• Бүгін: 17.07.2019

Қызылдың қия құмында

авторы: Ислам АХМЕТҰЛЫ


II - БӨЛІМ


 ҚЫЗЫЛДЫҢ ҚИЯ ҚҰМЫНДА


 Эссе


 Сен ешнәрсені жасырып қалма, мен ешнәрсені қоспайын.


-  Жоқ, сіз ешнәрсені қоспаңыз, мен ешнәрсені жасырып қалмайын.


Біз осыған келістік.                                                                                  ........................................................                                 


     Ғ.Мүсірепов "Қазақ солдаты"


 1974 жылдың тамыз айы.


Белінде көк жолағы бар, ел ішінде "кукурузник" атанып кеткен жолаушылар таситын АН-2 самолеті Қазалы аэропортынан ұшып шығып, құбылаға қарай бет түзеді. Қырық күн шілденің аптап ыстығына күйген сары даланың үстімен, ішіне мінген он екі жолаушының жүрегін суылдатып анда-санда тастап-тастап алып, дарылдап ұшып келеді. Қарақұм мен қызылқұмның арасын бөліп жатқан Сырдария өзені көк жібек таспаға ұқсап ирелеңдеп қалып барады. Иллюминатордан қарап келемін, дариядан өткеннен кейінгі көзге түскен бірлі-жарым ауылдың сұлбасы болмаса, маңып жатқан далада көз тоқтатар ештеңе жоқ. Кейде күнге шағылысып жалтырап жатқан сулар көзге түседі, бұлар артезиан скважиналары  болу керек.


Қырық бес минут ұшқаннан кейін самолет бір қанатына кілт қисайып, қонуға бейімделді. Төменнен аэропорт үйі, алаңдағы "Т" әрпі тәріздес белгі көрінді. Дөңгелегін жерге бір-екі рет түйіп-түйіп алып зырлай жөнелген самолет, келген бағытына қарай бұрылып барып моторын сөндірді. Бір сағатқа жуық ұшудан құлақтары тұнып, содан естерін енді жинаған жолаушылар заттары мен дорбаларын қолдарына алып жерге түсіп жатыр. Жолаушылардың соңын ала мен де түстім. Бұл қызылқұмның топырағын бірінші рет басуым еді. Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, "Қызылқұм" кеңшарына жолдама бойынша жұмыс істеуге келе жатқан бетім.


Қызылқұм алғашқыда маған Африканың шөліндей болып көрінді. Көз жететін жердің бәрі ақшағыл құм. Сексеуілден басқа ешнәрсе өспеген бұйра-бұйра жалдар (кейін білдім, сексеуілден де басқа өсімдіктер бар екен). Кеңшар орталығында жетпісшақты финн үйлерінен тұратын төрт-ақ көше бар. Осы көшелерге қарап тұрып: "Бір-екі жылдай жұмыс істесем, арғы жағында аудан орталығына жақындау бір шаруашылыққа ауысудың сәті түсер..." деген ойдың келгенін жасыра алмаймын.


Кеңшардың кеңсесін жолаушылардан сұрап алып, солай қарай беттедім. Осы шаруашылықта бас экономист болып жұмыс істеп жатқан, маған жақын туыс болып келетін Әметов Жеңістің бар екенін білетінмін. Мен бітірген институтты бұдан үш жыл бұрын бітірген еді. Соған жолығып, соның үйінде қона жатармын деп келемін.


Кеңседен Жеңісті оңай тауып алдым. Кабинетінде отыр екен. Менің келгеніме қуанып, институтты бітіруіммен құттықтап жатыр.


- Құбайдолла деген директорың бар, қазір өзім апарып жолықтырамын,- деді.


Түскі үзіліс жақындап қалған кез болатын, директор кабинетінде болмай шықты. Жеңістің үйіне қарай бет алдық. Үйінде үлкен кісі - Жеңістің шешесі бар еді. Сәлем бердім. Үйдегі әке-шешемнің амандығын сұрап жатыр. Мектепте Жеңістің қарындасымен бірге оқыған едім, Зәмзә медучилищені бітіріп Қазалыда медсестра болып жұмыс істеп жатыр екен. Күләш жеңгемнің шәйін ішіп болғасын қайтадан кеңсеге келдік. Жеңіс ағам директорге кіріп мені таныстырды және өзінің жақын інісі екенін айтып шықты.


Құбайдолла Сарқұлов жасы қырықтар шамасындағы, орта бойлы, ақбурыл шашты, тығыршықтай ғана кісі екен. Жолдамамды көріп болғаннан кейін қоңырауды басып хатшы келіншекті шақырды.


-  Аппаратты жина!


Біреулеп-екеулеп адамдар кіре бастады. Бәрі жиналып болды-ау деген кезде:


- Аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығымен келіп отыр. Институтты биыл бітірген жас маман,- деп менің аты-жөнімді айтып өтті. Сосын:


- Қолеке, сізге көмекші болады,- деп толық келген ақсары кісіге қарады.


Бұл кеңшардың бас зоотехнигі Абдраманов Қолғанат екен. Сол күннен бастап мал тұқымын асылдандыру жөніндегі зоотехник болып жұмысқа кірістім.


                                                * * *


 "Қызылқұм" кеңшары (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы) 1964 жылы екінші тыңды - мал шаруашылығын көтеру және қызылқұмды игеру мақсатында құрылған шаруашылық. Қызылқұм және Ажар аталатын екі фермасында отыз мыңдай қой, жеті жүздей жылқы мен түйе өсіріледі. Орталығы Қызылқұм елді мекені Қазалыдан екі жүз елу шақырым жерде. Автобус қатынасы жоқ. Ауданмен  қатынас әуе арқылы. Самолет бір сағатқа жуық ұшады. Жермен барған жағдайда ауылдан азанда шыққан машина аудан орталығына кешке барып жығылады.


Жеңістің үйіндемін. Бұл үйде кеңшарда есепші болып жұмыс істейтін Жолтай деген кісі де жатыр екен (үйі әлі көшіп келмеген). Жолтайдың руы төртқара, бұл жағынан маған нағашы болып шықты.


Қызметім мал тұқымын асылдандыру жөніндегі зоотехник болып аталғанымен, жұмысымның негізгі бағыты бас зоотехниктің нұсқауымен түрлі қағаздар толтыру еді. Кейде өкіл ретінде фермаларды аралаймын, науқан кездерінде пункттердің басында  боламын.


Қыс түсті.


Сол жылы қыс қатты болды. Қаңтардың ішінде-ақ мал шығын бола бастады. Кеңсе жабылды. Барлық мамандарды отарларға өкіл етіп жіберді. Мен Ажар фермасының Сартпамбет деген қыстауына бардым.


Қыстауда екі отар қой бар. Бірінің егесі Егізбай ақсақал, екіншісі Рәмаш деген жігіт ағасы жасындағы шопандікі. Рәмаштың отарында көп шығын жоқ, ал Егізбайдың отарынан қырыққа жуық қой өліпті. Қыстаудың басында ферманың меңгерушісі Бисеналиев Құттыбайдың өзі жатыр екен. Мен барғаннан кейін барлық жағдайды түсіндіріп, өз жұмысына кетті.


Ортасын пешпен бөлген жербастырманың бір жағында Егізбай ақсақалдың отбасы орналасқан, екінші бөлігіне оншақты ағаш бөшке қойылған. Бұл бөшкелерде ашыған быламық дайындалады екен. Күн сайын екі мезгіл (азан мен кеште) отардағы бес жүзден астам қойға астауға құйып cұйық быламық беріледі. Өте нашар деп бөлінген екі жүздей мал өріске шығарылмайды, қорада бағылады. Оларға да беріліп жатқан осы сұйық быламық. Шөп ИГК агрегатымен майдаланып, арнайы соғылған ақырға салынады.


Екі-үш күн өтті. Күндіз Егізбайдың отарында боламын, кешке Рәмаштың үйіне келіп қонамын. Рәмаш Тынымбай жездемнің туған бөлесі еді, яғни осы үйдегі жасы сексеннен асып кеткен сары кемпір Тынымбайдың шешесінің апасы болып табылады.


Кешкілік шәй ішіп отырып Рәмаштан сұраймын:


-  Сенің қойың аман, ана отарда неге өліп жатыр?


Рәмаш қуақы адам еді.


- Қойлардың өзінен сұрамадың ба?- дейді аузын алақанымен көлегейлеп күліп алып (тісінің кетігі бар, сол себептен осылай әдеттеніп кеткен). Басқа ешнәрсе айтпайды.


Тағы үш-төрт күн өтті. Егізбайдың отарындағы өлім тыйылар емес. Осылай өле берсе отардың қыстан шығар түрі жоқ. Бір күні ауданнан Шарапат атты мал дәрігері келді. Тәжірибелі маман ғой деп сұрап едім, ол: "Бұл қойлар аурудан емес, аштан өліп жатқан сияқты"- деді. Өлген қойлардың мүрделерін сойып, кейбір ағзалары мен бездерін кесіп алып, тексеруге алып кетті. Бірақ оның нәтижесінен хабар болмады.


Бір апта өткеннен кейін малдың шынында да суық пен аштықтан өліп жатқанына көзім жетті. Тіпті өзіміз қолдан өлтіріп жатқан сияқтымыз. Ашық малқора биік төбенің басына салынған[1]. Өріске шығаруға жарамсыз әлсіз қойлар күні бойы сонда тұрады. Көтерем қойлар отыз градус аязда ызғырық желдің өтінде тұрғасын, оның үстіне суық быламық ішкесін оңа ма? Быламықты астауға құйған кезде бетіне қабыршақтанып мұз қатып жатады. Осы аталаны ішкен қойлар безгек тигендей қалтырап, кейбірі ішкен бойда жерге құлай кетеді.


Шопанға: "Жемді неге құрғақтай бермейсіңдер?"- деймін. "Ойбай, бәлесінен аулақ! Завферма да, директор де ашыған быламық беріңдер деп кеткен. Айтқандарын істемесем өлген қойды маған төлетеді"- деп зар илейді. "Олай болса быламықты жылытып бер. Мына ызғырық желде мұздай сұйықтық беріп қойды қолдан өлтіріп жатырсың ғой",- дегеніме айтатыны: "Бес жүз қойға қалай жылытып бере аламын? Көзің көріп тұр, мен солардың айтқанын істеп жатырмын. Ұрып өлтіріп жатқаным жоқ қой".


Расында бір отбасының елу-алпыс қойға ғана быламық жасап үлгіруі мүмкін еді. Бір отар қойға түгелдей быламық ашытып бер деген тәртіптің қайдан шыққанын және кім бергенін білмедім? Мүмкін дұрыс та шығар, бірақ бұл жағдайда бір кішігірім цех жұмыс істеуі керек еді.


Осы уақытқа дейінгі быламық дайындаудың "технологиясы" төмендегідей екен. Жертөледегі ағаш бөшкелердің әрқайсысына төрт-бес шелектен жем салынады. Терезеден водовоздың шлангісімен су құйылады. Сосын араластырылады. Бір үлкен тайқазан бар, онда көже ашытылады. Қазандағы көжені бөшкелердегі сұйытылған жемнің үстіне бөліп құяды. Сонда әр бөшкеден ашыған быламықтың иісі шыққандай болады. Міне, быламық дайын, енді бере беруге болады.


Қойшыға:


- Быламық бөшкеде тұра берсін, малға жемді құрғақ күйінде беріп көрейік. Өкілдерге быламық беріп жатырмыз деп айтармыз. Қорадағы көтерем қойларды осылай жемдейік...- дедім. 


Қойшы келісті. (Келіспей қайтеді, күн сайын быламық ашыту да оңай жұмыс емес). Қойларға жемді құрғақ күйінде бере бастадық. Жемнің сапасында ешқандай кінә жоқ еді (зауытта дайындалған түйіршік жем). Мұндай жемде малдың ағзасына қажетті заттардың бәрі болады және түйіршік күйінде ғана берілуі керек. Ашытқан жағдайда пайдалы заттарының өзгеріске ұшырауы мүмкін.


Ықтау жерден уақытша малқора жасадық. Көтерем малды осында ұстайтын болдық. ИГК агрегатымен майдаланған шөп жерге шашуға келмейді (малдың тұяғына басылып, топыраққа араласып кетеді), сол себептен шөпті турамай бергіздім. Шөптің аздығынан ол кездері турамай беруге және жерге шашуға үзілді-кесілді тыйым салынған болатын. Бірақ мен осылай істедім, басқа амал болмады. Мал аман шықса шөпті неге майдаламай бердіңдер және неге жерге шаштыңдар демес еді. Ал егер мал өліп жатса, абыройсыздыққа қаларымыз анық.


Бір аптадан кейін өлім кәдімгідей тыйыла бастады. Бөшкедегі быламық сол күйінде тұр. Өкілдер сұраса: "Мінеки, быламық беріп жатырмыз"- деп көрсетеміз. Олар риза болып кетеді. Кейбірі тіпті саусағын бөшкеге батырып, иіскеп те көреді.


Сол өкілдердің көпшілігі мал маманы емес еді. Аудандық партия комитеті жіберген әртүрлі мамандық иелері болатын (іштерінде инженер, дәрігер және мұғалімдер бар). Басқа мамандық иелерінің мал мамандарына тәртіп беріп жататынына түсінбейтінмін. Қолдарында аупарткомнан алған нұсқаулары бар, сол нұсқаулар бойынша "тексеріп", көрген-білгендерін айтып баратын еді. Бірақ, бір қызығы, шаруашылықтағы бас мамандардың өздері сол өкілдерге: "Бұл олай емес, бұлай болуы тиіс!"- деп айта алмайтын.


Сартпамбеттегі қыстауда бір айдан астам уақыт болдым.. Мен отарға келгенше қырықтан астам қой өлген екен, мен барда отызшақтысы өлді. Бірақ соңғы оншақты күнде өлім тоқтады. Мал аралап жүрген директор мен парторгтың рұқсатымен мен ауылға қайттым. Отардағы мал өлімінің тоқтау себебін олар менен сұраған жоқ, мен де еш адамға жария етпедім. Дегенмен, кейін фермада істеген кездерімде, басымнан өткен осы оқиғаны естен шығармауға тырыстым.


Көктемде шаруашылықтың бас зоотехнигі Абдрамановпен бірге Шымкенттегі зауытқа қаракөл апардық. Бұл Шымкентті, ондағы қаракөл зауытын бірінші көруім еді. Алматыдай үлкен болмағанмен көрікті және жасыл қала екен. Бір аптадай болып, зауыттың технологиясымен танысып қайттым.


Сол жылдың жазында "Қызылқұм" кеңшарының орталығы Кәукей елді мекеніне ауысты, кеңшар орталығы Қазалыға жүз елу шақырымдай жақындады. Көрші жатқан "Бозкөл" кеңшарының бір фермасының малын жерімен қоса алып, сол ферманың орталығы болған Кәукейді кеңшар орталығына айналдырған Сарқұловтың еңбегі зор еді. Қой фермасы енді үшеу болды. Ешқандай шабындығы болмаған шаруашылыққа Қуаңдария[2] бойынан аз да болса шабындық қоса берілді және теңіз беткейіндегі Бесарал маңынан егіс егетін жер қосылды.


Көп ұзамай Жеңіс ағам "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы кеңшарға партком хатшысы болып кетті (кейін Абай атындағы ұжымшардың төрағасы болды), мен Кәукейге көшіп келген Жолтайдың үйінде жаттым. Жанзира деген жеңгем бар екен, салмақты да сырбаз адам. Қазақтың "ағама жеңгем сай" деген сөзін жақсы ұғымда алатын болсақ осы екеуіне арналғандай еді. (Кейін, менің үйім көшіп келген соң да, араласып-қатысып тұрдық.) Мойныма қарыз болмасын, айта кетейін, Жеңіс ағамның үйіндегі Күләш жеңешем де алтын адам болатын. Үнемі күлімсіреп жүретін осы кісінің пісірген пельменінің дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді.


Күзде (1975 ж.) аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Пірімбетов мені Мәскеудегі мамандық жетілдіру курсына оқуға жіберді. Октябрь революциясы мерекесі қарсаңында Мәскеуге оқуға аттанып, К.И.Скрябин атындағы малдәрігерлік академиясында төрт ай оқып қайттым. 


1976 жылдың көктемінде келіп жұмысыма қосылдым.


Жұмысқа кіріспес бұрын үйді Кәукейге көшіріп әкелгенмін. Әке-шешем, әйелім төртеуміз кеңшардың берген екі бөлмесінде тұрып жатырмыз. Әйелім тігін шеберханасында тігінші болып жұмыс істейді.


Сол жылдың күзінде, яғни қараша айының соңына таман көпке дейін есімнен кетпеген бір оқиға болды... 


№2 Ажар фермасының жеті жүз бастай еркек тоқтысын Кәукейдегі мал бордақылау алаңына әкелу керек болған еді. Басқа адамның реті болмады ма, білмеймін, кеңшар директоры осы жұмысты маған тапсырды. Фермаға бардым. Ерсайын деген малшының отары екен, қасына бір адам қосып айдауға дайындап қойыпты. Астыма сол ферманың шаруашылық машинасын берді. Бірі түйеге, екіншісі атқа мінген екі малшы таңертең малды айдап шықты.


Малшылар араға бір қонып, ертеңіне кешке орталыққа жетуі керек еді. Менің міндетім жол бойы олармен хабарласып отыру және азық-түлігі мен керек-жарағын жеткізіп беру. Сол күні отар жолдағы Тақыртүп аталатын бұлақтың[3] басына жетіп түнеді. Мен кешке қарай машинамен Ажарға қайттым.


 Ертеңіне түске таман отарды қуып жеттік. Малшылар малды суғарып алып жолға салған екен. Осы бетімен жүріп отырса кешке Кәукейге жетері анық еді. Мал мен малшылардың жағдайларының дұрыстығына көзіміз жеткен соң, түс ауа, Кәукейге қарай бет алдық.


Біз Кәукейге жете бергенде қар жауа бастады. Қардың аяғы лезде боранға айналып, табан астынан жаяу борасын басталды да кетті. Бордақылау алаңының меңгерушісіне отардың бүгін кешке келіп қонатынын ескерттім.


Боран басылар емес. Сондықтан малдың жағдайын тағы бір рет білгім келді. Шоферге:


- Қайтадан отарға барайық, мына боранда адасып кетулері мүмкін,- дедім.


Жүргізуші Шахмардан деген жігіт (ферма меңгерушісінің жақыны болатын) шаршады ма, әлде шынымен  солай ма:


- Машина бұзылып тұр, жөндеп алмаса болмайды,- деді.


-  Қараңғы түсіп қалды, қалай жөндейсің?


- Қазір Жәкеңнің ағасының үйіне барайық. Сол үйде жөндеп алуға мүмкіндік бар.


Жәкең деп отырғаны ферма меңгерушісі Аханов Жалғасбай еді. (Бұл кезде ферманың бұрынғы бастығы Құттыбай басқа жұмысқа ауысып, орнына көрші "Бозкөл" кеңшарынан осы кісі келген болатын). Жалғасбайдың Кәукейде Қыпшақбай атты ағасы тұрады, соның үйіне бардық. Шәй ішіп, әлденіп алғаннан кейін жүргізушім машинасын жөндеуге кірісті. Мен күтіп отырмын.


Сәлден кейін ішке кірген шофер:


- Жөндеген болдым... Бірақ әлі де сенім жоқ, мына боранда өзіміздің далада қалуымыз мүмкін...- деді.


Амалсыздан сол үйге қонуға тура келді (үйге барғаным жоқ, шофердің қасында болайын дедім). Түнге қарай боран үдеп кетті. Мал жете алды ма, болмаса жолдағы қыстауларға паналады ма деген ой түнімен мазалап шықты.


Азанда дауыл басылған екен. Ерте тұрып бордақылау алаңына барғанымда малдың келмегені белгілі болды. Ажарға қарай жолға шықтық. Малшылардан айырылысқан жерге дейін бардық. Отарды кездестіре алмадық.


Жел шығыстан тұрған еді. Мал батысқа қарай ығуы тиіс болатын. Осы оймен теңіз беткейін жағалап жүріп келеміз. Кәукейдің төбесі көрінген кезде алыстан жалғыз түйелі адам көзге шалынды. Жақындай бере әлгі адамның өзіміздің қой айдаушы екенін таныдық. Серік деген жұмысшы болатын, түйеден сүйретіліп әзер түскен Серік: "Қойдан айрылып қалдық, Исеке... Малға қасқыр шапты!"- деді.


-  Ерсайын қайда?


- Отарды жолда кездескен қой ұрықтандыру пунктіне қамағанбыз, сонда қалды.


-  Ауылға өзің жете аласың ба?


-  Жететін шығармын...- деді көзінің қиығымен көрініп тұрған ауыл жаққа бір қарап қойып.


-  Онда бірден кеңсеге бар, болған жағдайды басшыларға айт. Біз мал жаққа бара берейік. 


Серіктің сілтеген бағытымен жүріп келеміз. Ұзамай-ақ қой ұрықтандыру пунктінің қарасы көрінді. Пунктке жақындай бере алдымыздан атқа мінген қойшының өзі шықты. Тоңғаны, оның үстіне қатты қорыққаны көрініп тұр. Жылы кабинаға кіріп есін жинағаннан кейін болған жағдайды айтып берді.


-  Сіздер кету бойына боран басталды. Мал айдауға көнбеді, біз соңына түсе бердік, басқа амалымыз болмады. Отарды жолда тап болған осы пунктке әкеліп қамаған едік, күн бата қасқыр пайда болды. Қасқырлар біздің оқ атқанымызға пысқырған да жоқ, бір топ қойды бөліп алды да, алдарына салып айдап кетті. Ол қойлардың не болғанын білмейміз...


Пункттің іші мен қорасын паналаған үш жүздей ғана қой қалыпты. Қалғандары жоқ. Алып шыққан азық-түлігімізді қолына беріп, шопанды сол жерге қалдырдық. Өзіміз қойдың кеткен бағытына қарай жолға шықтық. Машинамыз алты дөңгелекті әмбебап Зил-157 еді, қар бетіне түскен малдың ізімен жүріп келеміз. Шыға бере әр жерде шашылып жатқан қойлардың денелері кездесе бастады. Жерге түсіп қарағанымызда қасқыр тартқаны белгілі болды - біреулерінің ішін жарып кеткен, кейбірінің құйрығын жұлып алған...


Бірнеше шақырым жүргеннен кейін алдымыздан бір бөлек қойдың қарасы көрінді. Маңында ары-бері шапқылап жүрген бір мақұлықтар көзге шалынады. Жақындай бере байқадым -  қасқырлар екен. Мылтығымыздың жоқ екені осы кезде барып есімізге түсті. Келе жатқан машинаның қарасын көрген төрт-бес қасқыр қойдан бөлініп шығып ұзай берді. Жайшылықта машина көрсе тұра қашатын қойлар бұл жолы үркердей топтанып, маңыраған бойы үйіріліп тұра қалған еді. Көз жобамен байқап тұрмын – жүз елу бастай болып қалатын сияқты. Жолда отыз бастай өлімтік көргенбіз, қалғандары қайда?


Осы кезде ауыл жақтан келе жатқан бір машинаның қарасы көрінді. Бұлар бізге көмекке жіберілген адамдар екен. Осылардың ішінен әлгі қойларды күзете тұруға бірнеше адам қалдырып, қалғанымыз алға жүріп  кеттік. Сол күні қас қарайғанша әр жерде шашырап жүрген жүздей қой табылды.


Ертеңіне бір топ адам болып үш машинамен қой іздеуге қайта  шықтық. Бұл жолы директордың өтінішімен ауылдың шалдары атқа қонған еді. Теңіз жағасының машина бара алмайтын қойын-қолтығын сол аттылы адамдар сүзіп шықты. Тағы да жүзден астам қой табылды.


Аман қалғандары мен өлгендерінің есебін алғанымызда,  фермадан айдалып шыққан малдың санына әлде де елу бастай қой жетпейтін болып шықты. Бұл қойларды қасқырлар басқа жаққа айдап әкетті ме, әлде көзге көрінбейтін таса жерлерде қалып қойды ма, біз біле алмадық. Қасқырлар қозыларды тірілей алып кетіп, күшіктерін ауыздандырып үйретеді дегенді естуші едім. Осы жолы олардың өлімтіктерді қардың астына көміп кеткенін көзіміз көрді. Бірнеше қойдың денесін бір жерге жинап, үстін қармен жауып тастапты. Мұны қасқыр көмбесе, кім көмеді? Шамасы, кейін жеулері үшін жасырған болулары керек.


Болған жағдайды директорге бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып беруіме тура келді. Қандай жаза берсе де дайын болып барған едім. Бірақ сол жолы Құбекең маған ұрысқан да, кейіген де жоқ. Бар болғаны: "Кінәлі адамдар міндетті түрде жауапқа тартылады!"- деді де қойды. Басшылардың арасында қандай әңгіменің болғанын білмеймін, бұл оқиға мен үшін күтпеген жерден ың-шыңсыз аяқталды. Қасқыр тістеп жаралаған, яғни мал болмайды-ау деген қойларды ауылға тараттық (құнын ұстайтын болдық). Өлген және жоғалып кеткен сексеннен астам қойды директор мал мамандарына бөліп салды. Менің үлесіме де екі қой тиді, яғни екі қойдың құнын төлеп құтылдым.


Боранның болғаны рас еді, қасқырдың да шапқаны рас, дегенмен мен де кінәсіз емес едім. Машинаның бұзылып қалғанын сол сәтте басшыларға хабарлауым керек еді. Тәжірибемнің жоқтығынан болар, болмаса түннің іші ғой дедім бе, мен ешқандай әрекет жасамаппын (біздің жағдайымыздан басшылар да хабар алмаған болатын). Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды.


1977 жылы мені фермаға ауыстырды.


Ажардағы ферманың меңгерушісі Аханов Жалғасбай зоотехник болып келсейші деп айтып жүрген еді. Түрлі сылтау айтып келіспей жүретінмін. Фермадағы мал басының кем екенін білемін, сол себептен барғым келмейтін.


Жаз айларының бірінде Шымкенттегі зауытқа қаракөл тапсырып келсем, директорым Сарқұлов Құбайдолла:


- Жақсы тапсырып келгеніңе ризамын. Енді жаңа қызметің құтты болсын, Ажардағы фермаға зоотехник болып барасың. Бұйрықты беріп те қойдым,- деп қарап отыр.


Ахановтың директормен институтта бірге оқығанын білетінмін, мен келіспегеннен кейін ол кісі Құбекеңді көндірген болу керек. Директор бұйрық берген соң амал бар ма, ертеңіне Ажар қайдасың деп жүріп кеттім.


Ажар елді мекені Кәукейдің оңтүстігінде, кеңшар орталығынан жетпіс бес шақырым жерде, Қызылқұм фермасымен екі аралықта орналасқан. Алпысқа жуық шаңырағы бар, төрт жүздей жан тұрады. Төрт жылдық мектеп, дүкен, медпункт, автолавка жұмыс істейді.


Бұл ферманың тарихы «Қызылқұм» кеңшарынан да әріден басталады. Алпысыншы жылдары осы Қызылға[4] Карл Маркс атындағы кеңшардың ауылдық кеңес төрағасы Мәкенов Қалидың жетекшілік етуімен ферма меңгерушісі Бақышов Төлеген, одан кейін Ділжанов Аяған бастаған малшылар алғаш рет қой әкелген. Яғни бұрын бұл жерде біздің ауылдың бір ферма қойы болған. Кейін "Қызылқұм" кеңшары ашылғанда ферма осы кеңшардың қарамағына беріледі. Сол себептен айтылып отырған ауылдың халқы түгелдей Карл Маркс атындағы кеңшардан шыққандар десе де болады.


 Отарларды аралап шықтым. Жиырма бес отарда он үш мыңдай қой бар. Фермада бес жүздей қой кем екен (бұл бір отар қой жоқ деген сөз!), оның есесіне мыңға жуық жекеменшік қойлар бар. Екінші бір ерекше жағдай - әр отарда отыз-қырық бастай ісек болып жазылып жүрген саулықтар бар еді. Мал шаруашылығына араласпаған адамның түсінбеуі мүмкін, түсіндіріп айтсақ төмендегідей: қойшының алдындағы малы түгелдей ұрғашы, бірақ құжатта соның отыз немесе қырық басы ісек болып жазылады. Жылдың басында отарға жоспар салынған кезде құжатта ісек болып жазылған әлгі саулықтарға төл салынбайды, алынған төл басқа саулықтардың егізі есебіне кіреді. Бұл жерде әр жүз саулықтан алынған төлдің пайызы көбейеді, бар құпия осы (егер оны құпия деп айтуға жараса).


Төлдем кезінде осы "ісектерден" алынған төлдің есебін жүргізудің өзі қиын жұмыс болатын. Қойшы одан туған төлді оп-оңай бере салғысы келмейді. Мал мамандарының: "Ісектен алынған төлді қоссайшы"- деп жалынып отырғанын талай көргенмін. Дегенмен есептесе отырып, "құда да тыныш, құдағи да тыныш" деген жолмен төлдің есебін жабады. Жалған ісектерді ұстаудың мақсаты төлдің көрсеткішін көтеру. Мал шаруашылығының негізгі көрсеткіші әр жүз саулықтан алынатын қозы болады. Бірақ сол көрсеткіш үшін малшыға тәуелді болу меніңше дұрыс емес.


Малдың кемдігін білдірмеу үшін (жоғарғы жақтан санақ келген жағдайда) шопандардың жекеменшік қойларын санатып жүрген. Бұл үшін қойшыларға өтініш айтады. Малының ешқайда кетпейтінін білсе де малшы оңай көне қоймайды. Сенің күнің түскесін, әрине, шалқайып қалады. "Біздің жеке малымызды санатып жандарың қалып жүр"- деп бетімізге айтпағанмен, іштерінен солай ойлайтындары анық еді.


Менің ойымша маман малшыға тәуелді болмауы керек. Егер сен малшыға тәуелді болсаң, одан жұмыс талап ете алмайсың. Ал талап қоя алмайды екенсің, онда жұмысың да алға баспайды. (Шаруасын маманнан да артық білетін малшылар болады, мен олар туралы айтып отырғаным жоқ, ондайлар өте аз).


Отарларды аралап шыққаннан кейін меңгерушінің алдына екі мәселемен кірген едім. Біріншісі мал басын түгелдеу. Себебі ерте ме-кеш пе, әйтеуір кем мал үшін жауап беруге тура келері анық. Екіншісі фермадағы ісек болып жүрген саулықтарды бір жерге жинап, бөлек отар жасау керек сияқты. Cонда алынған төл бір жерде болады, бұл есеп-қисапқа да жақсы және соның төлімен жоқ малдың орнын толтырудың мүмкіндігі туады. Бірақ бұл айтуға оңай болғанымен, іске асыруға келгенде өте қиын жұмыс еді.


Бастығым шошып кетті.


- Айналайын-ау, алдарындағы "ісектерді" қалай аласың?! Жинап алсаң шу шығарады ғой. Осының арқасында көрсеткіштерін көтеріп қосымша ақы алып отыр. Мұндай жағдай жұрттың бәрінде де бар. Тәуекел, не көрсек те солармен бірдей көрерміз. Тыныш қана жұмысыңды істеп жүре бер...


"Жұрт" деп отырғаны басқа фермалар мен кеңшарлар болар? Егер жауап беруге тура келсе (оның бетін әрі қылсын!), басқаларда да сондай деп айта алмайсың ғой?! Ойланып-толғанып, ертеңіне  меңгерушінің алдына қайта бардым.


- Мен сұранып келгенім жоқ, Жәке. Егер келіспесеңіз, басқа зоотехник іздеңіз...


Меңгерушінің мінезі жуас, ақкөңіл адам еді.


-  Ертең келші, оған дейін ойланайық,- деді.


Ертеңіне бардым.


-  Келісейін, бірақ бар жауапкершілікті өз мойныңа аласың.


-  Мақұл.


Сол күні-ақ іске кірісіп кеттік. Қасыма ферманың бухгалтері Байдаулетті ертіп алып малшылармен есептесіп келе жатырмын. "Етке өткізуге ісек малын жинап жүрмін, құжаттағы ісектерді машинаға тиеңіз"- деймін. Қойшының көзі атыздай болады.


-   Қайдағы ісек айтып тұрғаның? Бәрі саулық қой ғой!


-   Олай болса, барлығы саулық деп құжат жасаймын. Соған қол қоясың.


Кейбірінің қол қойғысы келмейді.


-   Онда құжаттағы ісектерді тауып бер!


Мүйіздері сақырлаған жиырма-отыз бас ісекті табан астында қайдан таба қойсын, амалсыз қол қояды. Осындай жолмен саулық отарлардағы мал басын дұрыстап шықтым.


Жалған ісектердің саны алты жүздей болды. Етке өткізуге дайындап отырған үш отар кәрі саулығымыз бар болатын, осылардың ішінен енді бір рет төл береді-ау дегендерін іріктеп, бөлек отар жасақтадым. Екі отарды етке тапсырып, әлгі отарды алып қалдық. Сол отарға әкеліп жалған ісектердің "шапанын" жаптық, яғни бұл отар құжатта ісек болып тұратын болды. Малшылар да қарап жатпайды: "Біздің ісектеріміз қайда кетті?"- деген әңгіме шықты. Оларға: "Ісектерің етке өткізген малдың ішінде кетті"- деуіме тура келді.


Енді жаңағы отарға сенімді шопан табу керек болды.


Осы фермада Күлән атты өкіл апайым бар болатын (әкемнің өкіл қызы, жездемнің аты Ақбай). Үйімді көшіріп әкелгенше солардың үйінде тұрып жатқанмын. Жездемнің інісі қой бағатын еді, соны үгіттеп көндірдім. "Алдыңдағы саулықтардың құжатта ісек болып тұрғанын ешбір жан білмейтін болсын! Білсе, үлкен шу шығады"- деп түсіндірдім.


Бұл жерде тағы бір мәселе бар еді. Ісек қой мен саулық қойға төленетін еңбекақы бірдей болмайды. Саулықтың басына төленетін ақы жоғары болады, оның үстіне төлі үшін алатын қосымша ақысы бар. Осының бәріне алдағы төлмен есептесетін болып келістік. Біздің мақсатымыз алынған қозымен жоқ малдың орнын толтыру еді. Бұған келесі жылдың тамыз айына дейін уақыт керек (тамыз айында қозы енесінен айырылып, бөлек отар жасақталады).


Күзде әлгі отарды ұрықтандыруға кірістік. Пункттің басында өзім болдым. Жақсы ұрықтанып шықты. Қыстауға ферма орталығынан алыстау жерге орналастырдық (өкілдердің көзінен аулақ болсын дегеніміз). Қыстан да аман шығып еді, бірақ қазақтың "қап түбінде біз жатпас" деген сөзі рас болыр шықты...


Сол жылы ауылда сары ауру деген індет пайда болды. Біздің "ісек" отарымыздың шопаны да ауруханаға түсті, бір айдан астам уақыт жатып шықты. Осы мезгілде қосымша көмекшілер беріп, орнын жоқтатқан жоқ едік. Бірақ ауруханадан шыққаннан кейін: "Екі айға дейін атқа отыруға дәрігерлер рұқсат бермеді..."- деп  қой бағудан бас тартты. Әрі-бері айтып көріп едім, көнбеді.


Енді отарға тағы шопан іздеуіме тура келді. Мезгіл наурыз айының іші болатын, қой төлдейтін уақыт жақындап қалды (сәуірде төлдей бастайды). Ыңғайлы адам табылар емес, кім болса соған ұстата салуға болмайды. Шынымен сасайын дедім. Меңгеруші осыны ойлап тапқан өзің едің, енді амалын да өзің тап деп бетіме айтпағанмен, соған ыңғай білдіретін сияқты. Дегенмен өзі де жауап беретін болғасын ойланған болу керек, көп ұзамай бір адам тауып берді. Ішетіні бар, сол себептен қойдан шығарылған бұрынғы малшы еді. Амал жоқ, соған бекітіп беруге тура келді. Түсіндіріп айттық. Ол әуелде аң-таң болып отырып, ақыры түсінді-ау деймін, басын шұлғи берді.


Төлдем басталды. Жаңағы отардағы төлді аман сақтауға бар күшімізді салдық. Көбінесе осы отардың басында боламын. Себебі  бізге қаракөл елтірісі емес, тірі қозы керек. Төлдем аяқталғанда бес жүзден астам қозы болды. Еңбекақысын беріп малшыны да риза қылдық. Ендігі жұмыс саулықтарды етке өткізіп, қозыларды жоқ малдың орнына қою еді.


Бір күні меңгеруші екеумізді кеңшар орталығына шақырды...


Қой қырқылып жатқан кез болатын. Әуелде қырқым мәселесімен шақырған болар деп ойлағанбыз, барғанда білдік - кеңшардың малын санауға жоғары жақтан санақшылар келген екен. Облыстан үш адам, ауданнан тағы үшеу қосылған, барлығы алты адам болып директордың кабинетінде отыр. Осы жерде кімнің қайда баратыны келісілді. Бөліп отырған кеңшар директоры болатын, біздің фермаға да үш санақшы бөлінді (өзіміздің шаруашылықтан бір адам қосылды). 


Кенеттен облыстан келген санақшының бірі тұрып (оны Кәукейдегі фермаға жіберетін болған):


-  Мен Кәукейде қалмаймын, Ажар фермасына барамын,- деді.


Директор таңырқап: "Сізге бәрі бір емес пе? Бұл орталыққа ең жақын ферма ғой"- деген еді, әлгі кісі көнбеді: "Ажар фермасына баруым керек!" - деп тұрып алды. Басқа ешнәрсе айтпайды. Директор оның айтқанымен келісті. Біздер кабинеттен шықтық.


Санақшылар іште қалған болатын. Олар шыққан соң директор меңгерушілерді қайта шақырып алды. Біз далада күтіп тұрғанбыз. Кабинеттен шығу бойына меңгеруші бухгалтер екеумізді оңаша алып шықты.


- Бұлар арыз бойынша шығыпты. Арыз біздің фермадан жазылған. Жаңағы санақшының Ажарға барамын деп тұрғаны сондықтан екен, оған біздің ферманың малын санау облыстан әдейі тапсырылған көрінеді,- деді.  


 Маған қарап:


- Бұларды бүгін осында ұстай тұрайын, ауылға ертең түске таман барып қалармыз. Сен оған дейін малшыларды аралап шық,- деп тапсырма берді.


Ферманың шаруашылық машинасымен ауылға қайттым. Түнімен барлық малшыларды жағалап шықтым. Ертеңіне түске таман санақшылар да жетті, түстен кейін санақ басталып кетті.


 Алдымен малы түгел малшылардың отарларын санаттық. Олардан кейін жеке қойы бар малшыларға кезек бердік - малшылардың жекеменшік қойларын жоқ малдың орнына салдық. Ең соңында жеке қойы жоқ бес-алты отар қалды.


Ендігі амал кем қойлардың орнын басқа отарлардан әкеліп толтыру еді, яғни саналатын отарға сырттан қой әкеліп қосуым керек. Меңгеруші екеуміз қай отардың қай уақытта саналатынын алдын-ала келісіп алып, дереу іске кірістік. Бұл да оңай жұмыс емес. Егер келісілген график бұзылса, барлық жұмыстың зая кеткені. Бұл жұмыстың тағы бір қиыншылығы бар - санатып болғаннан кейін малшыға тек өзінің малын апарып беруім керек. (Ол үшін алынған қойдың артқы сирағына жіп байланады. Кейін сол жіпке қарап айырып аласың. Ал оған ешбір санақшы назар аудара бермейді).


Ең соңында "ісек" отарымызға да кезек келіп жетті. Облыстан келген санақшымыз сол малшының фамилиясын жаттап алыпты: "Осы шопан қай жерде?"- деп күнде сұрайтын көрінеді. Меңгеруші: "Оның отары шетте, бойдақ мал болғасын алыстау жерге орналастырғанбыз",- деп соңына қалдырып келеді.


Фермада ісек отары жоқ. Енді бізге  алты жүз бас ісек табу керек болды.


Жоғарыда айтқандай, меңгерушіміз бұрын "Бозкөл" кеңшарында жұмыс істеген болатын (көршілес қой фермасын басқарған еді). Сол ферманың ісек бағатын қойшысына менен сәлем айтып жіберді: "Отарын ертемен біздің бұлаққа қарай айдап шықсын (бұлақтың атын атады- И.А.), түс кезінде малын содан суғарсын. Біз сол жерде санатайық". Бастықтың сәлемін жеткіздім. Обалы не керек, ол кісі көп ойланбай-ақ келісті, бірақ біздің қойшы болып баруға көнбеді. Жасы келіңкіреп қалған адам екен: "Шопаныңды өзің тап, қасына баламды қосайын"- деді.


Отарда бес жүзден сәл-ақ асатын қой бар екен, біздің отардағы малдың санына сексен төрт басы жетпейтін болып шықты. Түн ішінде ауылдан осынша тоқты ісек әкеліп қостым (сақа ісектер табылмады). Қасыма фермада ветсанитар болып жұмыс істейтін маманды ала жүрдім, сол маман енді шопанның ролін атқаратын болды. Оны түнімен оқытуыма тура келді (отардағы қойдың саны, жоспары, еңбек ақысы, малдың азығы, т.с.с.).


Таңертең отарды маманның қолына тапсырдық. Қасына қойшының баласын қосып, тәуекел деп жолға салып жібердім. Түс қайта бұлақ жаққа беттеп келе жатқан едім, алдымнан екі машина шаңдатып шыға келді. Алдыңғысы тоқтамай өте шықты. Соңғысы меңгерушінікі екен: "Санақ аяқталды, бәрі дұрыс сияқты. Ертең орталыққа кел"- деді де жүріп кетті. Былай шыға бере келе жатқан отарды көрдім.


Маманымнан сұрап жатырмын:


-  Қалай болды?


- Жүдә, емтихан тапсырғандай болдым ғой… Басқасын қойшы, фамилияң кім дегенде сасқанымнан өзімнің фамилиямды айтып қоя жаздадым,- деп күледі.


Өкілдер бұл жолы санақты былай жүргізіпті: біреуі қойды санап тұрыпты, екіншісі жынысын анықтапты, үшіншісі жасын айырыпты. Санақ біткеннен кейін "қойшыны" сұрақтың астына алған көрінеді. Менің түнімен оқытқанымның пайдасы тисе керек, жауабынан сүрінбей өтіпті. Осыдан кейін барып көңілім орнына түсті. Отардың егесіне рахметімді айтып (оған қоса екі ісек сыйлап), өзіміздің қойларымызды машинаға тиеп, алып ауылға қайттық.


Ертеңіне кеңшар орталығына бардым. Санақшылар акт толтырып жатыр екен. Тексерудің қорытындысы бойынша мал басы түгел, жынысы да дұрыс, тек сексен төрт сақа ісектің орнында тоқты ісек жүргендігі анықталыпты (бұл мен әкеліп қосқан ісектер еді). Жиырма бес отар қойы бар ферма үшін бұл онша сөз қылуға тұрмайтын нәрсе болатын. 


Енді осы санақтың келу себебін айтайын.


Біздің "саулық-ісек" отарымыздың жаңа қойшысы бір күні арақтың қызуымен шопандарға: "Сендер ауыздарың аңқиып жүре беріңдер... Олар баяғы ісек болып жүрген саулықтарды жинап, бір отар жасақтаған. Оны мен бағып отырмын. Менің отарым құжатта саулық емес, ісек болып тұр. Енді соның төлін өздері бөліп алайын деп жатыр"- деген ғой. Осыдан кейін аудан мен облысқа арыздар жазылған. Тексеру үшін облыс пен ауданнан санақшылар бөлінген. Арасына облыстық ішкі істер басқармасынан бір қызметкер қосып, Ажар фермасының малын мұқият тексеру қажет деп тапсырма берген көрінеді. Кейін білдік, директордың кабинетіндегі Ажарға барамын деп отырған адам жәй киім киінген милиция капитаны болып шықты.


Мен бұл жерде жоғарыдағы істеген жұмыстарды айтып мақтанғым келіп отырғаным жоқ. Бұл мақтанарлық тірлік емес. Біз сол кезде өз басымызды қорғау үшін әрекет жасаған едік. Меңгерушіге мал басын түгендейік дегендегі мақсатым - әр санақ келген сайын жаның тырнағыңның ұшына шығып, "ішкенің  ірің, жегенің желім" болмасын деген ой еді. Тіпті, мен сол кем малдан бір бас қой алған емеспін[5].


Осы күндері ойға қаламын… Жастықтың әсері шығар, әйтпесе ферманың малын түгелдеймін деп бүкіл облысты дүрліктіріп нем бар десеңізші? Меңгеруші айтқандай неге тып-тыныш жұмысымды істеп жүре бермегенмін? Маңдайыма біткен мінез бе, болмаса, жастықтың әсері ме екен, мен тыныш жүре алмаппын. Кейін меңгерушіден естідім - облыстан келген санақшы мен жайлы бір-екі рет сұраған көрінеді. "Зоотехник қайда жүр, неге санаққа қатыспайды?"- депті. "Қазір мал көшірудің мерзімі. Мен санақпен жүрмін, ферманың бар тірлігін сол атқарып жатыр"- деген меңгерушіге: "Қой көшірудің мал санағынан маңызды болғаны ма?" – деп сенбегендей ыңғай білдіріпті. Ішкі істер бөлімінің адамы ғой, менің санақ кезінде көзге түспегенімнен күдіктенген болса керек.


…Малшылардың жайлауға көшіп жатқан кезі болатын. Аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі (әрі бастықтың орынбасары) Орналы Мұстафаев рация арқылы хабарласып, менің басқармаға шұғыл түрде жетуім керек екенін айтты. Ертеңіне бардым. Шақырған себебі басқармадағы өзінен кейінгі аға зоотехниктің орны босап, соған маман қажет болып тұр екен.


- Басқармаға келіп жұмыс істеуге қалай қарайсың?


- Келісемін.


- Олай болса келесі дүйсенбіден бастап жұмысқа шығасың. Бұйрықпен алдырамыз. Директорыңа өзіміз хабарлаймыз,- деді.


Бір аптадан кейін басқарманың аға зоотехнигі болып жұмысқа кірістім.


Қазалы ауданында отыздан астам мал фермалары бар болатын (бұлардан басқа он алты шаруашылықтың бас зоотехниктері де бар), Мұстафаевтың маған тоқтауына не себеп болды екен? Бұл сұраққа жауап беру үшін сәл шегініс жасау керек сияқты.


1976 жылы Шымкент қаласында қаракөл шаруашылығы бойынша Республикалық семинар-кеңес болып өтті. Қазалы ауданының делегациясын аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Пірімбетов Түгелбай мен оның орынбасары Мұстафаев Орналы бастап алып барды. Семинарға мен де қатыстым  (бұл кезде Шымкенттегі зауытқа қаракөл тапсырып жатқан едім). Бәріміз "Шымкент" қонақүйіне орналасқанбыз. Семинар бітер күні Төкең (Пірімбетов) маған: "Сен Әбдіжәлел ағаңды танитын ба едің?"- деді. Мен танитынымды, үйінде бірнеше рет болғанымды айттым. "Онда бүгін сол ағаңның үйінен шәй ішеміз, сен де бірге бол"- деді.


Әбдіжәлел Асқаров Шымкент облысының юстиция саласында көп жыл қызмет жасаған менің жақын туысым. Шымкент облыстық сотында басшы қызметтерде болды. Қаракөл зауытына елтірі тапсыруға барғанымда үйіне барып сәлем беріп тұратыным бар еді.


Кешкісін Әбекеңнің үйінде Төкең, Орекең (Мұстафаев) үшеуміз қонақта болдық. Дастархан басында Әбекең-аға Төкеңе қарап: "Мына ініңді танитын шығарсың, Ахмет ағамыздың баласы ғой. Осы ініңе бас-көз бола жүргейсің"- деп тапсырған еді. (Төкең маған да туыс, бірақ жақын қатынасымыз жоқ болатын). Қасында отырған Орекеңе де ескертті. Менің ауылшаруашылығы басқармасына келуіме Әбекеңнің осы сөзі себеп болды ғой деп ойлаймын...


Енді баяғы "саулық-ісек" отардың тағдырына келер болсақ, мен кеткеннен кейін қозыларды енесінен айырып, жаңа отар жасақтапты. Осылайша, фермадағы кем малдың орны түгенделіпті. Бұл жұмыстан Аханов пайда көрмесе, зиян көрген жоқ еді. Кейін осы ферманы өзімнің қайта қабылдайтынымды ол кезде, әрине, білгенім жоқ.


                                                 * * *   


        Екі жылдай аудандық ауылшаруашылығы басқармасында аға зоотехник болып жұмыс істедім. Бұл мекемеден мен көп нәрсе үйренген едім.


Аудандағы мал шаруашылығына байланысты қандай да болмасын құжаттың бәрі менің қолымнан өтетін. Кеңседе мал шаруашылығымен айналысатын екі-ақ адам бармыз - біріншісі менің тікелей бастығым, басқарма бастығының бірінші орынбасары әрі бас зоотехник Мұстафаев Орналы. Екіншісі мен. Штат бойынша үш зоотехник болуы керек екен, басқармаға заң қызметкері қажет болғандықтан ол орында бір юрист істеп жүрді. Қысқасы, мал шаруашылығымен Орекең екеуміз айналысамыз.


 Аудандық партия және атқару комитеттері қажеттті мәліметтерді бізден алады. Алғашқы кезде, жұмысқа үйренісіп алғанша, Орекең көмектесіп жүрді. Кейін қағаздарды өзім дайындайтын болдым.


Аудандағы он алты шаруашылықта (екі ұжымшар мен он төрт кеңшар) екі жүз елу мыңдай қой, жиырма мыңдай мүйізді ірі қара, сегіз мыңдай жылқы мен үш мыңдай түйе бар. Ай сайын он алты шаруашылықтың бас зоотехниктері мен бас бухгалтерлері келіп есеп тапсырады. Мал өнімдерін өндіру мен сату жоспарларының орындалуын және алдағы уақытқа орындау есебін береді. Малдың саны мен өнімдерінің өндірілуінің аудан бойынша есебін қорытындылап, айлық-тоқсандық-жылдық жоспарлардың орындалу барысын облысқа және аудандық партия комитетіне тапсырып отырамыз. Күн сайын сүт зауытына тапсырылған сүттің мөлшері мен майлылығы, қасапханада сойылған малдың салмағы мен қоңдылығы, олардың саны мен сапасының төмендемеуі қадағаланып отырылады.


Мекеме дәрежесі жағынан аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінен кейінгі үшінші кеңсе болып есептеледі және ауданның негізгі бағыты ауыл шаруашылығы болғандықтан штаб есебінде жұмыс істейді. Шаруашылықтардан келіп түскен мәліметтер осында жинақталады, әр сала бойынша сараптама жасалынады. Қорытындысы жоғарғы орындарға ұсыныс ретінде беріледі.


Сонымен қатар бұл мекеме кадр даярлайтын мектеп іспеттес еді.


Басқармада жүргенімде ресми құжаттарды дайындауды, алынған тапсырманы мерзімінде орындай білуді, берілген тапсырманың орындалуын қадағалауды және жұмыс уақытын дұрыс жоспарлауды үйрендім. Екіншіден аудандық партия комитеті мен атқару комитеттерінің бөлімдерімен танысып, кейбір басшылардың назарына іліндім. Үшіншіден аудандық масштабта жұмыс істегендіктен мекемелердің басшылары мен мамандарымен танысуға мүмкіндік алдым. Кейін, қызметке араласқан кезімде, осы мәселелер көп көмегін тигізді.


Бұл кезде аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Шәріпов Жарылқасын болатын. Мамандығы инженер-механик еді. Бұрын Энгельс атындағы кеңшарда директор болып қызмет  атқарған, жасы сол кездері қырықтарға әлі тола қоймаған, жігерлі, білгір де іскер басшы. Мал шаруашылығының жағдайын мал мамандарынан кем білмейтін еді.


Келесі жылдың жазында Мұстафаев еңбек демалысына шықты. Орнында мен қалдым. Бұрын тапсырманы Мұстафаевтан алатын болсам, енді бастықтың өзі береді. Кейде аудандық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімі тікелей мәлімет сұрайтыны бар.


Осындай күндердің бірінде аупарткомның ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Әбдібаев Әлмағанбет телефон шалды. Облыстық партия комитеті шұғыл түрде мал шаруашылығы туралы мәлімет пен жылдық жоспардың орындалуы жайлы есеп сұрап жатқанын айтты. Бір сағаттың ішінде әкеліп бересің деп тапсырма берді. Уақыт өте тығыз еді, дегенмен айтқан уақытында құжаттарды дайындап, машинкаға бастырып апарып бердім.


Қарап шықты.


-   Өзің дайындадың ба?


Жүзінде таңданыс бар.


-   Ия.


-   Жақсы, бара бер,- деді де қағаздарымды алып қалды.


Бөлімде бұл кезде менен басқа зоотехниктің жоғын Әбдібаев білетін еді, сондықтан бұл сұрағына мен де таң қалғанмын. Себебін кейін білдім: осының алдында ғана аупарткомда нұсқаушылық орын босаған екен, сол орынға қызметкер  іздепті. Орекеңнен мен жайлы пікір сұраса: "Құжат дайындауға онша сауатты емес"- депті (мені жібергісі келмеген болу керек). Осы себептен менің кандидатурам ұсынылмай қалыпты. Мен бұны кейін естідім.


Кезекті бір шақырғанында Әбдібаев аудан орталығынан жиырма шақырым жердегі "Партияның XXII съезі" атындағы күріш кеңшарына бас зоотехник болып баруға ұсыныс жасады.


Аталған шаруашылықтың жағдайы өзіме мәлім - мың жарым бастай сиыры бар. Мал шаруашылығының күйі мәз емес, көптен бері мамандар да тұрақтамай жүрген болатын. Директоры Оралбаев Ұзақ өзіміздің ауылдың жігіті. Мектепті қатар бітіріп, Алматыда қатар оқығанбыз (мамандығы агроном).


-  Ойланып көрейін, Әлеке,- дедім.


Мені ойландырған мәселе кеңшардағы мал шаруашылығының жағдайы еді - өте нашар болатын. Оның үстіне, директормен бірлесіп жұмыс жасай алатындығыма көзім толық жетпеді.


Дегенмен райкомның бұл мәселені аяқсыз қалдырмайтыны да белгілі еді. Көп ойланып, көп толғанып тапқаным мынау болды - әке-шешем қарт адамдар, қоныс аударуға көнбейді, оларды тастап кете алмаймын десем райларынан қайтар деп ойладым.


Бірнеше күннен кейін бөлімге тағы шақырды. Әлгіндей жауабымды айттым. Бөлім меңгерушісі:


-   Онда көшпей-ақ қой. Машинаң болады, қатынап істейсің,- деді.


"Қатынап істеу қиын болады ғой…"- дей берген едім:


- Партия мүшесі екеніңді ұмытып кеттің бе, Ахметов жолдас? Райком екі рет қайталамайды, осы есіңде болсын! Қалайда айтқанды орындатамыз! - деп бірден қатты кетті.       


Басқа не айтайын, қарттармен тағы ақылдасып көрейін дедім.


Аупарткомнан шығу бойына төтесінен өзімнің бастығым Шәріповке кірдім. Әбдібаевтың "XXII партсъезд" кеңшарына бас зоотехник болып барасың деп отырғанын айттым. Менің ойымша, бастықтың бұл мәселеден хабарсыз болуы мүмкін емес еді.


- Немене, барғың келмей ме?- деді таңданып.


Себебін түсіндіріп жатқым келмеді.


- Жәке, кез келген қой шаруашылығына жіберіңіз, барайын!- дедім.


Партия мүшесі болғандықтан[6] менің райкомның ұсынысынан бас тартуым дұрыс емес еді. Ал өзімнің төл мамандығым бойынша сұрануым сәл "заңдылау" болатын (менің негізгі мамандығым қаракөл шаруашылығы).


Ойланып отырды. Сосын:


- Жарайды, жұмысыңды істей бер,- деді бастығым.


Бірақ аупарткомның бөлім меңгерушісінің қабағы сол күннен бастап маған дегенде күрт өзгерді. Сәл нәрседен ілік тауып, ұрсуға дейін баратын болды. "Райком" деген бір ауыз сөзден ат үркетін заман ғой, шыдауға тура келді.


Осылай бір жыл өтті…


1980 жылы аудандық партия комитетінде «Қызылқұм» кеңшары жөнінде мәселе қаралды. Мал басының кем болуы себепті директорден бастап он үш адам жауапқа тартылды. Істері сотқа берілді. Кеңшар директоры Құбайдолла Сарқұлов қызметінен алынды. Орнына аудандағы Ғани Мұратбаев атындағы ұжымшар партия ұйымының хатшысы Құрманбаев Бердіғали басшы болып барды. Естуімше, мамадығы жоғары білімді экономист екен.


Бір күні жұмыста отырғанымда кабинетке бейтаныс адам келіп кірді. Амандасты. Сырт киімін ілді де, шашын таранып алып: "Бастыққа кіріп шығайын"- деп шығып кетті.  Жүзі таныс емес, бұрын көрмеген адамым. Қасымдағы юристен сұрап едім:


- Танымайтын ба едің? «Қызылқұм» кеңшарының жаңа директоры Құрманбаев Бердіғали деген осы кісі,- деп күліп жатыр.


Ауылшаруашылығы басқармасына партия ұйымының хатшылары көп келе бермейтін еді, осы себептен танымасам керек. Бір уақытта бастықтан шыққан Бекең менің қасыма келіп, амандық-саулық сұрасты. Орнымнан тұрып, қол беріп амандастым. "Кемпір-шалдың жағдайы қалай? Қызылды сағынған жоқсың ба?.."- деген сұрақтарына таң қалғаным рас. Шамасы, менің "Қызылқұмда" істегенімді сырттай білетін болса керек.


Арада көп уақыт өткен жоқ, бастық шақырды.


- Қой шаруашылығына барғым келеді деген едің, сені "Қызылқұмға" жібергелі отырмыз. Фермаға меңгеруші болып баруға қалай қарайсың?


Бұрын істеген шаруашылығым болса, неге бармасқа? Бірақ басқарманың аға зоотехниктігі қызметінен фермаға меңгеруші болып бару жоғарылағанға жатпайтын еді. Бұл өзімнің алдыма келіп есеп беріп жүрген зоотехниктің қол астына барып жұмыс істеу деген сөз.


-   Бас зоотехник болып баруға болмай ма, Жәке?- дедім.


Қарамағында екі жылдай жұмыс істегенмін, бұл уақытқа дейін үйренісіп те қалған едік, сондықтан батылдау айтсам керек. Бұл сөзіме бастық ренжіп қалды ма, білмедім, біраз уақыт үнсіз отырды.


- Бізге "Қызылқұмдағы" малдың нақты есебі қажет болып отыр, сені осы себеппен жібергелі отырмыз. Бұл бірінші хатшының тапсырмасы болғандықтан[7] кейін бас зоотехник болатыныңа кепілдік бар,- деді.  


Бұдан кейінгі сөздің барлығы артық еді, келісімімді бердім.


Қазан айының алғашқы күндерінің бірінде «Қызылқұм» кеңшарының Ажар елді мекеніндегі №2 қой фермасына меңгеруші болып бардым. Ферманы бұрынғы бастығым Аханов Жалғасбайдан қабылдадым. Мал мен мүлікті санап алып, жұмысқа кірістім.


                                                  * * *


Сол жылы жайылым ерекше жақсы көктеді. Қызылда көп жыл бойы  мал баққан қарттар шөптің бұндай қалың шығуын соңғы он-он бес жылда көрмегендерін айтып отырды. Есесіне, жазда шыбын-шіркей өте көп болды. От қалың болған жылдары олар да көбейеді екен. Дегенмен мал қысқы маусымға жақсы қоңымен түскен еді.


Оқушы байқап отырған болар, менің бұл жазбаларым күнделік емес, тіпті шаруашылықтың өндірістік жағдайы жайлы есебі де емес. Оқып отырғаныңыз жұмыс барысында басымнан өткен оқиғалардың айрықша есімде қалған кейбір тұстары ғана...


Бұрын екі жылдай зоотехник болып жұмыс істеген ферма болғандықтан, жер-суы мен жайлау-қыстауы етене таныс. Адамдарын да жақсы танимын. Бірақ зоотехник болып жұмыс істеу мен ферма меңгерушісі болып істеу мүлдем басқа нәрсе. Бұрын маман ретінде мал шаруашылығына ғана жауап берген болсам, енді малдың да, сол фермадағы елдің де барлық тірлігі менің мойнымда. Орталықтан өте шалғайда орналасқан ауыл, оның үстіне автобус қатынасы жоқ. Ел болғасын қайғысы мен қуанышы болады. Қазақ болғасын қатысатын ағайыны мен туған-туысқандары болады. Бұл ауылдың ағайын-туыстарының көбісі Карл Маркс атындағы кеңшарда. Олар қатыспай той-томалақ өтпейді, қаза жөнелтілмейді. Осылардың барлығы бөлімшедегі аз ғана техниканың күшімен атқарылады. Бұндай мәселелерді шешуде бұрын осы жерде жұмыс жасағандығым мен адамдардың таныстығы көп көмегін тигізді. Тұрғын халықтың басым көпшілігі өзіміздің асан ағайындар еді.


Солай да болса малшылар арасында кейбір адамдардың: "Кешегі жүрген зоотехник бала емес пе?.."- деп менің айтқанымды тыңдағысы келмегендері, тіпті аяғымнан шалғысы келгендері де болды. Оларды кім бастап жүргенін де жақсы білемін. Фермада Нұрмаханов Қожантай атты орденді шопан бар. Озат шопандар қатарында ауданға белгілі малшы. Баяғы "жоғалған ісектерді" іздеп облысқа арыз жазған осы кісі болатын. Әрине, қоғам мүлкіне жаны ашығанын айыптауға болмас, дегенмен  арыз жазуға итермелеген басты себеп ол емес еді  - алдынан кеткен елушақты жалған ісек болатын. Сол өкпесі әлі ішінде жүрсе керек, маған ашық қарсы келмегенмен, астыртын түрде сыртымнан түрлі әңгімелер айтып, жұмысқа зиянын тигізуін қоймады.


Көктемгі қой қырқымының кезі еді. Жұмыс бір арнаға түсіп кеткенше қадағалайын деген оймен қырқым пунктінің басында тұрған болатынмын. Отарлар кезегімен келіп қырықтырып шығып жатыр. Күніге бір отар қырқу керек, ол үшін жиырма қырықтықшы қажет. Қолдағы он сегіз адаммен-ақ күніге бір отарды қырқып шығарып тұрған едік. Түстен кейін пункттің басына келсем, оншақты ғана адам жұмыс істеп жатыр.


- Қалғандары қайда?


Ешқайсысы ештеңе білмеді. Пункт меңгерушісі Амангелді де жарытып ештеңе айта алмады. Бар білетіні - түстен кейін сегіз адам жұмысқа шықпай қалған. Мініп жүрген водавозымды үйлеріне жібердім. Бәрі де үйлерінде болмай шықты. Бұларды жер жұтты ма, әлде көкке ұшты ма деп тұрғанымда пунктте қайрақшы болып жұмыс істейтін Ақбай жездем: "Бағана осы маңда Қожантай жүрген еді, содан бір пәле келмесе..."- деп айтып қалды.


Одан әрмен сұрастырып байқасам, түс кезінде пунктке Қожантай келіпті. Бірнеше қырықтықшымен оңаша сөйлесіпті. Не жайында сөйлескенін ешкім білмейді. Жақын маңдағы бір төбенің баурайында отырған еді, машинаға міне салып қойшының үйіне қарай бет алдым. Барсам, мына қызыққа қараңыз, менің сегіз қырықтықшым шөгеріп тастаған түйелердің айналасында түйе жүндеп жатыр! Состиып тұрып қалған жұмысшыларға: "Тез машинаға мініңдер!"- дедім де, Қожантайдың қасына келдім.


- Ассалаумалейкүм, Қожеке. Қырқым қарқынды болсын! Менің қырықтықшыларым бұнда неғып жүр?


Сәлемімді де алмастан, бір ауыз жауап та қайтармастан, төмен қараған күйі түйесін жүндей берді.


Жұмысшылар топырлап машинаның қорабына мініп алды. "Сендермен барғасын сөйлесемін!"- деп оларды пунктке алып келдім. Келгесін сұрасам: "Қожантай сізден рұқсат алдым деді. Бір мезгіл түйелерімді жүндеп беріңдер дегесін барғанбыз"- дейді. Енді бұған не айтарсың?! 


Қожантайдың бұндай істеріне тыйым салмаса болмайтын еді, себебі ол жалғыз емес болатын. Айтқанына ерген малшыларды маған қарсы қоюға дейін барды. Сол малшылардың: "Қожантайға бұл жолы не істер екен?.."- деп бұғып отырғандарын да жақсы білемін.


Ол кездегі үкіметтің еңбекші халыққа, әсіресе малшыға деген көзқарасы ерекше болатын. Мүмкіндігі болғанша барлық жағдайды соларға жасауға тырысатын. Біздерден де соны талап ететін. Аудан мен облыстан келген өкілдер қанжығаларына ешнәрсе бөктеріп  әкелмесе де: "Басшыларың жағдайларыңды жасай ма?"- деп малшылардан сұрап жататын еді. Көптің ішінде сол қолпаштауларды көтере алмағандары да болды.


Фермада малшы қауымына қызмет жасайтын автолавка бар. Жүргізушісі өзім қатарлы Жолан деген жігіт еді. Сол Жолан бір күні малшыларды аралап жүріп Қожантайдың үйіне барады. Азық-түлікпен ай сайын әр отбасына екі қап ұн жеткізіліп берілуі керек. Соны түсіріп жатқанда шопанның әйелі: "Маған екі қабын да бірінші сортты ұннан бер"- депті. "Барлығы санаулы, бір қабын екінші сорттан  аласың"- деген Жоланға: "Екінші сортты ұнды менің малым да жемейді, алып кет!"- деп түсіріп қойған қапты аяғының ұшымен түртіпті. Ұнды қайтадан тиеп алған сатушы осы оқиғаны маған жағасын ұстағандай болып айтып келген еді. "Алмаса, бала-шағасы көп басқа отбасына берерсің"- деген болатынмын.


Жоғарыда айтқанымдай, ол мал өнімдерінің барлық түрінен міндеттемелерін артығымен орындап жүрген малшы болатын. Осы себептен басшылардың алдында беделі да бар еді. Еңбегі үшін, жасының үлкендігі үшін, тіпті беделі үшін де қолымнан келгенінше сыйлап бақтым. Сонда да менің бұрынғы меңгерушілердей: "Қожеке, Қожеке..."- деп алдына түсіп жүгіріп жүруіімді қалады ма, жоғарыдағыдай істерін қайталай берді. Кейбір малшылар соның айдап салуымен біздің нұсқаған жерімізге көшкісі келмей, өздерінің қалаған бұлақтарының басына барамыз дегенді шығарғанда, менің де төзімім таусылды.


Мен басқарып отырған ферма да өз алдына ұжым. Тіпті фермада партия ұйымы мен оның хатшысы да бар (Қожантай коммунист болатын). Оның мәселесін партия ұйымында да, ұжымда да қарағым келген еді, бірақ бұл арыстанға бытырамен оқ атқандай ғана болып шықты. Жиналысқа келген жоқ. Мектепте "қиын балалардың" болатыны сияқты, әр ауылдың да "қиын адамдары" болады екен. Бұл мәселені осы кезде шешіп алмаса, кейін күрделеніп кетуі мүмкін еді.


Мен директорге шықтым. Қарамағымдағы малшының үстінен  шағым айту маған да абырой емес болатын, бірақ басқа амалым қалмады.


Директор сөзімді бөлмей, үнсіз отырып тыңдады. "Оның озат малшы екеніне, шаруашылығын жақсы білетініне менің дауым жоқ, Беке. Бірақ сол жинаған беделін басқа мақсатқа пайдалануына, яғни менің шаруашылықты жүргізуіме кедергі келтіруіне, малшылар арасында мен туралы теріс пікір тудырып, түрлі әңгіме айтып, іріткі салуына мен келіспеймін. Егер қатем мен қылмысым болып жатса, бетіме айтсын! Болмаса, менің жұмысыма кедергі келтірмесін!"- дедім.


Бекең қай жұмысты да ойланып шешетін сабырлы адам еді.


- Ертең шақыртайын, осы жерде отырып сөйлесейік,- деді.


Орталықта фермалармен байланысатын рация торабы бар, тәулігіне екі мезгіл бір сағаттан жұмыс жасайды. Сол арқылы хабар айтқан болу керек, Қожантай ертеңіне келді. Партком хатшысы Жиентаев Садуақас бар, директордың кабинетінде төрт адам болып отырмыз.


Директор амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін сөзді көп созбады.


- Сені ферма меңгерушісінің өтініші бойынша шақырып алдырып отырмын. Қазір Ахметов жолдасты тыңдаймыз, содан кейінгі сөз саған беріледі,- деді шопанға (менің пікірімді малшы өз құлағымен естісін дегені болса керек).


Мен қысқаша баяндап шықтым. Сөзімді аяқтаған соң Қожантай: "Бұл бала…"- деп бастай берген еді, осы кезге дейін үнсіз тыңдап отырған директор:


- Тоқтаңыз! Ферманың меңгерушісі сізге бала емес, коллективтің басшысы,- деп оны бірден тыйып тастады,- Сен алдыңдағы алты жүз қойға жауап беретін болсаң, біз бұдан бүкіл совхоздың үштен бірін құрайтын ферманың шаруасын сұраймыз. Ферма меңгерушісіне қоятын қандай кінәң бар? Не бүлдіріп қойды? Нақты дәлелің болса айт, тыңдаймыз!


Әуелде не айтқысы келгенін білмедім, директордың мына сөзінен кейін ешнәрсе айта алмады, үнсіз отырып қалды. Осы кезде сөзге партком хатшысы араласты.


- Ферма меңгерушісінің қырқым жөніндегі айтқаны - сіздің қырқымның басындағы адамдарды алып кетіп, жеке түйелеріңізді жүндеткеніңіз рас па?


Оның мойындамасқа амалы қалмады.


-  Рас еді…


Осы сөзден кейін арада біршама үнсіздік орнады.


- Егер рас болса,- деді директор сәлден соң,- басқа артық сөзге бармай-ақ қоялық. Қазір екеуің қол алысыңдар, осымен бұл мәселе бітсін! Сенің жасың үлкен ғой, бұдан былай ініңе кедергі жасаушы болма, қайта көмектесетін бол. Екеуіңнің араңда әңгіме болғанын мен енді естімейтін болайын!


Шопан орнынан тұрып, қолын ұсынды. Қол алыстық. Осыдан кейін ауыл ішіндегі сыпсың әңгімелер сап тиылған еді. Шындығын айтуым керек, бұдан былай ол кісі маған жауыққандай кейіп танытпады, сәлеміміз түзуленгендей болды.


 Сол жылы Қызылордаға облыстық атқару комитетінің төрағасы болып  Сағидолла Құбашев жолдас келген еді. Бұл кісінің ала келген жаңалығы - қойды жүнін қырықпастан қысқа түсіру болды. Осы тың ұсынысқа басқа шаруашылықтардың қалай қарағанын білмеймін, біздің директор келісіпті. Біраз адам қарсы болдық, себебі бұл бұрын болмаған жағдай еді. Жүні қырқылмаған қойды қыста биттетіп-құрттатып аламыз ба деп қатты қорықтық. Бірақ директор өз дегенінде тұрып алды: "Мен Құбашев жолдасқа уәде бердім, енді қалай да орындауым керек!"- дейді. Амалымыз қанша, барлық қойды қырықпастан қысқа түсіретін болдық.


Бұл мәселенің екінші жағы да бар болатын. Үстіміздегі жыл  бесжылдық жоспардың соңғы жылы еді. Биыл қырқылмаған жүн келесі жылдың өніміне, яғни жаңа бесжылдықтың есебіне кіреді. Кеңшар директорын қызықтырған да осы жағдай болса керек.


Барлық қойды түгелдей дезинфекциядан өткіздік. Отарларды мүмкіндігінше ашық қорада ұстауға тырыстық. Егер жабық қораға қамасақ, ыстықтаған қойлар биттеп кетулері мүмкін еді. Қойды бит басса (не қотыр болса), оны жоюдың қиын болатынын кез келген маман мен малшы жақсы біледі. Жабық қораларды дезинфекциялап дайындап қойдық. Оған қар немесе жаңбыр жауған күндері ғана қамалатын еді. 


Малды қыстан аман-сау алып шықтық. Бірақ біздің сол жолғы істеген еңбегімізді бұл жағдайды басынын өткізген адам ғана түсінетін шығар? Қиындық әсіресе мал дәрігерлеріне түсті. Олар күндіз-түні отарлардың басында болды, қойшылардың үйлерінде түнеп жүрді. Бас жүні көзін жауып, бауыр мен балақ жүндері жалпылдаған жануарлар бұл кездері қойға ұқсамай кеткен болатын. Көктем шыға неғұрлым ертерек қырқуға кірістік.


Кейін белгілі болғанындай Құбашевтың бұл ұсынысын орындаған Қазалы ауданында біздің ғана шаруашылық екен. Көктемде жүннен мол өнім түсті, бірақ бұл тәжірибенің өмірі ұзаққа бармады. Себебі осы жүнді Жамбыл қаласындағы жүн өңдеу фабрикасына өткізгенімізде (бұл кезде бас зоотехник болатынмын) қиыншылықтар туды. Жүн жабағы емес (күзем де емес), яғни қаракөл қойы жүнінің стандартына сәйкес болмай шықты. Арзан бағаға әзер дегенде өткіздік. Айта кетейін, кейін мұндай жағдай  қайталанған емес.


Құбашевтың әкелген тағы жаңалығы еркек қозыларды енесінен айыру бойынша етке өткізу болды. Бұл экономикалық жағынан да, шаруашылық тұрғысынан да тиімді болып шықты. Экономикалық жағынан тиімді болатыны - қозыға енесінен айырғанға дейін ешқандай шығын жұмсалынбайды. Шаруашылық жағынан тиімділігі - еркек малды бағатын малшы іздеп әуре болмайсың. Құбашевтың осы ұсынысы кейін дәстүрге айналып кетті. Еркек қозыларды туылған жылы етке тапсыру шаруашылықтың өндірістік-қаржылық жоспарына салынды, яғни жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болды. 


Шаруашылықтағы мал басы түгел және өлім-жітімнен аман болса малдың қай түрі болмасын жоспары мен міндеттемесін қиналмай орындауға болады. 1981 жылы ферма бойынша әр жүз саулықтан бір жүз оннан төл алып, мал өнімдерінің барлық түрінен міндеттемелерді артығымен орындап шықтық.


Сол жылдың күзіндегі мал санағы кезінде "Қызылқұм" кеңшары бойынша көптеген жылқы кем болды. Осы себептен кеңшардың бас зоотехнигі Абдраманов пен жылқы-түйе фермасының меңгерушісі орнынан алынған болатын. Бас зоотехниктің қызметіне менің кандидатурам ұсынылды. Мені бұл қызметке ұсынған кеңшар директоры Құрманбаев Бердіғали екеніне күмәнім жоқ, оған қосымша баяғы уәдесі бойынша Шәріповтің де көмегі болған болу керек.


Бұл кезде кеңшарда қырық мыңдай қой, сегіз жүздей жылқы мен түйе бар еді. Түйе мен жылқы негізінен Қызылдың ішінде, құмда орналасқан. Кәукейдің айналасына қыстатылатын жиырма шақты қой отары болмаса, басқа малдың барлығы да құмда болады (Кәукейдің маңындағы отарлар да жазда Қызылға қарай шығады). Теріскейі Қуаңдариядан басталып, батыс жағымен Арал теңізін жағалай отырып Қарақалпақстанмен шектесетін, шығысында көршілес "Бөзкөл" мен "Жаңақала" (Қармақшы ауданы) арқылы қайтадан Қарақалпақстанмен түйісетін "Қызылқұм" кеңшарының аумағы жетпіс жеті мың шаршы шақырым болатын (№4 қосымшаны қараңыз). Кеңшар аймағында жұмыс істеп тұрған жүз отызға жуық артезиан скважиналары бар еді.


Шаруашылықтың жер көлемі үлкен болғанымен, жайылымның оты қарақұммен салыстырғанда нашар болып келеді. Бұл жақта раң ерте шығады, бірақ ерте ұшып кетеді. Қарақұмдағыдай жаз бойы малға қорек болатын еркекшөп, бидайық, изен деген шөптер өспейді. Ол жақта бір құлаш жерден су шығып жатса (кейде тізеліктен де шығады, оны "еспе" деп атайды), Қызылдағы жерасты суы өте тереңде - артезиан құдықтары жүз елу мен үш жүз метр аралығында қазылады. Сондықтан бұнда шөптің түрі көп болмайды, негізгі шөбі жусан мен жантақ болып келеді. Жаңбыр аз жауған жылдары көктің шығымы жұтаң болып, мал толық қоңдана алмай қалады. Қысқа күйсіз түскен мал ұзақ қысты көтере алмайды, буаз саулықтардан шығын көп болып жатады. Бұл қызылқұмды қарақұммен салыстырғандағы жағдай.


Солай бола тұра Қызылда мал басын аман өсіріп, одан мол өнім алып, абыройға ие болып жүрген малшылар аз емес. Ауданда өткен бір жиналыста: "Қарақұмның шопанын Қызылға әкелсе, біздің шопанның көмекшілігіне ғана жарайды"- деп айтқаным бар еді. Мүмкін артықтау айтылған шығар, бірақ шындықтың аулынан алыс та емес болатын.


Осы уақытқа дейінгі маман болып жұмыс істегелі байқағаным - қандай ауыр қыс болса да алдындағы малдан бір бас шығын бермейтін, сонымен бірге төлдің, еттің, жүннің жоспарын орындап шығатын малшылар бар. Олай болса малдың жағдайы малшыға байланысты екен. Олар малды қалай бағады? Жоғарыда айтылған Қожантайға, №1 ферманың озаты Іниятов Маратқа, №3 фермадағы үздік малшылар Сейтәлиев Қарлаңбай мен Салматаев Қожабергенге жасалып жатқан ерекше жағдай жоқ еді. Бірақ олар небір жайсыз қыстан да малдарын аман алып шыға білетін.


Малды қыстан шығынсыз алып шығудың бір кепілі малды қысқа қоңды түсіру. Бұл жұмысқа тәжірибелі малшылар қойды қозысынан айыру бойына-ақ кіріседі. Тамыз айында саулықты қозысынан айырады. Міне, осы кезден бастап, еңбекқор малшы отарын қоңдандырып алудың қамына кіріседі. Тамыздың ми қайнатар ыстық күндерінде мал жөндеп жайыла да алмайды. Осыны білетін іскер малшылар ондайда айдың жарық кезін пайдаланады - қойды түнде жаяды. Ал айсыз қараңғы түндері алыстағы бұлақтарды жағалап, өрістетіп, үйіне аптасына бір-ақ келетін малшылар болады. Мал бағу да үлкен өнер. Бұл өнерді меңгеру адамның іскерлігіне байланысты. "Мен отыз жыл қой бақтым!"- деп төсін ұратын малшылар бар, бірақ солардың бәрі бірдей мал бағудың қыр-сырын толық біле бермейді. Білсе де, орындай бермейді.


Бұл мәселеге ұзақ тоқталып отырған себебім бар.  Шаруашылыққа бас маман болып іске кіріскеннен кейінгі алдыма қойған мақсаттарымның бірі озат малшылардың мал бағу тәжірибесін барлық малшыларға үлгі етіп жариялау болатын. Яғни, Қызылқұм жағдайында малды қыстан аман алып шығудың ең негізгі шарты түнекке жайып қоңдандырып алу екеніне барлық малшының көзін жеткізу.


Шынын айтқанда бұл жаңалық емес. Осыны малшы атаулы білмейді десем, жалған айтқандық болар еді. Бәрі де біледі, бірақ бәрі бірдей орындай бермейді. "Жалқаудың ертеңі таусылмайды" демекші, әлі де уақыт бар ғой деп жүргенде күз келіп қалады - қырқым басталады, қой ұрықтандыру басталады, одан кейін қыстауға көшу... Міне, осылай қыс түседі. Жоғарыда айтылған тәжірибелі малшылар сол екі айда (тамыз бен қыркүйекте) жатпай-тұрмай қойын қоңдандырып алып, қалған он айда соның жемісін жеп жүргендер.


Бұдан кейінгі маңызды мәселе малшының жекеменшік қой ұстауына  мүмкіндік беру еді. Алыс мал жайылымында, Қызылдың қия құмында мал бағып жүрген шопанның қорасында жеке қойы болмаса өзі не жейді, келген қонағына не сойып береді? Үйіне қонақ келген жағдайда қойым жоқ деп жерге қарап отырмайды ғой, қораға қарай тұра жүгіреді. "Ит төлеуі бір күшік, құнын төлермін..." дейді де, мемлекеттің малына қол салады.


Қазақта "мал баққанға бітеді" деген сөз бар. Өзінің маңдай терімен тапқан елу-алпыс қойы бар шопан жалқауланып жата да алмас еді. Ал жекеменшігінде жүздей қойы бар малшының тұрақты кадр екені даусыз.


Бірақ бес саусақ бірдей емес...


Малшылардың бәрі дерлік қосымша ақыға мал алады, сол мал бәрінде бірдей тұра бермейді. Біреулері сойып жеп қояды, екіншілерінің қалай құртатынын бір құдай біледі. Тіпті отарын әдейі жол бойына жайып, көрінген машинаны тоқтатып, шоферін қоярда-қоймай қонақ қылып, қой сойып беретін қойшылар да болатын.


Кәукей фермасында осындай Сейілхан деген шопан болды. Қолы ашық, қонақшыл жан еді. Жыл сайын қосымша ақыға отызға жуық қозы мен бес-алты қой алады, бірақ өзіне мал құтаймай-ақ қойды. Бірде қозы санағымен әлгі шопанның үйіне барғанбыз. Қозысын санап болып есептесек, әлі де кіріске алынбаған оншақты төлі бар болып шықты. Малшы міндеттемесін орындаған еді. Мен комиссия төрағасы болатынмын. Комиссия мүшелеріне қарап: "Қалай қарайсыңдар, осы он қозыны кіріске алмай-ақ қоялық, төлбасы ырым қылып мына Сейілханға қалдырып кетейікші. Өсірсін, көбейтсін"- дедім. Малшының жағдайын білетін мамандар да қарсы болған жоқ. Малшыға: "Мына ұрғашы он қозыға тимейсің, мал қылып өсіресің!"- деп бәрінің көзінше тапсырдым. Төлдің қорытындысымен бұдан басқа отызшақты қозыны тағы алды.


 Көктемгі қой қырқымынан кейін малшылар Қарақалпақстанмен шекараға қарай көшеді, елге күзгі қырқымда бір-ақ оралады. Жазда малшыларды аралап жүріп үйіне барып қалған едім. "Баяғы малдың басы аман ба?"- деймін ғой. Сәкең жерге қарап күмілжіп отыр: "Қарақалпақ ағайындар келіп… соған сойылып кетті ғой"- дейді. Енді оған не айтасың?!


Кеңшардың директоры Бердіғали Құрманбаевтің мамандығы экономист екенін жоғарыда айтқанмын, сол себептен болар, маған мал шаруашылығының барлық билігін берді. Астымда жаңа "Газ-66" машинасы бар, ерте тұрып-кеш жатып дегендей, шаруашылықтың өзіме байланысты жұмыстарын атқаруға кірістім. Көп жағдайда малшылардың проблемаларын директорға сілтемей-ақ, өзім шешуге тырысатынмын. Себебі олардың өтініштерін шешуге шамаң келмесе  (оған қауқарсыз болсаң), онда малшының алдында беделің болмайды. Малшының алдында беделің болмаса берген тапсырмаларыңның орындала қоюы да, жұмысыңның ілгері басуы де екіталай нәрсе. Обалы не керек, менің істеген жұмыстарыма "Мынауың дұрыс емес, неге менсіз шешім қабылдайсың"- деп Бекең ешуақытта киліккен емес.


Осы жұмыста төрт-бес ай істегеннен кейін, сөз арасында Бекеңе: "Мына абажадай үш жарым тонналық жүк машинасын мініп жүргенім ыңғайсыз сияқты, водовоз берсеңіз де болар еді"- деген едім. Көп ұзамай жап-жаңа УАЗ қорапты машинасын алдырып берді. Сансызбай деген жүргізушім болды. Аяқ-қолы жеңіл, пысық жігіт болатын. Жалпы менің жүргізушіден салымым бар. Бұған дейінгі Қали мен Алдамұрат, бұдан кейінгі Мейірім сияқты жүргізушілерім тіл алғыш, өз істеріне ұқыпты шоферлар еді. Шаруашылықта маман үшін (басшы үшін де) көлік жүргізушінің орыны маңызды. "Кеттік…" деген кезде машинаны от алдырып жүре беретін, далада қалдырмайтын, өз ісін жетік білетін шоферлар көп кездесе бермейді. Бұл мәселеде менің жолым болды деп есептеймін. Сол Сансызбаймен солтүстігі Қуаңдариядан басталып, оңтүстігі Қарақалпақстанмен шектесетін ысылдаған құмдарды талай шарладық.


1982 жылдың жазында кеңшарымызда қозысынан айырылған қойды түнекке жайып бағу жөнінде семинар ұйымдастырылды. Шаруашылықтағы озат малшылар өз тәжірибелерін ортаға салды. Басқа семинарларды қайдам, осы семинардың пайдасы аса зор болды ғой деп ойлаймын.


Семинарда жекеменшік қойды көбейту жөнінде де сөз болған еді. Бір қызығы, малшылар жеке қойды көбейтуге ықылассыз болатын. Оның себебі мынада - шаруашылықта жаппай қой шығыны болған жағдайда малшының жеке қойы да аман қалмайтын еді (мынау менің малым деп бөліп баға алмайды ғой). Талай қысты көріп, талай жұтты басынан өткізген кәнігі малшылар жеке қой ұстауға онша құлықты болмайтын. Оның орнына ірі қара малын (сиыр, жылқы, түйе) ұстауға тырысатын еді. Бұл сонау алпысыншы жылдардан бері қалыптасқан жағдай болатын. "Отарды қыстан шығынсыз шығарсаң, мелекеттікі де аман, сенікі де аман болады " деген қағиданы құлақтарына сіңіру керек болды.


Аудандық ауылшаруашылығы басқармасының ұсынысымен және аудандық партия комитетінің[8] қолдауымен: "Қызылқұм жағдайында қойды түнекке (түнде) жайып бағудың әдістері және оның пайдалы жақтары" атты семинар-кеңес аудан көлемінде де өткізілді. Тақырып бойынша мен баяндама жасадым. Облыстық радионың тілшісі келіп интервью алды. Ұзамай-ақ бұл хабар облыстық радиодан берілді.


Ол кездері «Қызылқұм» кеңшарының қаржылық есебі зиянға жоспарланатын еді. Бұның бірнеше себептері болды: біріншіден, шаруашылық шалғайда орналасқан және аумағы өте үлкен, бұл шығынды көбейтетіні анық; екінші жағдай, кеңшардың шөп дайындайтын шабындығы аз болды. Жетпеген шөпті аудандағы басқа шаруашылықтардың аумағынан дайындайтынбыз немесе сатып алатынбыз. Мал өнімдерінен түскен табыс бұл шығындарды жаба алмайтын күйде болды. Сондықтан шаруашылықтың алдында өнімдерді молайта түсумен қатар, олардың сапасын арттыру мәселесі де тұрды.


Енді өнімнің сапасына назар аударыла бастады. Бұрын етке жоспарланған мал жайылымнан айдалса, соңғы кездері орталықтағы бордақылау комплексіне әкелініп, сол жерде жемделіп, кондицияға жеткеннен кейін ғана қасапханаға тапсырылатын болды. Осының нәтижесінде етке өткізілген қойдың орта салмағы шаруашылық бойынша қырық бес килограмға жетті. Сонымен қатар жылқыны да бордақылап өткізуді ұйымдастырдық.


Етке малды өзіміз апарып өткізетінбіз. Қасапшылардың қасында тұрып, таразының басында тұрып аңдыспасаң, бордақылаған еңбегіміз зая кететін кездер болатын. Осындай бір оқиға есімде.


Алты отар ісек қойымызды вагонға тиеп Қызылорданың ет комбинатына алып барғанбыз. Вагоннан түсіргеннен кейін, ертеңіне соя бастады. Оншақты адам ала барған едім. Сол адамдарды конвейердің бойына қойып, өзім цехтың ішін аралап жүрмін. Конвейерде жүзден астам қасапшы жұмыс істейді. Түскі үзіліске дейін бәрі ойдағыдай болып, ешқандай ұрлық байқала қоймады.


Түске таман көзім конвейерде келе жатқан қой ұшаларына түскен еді, оннан астам қойдың құйрықтары жоқ екен. Түбінен кесіп алыпты. Қасапшыларға айтсам, біреуі жақ ашпайды. Келісіп алғандай бәрі де үндемейді. Жақын маңда көрініп жатқан құйрықтар жоқ. Дереу цех бастығына бардым. "Ұрлап жатыр!"- дедім. Ол: "Ұрлаған адамды маған ұстап беріңіз"- деп қарап тұр. Олар ұстата ма? Қалай кесіп және  қалай құртып жатқанын біле алмай қаласың. Көз ілеспейтін шапшаңдықпен құйрықты жоқ қылады.


Бір кезде құйрықсыз ұшалар көбейе бастады. Мені тыңдайтын қасапшылар жоқ. Тіпті: "Әлімдер[9] қандай қой әкелген? Қойларының құйрығы жоқ қой…"- деп мазақ ете бастады. Тәртіпке шақыратын цех бастығының түрі анау: "Өзің ұстап ал!"- деп тұр. "Әлімдердің кім екенін көрсетейін сендерге!"- дедім де, қабырғада тұрған ажыратқышты (рубильникті) басып, конвейерді тоқтаттым. Цехтың іші тым-тырыс бола қалды.


Енді қасапшылардың айқай-шуы басталды. Цех бастығы келді ентігіп:


- Неге жұмысты тоқтатасың? Тоқтатқаның үшін жауап бересің!


- Ұрлықтарың үшін алдымен сендер жауап бересіңдер! Қойлардың құйрықтары табылмайынша мен конвейерді қосқызбаймын!- дедім.


Қасымда жүрген мамандардың бірін (Төрехан деген веттехник денелі жігіт еді) ажыратқыштың қасына қойдым. "Бір адамды жақындатушы болма!"- деп тапсырдым да, комбинаттың ішіндегі телефоннан облыстық ауылшаруашылығы басқармасына қоңырау шалдым. Мал шаруашылығы бөлімін институтта бірге оқыған Керимов Сахитжан басқаратын еді. Батылдау қимыл жасап, қоңырау шалып жатқаным да сондықтан. Телефонды көтерген Сахитжанға болған жағдайды айттым. Ол әуелде қалжыңдап: "Біздің қасапшылар да аздап ауыз тигісі келген шығар..." деген еді, мен: 


- Болмашы нәрсеге бола мазаламаймын ғой. Анау-мынау емес, тонналаған ет жоқ болып жатыр. Мен конвейерді ажыраттым, жұмыс тоқтап тұр,- дедім.


Осыдан кейін:


- Онда қазір барамын,- деді.


Қайтып келгенде комбинат директорының орынбасары конвейерді қосқызбақшы болып жатыр екен. "Қазір басқарманың бас зоотехнигі Керимов келеді, ол келгенше қосылмайды"- деп ажыратқыштың қасында тұрып алдым. Егер конвейер іске қосылса, ұшалардың барлығы таразыдан өтіп, тоңазытқышқа кетер еді. Ол кезде ұрлықты дәлелдеу мүлде мүмкін емес болатын.


Көп ұзамай иығына ақ халатты желбегей жамылған Сахитжан да көрінді.


Келе сала:


-  Не жағдай болып жатыр?- деді маған қарап.


- Өз көзіңізбен көріңіз,- дедім де, құйрығы кесіліп алынған қой ұшаларын көрсетіп шықтым (Сахитжанды танитынымды басқаларға сездіргенім жоқ).


Осы кезде цех бастығы барлық қасапшыларды жинап алды. Айқай басталды. Сәлден соң-ақ бас-сирақ салатын қоларбалардың ішінен, тері-терсектердің арасынан білем-білем құйрықтар бөлек ыдысқа салына бастады (шамасы, Сахитжан орнына салыңдар деген болу керек). Түгел жиналып болды-ау деген кезде, енді не істейміз дегендей, Сахитжанға қарадым. Ойым акт жасау еді.


- Бір сағаттан астам жұмыс тоқтады ғой, кейін маған жала жауып жүрмей ме? Акт жасасақ қайтеді?


- Қажеті жоқ, ештеңе де болмайды,- деді ол.


Рахметімді айтып, Сахитжанды шығарып салдым. Сол жолы алып барған үш мыңдай қойымыздың орта салмағын елу алты килограмнан өткізген едік. 


Қаракөл шаруашылығындағы табыстың негізгі көзі қаракөл елтірісі, сосын еті мен жүні болып табылады. Осы өнімдердің сапасы жоғарылаған сайын, олардан түсетін табыс та көбейе бермек.


Елтірінің сапасын жақсарту көп жұмысты қажет етеді. Соның бірі аналық қойларды жыл сайын сұрыптап отыру. Ол үшін алғаш төл беретін тұсақ отарларды мұқият қарап шығып, «күйік жүнді» деп аталатын қойлардың бәрін етке өткізіп отыру керек. Себебі, бұлардан еш уақытта бірінші сортты қаракөл елтірісі алынбайды.


Бұдан кейінгі маңызды жұмыстың бірі - елтіріні алғашқы өңдеуден өткізу. Бұл өте күрделі процесс. Шаруашылықтарда елтірі қырқым пункттерінде дайындалады. Сол жерде сойылып, тұздалып, тазаланып барып байланады. Қаракөл елтірісін сақтайтын қойма мен жүн сақтайтын қойманың бөлек болғаны дұрыс. Жүн сақтайтын қойманың едені ағаш, ал қаракөл қоймасының едені тас (цемент) болады. Сонда қаракөл кеуіп кетпейді, сұрыптағанда және тасымал кезінде бүлінбейді (сынбайды). Жүн сақтайтын қойманың едені цемент болса, жүннің салмағы артып кетеді (жүннің ылғал тартқыш қасиеті бар). Фабрикаға өткізген кезде ылғалдылығы қалыпты жағдайдан артық жүннің бағасы кемиді.


Елтірі көбінесе тазалаған сәтте бүлініп-жыртылатын еді. Кеңшар директорына өтініш айтып, Кәукейден қаракөл елтірісін тазалайтын үлкен пункт салдырттым. Фермаларда сойылып-тұздалған елтірілерді ылғал күйінде жинап әкеліп, пунктте тазалайтын болдық. Бұрын қолмен тазаланса, енді агрегаттарда тазаланатын болды. Бұл оның сапасын арттыруға едәуір септігін тигізді. Қаракөл елтірісінің бірінші сорты сексен бес пайызға, қымбат бағалы жакет тобының үлес салмағы қырық пайызға дейін көтерілді (бұрын бұл көрсеткіштер тиісінше жетпіс және отыз пайыздың шамасында болатын). Қаракөл елтірісінің орташа сатылу бағасы жиырма сегіз сомға жетті. Бұл республика бойынша жақсы көрсеткіш болып есептелетін еді.


Малдан жоғары өнім алу мен мал басын аман сақтаудың ең негізгі кепілдіктерінің бірі мал азығының берік қорын жасау екені белгілі. Мен жұмыс істеп жүрген алғашқы жылдары "Қызылқұм" кеңшарында қоғамдық малды қажетті мөлшердегі жем-шөппен қамтамасыз ете алмай келді. Қуаңдарияның бойынан ғана шөп дайындауға мүмкіндік бар еді. Кейінгі жылдары Қуаңдария түгілі, Сырдың өзінің арнасында су болмай қалған кездер болды. Дегенмен сол аз шөпті орып, буып-тайлап, қыстаулардың басына таситынбыз. Бұл малға қажетті шөптің жартысын ғана құрайтын еді. Қыс жайлы болған жылдары мал аяғымен жайылып, осы аз шөппен-ақ қыстан шығып отыратын. Қар қалың түссе, не қыс ұзаққа созылса, шөптің жетіспеушілігінен мал өлім-жітімге ұшырап жататын. Кеңшар құрылғаннан бергі жиырма жылдың ішінде төрт рет (!) елеулі мал шығыны болған екен. Әр жұтта он-он бес мың аралығында мал өлген!


Малды қыстан аман-сау шығару үшін қойға күніге зоотехникалық норма бойынша үш килограмм шөп берілуі тиісті. Тоқсан күн қысқа есептегенде бұл екі жүз жетпіс килограмм, бір отарға (бес жүз қойға) бір жүз отыз бес тонна шөп болады. Сол жылдары әр отарға елу тоннадан ғана шөп дайындауға мүмкіндігіміз болды.


Жоғарыда айтылған норма малдың қарнына түсуіне есептелген, яғни қорытылуға тиісті шөбі. Пішен преске басылатын еді, әр престің салмағы жиырма бес килограмнан кіріске алынатын (осы салмақпен шығысқа шығарылады). Шындығында оның салмағы он жеті-он сегіз килограмнан аспайтын. Енді осыдан желінбей қалатын сақты[10] шығарып тастаңыз, сонда  бір тай шөптен малдың аузына не тиетінін шамалып отырған боларсыз? Есеп бойынша пәлен тонна шөп берілді дегенмен, нақты жейтіні соның жартысындай ғана болатын. Құжат бойынша алпыс пайызға қамтамасыз етілді деген жағдайдың өзінде, шын мәнінде, бұл көрсеткіш отыз пайыздан аспайтын еді.


Престелген шөптің салмағы неге жиырма бес килограмм болып есептелінеді? Шөп дайындау науқаны кезінде партия комитеті апта сайын дайындықтың барысын қадағалап, бюро мәжілісінде қарап отырады. Артта қалған шаруашылықтардың басшыларына ескерту немесе сөгіс беріп жатады. Осы жазадан қорыққан кейбір басшылар амалсыздан шөптің көлемін қолдан көбейтуге тырысатын еді. Оның жолы жалған мәлімет беру. Бірақ тексерген жағдайда мұның артының ашылып қалуы мүмкін ғой, осы себептен престелген тайдың салмағын көбейтетін еді. Дайындалған мал азығының есебі престелген шөптің (тайдың) санымен жүргізіледі. Тексерген жағдайда шөптің салмағын ешкім өлшемейді (ол мүмкін де емес), преске басылған данасын санайды. Сосын оны құжатта көрсетілген 25 кг салмаққа көбейтеді. Бұл тәсіл шөптің көлемін отыз пайызға дейін "көбейтуге" мүмкіндік беретін еді.


Шаруашылыққа 1980 жылы келген жаңа басшы Құрманбаев жем-шөп дайындау мәселесімен түбегейлі айналысуға кірісті. Сыр бойында "арықтың басындағы су ішеді, аяғындағы у ішеді" деген сөз бар. Біз Қуаңдарияның теңізге құйылар жерінде, яғни аяғында болатынбыз. Бас жағындағы шаруашылықтар шабындықтарын түгел суғарып болғанша суды бөгеп тастап, төменгі жаққа жібермей қоятын еді. Біздің алдымыздағы "Бозкөл" кеңшары тіпті маңайындағы көлдерге жіберіп жататын (балық аулау үшін). Бекең осы бөгеттерді алдырды, Қуаңның бойына қарауыл қойды. Осылайша судың келуін бақылауға алып, шабындықтардың дер кезінде суғарылуын қамтамасыз ете білді. Артезиан құдықтарының басына шыққан пішенге дейін орғызып, қыстау басына тасытты. Осының нәтижесінде соңғы жылдары малға қажетті шөптің жетпіс пайызын дайындауға қол жетті және бұл ешқандай "қоспасыз" таза шөп еді. Бұл кездері әр тайдың орта салмағы он сегіз килограмнан кіріске алынатын болған.


Мал басы көбейе бастады. Бұл қосымша малшы кадрларын іздеуді, жаңадан қыстаулар мен мал қораларын салуды, соған сәйкес су көздерін (артезиан құдықтарын) ашуды қажет етті. Ол кездері мал бағуға ешкім құлшынып шыға қоймайтын еді. Малшы табу қиын болатын. Бекең осы проблеманы шешудің жолдарын қарастырды. Мал бағуға талаптанған әр жанұяға он саулық тегін беріліп, жаңа ағаш үймен, жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін болды. Алғашқы үш жыл бойы (үйренісіп кеткенше) қамқорлыққа алынды, жеңілдіктер жасалынды. Айына бір қой арзан бағамен беріліп отырылды. Мал бағудың тиімділігін түсінген механизаторлар мен құрылысшылар, жұмысшылар мен жүргізушілер қой бағуға сұрана бастаған болатын. Осы толқында қой бағуға шыққан Қуаныш, Темірхан, Арыстан, Жарылқасын сияқты жастарды айтуға болады және бұлардың бәрі де кейін озат малшылар қатарынан орын алды.


Бұрынғы жылдары қыстауға алпысқа жуық қой отары түсетін болса, енді олардың саны жетпістен асып жығылатын болды. Жыл сайын жеті-сегіз мың қой мен үш жүзден астам жылқы етке өткізіліп, орнына он мың бастай қозы мен төрт жүзге жуық құлын мен бота қосылап отыратын еді. Осы себептен жаңа қыстаулар салу мен артезиан скважиналарын қазу жұмыстары күн тәртібінде тұрды.


Кейінгі жылдары шаруашылықтағы мал қоралары, әсіресе №3 Қызылқұм фермасының баздары ескіріп, әбден тозығы жеткен болатын. Бұл баздардың бәрі кеңшар ашылған 60-шы жылдары типтік жоба бойынша салынған еді. Жыл сайын жөндеп отырғанымен, ширек ғасыр бойы пайдаланылып келген қоралардың тіреулері шіріп, алды құлай бастады. Егер қыста құласа, астында мал қалуы мүмкін еді. Әбден тозығы жеткен осындай отыздан астам мал қоралары болды. Бұларды қайта салуға кеңшарда жеткілікті мөлшерде ағаш материалы да, бұған қарастырылған қаржы да жоқ болатын. Осы мәселені Бекең "асар" әдісімен шешті. Кеңсе қызметкерлері мен мамандарды аптасына бір күн (жексенбі күні) асарлатып қора салуға жұмылдырды. Құрылыс материалдары да жергілікті жерден табылды - баздың қабырғасы кәдімгі сексеуіл мен жыңғылдан қаланды. Арасына сақ пен малдың көңі салынды. Осылай тұрғызылған қора әрі жылы, әрі берік болып шықты. Асар жасау арқылы біз үш жылдың ішінде ескі қоралардың бәрін жаңартып шықтық.


1981 жылдан бастап шаруашылықтың тасы өрге домалады десе де болады. Кеңшарымыз аудан ғана емес, тіпті облыс көлемінде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Малшылардың да тұрмыс-тіршілігі едәуір жақсарды. Олар ақшалай және заттай (малдай) қосымша ақы алып, жекеменшік қойларын көбейте бастады. Бұған кеңшар директорының мамандығы экономист болғандығы, еңбекшілерді ынталандыру үшін артық өндірген өнімдеріне шаруашылықтың ішкі қорынан (мемлекеттен тыс) прогрессивті түрде ақшалай-заттай қосымша ақы төлегені себеп болды. 80-ші жылдардан бастап кеңшар «артта қалған шаруашылық» деген аттан құтылып, пайдаға шыға бастағаны оcының дәлелі.


Енді малшы қауымы ғана емес, мамандардың да қолдарына қосымша ақы тиді. Осыған орай олар жұмысты бұрынғыдан да ынталана, ыждағаттана істейтін болды. "Қызылқұм" кеңшарының тарихында бұрын болмаған жағдай - мамандар да марапатқа ие бола бастады.  1983 жылы маған облыстық атқару комитеті мен облыстық кәсіподақтары кеңесінің біріккен қаулысымен "Қызылорда облысының үздік зоотехнигі" атағы берілді.


Жақсының жақсылығын айт деген сөз бар. Егер сол жылдардағы шаруашылықтың иығын тіктеп, пайдаға шыға бастауына кеңшардың басшысы Бердіғали Құрманбаевтың көп еңбегі сіңді десем, еш адам қарсы дау айта қоймас.


 


                                              * * *


 


1984 жылдың күзінде аудандық партия комитеті мені Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы саласына басшы кадрлар даярлайтын алты айлық курсқа оқуға жіберді. 1984-85 жылдың қысын Алматыда өткіздім. Март айында оқуды бітіріп, қайтадан жұмысыма қосылдым. Ұзамай кеңшар директоры кезекті еңбек демалысын алды, орнында мен қалдым.


Мал төлдеп жатқан уақыт болатын. Сәуірдің аяғына таман үш ферманың төлін санап, қорытындысын шығарып көрсек - кеңшар бойынша жыл басындағы әр жүз саулыққа жүз отыз үш қозыдан келіп тұр екен. Бұл уақытқа дейінгі мәліметте жүз отыз қозыдан алып, аудандағы алты қой шаруашылығы бойынша "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы кеңшардан кейінгі екінші орында келе жатқанбыз. Ол шаруашылық бізден екі қозы алда болатын. Ферма басшыларымен ақылдаса отырып, ауданға мәліметті әзірше жүз отыз бір қозы деп беруді ұйғардық. Бұлай жасауымыздың себебі - қалған қозыны қорытынды ақпарда берерміз дедік. Ең соңғы қорытынды болар кезде ауданның тағы бір-екі пайыз төл сұрайтыны анық еді, сонда қосармыз дедік.


Ертеңіне аудандық "Ленин туы" газеті апталық мәліметте "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы кеңшардың жүз отыз екіден төл алып бірінші орында тұрғанын, біздің екінші келе жатқанымызды жариялады.


Бұл кездері, еңбек демалысы аяқталғанмен де, Бекең жұмысына қосыла қоймаған еді. Денсаулығына байланысты қосымша демалыс алып, емделуін жалғастыра берген болатын.


Жыл сайын мамыр айының ортасына таман аудан бойынша малшылар слеті өткізіледі. Мал төлдетудің нәтижесі анықталып, озат шаруашылықтар мен малшыларға жүлде беріледі. Ат шабылып, үлкен мереке болады. Осы слеттің алдында бізге аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Шерекенов Тиышбай келді. Мақсаты -  төлдің қорытындысын білу. Сонымен бірге ауданның бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың маған айтқан сәлемін жеткізді: "Кеңшар директорының орнын жоқтатпай, осындай келелі жұмыстар жасағаны үшін рахмет. Қорытынды ақпарда тағы бір-екі қозы қосады деген сенімдемін"- депті. Өкілдің қасына кеңшар парторгі қосылып, екеуі фермаларды аралап кетті. (Бұл кезде бұрынғы парторг Жиентаев Садуақас ауданға басқа қызметке ауысып, орнына "Карл Маркс" кеңшарында жұмысшылар комитетінің төрағасы болып істеп жатқан  Шүкірәлиев Демесін келген болатын.)


Келесі күні бас қосып, барлық төлді қайта есептеп шықтық – әр жүз аналыққа жүз отыз төрт қозыдан айналып тұр екен. Бұл "Қызылқұм"  болып құрылғалы алынбаған төл еді. Өкілге: "Аудан басшысына айта барыңыз, тапсырмасын орындаймыз"- деп уәде беріп аттандырдық. Ертеңіне осы қорытындымен аудандық партия комитетіне, статистика және  ауылшаруашылығы басқармаларына мәлімет берілді.


Бұл қорытынды ақпар болатын. Біз әлде де "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы кеңшардан қауіптеніп келген едік. Алдыңғы мәліметте олар бізден бір қозыға алда болатын. Бүкіл облысқа белгілі Жалғасбаев Шынтас атты директордан озуға үміт аз еді, дегенмен озып шығып, айды аспанға бір шығарсақ қой, шіркін... деп те ойлап қоямын.


Ертеңгі газетті асыға күттік. "Ленин туы" газеті мал төлдетудің қорытындысын жария етпек еді. Газет шықты. Алғашқы бетінде: "1-ші орында әр жүз саулықтан 134 қозы алған "Қызылқұм" қаракөл қой кеңшары"- деп беріліпті. "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы шаруашылық екінші орында, алдыңғы мәліметке төл қосылмаған екен. Біз ауданның жеңімпазы атанып, облыс бойынша екінші орынды иемдендік (бірінші орында Арал ауданының "Арал" кеңшары болды).


Мамыр айында Жаңақазалының түбіндегі Көктөбеде малшылар тойы болып өтті. Осы тойда біз жеңіс тұғырына көтеріліп, ауданның ауыспалы туын иелендік. №3 ферманың шопаны Сейтәлиев Қарлаңбай жүз алпыстан төл беріп, ауданның чемпионы атанды. Иниятов Марат, Салматаев Қожаберген, Нұрмаханов Қожантай, Ибадуллаев Күнұзақ жүз елу-жүз қырық аралығында төл алып, шаруашылықта алдыңғы қатарға шықты. Мен КСРО Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің (ВДНХ СССР) қола медалімен марапатталдым. Бұл награда кейбіреулерге онша салмақты болып көрінбеуі мүмкін, бірақ мен үшін, істеген еңбегімнің еленгені зор қуаныш еді.


Малшылар тойына Бекең (кеңшар директоры) қатыса алмады, емделіп жатқан болатын.                                         


Шаруашылықта біріне-бірі тұмсығын тіреп тұрған мал төлдету, қой қырқу, қозы айыру, шөп дайындау сияқты науқандық жұмыстар жетіп артылады. Оның үстіне менің директор мен бас зоотехниктің жұмыстарын қоса атқаруыма тура келді. Осындай жұмыстармен жүргенде күз де келді. Қыркүйек айының іші болатын, аудандық партия комитетіне шақырды. Бірінші хатшы Елеу Көшербаев шаруашылықтың барлық жағдайын, істеп жатқан жұмыстарымыздың барысын тыңдап болғаннан кейін:


- Кеңшардың директоры Құрманбаев жолдас денсаулығына байланысты арыз беріп отыр. Аудандық партия комитеті осы орынға сенің кандидатураңды ұсынбақшы. Осыған қалай қарайсың?- деді.


Бұл мәселе маған тосын емес еді. Бекеңнің емделуі ұзап кеткен соң, егер шаруашылықты тапсыратын болса, орнына кімнің келуі мүмкін деп ойланатынмын. Егер сырттан келмесе, іштен кімді қояды? Ол кездері директорлық орынға партком хатшыларын тағайындайтын дәстүр қалыптасқан болатын. Кеңшардағы партия ұйымының хатшысы Шүкірәлиев Демесін еді. Мектепте бір класта оқығанбыз, Самарқандағы ауылшаруашылығы институтын бітірген болатын. Бұрын өзіміздің ауылда жұмысшылар комитетінің төрағасы болып істеп, "Қызылқұмға" келгеніне үш-төрт жыл болған еді. Егер Демесін директор болса, мені парткомге ұсынатын шығар деп ойлайтынмын. Осының алдында ғана Бекеңнің: "Хатшыға кіріп, басқа жеңіл жұмысқа ауыстыруын өтіндім. Келіскендей болды. Орныңа кім бар деп сұрағанда, Демесін екеуіңді айттым. Бірақ қайсыңды бекітеді, оны мен білмеймін..."- дегені бар еді. Енді жағдай мынандай болып отыр.


- Сенім білдіргеніңізге рахмет, Елеке. Бір-екі күнге мұрсат беріңіз, ойланайын,- дедім.


- Ойлан, бірақ қабырғаңмен ғана ақылдас,- деді хатшы.


Бұл сөзді мен де түсіндім – ешкімге жария етпе дегені.  Ол кездері аудандық партия комитетінің номенклатурасында тұрған кадрлардың тағайындаулары құпия ұсталынатын еді.


"Қызылқұм" кеңшары Қазалы ауданындағы ең ауыр шаруашылық болатын. Алғашқы құрылған 1964 жылдан бастап бұл шаруашылыққа үш директор басшылық жасаған екен. Шаруашылықтың  қазығын қаққан Көптілеуов Сыдық 1972 жылы мал өліміне байланысты қызметінен алынған. Одан кейінгі директор Сарқұлов Құбайдолла 1980 жылға дейін істеп, мал басының кем болуы себепті жұмыстан босатылды. Қазіргі директор Құрманбаев Бердіғали бес жыл жұмыс жасап, денсаулығына байланысты өтінішпен шығып отыр. Бекеңнің де шеше алмай жүрген мәселелерінің барын білетінмін. Дегенмен қалай болғанда да бір адам басқару керек қой, осы шаруашылықта сегіз жыл жұмыс істедім, тәуекел, істеп көрейін деген шешімге келдім. Арада бір күн өткесін хатшыға барып шешімімді айттым.


- Бізде бірнеше кандидатура болды. Ақылдаса келе, "Қызылқұмдағы" көп жылғы жұмысың мен тәжірибеңді ескеріп, саған тоқтадық,- деді хатшы.


Енді облыстық партия комитетінен өтуім керек еді. Ертеңіне сол кездегі Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың қабылдауында болдым. Ол кісіге мені обкомның ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Ш.Қарақожаев алып кірді. Бұл Әуелбеков жолдасты алғаш көруім болатын. Орнынан тұрып, жылы шырай беріп амандасты. Институтты бітірген кезімнен бастап, қай жерде қандай жұмыстар істегенімді, тіпті отбасыма дейін сұрады. Көптеген мәселелерді қозғады. Сол шаруашылықта сегіз жылдай жұмыс істегендіктен, жауаптан онша қиналған жоқпын.


Ең соңында:


-  Қанша балаң бар?- деді.


Мен төртеу екенін айттым. 


-   Значит... устойчивая семья!- деді қанағаттанған кейіппен.


Сосын қазақ тілінде:


 - Қолың таза болсын! Қолың таза болса, елдің бетіне тура қарай аласың. Елдің бетіне тура қарай алсаң, жұмысың да алға басатын болады. Осыны ұмытпа! Іске сәт!- деп қолын ұсынды.


Кабинеттен шыққан соң сағатыма қарадым, қабылдауында тура қырық бес минут болған екенмін. Сол күні кешкі поезбен Алматыға аттандым. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірнеше бөлімдерінде болып, тағайындалғаным жөніндегі бұйрық пен директорлық куәлігімді алып қайттым. Райкомның екінші хатшысы Б.Қарғабаев жолдас менің бекіп келгенімді кеңшардың жалпы жиналысында мәлім етті. Осылайша, 1985 жылдың күзінде "Қызылқұм" кеңшарының директоры болып тағайындалдым. Ол жылды шаруашылық табыспен аяқтады. Шаруашылықтың барлық саласы бойынша міндеттемелерді артығымен  орындап шықтық.


Кеңшарға директор болып бекігеннен кейін шаруашылыққа жаңа бас зоотехник керек болды. Осы кезде есіме Жазықбаев Жұбатқан түсті. Бір ауылда өскенбіз, институтта қатар оқыдық. Аудандағы "Бірлік" аталатын мал бордақылау шаруашылығында зоотехник болып істеп жатқан болатын. Бір жолыққанда, ыңғайы келсе, басқа жұмысқа ауысқысы келетінін айтқан еді.


Ауданға барғанымда әдейі үйіне соқтым. Шаруашылықтың бас зоотехнигінің орыны бос екенін айттым. "Егер қаласаң, аудан басшыларына сенің кандидатураңды айтайын"- дедім. Жұбатқан келісті.


Алдымен ауданның бірінші хатшысы Көшербаевтың алдынан өттім. Ол кісі қарсы болмады. "Жұмыс істесетін өзің ғой, біз сенен сұраймыз жұмысты"- деді. Одан кейін аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығына кірдім. Жұбатқанның кандидатурасын айта отырып, бұл жөнінде Елекеңмен келісіп шыққанымды айттым. Ол кісі де қарсы болған жоқ. Кеңшардың бас зоотехнигіне Жазықбаев Жұбатқанның кандидатурасын ұсынып, ауылға қайттым.


Арада бір аптадай уақыт өткенде аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мұсабаев Нәжмадинге шаруашылықтың бір мәселесімен кірген болатынмын. Әңгімеміз аяқтала бере Нәжмәдин:


-  Сенің бас зоотехнигің жөнінде дау болып жатыр,- деді.


- Қандай дау болуы мүмкін? Елекеңмен де, басқарма бастығымен де келісілген еді ғой... 


- Жұбатқанның кандидатурасына Орекең (басқарманың бас зоотехнигі Мұстафаев Орналы- И.А.) қарсы болып отыр. Шамасы, өзінің ойына алған адамы болса керек. Орекеңе кіріп шыққаның дұрыс шығар...


-  Барайын... сонда айтатыны қандай дәлел? Қарсы болу үшін де бір дәлел болу керек қой.


Нәжмәдин болған жағдайды айтып берді.


Кеңшардың бас зоотехниктігіне Орекеңнің өз адамы болған екен (бұны маған айтпаған еді). Менің ұсынысымды көргеннен кейін Елекеңе кіріп, өзінің маманын ұсынады. Елекең менің ұсынысыммен келісіп қойғанын айтады. Сонда Орекең: "Біз "Қызылқұм" кеңшарын асандар үшін құрдық па? Директорынан бастап, барлық мамандары асан руынан ғой. Мына алайын деп отырғаны да асан"- дейді. Осы жерде Елекең ойланып қалады. "Шынымен солай ма?"- депті. Орекең: "Бас мамандардың бәрі Карл Маркс атындағы кеңшардан шыққандар, енді асан болмағанда, кім болады?"- деп атап-атап айтып береді. Хатшы: "Онда ойланатын мәселе екен..."- депті. Бірақ екінші кандидатура жөнінде нақты пікірін айтпапты.


Сол күні Орекеңе кірдім. Амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін, менің ақылдаспай-ойласпай Жұбатқанды бас зоотехник етіп аламын дегеніме ренішін білдіріп, келіспейтінін айтты.


- "Өзі болған қыз төркінін танымайды" деген, бір ауыз ақылдасуыңа болмайтын ба еді?- деді.


Бұлай айтуы орынды болатын, кінәмді мойындауыма тура келді.


- Айтқаныңыз орынды, Ореке! Сізбен ақылдаспағаныма кешірім өтінемін. Сонда да болса, менің ұсынысыма қарсы болуыңыздың себебін білуге бола ма?


- "Қызылқұм" шалғайдағы ең ауыр шаруашылық. Оған бас маман болуға оның қабілеті жетпейді.


-  Басқа қоятын кінәңіз жоқ па?


-  Жоқ.


- Сол ауыр шаруашылыққа бас зоотехник болатын адамды өзімнің таңдауыма неге рұқсат бермейсіз, Ореке? Жұмыс істесетін мен ғой...


- Біз де бұл жерде айға қарап отырмаған шығармыз... Бәрібір мен келіспеймін!- деді.


- ...Оның жұмыс істейтіндігіне мен толық жауап бере аламын. Өзі қойшының баласы, қой арасында өскен. Маған қалада өскен зоотехниктен гөрі ауылдан шыққан маман, малдың жағдайын білетін зоотехник керек,- деуіме тура келді. 


Орекеңнің ренжіп қалғанын байқадым. Бірақ менің де басқа амалым жоқ болатын, қой шаруашылында бас зоотехниктің орыны маңызды роль атқаратын еді. 


Ауылшаруашылығы басқармасынан шыққаннан кейін дереу райкомге бардым. Енді хатшыға кіруім керек еді. Бұл мәселенің басын ашып алмаса болмайтын еді.


- Ана жолғы өзіңізбен келісілген бас зоотехниктің мәселесімен келіп отырмын, Елеке. Ауылшаруашылығы басқармасы менің ұсынысымды облысқа әлі жібермепті,- дедім.


- Иә, сол кандидатураң шешілмей жатыр... Кейбір адамдар қарсы болып отыр ғой,- деді хатшы.


Енді не де болса сөзді ашық бастамаса болмайтын болды. Мен әңгіменің төтесіне көштім.


- Елеке! Естіп келіп отырмын: "Қызылқұмды" Карл Маркс атындағы кеңшардан шыққан асандар билеуге қарады деген әңгіме шығып жатқан көрінеді. Менің руымның асан екені рас, бірақ парторг Шүкіралиев Карл Маркс атындағы кеңшардан болғанымен, руы татыран ғой. Бас бухгалтер Кеулімжаевтың руы қаракесек[11]. Бас инженер Жәметов пен прораб Ахметовтердің рулары асан, бірақ оларды бас маман етіп алған мен емес, кеңшардың бұрынғы директоры Құрманбаевтың кезінде келген. Бас экономист Әліпбаевтің руы асан болғанмен, ол сонау Сарқұловтың кезінен келе жатқан маман. Енді оларды менімен рулас болғандығы үшін ғана жұмыстан шығарып жіберуім керек пе, Елеке?


Хатшы бұл сұрағыма жауап берген жоқ. Мен әрі қарай жалғастырдым.


- Жазықбаев та Карл Маркс атындағы кеңшардан. Бірақ оның руы асан емес - ұлы жүздің үйсіні. Әкесі сол кеңшарда көп жыл қой баққан Жазықбай деген орденді шопан. Өзі қой арасында туып, қой арасында өскен бала... Малдың жағдайын жақсы біледі...


Осы жерге келгенде Елекең:


- Мақұл, олай болса бұл мәселені шешілді деп есептейік. Мен басқарма бастығына өзім телефон шалармын,- деді.


Бір маманның орналасуы осыншама дау тудырады және ру мәселесі осыншама сөз болады деп ойламаған болатынмын. Дегенмен мәселе сәтті шешілді, Жұбатқан бас зоотехник болып тағайындалды.


Басқа мамандарға келетін болсақ: шаруашылықтың бас малдәрігері Қожағұлов Қылышбек кеңшар құрылғаннан бері істеп келе жатқан маман болатын; №3 Қызылқұм фермасын басқаратын Алдабергенов Теңелбай бұрынғы сауда қызметкері, бірақ бұл да көптен істеп келе жатқан меңгеруші; №2 Ажар фермасын басқаратын Әзиев Нұрадин жақында келген еді (мамандығы зоотехник); № 1 Кәукей фермасының меңгерушісі Ілиясов Өмірзақтың мамандығы есеп қызметкері, бұның да ферма басқарғанына екі-үш жыл болған; № 4-ші жылқы-түйе фермасын басқаратын Салмұрзаев Қорғанбектің мамандығы жоқ, бірақ тәжірибелі малшыдан көтерілген болатын. Бұлардың бәрі де бұрыннан өзіме таныс, сырын білетін адамдар еді.


                                               * * *


Келесі 1986 жылдың көктемінде біздің шаруашылыққа обком хатшысы Еркін Әуелбеков жолдас келді. Бұл ол кісінің Қазалы ауданына алғашқы келуі болатын және жұмысын менің кеңшарымнан бастады. Ауданның бірінші хатшысы Көшербаев екеуміз азанғы сағат онның шамасында самолеттен түскен басшыны кеңшардың Қызылқұм фермасындағы аэродромынан күтіп алдық.


Қой төлдеп жатқан кез. Малшыларды аралап келе жатырмыз. Мал баққанына екі-үш жыл болған Темірхан атты шопанның отарында іркіліп кідірдік. Шопан шаруасына мығым еді, көрсеткіштері де тәуір болатын. Өзі жас болғанымен, үйелмелі-сүйелмелі үш-төрт баласы бар еді. Анасының шалғайына оратылып жүрген сол балаларды көрген Әуелбеков:


- Елеке! Мен бір фотограф көргендей болып едім, шақыршы бері, мына бөбектермен суретке түсейік,- деді Көшербаевқа қарап.


Қасымызда аудандық "Ленин туы" газетінің бір тілшісі жүрген болатын, обком хатшысы соны байқап қалған болу керек. Әуелбеков әлгі шопанның жалаңбұт жүрген екі-үш жастағы баласын көтеріп алды. Шешесі ұлының сатпақ-сатпақ болған бетін сүртпекке ұмтылып еді: "Сүртпей-ақ қой, біз де бала болғанбыз"- деді күліп. Бәріміз сол жерде суретке түстік.


Осылай бес-алты шопанның отарын аралап шықтық. Түс болды. Елекең Әуелбековке қарап:


- Еркін Нұржанович, түскі тамақтың уақыты жақындады... Ферма орталығындағы асханадан тамақтанамыз ба, әлде алдымыздағы озат шопанның үйінен дәм татсақ па екен? Дайындалып отырған еді,- деді.


-  Шаруашылығы жақсы шопан болса, неге үйінен шәй ішпеске? Түсейік,- деді Әуелбеков. Біз ферма орталығындағы асханада және осы шопанның үйінде, екі жерде ас дайындатып қойған едік.


Шопанның үйіне түстік. Бұл Сейтәлиев Қарлаңбай атты жасы алпысты алқымдап қалған шопан болатын. Төл алудан ауданның өткен жылғы чемпионы еді. Жаңа тігілген киіз үйдің ішінде, аласа үстелге жасалған дастарханнан шәй ішілді. Шәйдан соң бағлан қозының еті келді. Бас салынған табақ қазақ дәстүрі бойынша ең сыйлы қонаққа тартылуы керек, сол әдетпен Әуелбековтың алдына қойылды. Обком хатшысы бастың құйқасынан ауыз тиді де, басты қасындағы Елекеңе ұстатты. Қалғанын Елекең реттеді.


Әуелбеков жолдас алғаш облысқа келген кездері ол кісі жайлы дақпырт әңгімелер көп шыққан еді. "Шақырған үйге бармайды екен… Ешбір үйден шәй ішпейді екен… Олай екен… Бұлай екен…"- деген сөздердің  шет жағасын біз де естігенбіз. Сол себептен асханадан  тамақ дайындатып қойған едік. Осы жолы ретті жерінде кімнің де болса үйінен шәй ішетінінің куәсі болдық. Менің тағы бір байқағаным - обком хатшысы тасталған жастыққа шынтақтап жатпады (бұрын жерде отырып тамақтанып үйренбегендіктен болар), дастархан басында молдаларша сарта жүгінген күйі отырып шықты. Ауқаттың үстінде ішімдік болған жоқ. Тамақтанып болып, далаға шыққаннан кейін, шопанның семьясымен тағы суретке түстік.


Ферма орталығындағы он жылдық мектепті, аурухананы, дүкенді және поштаны көріп шықты. Түстен кейін кеңшар орталығына қарай бет алдық. Жолда Ажар фермасының қой қырқу пунктінде болып, қырқымшылармен сөйлесті. Ажар мен Кәукейдің аралығында Қаратүп деген бұлақ бар болатын. Соның басына тоқтап, аздаған аялдама жасадық. Жолға жеңіл тамақ және шұбат пен қымыз ала шыққанбыз. Бұлақтың басында бір сағаттай болып, таза ауада ауқаттанып алдық.


Кешкі алтының шамасында Кәукейге келдік.


Қызылқұм кеңшарының орталығы Кәукейде екі жарым мыңнан астам халық тұрады. Он жылдық мектеп, аурухана, төрт дүкен, пошта, аэропорт және басқа да шағын мекемелер бар. Аурухана мен мектепке кіріп шықты. Риза болған сияқты. Ауылдың шетінде бес мың қойға арналып салынған бордақылау кешені бар болатын. Екі мыңға жуық қой мен жүз бастай жылқыны бордақыға қойғанбыз. Соны көрсеттім. 


Малды қалай бордақыланып жатқанын айта бастаған едім, Әуелбеков қолымен ишара жасап тоқтатты да, Көшербаевқа бұрылды.


- Директорды қашанғы сөйлете береміз, енді сізді тыңдайықшы, писатель жолдас!- деді.


Алғашқыда неге бұлай айтқанына түсінбеген едім, есіме кейін түсті: Көшербаевтың бұған дейін жұмыс істеген Қармақшы ауданындағы іс-тәжірибесі жөнінде бір кітабы басылып шыққан еді. Соны меңзеген болу керек. Елекең осындай бордақылау алаңының басқа шаруашылықтарда да бар екенін айта келіп, олардың тиімділігі жайлы біршама мәліметтер берді.


Кешке болған актив жиналысында жиырма минуттай сөз сөйледім. Облысқа бірнеше мәселе айтылды. Соның бірі Қызылдағы алыс мал жайылымына жоғарғы вольтты электр желісін тарту еді. Кеңшардың Қызылқұм мен Ажар бөлімшелерін автономиялы электр жүйелерімен, яғни дизель агрегаты арқылы жарық беріп отырғанбыз. Осы екі ферманың орталығы мен маңайындағы қыстауларға электр желісін жеткізіп беруді сұрадым. (Кеңшар орталығына, яғни Кәукейге дейін  элекр желісі тартылған болатын).


Екінші айтылған мәселе Қызылдың ішіндегі тақырлардан ірі диаметрлі артезиан скважиналарын қазып, мал азығы үшін көпжылдық шөптер егу болатын. Бұны "оазисті суландыру" дейді. Егер осы әдіспен көпжылдық шөптер егу мүмкіндігі туса, "Қызылқұм" кеңшарында мал азығының проблемасы түбегейлі шешілген болар еді. Осы екі мәселені де Әуелбеков жолдас құптады, көмектесуге уәдесін берді.


Алдын-ала айта кетейін, бірінші мәселе шешімін тез тапты. Сол жылы жоба жоспарға енгізіліп, келесі жылдың басынан бастап жоғарғы вольтты электр желілері тартыла бастады. Көп ұзамай-ақ фермалардың орталықтарына және айналасындағы қыстауларға электр жарығы жеткізілді.


 Екінші мәселе бойынша облыс пен ауданнан мамандар келген болатын. Оларға шаруашылық аумағынан егіске қолайлы жерлерді көрсеттім. "Басшылармен ақылдасамыз, сметасын жасаймыз" деп кеткен еді, көпке дейін хабар болмады.  Кейін сұрастырғанымда: "Әзір мәселе тоқтап тұр..."- деген жауап алдым. Шамасы, бұл жоба өте қымбатқа түскен болу керек, сол себептен шешілмеген сыңайлы.      


Жиналыстан соң Әуелбеков пен Көшербаевты шығарып салдым. Менің ойымша, обком хатшысы біздің істеп жатқан жұмыстарымызға риза көңілмен аттанған сияқты.


* * *


Сол жылдың көктемінде жауын болмады. Наурыз, сәуір және мамыр айларының ішінде бір тамшы жаңбыр тамбады. Жайылым көктемей қалды. Жаңа туған саулық қойлар үшін бұл өте қиын болды. Қозылар сүтке жарымады. Ерте көктемде шығатын раң, қоңырбас, мортық сияқты шөптермен қоң жинап, құйрықтарына май байлайтын мал жусанның түбірін ғана қажап қалды.


Қызылқұм беткейінде бізден басқа үш шаруашылық қаракөл қойын өсірумен айналысады. Бұлар "Қазалы" мен "Бозкөл" кеңшарлары және Абай атындағы ұжымшар. Бірақ осы үшеуінің де Сыр бойында жайылымдары бар еді, отарлары жартылай сонда орналасады. Барлық отарлары түгелдей Қызылда бағылатын біздің ғана шаруашылық, сондықтан бұл құрғақшылық біз үшін айрықша төнген қауіп болды. Мен жұмыс істегелі мұндай жағдай болып көрмеген еді. Қыстан шыққан отыз мыңдай саулық пен оған ерген он бес мыңдай қозы бар. Көгін алмаған қой мен уызға жарымаған қозыдан не үміт күтуге болады? Қыс түгілі жаздың өзінде малдың шығын болу қаупі туды.


Мамандар мен ферма басшыларымен ақылдаса келе, жағдайды жоғарғы жаққа мәлімдейік, олардан көмек сұрайық деген ұйғарымға келдік. Ауданда он алты шаруашылық бар, сондықтан көмек жөнінде мықты дәлелің мен нақты есебің қажет болатын. Шаруашылық атынан аудандық ауылшаруашылығы басқармасы мен аудандық партия комитетіне ресми түрде хабарлама дайындадық. Мәселе қойдық. Біздің ұсынысымыз төмендегідей болды: отызға жуық саулық отарды Қарақұм беткейіне айдап, сол жақта күзге дейін жайып алуымыз керек. Қарақұмдағы екі шаруашылықтың жерінен ("Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы және "Құмжиек" кеңшарлары) бізге уақытша жайылым алып берулерін сұрадық. Егер ондай мүмкіндік болмаған жағдайда, жаз бойы саулық отарларды өзіміздің жайылымда жемдеу керек екенін ескерттік. Ол үшін осындай мөлшерде жем, осындай мөлшерде науа жасауға ағаш қажет деп көрсетілді. Құмға жүретін әмбебап машиналардың саны мен қажетті жанар-жағар майдың есебі берілді.


Аудандық партия комитеті осы мәселемен облыстық партия комитетіне шыққан болуы керек, май айының соңына таман біздің шаруашылыққа облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы             Еркін Әуелбеков пен Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келетінін хабарлады.


Бұл жолы Н.Назарбаев пен Е.Әуелбеков жолдастарды Кәукейдегі аэродромнан күтіп алатын болдық. Ауданның бірінші хатшысы Е.Көшербаев пен атқару комитетінің төрағасы А.Әмірғалиев шаруашылыққа бір күн бұрын келді. Басшылардың кеңшарда болуының жұмыс жоспарына келістік. Алдын-ала хабарлауы бойынша, ол кісілер біздің шаруашылықта екі сағаттай ғана болады екен. "Малшы аралауға уақыттары жоқ, барлық мамандарды кеңсеге жина, сол жерде сөйлесеміз. Өзің он бес минуттың ішінде қысқаша баяндап шығасың. Көрші "Бозкөл" кеңшарының директорына да осынша уақыт беріледі. Ең негізгі, ең қажетті нәрселерді ғана айтарсың"- деп тапсырды хатшы.


Ертеңіне, таңертеңгі сағат онда, АН-2 аталатын самолет келіп қонды. Ішінен Нұрсұлтан Назарбаев, Еркін Әуелбеков және облыстық атқару комитетінің төрағасы Ідіріс Қалиев түсті (бәрінің де қастарында көмекшілері бар). Амандасып болғаннан кейін, ауданның бірінші хатшысы Е.Көшербаев кеңшар кеңсесінде шаруашылық активтері мен малшылардың жиналып, күтіп отырғанын айтты.


Обком хатшысы маған қарады.


-   Жақын маңда малшы бар ма? Ең жақыны неше шақырым болады?


Бұл кезде барлық отарлар терең Қызылдың ішіне көшіп кеткен болатын. Әйелі босанып перзентханада жатқандықтан, көше алмай отырған жалғыз ғана шопанның үйі бар еді.


-   Ең жақын мал отары он төрт шақырым жерде,- дедім.


Әуелбеков басқа сөзге келместен:


-   Сол отарға барамыз,- деп машиналарға қарай беттеді.


Бірінші болып Көшербаевтың "УАЗигі" тұрған болатын. Соның қасына келіп, артқы есікті ашты да, Назарбаевты ішке өткізіп жіберді. Өзі қасына жайғасып отырды.


Сосын маған:


-   Директор жолдас, алдыға отыр да, бастап алып бар,- деді.


Машина бірінші хатшынікі болғандықтан мен Елекеңе қараған едім. Ол кісі Қалиевтің қасында тұр екен, орнынан қозғала қоймады. Менің шофердің қасына келіп жайғасуыма тура келді.


Осы кезде Қалиев жақындап келіп: "Еркін Нұржанович, Елекеңді қастарыңызға алмайсыздар ма?"- деді. Обком хатшысы оған: "Машина жеткілікті көрінеді ғой, соңымыздан еріп отырыңыздар"- деді де, есікті жауып алды. Сосын маған қарады:


-   Кеттік!


Орталықтан шығатын тоғыз тарам жол бар, әр жол тағы тоғызға айрылады. Өзім көрсетіп отырмасам, ол жолдарды Көшербаевтың шофері білмейді. Егер қателесіп басқа жолға түсіп кетсек, нағыз масқара сонда боламыз. Екі көзім жолда, шоферге жол көрсетіп келе жатырмын. Айнаға көзім түсіп еді, біздің ізімізден барлық "УАЗиктер" шұбырып келеді екен.


Ауылдан шыға бере Әуелбеков :


-   Ал енді жағдайыңды айта бер, - деді.


Кеңшарда төлін қосқанда елу мыңнан астам қой, мың бастай жылқы мен түйе бар екенін, үш жарым мыңдай халық тұратынын, жеті жүздің үстінде жұмысшы-қызметкер мен елудей маман жұмыс істейтінін, жер көлемін, жем-шөп қоры мен ауа-райы жағдайын айтып  бердім. Мал шаруашылығын жүргізудің ауа-райына тікелей байланысты екенін, биыл жайылымның көктемей қалғанын, сол себептен қойдың қоңдана алмағанын баса айттым.  "Алдағы жоспарымыз…"- дей отырып, аупарткомның алдына қойған мәселені жеткіздім. Сөзімді екеуі үн қатпастан, бөлмей тыңдады. Осы кезде қойшы отырған бұлаққа да келіп жеттік, малшының киіз үйінің төбесі көрінді.


Келе жатқанымыз Жарылқасын деген шопанның отары болатын. Бұрынғы механизатор, қойға шыққанына үш-төрт жылдай болған жас жігіт еді. Үйінде жасы жетпіске келіп қалған шешесі бар, сол кісі қолын күн салып қарап тұр екен. Төрт-бес "УАЗик" болып шұбырып келе жатқасын, бұлар кімдер деп таң қалып тұрса керек. Келіні перзентханада жатқан соң қорқып та тұрған шығар? Машина тоқтар-тоқтамастан түсе салып амандастым да: "Алматыдан Назарбаев келді, қасында Әуелбеков бар, шаруашылықтың жайын білуге келе жатыр"- деп айтып үлгеріп, жақындап келген басшыларды қарияға таныстырдым. Бәрі қол беріп амандасты.


Танысып болғасын Әуелбеков:


- Жағдайларыңыз қалай, шаруашылығыңыз қалай?- деп жөн сұрасты.


Қария от-басының аманшылығын, малдың төлдеп болғанын, қырқымнан кейін алыстағы Қызылға көшуге дайын отырғанын айтты.


Әуелбеков мені көрсете:


-   Директорыңыз жағдайыңызды жасай ма?- деді.


- Қолынан келгенін жасап жатыр ғой, құдайға шүкір, жаман емеспіз. Мына құрғақшылық болмаса, басқасына тәуекел. Жаумаған жаңбырға директор кінәлі емес шығар?- дегенде тұрғандардың барлығы ду күліп жіберді.


Басшылар енді бейресми түрде түрлі сұрақтар бере бастаған болатын,  қария:


-  Қазақта қуыс үйден құр шықпа деген сөз бар. Үйге кіріп, нан ауыз тиіңіздер,- деді.


Осы сөзді мен айта алмай тұрған едім. Малшылардың жағдайы өзіме мәлім - алдын-ала ескертіп қоймасаң, ашылып-шашылып жата береді. Жаңағы сөзден кейін басшылар үйге қарай беттеді. Үй жинаусыз жатса ұят болатын болды-ау деп келемін. Назарбаев босағадан аттай бере: "Мен де осындай киіз үйде дүниеге келгенмін"- деді. Бұл ол кісінің кездескелі бері айтқан алғашқы сөзі болатын.


Ішке кірдік. Абырой болғанда үйінің іші тап-таза екен. Кария тап-тұйнақтай етіп жинап қойыпты. Аласа столға дастархан жайды, үстіне тарелкаға салып нан және май әкеліп қойды. Қасында құрт пен ірімшігі бар. Төрге көрпеше төседі. Бірақ басшылар төрге шыққан жоқ, тік тұрған күйде наннан ауыз тиді.


Сол арада Әуелбеков уыққа қыстырулы тұрған дәптерге көзі түсіп: "Отардың есеп-қисабын жүргізетін журналы бар ма, болса көрейік?"- деді. Дәптерді алып бердім. Ішінде мал басының кіріс-шығыс есебі, отардағы жем-шөптің мөлшері, шопанның ай сайынғы еңбек ақысы мен тағы басқа шаруашылық жазбалары бар еді. Көріп болып: "Барлық отарларда да осындай журналдар бар ма?"- деді. Мен бар екенін айттым. Әуелбеков риза болған кейіппен дәптерді қайтарып берді.


Далаға шықтық.


-  Мал сыбағаларың бар... Балам жақын жерде жайып жүр, мал алдырайын, жеп кетіңіздер,- деп жатыр қария.


Біз рахметімізді айтып, жүріп кеттік.


Ауылға қарай бет алдық. Енді алғашқыдай емес, өзімді сәл еркіндеу сезініп келемін. Бұған дейін жан-жағына қарап үнсіз келе жатқан Назарбаев осы кезде: "Бұл қойлар не жеп жатыр?"- деп кенеттен сұрақ қойды. Сірә, ысылдаған құмды көріп, таң қалып келе жатса керек.


- Жусанның өткен жылдан қалған түбірі бар,соны жеп жатыр ғой... Жаңағы бұлақтан су ішеді, сосын жусанды талғажау етеді. Отарлардың барлығын Қарақалпақстанмен шекара бойына көшірдік. Ол жақтың да жағдайы мәз емес,- деп жауап бердім.


Әуелбеков осы кезде: "Шаруашылықтың жер көлемі қанша?"- деді. Мен көлемін айттым.


- Бұл екі Бельгияның жерімен бірдей ғой!  Европада осындай жерге екі-үш мемлекет сыйып отыр емес пе, еще там парламент работает, Нұрсұлтан Абишевич!..- деді обком хатшысы Назарбаевқа қарап.


Кеңсеге келдік. Акт залында мамандар мен шақырылған малшылар күтіп отырған болатын. Көшербаев жиналысты ашқаннан кейін, әрі қарай Әуелбеков жүргізді.


- Біз жолда келе жатып Ахметов жолдаспен сөйлескенбіз, уақыт алдырмай, "Бозкөл" кеңшарының директорын тыңдайық.


Баекеевты тыңдап болғаннан кейін Әуелбеков:


- Майда-шүйде мәселелерді аудан көлемінде де шешуге болады. Малшылардың ер-тұрманы, киім-кешегі, техниканың қажетті бөлшектерін өздеріңіз шешуге тиіссіздер,- деді.


Сосын: "Бұл қуаңшылық сіздердің ғана шаруашылықтарыңызда емес, бүкіл облысқа тән болып отыр. Сол себептен Министрлер Кеңесінен, яғни Назарбаев жолдастан көмек сұрап отырмыз"- дей келе, жиналысты жапты. Неге екенін білмедім, Назарбаев сөйлеген жоқ.


Қонақтарды шығарып салуға аэропортқа келдік. Ұшқыштар тамақтанып болып, дайын тұр екен (басшылар асығыс екенін айтып, тамаққа қарамады). Қоштасар сәтте Назарбаев менің білегімнен ұстап, он бес-жиырма қадамдай оңаша алып шықты.


-   Жасың нешеде?


-   1949 жылы туылғанмын, қазір отыз жеті жастамын.


-  Шаруашылығыңның жағдайы өте ауыр екен... Не көмек қажет, қысылмай айт!- деді.


Қасында тұрған көмекшісі айтқанымның бәрін блокнотына жазып алды. Жазып бола бере, маған қарап сыбырлағандай болған еді, өте жәй айтқандықтан алғашқыда түсіне алмадым. Соны байқаған болу керек, анықтаңқырап: "Машина сұра!"- деді. ("Өзіңе…" дегендей сұқ саусағымен мені нұсқап тұр). Танымайтын адамның аузыма сөз салғанына мен қазірге дейін таңмын. Машинамның ескіріп жүргені рас еді, бірақ көлік сұрау ойымда жоқ болатын. Көмекшісі айтып тұрғаннан кейін: "Астымдағы машинам ескіріп жүр еді…"- дедім. Министрлер Кеңесінің Төрағасы көмекшісіне қарап: "Жазып ал!"- деді де, самолетке қарай беттеді.


Бізбен қол алысып қоштасқан басшылар самолетке мінді.


Арада көп уақыт өткен жоқ, Қазалы аудандық партия комитеті төмендегідей қаулы қабылдады: "Аудандағы "Қызылқұм" кеңшарының қозылы қойларын түгелдей жемдеу керек. Осы мақсатта жем және ағаш материалдардан, шалғай жайылымға жем таситын техникалардан, оларға қажетті бөлшектер мен жанар-жағар майдан қосымша көмек берілсін".


Ұзамай жем мен басқа да материалдар келе бастады. Аудандағы автобазадан автомашиналар бөлінді. Әр фермада, әр отарда қойды жемдеудің графиктері жасалынды. Оларды жүзеге асыратын жауапты адамдар белгіленді. Жетпіске жуық саулық отарды жемдеу үшін кеңшардың прорабы Ахметов Шаттық бастаған құрылысшылар ағаштан астау соғуға кірісті.


Басшылар келіп кеткеннен кейін бір күні Шәріпов хабарласты: "Сельхозснабта "Қызылқұм" кеңшарының атына УАЗ автомашинасы келіп тұр". Бұл Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н.Назарбаевтың жіберген машинасы еді. Алып қайтайын деген оймен аудандық ауылшаруашылығы басқармасына бардым.


Басқарма бастығы табан астынан:


- Менің астымдағы машина да ескіріп қалып еді, осы машинаны маған берсең қайтеді? Орнына жаңа "Нива" берейін. Құмға жарамаса, қалаға мінерсің. Ал Қызылға шығуың үшін машинаңа жаңа мотор беремін. Басқа қандай бөлшектер керек, соның бәрін бергіземін,- деді.           


Өтініш жасап отырғасын, бермеймін деп айта алмадым: "Мақұл, алыңыз"- дедім. Ертеңіне базаға келіп тұрған әскери үлгідегі (бастықты қызықтарған да осы жағдай болу керек) УАЗ көлігін бастыққа қалдырып, орнына "Нива" автокөлігін, оған қоса өзімнің машинама жаңа мотор алып ауылға қайттым.


Жаз бойы алыс мал жайылымындағы отарларға жем бердік. Аудан орталығынан төрт жүз шақырым жердегі малды жеммен үзбей қамтамасыз етіп отыру оңай жұмыс емес. Жемге үйренген мал мерзімі келген кезінде жем іздейді, берілмесе, маңырап у-шу болатыны бар. Қыруар жұмыстар істелінді. Осының нәтижесінде малды шығынға ұшыратпай, аман-сау алып шықтық.


Тамыз айының ішінде аудандық атқару комитетінің төрағасы Әмірғалиев Әбдіжаппарға бір жұмыстармен кірген болатынмын. Әңгімеміздің соңында: "Барлық отарларыңның жағдайын көріп шығу үшін неше күн керек?"- деді. Мен бір апта керек екенін айттым. Ол сенбегендей: "Шынымен бе?! Үш күнде жағалап шыға алмаймыз ба?"- деді. Мен үш күннің ішінде ең алыстағы отарға ғана жетіп қонатынымызды айттым. "Тоқсанға жуық отар бар, олар алпыстай бұлаққа орналасқан. Ең алыс бұлақ осы жерден төрт жүз елу шақырым жерде. Күніге он бұлақты аралап шыққанның өзінде алты күн керек. Бару-қайту жолы бар, өзіңіз есептеп көріңіз"- деп едім: "Онда мен хатшыға айтайын. Егер бір аптаға рұқсат берсе, малшылардың жағдайын көріп қайтармыз"- деген еді.


Арада екі-үш күн өткенде Әмірғалиев жолдас келді. Екеуміз шаруашылықтың оңтүстіктегі ең шеткі нүктелері Шобанқазған және Нысан аталатын бұлақтарына дейін барып, малшыларды аралап қайттық. Осы сапарда Әмірғалиев біздің қандай жұмыстар атқарып жатқанымызды өз көзімен көрген еді.


 Сол бір кезеңде малды жазда өлтіріп аламыз ба деп қауіптенген едік. Уақтылы жем берудің нәтижесінде күздегі қой ұрықтандыру науқанына аман жеткіздік. Әр қойға күніне екі жүз грамнан жем берілі, бұл кеңшар бойынша айына екі жүз тонна, яғни бес вагон жем деген сөз. Ал біздің бүкіл жаз бен күз бойы жемдегенімізді есепке алсақ, онда алынған жем бүтін бір теміржол құрамасына жақындап қалатын шығар деп ойлаймын.


 


                                             * * *


 


Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысына сәйкес Қызылорда облысына Көкшетау облысы шөптен жәрдем беретін болды.


Тамыз айының ішінде көрші "Бозкөл" кеңшарының директоры Р.Баекеев екеумізді облыстық ауылшаруашылығы басқармасына шақырды. Бізді бастап барған Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағасы Әбдіжаппар Әмірғалиевке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Нұртаза Ыбыраев қосылып, төртеуміз Қызылорданың аэропортынан Көкшетауға самолетпен ұштық.


Көкшетаудың қонақүйінде бір түнеп шыққан соң, ертеңіне, облыстық ауылшаруашылығы басқармасында болдық. Біздің кеңшарға шөп Володарский[12] ауданынан берілетін болып шешілді. Әмірғалиев екеуміз ауданға бардық. Бірінші хатшысына жолықтық. Хатшы, жасы елуге келіп қалған ақсары жүзді қазақ, бізді күтіп отыр екен. Сол жерде телефон арқылы обком хатшысы Әуелбековпен сөйлесті. "Жігіттеріңіз келді, қолдан келген көмегімді жасаймын"- деп уәде берді. Есімі Болат екен (фамилиясын ұмыттым). Әңгіме арасында "...мен Әуелбеков жолдастың кадрымын"- деп отырды. Шамасы, Әуелбеков Көкшетауда обком хатшысы болып тұрған кезде ауданға хатшы болып тағайындалса керек. Сөйлесіп болғаннан кейін Әмірғалиев қайтып кетті.


Аупарткомның жанында бау-шарбағы бар, төрт-бес бөлмелі дербес үй бар екен. Алматы мен облыстан келген қонақтар түсетін орын болса керек, бөлмелері люкс. Орналасып болғасын, орталығын көрейін деген оймен, көшеге шықтым. Аудан деген аты болғанымен қоныс шап-шағын - біздегі бір ірі шаруашылықтың көлеміндей ғана. Саумалкөл аталатын көлдің жағасына орналасқан, табиғаты әсем көрікті өңір. Кешкісін хатшы үйіне шәй ішуге шақырды. Екі-үш сағаттай отырып әңгімелестік. Тамақтанып болғасын номеріме келіп демалдым.


Ертеңіне аудан орталығында өткен егін жинау жөніндегі семинарға қатыстым. Хатшы Министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша Қызылорда облысына шөптен көмек беру керек екенін, менің сол үшін келіп отырғанымды ескертті.


Түстен кейін егіс басына бардық. Біздің жақта мұндай семинарларда шаруашылық басшылары мен мамандары өздерінің машиналарымен шапқылайды ғой. Бұл жақта олай емес екен. Кеңсенің алдында үш-төрт автобус тұр. Барлығы соған жапырлап мініп жатыр. Аудан басшылары ғана УАЗиктерін пайдаланды. Мені директорларға арналған автобусқа отырғызды (таныса берсін деген болулары керек).  


Ауданда он бес шаруашылық бар екен. Бір байқағаным - он бес директордың ішінде екеуі ғана қазақ. Қалғандары орыс, украин, неміс,  т.б. ұлттың өкілдері. Екі қазақтың бірі "Сырымбет" кеңшарының директоры құрдас болып шықты. Қазақтың салты бойынша үйіне шәй ішуге шақыра отырып: "Бізге (екі қазаққа дегені- И.А) алаңдамай-ақ қой, керек шөбіңді береміз. Алдымен басқа ұлттың адамдарымен сөйлес, солардан алуға тырыс"- деп ескертті.


Келесі күні қасыма аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бір маманын ертіп, соның машинасымен шаруашылықтарды аралауға шықтым. 


Аудан орталығына жақын бір кеңшарға келдік. Директоры бұрын ауылшаруашылығы басқармасында бас инженер болып жұмыс істеген орыс екен. "Кешегі семинарда айтылған мәселе бойынша келдім. Қанша шөп бере аласыз? Қазір сізбен келісім-шартқа отырамын, кейін шөпті тасып алуға адамдар жіберемін"- деп түсіндірдім.


Мен сөзімді аяқтар-аяқтамастан:


-  Шөп бере алмаймын,- деді бірден.


Қолымдағы Совминнің қаулысын көрсеттіп едім, құжатқа немқұрайлы түрде көз жүгіртіп өтті де:


-  Бере алмаймын...- деді қайталап.


-  Бермейтін болсаңыз, кешегі жиналыста неге айтпадыңыз?


- Ол менің өз жұмысым. Ешкім маған шөп бер деп бұйыра алмайды!- деді.


Директордың алдындағы телефоннан райком хатшысына шықтым. Хатшы мені тыңдап болғаннан кейін тұтқаны директорге беруімді сұрады. Екеуі ұзақ сөйлесті. Хатшының не айтып жатқанын білмедім, директордың айтқанынан ұққаным мынау: маған беретін артық шөбі жоқ, дайындаған шөбі қорадағы мал басына ғана есептелген. "Егер шөп бер десеңіз, ет пен сүттің жоспарын кемітіңіз"- дейді. 


Таң қалып отырмын. Райкомның хатшысымен саудаласып отырған кеңшар директорын өмірімде бірінші рет кездестіруім. Оның үстіне, жыл ортасында жоспарды өзгертіңіз дегеніне жол болсын?!


Бірақ, шындығына келер болсақ, оның айтып отырғанынының дұрыс жері де бар еді. Мал басына зоотехникалық норма бойынша есептеліп дайындалған шөптің ауыспайтыны анық. Нормалы жем-шөбін жемеген мал жоспарлы өнімін де бермейді. Бірақ, менің білуімше, артық шөбі болмаған жағдайда ең болмағанда шабындық босатуы тиіс еді. Ештеңе бермеймін деп бас шайқап отырып алу ешбір жобаға келмейтін. 


Директор хатшымен сөйлесіп болғаннан кейін тұтқаны маған қайта ұстатты. Хатшы: "Жаңадан болған директор еді... Көп нәрсені әлі түсіне алмай жатыр,- дей келіп,- сен де директорсың ғой, өздерің келіссеңдерші…"- деді сөзінің соңында. Қазақ мұндайда: "сенген серкем сен болсаң, мүйізіңнен айналайын"- дейді.


Хатшы келісіңдер дегенмен келісетін директор жоқ еді. Далаға шықтым. Не істерімді білмей, кеңсенің алдында тұрмын. Келесі шаруашылыққа барғанмен, ол да осылай десе, не болады? Бір түйсік сезім сыбырлағандай болады: "Егер осы шаруашылықтан ала алмасаң, келесі шаруашылықта да табаның тимейді". Шаруашылықтардың бір-бірімен байланысып отыратыны болады (әсіресе, осындай мәселелерде), мына директордың шөп бермегенін естісе басқа директорлардың да бермесі анық еді. Не ойың бар дегендей қасымдағы маманға қараймын... Ол үнсіз темекісін шегіп тұр. Оның қолынан не келеді?


Осы кезде директор далаға шықты. Шамасы, түскі асқа бара жатқан беті болса керек. Бізді көрді де (үн-түнсіз кете беруге ыңғайсызданған болу керек): - "Жүріңіздер, бірге тамақтанайық"- деп асханаға қарай алып жүрді. Жолда айтып келеді: үйі әлі көшіп келмеген, қонақүйде жатып, асханадан ауқаттанады екен.


Тамақ үстінде әлгіндей емес, ашық-жарқын кейіпте отырды. Буфетшіге айтып, бір шиша арақ алдырды. Аты, ұмытпасам, Николай болу керек. Таныстық үшін деп алып қойдық. Әңгімеміз әрі қарай жалғасын тауып, мен коньяк сыйладым. Осыдан кейін "Қызылорданың қауын-қарбызы дәмді болады"- деді сөз арасында. Келесі жылы, яғни қауын-қарбыз піскен кезде, бір машинасын жіберетін болып уәде бердім. Қысқасы, сол дастархан үстінде ол өз техникасымен шабындығынан шөп шауып беретін болды, мен орылған шөпті преске басып (оларда пресс-подборщик болмайды екен), өз техникаммен тасып алатын болдым.


Ауқаттанып болғасын қайтадан кеңсеге бардық. Келісім-шартқа қол қойды, сонымен бірге басқа директорлармен "келіссөз" жүргізуіме  жәрдемін тигізуге уәдесін берді.


Осыдан кейін:


- Шаруашылықтарды бірге аралауға қалай қарайсың? Кешке аудан орталығындағы менің номеріме барып демалармыз,- деген едім. 


-  Менің еріп жүргенім ыңғайсыз болар, бірақ саған көмектесейін. Қазір бірден мен айтқан ұжымшарға бар (төрағасының атын атады- И.А.). Соны көндіре алсаң, қалғандары қиын емес. Ал онымен өзім телефон арқылы сөйлесермін,- деді.


Қолын алып тұрып, қайта-қайта рахметімді айтып қоштастым.


Барғалы тұрған ұжымшар төрағасының ұлты неміс екенін қасымдағы маманның айтуынан білдім. Көп жыл шаруашылық басқарған, аудан көлемінде беделі бар адам көрінеді.


Ұжымшарға келдік. Төраға кеңсесінде отыр екен. Түр келбеті немістен гөрі орысқа келіңкірейтін, аласа бойлы ақсары жүзді адам орнынан сәл көтеріле бере қол беріп амандасты. Жайғасып отырғаннан кейін, танысып болғасын, келген шаруамды айттым. Бұл жолы да едәуір шайқас болатын шығар деген оймен өзімше дайындалып келген едім. Шамасы, алдыңғы директор хабарласқан болу керек, үн-түнсіз қоңыраудың тетігін басып, хатшысын шақырды.


-  Бас бухгалтер келсін!


Бухгалтері дереу жетіп келді. Менің қолымнан Совминнің қаулысы мен келісім-шартты алып, бухгалтеріне ұсынды.


-  Шешім дайындаңыз. Осы қаулының негізінде шөп беруіміз керек.


Шөптің көлемін айтты.


Бергелі отырған шөбі аз еді, бірақ осыған да шүкіршілік етейін дедім. Бұл жерде маған шөптің көлемі емес, басшының келісімі қажет еді.  Облыста болып жатқан қуаңшылықтың зардаптарын, Министрлер Кеңесінің Төрағасы Назарбаевтың шаруашылыққа келгенін, жағдайды өз көзімен көргенін айтып бердім.


Ішке бухгалтер кірді. Төраға қағазға бір қарап шығып, қолын қойды. Қасындағы сейфтен мөрін алды. Басып болып, келісім-шартты қолыма ұстатты. Сосын:


-   Қызылорданың қарбызынан ауыз тиетін болайық,- деді күліп.


-   Міндетті түрде![13]- дедім. 


Келесі шаруашылықтарда көп кедергіге жолықпадым. Екі бірдей беделді директордың келіскенін естігеннен кейін болар, қалғандары еш қарсылық жасаған жоқ. Барлығымен келісім-шартқа отырдым.


Ең соңында "Сырымбет" кеңшарына барған едім. Орналасқан жері Ақан сері жырға қосатын атақты Сырымбет тауының етегінде екен. Кеңшар директоры ауыл маңындағы биік төбені  көрсетіп тұрып: "Сырымбет осы!"- деді. Шынымды айтсам, алғашқыда мен бұған сенгенім жоқ. "Сырымбет" дегенде көз алдыма басында қарлы шыңдары бар асқар тау елестеуші еді, ал мынау менің туған жерімдегі Жақсықылыш сияқты төбе ғана. Дегенмен Ақан серіге: "Ауылым қонды Сырымбет саласына, болдым ғашық ақсұңқар баласына…"- дегізіп асқақ ән шығартқан таудың тегін емесі анық еді.  Көкшетау өлкесінде басында қар жататын биік таулар болмайды екен, Көкшенің өзі биік шоқылар жүйесі. Бір өкініштісі, сол шоқылар мен төбелердің арасындағы "Бауырыңда бар сексен көл..."- деп Біржан сал жырға қосқан әйгілі көлдердің суы тартылып, азайып барады екен. Сонымен қатар бұл белгілі ғалым-саяхатшы Шоқан Уәлихановтың да тұрған жері екен. Жігіттер осыларды айта келіп: "Тағы бір-екі күн болсайшы. Сырымбеттің басына шығарайық, сосын Бурабайға апарамыз..."- деген еді. Тау басына шығып серуен құрып жүруге уақыт қайда, рахметімді айтып, ертеңіне самолетпен ауылға қайттым.


Ауылға келгесін бірінші хатшыға кірдім. Істелген жұмыстар жөнінде егжей-тегжейлі есебімді бердім. Көкшетаудан алынатын шөптің тасып жеткізілуі облыс пен Республика деңгейінде шешілетін мәселе болғандықтан, мен алаңсыз жұмысыма кірісіп кеттім.


Өзіміз де қарап жатқанымыз жоқ еді. Аудандағы күріш егетін Карл Маркс атындағы, "Майдакөл" және "Октябрь" кеңшарларының аумағындағы арық-атыздардың бойынан шөп дайындауға кірістік.


 


                                             * * *


 


Сол жылдың жазында Қазалы аудандық партия комитетінің кезекті конференциясы болып өтті. Осы конференцияда мен аудандық партия комитетінің мүшесі, яғни пленум мүшесі болып сайландым.


Мені сонау Қызылда жүрген кезімнен екі ой қатты мазалайтын еді. Біріншісі, қарақұм беткейі мен қызылқұмның орасан зор айырмасы барлығы және осыған қарамастан жоспардың екі жайылымдағы малға бірдей салынатындығы. Малшыға жыл аяғындағы қосымша ақы жоспардан артық өндірген өнімі үшін төленеді. Қызылқұмның жері жұтаң болғандықтан, ондағы малшылар қарақұмдағы малшыларға қарағанда өнімді аз өндіріп, соған сәйкес қосымша еңбек ақыны да аз алатын еді. Бесжылдықтың қорытындысы бойынша қызылқұмдағы шаруашылықтардың көрсеткіштері қарақұмдағы шаруашылықтардың көрсеткіштеріне қарағанда әлдеқайда төмен. Неге бұлай? Қызылдағы малшылар қойды нашар бағатын болғаны ма? Олай емес еді! Бұл жайылымға байланысты болатын. Қызылқұмда мал баққаны үшін, қызылқұмның жұтаңдығы үшін малшы кінәлі емес қой? Олай болса неге теңестіру жасамасқа? Қызылдағы шаруашылықтардың жоспарын үш-төрт пайызға төмендетіп, қарақұм беткейіне сол мөлшерде көтерсе әділ емес пе?


Аудан бойынша жоспар өзгермейтін болғанымен, бұл пікіріме ауылшаруашылығы басқармасындағылар келісе қоймады. Қарақұм беткейіндегі екі азулы директорды көндіре алмастарын білді ме: "Қайдағыны шығарасың..." деп бұл ұсынысымды құптамады. (Басқарманың бұрынғы бастығы Пірімбетов Түгелбай бұл кезде "Құмжиек" кеңшарында директор болатын). Мен бұл мәселені ресми түрде қозғағаным жоқ.


Енді екінші мәселе жөнінде.


"Қызылқұмда" жұмыс істегеніме он жылдай болды. Осы уақытта байқағаным - Қызыл өңірінде араға төрт-бес жыл салып елеулі мал шығыны болып тұрады. Бұл сонау 60-шы жылдардан бері қайталанып келе жатқан жағдай. Онсыз да жұтаң жайылымға енді Арал теңізінің тартылуы қосылды. Кеңшар территориясының батысын түгелдей теңіз алып жатыр (қазір теңіз емес - оның тартылған сор табаны). Жел батыстан тұрғанда теңіз табанынан көтерілген сор кеңшар аумағын тұмандай басып, күндіз машинаның фарын жағып жүретін кездер болатын (қарсы келген көлікпен соқтығысып қалмас үшін). Бұған көрмеген адам сенбейтін еді. Осы сор жайылымдағы шөпке қонып, оны күйдіріп жіберетін болды. Ерте көктемде малдың көгін алуына жәрдемін тигізетін майда шөптер тез сарғайып, күйіп кететін жағдайға келді. Бұл алдымен қой шаруашылығына өзінің теріс әсерін тигізе бастады. Маған кейде "Қызылқұмда" алдағы уақытта қой бағудың болашағы жоқтай көрінетін еді. Қойдың арқасында күндерін көріп отырған үш жарым мың халқы бар үш елді мекен мал болмаса қалай тіршілік жасайды?


 Еш адамға айтпаған, әлі ешкіммен бөліспеген, ішімде ғана жүрген бір ой болатын - егер қойдың орнына жылқы мен түйе ұстаса қалай болады? Қызылдың ішіндегі жылқы (жекесі бар, шаруашылықтікі бар) қысы-жазы жем-шөп сұрамай-ақ өсіп-өніп жатыр. Ал түйеге келер болсақ, ұзын аяқты мал сексеуілдің басын шалса да өлмейді. Осы ойымды кейбір малшыларға айтсам, көпшілігі қолдайтын сияқты.


Қызылға сонау 1960 жылдары келіп мал баққан, қазір көзі тірі Қарабала мен Шүленбай атты ақсақалдар бар. Солармен ақылдасып көрдім. "Бұл жерде түйе мен жылқыны көптеп ұстауға болады. Қойға қарағанда күтіп-бағуы да қиын емес, жем-шөпті де көп қажет етпейді, қандай қиын қыс болса да аяғымен жайылып шығады. Бірақ, бір қиыншылығы бар – басқа жайылымнан келген мал бірден жерсіне қоймайды, үйреніскен жеріне қашатын болады"- дейді. Олай болса, алғашқы жылдары қадағалап бағып, жерленгенше қиындыққа шыдау керек! Қызылдағы қазіргі жылқы мен түйелер де бір кездері басқа жақтан әкелінген мал ғой. Егер "Қызылқұм" кеңшарын ұстап тұру қажет болса, ендігі жағдайда осындай шұғыл шараға бармаса болмайтын еді.


Бірінші мәселені шешу ауданның өз құзырында болса, екінші мәселе одан күрделірек болатын. Бұған облыс, тіпті Республика (министрлік) келісім беруі керек еді. Себебі, әр кеңшардың министрлік бекіткен белгілі  бағыты болады. Бірақ, бұл өзгермейтін, қатып қалған шарт емес еді. Жергілікті жердің ұсынысымен, шаруашылықтың жағдайына қарай (жеткілікті аргумент болған жағдайда), белгіленген бағытты өзгертуге мүмкіндік бар болатын.


Аупарткомның кезекті  пленум  мәжілісінде осы мәселені ресми түрде қозғауыма тура келді. Бұл КСРО-ның басшылығына Михайл Горбачев келіп, қайта құру басталған уақыт еді. Аупартком бұрынғыдай дайындалған мәтінді тексермейтін болған, жариялылық бойынша еркін сөйлеуге мүмкіндік берілген болатын (бұрын сөйлейтін сөзіңнің мәтінін бөлім меңгерушісі қарап шығатын еді).


Мен тартылған Арал теңізінің онсыз да жұтаң қызылқұмның жайылымына келтірген зиянын, экологиялық ахуалдың асқынуына байланысты жергілікті халықтың басқа жаққа қоныс аудара бастағанын, апаттың бұдан да ұлғаюының мүмкін екендігін айттым. Бұл бір шаруашылықтың көлеміндегі мәселе емес екенін, бұған айрықша назар аударылып, кешенді түрде іс-шаралар жасалмаса болмайтындығын жеткіздім. Қазіргі жағдайда "Қызылқұм" кеңшары аумағындағы жайылымның қырық мың қойды көтере алмайтындығын, осы себептен алдағы уақытта қойдың орнына түйе мен жылқы ұстаудың тиімділігін айта келіп, төмендегідей ұсыныс жасадым: "Алғашқы кезекте Қызылқұм бөлімшесінің, кейін Ажар бөлімшесінің қойларын қарақұм бетіндегі шаруашылықтарға беру керек (бұл отыз мың бас, яғни шаруашылықтағы барлық қойдың жетпіс бес пайызы болатын). Оның орнына сол шаруашылықтардың түйе мен жылқыларын алған дұрыс".


Қарақұм беткейіндегі екі шаруашылықта ("Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы және "Құмжиек" кеңшардары) алты мың бастай жылқы мен түйе бар еді. Мен айтқан отыз мың қойды осы екі шаруашылыққа бөліп берген жағдайда (қарақұмда мұндай жайылым бар болатын), олардың бес мыңға жуық түйе мен жылқысын Қызылға алуға болатын еді. Сонда бұған дейінгі үш шаруашылық өндірген қымыз бен шұбатты "Қызылқұм" кеңшарының бір өзі өндіреді және мал басының аман сақталынуы мен өсіп-өнуіне де мүмкіндік жасалынады. Отыз мың қойды қыстан алып шығу үшін сегіз мың тонна шөп қажет болса, алты мың түйе мен жылқы үшін бар болғаны үш мың тонна шөптің өзі жетіп-артылар еді. Бұл жерде малшы жөнінде де уайымдауға болмайды. Жоғарыда айтылған отыз мың қой алпыс отар болса, алайын деп отырған бес мың бас түйе мен жылқы да алпыс табын болатын. Бір сөзбен айтқанда, ендігі жағдайда кеңшарды түйе мен жылқы өсіруге бағытталған шаруашылыққа айналдыру қажет.


Бұл жұмыстарды жүзеге асырудың оңай болмайтындығын, шаруашылықтар  үшін де, аудан үшін де қыруар шаралар (қарақұмнан жаңа қыстаулар салу, құдықтар қазу т.б.) іске асырылуы тиіс екенін мойындадым. Мұндай жұмыстың аудан тәжірибесінде бұрын болғандығын[14], малдың алыс-берісін бірнеше кезеңге бөліп, жұмысты үш жылда толық аяқтауға болатынын айттым. Егер ауданды "Қызылқұм" кеңшарының тағдыры ойландыратын болса, осындай шұғыл шараларға бармаса болмайтындығын, сол себептен осы жұмыстарды жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қарастыруды сұрадым.


Үзіліс кезінде қасыма облыстық "Путь Ленина" газетінің меншікті тілшісі, белгілі журналист Әбдуәлиев Омар келді. Проблеманы дұрыс көтерілген деп есептейтінін айтып, газетке жариялау үшін баяндаманы сұрап алып қалды. Көп ұзамай газетте мақала болып басылып шықты. Бұл 1986 жылдың жазы болатын.


Кейін осы мәселе жөнінде аудан басшылары мен мамандарының арасында түрлі пікірлер болды. Кейбірі қолдады, қайсыбірі мүлде қарсы шықты. Қорытындысында аудандық партия комитеті бұл ұсынысты аяқсыз қалдырды. Шамасы, негізсіз көтерілген мәселе деп ойласа керек. Бірақ сол жылдың күзінде болған жағдай менің ойымның дұрыстығын дәлелдеп берді. Бұл жайында кейінірек айтылады.


Бір сапарда аудандық партия комитетінің кеңсесінде Мұсабаев Нәжмәдинмен  сөйлесіп отырғанмын...


-  Сен хатшыға кәде жасап па едің?- деп сұрады ол кенеттен.


Әуелде түсінбей қалдым.


-  "Кәде" деген не?


Ол жымиып күлді де, кеңшар директорларының ауданның бірінші хатшысына жасайтын сый-сияпаттары болатынын айтты. Әрине, мен мұндайды еститінмін, бірақ өзім осы уақытқа дейін еш адамға ешнәрсе беріп көрмеппін.


-  Мұны неге айтып отырсың, Нәке?


Екеуміздің қарым-қатынасымыз жақсы болатын, сондықтан болар, Нажмадин ойын ашық айтты.


- Проблемасыз жұмыс істеуің үшін бірінші хатшымен жақсы қатынаста болғаның дұрыс қой...


-  Ойланатын нәрсе екен,- дегенмін.


Сонда қаржыны қайдан алуым керек? Әрине, шаруашылықтан алып беруім керек еді. Ферма басшыларына мән-жайды түсіндіріп,  жұмсалатын шығын есебінен кассадан алуыма болады. Бірақ кейін оның орнын жабу керек. "Басқа директорлер де осылай жасап жатқан шығар, кассадан ал да хатшыға бер! Кейін бірдеңесі болар..."- дейді бір ойым. Егер осы ойдың жетегіне ерейін десем, бекуге барғандағы Әуелбековтың: "Қолың таза болсын!"- дегені, менің мақұлдап бас изегенім көзіме елестейді.


Осылай әрі-сәрі болып жүргенімде ауылға хатшының өзі келді.


Қызылқұмда ыстық су атқылап жататын ерекше артезиан құдығы бар болатын. Бір келгенінде сол бұлақты көріп: "Әдейілеп келіп суға түсетін жер екен"- деп кеткен еді. Бұл жолғы мақсаты - жаңағы ыстық бұлаққа түсу. Сол күні Қызылға қарай жүріп кеттік. Ертеңіне қасымызға ферма меңгерушісі Теңелбайды ертіп алып бұлақтың басында  суға түстік. Демалдық. Кешкісін хатшы екеуміз Кәукейге қайттық. Жолда келе жатып: "Қонақүйіңнің жағдайы қалай еді?"- деп сұрады. Мен жақсы екенін айттым.


Кәукейге жақындағанда:


-  Қонақүйде дем алайын, шаршағандай болып тұрмын..,- деді.


"Үйде демалмайсыз ба?"- дегеніме:


-  Әңгімеге қалып қайтеміз, қонақүй дұрыс болар,- деп солай қарай беттеді.


Қасында екі-үш сағаттай болдым. Тамақтанып болғасын, жатарға таман, рұқсат сұрап үйге қайттым. Үйге келген соң: "Бұл кісі неге қайтпай қалды..." - деген ой басымнан шықпай қойды. Ертеңіне ерте  тұрып қонақүйге барсам... хатшы қайтып кеткен екен.


Ренжитіндей ештеңе болған жоқ сияқты еді, мұнысы қалай?!


Ауданның бірінші басшысы қайда қонамын және қашан қайтамын десе де еркі өзінде, әрине. Дегенмен, мына жағдайдан кейін бір нәрсеге ренжіп кеткені белгілі еді. Ренжуінің себебі - жоғарыдағы Нәжмәдин айтқан мәселеге байланысты емес пе екен деген ой осы күнге дейін көңілімде ұялайды да тұрады.                                               


* * *


Көп ұзамай күз де келіп жетті! "Келіп жетті..." деп екпін бере айтып отырғанымның мәнісі бар. Осы қараша айынан басталып, жалғасы ұзаққа созылған оқиғалар тізбегі менің кейінгі тағдырыма айтулы әсерін тигізді.


Енді бәрін ретімен баяндайын.


Жаймашуақ қоңыр күз болатын. Парторг екеуміз сонау Қызылдағы қой ұрықтандыру пункттерін жағалап шығып, жұмыстың қалай жүріп жатқанын көріп қайтқанбыз. Бәрі ойдағыдай еді.


Ертеңіне әдеттегідей сағат сегізге таман кеңсеге бардым. Далада етік басындай қар жатыр екен. Бұл биылғы алғашқы қар болатын. Біздің жақта «қарашаның алғашқы қары неше күн жатса, сонша ай қыс болады» деген сөз бар. Бұл қар неше күн жатар екен деген оймен кеңсеге кірдім.  


Таңертеңгі сағат тоғыз бен онның аралығында ауданмен және фермалармен рация байланысы болады. Сағат тоғыздан өте бере  Қызылқұмдағы ферманың меңгерушісі диспетчерден мені сұрады. Эфирге шығып тыңдап отырғанымды айттым. Рациядан ферма меңгерушісі Теңелбайдың: "Бізді қар басып қалды… Кеше кешкілік басталған қар әлі жауып тұр… Тізеден жоғары қар бар… Мен үйдің есігін бұзып ашып шықтым… Отарлармен байланыс жоқ…"- деп ентіге сөйлеген даусы естілді. Ферма басшыларының кейде жағдайды әсірелеп, қосыңқырап айтатын болатын. Бірақ бұл жолғысы оған ұқсамайды. Теңелбайдан сәл тоса тұруын сұрадым да, Ажар фермасымен байланысқа шықтым. Ферма меңгерушісі Нұрадин отыз сантиметр қар бар екенін айтты. "Қар әлі жауып тұр ма, техника жүре ала ма?"- деген сұрағыма: "Әзірше мүмкіндік бар. Бірақ тоқтамай жауа берсе қатынас болмай қалуы мүмкін"- деп жауап қайтарды.


Қайтадан Қызылқұм фермасымен байланыстым.


-  Қандай жәрдем қажет?


- Машина жүре алмайды, қазіргі жағдайда тек К-700 тракторлары керек,- деді.


Диспетчерден ауданды қосуын сұрадым. Байланысқа шыққан Шәріповке Қызылқұм мен Ажар фермаларындағы жағдайды жеткізіп, осыған байланысты өзімнің ауданға жүргелі отырғанымды айттым. Басқарма бастығы сенбегендей сыңай танытты. Басқа шаруашылықтардан ондай хабар түспегенін айта келіп, әлде де анықтауымды сұрады. «Біреуі айтса күмәндануға болар еді, екеуі бірдей асырып айтуы мүмкін емес» дей келе, жедел түрде жол талғамайтын машиналар мен К-700 тракторларынан қосымша көмек керек екенін айттым. Бастық: "Асықпа, әлде де анықтап көрейік..."- деді. Кел деп те, келме деп те айтқан жоқ.


Менің ауданмен сөйлескенімді фермадағылар естіп отыр. Байланыс аяқтала бере Теңелбайдың: "Егер өзіңіз барып техника әкелмесеңіз… онда қырылдық!"- деген даусы естілді. Бұл жаны шын қиналған адамның сөзі еді. Демесінге қолдағы бар техника мен адамдарды жинастыра беруді тапсырып, дереу ауданға аттандым.


Кеңшар орталығынан ауданға дейін тоқсан шақырым жол бар, жеңіл көлік бір сағаттан астам жүреді. Бару бойына басқарма бастығына кірдім. Мен келіп жеткенше Арал ауданының эфирінен Ұялыдағы метеостанцияның мәліметін естіп отыр екен - метеостанция аймағына қалыңдығы жетпіс төрт сантиметр (!) қар түсіпті. Біздің Қызылқұм фермасынан он бес шақырым ғана жерде орналасқан метеостанцияға бір түнде осынша қар жауған екен. Бұл бұрын көрмек түгілі естімеген жағдай еді.


Екеуміз Көшербаевқа кірдік. Осы жерден аудандағы әмбебап  машиналары мен К-700 тракторлары бар мекемелердің тізімдері алынды. Бұл уақытта техникалардың барлығы жұмыстарында жүрген болатын, оларды жинап алу оңай емес еді. Қолымызға ілінген екі К-700 тракторы мен екі әмбебап машинаға қар бұзатын "угольниктер" мен қажет болар деген басқа да құрал-саймандарды тиеп, түс қайта басқарма бастығы екеуміз ауылға қарай бет алдық.


Кәукейде көп аялдағанымыз жоқ. Төтенше жағдайға байланысты штаб құрып, оның басына парторгты қалдырдық. Қолдағы бар техника мен адамдарды алып Қызылға қарай жолға шықтық.


Алғашқы қырық шақырымға дейін қар өсе қойған жоқ еді, Ажарға жақындағанда қалыңдай түсті. Дегенмен жүріп келеміз. Ажарға да жеттік. Ферманың басшысы мен мамандары қыстау аралап кетіпті. Отарлармен көлік қатынысы бар екен. Ілгері жүріп кеттік.


Ажардан он шақырымдай шыға бере жүру қиындады. Алдымызда жол талғамайтын екі машина бар, солардың ізімен  екі "УАЗик" жүріп келе жатқанбыз. Енді әлгі машиналарға да қиын бола бастады. Артта келе жатқан К-700 тракторларын күтіп алып, соларды алдымызға салдық. Қызылқұм бөлімшесіне он шақырымдай қалған кезде жүру мүлде қиындап кетті. Алып К-700 тракторларының өздері қалың қарды бұза алмай, кейін шегініп барып қайта соғып, зорға жүріп келеді. Солардың ізімен екі автомашина, олардан кейін біз келеміз. Кәукейден түстен кейінгі төрттің шамасында шыққанбыз, Қызылқұмға таңғы сағат төртте жеттік. Жайшылықта үш сағатта жететін жолды он екі сағат жүрдік.


Бөлімшедегі мал отарлары негізінен үш бағытта орналасқан болатын. Бірінші бағыты теңіз жақта, екіншісі Қарақалпақстанға қарай шығатын жол бойында, үшіншісі көршілес Қармақшы ауданы жағында еді. Техникаларға май құйып алғанша жұмыс жоспарын ақылдастық. Басқарма бастығы шығыс беткейге, мен орталық бағытқа, ферма меңгерушісі теңіз жағасына қарай шығатын болдық. Қар теңіз жақтан жауған екен, олай болса ол жақтың қары бұдан да қалың болуы мүмкін. Сол себептен теңіз беткейіне екі К-700 тракторы бөлінді. Барлығына да угольниктер тіркелді. Ендігі мақсат отарларға жол салу, сонымен бірге жем-шөп жеткізу еді.


Жол салып келеміз. "Угольник"[15] тілген қалың қар жолдың екі жағында биік жал болып үйіліп қалып жатыр. Алғашқы отарға да жеттік. Адамдары аман, бірақ малға қиын болып тұр екен. Жауған қар қойдың бойынан биік. Қойлар ашық малқораға қамалған күйі тұмсықтарын көкке көтеріп, маңыраумен тұр. Қардың астында қалған қойлар да бар. Тұрған орындарында шөп шашып азықтандыруға кірістік. Енді оларды қардан аршылған жолмен қыстауларға қарай айдау керек еді. Ең қиыны осы болды. Бұрын мұндайды көрмеген қойлар біз аршыған "коридормен" жүрер емес. Бұған да амал таптық. Бір адам отардың алдына түсіп жем шашып отырды. Жемге ұмтылған қойлар жолға түсіп жүріп кетті. Біз осы әдіспен барлық отарларды қар тұтқынынан босатып алдық. Айдауға жарамаған малдар көлікке тиелді, осының нәтижесінде малдан едәуір шығын болды.


Кейін белгілі болғанындай, қалың қар біздің кеңшардың аумағына ғана түскен болып шықты. Онда да Қызылқұм мен Ажар бөлімшелерінің шегіне жауған екен. Кәукей бөлімшесі мен көрші "Бозкөл" кеңшары аумағындағы қардың қалыңдығы бес-он сантиметрден аспайтын еді. Осылайша, Қызылдағы елуге жуық қой отары қалыңдығы жетпіс сантиметр болатын қардың астында қалды.


Үш күннен соң басқарма бастығы қайтып кетті. Ұзамай-ақ ауданнан көмекке қосымша техникалар мен адамдар келе бастады. Отарларды қыстаудың басына апарғанмен, жайылымның бәрін сіре қар басқан, шөп әрі кеткенде бір айға жетер-жетпес жағдайда еді. Ұмытпасам, сол қар қарашаның он төрті күні жауған болуы керек. Енді үш-төрт аптадан кейін қорадағы шөп таусылады, одан кейін не болмақ? Осы мәселе бойынша райкомде төмендегідей шешім қабылданды: "Қызылқұм бөлімшесі мен Ажар бөлімшесінің саулық отарларын күріш егетін кеңшарлардың аумағына көшіру керек".


Менің жаздағы пленумда көтерген мәселем, яғни қызылқұмдағы қойды қарақұмға көшіре бастайық деген ұсынысым осылайша алдымыздан шықты. Айырмашылығы - мал бұл жолы қарақұмға емес, Сыр бойындағы күріш кеңшарларының аумағына көшірілетін болды. Аудандағы бес күріш кеңшарларының басшыларына (Карл Маркс пен Энгельс атындағы, "Майдакөл", "Октябрь" және "Бірлік" кеңшарлары) шұғыл түрде қыстау мен малшы үйлерін дайындауға, жайылым бөлуге тапсырма берілді.


Күріш егетін шаруашылықтардың жеріне отыз бес қой отары көшірілуі тиіс болатын. Отыз бес отардың отыз бес жанұя екенін естен шығармауымыз керек. Мектеп жасына дейінгі балалары мен көмекшілерін қоса есептегенде бұл екі жүздей жан еді. Қоймен бірге олардың да көшулері керек. Оның үстіне әр отбасының өз проблемалары бар. Бұл табан астында қабылданған шешім болғандықтан, кейбіреулері көшпейміз деп жатыр. "Малыңды ал!"- деп жатқандары да бар. Олардың бәрімен жеке-жеке сөйлесу керек, тіпті, көшуге жағдайы келмейтіндерін қалдыру керек шығар? Малды аман алып шығамын деп уәде берген кейбір сенімді малшыларды Қызылда қалдырдық. Олардың орнына бойдақ отарларды көшіретін болдық. Партком хатшысынан бастап фермадағы мал мамандары күндіз-түні түсіндіру жұмыстарын жүргізулеріне тура келді.


Көшіргеннен кейін оларды орналастыру керек еді.


Көшу-қону жұмыстары желтоқсан айының соңына дейін созылды. Жаңа жыл мейрамы қарсаңында Сыр бойына жиырма мыңға жуық қой, яғни отыздан астам қой отары орналастырылды. Осы екі айда шаруашылықта үш мыңдай қой шығын болды (қар астында қалғандары мен машинаға тиеп тасу кезінде өлгендері бар). Бұл барлық малдың жеті пайызы болатын. Жыл соңында үш мың бас шығынмен барғанымда, басқарма бастығы есеп алып отырып: "Барлығын апатқа жаба берме! Қыстау басына шөп неге толық тасылмаған?"- деді. Дайындалған алты мың тоннаға жуық шөп үш жүз шақырым жерге тасылатын еді. Шаруашылықтағы алты К-700 тракторымен бұл жұмыстың бүкіл қыс бойы атқарылатынын (жүктеме бір тракторге мың тоннадан, яғни алпыс-жетпіс рейстен келеді) және малдың өліміне қыстаудағы шөптің тапшылығы емес, малдың қар астында қалуы мен Сыр бойына машинаға тиеліп тасылуы себеп  болғанын айттым. Бірақ, ол кісі өз пікірінде қалды.


1986 жылдың күзі біз үшін аса ауыр болды. Дегенмен, жоғарыдағы мал шығыны болмаса, бұл жылы да ауылшаруашылығы өнімдерінің барлық түрінен жоспар мен міндеттемелерді орындап шықтық. Жылды пайдамен қорытындыладық.


Бұрын айналдырғаным бір шаруашылықтың іші болатын, енді қой алты шаруашылыққа бөлінді. Әр шаруашылықта өзіміздің өкіліміз бар, рация арқылы байланысып отырамыз. Кеңшар орталығында штаб жұмыс істейді. Солай болса да, кейбір жұмыстар өзің бармасаң бітпей жатады. Әсіресе, көшкен малшылардың проблемалары жетерлік еді. Тіпті, басқаны айтпағанда, сексеуілден басқа отын жағып көрмеген қызылқұмдықтар алғашқы кездері ошақтарына көмір жағуды білмей, біраз шуласты.


Энгельс атындағы кеңшардың жеріне қоныстанған Ршымбетов Маусым атты қойшының үйіне бардым. Іші киізбен қапталған, қыстап шығуға арналған вагонда еді. Вагонның іші суық. Есігінің алдында екі тоннадай көмір мен тамызыққа деп түсірілген бір тележка жыңғыл жатыр. Әйелі от жаға алмай отыр, темір пешке көмірді жаға алмапты. Пештің шілтерінен майда көмір саудырап төгіліп қалған. Үстіне салған тамызығы жанбай, үйінің іші көк-ала түтін. "Алдымен көмірді суға араластыр, сосын тамызықтың үстіне салып жақ"- дегеніме: - "Құрғақтай жанбаған нәрсе, суға араласқанда жанатын ба еді?"- деп сенетін емес. Шоферім Мейірімнің аз уақыт "кочегар" болуына тура келді. Бұл от басы, ошақ қасындағы жағдай.


Қызылдың кең даласында қойды еркін жайып үйренген малшыларға Сыр бойының жықпылы көп қалың шеңгелді жайылымы көп қиындықтар туғызды. Жер-суы таныс емес, жаңа қоныс. Бұрын бір отар қойды бір жанұя бағып келсе, енді қосымша көмекшілер қажет болды. Оларға қаралған бөлек қаражат жоқ еді, бәрінің алатын еңбекақысы осы бір отар қойдың үстінде болатын. Көмекшілерін көбейтсең, малшының еңбекақысы азайып қалады. Көбейтпесең, мал жоғалады. Дегенмен бұның да шешімін таптық. Сол кеңшарлардың басшыларынан еңбекақысын төлеп адам күшінен жәрдем берулерін сұрадым. Көбісі тартынған жоқ, көмектерін берді. Біздің басымызға түскен қиыншылықты түсініп, қолдарынан келген мүмкіндіктерін аямаған кеңшар басшылары мен мамандарына мен әлі күнге дейін ризашылығымды білдіремін.


Алғашқы жауған қарашаның қары сол күйі қалған еді. Оның үстіне қыс бойы біресе қар, біресе жаңбыр жауып, жеті қабат мұз пайда болды. Қызылдағы қойдың барлығы қолға қарап қалды. Жаз бойы жаумаған жауын қыста жауды. Көктемде жауып малға несібе болудың орнына, қыста жауып мұзға айналды. Жазда алты ай бір тамшы тамбай таң қалдырса, қыс бойы жаңбыр жауып (!) екінші рет таң қалдырды. Сексендегі қариялардың өздері бұндай жағдайды бірінші рет көруіміз деп отырды. Бұл экологиялық жағдайдың өзгеруінің, тартылған Аралдың айналасына тигізген әсерінің бастамасы еді.


 Аудан тарапынан көп көмек болды. Техника, жем және жанар-жағар майдан тапшылық болған жоқ. Ең басты нәрсе - келген материалдардың талан-таражға ұшырамай тиімді пайдаланылуы, жемнің малдың аузына дұрыс тиюі еді. Ол үшін әр отардың басына жауапты адам қойдық. Кеңседе аз ғана адам қалды. Мамандар мен есеп қызметкерлерінің барлығы дерлік фермаларға жіберілді. Бұдан он жыл бұрын өзім басымнан өткізген жағдайды ұмытпаған болатынмын. Сол себептен отарларда быламық ашытып беру, шөп  турап беру сияқты жұмыстарды жасағанымыз жоқ. Ол мүмкін емес еді. Күйі нашарлаған малдар мен етке тапсырылатын отарларды орталықтағы бордақылау алаңына алдырдық. Бұл жұмыстардың барлығын сол жерде, орталықта  ұйымдастырдық.


Отарлар бойынша күндік жем-шөптің нормасын бекітіп, апарған жем-шөптің қанша күнге жететіні ескеріліп, әр отарда неше күндік мал азығы бар екендігі есептеліп отырылды. Қыстау басына мал азығын тасыған техникалардың жүрісін реттеу, жүргізушілердің дем алатын орындары мен ауқаттанатын асханаларын ұйымдастыру, басқа да кез-келген жағдайды шешу үшін құрылған штаб кеңшар орталығында күндіз-түні жұмыс істейді. Штабқа жетекші етіп кеңшардың бұрынғы директоры, қазіргі кезде жұмысшылар комитетінің төрағасы болып істеп жатқан Бекеңді тағайындадық. Бекең бұл жұмысты бүкіл қыс бойы өзіне тән ұқыптылықпен абыройлы атқарып шықты.


Республикадан бөлінген жемнің мөлшері мол болғанымен, қолдағы пішеннің қоры аз еді. Сонау жаздағы Көкшетау өлкесінен алатын шөптің қажет уақыты туды. Желтоқсан айында ол жаққа ауданнан техника мен адамдар тиелген темір жол эшелоны жөнелтілген болатын. Сол эшелонмен кеңшар парторгі Шүкірәлиев бастаған алпыс адам аттанды. Солармен бірге ашық вагондарға тракторлар мен шөп престейтін пресс-подборщиктер тиелді. Шаруашылықтағы жаңа техникалардың бәрін Көкшетауға жіберуімізге тура келді.


Қаңтар айының ішінде шөп тиелген алғашқы вагондар келе бастады. Келген шөпті жерге түсірместен (вагоннан бірден машинаға тиеп) қора басына таси бастадық.


1986 жылдың қиыншылығы тек малшы қауымының басына ғана түсіп қойған жоқ. Малды қыстан аман алып шығу үшін кеңшардағы барлық жұмысшылар мен механизаторлар, жүргізушілер мен құрылысшыларға дейін түгелдей ат салысты. Солардың арасынан Әбдіқайып, Көбейсін, Ерқожа, Оңғар сияқты жүргізушілер мен Ементай, Тоғымбай сияқты механизаторлардың аттарын ерекше атауға болады. Әсіресе, Көкшетау өлкесіне барып шөп дайындап қайтқан жүзден астам мамандар мен жұмысшы-механизаторлардың еңбектері қалай мақтауға да тұрарлық еді[16]. Сол сұрапыл қыста Қазалы ауданынан Көкшетауға барған бір механизатор агрегатқа түсіп мерт болды, екіншісі мүгедек болып қалды. Құдай оңдағанда, бұл екеуі де біздің шаруашылықтан емес болатын.


Осы кезеңде аудандық партия комитетінің бізге бөлінген өкілі Шәріпов рациямен үздіксіз байланысып отырды. Апта сайын шаруашылыққа келіп тұратын еді. Кейде екеуміз малшыларды бірге аралап, екі-үш күн бірге жүріп қайтатынбыз. Осындай малшы аралаудың екі сәті айрықша есімде қалыпты.


Бірде Қызылқұм бөлімшесінің қыстауларын аралауға шықтық. Астымызда басқарма бастығының жаңа "УАЗигі", қасымызда ферма меңгерушісі бар. Ауылдан шыққанда күн ашық еді, сәлден кейін қар ұшқындай бастады. Бір кездері жапалақтап жаууға кірісті. Бара жатқан қыстауымыз жарты сағаттық жол болатын, бір сағаттай  жүрсек те қыстау көріне қоймады. Кейін білдік, ферма меңгерушісі аңғармай,  басқа жолға түсіп кетіппіз. Ол кейін қайтайық деп айта алмаған, айналма жолмен алып барармын деп жүре беріпті. Бірақ, мына жапалақтап жауған қардан ол жолды табу қиын еді. Сәлден соң қардың арты жаңбырға айналды.


Көліктің жүруі енді тіпті қиындап кетті. Барлық дөңгелектері бірдей жұмыс істейтін "УАЗик" қарға қиналмас еді, жауып тұрған жаңбыр жолды ауырлатып жіберді. Әсіресе, биікке көтерілер кезде қиналып, кейін шегініп барып ілгері жылжумен жүріп келеміз. Жүрісіміз өнбеді. Осылай әуреленіп жүргенімізде күн батуға жақындады. Жаңбыр  толассыз жауып тұр. Машина жүре алмай қалған кезде, түсе салып көмектесеміз. Үстімізден су өтіп, малмандай болдық. Қас қарая бере биіктеу бір қырқаға шыға алмай көп қиналдық. Машина артқа шегініп барып екпіндеп келгенімен (қосымша біз де көмектесіп жатырмыз), қырқаның басына көтеріле алмады. Жаңбырмен араласып, жентектеліп қалған қардан өте алар емес. 


Жақын маңдағы қыстау төрт-бес шақырым жерде болуы керек еді. Мына жауынның астында, мына омбы қарда, оған жаяу жете аламыз ба? Бірақ, осы қырқадан асса,қ қыстауға дейін биік жал жоқ болатын. Енді не де болса машинаны қырдан асыру керек болды. Біз колея бойындағы қарды аяқпен таптауға кірістік. Жаңбыр сырт киімнен өтіп, ішкиімге дейін жетті. Дегенмен, осы әдіспен машинаны қырдың басына шығардық. Арғы жағы еңіс болатын. Бар жылдамдығын қосқан машина күн батып қараңғы түскен кезде Молдаберген деген шопанның қыстауына келіп жетті. Қойшының екі бөлмелі қоржын тамының төргі бөлмесінде түгелдей шешініп, киімдерімізді жағалай іліп, кептірініп алдық. Ыстық шәй ішіп, жан шақырдық.


Ертеңіне қайтадан отарларды аралауға шығып кеткен едік.


Келесі бір келгенінде, қыстауларды аралап болып, кеш бата кеңшар орталығына қайтқанбыз. Бұл жолы да әдеттегідей басқарма бастығының жаңа машинасымен шыққан едік. Ажар мен Кәукейдің ортасында Тақыртүп деген бұлақ бар, соның тұсынан өте бергенімізде мұз ойылып кетті. Бұлақтың маңайы қыста қатпайды, шофер байқамай бұлақ көзіне жақын жүрген екен. Не әрі, не бері шыға алмай, кептелдік те қалдық. Қозғаған сайын дөңгелектері балшыққа кіре түседі. Қанша әуреленгенмен машинаны шығара алмадық. Уақыт түнгі он бірдің шамасы еді. Күн суық. Машинаны от алдырып, ішінде отырудан басқа амалымыз қалмады. Ғайыптан пайда болмаса, түн ішінде машина жүре бермейді. Кәукейге дейін жиырма шақырымнан астам жол бар (Ажар фермасы артымызда елу шақырым жерде қалған еді). Жақын маңайда қыстау жоқ болатын.


Екі сағаттан кейін бензин таусылды. Мотор сөну бойына машинаның іші азынап кетті. Далаға шығып, жүгіріп аламыз. Арқадан соққан ызғырық жел сырт киімнен өтіп кетеді. Қайтадан кабинаға келіп паналаймыз. Кабинаның іші ық, бірақ бұнда да ұзақ отыра алмайсың, тоңа бастайсың. Жаяу жүріп кетейін десек, мына ызғырық желге қарсы жүріп Кәукейге жетуіміз екіталай нәрсе.


Тағы екі сағат өтті...


Осылай отырғанымызда маған Қызыл жақтан бір сәуле көрінгендей болды. Көрінді де, лезде жоқ болды. Бұл келе жатқан шынымен машинаның жарығы ма, әлде көзіме елестеді ме екен? Қасымдағыларға айтқаным жоқ. Сол әлсіз сәуле тағы бір көрінгендей болғанда:


- Қызыл жақтан көлік келе жатыр!- дедім.


Енді үшеуміз бірдей келген жағымызға қарап отырмыз. Бес минут өтті… Он минут өтті… Жаңағы жарық жоқ... Бір кезде жалт етіп  көрінді де, қайта жоқ болды. Бұл жолы бері қарай келе жатқан көліктің жарығы екеніне күмән болмады. Бір сағаттан соң К-700 тракторының сұлбасы көрінді. Қыстауға шөп тасып жүрген аудандық "Сельхозхимия" мекемесінің тракторы екен. Бұлақтың басында тұрған бізді көріп, жақындап келіп тоқтады.


Келе жатқанымызда бұл трактордың Ажарда тұрғанын көрген едік. Тракторист жолға азанда шығармын деп қонып жатқан екен, түн ішінде толғағы қысқан әйелді кеңшар орталығына шұғыл жеткізу керек болыпты. Ферма фельдшерінің өтініші бойынша перзентханаға әкеле жатқан беті екен. Батпаққа батқан машинаны құрғаққа шығарып, сол жерде қалдырдық. Өзіміз трактордың кабинасына жабыла мініп Кәукейге жеттік. Қатты тоңған екенмін, жұмыс арасында укол қабылдауыма тура келді (жатып емделуге мұрса бар ма?). Дегенмен, дәрігерлер тілімен айтқанда, "без осложнений" өтті.


Ақпан айында абыр-сабыр басылып, жұмыстың барлығы жөнге келгендей болған еді. Сыр бойындағы және өзіміздің Қызылдағы отарлардың  жағдайлары бір қалыпқа түсті. Барлық жұмыс бір жүйеге келтіріліп, енді сол жүйенің мүлтіксіз орындалуы қадағаланып отырылды. Көкшетаудағы шөп дайындайтын бригадамыз вагонмен үздіксіз шөп жіберіп жатты. Біздің міндетіміз келген жем-шөптің шашылмай-төгілмей қора басына жеткізілуін қамтамасыз ету және сол азықтың малдың аузына тиюін қадағалау. Күндік нормалары екі жүз грамм жем мен екі жарым килограмм шөп. Әзір онысын үздіксіз жеткізіп тұрмыз. Жем-шөп тиелген техника ағылып жүріп жатыр.


Қызылқұмға көктем ерте келеді. Сонымен бірге қар еріп, жердің тоңы жіби бастайды. Осы кезде он-он бес күндей жол қатынасы болмай қалатыны бар. Сондықтан, жол бар кезді пайдаланып, жем-шөпті молырақ тасып алуға асықтық.  Көкшетаудан келетін шөптің есебі өзімізде болғанымен, жемнің есебі ауданда еді. Аудандық ауылшаруашылығы басқармасы мал басына сәйкес бөліп отырады (наряд бойынша аламыз). Күріш егетін  кеңшарлардағы малымыздың есебінен қызылқұмдағы екі ферманың қоймаларына жем тасып алуға асықтық. Сыр бойындағы мал бір мезгіл далада жайылады және оларға сол кеңшардардан да жем-шөптен жәрдем болатын еді.


Қаңтар айында жылқы мен түйе фермасының меңгерушісі Салмұрзаев Қорғанбектің өтініші бойынша іші ауырлаған буаз биелерді қолға алып, жемдеуге кірістік. Егер бұлай жасамағанда, даладағы мұздақтан биелердің іш тастаулары мүмкін еді. Біздің бұл шешіміміз дұрыс болды және оған көп ұзамай-ақ көзіміз жетті. Ақпанның ішінде қарақұм жақта жылқыдан шығын болып жатыр деген хабар жетті. Қалың қар мен мұздақтан тебіндей алмай, буаз биелер тұралап жатып қалыпты. 


Бізде өкіл болып жүрген басқарма бастығы енді сол жаққа кетті. Оның орнына аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, бюро мүшесі Ахметов Кенжебай келді. Жаңа өкіл келу бойына шаруашылықты аралап шықты. Қасында, ұмытпасам, кеңшардың бас мал дәрігері Қожағұлов Қылышбек болды-ау деймін. Істеліп жатқан жұмыстарды көріп, риза кейіппен аттанды. Бір барғанымда Нәжмәдин: "Өкіл шаруашылығыңды мақтап келді"- деді. Мақтағанды кім жек көреді, риза болғаным рас. Бірақ, осы мақтаудың өзімізге зиян болып тиетінін ол кезде білгеніміз жоқ болатын. Сонымен қатар, жаңа өкіл келгелі маған түсініксіз жағдайлар басталды.


Наурыз айы туған еді. Осы кезде кенеттен ағылып келіп жатқан жем бірден азая бастады. Себебін білмекке аудандық ауылшаруашылығы басқармасына бардым. Басқарма бастығы қарақұмдағы малдың жағдайының өте ауыр екенін, барлық көмек енді соларға беріліп жатқанын айта келіп:


- Бүкіл жаз бен қыс бойы сен үшін жұмыс істедік. Ауданда басқа да шаруашылықтардың бар екенін ұмытпа!- деді.


- Сол қысы-жазы істелінген жұмыс зая кетейін деп тұр ғой, Жәке. Қолдағы жем он күнге ғана жетеді. Көп ұзамай жол қатынасы болмай қалады, сол кезде не беремін?


Бұл сөзіме :


- Жағдайың жақсы көрінеді... Күн жылынып келеді, көкке аузы тисе мал өлмейді,- дегеннен басқа уәж айтпады.


Бұл кезде өлім-жітімнің тыйылғаны да, істелініп жатқан жұмыстардың бір қалыпқа түскені де рас болатын. Ақпан айында шаруашылықта жүз басқа жетпейтін ғана шығын  болды. Бірақ бұдан барлық малдың күйі жақсарып кетті деуге келмейтін еді - қыстан шыққалы тұрған малдың жағдайы тез өзгеруі мүмкін. Тоғыз ай бойы жем жеп келген мал енді ешнәрсе бермесе де шыдайды деген ой болды ма, бірнеше рет кірсем де, басқарма бастығы жем босатпай қойды.


Жылқыға беріліп жатқан жемді тоқтатуға тура келді. Қоймадағы жем бір апталық, ары кеткенде он күндік азықтандырудан аспайтын еді. Қар еріп жер босаса не болмақ? Қызылға техника бара алмайтын кездегі алған жемнің не пайдасы бар? 


Осындай күндердің бірінде Нәжмәдинге кіріп, жағдайымды айтып отырған едім. Ол кенеттен орнынан тұрып, алдымен кабинетінің есігін кілттеп келді. Сосын сейфтен бір парақ қағаз алып, үн-түнсіз қолыма ұстатты. Бұл Шәріповтың бірінші хатшыға жазған хаты екен. Хатта мені шаруашылықты басқаруға қабілеті жетпейді деп есептейтінін айтып қызметтен босатуға ұсыныс беріпті. Бір қызығы, ешқандай факт келтірмепті, хат бар болғаны төрт-бес жолдан аспайтын еді.


- Хатшы маған осы мәселе жөнінде кейбір бюро мүшелерінің пікірін білуге тапсырма берді. Сен абыржыма, сенің тағдырыңды бұл хат шешпейді,- деді.


Сәлден соң:


- Хатты машинкаға өзі басқан болу керек, кейбір әріптері дұрыс түспепті. Күләйша бұлай баспайды ғой...- деді тағы да. (Күләйша деп отырғаны ауылшаруашылығы басқармасындағы хатшы-машинистка келіншек болатын, барлық құжаттарды сол басатын еді).


Аудандық ауылшаруашылығы басқармасында өзінің қол астында екі жыл жұмыс істегенмін. Ол кезде де, одан кейін де жұмысымда ескерту алған кезім болған жоқ еді, бұны қалай түсінуге болады? Дегенмен, соңғы уақыттарда басқарма бастығының көзқарасы өзгере бастағанын байқағандай болып едім.


... Бір келгенінде орталықтағы бордақылау алаңында тұрған малды көруге бардық. Малдың басында бұрын фермада меңгерушісі болып істеген, қазір пенсияға шыққан Алдаш деген ақсақал тұрған еді (маман жетіспегендіктен өтініш жасағанмын). Бастық жағдай сұраған кезде Алдекең жұмыс қолының жетіспейтіндігін, техниканың ескі екенін және жиі бұзылатынын қайталап айта берді.


Былай шыққан соң бастық:


- Ана кісінің айтқанына ешқандай жауап қайтарған жоқсың... Немене, сенің аузыңа шөп өлшеп алған ба?- деді.


-  Өзіңіз білесіз, ол кісінің айтып тұрғаны шындық,- дедім.


Адамның да, техниканың да жетіспей жатқаны рас еді. Жарамды техникалар мен қол күштерін Көкшетауға жібергенбіз. Бастық бұны жақсы біледі. Біле тұра тырнақ астынан кір іздегеніне түсінбедім.


... Бір күні менің кабинетімде сөйлесіп отырған едік. Аяқ астынан әңгіменің желісін бұзды да: "Осы сенің жұмыс кітапшаң бар ма?"- деп сұрады. Мен өзімнің күнделікті жұмыстарымды жазып жүрген кітапшамды көрсеттім. Қолына алып, бір-екі бетін немқұрайлылау ашып көрді. Сосын өзіме кайтарып берді. Еш нәрсе айтқан жоқ. Мұнысына таң қалғанмын.


Сол істеріне енді түсінгендеймін...


Жем бөлуін өтініп осы уақытқа дейін төрт рет бардым. Бермеді. Айтатыны: "Жемнің барлығын қарақұмға жіберіп жатырмыз. Ахметовтың айтуынша (бізге бөлінген өкілдің- И.А.) сенің жағдайың жақсы көрінеді. Жемің мол екен, жылқыға дейін жем беріп жатырсың". Өкілдің мақтауы осылайша бізге зиян болып тиді. Ал оның (өкілдің) бұдан кейін шаруашылыққа келгенін көргенім жоқ.


Қоймадағы жем таусылуға жақындады.


Бұл жағдайды райкомге мәлімдемес бұрын басқарма бастығына тағы кіріп шыққанды жөн көрдім. Хатшы келіншек іште басқарманың бас инженері Жиенқожаев Самұраттың отырғанын айтқан еді, оның шығуын күтпей кіріп бардым. Қайта оның отырғаны  дұрыс болды, екеуміздің арамыздағы әңгіменің куәсі болды. Менің: "Жем таусылды, енді мал шығын бола бастайды"- деген сөзіме бастық бұрынғы жауабын қайталады.


- Осымен бесінші рет кіріп тұрмын, Жәке! Ауданға келген жемнен менің де үлесім бар. Арғы Қызылдағы жиырма бес мың қойға күніне бес тонна жем қажет. Қазір берілмесе, кейін кеш болады. Жердің тоңы кеткен кезде отарларға жеткізе алмай қаламыз. Жаман айтпай жақсы жоқ деген, егер мал өліп жатса, осы ауданның малы болғандықтан, сіз де жауап бересіз. Мен енді хатшыға кіремін!


Бұл айтқаныма басқарма бастығы жауап қайтарған жоқ.


Ендігі жол ауданның бірінші хатшысы Көшербаевқа бару еді. Аудандық партия комитеті кеңсесінің үлкен залында жиналыс өтіп жатыр екен. Жиналыс аяқталысымен, адамдардың алды сыртқа шыға бастағанда, президиумда отырған хатшының алдына бардым. Амандасып болып, бір аптадан бері кеңшарға жем берілудің тоқтатылғанын, егер бұдан әрі берілмесе, малдың шығын бола бастайтынын айттым.


Хатшы менің сөзімді, әдетінше, қағаздарын папкесіне сала отырып тыңдады. Сосын папкесін екі қолымен сарт еткізіп жауып:  - «Партия комитеті жем бөлумен айналыспайды!»- деді де, орнынан тұрып кетіп қалды. Мен залда қала бердім.


Хатшының бұл ісі мені үлкен ойға қалдырды. Қайтып келе жатып ойланумен болдым. Маған бірінші хатшының жауабы мен басқарма бастығының әрекеті арасында байланыс бар сияқты болып көрінді.   


                                                  * * *  


 Әзірше қоймадағы жемді таратып жатырмыз. Қойға берілетін күндік норманы жүз грамға түсірдік, бірақ шөпті үздіксіз жеткізіп тұрған едік. Бұны да көп көргендей, бұл мәселеден де дау шықты. Дау тіпті ойламаған жерден, ойламаған бағыттан келді. Кеңшардың Жаңақазалы қыстағында орналасқан шаруашылық ауласы (хоздвор) бар болатын. Көкшетаудан шөп тиеліп келген вагондарды осында қабылдайтынбыз. Бізбен көршілес аудандық тұтынушылар қоғамының кеңсесі мен қоймалары орналасқан еді. Осы мекеме вагондарды аулаға кіргізбей жатыр деген хабар жетті. Бастығы Кәрім деген кісі, менен оншақты жас үлкен, ағайын әрі жерлес болатынбыз.


Ертеңіне кеңсесіне бардым.


-  Кәреке, не болып жатыр?- дедім амандық-саулық сұрасып  болғаннан кейін.


- Сенің мына тасып жатқан шөбің өртенсе, мендегі миллион сомның тауарлары тұрған қоймалардың қоса өртенері анық. Мен ендігі жерде шөп түсіруіңе келісім бермеймін,- деді.


- Сіздің аулаңыз бөлек және мен шөпті бұл жерге жинап жатқаным жоқ, жерге түсірмей алып кетіп жатырмын. Осы уақытқа дейін өртенбей келді ғой...


- Вагондағы шөптің өртенбесіне кім кепілдік береді? Мен ауылшаруашылығы басқармасына хат жаздым. Жауапкершілікті мойныма аламын деген қолхат болмайынша, шөпті түсіртпейміз.


-  Қолхатты кім беру керек?


-  Сен беруің керек!


-  Не деп беруім керек?


-  Айтып отырмын ғой... өрт болған жағдайда бар жауапкершілікті мойныма аламын деген...


- Ондай қолхатты бере алмаймын! Менің берген қолхатыммен өрт сөндірмекшісіз бе, Кәреке? Қоймаларыңызға өзіңіздің еге болыңыз,- деп кетіп қалдым. Бұл ағамыздың қыс бойы үндемей келіп, өрт болады деп енді байбалам салуына жол болсын?! Бірақ бұл "түтіннің қисаюынан" желдің қай жақтан соққанын аңғаруға болатын еді.


Шаруашылық ауласының меңгерушісіне өртке қарсы қолданатын құрал-саймандарын дайындатып (бұрыннан да бар болатын), вагондарды аулаға кіргіздім. Қасына кеңшардың учаскелік милиция инспекторы Батырханды қойдым. Тұтынушылар қоғамы тарапынан кедергі болған жағдайда маған хабарлауды тапсырып ауылға қайттым.


Бұл жақта мені тағы бір "жаңалық" күтіп тұр екен. Шөп тиеп келген оншақты КамАЗдан құралған бір колонна үстіндегі жүгімен тапжылмай тұр. Штабтағыларға: "Бұдан әрі апармаймыз, бізге Кәукейге дейін жеткізу ғана тапсырылған"- дейтін көрінеді.


Жүргізушілермен сөйлестім.


- Бізге жол қағазы Кәукейге дейін берілген, ары қарай бармаймыз,- деп қағаздарын көрсетті.


- Өздерің білесіңдер, бұл жерде қой жоқ. Малдың барлығы Қызылда. Қағаздарыңа жүрген күндерің мен барған жерлеріңді көрсетіп қол қойып беремін, шөпті бұрынғыдай қыстаудың басына жеткізіп беріңдер,- дедім.


Жүргізушілер келіспеді. "Біз сіз үшін бастықтан сөз естігіміз келмейді"- деп ашығын айтты.


Мамандармен ақылдастым.


-  Не істейміз?


Кәукейдегі ферманың меңгерушісі Ілиясов: "Түсіріп алайық"- деді. Оның осылай айтатын жөні бар - фермасы осы маңда. Басқалары үндемей отыр.


- Түсіріп алғаннан кейін ол шөпті Қызылға қалай жеткіземіз? Тіркемелі КамАЗ-дың жүгіне бес көлік керек немесе оның бір күнде апарып тастап қайтатын жүгін біз бес күн тасимыз. Ол үшін кеңшардың басқа тірлігінің бәрін тоқтату керек, сонда қалай болады?


Бұған ешқайсысы мардымды жауап бере алмады. Айтатындары: "Ауданнан осындай нұсқау болып жатса қайтеміз, орындау керек шығар…"- дегенге саяды. Ауданға баруым керек пе? Хатшыға барсам не айтатыны белгілі: "Мен техника жұмсаумен айналыспаймын, Шәріповке барыңыз"- дейді. Басқарма бастығының: "Ауданда көлік жетіспей жатыр, сол себептен осылай жасап отырмыз"- дейтіні анық. Автобаза директорына барып жалынамын ба? Ол бір рет берер, одан кейін не болады? Қалай болғанда да бір шешімге келу керек еді.


Жүргізушілерді шақырып алдым.


- Шөпті бұл жерге түсірмеймін. Айтқанды орындап, Қызылға жеткізіп беріңдер. Директорыңмен өзім сөйлесемін,- дедім.


Олар үн-түнсіз шығып кеткен еді. Сәлден кейін КамАЗ-дардың от алдырғаны, қозғалғандары естілді. Фарларын жағып алып, бүкіл колонна үстіндегі жүгімен Қазалыға қарай бет алды...


Түні бойы ұйықтай алмай шықтым, кірпігім ілінбеді.


Енді шөп келу де тоқтады. Орыс тілінде "перекрывание кислорода" деген ұғым бар. Бұл медициналық ауа жастығымен дем алып жатқан науқастың оттегі баратын түтігін жауып тастап әдейі тұншықтыру дегенді білдіреді. Кейбір басшылардың мені "тұншықтыруға" кірісе бастағанын сездім.


Екі күннен кейін барғанымда аудан халқының аузында: "Қызылқұм" кеңшарының директоры шөпті қабылдамай, қайтарып жіберіпті. Қаншама халық болып жердің түбінен тасып жеткізілген, алтынға баланған шөпті қабылдамағаны несі?"- деген әңгіме жүр екен (бұны айтатын қарапайым халық пен жәй шаруа емес, әрине). Бір-екі адамнан: "Мұның қалай?"- дегенді өзім де естідім. Бұларға түсіндірерсің, басқасына қалай түсіндіресің? 


Басқарма бастығына кіріп болған жағдайды айттым. Ол түнерген қалпында: "Онда саған шөптің қажет болмағаны ғой..."- деді. Осымен әңгімеміз аяқталды.


Арада екі апта уақыт өткенде Қызылдағы қалың қар кетіп, жердің тоңы жібіді. Осы себептен жол байланысы үзілді. Бұл кезде шөптің де, жемнің де қоры таусылып біткен болатын. Шығып келе жатқан көктің иісін сезген мал көк қуалап тыным таппайды, ал көк ауыздарына толық ілінбейді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін өлара шағы. Осындай кезеңде өзегін жалғайтын жем тауып бере алмадық. Басқа амал болмағандықтан отарларды қыстау маңындағы тың жерлерге көшіре бастадық. Әлсіз мал алысқа айдауға жарамады, бір қыр асырып қондыра бердік. Кейбір саулық отарлар бұған да жарамады, олар амалсыздан қыстауда төлдей бастады. Көп ұзамай малдың шығыны жайлы алғашқы хабар жетті. "Қызылқұм мен Ажар фермаларында мал өлімі болып жатыр, жол байланысы жоқ"- деп рация арқылы ауданға хабарладым.


Ертеңіне Кәукейге вертолетпен Шәріпов келіп қонды. Екеуміз Қызылға қарай ұштық. Бірінші қонған жеріміз Ажар фермасының шопаны Қабылов Ізбасардың қыстауы болды. Вертолеттен түсу бойына қорада мал жайғарып жүрген шопанның жанына бардық. Малдан шығын бермейтін адамның бірі еді, он бес-жиырма бастай қойы өліпті. Жағдайды айта келіп: "Мұнымен тоқтамайды, әлі де өледі…"- деді тұнжыраған күйі.


Басқарма бастығы алғашқы сұрағын қойды.


- Жем бар ма?


- Жоқ.


- Қашан таусылды?


- Жем көрмегенімізге оншақты күн болды.


- Қандай көмек керек?


Ізбасар қиқар сөйлейтін, тілінің тікені бар адам еді.


- Ыстаған балығымен қоса бір литр арақ болса дұрыс болар еді, басеке,- деді айырмен ақырдағы сақты  араластырып тұрып. Мұнысы: "Мына вертолетпен одан басқа не әкеле аласыңдар..."- дегені болса керек.


Мынауың не айтып тұр дегендей бастық маған қарады.


Менің:


- Бұл кісінің руы жақайым болады, сол себептен балық сұрап тұрған болу керек. Ағасы ауданды басқарып тұрғасын айта береді ғой[17],- деуіме тура келді.


Бастық үн қатпастан вертолетке қарай беттеді.


Енді Қызылқұм фермасының аумағына өттік. Мұндағы жағдай мүлдем басқа - шығын көп. Әр отарда жиырма-отыз бастай өлім бар. Малшылар жем мен шөптің таусылғанын, жаңа шыққан көктің малдың аузына ілінбейтінін, әсіресе ішінде төлі бар саулықтардан шығын көп екенін айтуда. Фермадағы оншақты отардың жағдайын біліп кейін қайттық. Шекаралас жатқан "Бозкөл" кеңшарының отарларына да қонғанбыз, оларда да шығын бар екен. Мені Кәукейде қалдырып, вертолет сол күні қайтып кетті.


Арада бір күн өткесін колоннамен жем келе бастады. Келген жемді Кәукейге түсіріп (Қызылға жол жоқ), машиналарды қайтарып жатырмыз. Оншақты күннен соң жол түсті. Енді қалған қойды өлтіріп алмаудың амалын жасауға кірістік.


Сол айда шаруашылық бойынша үш жарым мың қой өлім-жітімге ұшырады. Шығын Қызылдағы отыз бес отардан ғана еді. Кәукейдің маңындағы №1 ферманың жиырма отары мен Сыр бойындағы отыз бір отар түгелімен аман шықты. Жылқы мен түйе де аман.


Әлі есімде, сәуірдің он төрті күні Сыр бойындағы малды аралап шықтым. Бұл күннің есімде қалу себебі бар: Қызыл өңіріне алғашқы қар қарашаның он төрті күні, яғни осыдан тура бес ай бұрын түскен болатын. Содан бері жүз елу күн өтіпті. Оның алдындағы бес айға созылған құрғақшылықпен арпалысымызды қосқанда бұл табиғат апатымен бір жылға созылған айқас еді. Бұл беймаза күндер мен ұйқысыз түндер еді!


 Енді Сыр бойында қыстап шыққан малды елге, Қызылға қарай көшіруіміз керек. Энгельс атындағы кеңшардағы Арандықыр аталатын төбенің қары тесіле бастапты: төмпешіктердің күнгей беті, бұталардың түбі алажаулы болып қалған. Бір аптадан кейін жердің беті түгелге жуық қарайып, он-он бес күннен соң қылтиып шыққан көк малдың аузына толық ілінетін түрі бар. Мал бір айдай көгін алған соң, төлдері еруге жараған кезде, Қызылға қарай айдауға болатын сияқты.


Айдың соңында мал есебін ауданға тапсыруымыз керек. Мамандар мен ферма басшыларымен ақылдастым:


-  Шаруашылық бойынша үш жарым мыңдай қой шығын болды. Қандай ойларың бар?


Өлген малдың санын азайтудың бір ғана тәсілі бар - малшыларға жағдай айтып, малы барларына мал салдыру, малы жоқтарынан ақшалай құнын ұстау. Малшы келісер (келіспеген жағдайда көндіруге болар), бірақ малшылардың жеке қойын салғанмен, мемлекеттің өлген малының орны түгенделмейтін еді. Оның үстіне, мал өліміне малшы қауымының қандай кінәсі бар?


Мен тарапынан ешқандай ұсыныс болмағаннан кейін, мамандар да "өйтейік-бүйтейік" деген жоқ.


- Олай болса, шығын болған малдың барлығы түгелдей есептен шығатын болсын. Малшылардың жеке қойларына тиіспеңдер! Басқа пікір болмаса, ауданға осы шығынмен барамыз,- дедім. 


Сәуір айындағы мал есебін үш жарым мың қой шығынымен ауданға тапсырдық. Кеңшарда осындай мөлшерде мал өлгенін аудан білетін еді, алдын-ала мәліметін бергенбіз. Солай да болса, өлген малды түгелдей есептен шығарып әкеледі деп күтпесе керек, аупартком осы жағдайға байланысты жедел түрде көшпелі бюро мәжілісін өткізетін болды.


Арада үш күн өткенде бірінші хатшы бастаған бюро мүшелері мен  ауданның барлық мекеме басшылары Кәукейге жиналды. Күн тәртібіндегі мәселе біреу-ақ: "Қызылқұм" кеңшарындағы қойдың шығын болу себептері жайлы". Көшпелі бюро сирек болатын жағдай, әсіресе, мал шаруашылығында мен бұндайды бұрын-соңды көрген емеспін. Мәселелер аупарткомның кеңсесінде қаралатын еді. Бұл бюроның қандай мақсатпен біздің шаруашылықта өткізілгенін, бұған кімнің ұсыныс жасағанын білмедім.


Хатшы мәжілісті ашты. Күн тәртібін жария етіп болғаннан кейін сөзді маған берді. Трибунаға беттедім. Көтеріліп келе жатқанымда жүрегімнің атқақтай соққанын байқағанмын. Енді сөйлей беремін дегенде... қатты шаншып кеткені соншалықты, сөз сөйлемек былай тұрсын, құлап кетпесем болар деп трибунадан ұстап қалдым. Сірә ұзағырақ тұрып қалсам керек, құлағыма басқарма бастығының: "Сабақ білмеген балаға ұқсап неғып тұрсың? Сөзіңді айт!"- деген даусы естілді. Бірақ менің сөйлеуге шамам келген жоқ. Бар байқағаным - жүрегімді біреу темір шеңгелмен сығымдап қысып тұрғандай демімнің жетпегені, сонымен бірге екі жауырынымның ортасынан аққан мұздай тердің төмен қарай құйылып жатқаны сездім. Талай жиналыстарда сөйлеп жүргенде мұндай жағдай болмаған-ды.


Жағдайымды байқаған болу керек, Көшербаев осы кезде:


- Ахметов отыра тұрсын… Сөзді ферма меңгерушілеріне берейік,- деді.


Жай басып барып орныма отырдым. Қасымдағылар не болды деп сұрап жатыр. Маған алаңдамай-ақ қоюларын өтініп, жиналыстың соңына дейін шыдап отырдым.


Ферма басшылары шығынның себебін қыстың ұзаққа созылуына  байланыстырып, сипалап айтып шықты. Екінші қайтара маған сөз берілген жоқ. Мен де сұрамадым - осындай жағдайда отырып барлық болған істі дұрыс жеткізе алмас едім. Үш меңгерушіні тыңдап болғаннан кейін Көшербаев жиналысты қорытындылады: малдың шығынына шаруашылықтың басшысы мен мамандары кінәлі деп есептейтінін, осыған байланысты қандай шара қолданылатыны алдағы бюрода қаралатынын ескертіп мәжілісті жапты. Басқарма бастығы сөйлеген жоқ.


Ауданның бүкіл атқамінерлері бас қосқан осы бюро бар болғаны жарты сағатқа ғана созылған еді. Меніңше, бұл жиналыс мал өліміне шаруашылық басшысы кінәлі деген пікір тудыру үшін шақырылды ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, бір апта бойы дабыл қаққанымда селт етпеген аудан басшылары мал өліп болғаннан кейін не себептен жиналады және оны неге біздің шаруашылықта өткізеді?


Жиналыстан соң кабинетіме Кәукейдегі аурухананың бас дәрігері Пазылбек келіп кірді. Соңғы кездері жүрегімде шаншу пайда болған еді, бірақ оған онша мән бермей келген едім. Бірінші рет жүрек өзінің бар екенін сездіргендей (қатты толқығаннан болу керек) және өзіне назар аудармаса болмайтынын білдіргендей болды. Қанның қысымын өлшеп, жүрегімді тыңдаған дәрігер жедел түрде аудандағы ауруханаға жатпаса болмайтынын айтты.


-  Санитарлық самолет шақырайын,- деді.


Мынандай жағдайда ауруханаға жатқаным қалай болар екен? Кеңшар директоры жауапкершіліктен қашып, ауруханаға жатып алыпты демесіне кім кепіл? Самолетіне рахметімді айтып, ауылдағы ауруханаға жататын болып келістім. Пазылбек түс ауа бір палата дайындап қойғанын айтты. Бардым. Палатаға телефон желісін тарттырдым. Емделіп жатып жұмыс істемекшімін. Бірақ бұл ойым іске аспады. Кешке таман аудандық аурухананың бас дәрігері Сембиев Жәми мен терапия бөлімінің меңгерушісі Тәжіғұлов Жұбандық палатаға кіріп келді.


Қарап болып:


- Жеңіл-желпі нәрсе емес... Жүрекпен ойнауға болмайды, қазір ауданға алып кетеміз,- деді.


Мен өзімнің машинаммен ертеңіне баратын болып келістім. Олар кеткесін Пазылбектен: "Бұлар қайдан келіп қалды?"- деп сұрап жатырмын.


- Мен хабарладым... Ең кемі бір ай алаңсыз жатып ем алмаса болмайды,- деді дәрігер.


Орныма кеңшардың бас зоотехнигі Жазықбаев Жұбатқанды қалдырып, ертеңіне аудандық аурухананың терапия бөліміне жаттым. Мұнда "Бозкөл" кеңшарының директоры да ем алып жатыр екен. Сол күні палатамызға бірінші хатшы келіп кірді. Жағдайымызды сұрады. Қасымда тұрған бас дәрігер бұрынғы бронхитке енді жүректің қосылғанын, дұрыстап емделмесе болмайтынын айтты.


Ауруханада жиырма күндей емделдім. Оншақты күннен кейін кәдімгідей тәуір бола бастадым. Жүрек шаншуын қойды. Үшінші аптада Жәмиге тәуір екенімді айтып, ауруханадан шығаруын сұрадым. Шөп дайындау науқанының кезі еді. Газеттен де оқып, ауылдан да хабар алып отырмын - біздің шаруашылық шөп дайындауда артта қалып келеді. Осындай жағдайда менің ауруханада жатып алуым қалай болады? Жәми алғашқыда емделудің толық бітпегенін айтып көне қоймаған еді, мен жақсы екенімді дәлелдеп баққаннан кейін келісті.


Ауылға келдім. Мамандардан шөп дайындаудың неліктен баяу жүріп жатқанын сұрадым. Олар шабындықтартың әлі толық кеппегенін, осы себептен техниканың ораққа түсе алмай тұрғанын айтады. Кепкен жерлердің шөбін орып болдық дейді. Қасыма бас инженерді ертіп алып шабындықтың басына бардым. Барлық шөп шабатын техникалар қаңтарылып тұр екен (біреуі ғана әріректе орып жатқан сияқты).


Трактористерге:


- Неге қалың шабындыққа түспей тұрсыңдар?- деймін.


Бәрі бір ауыздан:


- Ортасы батпақ, техника жүре алмайды. Кепкен жерлерін шетінен орып жатырмыз,- дейді.


-  Аралап көрдің бе?- дедім инженерге.


-  Өзім көргенім жоқ, бірақ механик солай деп тұр ғой...


Шынымен солай ма екен? Көзімді жеткізгім келді. УАЗ-дың шоферіне алдымызға түсіп жүріп отыруды тапсырдым да, жаткаға міндім. Егер жатка бататындай балшық кездессе машина тоқтап, белгі беруі керек еді. Машинаның ізімен шөпті орып келе жатырмыз. Шабындықтың орта тұсына келгенде жүру ауырлай түсті, бірақ арғы бетіне аман-сау шықтық. Келген ізімізбен екінші қатар жол салып кейін қайттық. Инженер шабындықтың жиегінде тұр. Жаткадан түсіп қасына келдім.


-  Оруға болатынына енді көзің жетті ме?


Бас инженер төмен қарады.


-  Мен механиктің сөзіне сеніп қалып едім... 


Кеңшардың бұрынғы бас инженері Жәметов Абай (атақты Жәмет жыраудың баласы) жұмысына мығым жігіт еді. Мен директор болғаннан кейін көп ұзамай Карл Макс атындағы кеңшарға көшкісі келетінін айтты. Өз ісіне тыңғылықты инженерді босатқым келмеген болатын, бірақ отбасылық жағдайын айтып қайта-қайта өтінгесін, келісуіме тура келді. Орнына Шәріповтың ұсынуымен осы маманды алған болатынмын. Сыры мен қабілетін білмейтін бейтаныс жігіт еді. Жұмысына жауапсыз қарайтын, істі жүргізудің орнына сылтауды көп айтатын адам болып шықты. Қабілеті қызметіне сай болмады. Кейін білдім, ол басқарма бастығының жақын інісі екен.


Оны қызметін алып жүре алмағаны үшін орнынан босатуыма да болатын еді, бірақ мен бұл қадамға бара қоймадым. Себебі, осы кезде өзім жұмысты қойғым келіп ойланып жүрген болатынмын. Егер жұмысты тапсыратын болсам, онда кадр ауыстырып не қажеті бар? Сондықтан инженерді қозғағаным жоқ.


Бұл ой маған, әрине, табан астынан келмеген болатын. Соңғы кездегі денсаулығымның сыр бере бастауы ойландырмасқа болмады. Оның үстіне  аупарткомның бірінші хатшысының: "Райком жем бөліп отырған жоқ!"- деген сөзінен кейін бір шешімге келу керек екенін түсіндім.


Бірінші хатшының алдына барғанда мәселе шешілмесе, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы орнымнан алу жөнінде ұсыныс берген болса, ендігі жерде жұмыс істеудің қиын болатыны (тіпті, мүмкін еместігі) белгілі еді. Менің үш жарым мың қойды бірден есептен шығарып апаруым да осы жағдайға байланысты болатын. Егер кеңшарды тапсыратын болсам, барлық есеп таза болсын деген мақсат еді. Бірақ, бұл ойымды әзір ешбір жанға сездіргенім жоқ.


Арада екі-үш күн өткенде кеңшарға аудандық кәсіподақтары комитетінің төрағасы Жанаев Рүстем келді. Демесін екеуі менің кабинетіме кіріп шықты. Аупарткомның тапсырмасымен келгенін, осында бірнеше күн болатынын, кеңшардың партия комитетінің жиналысына қатысатынын айтты. Үш күндей партком хатшысының кабинетінде отырып жұмыс істеді. Олардың шаруасына араласқаным жоқ (партия комитетінің жұмысын тексеруге келген екен деп ойладым), өзімнің күнделікті жұмыстарымды істеп жүре бердім.


Екінші күні болуы керек, кабинетіме Сабыров Төлеген деген зоотехник кірді. Бұл кісі менен он бес жастай үлкен, көп жыл фермада зоотехник болып жұмыс істеген, ақкөңіл және аңқылдаған жан еді. Жанаевтың өзін шақырғанын, оның негізінен мен жайлы, менің жұмысымдағы кемшіліктер туралы, әсіресе қыстағы малдың өлімін  тәптіштеп сұрағанын, бұл жайдың тектен-тек емес екенін, екі күннен бері коммунистерді шақырып алып, кеңшар директоры туралы пікірлерін сұрап жатқанын айтты. Өзінің маған тілектес екенін айта келіп, қамсыз отырмауымды ескертті.       


Жанаев келгелі парткомның кабинетіне кіріп-шығып жатқан адам-қараның көбейгенін байқағанмын, бірақ онша мән бермеген болатынмын. Шынында, Жанаев кеңшар коммунистерінен мен жайлы пікірлерін сұрап жатыр екен. Анығын айтқанда - директордың шаруашылықты басқарудағы іс-әрекеті, сонымен қатар қыстағы мал өлімі кезінде ол тарапынан жіберілген кемшіліктер, т.с.с. деген сияқты. Бұл жөніндегі менің пікірімді әзірше сұраған жоқ.


Үшінші күні кеңшар партия комитетінің кезектен тыс жиналысы  өтетін болды. Күн тәртібіндегі мәселе біреу-ақ- малдың шығын болу себептері жайлы кеңшап директорының (яғни, менің) партия ұйымы алдындағы есебі. Осы уақытқа дейін Демесін жиналыста не мәселе қаралатыны жөнінде айтпаған болатын. Менің жеке есебім тыңдалатын болғандықтан, партком хатшысы ретінде, алдын-ала айту міндеті еді. Оның не ойлағанын білмедім - осы жолы да, бұдан кейін де сол томаға-тұйық кейпінен айныған жоқ.


Қыстағы болған жағдайды қысқаша айтып шықтым. "Осы жиналысқа қатысып отырған жандардың бәрі сол жұмыстардың ішінде болған адамдар. Қыстан өлмей шыққан мал, нағыз қажет кезінде жем болмағандықтан, бір айдың ішінде шығын болды. Оған осы отырғандардың барлығы куә"- дедім. Наурыз айында басқарма бастығының жем босатпай қойғанын бұл ретте айтқаным жоқ. Біріншіден, ол жиналысқа қатысып отырған жоқ еді, екіншіден, алдымызда бұдан да үлкен жиналыстың бар екенін білетінмін. Сонда айтармын дедім.


Шығып сөйлеушілер: "Қыс ауыр болды ғой… Қолдан келгеннің бәрі жасалды… Директор аянған жоқ…"- деген сияқты пікірлерін білдіріп жатты. Жиналыстың соңында Жанаев қаулының жобасын қолына алып, оқуға кірісті. Онда: "Мал шығынына жол бергені үшін кеңшар директоры Ахметовке партиялық есеп кітапшасына жазылған қатаң сөгіс жариялансын!"- делініпті. Мен кеңшардағы партия ұйымының қаулысын ауданнан келген Жанаев емес, партком хатшысы Шүкірәлиевтің оқуы тиіс екенін және бұл шешімге өзімнің келіспейтіндігімді айтып шығып кеттім. 


Сәлден кейін кабинетіме Демесін кірді. Жанаевтың жоғарғы жақтың тапсырмасы деген сөзінің салмағы тым ауыр екенін айта келіп, қолынан ештеңе келмейтінін жеткізді.


Жақсы, солай-ақ болсын! Маған түбінде бір жаза берілетініне күмәнім жоқ болатын, бірақ партиялық есеп кітапшама жазылатын жазаны күтпеген едім. Партия мүшесі үшін ең ауыр жаза партиядан шығару болса (ол сотталу деген сөз), одан кейінгісі осы болатын. 


Мен бірінші хатшыға кіруді ұйғардым. Мәселенің анығына көз жеткізгім келді. Сол күні хатшыға кірдім.


- Елеке, менің кінәм басқарма бастығынан жем ала алмағанымда. Сол үшін есеп кітапшама жазылған қатаң сөгіс алуды әділ жаза деп есептемеймін,- дедім.


Хатшы:


- Бастауыш партия ұйымының қаулысын аудандық партия комитетінің бюросы бекітеді. Бұл әлі түбегейлі шешілмеген мәселе. Біз бюрода қараймыз, бюро мүшелерінің қалай шешері әлі белгісіз. Қаулыны күшінде қалады деп ойламаймын, алаңдамай, жұмысыңды істей бер,- деді.


Хатшының кабинетінен иығымнан жүк түсіп, жеңілденіп шыққандай болдым. Мен хатшының сөзіне сендім.


Нәжмәдинге кіріп ,оны да хабардар еттім. Ол Жанаевқа тапсырма берілгені жөнінде өзінің бейхабар екенін айтты. Басқарма бастығының хатына бюро мүшелерінің қандай пікір айтқандарын сұрадым. Нәжмәдин көрсетті. Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қарғабаев Болат: "Қазалы ауданында қызылқұмның жағдайын Ахметовтен артық білетін маман жоқ деп есептеймін..."- дей келе, мені жұмыстан шығаруға қарсы екенін айтыпты. Бұл пікірді оқып отырып қатты таңдануыма тура келді. Ол кісіден мұндай сөз күтпеген едім. Оның себебі бар.


Сол жылы "Бозкөл" кеңшарынан Кәукейге дейін тас жол салынып жатты. Құрылыс жұмысын аудандағы ПМК-64 мекемесі жүргізді. Жоспар бойынша желтоқсан айында толық бітірулері керек еді, жылдың соңында ПМК бастығы Малбағар деген жігіт жұмыс актісіне қол қойып беруімді сұрады. Жол әлі бітпеген болатын, мен актіге қол қоймайтынымды айттым.


ПМК бастығы Қарғабаевқа айтқан болу керек (ол кісі ауданның құрылыс саласына басшылық жасайтын еді), ертеңіне екінші хатшы шақырды.


- Аудан жоспардан шыға алмай жатыр. Бітпеген жерін кейін бітіреді, қол қойып бере салсайшы,- деді хатшы.


Егер қазір қол қойып берсем, кейін сапасының қандай боларына көзімнің жетпейтінін айтып, бас тарттым. 


- Менің айтқаныма көнбегенмен, қазір бірінші хатшы айтса, қол қоясың ғой,- деді Қарғабаев.


- Бітпеген жұмысты кім айтса да қабылдай алмаймын, Бәке!- дедім.


Қарғабаев бірінші хатшыға алып кірді.


Елекең бір қағаздарды қарап отыр екен. Ашуы тарқамаған Қарғабаев екпіндей сөйлеп, менің актіге қол қоймай отырғанымды, соның себебінен ауданның жоспардан шыға алмайтынын жеткізді. Көшербаев, әдетінше, алдындағы қағаздарын парақтай отыра тыңдап болып, маған қарады.


- Сіз шыға беріңіз. 


Шығып кеттім. Қабылдау бөлмесінде күтіп отырмын. Сәлден кейін шыққан екінші хатшы менің ауаткомның төрағасы Әмірғалиевке баруым керек екенін айтты да, кабинетіне кіріп кетті.


Ауаткомге бардым. ПМК бастығы да осында екен. Жағдайды біліп  отырған болу керек, кіру бойына Әмірғалиев:


- Осы жолдың кесірінен аудан жоспардан шыға алмай жатыр, не істейміз?- деді.


Екінші хатшыға айтқан сөзімді оған да айттым.


-  Жол әлі біткен жоқ. Көктемде жол қатынасы болмай жатса, қабылдап алған жолыңа не болған деп алдымен өздерің сұрайсыңдар ғой. Қазір қол қойып берсем, ертең бұларды итпен іздеп таба алмаймын, Әбеке!


Менің актіге қол қоймай жүрген себебім - көктемгі су молайған кезде Кәукейдің түбіндегі Қуаңдария тасып, жолды алып кететін еді. Су қайтып, жер кепкенше жол байланысы болмай қалатын. Ондай жағдайда ауданға қызылқұмның ішімен, Басықарадағы плотина арқылы қатынауымызға тура келетін. Бұл жол екі есе алыс және қолайсыз болатын. Салынып жатқан жолдың бітпеген жері де сол Кәукейдің маңы еді.


Ақылдаса келе былай жасадық - ПМК бастығы істелмеген жерін көктемге дейін толық бітіретін болып қолхат берді (қолын қойып, мөрін басты). Осыдан кейін актісіне қол қойып берген едім. Міне, Қарғабаевтың маған деген көзқарасы өзгерген шығар деп ойлайтыным осы себептен еді. Жоқ, олай емес екен! Бұл кісінің ұстамдылығына риза болдым!


Аудандық атқару комитетінің төрағасы Әмірғалиев те, оның орынбасары Шапшаңов та (ол да бюро мүшесі болатын) мені босатуды дұрыс деп есептемейтіндерін жазыпты. Райкомның үшінші хатшысы (аты-жөні есімде қалмапты, орыс келіншек еді): "Ахметов жолдастың қызметі туралы пікір айта алмаймын. Оған баға беретіндей, шаруашылық ісіне араласа алғаным жоқ"- депті. Онысына да рахмет!


Қорыта айтқанда, басқарма бастығының ұсынысын бюро мүшелерінің ішінде Ахметов Кенжебай ғана қолдап шығыпты. Өкіл кезінде шаруашылықтың жұмысы жақсы жүріп жатқандығы жөнінде  аупарткомге хабарлаған еді, енді жұмыстан шығару керек деп пікір айтқанына жол болсын?! Кімнің қандай пікір айтуы өзінің еркінде, дегенмен де, Ахметовтың осы пікіріне басқарма бастығының ықпалы болғандай көрінеді де тұрады маған. Егер Қазалы аудандық партия комитетінің архиві сақталған болса, оны қараған адам 1987 жылдың іс-қағаздарынан жоғарыдағы құжаттарды оқи алатыны анық.


Мамыр айында Сыр бойындағы малды көшіріп әкеліп, өздерінің үйреншікті бұлақтарының басына қондырдық. Кезінде дұрыстап ұрықтандырылмаған малдан жөнді төл де болмады (қардың астында қалып, көшіп-қонып жүрген мал қалай ұрықтансын?!). Төлдің жоспары орындалмады. Бірақ, мал басын аман алып шығудың өзі бізге оңайға түспеген  болатын.


Ұзамай бюро болды. Қаралатын мәселенің бірі мен жайлы, яғни "Қызылқұм кеңшары бастауыш партия ұйымының шешімі" жөнінде. Кезегім келгенде трибунаға көтерілдім. Барлық болған жағдайды айта келіп, малдың шығыны шаруашылыққа кезінде жем мен шөп берудің тоқтатылуынан болғанын, оған кінәлі аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Шәріпов екенін айттым (ол президиумда отырды).


- Аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығына нақты жағдайды айтып бір аптаның ішінде бес рет барғанмын. Соңғы барғандағы екеуміздің арамызда болған әңгімеге қазір осы залда отырған басқарманың бас инженері Жиенқожаев жолдас куә. Кезінде аудандық партия комитетіне де айтылған болатын. Бірақ, жем босатылмады. Егер сол кезде жем берілгенде, мұндай шығын болмаған болар еді.


Бұған қосымша шөп тасудағы болған кедергілерді, аудан тарапынан алғашқы кезде көмектің көп болғанымен, соңғы кездері кедергілердің одан да көп болғанын айтып шықтым.


Сөзімді аяқтаған соң Көшербаев бюро мүшелеріне қарады.


-  Ахметов жолдасқа қоятын қандай сұрақтарың бар?


Ешқандай сұрақ болған жоқ. Басқарма бастығы сұрақ қояр немесе қарсы пікір айтар деп ойлаған едім (сол сәтте оның кез-келген сұрағына жауап қайтара алар едім), неге екені белгісіз, ол да үнсіз қалды. Көшербаев маған қарап: "Отыра беріңіз…"- деді.


Орныма келіп отырдым. Менің сөзімнен кейін үзіліс жарияланды, бюро мүшелері ақылдасуға кетті. Залда күтіп отырмыз. Кенеттен қасымда отырған Демесінді шақырып алып кетті. Жарты сағаттан соң бәрі келіп орындарына жайғасты. Қаулыны оқыды. Маған партиялық жеке кітапшама жазылған қатаң сөгіс жарияланды (яғни, бастауыш партия ұйымының қаулысы күшінде қалдырылды).


Бірінші хатшы мәжілісті жабуға кірісер кезде басқарма бастығы сөз сұраған еді. Хатшы басын изеп рұқсатын берді. Ол сөз алу бойына бірден мен жайлы әңгіме бастады. Барлық кемшілікке кеңшар директорын кінәлі деп есептейтінін айтып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігіне бірінші кезекте директордың жауап беретінін, кінәні басқа адамға аударудың дұрыс еместігін тізбелей бастады (осыны трибунада тұрған кезімде неге айтпады екен?!). Менің де сөз сұрауыма болатын еді, бірақ маған енді сөз берілмесін білдім. Ал залдан айқайласып абыройымды төккім келмеді. Бюро осылай аяқталды. Үзіліс кезінде неге шақырғанын, не мәселе сөз болғанын Демесін маған айтқан жоқ. Мен де сұрамадым.


Осы бюродан кейін жұмыстан шығуға шын бекінген едім. Басқа жолы да жоқ болатын. Шаруашылықтың төрт құбыласы түгел тұра бермейді - бір жағын түзесең, екінші жағы ақсап жатады; яғни, тырнақ астынан кір іздеген адамға бәле қайдан болса да табылатын еді. Басым аман тұрғанда кеңшарды тапсырайын деген шешімге келдім. Тапсырар болсам, ең ыңғайлысы осы кезең болатын. Бір аптадан соң аудандық аурухананың бас дәрігері Сембиевке көріндім. Орныма бас инженерді қалдырып (жауапкершіліктің не екенін білсін деп әдейі қойдым), ауруханаға емделуге жаттым.


Осы екі арада облыстық партия комитетінің бюро мәжілісі болып өтті.


Бюроға біздің ауданнан үш адам қатыстық - Көшербаев, Шәріпов және мен. Мені, шамасы, бетке ұстау үшін алып барған болса керек. Мәжіліске қатысқан оншақты директордың ішіндегі шығыны азы мен екенмін. Сұрастырып көрсем, алды он екі мыңға дейін шығын берген шаруашылықтар бар. Менің: "Үш жарым мың қой шығын болды..."- дегеніме әлгі директорлар: "Соған бола обкомге сүйреп жүр ме?"- деп күліп жатыр.


Шындығын айтар болсақ, аудандағы мал өлімі болған жалғыз менің шаруашылығым емес еді. "Бозкөл" мен "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы кеңшарларда да осы шамада шығын болды. Бірақ, ол шаруашылықтар мен сияқты бір айда көрсеткен жоқ, кейін бірнеше ай бойы бөліп апарып, есептен шығарып құтылды. Мен олай жасай алмадым: егер шұғыл түрде мал санағы өткізілсе (бұлай жасаулары әбден мүмкін болатын), алып қалған мал - кем мал болып шыға келер еді. Мен осыдан қауіптендім.


Обкомның осы мәжілісінде көп шығын берген үш директорды орнынан тұрғызды. Олар малдың шығын болу себептерін түрліше дәлелдеп жатты. Бұлардан кейін аудандардың бірінші хатшыларының есептері тыңдалды.


 Біздің хатшы қыстың қатты болғанын, алты айға созылып шаршатқанын айта бастаған еді, Әуелбеков сөзін бөліп:


-  Көшербаев жолдас, шаршасаңыз арыз беріңіз. Сізді ешкім қинап жүрген жоқ!- деді.


Мұндай сөзді күтпесе керек, Елекең мүдіріп қалды.


 Сәлден соң:


- Шаршадым дегенде… аудан еңбеккерлерінің істеген жұмыстарын, солардың  шаршағанын  айтқан едім... – деп әрі қарай жалғастырып әкетті. 


Маған сөз берілмеді. Бұған біздің ауданнан барған басшылар қуанбаса, ренжімеген шығар деп ойлаймын...


Ауруханаға жатқасын бір аптадан соң бас дәрігерден сұрап шығып, бірінші хатшыға кірдім. Денсаулығыма байланысты жұмыстан босатуды сұраған өтінішімді тапсырдым. Арыз береді деп күтпеген болу керек, ойланып көп отырды.


Сосын:


- Шаруашылыққа бас-көз бола тұратын мамандарың бар ғой, алаңдамай, емделе бермедің бе?- деді.


Бұл шешімге он ойланып, тоғыз толғанып барып тоқтағанымды, ендігі жағдайда "Қызылқұм" сияқты ауыр шаруашылықты басқаруға денсаулығымның жарамайтынын айттым.


-  Олай болса, баста неге келісім бердің?


- Ол кезде денсаулығым жақсы болатын. Өткен жылдың күзінен бастап, биылғы майға дейінгі болған қиыншылықтар денсаулығымды күрт төмендетіп жіберді, Елеке. Алда тағы не боларын қайдан білемін?


Хатшы: "Ойланып көрейік…"- деді. Арызымды алып қалды.


Нәжмәдинге кіріп, бірінші хатшыға босату жөнінде арыз бергенімді айттым. Ол орнынан ұшып тұрды. Оның пікірінше, менің бұл ісім дұрыс емес. "Берілген сөгіс алты айдан соң алынады. Денсаулығың нашарласа, емделуің керек. Осындай жағдайда кеңшарды тапсырудың өзі саған оңайға түспейді. Арызыңды қайтып алғаның дұрыс..."- дегенге дейін барды.


- Арызды қайтып алу үшін бергенім жоқ, Нәке. Тәуекел, маңдайымнан көрермін,- дедім.


Бұл кезде аупарткомның ауылшаруашылығы бөлімін Мүслимов Сәбит деген жігіт басқаратын еді. Бұрыннан таныстығымыз бар болатын, ертеңіне сол келді ауруханаға. "Қажет десең хатшыға кірейін, арызыңды қайтып алуға жәрдемдесейін"- деді. Рахмет айтып, бұл ұсыныстан да бас тарттым.


Естіп жатырмын, орныма адам дайындауға кірісіпті. Горбачевтың қайта құру саясатына байланысты шаруашылық басшыларын сайлап қоюға бет бұрған уақыт болатын.  Менің орныма екі кандидатура - "Құмжиек" кеңшарының бас инженері мен "Қазақстанның 40 жылдығы" атындағы кеңшардың парторгі ұсынылыпты. Ауруханада жатқан кезімде сайлау өтті. "Құмжиек" кеңшарының бас инженері Қадіров Нартай директор болып сайланды.


Бір ай емделгеннен кейін, ауруханадан шығу бойына, Көшербаевқа кірдім. Емделіп шыққанымды айтып, жұмыс сұрадым. Хатшы:


- Алдымен шаруашылықты тапсыр, содан кейін хабарласарсың. Арғы жағын көрерміз...- деді.


Ауылға келгесін жаңа директорды қызметімен құттықтап шықтым. Етене араласпағанмен, таныс жігіт болатын. Қолымда санаторияға берілген жолдама бар екенін айтып, бір айдай демалатынымды ескерттім. Шаруашылықты қабылдап ала беруін өтініп, келгеннен кейін актіге қол қоярмын дедім.


Демалыстан келгеннен кейін Қадіровке кіріп, алыс-берістің жағдайын білдім. Санақ әлі бітпепті. Жақын арада бітіп қалар дегенді  айтты. Күтіп жата бердім. Екінші ай да өтті, бітер емес. Директорге: "Бұл не қылған ұзақ санақ?"- десем: "Мал бір рет саналып шықты, түгел сияқты. Басқарма бастығы барлық отардың санағына тікелей өзің қатысасың дегесін қайта санап жатырмыз. Бәріне қатысуға уақытым жоқ, санақты тоқтатып қоюға тағы болмайды - қаншама комиссия мүшелері бар... Не істерімді білмей отырмын... "- деп шынын айтты.


Қанша санаса да малдың түгел екенін білемін. Кеңшардағы техникалар мен агрегаттар, басқа да дүние-мүліктер қайта-қайта саналып, өндірілген өнімдердің есебі алынып, бухгалтерия мұқият тексеріліп жатыр. Осы тексеру үшінші айға созылғанда Шәріповке бардым. Алыс-берістің өте ұзап кеткенін, бір кеңшардың дүние-мүлкін бір айдың ішінде "барын-бар, жоғын-жоқ" деп анықтап бітіруге болатынын айттым.


-  Оған менің ешқандай қатысым жоқ. Ол кеңшар директорының жұмысы,- деді.


-  Жәке! Мал да, дүние-мүлік те түгел. Бәрі орнында. Егер мені айыпты еткіңіз келіп факт іздесеңіз, оны өзім-ақ айтып берейін. Барлық малды автовестен өткізіңіз, салмағын өлшетіңіз. Отардағы малдың салмағы құжатта көрсетілген салмақпен сәйкес келе бермейді, тек осы жерден ұстауыңыз мүмкін.


Егер бұлай айтпағанымда, санақ әлде де созыла берер ме еді, қайтер еді? Осыдан кейін көп уақыт өтпеді, Қадіров үйге адам жіберді. "Актіге қол қойсын"- депті. Мал да, мүлік те түгел болып шықты – қырық үш мың қой, тоғыз жүз бас жылқы мен түйе тапсырдым (бұл бұдан үш ай бұрынғы мал басы болатын).


Кеңшарды өткізіп болғасын бірінші хатшыға кірдім.


-  Шаруашылықты өткіздім, Елеке.


- Сенің жұмысың жайлы ауылшаруашылығы басқармасының бастығына тапсырғанмын,- деді хатшы.


Ендігі кезек ауылшаруашылығы басқармасына бару еді. Басқарма бастығы тәуір жұмыс береді екен деп иегім қышыған жоқ, сонда да болса барып көрейін дедім, не айтатынын білгім келді.


- Саған жұмыс тауып бер деп кеңшар директоры Қадіровке айтқанбыз, соған бар,- деді басқарма бастығы.


 Нартайға бардым.


-  Аудан саған жіберді, Нәке. Қандай жұмыс бересің?


- Менде қазір саған ыңғайлы жұмыстың реті жоқ,- деді жаңа директор.


Осылай боларын ішім сезген еді...


Кеңшардың штат кестесінде дәрежесі бас мамандармен қарайлас "Азаматтық қорғаныс инспекторы" деп аталатын жаңадан ашылған қызмет бар болатын. Мен кетерде осы орын бос еді (қандай жағдай болады деп сақтап жүргенмін), сол жұмысты уақытша бере тұруын сұрадым.


- Қыс келіп қалды, қазір көше алмаймын. Көктемге дейін осы жұмысты бере тұр. Кабинет сұрамаймын, үйде боламын. Саған пайдам тимейді, бірақ зиянымды да тигізбеймін,- деп ескерттім.


Директор келісті. Қарашаның аяғында бұйрығымды қолыма алып, қыс бойы үйде болдым.


                                                 * * *  


Енді қол босаған кезде, өткен оқиғаларға ой жүгіртіп, сараптамадан өткізетін уақыт бар сияқты...


Сол кездегі баспасөздерде жиі жазылып және жиналыстарда жиі айтылып жүрген "адам факторы" деген cөз болды. Көпшілігіміз осы сөзге онша мән бере бермейтінбіз. Бірде Көшербаевтың кабинетінде отырғанымда: "Адам факторы деген не? Сен оны қалай түсінесің? "- деп сұрағаны бар. Мен өз пайымдауымша жауап берген болатынмын. Хатшы менің жауабыма қанағаттанбағанын байқатты, мұрнын кіржитті де қойды (осындай әдеті бар болатын).


Менің түсінігімше, адам факторы дегеніміз - қандай да болмасын бір әрекетке адамның тигізер әсерін, яғни сол жұмысқа қосар үлесін білдірсе керек еді. Бұл кең көлемдегі ұғым, бұны бір-екі ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын. Солай да болса, шамам келгенше, жеткізуге тырысқан болатынмын.


Қазір ойланып отырсам, аудан басшысы тек аудандағы өндіріс, шаруашылық және әлеуметтік салаларды басқарып қана қоймай, сонымен бірге жекелеген адамдардың тағдырына да тигізер әсері бар екенін емеурінмен білдіргені екен ғой. "Адам факторы..." Мен бұны кезінде аңғармаған екенмін. Мен басшыны абстрактілі түрде ұлық деп ойлап, аудан басшысы деп қана қараппын. Оның да өзіміз сияқты пенде екеніне мән бермеген екенмін.


Бірінші хатшы мен туралы пікірін ешуақытта сыртқа шығарған емес, оның аузынан менің адресіме айтылған бір рет те сын ескертпе естіген емеспін. Солай да болса, маған қарсы астыртын әрекет жасағандай және оны ауылшаруашылығы басқармасы бастығының қолымен істегендей болып көрінеді де тұрады маған.   


Басқарма бастығы шаруашылығыма өкіл болып жиі келіп тұрды. Екеуміз малшыларды бірге аралайтынбыз. Сондай бір малшы аралап жүрген кезімізде шаруашылығымның өте ауыр екенін, ол шеті мен бұл шетінің үш жүз шақырымнан асатынын, өте қатты қиналып жүргенімді айтқанмын. Бұны өзімнің басыма түскен қиыншылықты бөлісу үшін және тәжірибелі басшы ретінде ақыл берер деп айтқан едім. Басқарма бастығы менің бұл сөзімді қостаған жоқ (қарсы пікір де айтпады), үнсіз қалды. Осыдан жоғарыдағыдай (шаруашылықты басқаруға қабілеті жетпейді деген) қорытынды жасай қояды деген ой ол кезде менің басыма келген жоқ болатын. Жауға сырыңды айтпа деп қазақ бекер айтпаған көрінеді, бірақ сол кезде оны жау емес, дос көріп айтқан едім.


Мені қызметтен босату жөнінде ұсыныс бергеннен кейін, ол өзінің пікірін дәлелдеу үшін, менен қайтсе де кемшілік табуға тырысты. Енді оған шегінетін жер жоқ болатын. Сол себептен өзінің орнына өкілдікке досы Ахметов Кенжебайдың жіберілуіне ықпал жасаған сияқты. Оның шаруашылықты аралап шыққаннан кейін «бәрі жақсы екен!» деп ауданға барып жар салуы - алдын-ала ойластырылған жағдай болуы да мүмкін. Шаруашылыққа жем беруді тоқтату үшін басқарма бастығына себеп керек еді. Жем сұрап барғанымда: "Жағдайың жақсы көрінеді. Қоймаларың жемге толы екен, жылқыға дейін жем беріп  жатырсың"- деуі соған саяды. (Жылқыға арнап аудан жем бөлмейтін еді, біз Сыр бойындағы қойдың есебінен жемдегенбіз).


Хатшының маған қарсы жалғыз басқарма бастығын емес, басқа да адамдарды айдап салғаны анық. Мысалы, тұтынушылар қоғамы бастығының шөп түсірткізбеймін деуі. Хатшы тарапынан түрткі болмаса Кәрімнің маған дүрсе қоя беретін реті жоқ еді. Бұл ешбір қыйсынға келмейді. Бұған оның қыс бойы үндемей келіп, тек басқарма бастығының райкомге жазған хатынан кейін ғана менің шалғайыма жармасуы дәлел.


Ауылшаруашылығы басқармасынан мені жұмыстан босату жөнінде ұсыныс түскен соң, хатшы осы мәселе бойынша бюро мүшелерінің пікірлерін білгісі келгені анық. Бұл ұсынысты бюро мүшелерінің көпшілігі қолдамағаннан кейін, басқа жағынан келуді ұйғарған сияқты. Шаруашылыққа аудандық кәсіподақтары қоғамының төрағасы Жанаевты жіберген. Жанаев коммунистермен жеке-жеке сөйлесті. Бұл жерден де маған қарсы салмақты айып таба алмағаннан кейін, бастауыш ұйымда мәселемді қарап, қатаң сөгіс беруді ойластырған. Хатшы тапсырма бермесе, Жанаевтың біздің шаруашылыққа келетін реті жоқ еді. Егер Жанаев келмесе, бастауыш ұйым өз бетімен мәселе көтеріп, қаулы қабылдай қоймас еді.


Хатшының ойында мені жұмыстан шығару болмауы да мүмкін. Бырақ, бұл жұмыстардың бәрін мені тәубеме келтіру үшін, өзінің қолындағы биліктің салмағын сездіру үшін істегені анық. Бастауыш ұйымның жиналысынан кейін хатшыға кіргенімде: "Қаулының бекітілу-бекітілмеуі әлі белгісіз..."- деуі осыны аңғартады. Егер сол кезде хатшының тілін табар болсам, бәрі де тып-тыныш бітер еді. Бірақ, мен хатшының алдына барғаным жоқ. Ойым - жұмысымды адал істедім, ешқандай кінәм жоқ, бір адам жұмыс істесе мендей-ақ істесін деген пікір еді.


Менің "жөнге келмесімді" білген хатшы бастауыш партия ұйымының қаулысын аупартком бюросында бекітіп жіберді. Кінәмнің жоқтығына жиналыс үстінде бірінші хатшыдан бастап, бірде-бір бюро мүшесінің маған қарсы пікір айтпағаны дәлел ғой деймін. Егер айыпты болсам, трибунада тұрған кезімде соққының астында қаларым анық еді. Маған тілектес бюро мүшелері жиналыста мені жақтап сөйлеген жоқ. Бірақ, бұны да түсінуге болады.


Кейін Нәжмәдиннен естідім, үзіліс кезінде, хатшының кабинетінде өзара көп дауласқан көрінеді. Мені жақтағандар аз болмапты. Дегенмен, қорытындысында бірінші хатшының: "Біз бастауыш партия ұйымының қаулысына, кеңшар коммунистерінің шешіміне бей-жай қарай алмаймыз ғой..."- деген сөзі таразы басын басыпты.


Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, әрі қарай жұмыс істеуім үшін хатшымен тіл табысуым керек еді. Болмаса, жұмыстан шығуым керек. Ауданның бірінші хатшысы оңай тұлға емес, оның үстіне аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы да соның сөзін сөйлеп отырса, екеуіне қарсы тұрып шайқасарлық шамам жоқ болатын.


Бірақ, тағы бір жол бар еді - ол облыстық партия комитетіне шағымдану болатын. Ойлана келе, бұл ойдан бас тарттым. Себебі, арада көп уақыт өтіп кетті. Егер шағымданар болсам, аудан жем бермей қойған кезде немесе басқа да кедергілер жасаған кезде шағымдануым керек еді. Ал ол кезде басыма бұндай ой келмепті.


Шаруашылықта үш жылдай директор болған екенмін. Бұл аз ба, көп пе? Бес-он жылдап директор болған басшылармен салыстырғанда бұл өте аз уақыт, бірақ соңғы бір жарым жылда менің басымнан өткен оқиғаларға қарағанда аз уақыт емес сияқты. Аз болсын мейлі көп болсын, қанша жыл жұмыс істесең де, сол жұмысыңның төрешісі түптің-түбінде райком емес, халық болады. Алға қойған мақсатым - өзімнің борышымды адал атқару, яғни Әуелбеков айтқандай, «қолым таза болып, халықтың бетіне тура қарау» болды. Бұл мақсатымды орындай алдым ба, алмадым ба, оны да халық айта жатар. Бірақ сол халықтың да біле бермейтін жағдайлары болады. Соның бір-екі мысалын келтіре кеткім келеді.


Директор болып бекіп келгеннен кейін үй сұрап келушілер көбейді. Арасында бұрыннан кезекте тұрғандары бар, кезексіз өзімсініп келгендері де бар. Көбісінің даулайтыны бұрынғы директор Бердіғалидың жақын інісінің үйі. Інісі көрші "Бозкөл" кеңшарында тракторшы болып жұмыс істейтін еді. Кезінде Бердіғалиға айта алмағандар енді маған арызды қардай бората бастады. Айтатындары: "Басқа кеңшардың адамына неге үй беріледі?". Бекеңнің де көңіліне қарамаса болмайды (ол кісі кеңшар кәсіподағы комитетінің төрағасы болып істеп жатыр), осы жайды өзіне айтып едім: "Ағамның көңілін қимай берген едім... Егер дауласып жатса олардікі дұрыс"- деді. Бекеңнің ағасына хабар айттым: "Балаңыз біздің кеңшардан жұмыс істесін, мен трактор берейін, болмаса үйді босатуы керек". Отан соғысының мүгедегі, ағаш аяқпен жүретін адам еді. Үйге өзі келді. Үйді босатқысы жоқ, баласын да бізге жұмысқа бергісі келмейді. Шамам келгенше түсіндіріп бақтым. Ол кісі кеткеннен кейін бөлмені жинап жүрген қызым көрпе астынан конверт тауып алыпты. Аузы мұқият желімденген, ішінде ақша бар сияқты. Маған тастап кеткені анық. «Бозкөл» кеңшарында аудандық кеңеске депутат қойшы қызы бар еді, ертеңіне машинамды жіберіп соны алдырдым. Әкесін айыптамайтынымды, егер баласы бізде жұмыс істесе ешқандай конвертсіз-ақ үйді беретінімді айттым. Конвертті қайырып бердім. Осыдан кейін ол кісіден хабар-ошар болмады. Үйді кезегі келіп тұрған көп балалы отбасына бердік.


Кеңседе сыпырушы болып жұмыс істейтін бір кемпір болды. Үйі кеңсенің жанында еді, қолында қызының қызы бар, екеуі тұрады. Бір күні жұмыс аяғында кабинетіме сол кісі кірді. Немересінің бухгалтерлік оқу бітіргенін, соған жұмыстың ыңғайы болса деп келгенін айтты. Кеңседегі бухгалтер келіншектің бірі декретке шыққалы жүрген болатын, соны естіп келген болу керек. "Ойланып көрейік, ертең келерсіз"- дедім. Ертеңіне бас бухгалтермен ақылдаса отырып жұмысқа алатын болдық. Келіншек декретке шығу бойына қызы жұмысқа кірісті. Арада төрт-бес күн өткенде: "Қызымның жұмысының байғазысына беретін бір қашарым бар, соны алыңыз"- деді. Мен: "Рахмет, алмаймын"- дедім. Қария шын көңілімен-ақ айтқан шығар, бірақ жалғыз кемпірдің қолындағы қашарын алуға арым бармады. Менің анамның да осындай кеңседе сыпырушы болып жұмыс істегені, бір өзінің жиырма пешке от жаққаны есімде. Бірнеше күннен кейін әйеліме келіп: "Атаған бір сиырым бар, соны қораңа әкеліп байлаймын"- депті. Әйелім әдетінше: "Мен күйеуімнің жұмысына араласпаймын"- деп қайтарыпты. Қарияны шақырып алдым. "Сізден ештеңе дәметпеймін, маған батаңызды берсеңіз болады"- деп батасын алдым.


Бір күні кабинетіме кеңшарда көп жыл шопан болып жұмыс істеген қарт кісі келіп кірді. Қасында кемпірі бар. Екеуі әңгіме арасында маған атап соғымға бір байтал байлағанын айтты. Рахметімді айтып сыйлығын ала алмайтынымды түсіндірдім. Далада жатқан байтал жоқ, бұл жолы ешнәрсе айтпаса да артының сұрауы болары анық еді. Ол кісі ренжіп те кеткен шығар, дегенмен бір жылқыға бола өзімді тәуелді еткім келмеді.


Берілген техникалар мен пәтерлер үшін иелерінен сый-сияпат талап еткенім жоқ. Жаңа техникалар мен салынған үйлерді шаруашылыққа еңбегі сіңген немесе кезегі келіп тұрған адамдарға беріп отырдық. Несін жасырайын, кейбірінің балама атаған құлын-тайы мен бота-тайлағы болып жатса: "Қолыңызда жүре берсін, кейін алармын"- деген кезім болды. Кейбірін алдым (тіпті, өсімімен бергендері де болды), қызметім ауысқаннан кейін бермей кеткендері де болды. Адамнан қайтпаса, Алладан қайтар дедік.


Енді, шаруашылықты қалай басқардым деген мәселеге тоқталатын болсақ, бұл жөнінде менің айтқан қандай да уәжім орынсыз болған болар еді. Бұл пікірді сырт адамның айтқаны дұрыс. Мен тек бір нәрсені ғана қосқым келеді - басшылар тарапынан өзіме тікелей айтылған: «Сен дұрыс басқара алмадың!»- деген сөз естіген емеспін. Директор болған үш жылдың ішінде, соңғы жылғы мал басының шығыны мен төлдің жоспарының орындалмай қалғаны болмаса, саланың барлық түрінен жоспар мен міндеттеме артығымен орындалып отырды.


Тағдырдың жазуы болар, мен басшы болған уақыт "Қызылқұмның" басынан бұрын-соңды өтпеген қиын кезең болды. 1986 жылдың жазындағы қуаңшылық пен қысындағы табиғи апат бұл өңірде бұрын болмаған жағдай. Бұған сол кездегі Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен обком хатшысы Еркін Әуелбековтың біздің шаруашылықты әдейі келіп көруі дәлел. Шалғай қызылқұмдағы малдың жаз бойы жемделуі, сонау Көкшетаудан вагонмен қыс бойы шөп тасылуы, отыздай қой отарының Сыр бойындағы күріш кеңшардарының жеріне көшірілуі бұрын көрмек түгелі естімеген жайт болатын. Шаруашылықтың мамандары мен еңбекшілерінің жігерлі жұмыстарының арқасында, жоғарғы жақтың берген көмектерін дұрыс пайдалана отырып, сол қиыншылықтарды жеңе білдік.


Дегенмен, кемшілік жіберген жерлерім де болыпты. Оны мойындаймын. Шаруашылықты басқару деген өз алдына бір ғылым. Кәсіпорынның жарғысы, басшының құқығы мен міндеттері болғанымен,  мына шаруашылықты осылай басқару керек деген ереже еш жерде жоқ. Әр басшы өз білімі мен тәжірибесіне, ақыл-парасатына қарай шешім қабылдайды. Мысалы, 1986 жылдың күзінде кеңшар аумағына бір күнде жетпіс сантиметр қар түскенде, барлық мал қар астында қалып, оларға техника жете алмағанда біз не істерімізді білмей қатты састық. Бұрын-соңды бұндай жағдай болып көрмеген еді. Бұндайда не істеу керек екені еш жарғыда, ешқандай ережеде жазылмаған. Біз ақылдаса отырып бүкіл елді жұмылдыру арқылы осы қиын жағдайдан шыға білдік. Әрине, мал шығыны болды. Барлығы қалыпты жағдайға келгеннен кейін: "Олай істемеу керек еді… Бұлай істеу керек еді…"- деген ақылгөйлер де табылып жатты. "Біткен іске сыншы көп" дейді. Сол адамдардың өздерінің бізден артық іс-әрекет жасай алатынына менің күмәнім бар. Жұмыс барысында кейде дұрыс шешім қабылдамаған жерлерім болған шығар? Онсыз жұмыс істеу мүмкін емес деп ойлаймын. Тәжірибе дегеніңіз жіберген қателіктер мен кейбір "әттеген-айлардың" қорытындысынан жиналатын нәрсе.


Сол кездерде Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Ипатов ауданынан бастау алған "Егін жинаудың лектік әдісі (поточный метод уборки)" қолданыла бастаған болатын. Бұл әдістің негізгі мәні - барлық техника мен адам күшін бір жерге жинап, бір жерден басқару арқылы еңбек өнімділігін арттыру. Шаруашылықтағы барлық техника әуелі бір бригаданың егінін жинап, осыдан кейін кезекпен басқа бригадаларға ауысып отырады. Бұл әдіс егін шаруашылығына тиімді болғанымен, мал шаруашылығына келе бермейтін еді. Біздің шаруашылықтағы төрт ферманың арасы тым шалғай, техника мен адамдардың басын қосып жұмыс жасау өте ыңғайсыз. Сол себептен біз өзіміздің өндірістік кеңесімізде шөп дайындау науқанын әр ферма өз техникасымен бөлек өткізетін болсын деп келіскен едік.


Ертеңіне басқарма бастығы келді. Біздің ойымызды естігеннен кейін бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы шықты. Негізгі шабындықтың бір жерде екенін айта келіп, «жаңалыққа қарсы, кертартпа» екенімізді бетімізге басты. Бұл Орталық Комитеттің көтеріп отырған бастамасы екенін салмақтап айта бастады. Осы жерде бұл әдістің біздің жағдайға келмейтінін дәлелдеп тұрып алуым керек еді, "Орталық Комитет" деген сөздің мысы басып, мен қарсы келе алмадым.


Бұрын әр ферма шөптерін өздері дайындап алатын еді. Біз шабындықты ғана бөліп беретінбіз. Егер кемшілік болып жатса жауапкершілік ферма меңгерушілерінен сұралады. Мына жағдайда олар жауапкершіліктен сырт қалатын болды - мұнда барлық жұмыс бас мамандарға міндеттеледі. Қазақта «киіз кімдікі болса білек соныкі» деген сөз бар. Бас мамандар қаншама жүгіріп жүріп жұмыс істегендерімен, малдың негізгі егесі, мойнына алып жауап беретін олар емес, ферма меңгерушілері болатын.


Сол жолы біз осы әдіспен жұмыс жасаймыз деп пайда көре алмадық. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?..» болды да шықты. Ақыры шөп дайындауда ауданның артында қалдық. Бұл менің жіберген бір осалдығымның ғана нәтижесі еді.


Шаруашылықты басқару мемлекеттік жоспар мен міндеттеме орындау ғана емес. Елдің мұң-мұқтажын, барлық өтініштерін шешу басшының мойныңда. "Шаруашылық... Жоспар... Міндеттеме..." деп қана жүрмей, сол жұмыстарды іске асыратын халықтың да жағдайын жасамасаң болмайды. Аудан мен облыстан алған қызыл тулардан халыққа келер пайда шамалы. Оларға күнделікті тұрмысына қажетті жұмыстардың жасалғаны керек. Яғни тұрғын үй, қала-далаға қатынайтын көлік, ішетін су, егетін жер мәселесі, тіпті кейбіреулерінің отын-суы мен малының жем-шөбі де шаруашылықтың мойнында. Санай берсең, осындай "керектердің" санына жету қиын. Өзің басшылардың қырына ілігіп, көзге шыққан сүйелдей болып жүрсең бұл жұмыстардың қай-қайсысын да орындау оңайға түспейді. Ал орындай алмайды екенсің, онда басшы деген атаққа ғана малданып жұмыс істеудің қажеті шамалы.


Кеңшарды өз еркіммен тапсырғаным кейбір жанға түсініксіз болып көрінуі мүмкін. Осы күнге дейін: "Сен дұрыс жасамадың... Шаруашылықты тапсыруың қате болды..."- дегенді бірнеше адамнан естуіме тура келді. Олардың алдында ақталып жатқым келмейді. Түсінген адамға өмірдің өзі ұлы ұстаз. Меніңше, "мың күн атан болғанша, бір күн бура бол", "мұрның барда сіңбіріп қал" деген мақалдарға сүйеніп жұмыс істеуге болмайды. 


Кеңшар директорлары ауданның бірінші хатшысынсыз аяғын қия баса алмайды. Солай да болса, күнделікті шаруашылық жұмыстарын қадағалап отыратын, соған сәйкес тәртіп беретін аудан басшылары жеме-жемге келгенде бар жауапкершілікті шаруашылық басшыларына аудара салатын еді. Себебі, кәсіпорынның құжаттарына бірінші қол қоятын шаруашылықтың директоры. Аудан басшысы тапсырма бергенмен, шаруашылықтың бірде-бір құжатына қол қоймайды.


Облыстық атқару комитетінің төрағасы Бәкіровтің өзімен тығыз                   байланыста болған Сарқұлов Құбайдолланы директорлықтан босатып, ісін сотқа бергенде ешкім арашалап қала алмады. Аудандағы беделді басшының бірі болып түкірігі жерге түспей тұрған Энгельс атындағы кеңшардың директоры Жөкелов Бүркітті орнынан аларда ешкім қорғаған жоқ. (Оның ауданның бірінші хатшысы Қозтай Әбуовпен жақсы қатынаста болғанын білеміз, кейін Әбуовтың  орнына басқа хатшы келген болатын). "Жаңақұрылыс", "Қазалы", "Абай" шаруашылықтарының басшылары Омаров Сүлеймен, Сахитжанов Нағашыбай мен Әметов Жеңістер түрлі кемшіліктері үшін бюрода сыналып, қолынан іс келмеді деген айыппен орындарынан алынды. Сонда олардың бұған дейінгі істеген еңбектері еленген жоқ. Бұл өз көзіммен көргендерім ғана, ал көрмегендерім қаншама? Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады.


Сол жігіттердің бәрі де ешкімнен кем емес еді. Алқалы топта сөз бастап, тығырықтардан жол бастап-ақ жүрген азаматтар болатын. "Оның өйтуі керек еді... Бұның бүйтуі керек еді... Ол өйтпеді, бұл бүйтпеді…"- деп айтуға ғана оңай. Қазақта "түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды" деген мақал бар.


...Жұмыстан босаған бір директорге:


- Көп жыл қызмет істедің ғой, несіне өкінесің? Балаңның баласына жететін байлықты жинап алған боларсың?- деп әзілдепті бір құрдасы.


Сонда әлгі директор:


- Байлық  дегенің сағасы байланса арты таңқиып қалатын арықтағы су ғой. Қанша жинағаныңмен қазір-ақ таусылады. Құдай сағасын байламасын!- деген екен.


Айтып отырған "сағасы" адамның еңбегі болар. Екі қолың мен екі аяғың, білімің мен ақыл-ойың және денсаулығың болса - байлық дегенің сол. Көп болсын мейлі аз болсын, жинаған дүниеңнің қайыры болсын! Отбасың аман және денің сау болса, алдыңдағы асыңды уайымсыз ішсең байлықтың үлкені осы! Пәлен жыл кеңшар басқарған, дүниені ішіп-жеп шалқыған басшылардың сотқа жауап  бергенін көрдік. Кезінде құдалығына самолет жалдап барған директордың қызметінен түсіп қалғаннан кейін ескі көлік мініп жүргенін көрдік. Кезінде күрішті машиналап саттырған директордың жаяу қалғанын көрдік.


Институт бітіріп келіп Қызылдың топырағын алғаш басқан 1974 жылдан бері он үш жыл өтіпті. Осы он үш жылдың ішінде қатардағы маманнан кеңшар директоры қызметіне дейінгі жұмыстардың бәрін басымнан өткіздім. Алғашқы қабылдауға жазған арызым мен кешегі босану жөніндегі арыз болмаса, басқа уақыттарда барлық қызметті тағайындау арқылы істеппін. Азды-көпті еңбегім еленбеді деп те айта алмаймын - өз мамандығым бойынша облыстың үздігі атандым, Бүкілодақтық Көрменің медалін алдым, аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайландым. Аупарткомнан, ауаткомнан алған құрмет грамоталарым, алғыс хаттарым бар. Осының бәріне тек өзімнің қабілетім мен іскерлігім арқылы жеттім десем, ол да шындыққа жатпас еді. Еңбегімді елеген, қолтығымнан демеген жандар болды. Солардың қатарына Қазалы аудандық ауылшаруашылығы басқармасын басқарған Түгелбай Пірімбетовты, осы мекеменің көп жылғы бас зоотехнигі Орналы Мұстафаевты, "Қызылқұм" кеңшарының директоры Бердіғали Құрманбаевтарды жатқызуға болады. Осы кісілердің ұсыныстары мен қолдаулары арқылы келесі қызметтерге көтерілдім және шамам келгенше сол кісілердің сенімін ақтауға тырыстым.


Менің қайратқа толы саналы жылдарым осы Қызылда өтті. Теорияны білгенмен, іс-тәжірибеден  хабары аз сарыауыз балапан -  жас маманның - шаруашылық басшысы деңгейіне дейін көтерілуіне осы ұжым мен барлық малшы қауымының, бір сөзбен айтқанда сол ортаның үлкен әсері болды. Қызылда көп жыл мал баққан Қарабала, Шүленбай, Алданазар сияқты ақсақалдардың айтқан ақылдары, солардың ізін қуып озат шопан атанған Сейтәлиев Қарлаңбай, Іниятов Марат, Қабылов Ізбасар, Ршымбетов Маусым, Ілиясов Қази, Нұрмаханов Қожантайлардың іс-тәжірибелері көп көмегін тигізді. Осы кісілерге басшы бола жүріп, өзім солардан көп нәрсе үйрендім десем болады. Сондықтан, қызылдың қия құмында өткізген он бір жылды мен өмірімнің ең бір жақсы кезеңі деп есептер едім.  


                                                              * * *


Қыс өтіп, көктем келді...


Мамыр айының ішінде аупарткомның ауылшаруашылығы бөліміне шақырды. "Облыста ғылыми-өндірістік орталық ашылғалы жатыр. Аудандарда өкілі болуы керек, біздің ауданның атынан жүмыс істеуге қалай қарайсың?"- деді. Келістім. Ертеңіне Қызылордаға бардым. Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының облыстағы филиалының жанынан ашылған мекеме екен. Негізгі жұмысы ғылым мен өндірісті біріктіру, яғни мал тұқымын асылдандыру мақсатында ғылым жетістіктерін өндіріске ендіру. Бастығы ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жүндебеков Нұрман, ғылыми жұмыстарын жүргізетін аралдық Қосаев Темірбек деген қызметкер.


Сол күннен бастап осы мекеменің бас маманы болып жұмысқа кірістім. Қызметке пайдалану үшін мекеме УАЗ көлігін берді. Өзім жүргіземін. Жаздың ортасына таман Жаңақазалы поселкесіне көшіп келдік. Терешкова көшесінің бойынан бау-шарбағы бар үй сатып алдық. Ай сайын Қызылордаға барып тұрамын. Жұмысым жайлы есебімді беріп, жалақымды алып қайтамын.


Бұл мекеме кейін өз алдына жеке шаңырақ көтерді, ғылыми-өндірістік орталығы деген атпен қайта құрылды. Төрағасы Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Ыбыраев Нұртаза болды. Бұл Одақ тарқап, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдар болатын.


Байтал түгілі бас қайғы дегендей, бұл кезде малды асылдандыру тұрмақ, сол мал басының өзі талан-таражға түсе бастаған еді. Жылдар бойы ортақ дүние - мемлекеттікі болып келген малдың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін көзіміз көрді. Кеңес өкіметі тарқағаннан кейінгі төрт жылдың ішінде аудандағы малдың саны он есеге жуық азайды. "Қызылқұм" кеңшарында мен тапсырған кезде  сексен алты отар қой мен он төрт табын ірі қара болса, 1995 жылы осыдан он-ақ отар қой қалған еді. Қазір бір бас та қой жоқ. Сол қырық мың қой мен мыңға жуық жылқы-түйеден үлесімді алдым деген бір малшыны кездестірмедім. Соншама жыл қыстың қақаған суығына тоңып, жаздың аптап ыстығына күйіп баққан малынан көпшілігі өз үлестерін ала алмай қалды. Осы Ұлы қанталапайда сол сәтті дұрыс пайдалана білген, сол кезде қолында билігі бар жандар олжалы болып шықты[18].


Шаруашылықтардың жаппай тарқауына байланысты облыстық ғылыми-өндірістік орталығы 1993 жылдың аяғында жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Осыдан кейін өмір ағысына бейімделген болып, мен де жеке кәсіп аштым - коммерцияға қарай бет бұрдым. Ол өз алдына бөлек әңгіме…


"Қызылқұм" кеңшарының тағдырына келетін болсақ, қазір Қызылқұм бөлімшесінде ел жоқ. Тұрғындары үдере көшіп, кең байтақ қазақ даласының әр жеріне барып қоныс тепкен. Ажар бөлімшесінде оншақты ғана үй қалды. Ал Кәукейдің халқы маңайындағы көлдерден балығын аулап, қолындағы аздаған малын бағып, күндерін көріп отыр. Қызылдың қия құмдарын жайлаған қалың ел болғаны, мыңғырған мал болғаны[19] сол жерде тұрған халықтың және сол малды баққан жандардың ғана есінде қалды.                                                     


                                                 


                                                                                                    Шымкент  қ.   2006-2008 жж.


[1] Кейін білдім, құрылысшылар қораны жазда, шопандар жайлауға көшіп кеткен кезде салады екен. Өздері қолайлы көрген жерге салады да, кете баратын көрінеді.


      [2] Қуаңдария – Сырдария өзенінің Қармақшы және Қазалы аудандары аумағынан өтетін құрғақ арнасы. Көктемгі су тасыған кезде арна бойынан бір айдай су ағып, Арал теңізінің Бозкөл шығанағына құяды.


[3] Қызылқұмдықтар артезиан скважиналарын бұлақ деп атайды.


[4] Қызыл - Қызылқұм өңірін жергілікті халық осылай атайды.


[5] Мемлекет малының кем болуының түрлі себептері бар. Шығынның пайызы көбейіп кетеді деп кейде өлген мал есептен шығарылмай қалады. Кейде төлдің көрсеткішін көтеру үшін жоқ төл есепке алынады. Үшінші бір жағдайда ішкі мақсаттарға жұмсалынған малдар есептен шықпай қалуы мүмкін. Осының бәрі тірі малдың есебінде тұрады.


[6] Коммунистік партияға 1977 жылы Кызылқұмда жүргенде өткенмін.


[7] Бұл кезде Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қаһарман Табынбаев  болатын.


[8] Бұл кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев болатын.


[9] Қазалылықтардың  көбісі кіші жүздің әлім тайпасынан болып келеді. 


[10] Сақ -  пішеннің жеуге жарамсыз қалдығы.


[11] Асан, татыран, қаракесек – әлім тайпасының ішіндегі  рулар.


[12] Қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыркөл ауданы.


[13] Бұл уәдемді, өкінішке қарай,  орындай алмадым. Мүмкіндігім болмады.


[14] Қазалы ауданы 1980-ші жылдары "Қазалы" кеңшарының меринос қойларын Шымкент облысына беріп, орнына сол облыстан қаракөл қойларын алған болатын. Ол кезде мен ауылшаруашылығы басқармасында аға зоотехник болып жұмыс істейтінмін, кейбір ресми құжаттарды  дайындауға қатысқанмын.


[15] "Угольник" - қалың қаңылтырдан үшбұрышты етіп жасалынған, жолды қардан тазалайтын құрал. Тракторге тіркеледі.


[16] Алғашқы барған алпыс адам бір айдан кейін алмастырылған болатын. Көкшетау облысында барлығы жүз отыздай адам жұмыс істеп қайтты.


[17] Жақайымдардың дені Арал теңізін жағалай орналасқан, балық аулауды кәсіп қылады. Ауданның бірінші хатшысы Көшербаевтың руы да жақайым болатын.


[18] Бұл жерде сөз «Қызылқұм» кеңшары жайында болып отыр. Кейбір шаруашылықтарда малшылар жеке пай үлестерін алып, кооперативтерге біріккен жағдайлар болды.


[19] 1990-шы жылдары Қазақ ССР-нде 40,0 млн. қой болды. Қазіргі Қазақстанда статистикалық комитеттің мәліметі бойынша 17,0 млн. қой бар.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.