оны-мұны сатып базарда тұрғанша осы талабы да дұрыс шығар, кейінгісін маңдайынан көрер дедім. Сонымен театрдағы оншақты қыз-жігіт интермедия жасап, би билеп, өнерлерін көрсете бастады. Кейін бұл ұжым облысқа ғана емес, республика көлеміне танымал театрға айналды.


Осындай күндердің бірінде Жұмагүл: "Саған бір нәрсе айтайын деп едім…"- деп бір әңгіменің шетін шығарды. Жайдан-жәй бұлай айтпайтыны белгілі еді.


-  Аманшылық па?


Қарлығаштың тұрмыс құрғысы келетінін жеткізді.


-  Күйеу бала кім?


-  Өзімен бірге жұмыс істейтін Берік деген жігіт.


Берікті танитынмын, театрда Қарлығашпен бірге жұмыс істейтін еді. Үйге бір-екі рет келген де болатын.


Алдында Құралай бар, өзі әлі мамандық алған жоқ. (Бұл кездері Құралай қолымызға келіп жұмыс істеп жатқан болатын. Қызылордада мәдениет басқармасында істеп жүрген жерінен шешесі қайта-қайта шақырып алдырған. Қазір облыстағы тәуелсіз газеттің бірінде тілші). Бірақ балалардың өздері бірін-бірі ұнатып, осындай шешімге келіп жатса, ата-ана не дей алады?


Құда жағының кімдер екенін сұрастырсам ұлы жүздің ыстысы, оның ішіндегі аққойлысы екен. Қала іргесіндегі Сайрам ауданының Ынтымақ ауылынан. Көп ұзамай құда түсіп келді. Құдамыз Мырзахан ілгеріде қайтыс болған (менен оншақты жас үлкен болса керек), құдағидың есімі Ұлбосын. Өзімізге қарасты ағайын-туғандарды шақырып, Қарлығашты өз қолымыздан батамызды беріп ұзаттық. Ертеңіне құданың ауылындағы тойға шақырды. Құда жағынан Берікке өкіл әке болып Әбдірайымов Сәбит (театр директоры) қатысты. Біз жағынан Шымкенттегі ақсақалымыз Хайролла бастаған асан ағайындар, жездем мен апам және жиендер болды. Осылай қатысып кеттік.


 Бір жыл үш ай жұмыссыз болдым. Осы аралықта мемлекеттік қызметкерлердің бос орындарына жарияланған төрт конкурсқа қатыстым. Тест тапсырудан өтемін, қабылдау комиссиясына барған кезімде қабылдамай қояды. Көбінесе айтатындары: "Мамандығыңыз сәйкес келмейді". Облыстық ауыл шаруашылығы департаменті қабылдамағаннан кейін, комиссия төрағасына кірдім.


- Отыз бес жыл еңбек өтілім бар жоғары білімді мал шаруашылығы маманымын. Қабылдамауыңыздың себебі неде?


Бұл сұрағыма тура жауап бермеген төраға:


- Біз сізге мемлекеттік қызметкердің резервінде тұруға құжат дайындап берейік. Вакансия бола қалған жағдайда орналасуыңызға көмегі тиюі мүмкін... Басқа қолымыздан келері жоқ,- деді.


Бір жылдай Агенттіктің резервінде тұрдым. Бірақ бұдан да көмек болмады. Шарам таусылған мен Президент Назарбаевқа хат жаздым. Кезінде Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегенімді, "Қызылқұм" кеңшарына директор болған кезімде ол кісінің менің шаруашылығымда болғанын айта келіп, қазір Шымкент қаласында тұрып жатқанымды, жұмыссыз екенімді, жұмысқа орналасуыма көмегін тигізуін сұрадым. Ұзамай Президент аппаратынан менің хатымды облыс әкіміне жолдадық деген жауап келді. Облыс әкімінің көмекшісі телефон арқылы хабарласып, менің жұмыспен қамту орталығына баруым керек екенін айтты. Мені қабылдаған бөлім бастығы (хат соның қолында екен!) ваканциялардың газетте жарияланатынын, жұмысқа орналасу үшін алдымен тест тапсырып, содан кейін комиссиядан өту керек екенін... тағы сол сияқтыларды түсіндіре бастады. Айтып отырғаны менің басымнан өткен, өзіме белгілі жағдайлар еді. "Бұны мен білемін... Басқа қандай көмегіңіз бар?"- деген сұрағыма басын шайқады.


Кешегі Кеңес өкіметі кезінде қажетті мамандықтардың бірі болып есептелген зоотехния саласы ел тәуелсіздік алғаннан кейін қажетсіз болып қалды. Республикадағы миллиондаған мал жекешелендіру кезінде талан-таражға түскен еді. Аман қалғандары жеке қожалықтардың иелігіне өтті. Бұлар мал басын көбейтумен ғана айналысты, осы себептен мал дәрігерлерін ғана ұстады. Селекциямен айналысу, малды сұрыптау шаруа қожалықтарының ойында болған жоқ. Осылайша, кеңестік ғалымдардың ондаған жылдар бойы еңбектеніп шығарған мал тұқымдарының тоз-тозы шықты. Қазіргі кездегі шаруа қожалықтарындағы мал басының көбісі таза тұқым емес. Ұрықтандырған аталық пен ұрықтанған аналықтың есебі жүргізіліп, олардан алынған ұрпақ сұрыпталмаған жағдайда оны таза қанды деп айтуға болмайды. Осының бәрін ұйымдастыратын және қадағалап отыратын түрлі деңгейдегі бөлімдер жойылды. Қазіргі жағдайда жұмыс жасап жатқандары мал басының есебін алу мен ауруларды емдеуден аса алмай отыр. Қазақта "нені қор тұтсаң, соны зор тұтарсың" деген мақал бар. Осындай бетімен жіберілген жұмыстардың зардабын кейін тарта бастайтынымыз айдан анық. Бұл пікірді мен өзім жұмыссыз қалғандықтан емес, еліміздегі зоотехния ғылымының хал-ахуалына қарап айтып отырмын.


Қолым бос. Көпқабатты үйдің үш бөлмелі пәтерінде ермек қыларлық жұмыс та жоқ еді. Ішім пысқанда қолыма қалам алып, басымнан өткендерді қағаз бетіне түсіре бастадым. Әуелі бөлек-бөлек, үзік-үзік оқиғаларды жаздым. Соңынан оларды бір жүйеге келтірдім. Кейін бұл дағдыға айналып кетті, қолым қалт етсе жаза бастаймын.


Қаладағы қатысып отырған асандардың ішінде Нәжмәдин атты ақсақалымыз болды. Осы кісі қайтыс болғанда Астанадан академик Елемесов Көпмахамбет ағамыз келді. Нәжекеңнің туған балдызы екен. Арада көп жыл өткендіктен болар, мені ұмытып қалыпты. Танысып-біліскеннен кейін есіне түсірді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылым департаментінде директор болып істеп жатқанын білетінмін. Ол жолы ешнәрсе айта алмадым.    


Бір айдан кейін Астанаға іздеп бардым. Кабинетіне кірдім. Жылы қабылдады. Қандай жұмыс істеп жатқанымды сұрады. Мен жұмыссыз екенімді айттым. "Мүмкіндігі болса, жұмысқа орналасуға жәрдем беріңіз, Көбеке! Сол үшін әдейі келіп отырмын"- дедім.


- Шымкенттегі ғылыми-зерттеу институтының директорына тапсырайын. Алаңдамай аулыңа қайта бер,- деді.


Келгеннен кейін институтқа бардым. Институт директоры Омбаев Әбдірахман өзім қатарлы жігіт екен (кейін білдім, құрдас екенбіз). Көбекеңнің хабарласқанын, жақын арада институттың бес облыстың ғылыми мекемелерін біріктіретін үлкен орталыққа айналатынын, осы қайта құру біткенше күте тұруым керек екенін айтты.


Арада үш айдай уақыт өткенде, 2003 жылдың наурыз айында, Оңтүстік-Батыс ауылшаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (бұрынғы Қазақтың қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты негізінде құрылған) өндіріс бөлімінің бас маманы болып жұмысқа кірістім. Жоғарыдағы айтылған Нәжмәдин ақсақалдың баласы Нұрадин Әлібаев осы орталықта директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары болып істеп жатыр екен. Одан басқа да таныс адамдар бар болып шықты. Ұстазым Файз Шарафутдинов қайтыс болыпты.


Жазда отбасымызда тағы бір қуанышты жағдай болды. Құда жағынан сүйінші сұраған хабар келді - Қарлығаш босаныпты. Ер бала, атын Азамат қойыпты. Құдай жеткізіп тұңғыш жиенді болдық. Біздің қазақ жиен жайлы түрлі әңгіме айтып жатады. Меніңше қыздан туғанның қиығы жоқ дегендей, қыздың-ұлдың баласы деп айырып жатудың қажеті жоқ сияқты. Немеренің тәтті болатыны рас екен, әсіресе тілі шығып сөйлей бастаған кезде... Жұмыстары қалада болғандықтан Берік пен Қарлығаш үйде жиі болатын еді. Бәріміз Азаматты сөйлетіп, соның аузынан шыққан сөзге мәз бола күлеміз. Оның айтқан қарапайым сөздері басқа адамға қызық болмауы мүмкін, ал біз үшін қызық! 


Қазір есіме түседі, "Қызылқұм" кеңшарында Жалғасбай атты ферма меңгерушісі болды. Ақкөңіл және өте балажан адам болатын. Бір жолы кеңшардың бас малдәрігері Қылышбек екеуміз малшы аралап жүріп үйіне бара қалғанбыз (ол кезде кеңшарда селекционер зоотехникпін). Жәкең мойнына екі-үш жастағы немересін қондырып алып, шәй ішіп отыр екен. Біз де дастархан басына отыра қалдық. Кесемізді қолымызға ала бергеніміз сол еді, мойнындағы бала іш етіп қойды. Бірақ оны елейтін Жәкең жоқ, қасында жатқан сүлгімен үсті-басын сүртініп алды да, қайтадан қаперсіз шәйін ішуге кірісті (немересі әлі мойнында). Осыған дейін үнсіз бақылап отырған Қылышбек шыдамай кетті-ау деймін (мінезі тіктеу, кірпияз адам еді):


- Ну, Жәке, мына шәйіңізді енді өзіңіз ішіңіз!- деді де, орнынан ұшып тұрып, үйден шыға жөнелді.


Оның бұл қылығына түсінбеген Жалғасбай: "Оу, Қылыш-еке...Бұл бала ғой…"- деп отырған күйі қала берген еді. Қылыш-екең жолда келе жатып: "Безобразие! Бала дейді ғой…"- деп көпке дейін күңкілдеп сөйлеумен болған.


Кейін Қылышбектің Әлібек атты баласы менің жиен қарындасыма үйленді. Біздің үйде жатып оқыған Қазына Қылышбектің келіні болды. Осылайша екеуміз құдандалы болдық. Бұрын: "Немере өз балаңнан да тәтті болады,- деген сөзді естігенде,- "Былшыл… Өз балаңнан артық болушы ма еді?"- дейтін еді. Бір күні есігінің алдында коляскаға салып бала тербетіп жүргенін көрдім. Арамызда он бес жастай айырма болса да, көп жыл қатар жұмыс істегендіктен қалжыңдаса беретінбіз.


-  Қылыш-еке, бұл алып жүргенің кімнің баласы?- дедім әдейі.


-  Немерем ғой!- дейді мақтанышпен.


- Өзінің әке-шешесі бар емес пе? Бермейсің бе соларға, бақсын балаларын!


- Ой, олар бала баға алушы ма еді, өздері бала ғой,- дейді немересіне елжірей қарап қойып. 


-  Кәк етіп қойса қайтесің?- дедім баяғы оқиға есіме түсіп.


- Сен білмейсің ғой, бұның "кәкәсі" болмайды,- деді Қылышекең шын көңілімен.


"Баяғыда Жалғасбайдың үйінен шәй ішпей кеткенің есіңде ме?"- деген сұрақ тілімнің ұшында тұрса да, айтпадым. Себебі, қазіргі менің алдымда тұрған ол Қылышбек емес, жүдә басқа Қылышбек еді. Сірә, жалғыз Қылышбектің ғана емес, барлық адамзат баласының табиғаты осылай жаратылған болса керек...


-  ...Руың қандай?- деп сұраймын Азаматтан.


-  Аққойлы.


-  Кімнің баласысың?


Әкесі мен шешесі біз сұрағанда осылай айт деп үйретіп қойған болу керек:


- Атаның, сосын әженің...- деп жауап береді. (Айтып отырған атасы менмін, әжесі Жұмагүл, құдағиды апа дейді).


Осы сөзіне ішім жылып қоя береді.


Орыс жазушысы Вениамин Кавериннің "Екі капитан" атты кітабында мынандай жолдар бар: "Жастық шақ бір күнде бітпейді, сол себепті күнтізбенің бетіне бүгін менің жастық шағым аяқталды деп белгі қоя алмайсың. Оның елеусіз күйде өтіп кететіні соншалықты, тіпті қоштасып та үлгіре алмай қаласың. Сен кеше ғана жас едің, әдемі едің, ал бүгін трамвайда кездескен бала саған орын ұсынып, жасыңның ұлғайғанын есіңе салады. Трамвайдың терезесіне түскен бейнеңе ұрлана қарап: "Ия, үлкейдік…" дейсің ішіңнен. Жастық шақ өтіп кетті. Бірақ ол қашан, қай күні, қай сағатта аяқталды? Белгісіз?!.."


Дұрыс айтылған! Сонымен бірге бұл жастық шаққа ғана емес, адам өмірінің барлық кезеңіне қатысты екен. Жастық шақтың өткенін қалай байқамай қалсаң, үлкендіктің келгенін де солай байқамай қалады екенсің. "Сайраған орта жүздің бұлбұлы едім, кәрілік келіп қалдың қай жағымнан?"- деп Біржан сал айтпақшы, бір күні ұрлана басып кіріп келеді екен. Қай күні келетінін айтпайды...


Міне, біз де ата мен әже атандық!


                                                                                                                                                 Шымкент қ.   2001-2006  жж       


 


[1] Мұхаметжан Тынышпаев. "Қазақ-қырғыз халқының тарихына материалдар"- Ташкент, 1925 ж.


 


[2] Әр рудың өз таңбасы мен ұраны болғандықтан, "жиырма бес таңбалы кіші жүз" деп те атайды.


[3] Шектілердің ұраны «Бақтыбай», таңбасы «┤» (М.Тынышпаев бойынша).


[4] Өмірзақ Ахметов. "Кішкене туралы сөз". Қызылорда облысының "Ақмешіт апталығы" газеті (1997 жылдың 27 маусымдағы саны).


 


[5]Бұл да Ө.Ахметовтың жоғарыдағы жазылған мақаласында. Сұлықсарыдан (Сыйлықсары деп те аталады) екі бала - Жақып пен Қалша туады дей келіп, олардың ұрпағының шағын бір рулы ел болып Жамбыл облысының Мерке ауданында тұрып жатқандарын айтады.


 


[6] Е.Тұрысов бұл жерде Қоңыр шешемізді Бәйдібектің қызы деп отыр. Бірақ Ө.Ахметовтың мақаласында Бәйдібектің емес, оның немересі Байтоқтының қызы екендігі айтылады.


 


[7] Шораяқтың Омары. "Сөйле, тілім, жосылып…",  - Алматы, 1995 ж. (Бұл жердегі "таға"  нағашы деген сөз, ал бозғыл мен төртқара ру аттары - И.А.)


 


[8] Кейбір деректер бойынша Асан атаның ұрпақтары қазіргі кезде шамамен  жиырма мың түтіннен асып жығылады екен. Егер әр үйде орта есеппен бес жан бар деп есептесек, бұл жүз мың адам деген сөз. Шымкент қаласының өзінде үш жүз шаңырақтан астам асандар тұратыны белгілі.


                                      


 


[9]  Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы, 1- том, "Асан көтерілісі", 471 бет.   


[10] Асан көтерілісіне арналған ескерткіш Шымкент қаласындағы шеберханада жасалынды. Скульпторы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қайырбай Зәкіров деген кісі. Ескерткішті алып кетуге Қазалы ауданынан бір топ адам келді. Бастап келген Нағашыбай деген азамат. Солармен бірге шеберханаға барып, ескерткіш-мүсінді көрдім. Бір қолына сапысын ұстаған, тізерлеген бойы алға ұмтылған адам мүсінделіпті. Бұл көтеріліске шыққан қазақ шаруасының бейнесі болса керек. Қазалы қыстағына орнатылатын Әйтеке бидің ескерткіші де осы шеберханада жасалынып жатыр екен, екі ескерткіш бір машинаға тиелді.


 


[11] Құдайбердінің орнына қазір Сойырғастың аты аталады. Өмірзақ Ахметовтың кітабында Сойырғастың Құдайбердінің баласы, яғни Асанның немересі екендігі айтылған. Сол сияқты Сырлыбайдың ұрпақтарынан Аташтың орнына баласы Қожабергеннің, Мырзағұлдың орнына баласы Баймырзаның аты аталып жүр.


 


[12] Көбек атамызға дейінгі мәліметтер Ө.Ахметовтың "Сыр елінде жинақталған қазақтың  шежіресі" (Қызылорда, 1995 ж.) кітабынан алынды.


 


[13] Сахидан Қашқынбай мен Нұртуған туады. Бұлар туралы кейінірек айтылады.


 


[14] Пристань - өзен жағалауындағы шағын порт.


 


[15] Сульфат - қайтқан теңіздің табанынан өндірілетін шикізат (қазақша сор). Бұрын осы жерде сульфат шикізатынан кесе-шәйнек, шыны жасайтын өндіріс орны болған. Сол себептен елді мекен осылай аталған.


 


[16] Талонды жұмысшыларға еңбекақылары есебінен комбинат береді екен (жұмыс істемейтіндер сатып алады). Әкем су берген кезде осы талондарды жинап алады да комбинатқа өткізеді (есептеседі). Мекеме қайта сатады, талон осылай айналымда жүреді.


 


[17] ГУЛАГ (Главное Управление лагерей )- НКВД жүйесіндегі түрмелер.


 


[18] Арал қаласы - Арал ауданының орталығы. 90 мыңдай халқы бар ауданда кезінде кеме жөндейтін және балық өңдейтін зауыттар, тұз шығаратын комбинат пен мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар болған.   


[19] Абыржы - теңіз бен өзен суының қыста қата бастағанда немесе көктемде ери бастағанда  қатынас болмай қалатын кезеңі.


 


[20] Қазақ Совет Энциклопедиясы, 10 т, "Сопы", 348 бет.


 


[21] Басшы Әзірханов. "Бекет ата-260"- Шымкент, 2010, 14-17 беттер.


 


[22] Қайынсіңлісі болғандықтан Үржан апамды осылай атайтын еді.


 


[23] Реш – арықтың жиегі, ернегі.


[24] "Шадияр", "Имам Ағзам", "пассал", "нажмал" деген сөздердің мағынасын білмедім, шамасы арабша болса керек. Ал "Құлһуалла…" мен "Әлһам…" құран сүрелерінің басы.


 


[25] Ө.Ахметовтың жоғарыдағы жазған шежіресі бойынша Сексеннің шын аты Торым екен. Торым төртқараның жаншұқырынан тарайды, яғни жаншұқыр – сабытай – милық. Милықтан үш бала – Қасым, Қойлыбай және Торым туады. Торымнан төрт бала: Рыскелді, Айт, Қожас және Кенжес. Қожастан бір бала - Тайжер туады дей келіп, Кенжестен бес бала дейді. Олар - Әйдаралы, Құл, Ұлықпан, Қашан және Тұғыр. Тұғырдан жеті бала бар дейді де, одан әрі таратып айтпайды. Апамның айтқан аталарының атын бұл шежіреден  таппадым.


 


[26] Қазалы ауданы – Қызылорда облысына қарасты 70 мыңнан астам халқы бар аудан. Түрксиб теміржолының бойына орналасқан ірі теміржол торабы - Қазалы теміржол станциясы 1958 жылы аудан орталығына айналды. Мұнда 1903 жылы пайдалануға берілген теміржол вокзалы осы күнге дейін жұмыс істеп тұр (тарихи ескерткіш есебінде мемлекет қорғауына алынған). Кезінде локомотив және вагон деполары, егін және мал шаруашылығымен айналысқан жиырмаға жуық шаруашылықтары болды.


[27] Қазалы қаласы - Қызылорда облысы, Қазалы ауданының 1958 жылға дейінгі орталығы. Іргесі 1853 жылы қаланған. Қаланың бұлай аталуы "қаза" деген балық аулайтын құралдың атына байланысты. Қаза шыбықтан немесе қамыстан тоқылып, қоғамен байластырып жасалады. Өзен жағасында құрылған қаза көп болғандықтан, елді мекен осылай аталып кеткен. 1867 жылы қала атағын алған. (Қазақ Совет Энциклопедиясы, 6 т, "Қазалы", 389 бет.) 


 


[28] Баяпыл - адам өтуге ғана  арналып салынған кішкене көпір-өткел.


[29] Әрем - бақша егуге қоршалған жер.


 


[30] Ысқақов Ортай (шын аты Орынбасар), өкінішке орай 1987 жылы жол апатынан қайтыс болды.


 


[31] Белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың қызы


[32] Дәрігерлер менің зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқитынымды білетін еді. Шамасы, мамандығымды мал дәрігері деп ойласа керек.


 


[33] Дәрігердің тапсырмасын бір жылға дейін орындап жүрдім, кейін ұмытыла бастады. Шынын айтқанда, менің мамандығымда бұндай режимді ұстау өте қиын болатын.


 


[34] Диоген – ежелгі грек философы, тақуалық өмір кешіп, лашықта тұрған.


[35] Кейін, Ленинградта болғанымда, Эрмитаждағы орыс патшасының тағы орналасқан залды көрудің сәті түскен еді. Екеуінің айырмасы жер мен көктей. Қалай болғанда да Қырым ханының ордасы осындай жұпыны болды дегенге сену қиын.


 


[36] Сөзі мен әні жерлесіміз Әнуарбек Алпысбаевтікі.


 


[37] Қазіргі Атырау қаласы.


[38] Халила атам бұл кезде қайтыс болған еді.


 


[39] В. Ян - татар-маңғол шапқыншылығы жайлы трилогия жазған орыс жазушысы.  


 


[40] Анам немересінің ғана емес, шөбересінің де атын қойып кетті. "Баламның Алмасбегі болады, оның Ақылбегі болады"- деп отырушы еді.


[41] Біз егеменді ел болғанымыз үшін рахметті алдымен Америкаға айтуымыз керек. КСРО-ның ыдырауына бірден-бір себепші сол мемлекет болды. Екінші кезекте Ресей Президенті Ельцинге айтуымызға болады. Соның бастамасымен үш республика басшылары (Ресей, Украина және Белорусь) Беловеж келісімін жасап, Горбачевті КСРО-ның өмір сүруін тоқтатуы жайлы мәлімдеме жасауға мәжбүр етті.


 


[42] Кәукейге алғаш барғанда Жолтай атты бухгалтердің үйінде жатып жұмыс істеген едім. Нәжмәдин Жолтайдың күйеу баласы, Лида атты қарындасын алып отыр.


 


[43] Бекарыстан атамыздың батырлығы да болған.


Ілгеріде түрікмендер қызылқұмды бойлай еніп, кішкене шектілердің елін жауламаққа Сырдың бойына келіп жетіпті. Қыс мезгілі болса керек, мұз үстінен өтуге бейімделіп өзен жағасына топтала бастайды. Қарсы бетінде қазақ жасақтары тұрады. Түрікмендердің бергі бетке өтуге ниеттенгенін білген Бекарыстан би садағын алып жауға қарата жебе тартыпты. Бидің "қозыжауырын" аталатын жебесі болған көрінеді - дыбыс шығарып ұшады екен. Гуілдей ысқырып келіп мұзға қадалған жебені көрген түрікменбасшы бір сарбазына: "Ана жебені алып келші"- дейді. Мұзға қарыстан астам кіріп кеткен жебені  сарбаз әзер суырып алыпты. Сонда түрікменбасшы "қозыжауырынға" қарап тұрып: "Мына жебені тартқан адам елін бізге оңайлықпен бере қоймас"- депті де, сол жерде ат басын кейін бұрыпты. 


"Бір оқпен жау тоқтатқан, бір сөзбен дау тоқтатқан Бекарыстан би" деген сөз содан қалған көрінеді.


 


[44] Шамасы, көкемді еңбек майданына (трудовой фронт) алмақ болған сияқты, көкемнің жасы ол кездері 47-48-дерде болатын.


[45] Бұл жоғарыда айтылған Кәлима апам екеуміз үйінде жатып оқыған Жанұзақ.


 


[46] Әкемнің жалғыз інісі Сахи көкем өмірінің соңына дейін Арал қаласында тұрды. 1977 жылы қайтыс болды. Одан екі бала - Қашқынбай мен Нұртуған бар еді.


Қашқынбай 1945 жылы туылған. Көп жыл бойы Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында тұрды, сол жақтан техникум бітірген болатын. Елге 1993 жылы оралып, алғашқы кезде Шымкент облысының Сарыағаш ауданында, кейін Қызылорда облысының Төретам қыстағында тұрды. Көп жыл шетте жүргендіктен араласа алмадық. Көшіп келгеннен кейін ғана қатыса бастағанбыз, бірақ 1997 жылы қайтыс болды. Әйелі мен балалары қазір Сарыағаш ауданының Ильич ауылында тұрады. Үш ер баласы, екі қызы бар.


Нұртуған 1950 жылғы. Кейінгі кездері Ленинск қаласындағы (қазіргі Байқоңыр) коммуналдық шаруашылығының бастығы болып істеді. 1990 жылдардан бастап қатынаса бастаған едік, 1999 жылы қайтыс болды. Екі ер баласы мен екі қызы бар. Отбасы қазір Байқоңыр қаласында тұрады.


 


[47] Құтаннан екі қыз бен екі ұл қалды, Жауқазын үлкені болатын.


 


[48] Ресейдің ғалымдары М.Горбачевке (1986 жылы) бұл жоба Солтүстік Мұзды мұхит аймағының климаты өзгеруіне әкеліп соғады деген жорамал айтқан. Сол себептен жоба жүзеге аспай қалды. Осы болашақ каналдың бойын зерттеген ғылыми экспедицияның геодезист маманы Қалдыбаев Серікбай қазір Шымкент қаласында тұрып жатыр.


 


[49] Едіге ағам 1993 жылы қайтыс болды. Нұртуған екеуміз жерлеуіне қатысып, қабіріне топырақ салып қайттық. Екі баласы да жоғары оқу орнын бітірді. Болат Арал қаласының әкімшілігінде жұмыс істейді, кішісі Бүркіттің қай жерде істейтінінен қазір хабарым жоқ.


 


[50] Ол кездері қалада жарық жиі өшірілетін еді, сондықтан керосин өтімді болатын.


 


[51] Осындай сөздер анда-санда айтылып қалып жатады. Бұл ретте мына жайды еске ұстаған жөн ғой деп ойлаймын. Қазақтың сайын даласы барша қазаққа ортақ. Себебі, бабаларымыз бұл жерлерді қорғағанда "анау сенің жерің, мынау менің жерім" демеген. Қай жауды да барлық ру бірлесіп жеңген. Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада" Қаратаудың басынан келе жатқан көш ("Елім-ай" әнінде айтылатын) ұлы жүз бен орта жүздің көші болатын. Жоңғарлар алдымен Жетісу мен Сарыарқаны, Алатау мен Қаратауды басып алды. Сол жердің халқы Қаратау мен Бетпақдала асып Сыр бойына, Арал мен Шалқарға дейін жетіп, ат басын тіреді. Сонда кіші жүздің қазақтары "сендер неге келдіңдер, бұл біздің ата-бабамыздың жері" деген жоқ. Осы жерде барша қазақтың әскері бас қосып, алғаш рет қарақұмда қалмаққа қарсы шықты. Кейін жоңғарларды Алатау асырып қуып тастады. Майдан даласында қаншама бауырларымыздың сүйектері қалмады? Сол заманнан қалған куәгер ретінде ұлы жүз бен орта жүздің үйсін, керей, найман, қыпшақ сияқты рулары Қазалы өңірінде қазір де тұрып жатыр. Тіпті Алатаудан келген қырғыздар бір ауыл болып отыр. Соларға: "бұл сенің жерің емес еді..." деп айтып жатқан бір қазалылықты кездестірмедім.


Қазақ жерін мекендеген рулардың белгілі қонысы болғаны рас. Бірақ бұдан қазіргі кезде сол жер тек сол руға тиесілі, басқа рулардың тұруына болмайды деген ұғым тумаса керек. Егер осылай ойлайтын адам кездесіп жатса, оның түсінігінің таяз болғандығы.


 


[52] Бұл жөнінде Шымкент қаласындағы тәуелсіз басылымдар шулап жазып жатты, себебі «Южтрансгаз» облыстағы ірі мекемелердің бірі болатын.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.