• Бүгін: 20.07.2019

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы жұмыс сапарының соңында Маңғыстау облысының жұртшылық өкілдерімен кездесті.


Басқосуға облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес секторлар мен бизнес қоғамдастығының, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық зиялы қауым өкілдері және облыс жастары қатысты.


Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жасаған сапарының маңыздылығын айтып, тарихтың аса жауапты сәттерінде маңғыстаулықтардың ел басшылығына әрдайым қолдау көрсеткенін ерекше атап өтті.


Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктеріне арнайы тоқталды.


– Баршаңыз білесіздер, Елбасы тарихи шешім қабылдап, Қазақстан өркендеудің жаңа сатысына қадам басты. Біз Тұңғыш Президент айқындап берген стратегиялық мақсат-міндеттерді жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра береміз. Осы жылдар ішінде егемен еліміздің саяси басқару жүйесінде сабақтастық дәстүрді қалыптастырдық. Елімізді одан әрі ілгерілетіп, дамыту – біздің алдымызда тұрған маңызды міндет, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті экономика өсімін қамтамасыз етудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың, халықтың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартудың маңыздылығын айтты.


– Тек мұнай саласына ғана сеніп, өмір сүруге болмайды. Қазіргі заманда бұл тиімсіз. Инвестиция – экономикалық өсім мен өңірдің әл-ауқатын арттырудың негізі. Еркін экономикалық аймағымыз, соның ішінде «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағы инвестиция тарту әлеуетіне ие. Сондай-ақ, туризмді дамыту ісі еліміздің перспективасы зор екенін көрсетеді. Бұл салада Маңғыстау облысының бірқатар нақты басымдықтары бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Кездесу барысында Қазақстан Президенті Үкіметке, министрліктерге, әкімдіктерге, даму институттарына ұлттық экономика өсімін қамтамасыз етуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, кадрлар іріктеу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ қоғаммен тиімді қатынас орнатуға бағытталған бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырды.


Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөніндегі шешімін қолдағаны үшін кездесуге қатысушыларға алғыс білдіріп, баршасына табыс және амандық тіледі.


Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Шопан ата мен Бекет атаның жер асты мешітіне барып, бабалардың рухына тағзым етті.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.