• Бүгін: 19.05.2019 |$1 = ₸379.76

Өмірдің кейбір кездері...

Авторы: Ислам АХМЕТҰЛЫ


III - БӨЛІМ


 ӨМІРДІҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ...


  Деректі әңгімелер


 Өмір өткен күндер емес, есте қалған күндер"


......................................................                                                                                                             Мольер


                      Біздің ауылдың айтқыштары               


Әр ауылдың өзінің Жиренше шешендері мен Шығайбайлары, Қожанасырлары мен Алдаркөселері болады. Олардың айтқан сөздері мен істеген істері ел есінде сақталып, ауыздан-ауызға тарап жатады.


Осындай жандардан біздің ауыл да кенде болған емес…


                                                 * * *


Ауылда Қаленнің Төлебайы жайлы әңгіме өз алдына бір төбе. Төлебай көкем менің арғы атам Сегізбайдың Қосбармақ деген ағасынан тараған ұрпақ. Бізге төрт ата жерден қосылады.


Төкеңнің әкесі Қален атамыз да қызық адам болған деседі. Таңертең есегіне мініп мал жайып бара жатып, қолындағы таяғымен жерде жатқан сиырдың жас жапаларына түртіп белгі салып кетеді екен. Ауылдың тезек жинаған келіндері белгі салынған жапаларға тимейтін көрінеді (сол кездегі келіндер қандай тәртіпті десеңізші?!). Кешкісін әлгі белгіленген жапаларды немерелеріне жинаттырып алдырады екен.


Төлебай көкемнің Қантай жеңгемізге үйленерінде бір қызық жәйт болған дейді. Жеңгемізді алып келуге барғанда қыздың жеңгелері: «көрімдігін бермесең көрсетпейміз» деп Төкеңді қалыңдығына жолықтыра қоймайды. Осылай боларын алдын-ала сезген Төкең кешкі алакеуімде жеңгелерінің қолына будақ-будақ ақшаларды ұстата беріпті. Бұндай мырза күйеуді бұрын-соңды көрмеген жеңгелері көп ұзатпай қалыңдығына апарып қол ұстатады. Құдаларды аттандырғаннан кейін, ертеңіне қалталарындағы ақшаларына қараса – ақшаға ұқсамайтын сияқты. Сөйтсе, ақша деп таратып бергені ол кездері айналымда жүрмейтін заем қағаздары екен.   


                                               * * *


Бірде құрдастары қалжыңдайды: "Сен әйеліңді сабай алмайсың!"


Бұл әзілдерінен үндемей құтылғысы келген екен, еркек емессің деп намысына тие бастайды. Бұған шыдай алмаған Төкең: "Сәлден соң үйге келіңдер"- деп кетіп қалады.


Келу бойына әйеліне:


- Қатын, тездетіп қалың киімдеріңді киіп ал. Мен қазір сені сабаймын,- дейді. 


Ешнәрсеге түсінбеген жеңгемізге шілденің ішінде қыстағы киетін киімдерін киіндіріп алып, сартылдатып сабай бастайды. Осы кезде үйге жақын келген құрдастары шығып жатқан дыбысты естіп:


- Е-е, Төлебай да әйелін ұрады екен,- деп жөндеріне кетіпті.


                                                 * * *


Бір күні каналдың бойымен келе жатқанда алдынан бір жеңгесі қарсы жолығыпты. Төкең айғырша бір оқыранып алады да, жеңгесін қуа жөнеледі. Қайнысының мінезін білетін жеңгесі тұра қашады. Енді жақындай бергенде... жеңгесі суға қойып кетіпті. Бір батып-бір шығып арғы жағаға бет алған жеңгесіне қарап Төкең тағы бір рет оқыраныпты да жөніне кетіпті.


Бірде сол шешемізден: "Осы рас па?"- деп сұрағанымызда: "Рас қой..."- деп мойындаған еді. Бір қызығы, шешеміз суға жүзе білмейді екен. "Онда каналға қалай түстіңіз"- дегенімізге:


- Ол кезде ойланып жатуға мұрса болды ма? Әйтеуір аман-сау шықтық қой арғы бетке,- деп күлген болатын. 


                                                * * *


Жеңгесі болғасын менің анаммен де қатты әзілдесетін еді. 


Бір күні шәй ішіп отырғанымызда Төкең кіріп келді. Дастархан басына жайғасып отырып шәй ішті. Сол кездері алпысқа келіп қалған кезі, соған қарамастан маған көзін қысып-қысып қояды. Мен ешнәрсеге түсінбей отырмын. Шешем шәй құйып отырған болатын, бір кезде: "Астапыралла!…" деген даусы шықты да, шалқасынан құлады. Көкем ештеңе болмағандай шәйін ішіп отыра берді, Төкең шек-сілесі қатып мәз болуда.


Анам құрбақадан қатты қорқатын еді. Соны білетін Төкең ойыншық құрбақа алып келген екен (жеңгесін қорқыту үшін дүкеннен әдейі сатып алған көрінеді). Ойыншықтың резеңке шлангасы бар екен, ұшынан қысып қалса әлгі "құрбақа" секіріп-секіріп кетеді.


...Анам қайтыс болғанда, Төкең ауылдың молдасы болатын. "Енді маған бұндай жеңге табыла ма, күнде құран бағыштап отырамын"- дейтін болды.


* * *


Қани ағамның үйіндегі Қадиша жеңгем іске де сөзге де шебер, пысық адам болатын. Төртқара руының қызы болғандықтан бұл жағынан көкеме балдыз болып келетін еді. Кәлима апамды ұзатып жіберетін осы кісі. Қызының кетіп қалғанын біліп, ашуын шешемнен алып отырған көкемнің алдына келіп кешірім сұраған да өзі болды.


Кәлиманы бөтен жерге емес, өзінің жиен інісіне қосқанын айта келіп:


- Қайнаға! Аққызды (Үржан апамды осылай атайтын- И.А.) танымайтын жақайымға да бердіңіз ғой. Сіздің сыртыңыздан бір билік жасаған екенмін, маған қара қызыңызды да қимайсыз ба?- деді.


Ол заманда сөзге тоқтайды, әкем бұған уәж айта алмай қалды.


                                                     * * *                                              


Ол кездегі келіндер атасының, қайнағасының және қайнысының аттарын атамайды - жанама ат қойып айтады. Қадиша жеңешем осындай ат қоюдың хас шебері еді. Біздің әулетте бұл жөнінде оның алдына түсетін келін жоқ. Оның қойған аттары бүкіл жұртқа таралып кете барады. "Кеңтанау қайнаға", "Ақбайпақ қайнаға", "Түймебет қайным", "Қайқытөс қайным" деген жанама есімдердің авторы осы кісі. Сегіз санын атамайды (біздің Сегізбай деген атамыз болған), оның орнына "екі төрт" деген атауды қолданады. Алтай атты атамыздың болуына байланысты алты санын "бестен бірі артық" дейді. Айды "сәуле" дейді. Көбек деген атамыздың аты айтылады деп сүттің бетіндегі көбігін "шаңбырақ" атайды. Күнді (Күнту деген атамыз болған) "шуақ" дейді. Сондықтан ауыл-аймақта Күнту атамыздың ұрпақтарын "Шуақ атаның балалары" деп те айта береді.


Бұрын-соңды еш адамнан естімеген тың сөздерді де осы кісіден естуші едік. Бір нәрсеге таң қалған кезде: "Енді қай бетімді шымшимын?!.."- дейтін, кейде біреуге ренжісе: "Қалай қылғанда, қалай қылайын..."- деп отырушы еді.


     ***


Қани ағамның менімен құрдас Шолпан атты қызы бар. Күйеуінің есімі Марат.


Бір күні ағамның үйіне барсам, Шолпан отыр екен. Қадиша жеңешем қызынан:  "Әлгі қара жердің директоры қайда жүр?"- деп біреу жайлы сұрап жатыр. Шолпанға: "Ол кім?"- деймін. "Марат қой айтып отырғаны"- деп күледі.


Арал қаласынан киім тігетін фабрика ашылатын болыпты. Фабриканың орнын белгілеп, аумағын қоршап, тіпті директорына дейін тағайындап қояды. Директоры Шолпанның күйеуі Марат екен, бірақ фабриканың құрылысы бір жылға дейін бастала қоймапты. Әлі салынбаған фабриканың директоры болып жүрген күйеу баласына "Қара жердің директоры"  деп ат қойып алыпты. 


                                          * * *


Жеңгем бір кездері темекі шегіпті. "Әдейі шекті дейсің бе, мұрным ауырғасын, маңқа болып қалармын деп қорыққаннан шектім ғой"- дейтін еді.


Темекіні қойғанын былай айтады:


- Соғыстың кезі, нанды карточкамен береді. Бір күні кезекте тұр едім, бір жас бала келіп темекі сұрады (жеңгем темекі шегіп тұрса керек- И.А.). Әлгі балаға қарасам, қараң қалғырдың мұрнының боғы әлі кеппепті, жасы он бір-он екілерде ғана. "Оны не істейсің?"- деп едім: "Шегемін!"- деді. "Егер сен темекі шексең, мен шекпей-ақ қойдым осыны"- дедім де... қалтамдағыны пәшкесімен қолына ұстата салдым. Содан кейін тартқан емеспін"- деп әңгімесін аяқтайтын.


* * *


Киім тігудің шебері еді. Арал қаласының сол кездегі атқамінерлері жағалы киімдерін Қадиша жеңешеме тіккізетінін білемін. Себебі, жеңгем Арал қаласына "тігінші Қадиша" деген атымен белгілі адам. Қай уақытта барсам да қолы тыным таппайды, бір нәрсе істеп отырады.


Бір жағы әзілдеп, бір жағы шындап:


 -  Жеңеше, үнемі тыным таппайсыз ғой, бір сәт дем алмайсыз ба?- деймін.


Сонда:


-  Оқушы қайным-ау (маған қойған аты- И.А.), бұл жанды Құдайға осы күйінде бере салады ғой деп пе едің? Мен бұны әбден пайдаланып, сілікпесін шығарып барып тапсырамын ғой ол жаққа,- дейтін еді.


  ***


Ауылда Қаналиев Әбдіразақ деген ағамыз болды. Шаруашылықта жанармай бекетінің меңгерушісі болып жұмыс істеді, яғни жанар-жағар майдың егесі. Ақындығы бар еді. Болғанда да анау-мынау емес, әжептәуір. Бірақ осы ағамыздың өлеңдері ешбір газет-журналда басылып көрмеген. Оған өлеңдерінің нашарлығы емес, тұздығы ащылау болып келетіні себеп болса керек. Дегенмен айтқандары мен жазғандары ауыз әдебиеті сияқты ауыздан-ауызға тез тарап отырған.


Әбекеңнің өлеңдері бұқаралық ақпарат құралдарына шықпаса да, шығармаларын тарататын әдісі бар. Бұндай әдіс төрткүл дүние ақындарының ешбірінде жоқ - Әбекең өлеңдерін жанармай құятын цистерналарға бормен жазып қояды. Жазғандарын түгел жаттап алмайынша, шоферлерге бензин бермейді. Осыны білетін жүргізушілер алдымен цистернаға жазылған әлгі өлеңдерді жаттап алады, сосын барып май алуға келеді. Олардың жаттағандары елден-елге таралып кете барады.                                                       


Әбекеңнің Райхан деген құрдасы бар (ер адам). Сол кісі бірде отын-суына машина сұрап кеңшар директорына барыпты. Директор гаражда машина қалмағанын айтады. Райхан қайтсем де алмай кетпеймін деген адамдай, қайта-қайта сұрап тұрып алады. Амалы таусылған директор: "Мынаны алмасаң, басқа ешнәрсе жоқ!"- деп кіндігінен төменгі жақты нұсқапты.


Бұл сөз ауылға тарап кетіп, Әбдіразақтың құлағына тиеді. Сол жерде құрдасына арнап өлең шығарыпты.


Машина мінген оңайдан,


Райхан қандай зор кісі!


Қандай көлік мінді деп,


Келмейді кімнің білгісі?


Түрін айтсам көліктің,


Адамның келер күлкісі.


Машиналардан кәдімгі,


Өзгешелеу түр-түсі.


Артында қос дөңгелек,


Маңдайында белгісі... - деп бастап, әрмен қарай жалғастыра береді. Өлең:


...Қай зауыттан шықты екен,


Райханның осы  "Волгасы"? - деп аяқталады.


Бұл қағаз бетіне түсіруге болады-ау деген, сыпайылау жерлерінен үзінді келтіргеніміз.


* * *


Кеңшарда құрылыс мастері болып жұмыс істейтін Ахметов Шаттық ертемен жанармай құю бекетіне барады. Әбекеңнің басы ауырып отыр екен. Өзінің баласымен қатар Шаттыққа ешнәрсе айта алмай, жұмысқа да қолы бармай, үнсіз отыра беріпті.


Шаттықтың да қалтасында ешнәрсе болмаса керек, осыны байқаған Әбекең:


- Мен сені бір жерге жұмсайын, барып кел,- дейді.


Қойын дәптерінен бір бет жыртып алады да, бірдемені сүйкей салып, екі бүктеп қолына ұстатыпты.


- Мынаны дүкеншіге апарып бер!


Былай шыға оқып қараса: «Ұлзира шырақ! Екі шыны арақ. Сәлеммен, ағаң Әбдіразақ"- деген үш ауыз сөз жазылған екен.


Ұлзира дүкенші болатын. Арақтың тапшы кезі болса керек, бұл "сәлемдемесіне" берер-бермесін білмесе де апарып береді. Қағазды алып оқыған дүкенші мырс етіп күліпті де, бір ауыз сөз айтпастан, екі шыны арақты Шаттықтың қолына ұстата беріпті.


* * *


Айдай деген күрішші әйел болды. Озат күрішшілер қатарында ауыл-аймаққа белгілі адам еді, әрі аудандық кеңеске депутат болатын.


Әбекеңнің мұғалім болып істейтін Оңғарбай атты баласы бірде Айдайдың үйіне барады. Айдай Әбекеңмен қатар болғасын Оңғарбайға әзілдеп:


-  Әкеңнің ақын екені белгілі. Ақынның баласы екеніңді білейін, маған арнап бір ауыз өлең шығаршы,- депті.


Ақынның баласы ақын болып туыла бере ме, Оңғарбай ешнәрсе айта алмай төмен қарайды. Бұл әңгіме де Әбекеңе жетеді.


Баласынан:


-  Айдайдың солай дегені рас па?- деп сұрапты.


-  Рас,- дейді баласы.


Сонда Әбекең:


 -  Қап, әттегене-ай,


"Айдай, Айдай, Айдайсың,


Бас білмеген тайдайсың!


Шыныңды айтшы, Айеке,


Қалекеңмен қандайсың?" деп айтуың керек еді!- деген екен.


Қалекең деп отырғаны ауылдық кеңестің төрағасы Мәкенов Қали ағамыз еді. Ауданда өтетін жиналыстар мен сессияларға екеуінің бірге барып жүретінін меңзесе керек.                                                    


* * *


Көрші "Майдакөл" кеңшары біздің ауылдан онша алыс емес, арасы екі-үш шақырымдай ғана. Адамдар жаяу-ақ барып-келіп, араласып жатады.


Қыс айларында ауылда соғым сою басталады. Кезекпен үйді-үйге қыдырып, түнімен карта ойналады. Осындай күндердің бірінде таңертең ертемен далаға шыққан Әбекең "Майдакөл" жақтан келе жатқан оншақты адамның қарасын байқайды. Кімдер екен деп қарап тұрса, ішінен өзінің бір құрдасын таниды. Маған айтпай кеткені несі деп ренжіп те тұрады. Абайлап қараса - қасындағылары өңшең жастар екен. Бұлардың бір жерге барып соғым жеп, карта ойнап келе жатқандарын байқаған Әбекең құрдасына қарап:


- Майдакөлден келеді,


Тоғыз торай, бір қабан.


Атайын деп оқталсам,


Кескіндері тым жаман…- деп бастай жөнеледі.


Бұл өлеңнің де жалғасы бар.


* * *


Қазалы өңірін мекендейтін халықтың негізгі бөлігі кішкене-шектілер. Соның ішінде Сырдарияның теңізге құяр жерінің сол жағалауын алып жатқан қалың ел - Кішкене бабаның алты баласының бірі Асаннан тараған ұрпақ. Сонау отызыншы жылдардағы болған халық көтерілісінің "Асан көтерілісі" аталуы да осы себептен. Асан атаның ұрпақтары жайлы сөз болғанда алдымен ауызға ілінетіні де осы көтеріліс. Одан қала берді, Асан ұрпақтарының ұшып бара жатқан самолетке таяқ лақтырғаны айтылады. Таяқты шынымен лақтырды ма, болмаса бұл нағашы-жиендердің әзілдеп ойдан шығарып жүргендері ме, кім білсін? Дегенмен осындай сөздің бары рас. Не себептен лақтырған деп сұрағандарға: "Самолетті құлатамын деп лақтырған ғой"- дейді айтушы жақ.


1972 жылы Қазалы аэропортында АН-2 самолеті құлайды. Бортына жиырма жолаушы алған самолет артық салмақты ауырлап (негізінде он екі адамнан артық алмауы керек), жерден көтеріле бере құлап түседі. Ішінде "Қызылқұм" кеңшарының ауылдық кеңес төрағасы, руы асан Қамбар ағамыз да бар екен. Құлаған самолеттің қасына жедел жәрдем көлігі келіп, көмек көрсете бастайды. Аяғын сындырып алған Қабекең сүйретіліп келіп, бір жамбастап жатса керек.


Қасына келген дәрігер:


- Қай жеріңіз жарақаттанды? - деп сұрап жатқан көрінеді.


Сонда Қабекең аяғын көрсетудің орнына: "Ақыры құлаттық-ау, бәрінен де соны айтсайшы!- деп самолетті көрсетіпті.


     * * *


Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында мектеп бітірген жастарды өндірісте қалдырып қой бақтыру науқаны жүргізілді. Осы мақсатта еңбек бригадалары құрылды. Осындай комсомол-жастар бригадасы "Қызылқұмда" да құрылады. Бригаданың жетекшісі болып Қалампыр деген мұғалима қыз тағайындалады.


Жаз айларында мал жайлауға көшіп, комсомолдарды алыс бір бұлақтың басына алып барыпты. Елден жырақ жерде әбден зеріккен балалар: "Ауылға жақындайықшы, көшейік"- деп Қалампырдың мазасын ала бастайды. Қалампыр: "Бастықтар рұқсат етпейді"- деп көнбейді. Апайын көндіре алмаған балалар енді айлаға көшеді.


Күректің сабын алып тастап, қалағының үстіне жанармайға батырылған шүберек салады. Сосын қалаққа жіп байлап, бұлақтың басына апарып тастайды. Кешкісін қараңғы түскен кезде біреуі әлгі шүберекті тұтатып келеді. Екіншісі үйдің ішінде отырып жіптің ұшынан тартып, күректі ары-бері қозғалысқа келтіреді. Түннің ішінде қозғалып жүрген отты Қалампырға көрсетіп: "Шайтан!"- деп қорқытады. Қалампыр алғашқы кезде сенбейді. Балаларды түгендесе, бәрі орнында. Айдалаға басқа кімнің келуі мүмкін? Қалампырдың сенбеске амалы қалмайды.


Ертеңіне келген кеңшар директорына бұлақтың басында шайтан бар екенін айтады, ауыл жаққа көшіруін өтінеді. "Қайдағы шайтанды айтып тұрсың?"- деп директор сенбейді. Директордың қасында Қамбар ағамыз бар екен.


-  Қалампыр қарағым, көрген шайтаның ұрғашы ма, еркек пе?- деп сұрапты.


- Білмеймін... Шайтанның ұрғашы-еркегі болады ма екен?- дейді Қалампыр.


- Неге болмасын! Менің білуімше, сенің көргенің еркек шайтандар  болу керек,- депті Қамбар. 


Қабекең, сірә, балалардың істеген ісі екенін сезіп қалса керек. Дегенмен, Қалампырдың абыржыған түрін көрген директор көшіретін болып уәде беріпті.    


                                                        * * *     


        1991 жылғы Кеңестер Одағының тарайтыны туралы алғашқы хабарды Қамбар ағамыз моншада отырып естіпті.


Сырттан келген біреу:


- Қабеке, радиодан жаңа ғана хабарлады - СССР тарайтын болды,- дейді.


Қамбар жуынып отырған күйі:


- Е-е... сол да жаңалық болып па? Оны біздер - асандар - бұдан алпыс жыл бұрын білгенбіз,- депті.


Шамасы 1930 жылы болған Асан көтерілісін айтса керек.


                                                    * * *


Кеңшардағы жылқы мен түйе фермасының меңгерушісі Жамбыл бірде Кәукейдегі Жолтай құрдасының үйіне барыпты. Жатарда төргі бөлмеге төсек салып береді. Бөлмеде әр жарты сағат сайын "көк-көк" деп шақыратын сағат бар екен. Жәкеңнің көзі ұйқыға бара бергенде әлгі сағат оятып жібере берген көрінеді. Осылай бірнеше рет қайталанады. Әбден мазасы кеткен Жамбыл түн ортасында сағаттың қасына барыпты. Көкектің ендігі шақыруын күтіпті. Басын сыртқа шығарып "кө-өк…" дей берген көкектің тұмсығынан шап беріп ұстап алып, мойнын бұрай салыпты. Мойны салбырап қалған көкекке қарап тұрып: "Енді көк деп көрші!.."- депті де, алаңсыз ұйқысына кірісіпті.


                                                 * * *    


Боранды қыстың кезі болса керек. Жамбыл қасына бухгалтерін алып, ферманың "Газигімен" кеңшар орталығына қарай келе жатады. Кәукейге жақындап қалған кезде алдынан кеңшар директоры қарсы жолығыпты. Ауданнан келген өкілмен малшы аралауға шыққанын айтып:


- Сенің фермаңнан бастаймыз, кейін қайт,- деген көрінеді.


Тоңып-жаурап келе жатқан Жамбылдың қайтқысы келмейді (Ажарға дейін қайтадан екі сағат жол жүрулері керек қой). Директорге да қарсы келе алмайды. Бір сылтау табу керек болады. Кәукейге шұғыл келе жатқан шаруасын айтып:


- Егер сіздер Қызылқұм фермаcынан бастасаңыздар (Ажардың арғы жағындағы ферма - И.А.), біз үлгеріп қайтар едік,- дейді.


Қасындағы бухгалтер құлақ түбінен: "Зуылдат, Жәке, зуылдат…"- деп сыбырлап жатқан көрінеді. Мұнысы, қайтсең де сендір дегені болса керек. Жамбылдың дәлеліне иланған директор жүріп кетеді.  


Кабинаға отырып жатқан Жамбыл бухгалтеріне:


- Неге мешать етесің! Өзім де нормально зуылдатып жатқан жоқпын ба?- деп кейіген екен. 


* * *


Бөлімшедегі төртжылдық мектептің мұғалімдері науқан кезінде шаруашылықтың жұмысына көмекке алынатын еді. Ондай кездері мектепте меңгеруші Жәлидің өзі ғана қалады.


Осындай күндердің бірінде аудандық оқу бөлімінен өкіл келіпті. Мектепке барса, есігінде құлып тұр екен. Бірақ іштен балалардың даусы шығатын сияқты. Терезеден үңіліп: "Неғып отырсыңдар, ағайларың қайда?"- деп сұрайды.


У-шу болып отырған балалар жамырап:


- Сабақ оқып отырмыз... Ағайлар мен апайлар кеңшардың жұмысында... Директор ағай дүкенші Жоланның үйіне құдайжолыға кетті,- дейді.


Жобасын балалардан сұрап алып, Жоланның үйіне барады. Өкілмен қалбалақтап амандасып жатқан Жәли сасқанынан үй егесіне қарап:


-  Құдайжолыңды неге өкіл келетін күні жасадың?- депті.


* * *


Енді бірде ауданнан келген комиссия мүшелері мектеп-интернатты тексеріп жатқан көрінеді. Комиссияның келетінін алдын-ала білген Жәкең жақсылап дайындалған екен. Не кінә табар екен дегендей жайбарақат тұрса керек. Осыны байқаған тексерушілер кемшілік іздей бастайды. Ештеңе таба алмайды. Ақыры, біреуі керуеттің арқалық темірінен әзер дегенде шаң тауып алыпты.


Жерден жеті қоян тапқандай Жәлиге көрсетеді:


- Мынау не!?


- Шаң ғой... Бірақ бұрын ол жағын қарамаушы едіңдер, сосын біз сүртпейтін едік,- депті Жәкең.


.                                                    * * *


Ажар бөлімшесінде Сабыров Төлеген деген зоотехник болды. Бұл адам жайлы Қызыл өңірінде әңгіме көп. Егер Қожанасыр шынымен өмір сүрген болса, осы адамдай-ақ болған шығар деп ойлаймын. Өзі көбек руына жиен болатын, сол себептен арамызда жеңіл әзіліміз де болушы еді.


Төкеңнің бір әдеті – сөзінің басын: "Ей, әулием-ай..."- деп бастайды. Шынымен солай ма (әлде әдейі істейді ме), адамның атына да шорқақ еді. Біреумен сөйлесер алдында міндетті түрде: "Осы сенің атың кім еді?.." деп сұрап алатыны бар.


Бірде қырқым пунктінің басына Мейірхан деген өкіл келеді. Төкең әдетінше есімін қайта-қайта сұрай беріпті. Сонда: "Мейірханжан-ау, мен ұмытшақпын ғой, атың кім еді? "- деп сұрайтын көрінеді.


* * *


Жаз мезгілі екен. Мал есебін тапсыруға шыққан ферма меңгерушісі Төлегеннің есігінің алдына келіп тоқтайды. "Тез шық!"- деп сигнал береді. Қолтығына іші қампайған папкесін қыстыра, асығыс-үсігіс шыққан зоотехникті мінгізіп алып, жүріп кетеді. Оның трикомен шыққанын байқағанмен, шалбары портфелінің ішінде шығар деп ойлайды. Ауылдан біршама шыққаннан кейін, Төкеңнің жағдайын білетін шофер:


-  Шалбарыңыз портфеліңізде ме?- деп сұрапты.


Сонда бұтына қараған Төкең:


- Әй, әулие, тоқта! Шалбарым үйде қалып қойыпты ғой!- деген екен. (Асығып жүріп, шалбарын киюді ұмытып кеткен ғой).


Бұған күлерін, не ашуланарын білмеген меңгеруші сол жерде машинадан түсіп, шофер мен Төкеңді шалбарға жіберіпті.  


     * * *


Күннің аптап ыстық кезі болса керек, үйіне бірнеше қонақ келіп түседі. Ағаш үйдің ішінде бәрі түскі ауқатты ішіп болады. Сәлден кейін Төкең әйеліне қарап:


-  Базаржан, төргі бөлмеге төсек сал, сосын қараңғыла. Мен аздап… нетіп алайын,- депті. Шамасы, мызғып алғысы келген болу керек. Оның бұл сөзіне қонақтары мырс-мырс күле бастайды. Қонақтардан қысылған әйелі Базар:


- Жарықтығым-ау, неге "ұйықтап алайын" деп анықтап айтпайсың? Жұрттың бәрін мендей көресің бе, сенің сөзіңе түсінетін,- деген екен.


* * *


Төкең аз уақыт ферма да басқарған...


Бөлімшедегі "Белорусь" тракторының жүргізушісі жаздың ыстық кезінде тракторының астына кіріп, көлеңкеде ұйықтап жатады екен. Төкең: "Бұл не жатыс?" деп сұраса: "Дөңгелегін майлап жатырмын…"- дейтін көрінеді.


Бірде отар аралап келе жатқанда алдыңғы дөңгелегі шығып кетіп, трактор қисаяды да қалады. Орнына сала алмай, мықшыңдап жатқан трактористке:


- Майлай бересің, майлай бересің... Сосын дөңгелек орнында тұрушы ма еді!- деп кейіпті.


* * *


Төкеңнің аузынан тастамайтын тағы бір сөзі бар. Ол  "Москва" деген сөз. Бір нәрсеге көңілі толса: "Оһо, Москва!.."- дейді. Неге бұлай айтасыз дегендерге: "Москва СССР-дің астанасы ғой, яғни жақсы сөз"- деп жауап беретін.


Бірде қағаздарына қол қойдыруға директорге кіреді. Құжаттарына қол қойып жатқанына риза болып: "Москва... Москва..."- деп күбірлеп отырса керек. Бір қағазға келгенде директор қол қоймай, ысырып тастайды.


Төкең осы кезде:


- Ох! Енді Москва емес, Пекин болды..,- депті.


Жетпісінші жылдардағы КСРО мен Қытай арасының әбден шиеленісіп тұрған кезі болса керек. Төкеңнің мына сөзіне директор күліп жіберіпті. Басын шайқапты да, қағазына қол қойып беріпті.


* * *


Қой төлдеп жатқан мезгіл. Өкіл ретінде Ажар фермасындағы қырқым пунктінің басындамын.


Түске таман пунктке өзінің ескі ГАЗ-69 машинасымен кеңшар парторгі Жиентаев Садуақас келді. Бірер сағаттан кейін ауданның бірінші хатшысы Қозтай Әбуовтың самолетпен келетінін айтты. Көп ұзамай АН-2 самолеті келіп қонып, самолеттен түскен хатшы қасына завферманы ертіп, парторгтың машинасымен отар аралауға кеткен еді.


Жолда Төлеген кездеседі. Парткомның "Газигін" танып тоқтаған зоотехник ферма меңгерушісі мен парткомге амандасыпты. Хатшыны байқамайды. (Ескі машинаның ішінде ауданның бірінші хатшысы отырады деп ойламаған ғой). Парторгтың ымдауынан кейін ғана алдынғы орындықта отырған Әбуовті көреді. Көру бойына: "Астағыпыралла!" деп жағасын ұстапты. Сосын дереу екі қолын ала жүгіріп "Ассалаума-әлейкүм!- деп амандасыпты да: Ой, әулием-ай, аман-сау келіп жеттіңіз бе?"- дейді. 


Хатшы үн-түнсіз завфермаға қарапты.


Ыңғайсыз жағдайда қалған завферма Төлегенге: "Жұмысыңа бара бер!" дейді. Сосын хатшыға Төкеңнің аздаған әпенделігі бар екенін айтып... әзер дегенде түсіндіріпті. Әңгіменің майын тамызып сөйлейтін ферма меңгерушісі Құттыбай сол жерде Төкеңнің бірнеше "хикаясын" айтып берген екен, алғашқыда ашуланып отырған хатшы сабасына түсіпті. Әңгіменің соңғы жағында, тіпті, күліп жіберіпті.


* * *


"Қызылқұм" кеңшары оңтүстігінде Қарақалпақстанмен шектеседі.


1979 жылы Қарақалпақстанның бірінші хатшысы Қаллібек Камалов бастаған делегацияны Қызылорда облысының бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов басқарған сегіз ауданның бірінші хатшылары "Қызылқұм" кеңшарының аумағында қонақ қылады. Кейін "Достық төбе" аталып кеткен биік шоқының басына отызшақты үй тігіліп, екі-үш күнге созылған ұланасыр той болады. Мен ол кезде аудандық ауылшаруашылығы басқармасында жұмыс істеймін, бұл шараға  қатыса алғаным жоқ. Дегенмен, тойдың керемет өткені жайлы талай әңгіме естігенім бар.


Той болған соң шығын болатыны белгілі. Үкіметтің той жасауға бөлген ақшасы жоқ, шығынды көтеретін шаруашылық болмақ. И.Әбдікәрімов ауысып кеткен соң осы тойдың аяғы тексеруге әкеліп соғып, оған мал басының кемдігі қосылып, шаруашылықтың басшысы бастаған көптеген маман жауапқа тартылды. Соттың соңғы отырысы "Қызылқұм" кеңшарында өтеді.


Сотқа жауап беру оңай жұмыс емес. Бірақ бәрінен қиыны - кешегі қызметтес болып араласып-құраласып жүрген жігіттердің сот кезінде бірінің үстінен бірі сөз айтуы, бірінен бірі көруі екен. Сот аяқталуға жақын қалғанда ферманың зоотехнигі бар кінәні кеңшар директорына аударып: "Нарядты еріксіз жаздырды... Құжаттарға еріксіз қол қойдырды"- деп кінәсін мойнына алмапты. Бір қызығы, зоотехник директормен институтта бірге оқыған екен. Соттың қорытындысымен жауапкерлер бір-екі жылдан шартты жазаға тартылды. Ешқайсысы қамалған жоқ.


Сот біткесін далада тұрған директордың қасына әлгі зоотехник келіпті.


-  Құбеке, кешір! Мен ақкөкірекпін ғой, ойымда арам пиғылым жоқ еді,- деп екі қолын ұсыныпты.


Сонда Құбайдолла оның қолын алмастан:


-  Сол ақ көкірегіңнен атар ма еді?!- деген екен.


"Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей" деп осындайда айтылса керек, шамасы.


* * *


Осы сот жайында тағы бір әңгіме бар.


Істің насырға шауып бара жатқанын байқаған кеңшар директоры Сарқұлов Құбайдолла Қарақалпақстанның бірінші хатшысы Қаллібек Камаловпен байланысқа шығады. Болып жатқан жағдайды түсіндіріп, істің ушығып бара жатқанын айтады. Осыдан кейін Камалов Дінмұхаммед Қонаевпен хабарласқан көрінеді.


- Димеке! Сіздің ауылдан бір рет шәй ішін едік, сол үшін қазақтың бір топ азаматы жауап беріп жатқан көрінеді. Бұлай боларын білгенде, сол шәйді ішпей-ақ қоятын едік,- депті.


Осы сөз себеп болған болу керек, қатты басталған тексерудің аяғы соттың шартты жаза беруімен бітті.  Камаловтың бір ауыз сөзі бір топ жанды темір тордан аман алып қалыпты.


* * *


Қызылқұм фермасының меңгерушісі Теңелбай түн ортасында Нағашыбай атты шоферін ұйқысынан оятып алып, кеңшар орталығына жолға шығыпты. Ауылдан шыға бере өзі ұйқыға кіріседі. Жүргізушісі құрдас болатын, ұйқысының бұзылғанына  ренжіп келе жатады.


Жол бойында Босай атты жалғыз бейіт бар. Соның тұсына келгенде кенет Теңелбай басын көтеріпті.


-  Мынау Босай ма?- деп сұрайды.


Сонда Нағашыбай:


-  Босаса, жатайын деп пе едің?- депті.


* * *


"Қызылқұм" кеңшарында Дөңесбай атты бас бухгалтер жұмыс істеді. Неге екенін кім білсін, сөз арасында "Ой, бәле көп қой…" деп отыратын әдеті болушы еді. 


Облыстан ревизия келеді. Ревизордың кейбір папкелердің арасына қағаз қыстырып, оны үстелдің үстіне шығарып көрсетіп қоятын әдеті бар екен. Қағаз қыстырғаны - мына жерде бір бәле бар дегені болса керек. Осылайша, қағаз қыстырылған папкелер көбейе береді. Мұны кіріп-шығып жүрген Дөңесбай да байқайды. Сырттай білдірмегенмен мазасы кете бастайды. Бірде ревизормен әңгімелесіп отырғанда: "бәле көп..." деген үйреншікті сөз аузынан шығып кетіпті.


Сыныққа сылтау таба алмай отырған ревизор:


-  Бәле қай жерде, өзің-ақ көрсете қойшы?- деп жабыса кетеді.


Сасып қалған Дөкең ешнәрсе айта алмай қалады. Қасында ферма меңгерушісі Құттыбай бар екен.


- Дөкеңнің армияда бірге қызмет жасаған Беляков деген жолдасы болған. Соның фамилиясын аузынан тастамайды. Қараптан-қарап отырып: "Ой, Беляков..." дейтін әдеті бар. Сізге "Ой, бәле көп" болып естілген ғой,- деп құтқарып алыпты.


    ***


Құттыбай бір құрдасымен тойға барады. Енді ауқаттануға кіріскен кезде әлгі құрдасы: "Сен ішпейсің ғой, санап отыршы, он екіншіні ішкен кезімде тіземнен түртіп белгі бер"- депті. Құттыбай санап отырады, құрдасы он екінші стаканды ішіп қояды. Құтекең үндемей отыра беріпті.


Оның өзі де санап отырса керек: 


- Құтеке, уәде қайда? Белгі бермедің ғой,- дейді бір кезде.


Құтекең саспастан:


- Ішкенің екі-ақ шиша болды,- депті.


* * *


Студенттік кезіміз. Каникулда жан-жақтан ауылға жиналамыз. Қыдырамыз. Ауылда жұмыс істейтін Баянбай құрдасымыз да көбінесе бізбен бірге болатын.


Бірде шәй ішіңдер деп үйіне шақырды. Бардық. Әйелінің көңіл-қошы болмады ма, білмеймін, қонақ келді ғой деп орнынан қозғала қоймады. Бұған шыдамаған Баянбай ауызғы бөлмеге шығып, әйелімен "сөйлесуге" кірісті. Біз ыңғайсызданып отырмыз. Бүйтіп ішкен шәйдан береке болмасын біліп, біртіндеп шыға бастадық. Бізге неге кеттіңдер деп айта алмаған Баянбай үйінде қала берген еді. Кешке таман Баянбай ауруханаға түсіпті деген хабар естідік.


Оқиға былай болыпты...


Біз кету бойына әйеліне: "Мені жолдастарымның алдында ұятқа қалдырдың, бұдан да өлгенім жақсы еді"- дейді. Әйелі: "Өлгің келсе... өле бер!"- депті. Әйелінен "рұқсат алған" Баянбай столға шығады да, төбедегі электр шамын ағытады. Ашу үстінде патронға саусағын тыға қояды. Осы кезде ток ұрып, жерге құлап түседі. Бұлай болады деп ойламаған әйелі ойбайын салып далаға жүгіреді. Мұны жақын маңда үй салып жатқан шабашник чешендер естіпті. Олар ес-түссіз талып жатқан Баянбайды құрылыстағы топыраққа әкеліп көміп тастайды. Ажалының жоқтығы шығар, жарты сағаттан кейін есін жинапты.


Ертеңіне Ортай екеуміз ауруханаға бардық. Алдымен дәрігерге кіріп, жағдайын білген едік.


-  Қазір жақсы. Екі-үш күннен кейін шығып қалар...- деді дәрігер.


-  Кіруге бола ма?


-  Болады, - деп рұқсат берді.


Ішке кірдік. Баянбай керуетте шалқасынан жатыр екен.


-  Не болды? Жағдайың қалай? - деп сұрап жатырмыз.


- О дүниеге барып қайттым ғой,- дейді Баекең,- Бірақ ол жақта көп болғаным жоқ. Құдекеңнің алдындағы тізімде менің фамилиям жоқ болып шықты. Неге кезексіз келесің деп біраз ұрысты, сосын: "Керек кезіңде өзім шақырып аламын, Садықов, бара бер..."- деп босатып қоя берді. Бар болғаны осы!


Енді бұған не дерсің?! "Шәй ішпесек ішпейік, өзің аман бол!"- деп досымыздың аман қалғанына қуандық.


Тағдырдың жазуы болар, көп ұзамай сол әйелінен ажырасып кетті.


                                            * * *


Баянбайдың он бес-он алты жастағы кезі болса керек... 


Ағасы Сайлаубай кеңшарда кассир болып жұмыс істеді. Сәкең дастарханды адам, үйіне қонақ көп келеді. Кейде дүкенге Баянбайды жұмсайтын көрінеді. Ондайда Керімберді дүкенші берген заттарын дәптеріне жазып, Сайлаубаймен кейін есептеседі екен.


Бірде дастарханға жемістен жасалынған пюре қойылады. Сол пюре Баянбайға қатты ұнапты, қонақтар кеткесін тойғанынша жеп алады. Кешкісін жеңгесінен сұраған екен, пюренің таусылып қалғанын айтады.


Баянбай көпке дейін ұйықтай алмапты. Дәмі тіл үйірген әлгі пюре көз алдынан кетпей қояды. Дөңбекшіп әрі жатады, бері жатады - ұйықтай алмайды. Ақыры, төсегінен тұрады да, түн ортасында дүкенге қарай бет алады.


Барып терезесін қағады. "Бұл кім?"- деген дүкеншіге: "Баянбаймын ғой"- дейді. Сайлаубайдың үйіне қонақ келіп қалған екен деп ойлаған дүкенші: "Түнде де маза бермейді..." деп күңкілдеп жүріп дүкенін ашады (дүкені үйінің жанында болатын). Баянбайға: "Қанша?"- дейді. Баянбай: "Екеу"- дейді. Керімберді үн-түнсіз сөреден екі шыны арақ алып ұсынады. Баянбайға арақтың не керегі бар? "Аға, маған арақ емес, пюре беріңіз"- дейді. Дүкенші алғашқыда түсінбей қалыпты. "Не-ме-не-е?!"- деп тағы сұрапты. Баянбай қайталап айтқаннан кейін барып түсінген Керімберді: "Түн ортасында мені сол үшін ояттың ба!"- деп ақырып жібереді. Қорқып кеткен Баянбай тұра қашады. Зытып бара жатқан Баянбайдың артынан қарап тұрып: "Керегің осы болса, мә, ала ғой"- деп бір банке пюрені лақтырып жіберген Керімберді дүкенін жабуға кірісіпті.


Баянбай әлгі банкені қараңғыда жер сипалап жүріп тауып алыпты. Үйіне келіп пюрені жеп алып, көңілі жайланып ұйқыға кірісіпті.


* * *


Баянбай ауылдық кеңестің қарамағында әскери есепші болып жұмыс істеді. (Кеңес өкіметі кезінде әскерге баратындардың тізімін дайындайтын осындай қызмет болды). Мәкенов Қали ағамыз ауылдық кеңестің төрағасы еді. Баянбаймен бір класта оқыған Бақыт атты қыз осы кеңседе Қалекеңнің хатшысы болып істейді. 


Қызметінің аты "әскери есепші" болып аталғанымен, Баянбайдың негізгі жұмысы Қалекеңнің түрлі тапсырмаларын орындау болып табылады. Көбінесе етке мал өткізу сияқты қиын жерлерге жұмсайтын көрінеді. Жұмысты бітірмей келсе, кейде кейіп те алады. Ондайда ауызғы бөлмеде отырған Бақыт қыз да естіп, шыққаннан кейін Баянбайды мазақ ететін көрінеді.  


Бірде Қалекеңнің тапсырмасымен жүрген Баянбай түске таман кеңсеге келеді. Хатшы қыздан: «Бастық бар ма?»- деп сұрайды. Ол: "Бастық жоқ"- деп жауап беріпті.


Бухгалтерияның есігін ашып қараған екен, онда да адам жоқ болып шығады. Осыдан кейін кеңседе хатшы қыздан басқа пенде жоқ деп есептеген Баянбай құрдасын қатырмақшы болады. Босағада ілулі тұрған құлыпты білдірмей алады да, сыртынан құлыптап кетіп қалады.


Түстен кейін сағат үшке таман аяңдап жұмысқа келеді. (Қалекең түскі астан үштен өте келеді екен). Қараса, өзі құлыптаған сыртқы есік шалқасынан түсіпті, топсасынан сынып жатыр. Қыздың бұндай күші жоғын білетін Баекең аң-таң болады. 


Іште  Бақыт отыр екен.


-  Сені бастық іздеп жатыр еді, кіре ғой,- дейді.


"Не болды?"- деп сұраса ешнәрсе айтпайды.


- Ассалаумалейкүм, Қалеке,- деп бастығының кабинетіне кіріп барады.


Қалекең ұзын бойлы адам еді. Орнынан асықпай көтеріліп, жәй басып Баянбайдың қасына келіпті де:


- Өй, оңбаған неме!..- деп бір-ақ ауыз сөз айтып, жағынан тартып жіберіпті.


 Ешнәрсеге түсінбеген Баянбай жерге құлап түседі. (Өзінің айтуы бойынша, тағы ұрады ма деген қауіппен әдейі құлапты). Сөйтсе... есікті құлыптаған кезде Қалекең кабинетінде отыр екен ғой.


Түскі тамаққа үйіне қайтпақ болған Қалекең есіктің сыртынан жабық тұрғанын байқайды. Хатшысына: "Мұнысы несі?.." десе, ол: "Жаңа осы жерде Баянбай жүрген еді, сол жауып кеткен шығар?"- дейді. Ашуланған Қалекең есікті бір теуіп сындырып, сыртқа шығады. Мұның ақыры Баянбайдың таяқ жеуімен тынды, бірақ оқиға мұнымен бітпейді.


"Бұдан былай көзіме көрінбе!"- деп қуып жібергеннен кейін, Баянбай Қалекеңнің үйіне барады. Жеңгесіне мұңын шағып, ағасынан таяқ жегенін айта отырып: "Жеңеше, үйде ішетін бірнәрсе бар ма?"- дейді. Қайнысын аяп кеткен жеңгесі: "Ұрса, өзіңнің ағаң ғой..."- деп жұбатып жүріп, қолына түскені сол болса керек, бір шиша коньяк әкеліп береді. Сол коньяктан ішіп, қалғанын қалтасына салып алған Баянбай, қайта-қайта рахметін айтып шығып кетеді.


Кеш түсе үйіне Қалекең келеді. Қасында ауданнан келген өкіл бар екен. Дастархан басына жайғасып отырғаннан кейін әйеліне:


-  Бірдеңең болса алып кел, бәйбіше,- дейді.


Әйелі алдарына арақ әкеліп қояды.


Қалекең:


-  Коньяк жоқ па еді? – деп сұрайды.


Ойында ештеңе жоқ бәйбішесі үйдегі соңғы коньякты Баянбайдың келіп ішіп кеткенін айтады. Қонағының көзінше ешнәрсе айта алмаған Қалекең:


-  Ойпырмай, ол оңбаған бұл жақты да бүлдіріп үлгірген екен ғой,- депті.


Дегенмен, Қалекең Баянбайды жұмыстан шығарып жіберген жоқ. Ұрысып-ұрысып алып, қайтадан ет дайындауға жұмсайтын еді.


* * *


Бірде кеңшардың машинасына ілесіп қалаға барады. Бір көшеден бұрылар кезде жүргізушінің машинаны артқа шегіндіруіне тура келіпті. Оң жағының айнасы болмаса керек:


- Машина келіп қалса белгі берерсің. Мен жәйлап артқа қозғайын,- дейді Баянбайға. 


Тап осы сәтте бір "Белорусь" тракторы шыға келеді де… айтып үлгірем дегенше машинаға соғыпты. Машинаның артқы фары сынады. Жүргізуші: "Мен саған қарап отыр дедім ғой?" дегендей Баекеңе қарапты.


Сонда Баянбай: 


-  Сен маған машина туралы айтқансың, ал мынау трактор ғой,- депті. 


* * *


Демесін "Қызылқұмнан" Жаңақазалы қыстағына көшіп келмекші болады.


Қасына Баянбай құрдасын ертіп алып үй қарауға шығады. Алғашқы үйді жұмысыма алыс деп жақтырмапты. Келесіде: "Мектепке жақын емес екен "- депті. Үшінші үйге барғанда:  "Бұл базарға қашық... "- дейді.


Екеуі күні бойы көше аралайды. Әбден шаршайды. Кеш түсе тағы бір үйге келіпті. Бұл үйді де ұнатпаған Демесінге ашуы келген Баянбай:


-  Жұмысыңа жақын, мектеп пен базар да қашық емес. Ауыра қалсаң аурухана да тиіп тұр,- дей келіп, қыстақтың шетінде көрініп тұрған бейітті нұсқапты,- Егер олай-бұлай бола кетсең, мола да жақын екен! Бұдан артық қандай үй керек саған?!


Бұған уәж айта алмаған Демесін сол үйді алатын болыпты.


* * *


Қазалыда бізбен ауылдас және жасымыз қатар Мамай деген жігіт болды. Мамандығы инженер-механик болатын. Алғашқы кезде аудандық ауылшаруашылығы басқармасында істеп, кейін Ғани Мұратбаев атындағы ұжымшарға бас инженер болып барды.


Ауылдың адамдары ат қойғыш келеді. Бұрынғы инженердің мінезі тұйық және көп сөйлемейтін адам болса керек, оны "Қою май" атайды екен. Мамайға "Сұйық май" деп ат қойыпты.


Көп ұзамай ұжымшардың бастығы ауысады. Механизаторлар Мамайға келіп:


- Сен ауданда істедің ғой, білетін шығарсың, жаңа бастық қандай адам?- деп сұрапты.


Өзін қалай атап жүргенін білетін Мамай:


- Ол қою да емес, сұйық та емес, орташа,- депті. Осыдан кейін механизаторлар бастықты «Орташа» деп атайтын болыпты.


* * *


Бір әйел күйеуінің үстінен шағым айтып кеңсеге келеді.


Мамайға:


- Ана механизаторың күнде арақ ішеді, онымен тұрмай қол жұмсайды. Сендердің онымен шаруаларың жоқ! Тәртіпке шақыратын адам бар ма, жоқ па?- дейді. 


Табан астында ештеңе айта алмай қалған Мамай:


- Ұрғанда… қалай ұрады?- депті.


- Қолына не түссе, сонымен ұрады. Кеше есіктің алдында жатқан асқабақты жіберіп ұрды.


- Онда бұл жолы агрономға барыңыз, асқабақ мәселесімен сол айналысады,- деген көрінеді Мамай.


* * *


Аудан орталығында жүрген Мамай түн ортасында көшеде бастығымен кездесіп қалыпты.


- Әй, Мамай, түн ішінде неғып жүрсің?- дейді бастығы.


Мамайдың аузына: "Запчасть іздеп жүр едім…"- деген сөз түсіпті.


Ұжымшардың кезекті жиналысында басқарма бастығы бас инженер туралы: "Жұмысты біздің Мамай сияқты істеу керек, түн ортасында запчасть іздейді"- десе керек.


Сонда Мамай:


- Басеке, өзіңізге ұқсағанмын ғой,- деп жауап беріпті.


Осыдан кейін ұжымшар бастығы Мамайды көп сынамайтын болыпты деседі.


                                                                                             2006 жыл                   


                              


Құрдастар


Біздің жақта құрдастардың қалжыңы қатты болады.


Карл Маркс атындағы кеңшарда Әну атты ағамыз болды. Ақкөңіл, не болса соған сенгіш бұған ұқсаған адамды таба қою қиын шығар. Мамандығы мұғалім болатын, кейін кеңшарда рабочком (кәсіподақ ұйымының төрағасы) болып жұмыс істеді.


Бірде ауданнан көкөніс егуге тапсырма келеді. Соның ішінде бұрын егілмеген, аты да таныс емес редиска деген дақыл бар екен. Тұқымдар себіледі. Барлығы көктеп шығады. Өнімдерін сата бастайды. Әлгі редисканың қай уақытта пісетінін басқа тұрмақ, агроном Ерғалидың өзі білмейтін болып шығады.


Дегенмен оны да жинап алады. Қаланың базарына апарып салса, еш адам алмай қойыпты. Редиска дегеніңіз қатаймай тұрғанында, жұмсақ кезінде пайдаланылады екен. Бұлардың тас болып қатып қалған өнімі өтпейді. Не істерін білмеген Ерғали, ең болмаса малға жем болсын деген болу керек, кеңшардағы сиыр фермасына алып барады. Бұнда зоотехник Кітабия: "Ойбай, сиыр түйіліп өледі"- деп жолатпайды. Бес тонна жүгімен әлгі машина екі күн жүреді. Үшінші күні директор бас инженер Қалиядинді шақырып алып: "Үстіндегіні төгіп таста, машинаны босат"- деп тапсырма береді.


Осы тапсырманы алған инженер кеңседен шығып келе жатса, алдынан Әну құрдасы қарсы жолығыпты. Асығыс-үсігіс кетіп бара жатқан Қалиядиннен:


-  Қайда асығып бара жатырсың?- деп сұрайды. 


Әнудің мінезін білетін Қалиядин:


- Мына машинаның үстіндегі затты директордың тапсыруымен аудан орталығына алып бара жатырмын. Редиска деген құнды өсімдік екен, шашау шығармай апарып өткізуім керек,- дейді.


«Өте құнды» деген сөзді естіген Әну құрдасына жата келіп жабысады.


-  Онда маған осы затыңның бір қабын беріп кетсеңші.


Қалиядин бірден келісе қоймапты. "Бастық біліп қойса қайтемін?…"- дейді. Бұған ренжіп, бұрыла берген құрдасына:


- Жарайды, сен үй жағыңа бара бер. Сәлден соң барамын. Бірақ, құр аяққа бата жүрмейтінін білесің ғой,- деп екі саусағын шошайтады. Мұнысы "екі шиша" дегені еді.


Әнекең екі шиша арағын алып үйіне барады. Сәлден кейін редиска тиеген машина Әнудің есігінің алдына келіп тоқтайды. Қалиядин үйге кірген кезде Әну әйелі мен балаларына:


- Мен бұны үйде кідірте тұрайын. Сендер молдау қылып түсіріп алыңдар,- деп тапсырма береді.


Екеуі бір шиша арақты бөліп ішеді. Екіншісін қалтасына салып алған Қалиядин далаға шықса... машинадағы жүк едәуір жеңілденіп қалған екен.


- Мен ауданға енді не айтамын?- дейді Әнуге.


Ол: "Жолда түсіп қалыпты дей саларсың... Қалғаны да жетеді ғой..."- деп жұбатып жүрген көрінеді.


- Енді болары болды, Әну. Тағы екі шиша арақ әкел де, барлығын түсіріп ала ғой,- депті Қалиядин.


Әнекең дүкенге тағы жүгіреді. Сөйтіп, барлық редисканы сарайына түсіріп алады.


Қызық енді басталады. Жейін десе жеуге жарамайды, пышақ өтпепті. Қайнатып көрген екен, қатып қалған пәле сонда да жібімейді. Ең соңында балталап шауып малға берсе, олар да жемей қойыпты.  Редиска дегеніңіз тұнған белок, сол екі арада иісі әлемді алып саси бастайды. Сарай ғана емес, ауланың ішінде адам жүруге мүмкіндік болмай қалады. Көршілері: "Мына жаман иіс қайдан шығып жатыр, шошқа бағып отырғаннан саумысың?"- деп мазасын ала бастайды. Енді редискадан құтылу керек болады.


Әну Қалиядин құрдасына барады.


- Ана пәлеңді жей алмадық. Онымен тұрмай сасып, бүкіл ауланы бүлдіріп болды. Шығарып тастайтын көлік бер.


Қалиядин:


-  Менің дайын тұрған көлігім жоқ, ертең кел,- дейді.


Ертеңіне де бермей қояды (әдейі істейді ғой). Осылай  бірнеше күн өтеді. Әбден сасқан Әнекең Қалиядин құрдасына тағы бір шиша арақ беріп, редискадан әзер дегенде құтылған екен…


Енді бірде кеңшардың гаражына барған Әнекең (бұл рабочком кезі болса керек) машинадан әлдебір заттарды түсіріп жатқан Қалиядин құрдасын көреді.


-  Бұл не нәрсе?- деп сұрайды.


Қалиядин:


-  Кондиционер ғой,- дейді.


-  Кімге?


- Үш кондиционер келген еді, екеуі директор мен парторгке кетті. Мынаны кім алатыны әлі белгісіз...


Мына сөзді естіген Әнекең ішінен "ім-м..."- дейді. Жүгіріп директорге барады. "Совхозға үш кондиционер келген екен, біреуін мен алайын"- дейді. Директор мақұл депті.


Қалиядинге директорден рұқсат алғанын айтады. Ол әлгі затты сол тұрған күйінде, жәшігімен беріп жіберіпті. Әрине, тегін бермейтіні белгілі ғой, ең болмағанда "нормалы" екі шиша арағын алады.


Әнекең үйіне барып (шамасы, үйіне құрғысы келген болу керек), ауылдың маңдайындағы жалғыз электригі Әбілжанды шақырып алады. "Мына кондиционерді құрып бер"- дейді. Әбілжан әрі қарайды, бері қарайды - көрсеткен заты кондиционерге ұқсамайтын сияқты. Оның үстіне ешқандай қағазы да жоқ екен.


-   Мен бірдеңе білсем, мынау кондиционер емес,- дейді электрик.


-   Сонда не нәрсе?


-   Дәл айта алмаймын, бірақ кондиционер емес екені анық.


Әнекең аң-таң болады.


Сөйтсе... әлгі зат қырмандағы дән елегіштің желдеткіші екен. Ертеңіне Қалиядин Әнудің үйіне бір шоферді жіберіп, желдеткішті қайтарып алыпты.


...Бұл енді қызылқұмда болған оқиға.                                             


Кеңшардың прорабы Сәдір наубайшы Ақниет құрдасы екеуі құсқа шығады. Көл жағасына келу бойына екі үйрек атып алыпты. Дереу жүнін жұлып, шелекке салады. Үйрек піскенше тағы ата тұрайын деген оймен Сәдір алыстау жерге кетеді, Ақниет сол жерде қалады.


Көпке дейін құс келе қоймапты. Қарны ашқан Ақниет үйректің біреуін жеп алады. Осыдан кейін тәбеті одан сайын ашылады, екінші үйректі қалай жегенін байқамай қалады. Сәдірден ұят болды-ау, енді не істеймін деп отырғанда бір қарға сексеуілдің басына келіп қоныпты. Соны атып түсіреді. Жүнін жұлып, басы мен аяғын аулаққа лақтырып тастап, шелекке сала қояды.


Бір уақытта Сәдір келеді. Шелектен өзінің сыбағасын алып жей бастайды. Ахаң:


- Қандай екен?- деп сұрапты.


-  Қаттылау..,- дейді ойында ештеңе жоқ Сәдір.


-  Дәмі қандай?- депті Ахаң тағы да.


- Үйректің дәмі қандай болушы еді? Бірақ, мынау біртүрлі сияқты ғой...


- Сондықтан ғой сұрап отырғаным. Мен бұл үйректі сексеуілдің басынан атып түсіргенмін. Соған қарағанда тазақанды емес, қарғамен шатысқан дүбәра үйрек болу керек,- дейді.


Құрдасының мына сөзінен сезіктенген Сәдір кружкаға толтырып арақ құйып алыпты.


- Енді, тасбақаның еті болса да еріп кететін шығар,- деп тартып жіберіпті…                              


"Қызылқұм" кеңшарының Ажар фермасында Еңсебалиев Жамбыл атты меңгеруші болды. Жәкең өте ойынпаз, әзілқой адам еді.


Қыс мезгілінде үйіне екі-үш қойшы құрдастары келіпті. Қар жауып тұр екен. Кешкісін Жамбылға: "Ертең сонарға шығайықшы"- дейді. Ферма меңгерушісінің жоспарлап қойған жұмыстары болса керек: "Дайын оқ жоқ қой..."- деп сылтау айтады. Құрдастары: "Жатарға дейін не бітіреміз? Бос патрон бар, қазір-ақ оқтап тастамаймыз ба?"- деп көне қоймайды. Амалы таусылған Жамбыл бос гильзалар мен оқ-дәрілерді әкеліп береді. "Ескі пималар еді, тығын жасарсыңдар"- деп бірнеше пималарды алдарына тастайды. Ол кезде электр жарығы жоқ, қонақтар пілте шамның жарығымен түннің бір уағына дейін оқ дайындайды. 


Ертеңгісін ұйқыларынан оянып, далаға шығайын десе пималарын таба алмайды. Жамбыл ерте тұрып жұмысына кетіп қалыпты. Бір жерге қойған шығар деп Жамбылдың әйелінен сұрайды. Ол да білмейтін болып шығады. Осы кезде сезіктенген біреуі түндегі тығын жасаған пималарды қарап отырып, шұрық-тесігі шыққан аяқкиімдерін таныпты. Түнде өздерінің аяқкиімдерімен тығындағандарын сонда ғана түсінеді. Жалаңаяқ қайда барады, амалсыздан Жамбылдың келуін күтеді.


Кешке сылқ-сылқ күліп Жәкең келіпті.


- Жағдайларың қалай, жақсы демалдыңдар ма? Қоянға шығуға менің уақытым болған жоқ. Керектерің осы болса, қазір Қалампыр сорпа жасап береді,- деп жолда атып алған бірнеше қоянын әйеліне ұстата береді.


- Олай болса, біздің аяқ киімімізде нең бар еді? Қолым тимейді десең, тып-тыныш аулымызға қайтатын едік қой,- дейді құрдастары.


- Ол кезде ренжіп кетер едіңдер. Енді ренжімей кетесіңдер,- деген Жамбыл қоянның сорпасына тойған құрдастарына қоймадан жаңа пима кигізіп жіберіпті.


...1972 жылы Ақтөбенің медицина институтында оқитын Дөңес атты жолдас жігітіміз үйленді. Тойына қатыса алмағанбыз, бұл кезде Алматыда қысқы емтихандарды тапсырып жатқан едік.


Сессияны аяқтап ауылға келдік. Енді Дөңестің үйіне барып, құтты болсын айтуымыз керек. Бес-алты студент болып басымыз қосылып, үйіне бардық. Жаңа түскен келіншек Ақтөбе жақтың қызы екен, томпаңдап қызмет жасап жүр. Дөңес екеуінің отау құруымен құттықтап жатырмыз.


Дастархан жайылып, шәй келді. Жас келін самаурынның қасына жайғасып отырып шәй құйды. Аты Күләнда екен. Дөңес келіншегіне бәрімізді таныстыра бастады. Кезек Демесінге келгенде, оны аттап өтіп, келесі адамды таныстырды. Әдейі істемеген болу керек, сөйлеп отырып байқамай қалды-ау деймін. "Ау, Демесін қалып қойды ғой"- дегеннен кейін, ғафу өтініп, оны да таныстырып өтті.


Шәй ұзақ ішілді. Құрдастардың басы қосылғасын әзіл-қалжыңсыз болушы ма еді? Күләнданың мұндай әзілдерге құлағы төселмеген кезі, қып-қызыл болып қызарып, төмен қараған күйі шәйін құйып отыр. Жаңа түскен келіншектен ұят болар деп отырған құрдастар жоқ, қайта оның ұялғанын қызық көре ме, қалжыңның көрігін одан сайын қыздыра түсетін сияқты. 


Екі-үш кесе шәй ішілгеннен кейін Демесін қасында отырған маған қарап:


- Келіншегі әп-әдемі екен, Дөңестің бұрын бірнеше әйел алғанын білмейтін шығар?- деді.


Әдейі есіттіре айтты. Шәй құйып отырған келіншек мына сөзді құлағы шалу бойына орнынан атып тұрды. Екі қолымен бетін басқан күйі, бөлмеден шыға жөнелді. Дөңес бізге аңтарыла бір қарап алды да... әйелінің соңынан кетті.


Демесіннің айтып отырғаны қалжың болатын. Дөңестің бағанағы жіберген қателігінің қарымтасын осылай қайтармақ болса керек. "Енді не болады?"- дедік Демесінге. Ол ыржиып күле береді.


-  Әзіл емес пе...


Осы кезде ішке Дөңес кірді.


- Күләнда жылап жатыр... Өздерің барып түсіндірмесеңдер, мен түсіндіре алмадым, жігіттер,- деді.


Енді бәріміз жабыла Демесінге қарадық. Бұл қарауымызда: "Өзің бүлдірдің, өзің жөнде"- деген көзқарас бар еді. Аралас-құралас өскен аулымыздың қызы болса бір сәрі, сонау Ақтөбе облысының адамы құрдастардың осындай әзіліне түсіне ме? Ойыннан от шығарып ала жаздағанын өзі де байқаса керек, Демесін қипақтай бастады. Кінәсін сезді де, үн-түнсіз орнынан тұрды. Сосын Дөңесті жетелей келіншек жатқан бөлмеге қарай беттеді. 


Арада шәй қайнатым уақыт өткенде, екеуі орталарына Күләнданы ала, қайта оралды. Демесін қара терге түсіпті, сүлгімен бет-аузын сүртіне береді. Сірә, жаңа түскен келіншекке құрдастардың қалжыңының қандай болатынын түсіндіру оған оңайға түспесе керек. Дөңес не ашуланарын, не күлерін білмейтін күйде жүр.


 Келіншектің қайта оралғанына қуанған біздер, құрдастардың осындай қалжыңдары болатынын, оның бәріне бірдей сене берудің қажеті жоқ екенін, т.б. айтып жуып-шайған болып жатырмыз. Бірер минуттен кейін, ештеңе болмағандай дабырласып, басқа әңгімеге ауыстық. Күләнда болса, арасында өксіп-өксіп қойып, шәйін құюға кіріскен еді.


Кейін, осы оқиға есімізге түскенде, Күләндадан:


- Сол жолы Демесіннің айтқанына шынымен сендің бе?- деп сұраймыз ғой.


- Мойнында галстугі бар адам айтып отырғасын, қалай сенбейсің?- деп күлетін еді. Бұл кезде біздің қалжыңымызға түсініп ғана қоймай, өзі де әзілдесетін болған.


...Менімен бір класта оқыған Нағманов Базарбай Қызылорда облысының Қармақшы ауданында тұтынушылар қоғамының бастығы болып қызмет істеді. Бірде сондағы прокуратурада жұмыс істейтін Бақытжан деген жерлесін кездестіріп, жақында ауылға барып қайтқанын айтады.


"Ауылда қандай жаңалық бар екен?"- деген Бақытжанға: "Қалдас қайтыс болды, басқа жаңалық жоқ"- депті.


Қалдас құрдасы еді. Бақытжан бұған сенер-сенбесін білмей тұрғанда, қасындағы бір жігіт:


-  Айтып тұрғандарың Сүгірбаев емес пе? Бұл жағдай қашан болды?- деп сұрайды.


Базарбай:


-  Соның өзі! Кеше жетісін бердік,- дейді.


Әлгі жігіт Қалдаспен институтта бірге оқыған екен, осы уақытқа дейін қатысып, хабарласып тұрса керек. Мына хабарды естігеннен кейін дереу әйелін қасына алып жолға шығады. Поезд Қазалыға жетем дегенше түн ортасы болады. Түнгі он екілердің шамасында Қалдастың үйінің алдына келіп есік қағады. "Кім екен?"- деген дауысқа:


-  Қармақшыдан келіп тұрмыз,- дейді.


Есік ашылады. Арғы жағынан үстіне ақ жамылғыны желбегей жамылған, жартылай жалаңаш Қалдас көрініпті (сірә, ұйықтап жатса керек). Өлді деген адамы ақ жамылған аруақтай болып (өзі арық жігіт болатын)) алдынан шыққанда... досының амандасуға да шамасы келмей қалыпты. Әйелі талып қалады.


Үйге кіріп естерін жинағаннан кейін, шәйдің үстінде неге келгендерін айтады. Сенің қайтыс болғаныңа келіп отырмыз деп қалай айтсын: "Базарбайдан осындай ыңғайсыз хабар естіген едік…"- депті.


Қалдас сонда ғана түсінеді.


-  Ол құрдас қой... Сен болсаң, оның сөзіне сеніп қалғансың,- дейді.


Әлі де есін жинай алмай отырған досы:


- Талай қалжыңдарды көріп едім, бірақ мынадайды - тірідей өлтіргенді бірінші көруім,- деп басын шайқай берген көрінеді.


...Құрдастарымыздың осындай қалжыңдары сырт көзге оғаш көрінуі әбден мүмкін, бірақ біздің өзімізге біліне бермейді. Тіпті, сол әзіл-қалжыңдарды кейде аңсап тұратынымыз да бар.


                                                                                                                     2007 жыл


 


      Балдыздар мен жезделер


Мектеп бітіргеннен кейін қой фермасында жұмыс істедім.


Қыста шөп престеуге шығатын едік. Шөмеле бұзып, "Белорусь" тракторына тіркелген шөп престегішке айырмен салып тұрамыз. Агрегатта жасымыз қатар төрт бала жұмыс істедік - менен бір жасы кіші Демекбай мен Айнабай, менімен құрдас Асқарбек. Трактор жүргізуші Мұратбай Асқарбектің туған жездесі еді. Біздерді жұмыс басына алып баратын, алып қайтатын осы Мұратбай.


Төртеуміз де көбек[1] болғандықтан Мұратбай бәрімізге жезде болып келеді. Жұмыс арасында сәл тыныстасақ: "Аз демалған жоқсыңдар, жұмыс істеңдер"- дейтіні бар. Кейде бастығымыз іспетті: "Норманы орындамай қайтпайсыңдар!"- деп қояды. Мұнысы жезделігін арқа тұтып әзілдегендегісі, болмаса арғы жағында зіл жоқ. Қарап тұрғанша бізге көмектессеңші деп қолына айыр берсек, оны ұстамайды. «Мен сендер сияқты қара жұмысшы емеспін»- дейді де, тракторын шұқылауға кірісіп кетеді. "Қара жұмысшысыңдар" дегені шымбайымызға қатты бататын еді.  


Бір күні осы сөзін тағы қайталады. Осыдан кейін Демекбайға: "Бәріміз жабылсақ әліміз келеді ғой. Көмектеспейтін болса байлап тастайықшы. Қашанғы жатар екен?"- дедім. Демекбай бірден келісті. Айнабайдың менің айтқанымнан шықпайтынын білемін. Асқарбек туған жездесі болғасын келісе қоймады. «Онда сен араласпай-ақ қой»- дедік те, жоспарымызды жүзеге асыруға кірісіп кеттік.


Мұратбай газет оқып отырған болатын. Қасына келдік.


- Мәке, ең соңғы рет ескертеміз! Алдымен мына айырды қолыңызға ұстаңыз, сосын балдыздарыңызға көмектесіңіз. Келіспесеңіз өзіңізге қиын болғалы тұр....


- Сонда не істемексіңдер? Шөп салу менің міндетім емес,- деген ол айырды қолына ұстай  қоймады.


Осы кезде менің берген белгім бойынша Демекбай мен Айнабай сырт жағына шықты. Үшеулеп жүріп Мұратбайды жерге жығып салдық. Пресс-подборщиктің шөп тайлайтын сымымен қол-аяғын шырмап байладық. Шөмеленің күн беткейіндегі ықтау жеріне апарып жатқыздық та: «Енді алаңсыз демала беріңіз, Мәке»- дедік.


Жездесін байлап жатқанымызға қарап тұра алмаған Асқарбек маяның арғы бетіне қарай кетіп қалған еді.


Мұратбай алғашқыда: "Завфермаға айтамын... "- деп қоқан-лоққы жасағысы келді. "Жездеміз екеніңді завферма біледі, әзілдеп едік дей саламыз"- дегеннен кейін оны да қойды. Біз жұмысымызды істеп жатырмыз. "Жағдай қалай, Мәке?"- деп сұрап қоямыз. Үндемейді.


Бір сағаттай уақыт өткеннан кейін қолына сымтемір бата бастаған болу керек: "Босатыңдар, көмектесейін..."- деді. Демекбай: "Шын айтасың ба?"- деп пысықтап жатыр. Оңайлықпен босатпайтынымызға көзі жеткен болу керек: "Шын айтамын, көмектесемін!"- деп уәдесін берді. Біздің де күткеніміз осы болатын, дереу қол-аяғын босаттық (бірақ, әлде де сенбей тұрмыз). Ешқайда қашып құтыла алмасын білген Мәкең айырды үн-түнсіз қолына ұстады да, барабанға шөп салуға кірісті. Бізге қарап: "Сендерге көмектесу үшін емес, жылыну үшін істеп жатырмын…"- дейді. «Саған дауа жоқ екен!»- деп біз де күліп жатырмыз.


Осыдан кейін Мұратбай көмектесетін болды. Егер арасы ұзап бара жатса Демекбай: "Мәке, тағы да ана жолғыдай "демалғыңыз" келіп тұрған жоқ па?"- деп есіне салып қоюшы еді. Обалы не керек, кейін ескертусіз-ақ қолына айыр ұстайтын болды.


…"Қызылқұм" кеңшарында Ысқақ атты агроном бар. Әйелі асан руынан болғандықтан бізге жезде болып келеді. Балдыздарының ішінде көбірек әзілдесетін кеңшар прорабы Шаттық еді.


Бірде Ысқақ көлде құс атып жүргенде резеңке қайығы аударылып, суға кетіп қала жаздайды. Қасындағылар жетіп үлгеріп, батып бара жатқан Ысқақты құтқарып алыпты.


Бір құрдасы:


- Аман қалдың, енді садақаға не атайсың?- дейді.


Су жұтып, ықылық атып отырған Ысқақ:


- Сиыр соямын!- депті.


Термостан ыстық шәй ішіп, өзіне-өзі келгеннен кейін:


- Уһ! Сиыр болмаса… баспақ болар,- дейді.


Ауылға қайтып келе жатқанда: "Баспақ соймасам қабыл болмай ма? Қой да жетер,- депті. Ал келгесін садақасының арасы ұзап кетеді. Кейін бұл әңгіме Шаттық балдызының құлағына тиеді. Жездесінің ізіне түсіп алған Шаттық көпшіліктің көзінше: "Садақаңды қашан бересің, ешкі сойсаң да жасасайшы"- деп қоймайтын көрінеді.


Әбден  мазасы кеткен Ысқақ бір күні төрт балдызын: бас инженер Абайды, парторг Демесінді, Шаттық пен мені (ол кезде бас зоотехникпін) үйіне шақырды. Әрине, садақа емес, балдыздарына жасаған ауызбастырығы болса керек. Лақ сойды.


Ет пісем дегенше қарап отырамыз ба, бір шишаның басын көрсетті.  Бес адамға ол не болсын, сәлден соң мойнынан ұстап тағы біреуін алып келді. Әкеле жатып: "Бары осы  еді…"- деп ескертіп қойды.


Осы арада Шаттық әңгіме бастады.


- Ысеке, көлдің тереңдігі екі адам бойы бар, үстіңіздегі қалың киіммен қалай аман қалдыңыз?


- Бәрінен де етікті шешу қиын болды. Әсіресе екінші етік шешілмей көп әурелендім,- деді Ысқақ.


-  Соған дейін жүзіп жүрдіңіз бе? Қайық аударылып қалған жоқ па еді?


- Жүзу қайда? Батып кеткен жоқпын ба? Екінші етікті судың астында отырып шештім ғой.


-  Суға тұншықпадыңыз ба?


-  Батып бара жатқанда өкпеме толтырып ауа жұтып алғанмын. Сол ауа етікті шешем дегенше жетті ғой.


Енді әңгімеге Демесін қосылды.


- Резеңке етікті шешу оңай емес қой, неше минут болдың су астында?


- Сағатқа кім қарапты? Ондай мұрса болды ма менде? Бес-он минут өткен шығар..,- дейді Ысқақ мұрны терлеп отырып.


Көп сөйлемейтін Абай осы кезде шынтақтап жатқан жерінен бойын тіктей бере:


- Ойпырмай, Ысеке-ай! Он минут су астында болсаңыз… балық болуға аз-ақ  қалыпсыз ғой?!- деп қолтығының астындағы жастықты бір түзеп қойды.


Өзінің артық кеткенін енді байқаған Ысқақ:


- Он минут пе, бес минут пе… кім біліпті? Кәні, мынаны алып қоялық, жігіттер,- деп алдындағы стаканға қолын созды.


Бірақ бұл кезде арақ таусылған болатын. Босап тұрған стакандарды жаңа көргендей болған Ысқақ баласын дүкенге жұмсады...


...Тамаққа тойып далаға шыққан Демесін:


-  Ысеке, ендігі құсқа шыққанда абай болыңыз. Қашанғы лақтың етін жей береміз, келесіде құстың сорпасын ішетін болайық,- дейді.


- Садақаңды қашан беретін болдың, соны біліп кетейікші?- деп Шаттық та бір жағынан қалысар емес.


- Ой, сөздерің бар болсын сендердің...- деген Ысқақ үйіне кіріп кетті.


Шаттық көпке дейін: "Ысқақ бір лағын сойып, үш шиша арағын беріп ойластық жасады. Жақын арада құдайжолысын беріп қалар..."- деп жұртқа жариялап жүрді.


…Ажарда Жәли атты ағамыз болды. Фермадағы төрт жылдық мектептің меңгерушісі еді. "Толар-толмас мектептің, болар-болмас директорымын ғой"- дейтін еді өзі жайлы. Сол Жәли Жамбылға жезде болып келеді. Қатар-құрдастарымен қалжыңбас Жамбыл жездесімен жүдә қатты ойнатын. Кейде шектен шығып кететін кездері де болады.


Бірде ұстара алмақ болып дүкенге кіреді. Жәли үстіне плащ киіп көріп тұр екен.


- Жарасады ма? Саған ұнаса алайын,- дейді балдызына.


Жамбыл жездесін әрі айналып, бері айналып қарап:


- Жарасады екен, ала бер. Тек бір кемшілігі бар, оны үйіңе барғасын көрерсің,- деп арқасынан қағып-қағып қойыпты.


Бұл сөзге мән бермеген Жәли плащты сатып алады. Үйіне келу бойына әйеліне көрсетіпті. Құтты болсын айтады деген әйелі айқайға басады. Қараса… алған плащының арқасы тілім-тілім екен. Жамбыл жаурынынан қағып тұрып, қолындағы ұстарамен арқасын тіле берген көрінеді. Қаншама қалжыңдасып жүрсе де, Жамбылдың мына қылығына шыдай алмаған Жәли жылап жібереді. (Жыламай қайтеді - бір айлық еңбекақысына алған плащы ғой!). Мұның аяғының немен тынарын кім білсін, егер бір сағаттан соң қолында дәл сондай плащы бар Жамбыл келмегенде? Жылап отырған жездесіне жаңа плащ, ренжіп отырған апасына көйлектік мата алып беріп, екеуін әзер дегенде жұбатыпты.


Сау басына сақина тілеп алғаны несі дейтіндер бар шығар? Бұлай істемесе, ол Жамбыл болар ма еді және бұл әңгіме қалар ма еді?  


Бәрінен де әзіліңді көтеретін жездең болған қандай жақсы!


                                                                                                                         2007 жыл


                                            Ескі мылтық


Мектептің тоғызыншы класында оқитын кезім еді.


Кеңшардағы қой фермасын басқаратын Айдаулет ағамыздың үйі бізбен көрші. Ауламыздың арасын қамыстан жасалған дуал бөліп тұрады. Дуалдың тұсында сарай бар. Ағамыздың үйіне барып жүріп бірде сарай іргесінде жатқан ескі мылтықтарға көзім түсті. Шамасы, қойшылардың жарамсыз болып қалған мылтықтары болса керек. Тот басып, қалай болса солай шашылып жатқан осы мылтықтар мені қатты қызықтырды. Ешкімге қажеті болмай қалған бұл қаруларды сұрап алайын десем, бермейтінін білемін. Мына төрт-бес мылтықтан неге бір мылтықты құрастыруға болмайды? Осы ой басымнан шықпай қойды.


Менің мылтыққа әуестігім бұл алғашқы рет емес. Срадин жездемнің үйінде мылтық көп болатын. Қосауыз бен дара ауыз дейсің бе, тіптен кіші калибрлі мылтыққа дейін бар еді. Осы кіші калибрлі мылтықты менен бір жас кіші Құтан жиенім екеуміз үйден ұрлап алып шығып, ауыл шетіне барып әртүрлі заттарды нысана қылып ататынбыз. Жездем біліп қойса кейіп, бермей қоятын. Бірақ Құтан екеуміз оның да амалын табатынбыз. Мылтық төргі бөлмеде ілулі тұратын еді. Біз терезенің әйнегін алатын едік, мылтықты содан сыртқа шығаратынбыз. Атып болған соң, білдірмей ғана орнына қоятынбыз. Осылайша, мылтық атуды Құтан екеуміз он жасымызда үйренген едік.


Айекеңнің үйіне барған сайын дәретханаға өткен болып, мылтықтарға көз салып кетемін. Бір күні тәуекелге бел будым. Тәуір деген біреуін өзіміздің аула жаққа дуалдан асыра лақтырдым. Мылтық қолыма тиген соң емін-еркін бөлшектеуге кірістім. Қар мен жаңбырдың астында неше жыл жатқанын құдайым біледі, тот басқан мылтық бірден ашыла қоймады. Бір аптадай керосинге салғаннан кейін ғана тетіктері икемге келе бастады. Бірақ бұл мылтықтың ұңғысы (стволы) майысқан болып шықты. Енді ана мылтықтардың ішінен ұңғысы түзуін табуым керек. Бұл үшін ағамның үйіне тағы баруыма тура келді. Әлгі мылтықтардың арасынан ұңғысы жарамды біреуі табылды. Артық бөліктерін орнына апарып тастаймын.


Осылай төрт-бес рет қатынадым. Мылтықтың барлық бөліктерін түгелдеп жинадым. Ашылады және жабылады, құлағы қайырылады. Шүріппесін бассаң, сарт етіп атылады. Пистонды от алдыратын инесіне дейін (боек) орнында, қайырылған құлақ ұрған кезде пистонды бұзатындай күйде. Тек бір айыбы - құлағының ұшы сынық болып шықты. Бүтін құлақпен ауыстырудың реті келмеді, бірақ бұл кемістігі мылтықтың атылуына кедергі келтірмейтін еді.


Енді мылтықты атып көру керек болды.


Өзім қатарлы Асқарбек көршімнен бес оқтаулы патрон сұрап алдым (әкесінің мылтығы бар болатын). Мылтыққа салып тексеріп көрдім. Патрон ұңғыға барып тұр, мылтықты омырған кезде қайтадан шығады. Бәрі дұрыс сияқты. Енді тек шүріппені басу керек, сол кезде мылтық атылуға тиісті. Бірақ осыны бастан өткізу маған оңай бола қоймады. Егер мылтық дұрыс жиналмаса ше? Ондай жағдайда патронның мылтықтың ішінде, ұңғыда жарылуы мүмкін ғой? Дегенмен, бұлай қалдыруға да болмайтын еді. Ойлана келе, осыған дейін адам баласына айтпаған құпиямды Ерғалимен бөлістім. Барлық жайды жасырмай айттым. "Енді не де болса мылтықты сынап көру керек"- дедім.


Екеуміз ауылдың шетіне шықтық.


Алғашқы мақсат мылтықтың атылатынын (немесе атылмайтынын) тексеріп көру еді. Ол үшін алдымен мылтықты оқтадық. Құндағын жерге көміп қойып, шүріппесіне жіп байладық. Өзіміз аулақтау жерге барып жіптің ұшын тартып қалмақшымыз. Сонда қауіпсіздеу болатын еді. Оншақты қадамдай жерде бұғып жатырмыз. Жіпті тартып қалдым. Тарс етіп атылған дауыс естілді. Көріп отырмыз, мылтық сол күйінде тұр. Жүгіріп барып қолыма алдым. Мылтыққа еш нәрсе болмаған екен. Дереу омырып жіберіп, бос патронды суырып алдым. Жаңа ғана атылған оқ-дәрінің иісі бұрқ ете қалды.


Енді мылтықты қолға ұстап атып көру керек еді. Осы жауапты жұмысты қайсымыздың атқаруымыз керек? Әрине, кезек менікі болатын. Мылтықты құрастырған өзім, бірінші ату кезегінің менікі болуы заңды еді.


Келесі патронды ұңғыға салдым. Аулақтау жерге барып мылтықтың құлағын қайырдым. Құндағын иығыма тіреп тұрып көзімді жұмдым. Сосын: "Біссіміллә..." деп шүріппені бастым. Мылтық гүрс етіп атылды. Иығыма ұрған дүмнің соққысы сезілді. Өзімнің де, мылтықтың да аман екеніне көзім жеткеннен кейін:


-  Атылды!!!- деп айқай салдым Ерғалиға.


Үшінші патронды Ерғали атты. Қалған екі патронды нысана көздеп атып, екеуміз зор жұмыс бітіргендей қуанышты кейіппен үйге қайттық.


Сол жолғы менің қуанышымда шек болмаған шығар? Мылтықты өзім қолдан соққандай күйде едім. Мұны жинау ойыңа қалай келді деген Ерғалиға: "Атақты Құлман ұстаның жиені емеспін бе?"- деп мақтанғаным әлі есімде.


Енді мылтыққа қажетті құрал-саймандарды, асай-мүсейлерін жинай бастадым. Ауыл шетіндегі көлге барып құс ататынды шығардым. Атақты мерген болмағанмен, құстан құр қол қайтқан кезім некен-саяқ. Осы мылтықтың құс атқаннан басқа тағы бір пайдасын көрген жерім бар еді. Енді соны айтайын.


Ауылда Ақберген деген ағамыз болды. Ауру да емес, сау деуге де келмейтін, қырыққа келгенше үйленбей жүрген адам болатын. Тұрғындардың жеке малын бағады. Тілі сақау. Соған қарамастан керемет боқтампаз еді. Ауылдағы әйел атаулының көбісі жеңгесі болғандықтын ба, балалардың бәрін шетінен "сесеңді…" деп боқтай жөнелетін. Кездесіп қалсам мені де құр қалдырмайды. Ауылда өспегендігімнен болар, боқтағанын жақтырмайтынмын. Неге боқтайсың десем, одан сайын ерегісіп боқтайтыны бар.


Бірде ауыл іргесіндегі көлге құс атуға шыққанмын. Көл жиегінде мал бағып жүрген Ақберген ұшырасты. Мені көріп анадайдан: "Әй, сесеңді.., неғып зүйсің? Кел беймен!"- деді. Мен бұрылмай кете берген едім, бүктеулі қамшысын қолына ұстай, бері қарай беттеді. Боқтап келеді. Осы кезде басыма Ахаңды қорқытып көрейінші деген ой келді. Оқшантайдан бір патронды суырып алдым да, көзіне көрсете тұрып мылтықты оқтадым. Сарт еткізіп жауып, құлағын қайырдым.


-  Тоқта!


Ол тұра қалды.


-  Боқтағаныңды қоясың ба, қоймайсың ба, Аха?!


Ақберген үйреніп қалған ауызбен:


- Өй, сесеңді… Абайласайсы… Мылтықпен ойнауға бомайды, атылып кетсе кәйтесің? Сесеңді…- деп қоятын емес.


Мылтықты кезей бере:


-  Отыр!- дедім даусымды қатқылдау шығарып.


Аң-таң болған күйі бір сәт қарап тұрды да... мылтықтың сұсы басты ғой деймін, жерге тізерлей отыра кетті.


-  Енді түрегел!


Тұрды. Шын қорқып тұрғанын байқадым - тізелері қалтырап кеткен екен. Осылай үш рет отырғызып-тұрғыздым да:


- Егер боқтағаныңды қоймайтын болсаң, қазір атып тастаймын! Бұдан былай боқтамаймын деп ант бер!- дедім түсімді суытып.


Сақау болғандықтан одан сайын тұттыға сөйлеп, бірдеңе айтқандай болып еді, түсіне алмадым. Неге екенін өзім де білмеймін:


-  Өлләһи-білләһи деші,- деппін.


Ақберген қамшысының сабын кеңірдегіне тақап тұрып:


-  Өлләһи!.. Білләһи!..- деді.


Мен тез бұрылып жөніме кеттім. Ахаң аузы аңқиған күйі сол жерде қала берген еді.


Осыдан кейін Ақберген мені боқтауын қойды. Бұл оқиғаны басқа жанға айтқан-айтпағанын білмеймін, кездескен жерде маған қарай саусағын безеп: "Сен баладан қойқуға болады екен!"- дейтін еді.


Ал мен мылтыққа бос патрон салып оқтаған едім, Ахаң оны сол бойы білмей кетті…


Дара ауыз 16-шы калибрлі осы мылтықты 1975 жылға дейін ұстадым. Институт бітіріп келіп "Қызылқұмға" көшерде Балапан деген жолдасым қалап алып қалды. 


                                                                                                                              2008 жыл


 


                                    Жылқы қасиеті


 Институттың соңғы курсында студенттерді тәжірибе жинақтау мақсатында шаруашылықтарға жібереді. Біздің группадан бес студент, ішінде мен де бармын, Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы "Тартоғай" кеңшарына баратын болды. Шаруашылыққа келгесін әрқайсымызды әр фермаға бөліп, менің "шөбім" Сырдарияның арғы бетіндегі №3 фермаға түскен еді.


Бас-басымызға бес-алты отардан алып, бонитировка жасауға кірістік. Әлібек деген шопанның үйінде жатамын. Көп сөйлемейтін, момын, бірақ ісіне адал қазақтың бірі. Кеңшардың күш көлікке берген екі атының бірін менің астыма беріп қойды. Қойшының қойға мінетін көнбіс жылқысы. Алғашқы күні бөтенсіп, құлағын қайшылағанмен, екі күннен кейін үйреніп кетті. Өзім жемдеймін, өзім суғарамын.


Үйде әкемнің өзі ғана мінетін боз айғыры мен күрең байтал бар болатын. Осы байталдан туған құлындарды талай рет жабағы шыққан кезінде бас білдіргенім бар. Әуелгі кезде алаңдаған Әлекең (мені аттан құлап қалады деп ойласа керек), атқа өзім ер салып, айыл-тартпасын тартып, мініп алғанымды көргеннен кейін көңілі орнына түсті.


Менің жұмысым қозылардың құлақтарына сырға басу, кластарын анықтау және журналға түсіру. Ғылыми тілде бұны бонитировка жасау дейді. Астымда әлібек торы бар, күніге екі-үш отарды жағалап үлгіремін. Көбінесе Әлібектің үйіндемін. "Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық" дегендей, осы үйге үйреніп қалғандаймын.


Торының маған үйренгені соншалықты, суғаруға жайдақ мініп бара беретінмін. Бір күні суғарып болып, үйге қарай беттей бергенім сол еді, ат табан астынан үрікті (шамасы, жүгіріп өткен тышқаннан секем алған болу керек). Үстінде алаңсыз келе жатқан мен жерге ұшып түстім. Шылбыр білегімде ораулы қалған еді, ат сүйрей жөнелді. Құмның үстімен шанадай сырғытып келеді. Қолымды босата алатын емеспін. Құдай оңдағанда бұлақтың басы ашық болатын, сонда да болса үстімді жусанның түбірлері жырып келеді. Қолым босамаса, үріккен аттың сүйретіп өлтірері анық еді. Менің ол кезде ойлануға да, амал қылуға да шамам келген жоқ. Шылбырдың шешілмесін білгесін, екі қолдап ұстап айрылмадым (бір қолымнан тартса жұлып алар ма еді, қайтер еді?)


Ат бір уақытта шабысын баяулатып барып тоқтады. Егер сол үріккен бойы тоқтамай шаба бергенде не болар еді? Анығын білмеймін, бірақ бір құдіреттің атты тоқтатқаны анық... Жалма-жан түрегеліп, жәйлап қана "тәк-тәк…" дей тұрып, білегімді босаттым. Ат осқырынып, құлағын қайшылап, ішін тартып, біраз уақыт тұрды да, шылбырға ілесіп соңыма ерді. Апарып қазығына байладым.


Бұлақтың басына барып жуынып-шайынып, ештеңе болмағандай үйге келдім. Бұл оқиғаны Әлібекке айтқаным жоқ (аттан құладым деуге намыстандым). Жырылған білегімді көрсетпес үшін ұзын жең көйлегімді киіп алдым. Атқа ер салып, жұмысыма кеттім.


Қайтамын дегенше осы атқа байланысты тағы бір оқиға болды.


Арада оншақты күн өткен болатын. Малшылар тың жерлерге қоныс аудара бастады. Сыздық деген шопанның қонған жерін қаракөл жинап жүрген шофердің сілтеуімен тауып алдым. Қозыларды сырғалап болам дегенше күн де еңкейді. Қойшының: "Алдың кеш, осында қона сал"- дегенін тыңдамай жолға шықтым. Бұл кезде көлеңке едәуір ұзарып, күн ұясына батуға жақындап қалған еді.


Арқамды батар күнге беріп жүріп келемін. Айнала қалың сексеуіл. Қызылдың бұл тұсында сексеуіл биік болып өседі, кей жерлерінде түйелі адамның бойынан асады. Сәл жүргеннен кейін қас қарайды, күн батты. Күн батқан соң машинаның ізі көрінбеуге айналды. Сонда да болса іңір қараңғысымен жетіп алайын деп келемін. Жұлдыз шықты. Менің есебім бойынша ендігі Әлібектің отырған бұлағы көрінуге тиісті еді, көрінетін емес. Шым-шытырық жолдардың бірінен екіншісіне ауысып жүріп келемін. Сағат он бірден асқанда адасқанымды білдім. "Адасқанның алды жөн, арты соқпақ" - үйдің қарасы көрінер деген оймен тағы да жарты сағаттай жүрдім.


Осы кезде жолдың қапталынан қарауытқан бірдеңелер көзіме шалынды. Жақындайын деп едім, ат осқырынып жолайтын емес. Аттың пысқырғанына қарамай, тебіне отырып қасына бардым. Бұл бұзылған бастырмалардың орындары екен, оншақты жертөленің бәрінің де төбесін аударып алып кеткен. Үңірейіп шұңқырлары  жатыр. Бұрын қанша жүргенімде бұндай шұңқырларды көрмеген едім, басқа жаққа адасып кеткеніме енді көзім анық жетті. Бір жақсысы, жолға Әлібектің мылтығын ала шыққанмын. Оншақты оғы бар осы мылтық дәтке қуат болғандай еді, әйтпесе, жеті қараңғы түнде аң-құс кездессе не амал қыламын?


Енді кейін қайту керек болды. Аттың басын бұрдым. Қай бағытқа қарай адастым, қанша шақырым жүрдім деген оймен өзімше есептеп келе жатырмын. Сыздықтың үйінен шыққаныма үш сағаттай уақыт өтті және оңтүстікке қарай ауытқыған болуым керек. Әлібектің үйі Сыздықтікінен отыз-қырық минуттық жол болатын. Олай болса, солтүстікке қарай әлі екі-үш сағаттай жүруім керек.


Сипай қамшылап жүріп келемін. Бағанағы жүрген жолым ба, әлде тағы басқа жолға түсіп кеттім бе? Бағытым дұрыс па? Ойым он саққа кетіп келеді. Осы кезде «жылқы адаспайды, жем жеген жерін қалайда тауып барады» деген сөз есіме түсті. Аттың басын еркіне жібердім. Басы босағанын білген ат сәлден соң жолсызбен тартты. Бұрынғыдай емес, емпілдеп жүріп келеді. Бірақ жылқыға әлде де сенбей келемін. 


Біршама жүргеннен кейін аттың келе жатқан бағытын Темірқазыққа қарап белгілеп алдым да, басын басқа жаққа қарай бұрдым. Қақпайлап шамалы жер жүрдім. Осыдан кейін қайтадан еркіне жібердім. Ондағы ойым - ат бірдеңе біліп келе жатыр ма, болмаса беталды құла-дүз жүріп келе жатыр ма, соны білу еді. Сәлден соң жылқы бұрынғы бет алған бағытына - бағанағы жұлдызға қарай бұрылды. Енді көңілім орнына түсейін деді.


Бірақ әлі де қауіп сейілген жоқ болатын. Кейбір отарларға қасқыр шапты дегенді естігенмін. Қасқыр кездессе не істеймін деп ойланып келемін. Мылтыққа оқ салдым, алдыма алдым. Әуелі Алла, содан кейін ата-бабалар әруағы жар бол деймін ішімнен. Олардан кейінгі сеніп келе жатқаным қолымдағы мылтық пен астымдағы ат.


Бір жарым сағаттай жүргеннен кейін алыстан үрген иттің даусы естілді. Сәлден соң алдымнан құйрығын бұлғаңдатып Әлібектің иті көрінді. Иттің даусынан үйден Әлібек шықты. Беймезгіл жүрген бұл кім дегендей есік алдында состиып тұрды да, атты таныды-ау деймін, дәрет сындыруға аулаққа кетті. Түн ішінде не деймін, салулы төсегіме жата кеттім.


Ертеңіне түндегі адасқанымды айтып берген едім. «Аттың басын жібергенің дұрыс болған екен,- деді Әлібек менің әңгімемді тыңдап болғаннан кейін. Сосын: "Жылқы қасиетті мал ғой, жарықтық…"- дей отыра, менің астымдағы торыға қоса өзінің күреңін де мақтап, біраз жерге апарып тастады.


Әлібектің айтуынан білдім - түндегі көрген шұңқырларым сексеуіл дайындаушылардың уақытша баспаналарының орындары екен. Ол жер Өзбекстанға қарайтын көрінеді, мен адасып жүріп Бұхара облысына өтіп кете жаздаппын. "Арғымақ аттың белгісі - иесін жауға қалдырмас!.."- деп Қожаберген жырау айтқандай, жылқының қасиетті мал екеніне екінші  рет осылай көзім жетті.


                                                                                                                                           2008 жыл


Әңгімеші шал және оның әнші әйелі 


1973 жылы группалас досым Қыдырбақыт екеуміз Алматының Ленин проспектісі бойындағы "Қазақстан" дүкеніне жақын бір үйде пәтерде тұрдық. Үй егесі еврей кемпір болатын. Тегі еврей емес пе, жаққан жарық пен пайдаланған газдан бастап, дәретханаға неше рет барғаныңа дейін есептеп отыратын еді. Түнгі сағат он бірден кейін жарықты сөндіріп тастайды. Басқа пәтер табылса, көшсек пе деп жүргенбіз.


Бір күні сабаққа бара жатыр едім, егделеу қазақ кісі жолымды кеселей берді.


-  Балам, пәтер қажет емес пе?


Табан астынан табылған пәтерге қуанып кеттім.


-  Ия.


Бас-аяғыма бір қарап алды.


- Әйелім екеуміз тұрамыз... Бір бөлмеміз бос болғасын пәтерші жіберсек деп едік. Бір ғана пәтерші керек.


Қасымда жолдасым бар екенін айтып едім, оған келіспеді. Адресін алып, кейін хабарласатын болып сабағыма кеттім. Пәтердің жайын естіген Қыдырбақыт: "Әуелі өзің орналасып ал, арғы жағын көре жатармыз... Қазақ болса, келісетін шығар"- деді.


Ертеңіне пәтерді көрдім. Көп қабатты үйдің үшінші қабатында екен, пәтерақысы қымбат емес. Бір жақсы жері институтқа жақын. Қойған шарты - пәтерақыны ай сайын уақытында төлеп тұру және үйге көп қонақ әкелмеу. Келістім. Сол күні еврей кемпірмен есеп айырысып, жаңа пәтерге ауысып алдым.


Үй егесін алпыс жастағы адам-ау деп жобалаған едім. Қателесіппін, жетпістен асқан екен. Әйелі әлдеқайда жас көрінді. Қырықтың ол жақ-бұл жағындағы толықтау келген қараторы келіншек есімін өзі айтып таныстырды. Аса ажарлы болмаса да, сүйкімді деуге келетіндей еді. Маған әйелінің бет-ажарының не қажеті бар, пәтері жайлы және сабаққа дайындалуға қолайлы болса, болды емес пе?


Шал өте әңгімеші адам болып шықты. Шәй үстінде басынан өткен түрлі оқиғаларды айтып отырады. Отызыншы жылдарға дейін комсомол қызметінде болыпты, кейін НКВД-да жұмыс істепті. Сонда көргендері мен істегендерін айтқанда аузымды ашып тыңдаймын.


"Комсомолда жүрген кезім еді. Бастығым шақырып алып, мына адреске барасың деп қолыма тілдей қағаз ұстатты,- деп бастады шал әңгімесін бір күні,- Қағаздағы адрес НКВД-ның кеңсесі екен. Бұл чекистердің қатарын комсомолмен толтырып жатқан кез еді. Мені қабылдаған адам сөзді көп созбады, жаңа қызметте халық жауларымен аянбай күрес жүргізуге тура келетіні жөнінде жарты сағаттай лекция оқыды. Сосын бір тергеушінің жанына қосты. Қасында бір апта болып, жауап алудың тәжірибесінен өттім.


Алғашқы кезде қиын болды. Бірақ бұған да үйренеді екенсің. Екі аптадан кейін өз алдыма жеке іс берді. Алматы іргесіндегі бір ұжымшар бастығының үстінен қозғалған екен. Комсомолда жүрген кезімде бұл ұжымшарда бірнеше рет болғанмын, бастығын да танимын. Не бүлдіріп қойды екен деп қарай бастадым. Ана жерде анандай әңгіме айтқан, мына жерде мынандай әңгіме айтқан, ішіп қойған, жеп қойған деген сияқты арыздар. Арыз егелерін танымадым, бірақ сол ауылдың адамдары.


Конвоймен алып келді. Ұсқыны кеткен, баяғы бастық кездегіден ештеңе қалмаған. Мені танып жылап қоя берді. Бөлме ортасында еденге бекітілген орындық болады. Орындықтан түсіп еңбектеген күйі аяғымның астына келіп құлай кетті. Абырой болғанда бұл кезде конвоир шығып кеткен еді. Сүйемелдеп апарып орнына отырғыздым.


Жауап ала бастадым. "Бәрі жала, бәрі өтірік..." дегеннен басқа сөз айтпайды. Құтқарады деген үміт сәулесі оянды ма: "Жазықсызбын, балаларым бар"- деп жылай берді.       


Мен оны құтқара алмайтын едім. Бұл жерге кінәсіз адам түспейді, ал түскеннен кейін халық жауы болып есептелесің...".


Әңгіменің осы жеріне келгенде шал темекісін тұтатып, түтінін сорып, біраз уақыт үнсіз отырды. Маған әңгіме аяқталмағандай, әлде де жалғасы бар сияқты болып көрінген еді.


-  Басқарманың кейінгі тағдыры не болды?- деп сұрадым әңгімені жалғастырғым келіп.


«Соны да білмейсің бе?» дегендей бетіме бажырая қарап:


-  Одан кейін кездестірген емеспін, балам,- деді.


Үй егесі күнде кешкісін шәйге шақырады. Мен ыңғайсызданып рахмет айтсам да, қоярда-қоймай дастарханға отырғызады. Әңгіменің тиегін ағытады. Осылай отырып бір-екі сағаттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Дайындалатын сабағым бар екені есіме түсіп мен рұқсат сұраймын. Шал екеуміз жақсы тіл табысып кеткен едік.


Бірде әңгіме арасында Қыдырбақыт деген жолдасым бар екенін, бұрын екеуміздің бірге тұрғанымызды айта келіп, қасыма алсам қалай болады дедім. Темекісін бұрқыратып ойланып отырды да: "Жоқ, болмайды!"- деді. Неге екенін айтқан жоқ.


Ертеңіне қала іргесіндегі ағайындарына баратынын айтып шал кетіп қалды.


Кешкісін сабақтан келсем жеңгей шәй дайындап жатыр екен. Екеуміз отырып шәй іштік. Сәлден соң әйел буфеттен бір шиша арақ әкеліп столдың үстіне қойды.


-  Кел, қайным, мынадан ауыз тиелік... Білесің ғой, ағаң өзі барда маған рұқсат бермейді,- деді күліп.


Келген күні үй егесі екеуміздің бірнеше рюмка арақ ішкеніміз бар еді. "Сенің пәтеріңді жуайық" деп қоярда-қоймай алғызған болатын. Жеңгей ол жолы арақтан ауыз тиген жоқ (өзі "қайным" дегесін мен "жеңеше" дейтінмін).


- Еркексің ғой, мыналарды сен ыңғайла,- деді екі рюмка әкеліп қойып жатып.


Отағасы жоқ кезде арақ ішкенімізге ыңғайсызданып отырмын (бас тартуым да ыңғайсыз сияқты). Арақтың аузын аштым, рюмкаларға құйдым. Жеңгем тілек айтты. Соғыстырып алып қойдық. Ішкенім бар болсын, қысылып отырмын. Үйдің егесі кіріп келіп, екеуміздің оңаша арақ ішіп отырғанымыздың үстінен түсетін сияқты.


Осы ойымды сезді-ау деймін, жеңгем:


-  Қысылма, ағаң бүгін келмейді. Бірсікүні келерсің деп айтқанмын, еркін отыра бер,- деп жымиып қойды.


Екінші рюмкадан кейін: "Даусың қалай еді, ән салайық"- деп бір өлеңді бастай жөнелді. Әжептәуір даусы бар екен. Менде дауыс жағы жоқ, ән салу деген өнерден құралақанмын. Қосылған болып отырмын. Үшінші рюмкадан кейін еркіндеу отырып сөйлестік. Сонда да болса: "Өзіңнен үш мүшел үлкен адамға қалайша тұрмысқа шықтың?"- деген сұрақты қоя алмадым. Көңіліне келіп қалар дедім. Оның өзі бұл жайында әңгіме қозғамады. Менің даусымды байқағаннан кейін, өлең айт деп қинауды да қойды.


Түн ортасына дейін отырдық. Жеңгем алғашқыдай емес, жеңіл халатының омырауы мен етегін қымтауын қойып, ашық-шашықтау отыр. Бір кезде телевизорды өшіріп (оны көріп те отырғанымыз жоқ):


-  Ертең сабаққа барасың ғой, дем ал,- деді.


Өзі ыдыс-аяқтарды жинастырып кухняда қалды. Мен төсегіме келіп жайғастым.


Ұйықтап кеткен екенмін, тысырлаған дыбыстан оянып кеттім. Алакөлеңкеде біреу мені ығыстыра келіп қасыма жатты. Жеңгем екенін білдім. Жүрегім аузымнан шығып кететіндей дүрсілдеп ала жөнелді. "Ұйқың қатты ғой, жүдә..."- деп қолын кеудеме салып, саусағының ұшымен бір шымшып өтті. Ұйықтаған адамның кейпінде пысылдап, қозғалмай жатырмын. Менен жауап бола қоймағаннан кейін, иығымнан сәл жұлқығандай болды. Мен үнсіз жата бердім...


Менің қазіргі жағдайымды құдай адам баласының басына салмай-ақ қойсын. Ішімде екі ұдай сезім арпалысып жатыр: көз алдыма шалдың бейнесі келеді; егер мен "сондай" әрекетке барсам, ертең бетіне қалай қараймын, ештеңе болмағандай қалай бірге тұрып жатамыз дейді бір ойым. Осы ой басыма келгенде "оянғым" келмейді. Бойынан қызуы қайтпаған әйелдің ыстық демі бір жағынан күйдіріп барады. Осылай, не істерімді білмей жатқанымда, әйел төсектен тұрды да бөлмеден шығып кетті. Мен көпке дейін ұйықтай алмадым...


Ертеңіне азанғы шәйімді ішпестен сабағыма кеттім. Оның не ойда екенін білмеймін, ал менің оған қарайтын бетім жоқ еді. Күні бойы институтта болдым. Кешке үйге келсем, жеңгемнің қабағы қатулы екен. Үн жоқ, сөйлеспейді. Шалы әлі келмепті. Әңгімеміздің жараспасын білгеннен кейін, бір сылтау айтып, жатақханаға түнеуге кеттім. Содан екі күннен соң бардым. Үйдің егесі оралған екен. Кешкі тамағын ішіп болғаннан кейін, шаршап келгенін айтып, ерте жатып қалды. Жеңгем әлі қабағы қатулы күйінде жүр.


Арада бір аптадай уақыт өтті...


Байқаймын, отағасының маған деген көзқарасы өзгерген сияқты, бұрынғыдай шүйіркелесіп сөйлеспейді. Көзілдірігін мұрнының үстіне іліп алып, газет оқиды да отырады. Не жазып қалдым бұл екеуіне деп ойланамын. Әйелінікі түсінікті делік, еркегіне не болған?!


Көп ұзамай жатақханаға ауысудың сәті түсті. Қыдырбақыт малдәрігерлік факультеттің комендантымен келісіп, екі орынға рұқсат алыпты. Ертеңіне сонда ауысып алдық. Отағасымен қош айтыстым. Жеңгем үйде жоқ екен - дүкенге ме, базарға ма, бір жағына кеткен болса керек.


…Уақыт өте келе адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді ме деймін. Осы күндері сол кісілердің оғаш істеріне кешіріммен қарағым келетін сияқты. Қалай болғанда да, менің сол үйде қалмағаным дұрыс болды деп ойлаймын және бұған өкінген де кезім болған емес.


  


                                                                                                                              2009 жыл


                                      Күтпеген кездесу


 "Қызылқұм" кеңшарында бас зоотехник болып жұмыс істеп жүрген кезім болатын. 1982 жылдың мамыр айында Шымкент қаласына қаракөл апардым. Қайтарда бос машинамен Қызылорданың кірпіш зауытына соқтым. Биыл қыста қайтыс болған әкемнің басын қарайтуға силикат кірпіш ала қайту ойымда бар. Директорына кіргім келген еді, кабинетінде жоқ екен. Енді кімге жолығамын деп тұрғанымда, қабылдау бөлмесінде отырған бір бейтаныс адам кірпішті директорсыз да алуға болатынын айтты. "Тиеп жатқан жеріне барыңыз, ақшаны қолма-қол төлеп ала аласыз"- деп құлағыма сыбырлады. Бұл жолды да байқап көрейін деген оймен кірпіш тиеп жатқан жерге қарай аяңдадым. Ұзыннан-ұзақ кезекте тұрған машиналардың алды үлкен көк қақпаға барып тірелген. Қақпаның жанындағы кішкене будканың алдында бір шал отыр.


Жақындап келіп сәлем бердім. Кәукейден көшкен Сембай деген ақсақал екен. "Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан" дегендей, қарауылдың өзі таныс болғасын, келген шаруамды айттым.


- Осы цехтың бастығы өзіміздің қазалылық жігіт. Жағдайыңды айтсаң, жұмысыңды бітіріп жіберуі мүмкін. Қазір келеді,- деді.


Осында көшіп келгенін, жақында зауытқа қарауыл болып орналасқанын айтып жатыр. Әңгімелесіп отырып байқамай қалды ма, білмеймін, бір уақытта қақпадан өтіп бара жатқан жігітті нұсқады: «Бастық осы, барып жолық...»


Артынан қуалай барып даусымды көтере: "Ассалаумағалейкүм"- деп амандастым. Бұрылып қараған жігіт: "Әлейкүм-ассалам"- деп сәлемімді алды. Мен бұл жігітті танитын едім, аты Нағашыбек болатын. Ол мені танымады. Күтпеген кездесуден абдырап қалған мен:


-  Нәке, танымадыңыз ба?- дедім.


Бетіме аңтарыла қарап тұрып, есіне түсіре алмады.


- Ерғалидың інісімін ғой. "Зооветте[2]" сізден екі жыл кейін оқығанмын,- деп атымды атадым.


"Айтып тұрғаның Шәмет қара ма?"- деп сұрады да (Ерғалиды құрдастары осылай атайтын): "Қайдан жүрсің?"- деп жөн сұрасты.


Келген шаруамды айттым. "Машинаң бар ма?" деп сұрап алды да, есіктің алдында отырған Сембайға қарады.


- Әй, шал!- деді түйеден түскендей,- мына жігіттің машиналарын ішке кіргіз!


Кезексіз кірген екі машинаны кранның астына алып барды. Кірпішті тиеп берді. Машиналарым қақпадан шыққаннан кейін тиісті ақшасын санап беріп, рахметімді айттым.


Арада он үш жыл өтсе де Нағашыбек көп өзгермепті. Тек аузы тола алтын тістері (бұрын жоқ болатын) көп жыл өткенін еске салғандай еді. Ұзақ сөйлесе алмадық. "Жолда милиция тоқтатып жатса көрсетерсің"- деп қолыма квитанция жазып берді. Соны толтырып жатып, түрмеден шыққанына бір жарым жыл болғанын, алғашқы кезде краншы болып істегенін, қазір цех бастығы екенін, үйленгенін және қаладан пәтер алғанын айтып жатыр. "Уақытың болса, үйге жүріп шәй іш"- деді. Мен рахмет айттым.


Қоштасарда: "Шәмет қараны көріп тұрасың ба?"- деп сұрады да, жауап күтпестен: -  «Сәлем айт оған! Ал ана квитанцияны аулыңа жеткесін жыртып тастарсың»- деді.


Жолда келе жатып осынау жігіттің өмірінің ең бір жақсы кезеңін түрмеде өткізуіне кім кінәлі деген ой басымнан шықпай қойды...


...Нағашыбек бізден екі курс жоғары оқитын еді. Үшінші курста бір себептермен институттан шығып, Алматы түбіндегі Ақсай оқу-тәжірибе шаруашылығында жұмыс істеп жүргенін білетінмін. Бір күні Ерғали: "Мектепте қатар оқып едік, жағдайын білейік"- дегесін,  аздаған сыра мен тіскебасарымызды қолымызға алып, Ақсайға іздеп барғанбыз. Ық жағынан адам жүре алмайтын шошқақораның жел жағын айналып өтіп, көп жұмысшылардың арасынан іздеген адамымызды әзер тауып алған едік. Бізді көріп қуанғанымен, үстінен шыққан сасық иістен қысылғанын жасыра алмаған Нағашыбек апарған сырадан ішпек түгілі, ауыз да тимеді. "Ізіме салып қойған адамдар бар, хабарлап қояды..."- деп азар да безер болды.


- Аманшылық болса, институтқа қабылданған күні бір тойлармыз,- деген болатын.


Біз де көп қинағанымыз жоқ. Алып барған сырамызды өзіміз ішіп, біраз уақыт отырып әңгімелестік. Сол жолы институттан не себепті  шығарылғанын, неге шошқашы болып жүргенін айтып берген еді...


Ауылдан шыққанына қарамастан Нағашыбек өте сәнді киінетін. Орта бойлы келген шапаттай ғана жігіт, өте жылдам және пысық болатын. Үстіне сол кездегі соңғы мода ақ нейлон көйлек, "клеш" қара шалбар киіп, көйлектің жеңінің түймесін ағытып, ұзын қара шашын желкесіне түсіріп жіберіп жүргенде... кім болса да оған бір қарамай өтпейтін еді.


Бірде факультет деканы Мустафаевтан шашыңды қысқарт деген ескерту алады. Оны орындай қоймайды. Мұстафаев тағы ескертеді. Үшінші ретте: "Кабинетке апарып шашыңды қиямын!"- деп қолынан ұстап жетелей жөнеледі. Оңайлықпен шашын қидыратын Нағашыбек пе, сытылып шығып қашып кетеді. Декан бет-жүзін танығанмен, аты-жөнін есіне түсіре алмайды. «Тағы бірде көзіме түсерсің, бәлем...»- деп кіжініп қала береді. 


Деканның анда-санда жатақханаларды аралайтыны бар болатын. Бірде қасына комендантты ертіп алып, бөлмелерді тексеріп келе жатқанда, ұйықтап жатқан Нағашыбектің үстінен түседі. "Сабаққа бармай, бұл не жатыс?"- деп иығынан түрткен екен (ұйқысырады ма, әлде түндегі тойдың әсері әлі кетпеген бе): "Кет әрі, малғұн, ұйқымды бұзба!"- депті де жата беріпті. Шамасы, студенттердің бірі деп ойласа керек. Тісін қайрап жүрген декан мынадан кейін Нағашыбекті институттан шығару жөнінде ректорат алдына мәселе қояды. Бір аптадан кейін институттан шығарылады.


Үшінші курста оқып жүріп институттан шығып қалу оңай ма, көп ойдан кейін Нағашыбек деканға кіреді. Кешірім сұрайды. "Жаздым-жаңылдым, енді тәртіпсіздік жасамаймын"- деп жалынады. Обал болды-ау деп ойланды ма, әлде тезірек құтылғысы келді ме, кім білсін, декан: "Бір жылдан кейін жақсы мінездеме алып келсең, оқуыңды жалғастыруға ректорге өтініш жасармын..."- депті.


Осы сөздің өзіне үзілген үмітінің ұшынан ұстағандай болған Нағашыбек елге қайтады. Ауылда бір жыл жұмыс істейді. Келесі жылы қолына өндірістік мінездемесін алып (оған қосымша комсомол, кәсіподақ комитеттерінен де алған мінездемелері бар) Мустафаевтың алдына барады.


Барлық мінездемелерді оқып шыққан декан:


- Мінездемелерің дұрыс екен, бірақ өз ауылыңның мақтап беретіні белгілі. Сені Ақсайға жіберемін, сондағы шошқа фермасында алты ай жұмыс істейсің. Жақсы мінездеме алып келсең, қабылдаймын,- дейді.


Жазған құлда шаршау бар ма, Нағашыбек енді Ақсайға кетеді. Біз барғандағы шошқа бағып жүруінің тарихы осылай екен…


Алты ай уақыты біткесін Мустафаевтың алдына тағы барады. Тәжірибе шаруашылығының басшысынан жақсы жұмыс істегені және ешқандай ескерту алмағаны жөнінде мінездеме алған екен. Декан бұл жолы да мінездемеден еш кінә таба алмайды. Солай болса да түрлі сылтау айтып, институтқа қабылдаудан тағы бас тартады. Жылтырап көрінген үміт сәулесінен осылай айрылған Нағашыбек енді не істерін білмейді. Өзінің бұрынғы курстас достарының бөлмесінде түнеп жүреді. Арақ іше бастайды. Ішкен кезде басына неше түрлі ойлар келеді. Мустафаевқа деген ашу-ызасы сыртқа шығып: "Қалайда кек аламын!"- дегенге дейін барады. "Басқасын айтпағанда, алты ай шошқа бақтырғаны есімнен кетпес..."- дейтін көрінеді.


Осылай жүргенде деканның бірінші курста оқитын қарындасы бар екенін естиді. Әлгі қыз бізбен курстас, ағасының үйінде жатып оқитын еді. Кейде жатақханадағы группалас қыздарына барып тұрады екен. Осындай бір барғанында, коридорда келе жатқан қызды шап беріп ұстап алады. Есін жиям дегенше бөлмеге кіргізіп алып зорлайды. Осыдан кейін: "Ағаңа айтып бар, менің атым  Нағашыбек!"- деп босатып қоя береді.


Масқара болған қыз ағасына айтпағанмен жеңгесіне айтқан шығар, ертеңіне милиция келіп Нағашыбекті ұстап әкетеді.


…Сот болар алдында елден ағайын-туыстары келді. Олар Мустафаевпен сөйлескен көрінеді. Әуелгі кезде шалқайған декан ойлана келе (қарындасының абыройын ойлады ма?): "Егер үйленсе, арызды қайтып алуға болады"- деп көнгендей ыңғай білдіріпті.


Ағайындары осыны жеткізіп: "Үйленсейші... Мүмкін, дәм-тұздарың жарасып кетерсіңдер"- деген екен, Нағашыбек: "Мен ол қызды әйел қылып алайын деп зорлағаным жоқ!.."- деп көнбепті. 


Ұзамай соты болды. Қыз зорлады деген айыппен он екі жылға кесілді де, кете барды. Содан кейін кездестіріп тұрғаным осы...


Нағашыбектің өзінен де бар шығар, солай болса да бір ауыз сөзге бола оқудан шығарған, онымен тұрмай шошқа бақтырған деканды кінәсіз деп айтуға бола ма? Ұстаздардың немесе ұжымның талқысына салса, жөнделер ме еді, қайтер еді? Ондай жағдайда жазықсыз қыздың да абыройы төгілмеген болар еді ғой. Еш жазығы жоқ бейкүнә қыз оқуын жалғастыра алмады, институттан шығып кетті.


Егер осының бәрін тағдырдың жазуы десек, сонда сол тағдыр Нағашыбекке Мустафаев болып, жазықсыз қызға Нағашыбек болып жолыққаны ма?!


Осындай ойлар басыма оралып, жауабын таба алмай келемін…


 


                                                                                                                        2009 жыл


 Жүргізуші ішкен "жүз грамм"


 "Қызылқұмға" барғаныма көп болмаған, әлі үйім көшіп келмеген кез. Директордан бірнеше күнге рұқсат алып, ауылға қайтуға машина іздедім. Кеңсенің алдында кеңшарға көмір әкелген ЗИЛ машинасы тұр екен. Шофер жігіт: "Жол қағазына қол қойдырамын да қайтамын, аға"- деді. Кідірмей жолға шықтық.


"Бөзкөл" кеңшарына жақындағанда: "Таныс үйім бар еді, кіріп шығуым керек"- деді. Есігінің алдында біржарым тонналық "ГАЗик" тұрған үйдің алдына келіп тоқтадық. Бұл үйдің егесін мен де танитын болып шықтым. Бұрын Ажарда қой баққан Қайып деген ақсақалдың үйінде қонақ бар екен. Қонағын да танимын - Ажарда ферма басқарған Ділжанов Аяған деген ағамыз. Дайын ауқатқа барыппыз, бірге отырып тамақтануға тура келді. Сәлден соң жүруге бейімделдік.


Бұл кезде күн батып, қараңғы түскен еді. Мен далаға шығып кабинаға жайғасқанмен, шофер көпке дейін шыға қоймады. Сол үйдің өзімен қатар баласымен шүйіркелесіп сөйлесіп қалған болатын. Он-он бес минуттан кейін шығып, дереу машинаны от алдырды. Жүріп кеттік. Бірақ баланың жүргізуі бұрынғыдай емес, өзгерген сияқты. Машинаны орнынан екінші жылдамдықпен қозғады, сосын бірден төртінші жылдамдықты қосты. Алдымыз түн болғасын асығып келе жатыр ма деп ойлап: "Жәй айдасайшы"- дедім. Құлақ аса қоймады. "Арақ ішіп пе едің?"- дегеніме: -"Аздап… жүз грамм ғана"- деді.


Үш-төрт шақырымдай жүргеннен кейін машина кенеттен тас жолдың қарсы жақ бөлігіне шығып кетті. Менің: "Әй!.."- дегенімше болған жоқ, бірден түпсіз қараңғылыққа сүңги жөнелдік. Соны ғана аңғарып қалдым, арғы жағы түсініксіз салдыр-гүлдір, аударыс-төңкеріс… Бір кезде тым-тырыс тыныштық орнады.


Сәл жатқаннан кейін аман екенімді байқадым, еш жерім сынбаған сияқты. Машина қырынан жатыр екен, мен жақтағы есік танкінің люгіндей болып жоғары шығып қалыпты Әзер дегенде ашып, сыртқа шықтым. Ыңырсып жатқан шоферді тартып шығардым. Бет-ауызы, үсті-басы қан…


-  Қай жерің ауырады, сезесің бе?


Мәңгіріп отыр. Кабинаның алдына сүйреп әкеліп қарасам (фары жанумен жатқан болатын), басынан қан ағып тұр екен. Шеке тамырын ырситып сойып кетіпті. Басқа жағы аман сияқты. Осылай әуреленіп жатқанымызда "Бозкөл" жақтан келе жатқан машинаның даусы естілді. Қасымызға келе бере тоқтады. Бұл манағы "ГАЗик" екен. Кабинадан Аяған мен шофер түсті.


- Ойпырмай, не болды?! Амансыңдар ма?


- Аманбыз. Мына баланың басынан жарақаттанғаны болмаса, басқа жағымыз аман сияқты...


 Сол жерде шофердың басын шүберекпен таңып бердік. Енді машинаны тұрғызу керек болды. Аударылған жеріміз жол деңгейінен едәуір төмен екен. "ГАЗик" машина ЗИЛ-ді төрт дөңгелегіне тұрғызды, бірақ жолдың үстіне тартып шығара алмады. Басқа амал болмағандықтан, Айекең шоферін "Бозкөлге" жұмсады.


Бір сағаттан кейін "Белорусь" тракторы келді. Машинаны тартып шығарды. Шоферін рөлге отырғызып "Бөзкөл" жаққа қарай сүйреп әкетті. Мен Айекеңнің машинасымен қалаға жеттім. Май мен қан тиіп киімімнің бүлінгені болмаса, құдай сақтап, аман қалдым.


Арада он жылдай уақыт өткен...


Кеңшарда бас зоотехникпін. Шымкентке қаракөл елтірісін апаратын болып кеңшардан екі машина алғанмын. Бірін Кәукейде қалдырдым. Екіншісіне Қызылқұм мен Ажар фермаларынан қаракөл тиемекшімін. Шоферім Таңатар деген жігіт болатын. "Құжаттарды дайындап болғанша екі бөшке автол тиеп әкел, қырқым пункттеріне апарып береміз"- деп гаражға жұмсадым. Қағаздарымды дайындап далаға шықсам, қасында кеңшардың кассирі Орынбасар мен Ажар фермасының малдәрігері Марат бар, екі бөшке автолды тиеп келіп тұр екен. Бөшкелерді мұқият байлатып (қозғалмай нық тұрсын деген мақсатпен), кассирді қасыма кабинаға алып, жүріп кеттік. Марат қорапқа мінді. Кеңседен ұзамай жатып-ақ байқадым - шофер ішіп алыпты, машина жүргізуі ұнамады. "Ішіп алыпсың ғой?"- дегеніме құрдастығына салып: "Ештеңе етпейді... Бұдан да жаманымызда машина айдағанбыз"- деп жауап қайтарды.


Неге екенін білмеймін, менің жүргім келмеді: "Қайтайық"- дедім. Таңатар машинаны тоқтатты, бірақ кейін бұрыла қоймады. Осылай аз уақыт үнсіз отырдық. Кәукейден көп ұзай қоймағанбыз, мен кабинадан түстім де, ауылға қарай жаяу бет алдым. Осы кезде артымнан Орынбасар қуып жетті. Екі жастай кішілігі болғанымен, сыйласып жүрген жігіт еді, не айтқаны қазір есімде жоқ, әйтеуір жүруге көндірді. Қайтадан жолға шықтық.


Ажар аулынан он екі шақырым беріде Қаратүп деген бұлақ бар. Сол бұлақтан өте бере машинамыз жолдан шығып кетті. Шофер жолға саламын деп бұрған еді, бірақ сала алмады. Терең колеяға тарс-тұрс соғылған машина арғы жағына өте шықты. Сірә, осы кезде рульден айырылып қалды-ау деймін, машинамыздың аударылып бара жатқанын байқап қалдым. Бар білгенім салдыр-гүлдір мен аударыс-төңкеріс...


Есімді жиып, жан-жағыма қарадым. Машина шалқасынан жатыр екен. Аяқ-қолымды ұстап көріп жатырмын - аман сияқтымын. Кабинадан сыртқа шықтым. Орынбасардың шығуына көмектестім. Оның қолы мен құлағын жырып кетіпті, басқа жарақаты жоқ сияқты. Кабинада шофер жоқ. Жолдың қапталында анадай жерде ойбайлап біреу жатыр: "Қабырғам... Қабырғам сынды, қабырғам…"- деп бүйірін ұстай береді. Марат екен. Оны бір түп сексеуілге сүйеп отырғызып,, енді Таңатарды іздедім.


Машинаның төрт аяғы аспаннан келіп, дөңгелектері әлі айналып жатыр. Біздің аман қалуымызға бағанағы екі бөшке май себеп болса керек, егер сол бөшкелер болмағанда кабина жапырылып қалар ма еді, қайтер еді? Алдымызда оншақты метр жерде, колеяның үстінде бір нәрсе қараяды. Жақындап барып қарасам…  етпетінен жатқан Таңатар екен. Аузы-мұрнынан қан кеткен. Есін білмейді. Шалқасынан жатқызып, жүрегін тыңдадым. Дем алысы білінбеді (тіпті, ыңырсымайды да), бірақ жаны бар сияқты.


Менің түсінбей тұрғаным оның оншақты метр жерде алдымызда жатқаны еді. Кейін аңғардым, аударылған кезде машинаның тұмсығы артқа қарап қалған екен. Яғни, Таңатар алдымызда емес, келген жағымызда жатыр екен (шамасы, сыртқа қарай секірген болу керек). Біздің де басымыз айналып қалған, осының бәріне есімізді жинағаннан кейін түсіндік. Марат алғашқы құлаған жерінде әлі жылап отыр (кейін белгілі болды - төрт  бірдей қабырғасы сынып, мойын омыртқасы жарылыпты).


Орынбасарды бұлақтан су әкелуге жұмсадым. Ол келем дегенше орамалыммен Таңатардың бетін сүртіп, аузынан үрледім. Қолында бір шелек суы бар Орынбасар да жетті. Жүргізушінің аузы-басын жуып, бетіне су шаштық. Сонда да есін жиятын емес - былқ-сылқ етеді. Жәйлап көтеріп апарып жолдың жиегіне жатқыздық.


Марат ойбайлауын әлі тоқтатар емес. Қасына келіп (менен екі-үш жастай кіші еді): «Неге бақырасың! Еркек емессің бе, шыда!»- деп жекіргеннен кейін жылауын сәл бәсеңдетті.


Осылай әбігерге түсіп жатқанымызда Кәукей жақтан келе жатқан машинаның даусы естілді. Қызылқұмдағы он жылдық мектептің "ГАЗигі" екен, кабинасында мектеп директоры Күзембай отыр. Аударылып жатқан машинаны, шашылып жатқан адамдарды көріп шошып кетті. Жасы бізден әлдеқайда үлкен, сол кездері елуден асқан адам еді.


Таңатарды көріп:  «Тірі ме?»- деді.


- Ия. Дереу ауруханаға жеткізу керек, Күзеке...


  Бұл жерден Қызылқұмға дейін жетпіс шақырым (онда да аурухана бар), Кәукейге дейін алпыс бес шақырымдай болатын. Дұрысы Кәукейге апару еді. Машинаның қорабына қолымызға ілінген жұмсақ заттарды төсеп, соған Таңатарды жатқыздық. Жанына Орынбасарды отырғыздым. Өзім қасыма Маратты алып, кабинаға жайғастым. Күзембай сол жерде қалды. «Үш сағатта қайтып келеді ғой, күтемін...»- деді.


Былай шыға бере Ажар фермасының  машинасын жолықтырдық. Жүргізушісі Ерқожа деген жігіт еді. Газ-53 автомашинасының жүрісі жайлы әрі жүрдек болғандықтан соған ауысып міндік. "ГАЗикті" кейін қайтардым.


Түнгі сағат екінің шамасында Кәукейдің ауруханасына жеттік.


Аурухананың бас дәрігері Пазылбек келгесін, алғашқы көрсетілген дәрігерлік көмектен кейін Таңатар есін жинады. Көзін ашты. Қасында тұрған мені көріп айтқаны: «Келдік пе?..»- деген сөз болды. Мен: «Ия, келдік!»- дедім. Марат екеуін ауруханаға жатқызып, түн ортасында директордың үйіне бардым. Кейін түрлі әңгіме болмас үшін жағдайды өз аузыммен жеткіздім. Ертеңіне екінші машинамен Қызылқұмға кеттім.


Кейін білдім, гаражға автол тиеуге барғанда үшеуі қосылып арақ ішкен екен. Машинаның кабинасында да екі-үш шиша арақ бар болып шықты, аударылған кезде шашылып қалды. Ешкім көрмесін деген оймен оларды сексеуілдің арасына лақтырып жібердім.


Бет-аузының жырылғаны болмаса Орынбасар көп зардап шеккен жоқ. Марат екі ай, Таңатар үш ай ауруханада жатып шықты. Алла жар болып, ата-бабалар әруағы желеп-жебеген шығар, бұл жолы да аман қалдым. Осы оқиғаны естіген жанашыр жандар: "Алла-Тағала сақтаймын десе өрт ішіндегі мақтаны да сақтайды деген ғой, құдай жар болған екен..."- десіп жатты.                   


                                                                                                                                              2010 жыл


 


 Жазылып бітпеген әңгіме


1980 жылы Қазалы ауданындағы "Қызылқұм" кеңшарының Ажар бөлімшесіне меңгеруші болып бардым. Менімен бірге фермаға жаңа зоотехник – бұрын Энгельс атындағы кеңшарда партком хатшысы болып істеген Еркебай деген жігіт келді. Зоотехник болғанымен, бұған дейін мал шаруашылығымен айналыспапты. Кеңшар директоры Құрманбаев маған таныстырып тұрып: «Білмеген жері болса, көмектесерсің...»- деп әдейі тапсырған еді. Сол Еркебайдың мінезі де, қылығы да қызық болып шықты. 


Фермадағы жұмыс ерте басталады. Сағат жетіден өте мамандар мен жұмысшыларға тапсырма беріліп, әрқайсысы жұмыстарына кетеді. Еркебай болса, асықпай, тоғыздың шамасында кеңсеге келеді. Мені саусағының ұшымен ымдап шақырады да: «Бүгін қай техниканы қайда жұмсаймыз?»- дейді. «Фермада бұл уақытта ешқандай техника қалмайды. Адамдар да, техникалар да сағат сегізге дейін жұмыстарына кетіп болады. Менен кейінгі басшы ретінде сенің де ерте тұрып, осы жерде болуың керек»- деймін. Еркебай «мақұл» дейді. Бірақ ертеңіне ерте келіп жатқан Еркебай жоқ. Кейде үйіне завхозды, болмаса веттехникті жіберіп шақырып аламын.


Бір күні сағат онға дейін жұмысқа шықпады. Үйіне барған веттехник ұйықтап жатыр деп келді. Әр нәрсенің шегі бар, мен бұдан әрі шыдай алмадым. Бет-аузы домбығып, ұйқысы қанбай келген зоотехникке:


- Түске дейін бұл не жатыс? Дені сау адам осы уақытқа дейін ұйықтай ма? Түнімен не істейсің, өлең жазасың ба?!- деп кейідім.


Қарсы уәж айта алмаған Еркебай сәл үндемей тұрды да:


- Әңгіме жазып жүрмін,- деді.


Бетіне қарасам… ешқандай басқа ойы жоқ сияқты.


-  Не жайында?!- деппін таң қалған мен.


- Қазір әйелдер жайлы жазып жатырмын,- деді ештеңе болмағандай.


«Басқа тақырып табылмады ма?»- деп айтқым келіп тұрдым да:


- Сен журналист емессің, Ажар фермасының зоотехнигісің. Осы ферманың мал шаруашылығына сен жауап бересің, сондықтан өз жұмысыңды істе. Ферманың барлық жұмысы тап-тұйнақтай болып, істейтін жұмыс табылмай жатса, әңгіме түгілі роман жазсаң да қарсы емеспін... Бірақ сол кезде біздің үйдегі құрдасыңды да қосып жазарсың, қалып қоймасын,- дедім аяқ жағын әзілге айналдырып.


Кейін тәртіпке түскендей болды. Бірақ істеген жұмыстарында шалалық көп болатын.


Төлдемнің қызған уақыты... Малшыларды жағалап келе жатып жол бойында отырған екі-үш қарақұсқа көзім түсті. Қарақұстар тегін топталып отырмайды. Жақындап барғанда байқадым, бір қозыны жәукемдеп шоқып тастапты. Қай шопандікі екенін білмекке алдымыздағы отарға беттедік. Ұзамай тағы бір топ қарақұс кезікті. Онда да шоқып тасталған қозы. Келесі отарға жетем дегенше осындай бес-алты қозының өлімтігі кездесті. Шопанның жаңа туған қозылы қойларын тексеріп шықтым. Қозылары түгел. Басқа шопандарда да жоғалған қозы жоқ болып шықты. Сонда, жаңағы қарақұс жеген қозылар аспаннан түсті ме? Қаракөл сою пунктіне барғанша әр жерде шашылып жатқан қозылардың саны оншақтыға жетті.


Келе сала пункт меңгерушісі Аманкелдіден сұрадым:


-  Еркебай келді ме?


-  Келді.


-  Қанша қозы әкелді? Қозылары түгел ме?


-  Түгел...


-  Накладнойлары қайда, көрсетші?


Пункт меңгерушісі зоотехниктің сол күнгі тапсырған қозыларының құжаттарын көрсетті. Құжатқа отарлардан әкелінген қозылар түгел қабылданды деп қол қойылған, яғни шопандардан алынған қозылар түгел жеткізілген болып тұр. Дегенмен, байқаймын, пункт меңгерушісі кібіртіктей береді, бір нәрседен қаймығатын сияқты.


- Жол бойында қарақұс шоқып тастаған жарамсыз қозылар жатыр. Малшылардың төлдері түгел. Шыныңды айт, болмаса қазір пункттегі қаракөл елтірілерін санауға тура келеді!


Батырға да жан керек деген рас екен, осыдан кейін Аманкелді шынын айтты. Қозыларды қабылдағанда оншақтысы кем шығыпты. Бұған таң қалған зоотехник машинаның қорабына шығып қарайды. Табаны тесік екен. Еркебай қораптың тесік екенін білмей, қозыларды үстіне лақтыра берген ғой. Оншақтысы жолда түсіп қалған. Қайта барғанда екі қозыны ғана қолына іліндіріпті. Қалғандары жарамсыз. Менен сөз естігісі келмеген болу керек, Аманкелдіге жата кеп жалыныпты: «Ферма меңгерушісіне айтпай-ақ қой, екі-үш күннен қалдырмай тауып беремін»- дейді. Аманкелді келісіпті.


Еркебайдың тауып беретін қозысы да, қойы да жоқ екенін білемін. Әрине, шопандардан көмек сұрауы мүмкін. Ондай жағдайда қойшылар өздерінің  емес, кеңшардың қозысын берері анық еді. Дегенмен мен сол жолы Еркебайға еш әңгіме айтқаным жоқ. Ұялтпайын дедім. Екі аптадан соң Аманкелді: «Елтірі түгенделді»- деді. 


Күзде кеңшарға бас зоотехник болып ауыстым. Орныма ферманың веттехнигін меңгеруші етіп қойды. Бір айдан кейін жаңа завферма директорға кірді. «Жұмыс істей алмайды, қабілеті жоқ»- деп зоотехникті жұмыстан босатуды сұрады. «Бір жыл жұмыс істегенде ондай әңгіме естіген жоқ едім»- деген директорге: «Егер оны орнынан алғыңыз келмесе, маған басқа жұмыс тауып беріңіз»- деді.


Ферма меңгерушісі ай сайын ауыстыратын қызмет емес, осыдан кейін директор Еркебайды орталыққа алған еді. Екі айдай мал бордақылау алаңында жұмыс істеп жүрді де, кейін өзінің туған аулына ауысып кетті.


...Шымкентке көшіп келгеннен кейін, 2001 жылы, үйде телефон шылдырады. Трубканың арғы жағындағы адам амандасып болып:


- Аға, мен Аяғанның баласымын ғой, атым Нәсифулла. Бір жұмыстармен осында келіп едім... Сізге жолығу ойымда бар еді,- деді.


Үйдің адресін бердім, күтетінімді айттым. Әкесі Ділжанов Аяған ілгеріде Ажарда завферма болған, құрметтейтін, сыйлы ағамыз еді. Үлкен баласы Бақытпен араласып тұратынбыз, Нәсифулланы Алматыда журналист деп еститінмін.


Шымкенттегі жұмысы біткесін үйде келді. Бекарыстан би аулынан (Қызылорда облысы, Қазалы ауданы) шыққан азаматтар жайлы деректер жинап жүр екен. Әңгімеден әңгіме туындап, сөз арасында баяғы Еркебайды көріп тұратынын айтып қалды. Алматы маңындағы бір ауданда тұрады екен, әңгіме жазумен айналысатын көрінеді. Жақында бір детектив жазып, оны Нәсифулла жұмыс істейтін журналда бастырыпты. Осы кезде менің басыма айтқаны шыны екен-ау деген ой келді. Еркебайдың менің қарамағымда зоотехник болып істегенін айта келіп:


-  Әйелдер жайлы әңгіме жазып жүрмін деуші еді, оқыған жоқсың ба?- дедім.


Нәсифулла басын шайқады. Оқыған болса, ішінде Жұмагүл деген кейіпкер бар ма деп сұрағым келіп отырған едім. Мынадай жауаптан кейін сұрамадым.


Бұл жерде мен сол әңгіменің жазылғанына күмән келтіріп отырғаным жоқ, тек әлі жарыққа шығармағанына таң қаламын.                             


                                                                                                                                   2010 жыл


"Свеча"


1981 жылдың жазы. Ажар бөлімшесінде ферма меңгерушімін.


Маусым айында пішен дайындау науқаны басталады. Шабындығымыз Кәукейдің маңында еді. Астымда кабинасында рация орнатылған жаңа водовоз бар. Қай жерде жүрсең де рация арқылы кеңсемен немесе МТМ-мен хабарласа аласың. Керек-жарағыңды сұратып алдыруға таптырмайтын құрал. Кеңседегі диспетчер мен директордың кабинетінде де рация жұмыс істейді. Рацияның бір кемшілігі – бір адамға айтқаның барлығына естіліп жатады.


Кеңшардың бас инженері Теңізбай екеуміздің арамыз жақсы болатын. Қолына "бірдеме" түсе қалса мені шақырып тұратыны бар. Ондай кездері рация арқылы: "Пәлен нөмірлі бұлаққа кел, свеча алып барамын"- дейді. Кәукейдің маңында алты бұлақ (скважина) ағып жатыр. Бәрінің де атаулары бар, бірақ біз әр бұлақты өзімізше нөмірлеп қойғанбыз (бұны да ойлап тауып жүрген Теңізбай). Ол нөмірлерді екеумізден басқа жан білмейді. Кейде менің қолыма "бірдеме" түссе, бұлақтың нөмірін айтамын да: "Мотор перебой болып тұр, тез жет, свеча ауыстыру керек"- деймін. Ол түсіне қояды. Әлгі бұлаққа "техпомощь" машинасымен жетіп келеді.


...Бір күні директордың кабинетінде жиналыс болып жатты. Жиналыс аяқталысымен кеңшар директоры Бердіғали маған қарап:


-  Ислам, сен қала тұр,- деді.


Шаруашылық жайлы бірнәрсе айтатын шығар деп отырғанмын.


-  Сенің астыңдағы машина жаңа емес пе?


-  Жаңа.


-  Онда неге үнемі "перебой" болып жатады және бас инженер Теңізбай свеча апарып салады? Осыны түсіндірші маған,- демесі бар емес пе!


Қапелімде аузыма сөз түспеген мен сасқанымнан:


- Беке, менің техникадан хабарым аз ғой... Ал мотор жағын тіптен түртпеймін…- деппін.


Директор мені одан әрмен қинаған жоқ. Орнынан тұрды да:


-  "Свечаны" көп пайдалана бермеңдер!- деді.


Осыдан кейін менің машинам "перебой" болуын тоқтатты, Теңізбай да "свеча" әкелуін қойды.      


                                                                                                                                            2010 жыл


Шора атаман


 Алматыдан шыққан арнайы жолаушылар поезы маңдайын теріскейге беріп жүйткіп келеді. Арнайы деп отырған себебім, келе жатқандар Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының алты жүзге жуық студенттері еді. Бұл біздің Солтүстік Қазақстан облысына егін жинауға көмекке бара жатқан бетіміз.


Біз мінген вагонда екі топтың алпысқа жуық баласы орналасқан. Бір-бірімізді әлі толық танымаймыз. Жайғасып болғаннан кейін   таныса бастадық. Қасымдағы ұзын бойлы, денелі келген қараторы жігіттің есімі Қалдан екен, Шымкент облысының Түркістан ауданынан. Жоғарғы полкадағы төртбақ келген Қыдырбақыт Гурьевтен, төртіншіміз Сәуірбек Түрікменстанның Красноводск облысынан. Қасымызда бұлардан басқа Қази және Өмірзақ атты тағы екі жігіт бар.


Старостамыз Жарылқасын жасы жиырма бестердегі, әскерге барып келген естияр жігіт Шымкент облысынан. Соның берген тәртібімен отырып-тұрамыз. Екінші күні Балқаштан өттік. Байқаймыз, топтың ішіндегі Шора атты ортадан жоғары бойы бар, қапсағай келген қара бала билікті өз қолына ала бастаған сияқты. Алғашқы кезде старостаның атынан, кейін өзі-ақ тәртіп беретін болды. Үшінші күні билік соның қолына таза көшті. Енді оның қасында көмекшілері пайда болып, тәртіпті солар арқылы беретін болды. Кейбірі әзілдеп, кейбірі шындап-ақ Шораны "атаман" атай бастаған еді.


Екінші күні кешке таман Қарағанды қаласына келіп жеттік. Поезд мұнда ұзақ тұрады екен. Осы кезде Шораның жандайшаптары ақша жинауға кірісті.


- Адам басына бір сомнан!


- Не үшін?


- Сыра алдырамыз.


"Немене, өзіміз алып іше алмаймыз ба?"- деп күңкілдеп жатқандар да бар. Дегенмен сұраған ақшасын жинап бердік. Ойымыз сыра ішу. Поезд қозғалды. Сәлден кейін Шоралар жақтан дабырлап сөйлеген дауыстар, күлкілер естіле бастады. Барлауға барып қайтқан Қази: "Барлық сыраны алдарына алып өздері ішіп отыр, олардың бізге сыра беретін түрлері жоқ"- деп келді. Бір-бірімізді толық танымаймыз, кімнің кім екенін білмейміз, ештеңе дей алмадық.


Бірақ поездың үстінде көңілсіз болғанымыз жоқ. Қайсымыз да мұндай алыс сапарға бұрын шықпағанбыз. Бізге бәрі таңсық, бәрі қызық. Кең байтақ қазақ даласының әр бұрышынан жиналған балалар болңандықтан, әр облыстың сөз сөйлеу мәнері өзгеше болады екен. Бұрын естімеген кейбір сөздерге түсінбей қалып жатамыз. Шымкенттіктер сүлгіні "шашық", бет орамалды "дәс орамал", қызыл бұрышты  "келімдәрі" дейді екен. Біз "жуа" десек, олар "пияз" дейді. Жамбылдықтар шалбарды "сым" дейді. Біздің "шалбар" дегенімізге олар күледі. Солтүстіктегілер шелекті  "бедре" дейді екен, олардың "бедресіне" біз күлеміз. Жетісулықтар "ш" әрпінің орнына көбінесе "ч" әрпін қолданатын сияқты. Түсінбеген сөздеріне: "Ол не зат?" деп Түрікменстаннан келген Сәуірбек жүр.


Үшінші күні түнгі сағат 10-ның шамасында Петропавл қаласына келіп жеттік. Алматыда күн жылы болатын, мұнда қар ұшқындап тұр. Біздерді күтіп тұрған автобустарға жабыла мініп алдық. Біздің "шөбіміз" Булаев ауданына түсті, аудан орталығына барғасын тағы екіге бөлді. Он төрт баладан құралған жарты топты (подгруппа) шаруашылықтың жем-шөп дайындау бригадасының қарамағына берді. Бір купеде келген алтауымыз осы топта болдық.


Шора екінші топта қалған еді.


Бізді кеңшардың бөлімшесіне орналастырды. Осында бір айға жуық сүрлем бастық. Жан қиналатындай қиын жұмыс емес, жүгері сабағын аудармалы қораппен шынжыр табанды трактордың алдына аударып кетеді. Трактор сол көкмайсаны басып-жаншып тұрады. Біз қораптың табанында жүгері қалмауын қадағалаймыз (қораптың ішінде жүгері қалып та жарымайды). Ауылдағы қой фермасында небір қиын жұмыстарды бастан өткізген маған бұл жұмыс курортта жүргенмен бірдей болды.


Бұл аймақта қазақтар аз қоныстанған екен. Бірақ бөлімшеге жақын жерде қазақ ауылы бар.


Бірде үш бала болып келе жаттық. Алдымыздан бір қазақ әйелі қарсы жолықты,. Жасы үлкен болғасын үнсіз өтіп кетуді ыңғайсыз көріп: "Сәлем бердік"- дедім.


Әлгі әйел жауап қатпастан өте шықты. Мен ыңғайсызданып қалдым. Қасымда келе жатқан шымкенттік Өмірзақ:


-  Сенің "сәлем бердік" дегеніңе ол түсінген жоқ,- деді.


-  Енді не деуім керек еді?


-  Біздің жақта бұлай амандаспайды. "Есенсіз бе" немесе "амансыз ба" дейміз.       


- Ал сендер қалай амандасасыңдар?- дедім оң жағымда келе жатқан  Сәуірбекке.


- Ер адамға "ассалаумалейкүм", ал әйелге "сәлем бердік" дейміз. Меніңше осы дұрыс сияқты,- деді.


Кейін білдік, бұл жақтың қазақтары "саламат па" деп амандасады екен. Енді біз де осылай амандасатын болдық. Біздің қазақ екенімізді білгеннен кейін кейбірі іш тартып, қымыз ішіп тұрыңдар дейтін болды (көбісі бие байлап, қымыз ашытады екен). Алғашқы кезде ұялып жүргенімізбен, кейін үйлеріне барып қымыз ішетін болдық.


Бір ай мерзім тез өте шықты. Қайтуға жиналдық. Алдымен кеңшар орталығына келіп, одан кейін облыс орталығы Петропавл қаласына бардық. Поезға отырдық. Екінші подгруппаның жігіттерімен сағынысып қауышып, қайда болғандарын, не жұмыс істегендерін сұрап жатырмыз. Осылайша алғашқы күн де өткен еді.


Байқаймыз, бір ерекше жағдай бар: Шора атаман бұрынғыдай емес, бұйыра сөйлеуді, тәртіп беруді мүлде ұмытқан сияқты. Қасындағы жүгіріп жүретін шабармандары да көзге көрінбейді. "Шораға не болған?"- дейміз бір-бірімізге. Мұның жауабын ертеңіне Асхат атты чешен жігітінен естіп білдік.


Бұлар кеңшар орталығында болыпты. Бір аптадан кейін балалар би алаңына барады. Осы жерде жергілікті орыстармен қақтығысып қалады. Ол жолы төбелессіз тарқайды. Ертеңіне асханаға келе жатқан бұларды жиырма шақты орыс балалар қоршап алыпты. Төбелес басталады. Бұлар жатақханаға келіп паналайды. Ішке кіргеннен кейін араларында Шораның жоқ екенін байқайды. Қайда кеткенін ешкім білмейді. "Төбелес басталғанда бар болатын, одан кейін білмейміз?"- дейді қасындағы "ординарецтері". Жергілікті балалар алып кетіп, соққыға жықты ма деп қауіптенген бұлар сәлден соң іздеуге шығады. Жатақхананың айналасынан таба алмайды. Осы кезде біреуі жаюлы тұрған ақжаймалардың арасынан адамның аяғғын байқап қалыпты. Жақын келіп қараса - жуылған ақжаймаға оранып алған Шора екен. Неғып тұрсың десе, дір-дір етіп: "Орыстар кетті ме?"- дейтін көрінеді. Осы минуттен бастап (ұлылық пен күлкі болудың арасы бір-ақ қадам деп Наполеон айтқандай) Шораның беделі нөлге түсіп қалады. Атамандық былай тұрсын, енді балалардың күлкісіне айналады.


Асхат осы әңгімені айтып болып:


- Бәрінен де моншада маған арқасын ысқызғаны батты ғой,- деп күледі.


-  Ол қалай болды?


- Орналасқан күннің ертеңіне моншаға барғанбыз. Көзім Шораға түсіп еді, қолына жөкесін ұстап, айнала аңтарылып қарап тұр екен. Шамасы, арқасын ысқылайтын адам іздеп тұрса керек. Маған қарады да: "Сенің атың кім еді?"- деді. "Асхат"- дедім. Дұрыс естімеді ме, білмеймін, "Асқап…Ас-қап…"- деп тұрды да: "Бұдан былай сенің атың Асқап емес, Боққап болады!"- деп қолындағы жөкені маған қарай лақтырып жіберді. Қалай қағып алғанымды өзім де байқамай қалдым. Ыңғайланып тұра қалды да, бас бармағының ұшымен арқасын нұсқады. Бұл «арқамды ыс» дегені болса керек. Арқасын ысқылап бердім. Тіпті, рахмет те айтқан жоқ.


-  Өзің де арқаңды ысқызбадың ба?


- Қалай ысқызасың, ол кезде атаман еді ғой. Енді, Алматыға барғанда, міндетті түрде ысқызамын!


Алматыға да жеттік. Оқу басталды. Арада бір айдай уақыт өткенде кезекті әскери дайындық сабағын өткізу үшін қала сыртындағы Весновка өзенінің жағасына барғанбыз. Азаннан кешке дейін окоп қаздық. Әбден шаршап, кеш түсе қалаға қайттық.


Ашық машинаның үстінде келеміз. Шаршаған балалар келердегідей емес, үнсіз. Ән айтуға да, сөйлесуге де зауықтары жоқ.


Осы үнсіздікті қашан да бір идея бастағыш Қази бұзды.


-  Жігіттер, қарап отырғанша жиналыс өткізейік,- деді.


Әр жерден: "Ол не жиналыс?.. Не үшін?"- деген дауыстар шығып жатыр.


- Кеше комсомол комитетінің хатшысы комсорг сайлаңдар деген жоқ па? Соны сайлап алайық. Ертең сабақтан кейін жиналып, уақыт алдырып жүреміз бе?


-  Дұрыс!


-  Шынында да солай етейік!- деп құптай кетті балалар.


Бұл жиналыс басқа жиналыстардан ерекшелеу болды - ешқандай президиум сайланған жоқ, хаттама да толтырылмады. Әскери тілмен айтқанда  "мероприятие  прошло в полевых условиях".


- Кімді сайлаймыз?


Алдын-ала ойластырып қойған болса керек, кандидатураны ұсынған да Қази болды:


- Менің ойымша ең қолайлы адам Шора-атаман,- деді.


Бұған бәріміз таң қалдық.


- Шора?!


- Шораны ма?


Оның өзі де бұны күтпеген болса керек:


- Бол-май-мын!!!- деді бірден.


Үндемей отыра бергенде қайтер еді, оның бірден бас тартуы жағдайды мүлде шиеленістіріп жіберді. Балалар: "Боласың… Қайтсек де болдырамыз…"- деп оған бас салды. Шора тартынған сайын өршелене түседі. Ішіміздегі жасы үлкеніміз әрі басшымыз болғасын старостаға қарап едік, ол күліп: "Менің қарсылығым жоқ"- деді.


Бірақ Шора әлі көнер емес.


- Жігіттер,- деді Асхат осы кезде,- Шораға несіне жалынамыз? Дауысқа салайық. Егер көпшілік дауыспен сайланса, мәселе шешілді деп есептеуіміз керек. 


Ашық машинаның үстінде, ашық аспан астында, ашық дауысқа салу басталды. Нәтижесінде Шораны бірауыздан комсорг етіп сайладық. Жиналыстың хаттамасын жазып, оны комсомол комитетіне тапсыру ұқыпты Оразға міндеттелді. Осы  кезде машина да қалаға келіп кірген еді.


Осылайша Шора комсорг болды. Қази мен Асхаттың не себептен Шораны таңдағандарын кейін түсіндік: машина үстінде өткен алғашқы жиналыс болмаса, үш жыл бойы «комсомол жиналысы» дегеннің не екенін білмей өттік. Бар істейтін жұмысы ай сайын жарнапұл жинап, комсомолдық билетке белгі қойып беруші еді.


Дегенмен өзі ақкөңіл жігіт болатын. Ұмытпасам, туған жері Шымкент облысының  Өзбекстанға берілген Бостандық ауданынан болса керек. Ауылдың кәдімгі өзіміз сияқты қарасирақ баласы еді. Тыңға барғанда орыстан қорқып жүргені де содан болса керек. Ал оның "атаман" атануына келетін болсақ – бұған өзімізді кінәламасақ, басқа ешкімді кінәлауға болмайды...


Төртінші курста мамандығымызға қарай қайта жасақтады да, Шора басқа топқа ауысып кетті.       


                                                                                                                               2010 жыл


 


 Қиын сұрақтар


Ауылда Пазыл деген бала болды. Ол да мен сияқты ата-анасының жалғызы, әке-шешесі де қартайған шал мен кемпір. Бұл жағынан екеуміз ұқсаспыз. Алғаш танысуымыз да қызық болды.


Біздің үйдің Карл Маркс атындағы ауылға көшіп келгеніне көп болмаған еді, балалармен енді танысып жатқан кезім. Бес-алты бала болып Ерғалидың үйінің көлеңкесінде отырғанбыз (Ерғали маған жақын туыс болып келеді), осы кезде ұзын бойлы сары бала келіп амандасты.


Қаперсіз әңгімелесіп отырғанбыз. Кенеттен :


- Жыла-а-ан!- деген ащы дауыс шықты.


Балалар орындарынан атып-атып тұрысты. Алақ-жұлақ жан-жағымызға қарап жатырмыз, ешқандай жылан көрінбейді.


- Сендердің реакцияларыңды байқайын деген едім,- деді жаңағы сары бала шек-сілесі қата күліп тұрып.


Мен қозғалмастан отырып қалған едім. Алғашқыда түсінбей қалдым (соған қарағанда, менің реакциям онша мықты болмаса керек), кейін тұрудың қажеті жоқ екенін байқадым.


- Реакция деген не?- деп сұрап жатырмыз (әрине, химиялық реакциялардың бұл жерге ешқандай қатысы жоқ екені белгілі еді).


-  Оны адамның шалттығы деп түсіндіруге болады,- деді әлгі бала.


Сол арада кімнің реакциясы күшті екен деген әңгіме басталып кетті. Бұрын танымайтын болғасын ба, мен жөнінде ешнәрсе айтпады. Аты Пазыл, Ерғалимен бір класта оқиды екен. "Реакция" жөнінде бір кітаптан оқыпты, енді соны іс жүзінде байқап көрмек болса керек.


Пазыл менен екі жас үлкен болатын. Бұл көп айырма емес. Дегенмен ол он бірінші класта, ал мен тоғызыншы класта оқимын.  Маған ол әжептәуір ересек болып көрінетін еді. Ерғали екеуі дос, сондықтан мені қастарынан қалдырмайды. Ол кездері қазіргідей телевизор, бейнетаспа дегендер жоқ, тіпті, радиоқабылдағыштың өзі сирек кездеседі. Біз қатарлылардың қол босаған кездегі ермегі әдеби кітаптар оқу, мектеп ауласына барып доп ойнау, кешке клубқа барып кино көру. Ерғалидың әкесі Шәмет ағамыз ауылдық кеңестің хатшысы болатын, үйінде кітап көп еді. Кейін білдім, Пазыл да кітап жинайды екен. Бұл жағынан, қазіргі тілмен айтқанда, біздің хоббиымыз үйлесе кетті.


Екеуі де спортқа құмар. Көбінесе мектеп ауласындағы спорт алаңына барып волейбол, баскетбол ойнаймыз. Бір ғажабы, бұрын спортқа онша мән бермейтін менің өзім кәдімгідей спортшы болып алдым. Мені спортқа сүйреп жұрген де осы екеуі. Тіпті, мектептің баскетбол мен волейбол командаларының құрамына кіріп, аудандық спартакиадаға қатыстым. Чемпион болмағанмен, жүлдері орындарды алып жүрдік. "Сары дамбалдылар" деген атымыз шықты (біздің киген формамыз сары болатын).


Пазыл ізденімпаз еді. Жан-жақты болуға ұмтылатын. Менің сурет салуға әуестігімді байқап: "Микеланджелоны білесің бе?"- деп сұрағаны бар. Есіме түсіре алмаған едім, сонда: "Оны білмесең қалай сурет салумен айналыспақшысың? Микеланджелоны міндетті түрде білуің керек!"- деді. Дереу үйге келіп тарих кітабынан іздеп көрдім. Қайта өркендеу дәуіріндегі итальян суретшісі екен, орта ғасырлар тарихынан оқыған екенбіз, мен оны ұмытып қалыппын. Сол кезде осы ұлы суретші жайында білмегеніме қазірге дейін ұяламын. Осыдан кейін  Микеланджело ғана емес, енді Рафаэль, Леонардо да Винчи, орыс суретшілері Айвазовский, Левитан, Репин мен Суриковтер жайлы да оқи бастадым.


Тоғызыншы класта оқып жатырмын. Мектепте бокс үйірмесі жұмыс істей бастады. Жаттықтырушы кеңшардың спорт жөніндегі методисі, бокстан разряды бар Мақсұт деген кісі. Үйірмеге жоғарғы, яғни он бірінші кластың балаларын қабылдайды. Пазыл мен Ерғали қатысып жүр. Менің де қатысқым келеді, бірақ тоғызыншы кластан алмайды. Пазылға айтып, ақыры, үйірмеге қабылдандым. Бірақ, бірге жаттығатын қарсыласым болмай шықты. Бәрі де ересек балалар еді, олармен рингке шықсам, төмпештеп ұрып тастайды. Жалынып жүріп бірге оқитын Әбләзи деген баланы қабылдаттырдым, енді екеуміз жұптасып жаттығатын болдық.


Мақсұттың «жаттықтырушы» деген аты болғанымен, бәрін ұйымдастырып жүрген Пазыл болатын. Күнделікті дайындықты өткізетін де өзі еді. Қолында атақты боксшы Енгибарянның[3] "Школа бокса" деген кітабы бар. Сондағы жазылған ережелер мен нұсқаулар бойынша дайындаламыз.


Сабақтан кейін мектептің спорт залына жиналатынбыз. Триколарымызды киіп алып, мектептің бауын бір айналып жүгіріп келеміз. Сосын жаттығуды бастаймыз. Болғаннан кейін бауды тағы бір айналып шығып, үйімізге тарқаймыз. Мақсұт анда-санда келіп бағыт беріп кетеді. Пазыл бізден сол кездегі белгілі боксшылардың қандай салмақта түсетіндерін, қай жылдары чемпион болғандарын сұрап "емтихан" ала бастады. Енді Енгибарян, Шоцикас, Медведев және өзіміздің Әбдісалан жайлы іздеп жүріп оқитын болдық.


Бірден айта кетейін, менен мықты боксшы шықпады. Дегенмен, үйренгенімнің зиянын да көрмедім. Өзім ешкімге тиіспегенмен, тиіскен адамнан өз басымды қорғайтындай дәрежеге жеттім ғой деп ойлаймын.


Жастық шақ романтикаға бейім. Біздің сол кездегі арманымызда шек болмайтын еді. Кім боламыз? Осы сұрақ бәріміздің де алдымызда тұрды. Біріміз атақты спортшы, екіншіміз атақты актер, үшіншіміз атақты жазушы болатындаймыз! Жастық шақтың кереметі де осында емес пе?


Пазыл менен кім болғың келеді деп сұрайтын еді. Ішімдегіні ақтарып, ойымда жүрген небір армандарымды жеткізсем, жымиып қана күлетін. Шамасы, мен қатты қиялдап кететін болсам керек. "Босқа қиялдаудың қажеті жоқ, алдыңа мақсат қоюың керек"- дейтін еді. Бірде: "Өзің кім болғың келеді?"- дедім.  Сәл ойланып отырып: "Өмір көрсетеді ғой..."- деді де қойды. Сол кездің өзінде ересек адамдардай сөйлейтін.


Ерғалидың жақсы даусы бар. Жүрекке жағымды майда қоңыр даусымен кез келген әнді нақышына келтіре орындайды. Әсіресе "Қорлан", "Сағындым сені" және "Еділ мен Жайық"сияқты лирикалық әндерді шырқағанда, қыздар тұрмақ, ер балалардың өзі ұйып тыңдайтын еді. Ерғали осы өнер жолына  түскенде, одан керемет әнші шыққан болар еді деп ойлаймын. Екеуі мандолина мен домбырада ойнайды. Пазылдың ән салғанын байқаған емеспін, соған қарағанда даусы онша болмаса керек.


Оның ауыл балаларының ойына да кірмейтін тағы бір өнермен айналысқаны бар. Қайдан тапқанын білмеймін, фотоаппаратпен сурет түсіретін еді. Оны өзі фотоға шығаратын. «Проявитель» мен «фиксаж[4]» дегендердің не екенін, оларды қалай пайдалану керектігін алғаш рет Пазылдан көрдім. Кейін институтқа оқуға түскен кезде, осы құралдарының бәрін маған қалдырып кетті. Енді бұл өнермен Ерғали екеуміз айналыстық (әбден қызығы басылғанша, әрине).


Мен тоғызыншы класты бітірген жылы олар мектеп бітірді. Ерғали ауылда жұмыс істеді, Пазыл Астраханьдағы балық шаруашылығы институтына оқуға түсті. Студенттік өмірдің қалай өтіп жатқанын айтып хат жазатын еді. Хатының соңын үнемі: "...Сәлеммен, Фазыл бин Аббас Исмаилов"- деп аяқтайтын. Смайылов деген өзінің фамилиясы болатын, Фазыл дегені Пазыл болар, ал "бин Аббасының" кім екенін білмедім. Сұрамаппын. Сірә, оны да бір жерден оқыса керек.


Хатында студенттік өмірдің қызықтары мен қиындықтарын  қысқаша да болса баяндап беретін. Оқып отырып қатты қызығатын едім. Менің жоғарғы оқу орнына түссем деген арманымды ерте оятқан Пазыл болса керек. Ғ.Мүсіреповтың "Қазақ солдатындағы" Бораш пен Шегеннің, В.Кавериннің "Екі капитанындағы" Саня мен Петяның достығы сияқты, ағалық қамқорлығын жасап, жақын досындай сырласатын еді.


Екінші курстан әскерге алынды. Онда жүргенде де хаты үзілген жоқ. Мен мектептен кейін ауылда екі жыл жұмыс істедім, сосын Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түстім. Сол жылы Ерғали да Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне түскен еді. Біздер бірінші курсты бітірген жылы, бұл кезде әскери борышын аяқтаған Пазыл, Алматыдағы мен оқып жатқан институттың малдәрігерлік факультетіне құжат тапсырды. Сөйтіп, бірінші курсына қабылданды. Астраханьдағы оқуын жалғастырған жоқ. Өзінің айтуы бойынша, артынан келетін көмек аз болғандықтан, шалғай жерде оқу қиын болса керек.


Алғашқы кезде Ерғали үшеуміз бірге тұрдық. Пазыл тамақ пісіруге де шебер еді. Сабақтан қарнымыз ашып келгенде: "Мен қазір генеральский обед жасап жіберейін"- деп бірден іске кірісіп кетеді. «Гори огонь, как Прометей...» деген сүйікті әуенін ыңылдап жүріп пісірген тамағы шынында да дәмді болатын. Сондағы дайындайтыны маргаринге қуырылған макарон немесе картоп (ет бола бермейді ғой). Қосатыны жуа мен қарабұрыш ғана. Содан қалай дәмді ас  жасайтынына осы күнге дейін таңым бер! Ерғалиды ондайда қасына жолатпайды. Ол бұған қуанбаса, онша ренжи қоймайтын еді. Ерекең тамақ пісіру жағына жоқ болатын, көбіне мен көмектесетінмін.


Кейін Ерғали екеуміз жатақханаға ауысып кеттік.


Пазыл сабақтан кейін қосымша жұмыстар істеп жүрді. Ауылдағы қартайған әке-шешесінен қандай көмек болсын, отыз сом стипендия бір айға жете ме, сондықтан вахтер сияқты қосымша жұмыстар тауып алушы еді. Қарнымыз ашқанда Ерғали екеуміз ұялмай-қызармай Пазылды іздеуші едік. Ондай кездері қолындағы барын аямайды.


Үшінші курсты бітіргеннен кейін менің қолқама операция жасалды, бір жыл академиялық демалыс алдым. Осы жылы Ерғали да үйленіп, сырттай оқуға ауысты...


Біздер институтты бітірген жылы Пазыл төртінші курсты аяқтаған еді. Институттан кейін мен Қазалы ауданының "Қызылқұм" кеңшарына зоотехник болып орналастым. Ерғали өзіміздің ауылда (Карл Маркс атындағы кеңшарда) агроном болып жұмыс істеп жатты. Пазылдан көп жылдар бойы көз жазып қалдық.


Арада он бір жыл өткенде, 1985 жылдың жазында, оны Қазалыда жолықтырдым. "Пазыл осында жүр..." дегенді естігеннен кейін іздестіріп жүріп тауып алған едім. Құшақтасып көрістік. Үйленіпті. Қайын жұрты Жаңақазалы қыстағында тұрады екен, осындағы ата-енесіне әйелі екеуі келген көрінеді. Балалы-шағалы болған. Ата-анасы қайтыс болыпты.


Көп өзгермепті. Сол баяғы көңілді күйі. Менің директор болып істеп жатқанымды естіген екен, амандық-саулық сұрасып болғаннан кейін құттықтады да, бұрынғы әдетінше күтпеген сұрақ қойды.


- Алдыңа келген адамның мәселесін қанша уақытта шешіп бере аласың? Неше минут ұстайсың?- деді күліп.


Мен бұл жөнінде тіптен ойланбаған екенмін.


-  Пәке, осындай сұрақтарды қайдан тауып аласың? Енді қойсаңшы сынақтан өткізгеніңді,- деп мен де күліп жатырмын.


- Есіңде болсын, мәселені тез шешіп үйрену керек. Қабылдауыңа келген адамды көп күттіруші болма және көп ұстаушы да болма. Мен бұны өзің үшін айтып жатырмын,- деп арқамнан қағып қойды.


Біз сол жолы Ерғалиды іздеп жүріп тауып алдық (бұл кезде ол аудандық тұқым инспекциясының бастығы болатын). Басымыз қосылғаннан кейін үшеуміздің ортақ танысымыз Зейнолланың үйінде болып, түні бойы армансыз сырластық. Пазыл Ақмола облысының бір кеңшарында мал дәрігері болып істеп жатыр екен.


Ертеңіне мен ауылға қайттым. Бұдан кейін кездестірген емеспін. Қазір қайда жүр, не істеп жатқанынан хабарым жоқ. Санап отырсам содан бері жиырмашақты жыл өтіпті. Уақыт қалай тез өтеді?


Өмірдің түзу де бұралаң, даңғыл да соқпақты жолдарын басымыздан өткіздік. Осының қайсысы көп, қайсысы аз болғанын саралап отырып, еске түсіруге болады. Кей кездері есіме Пазыл түседі. Оның ойда жоқта бір сұрақтар қоятыны бар болатын және сол сұрақтарына көбіне өзі дұрыс жауабын тауып беруші еді. Өмір олай етпейді екен – өмірдің қойған сұрақтарына өзің жауап табуың керек. Кейбір сәттерде: "Осындай кездері ол не істеген болар еді... "- деп ойланатыным бар.


P.S.


2007 жылы Пазылмен тағы кездестім.


Бұл кезде Ерғали Жамбыл облысының Бурное стансасында тұрып жатқан болатын. Көшіп келгендеріне оншақты жылдан асқан еді. Ерғали жұмыссыз болды да, Моншақ жеңгеміз мұғалім болып істеп жатты. Шымкентке көшіп келгеннен кейін іздеп бардым. Кейін кездесіп тұрдық.


Әңгіме үстінде Пазылды еске алатынбыз. «Көрмегеніңе көп жыл болыпты, қазір қайда жүр екен?»- деген сұрағыма: «Сол баяғы Ақмола облысында жұмыс істеп жатқан болу керек…»- дейтін еді. «Теледидардағы «Бармысың, бауырым» бағдарламасы арқылы іздемейсің бе?»- десем, менің әзілімді шын көре ме: «Өзі неге іздемейді?»- деп қарсы сұрақ қояды. Жұмыссыз жүргесін көңіл-қошы да жоқ шығар, оның үстіне соңғы кездері қан қысымы көтеріліп ауырып жүрді. Бірнеше рет ауруханаға жатып шықты.


2006 жылы мамыр айының 14-і күні Ерғали қайтыс болды деген хабар келді. (Соның алдында ғана, 1-мамыр мейрамында Моншақ екеуі үйде болып кеткен болатын, ол кезде денсаулығы жақсы сияқты еді). Әйелім екеуміз сол күні жеттік. Үйде отырғанда қан қысымы көтеріліп, кенеттен қайтыс болыпты.


Жан-жақтағы ағайын-туыс пен жақын-жекжаттарға хабар айтылды. Жерлеудің қамына кірістік. Абыр-сабырмен жүргенде Пазылға хабар айтылмай қалыпты. Жерлеп болғаннан кейін есімізге түсті. Үйге келгесін Қазалыға телефон шалып, сондағы туыстарынан телефон номерін алдым. Пазылмен, Зейнолламен (ол Ақтөбе қаласында тұратын еді), тағы бірнеше жолдасымен хабарласып, «қырық және жүз күндерінің» болатын уақытын айттым.


Пазыл Ақмола облысының Аршалы деген ауданында ауылшаруашылығы аймақтық комитетінің төрағасы болып жұмыс істеп жатыр екен. Мүмкіндігі болып жатса баруға тырысатынын айтты.


Келесі жылы мамыр айының 25-і күні болған жылдық асына келді. 


Поездан өзім күтіп алдым. Арада жиырма жылдан астам уақыт өтсе де көп өзгермепті. Тек шашы ғана түгелге жуық ағарған және сәл толыққан сияқты. Бастық болғасын мінезі өзгерген шығар деп ойлаған едім, олай емес екен, бұрынғыдай ашық-жарқын күйі амандасып, құшақтап жатыр. Үйге келгесін Моншақпен көрісіп көңіл айтты. Әр жақтан жиналған, көптен кездеспеген ағайынмен жолығысып, ол күні көпке дейін ұйықтағанымыз жоқ. Ерекеңді еске алдық. Ерғалиды көрмегеніне жиырма жылдан астам уақыт өткен екен.


Ертеңіне бейіттің басына бардық. Құран оқылып болғасын, бәрі орындарынан тұрып қайтуға бет алғанда, Пазыл бейіттің басында іркіліп қалды. Оның кідіргенін байқағаннан кейін, мен де ұзап кете алмай, күтіп тұрдым. Ерекеңнің бейнесі салынған құлпытасқа қолын салған күйі, біраз уақыт үнсіз тұрды. Сол сәтте оның не ойлағаны, әрине, маған белгісіз.


Сол күні бәріміз де жан-жаққа тарадық. Аттанар алдында қоштасып тұрып Моншаққа: "Астананың маңынан участке алуға жәрдемдесейін. Бір балаңның атынан құжат дайындап, маған салып жіберерсің"- деп адресін берді. Шығарып салғаннан кейін бір сұрақ көкейімде тұрды да қойды - бала кезінен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен достар неге жиырма жыл бойы бірін-бірі іздемеді екен? Ең болмағанда телефон арқылы хабарласуларына болатын еді ғой?


Бұл жөнінде мен Пазылды, болмаса Ерғалиды кінәлаудан аулақпын. Себебі, өмір өте күрделі нәрсе. Сондықтан да бұл мен үшін ең қиын сұрақ болып қала берері даусыз.  


                                                                                                                         2011 жыл


 


                             Әуелбеков жайлы мөлтек сыр


 


Еркін Нұржанұлы Әуелбеков қапсағай келген ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрынды, бүркіт қабақ, бидай өңді адам болатын. Бұл кісімен мен өмірімде үш рет кездестім. Алғашқыда кеңшар директорлығына бекуге барғанда көрдім. Өте жылы қабылдады. Кейін екі рет шаруашылығымда болды. Мені тыңдап, кейбір мәселелер жөнінде өзінің пікірін айтып, тиісті көмегін берді. Әуелбеков жолдас менің есімде өте қарапайым, жоғарғы лауазымына қарамастан адамды тыңдай білетін, іскер басшы есебінде қалды.


Облыс басшылығына келген алғашқы уақытта бұл кісі жайлы "қызмет бабын асыра пайдаланғандарға, айрықша пәтер мен үй салдырғандарға, қызмет машинасын жеке тірлігіне жұмсағандарға, сонымен қатар бетіне қарсы келгендерге бықпырттай тиіп шетінен жұмыстан алып жатыр..." дегендей түрлі әңгімелер шықты. Сол шаралардың екпіні аудан мен ауылдарға да келіп жетті. Бұл кісі келгеннен кейін кеңшар директорларының ауласындағы биік дуалдар алынып тасталып, жәй шартақтармен (штакетник) қоршалды. Жол жиектеріне қойылған белгілер (марқұм болған адамдарға) алынды. Шаруашылыққа келетін өкілдер үшін қонақ үйлер мен асханалар ашылды. Олар бұрынғыдай басшылардың үйлерінде емес, қонақ үйлерде жатып, асханадан тамақтанатын болды. Бұндай шаралардың пайдалы жақтары көп болғанымен халық арасында түсініспеушіліктер де тудырмай қойған жоқ еді.


Меніңше алғашқы кездегідей емес, уақыт өте келе Әуелбековтың облыс және облыс халқы жайлы пікірі өзгерді. Менің шаруашылығыма келіп малшы аралап жүргенде айтқан: "Осы құмның арасында өмір сүріп, мал бағып жатқандары үшін ғана бұл кісілерге медаль таратса болар еді"- деген сөзі бар. Алғашқы келгенде шаруашылықта толық бір күн болды. Үш ферманы, кеңшар орталығын, мектеп, аурухана, дүкендерді аралады. Қасында жүрген маған көп сұрақтар қойды. Сұрақтарының бәріне бірдей қанағаттанарлықтай жауап бердім деп айта алмаймын. Шынымды айтсам кейбір сұрақтарына қиналған кезім болды. Бірақ неге білмейсің деп кейіген де, ұрысқан да жоқ: "Тиісті маманнан сұрап білерміз… Кеңсеге барғасын анықтармыз…"- дей жүріп-ақ осының бәрін өзіңнің білгеніңнің артықтығы жоқ дегенді аңғартты. Кеңшарды аралата жүріп мен де жауырды жаба тоқып жасырмай, жоқты бар деп асырмай, қолымнан келгенше нақты жағдайды көрсетуге тырыстым.


Қызылқұм фермасындағы бір оқиға есімде.


Бөлімшедегі дүкенге кіргенбіз. Дүкенші Құлпыбай деген кісі еді, обком хатшысының сұрақтарына жауап беріп жатты. Бір кезде Әуелбеков сөреде тұрған шұжықтарға көзі түсіп: "Мұздатқыштарың бар ма?"- деп сұрады. Дүкенші мұздатқыштың жоқ екенін айтты.


- Мынандай ыстықта бұл шұжықтарды қалай сақтап отырсыз, бұзылып кетпей ме?


Бұл сұраққа дүкенші жауап бере алмады.


- Әлде... обком хатшысына көрсету үшін қойылған ба?- деді қасында тұрған райком хатшысы Көшербаевқа қарап. Ол кісі де үнсіз.


Аудан орталығынан екі жүз елу шақырым жердегі тұрақты электр энергиясы жоқ ауылға не себептен шұжық әкеліп қойғандарына мен де түсінбедім. Бұрын мұнда шұжық пен жұмыртқа сияқты азықтар сатылмайтын еді. Шынында да бұл аудандық тұтынушылар қоғамы мен жұмысшылар кооперациясы басшыларының «артық қыламын деп тыртық қылып» жүрген істері болатын. Дүкендер маған бағынышты емес, дегенмен кеңшар аумағында болғандықтан мен де өзімді кінәлі адамдай сезініп тұрдым. Обком хатшысы артық сөзге барған жоқ: "Мен үшін ешнәрсенің қажеті жоқ. Мына шалғайда еңбек етіп жатқан халықты нағыз қажетті заттармен қамтамасыз ете білулерің керек"- деді.


Өзі қандай принципшіл болса, басқалардан да соны талап еткені белгілі.  Сол себептен қарапайым халықтың арасында беделді болды. Бұл кісінің беделінің жоғары болғанына мынандай дәлел бар.


Байқоңыр ғарыш айлағы облыс аумағында болғанымен ондағы әскери басшылар облысқа бағынбайтын еді. Әуелбеков Ленинск қаласына келгенде (қазіргі Байқоңыр), қала іргесінде орналасқан Ақай қыстағы мен Төретам стансасының бір топ ақсақал-қарасақалдары арыз айта барады. "Тұрғын халық үй салуға жер сұраса жергілікті басшылар әскерилерге сілтейді. Әскерилер бұл мәселені шешпейді, бастарын ауыртқылары келмейді. Біздің сонда не істеуіміз керек?"- дейді. Осыны естіген Әуелбеков: "Атыраудан Алтайға дейін жері бар қайран қазағым-ай, алты сотыққа зар болып жүргендерің қалай?"- депті.


Сол жерде дереу әскери басшыларды шақырып алып тапсырма береді. Мәскеуге ғана бағынып үйренген генералдар алғашқыда тыңдағылары келмеген екен, обком хатшысы оларға: "Сендер алдымен коммуниссіңдер, содан кейін генералсыңдар. Партиялық есепте бізде тұратын болғандықтан облыстық партия комитетінің хатшысы ретінде сендерге тапсырма беремін!"- деп әскери басшыларды өз айтқанына көндіріпті. Осыдан кейін жергілікті халыққа жер бөліне бастайды. Мұндай мысалдар көп.


Әуелбеков біздің облыстың бағына келді десем артық айтқандық болмас еді. Арал теңізі тартылып, экологиялық ахуал шырқау шегіне жетіп тұрған кезде осындай іскер басшының келуі тағдырдың тартқан ерекше сыйы болатын. Бірақ біздің маңдайымызға сыймады, облыста төрт-ақ жыл жұмыс істеп, КСРО халық депутаты болып ауысып кетті.


Осындай аз ғана уақыттың ішінде облыс халқының әлеуметтік жағдайын түзеуге көп еңбек сіңірді. Сонау Мәскеуге дейін барып өзінің араласуымен Арал мен Қазалы аудандарының халқына елу, басқа аудандарға он бес пен жиырма бес пайыз аралығында жеңілдіктер алып беруінің өзі үлкен еңбек емес пе? Зейнетке шығу жасын облыс тұрғындары үшін елу бес жасқа (әйелдер үшін елу жасқа) түсірді. Осы кісінің арқасында облыс халқы көптеген жылдар бойы коммуналдық жеңілдіктердің рахатын көрді, қаншама қаражаттары үнемделді. 


Арал маңы халқының экологиялық ахуалын көруге шет елдегі халықаралық ұйымдардан бірнеше рет комиссиялар келді. Сондай бір комиссия келердің алдында Арал ауданында болып (бұл Мәскеуде Халық депутаты болып жүрген кезі), қаланың ішіндегі сорлардың бетін құммен жауып, көшеге тал тігіп, гүл егіп жатқандарын көреді. «Олар шын жағдайды көрулері керек!»- деп жергілікті басшылардың уақытша тіккен талдары мен гүлдерін жұлдырып тастатқан. Қолында депутаттық мандаты болғанымен ол кезде обком хатшысындай құдірет-күш жоқ еді, сонда да болса облыс халқы үшін шырылдап араша түсуін қойған жоқ.


Социалистік Еңбек Ері, 1966-68 жылдары Қазақ CСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, кейін Азық өнімдері министрі болған, одан соң Көкшетау, Торғай және Қызылорда облыстарында бірінші хатшы болып қызмет істеген осы адамның аты кейінгі кездері аталмай кетті. Бұның да өзіндік себептері бар шығар, бірақ қалай болғанда да, тарих өзінің мерзімі келгенде бәрін орнына қоятыны анық. Тек бұған уақыт керек.


Е.Әуелбековтің соңғы кездері қандай қызмет атқарғанынан менің толық хабарым жоқ, естуімше тіпті жұмыссыз болған көрінеді. 1999 жылғы қаңтардың 12-сі күні, яғни Н.Назарбаев Президент болып сайланғаннан кейін екі күннен соң қайтыс болды деген хабар естідік. "Егеменді Қазақстан" газеті екі қатар жолға тілдей қылып некролог берді. Бұл кездейсоқтық та шығар, дегенмен осы кісінің қазасы мен Президент сайлауының қатар келуі тегін еместей көрінеді де тұрады.


Жаңадан басылып шыққан Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында Е.Әуелбеков жайлы мәлімет берілмепті (бұрынғы Қазақ Совет Энциклопедиясында бар болатын). Қазаққа ешқандай қатысы жоқ француз қызы Жанна Д,Аркке орын табылғанда, осы кісінің кітапқа енгізілмей қалуына не себеп болды екен? Энциклопедияны даярлаушылар Әуелбековтың аруағы алдындағы айыбын сезінбегенмен, Қазақстанның екі министрлігі мен үш облысында бірінші басшы болып жұмыс істеген белгілі тұлғаның қалыс қалуы кітаптың энциклопедия ретіндегі сапасын төмендететінін түсінулері керек еді ғой!


Уақыты келгенде қазақтың ардагер ұлдарының бірі Еркін Нұржанұлы Әуелбековтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде өз халқының тарихынан лайықты орын алатынына менің сенімім мол.        


                                                                                                                           2012 жыл  


Құтқару


1976 жылдың қысы болатын.


"Қызылқұм" кеңшарында зоотехник-селекционер болып жұмыс істеймін. Бір жұмыстармен Қазалыға келген едім, жұмысым біткесін кеңшарға кайту үшін аэропортқа келдім. Ол кездері Қазалыдан самолет қатынайды. Кассадан билетімді алып күту залында отырғанмын. Осы кезде есіктен біздің кеңшардың  директоры Сарқұлов Құбайдолла асығыс-үсігіс кіріп келді де, аэропорт бастығының бөлмесіне кіріп кетті. Сәлден кейін шыққан директор залда отырған мені көріп: "Жүр, кеттік!"- деді. Басқа ешнәрсе айтқан жоқ. Ештеңеге түсінбеген мен жүгіре басып ізіне ере бердім.


Аэродромда ұшуға дайындалып АН-2 самолеті тұр екен. Келе сала соған міндік. Ішінде екеумізден басқа адам жоқ. Ауаға көтерілгеннен кейін Құбекең менің құлағыма айқайлады: "Ауылдан екі күн бұрын шыққан бензовоз қалаға келмепті, соны іздейміз".


Самолет қалыпты биіктігінен төмен ұшып келеді. Басықара плотинасының үстінен өтіп, қара жолдың бойымен Кәукейге қарай бет алдық. Дариядағы понтон көпір алынып тасталған болатын (абыржы кезі), сондықтан ауылдан қатынайтын көліктер осы айналма жолмен жүріп жатқан еді. Бұдан екі күн бұрын қар жауған, айналаның бәрі аппақ қар. Жолдың сұлбасы әзер байқалады. "Сен сол бетін қарап отыр"- деді Құбекең маған. Өзі иллюминатордан оң қапталын қарауға кірісті.


 Жолда кездескен Лақалы мен Жанай ауылдарының үстінен шеңбер жасай айналып үшып өттік. Көше бойындағы, тіпті аулада тұрған техникаларға дейін қарап келеміз. Іздеген бензовозымыз көрінбейді. Бір кезде самолет Кәукейге жақындап барып кері бұрылып, Қазалыға қарай бет алды. Осы кезде Құбекең ұшқыштардың кабинасына кіріп, екі ұшқыштың ортасына барып отырып алды. 


 Сәлден кейін самолет оңға бұрылды, терең Қызылдың ішіне қарай бет алды. Мен иллюминатордан әлі қарап отырмын - төменде аппақ қар жамылған дала. Ағараңдаған сексеуілдерден басқа ештеңе көрінбейді. Жиырма минуттей ұшқаннан кейін алыстан күнге шағылысып бір нәрсе жалт ете қалғандай болды. Жақындай келе байқадым - айдалада бір машина тұр екен (күнге шағылысқан соның терезесі болса керек). Қасынан бір адам көрінді. Төмендей ұшқан самолет оның үстінен гүрілдеп өте шықты. Әлгі адамның қол бұлғағанын байқап қалдым. 


Айналып келіп төменірек тағы ұшып өттік. Осы кезде оның әйел екені белгілі болды, қолында құндақтаулы баласы бар екен. Үстінен үшінші рет өттік. Самолет қалай қарай ұшса, әйел құшағындағы баласымен солай қарай жүгіреді. Самолет төртінші рет айналып келді де, кенеттен, жүрегімді суырып алардай құлдилай жөнелді. Осыдан кейін, күтпенен жерден, дік етіп жерге қондық.


Бірінші болып жерге ұшқыштар секіріп түсті. Олардан кейін Құбекең екеуміз түстік. Бұл жердің қары аса қалың емес, тобықтан сәл ғана асады екен. Әйелге беттедік. Жақындап келгенде таныдым - кеңшардың кассирі Сыдықтың әйелі! Беті түтігіп, қап-қара болып кетіпті. Дереу қолындағы баласын алдым. Құбекең екі иығынан әзер дем алып тұрған әйелді қолтығынан сүйей берді.


Әйелді самолетке мінгізіп болып шоферді іздедік. Бензовоздың шофері Төлеген деген жігіт еді, жақын маңнан көріне қоймады. Ентігін басып, өзіне-өзі келген әйел: "Түнде мына жақтан үрген иттің даусы естілгендей болып еді, азанда сол жаққа қарай кеткен..."- деп бағытын көрсетті.


Осы кезде алыстан жүгіріп келе жатқан адамның қарасы  көзге шалынды. Қарды омбылай, жығылып-сүрініп келеді. Бір кезде етпеттей құлап түсті де, орнынан тұрмай қалды (шамасының жеткені сол болса керек). Ұшқыштар көтеріп алып келген еді - көзінен жас, мұрнынан боқ аққан Төлеген екен. Бізді көргенде жылап қоя берді. Құбекең: "Оңбаған неме! Айдың-күннің аманында адасып, осыншама адамды бостырып…"- деп оны боқтап жатыр. Тіпті ұрғысы келген еді, мен: "Оның қай жерін ұрасыз, Құбеке"- деп жалынып жібермедім. Төлегенді самолетке көтеріп салдық.


Бәріміз жайғасып отырғаннан кейін ұшудың қамына кірістік. Самолеттің қонғаны үй орнындай ғана жер еді, жүгіретіндей кең алаңы жоқ. Айналаның бәрі қалың сексеуіл. Қонуын қондық-ау, енді қалай көтерілер екенбіз деп отырмын. Моторының бар қуатын қосқан самолет бір орында айнала бастады. "Мұнысы несі?"- деймін ішімнен. Сөйтсем... ұшарда кедергі келтірмеу үшін айналасындағы қарды пропеллерімен үрлеп жатқаны екен. Құлақ жарардай газ берген самолет жүгірер-жүгірместен қайқаң етіп аспанға бір-ақ көтерілді. Қалып бара жатқан машинаның қарасы иллюминатордан бір сәт көрінді де, жоқ болды. Біз Қазалыға қарай бет алдық.


Жарты сағаттан соң аман-сау аэродромға келіп қондық. Аудандық ауруханаға хабар берілді. Жедел жәрдем машинасы келіп жеткенше аэропорт бастығының бөлмесінде жылынып отырдық (директордың қаһарынан қорқып жүр ме, Төлеген ішке кірген жоқ). Әбден тоңып әлсіреген әйел бірнеше кесе ыстық шәй ішті. Баласы бір жасқа тола қоймаған екен. Жылағаннан кейін анасы қолына нан ұстатып еді (емшегінде сүт қалмаса керек), әлгі бөбек бәрімізді таң қалдыра жылағанын қоя қойды. Құртақандай екі қолына ұстап нанды сорып жатқаны көпке дейін менің есімнен кетпей қойды.


Бұдан екі күн бұрын олар Кәукейден шығыпты. Жолды қар басып қалғандықтан шофер аңдамай басқа жолға түсіп кеткен екен. Оны көпке дейін білмейді. Адасқандарын біліп, кейін қарай жүрген кезде, машинаның бензині таусылады. 


Алғашқы күні сексеуіл сындырып, бактің түбінде қалған бензинді жағып жылыныпты. Екінші күні бензин де, шырпылары да бітеді. Ол түні қолдарындағы барына оранып кабинада түнеп шығады. Таң алдында алыстан үрген иттің даусы естілгендей болыпты. Басқа амал қалмағандықтан, Төлеген сол жаққа қарай жаяу аттанады. Балалы әйел тіршіліктен күдерін үзіп, енді өлдік қой деп отырғанда, түске таман  самолеттің даусын естиді. Әдейі іздеп шыққанын қайдан білсін, басқа жаққа ұшып бара жатқан екен деп ойлапты. Сондықтан, көрмей кетер ме екен деген қауіппен, қолын бұлғап ары-бері жүгіре беріпті... 


Құбекеңнің айтқанынан білгеніміз мынау - ұшқыштар адамдардың табылғанын рация арқылы хабарлап, координатын айтып,  өздері кейін қайтқылары келген екен. Құбекең көнбепті. "Бұл жерге машина келіп жетемін дегенше адамдар тірі қалмайды, үсіп өледі"- дегеннен кейін олар қонуға бел буыпты. Ары-бері ұшып жүргені - қонуға қолайлы жер іздегені екен. Маң даладағы қалың сексеуілдің арасына самолетті шебер қондырған ұшқыштардың тәуекелі мен батылдығына риза болмасқа болмайтын еді...


Жедел жәрдем машинасы да келіп жетті. Балалы әйел мен шоферді ауруханаға алып кетті. Менің самолетім әлдеқашан ұшып кеткен екен, ауылға ертеңіне қайттым. 


Қазір ойланып отырсам сол бөбектің жасы отыздан асқан екен (тіпті, үйлі-баранды да болған шығар?) Солай да болса менің көзіме кіп-кішкентай қалпында - аузына нан салып сорып жатқан бөбек күйінде ғана елестейді.


Осылай, ойда жоқта, құтқарушылар тобының құрамында болғаным бар.


                                                                                             2012 жыл                                              


                                          


Бегім-ана белгісіне барғанда


 Қазалы ауданындағы Бекарыстан би аулының солтүстік-батыс бетіндегі қырық шақырымдай жерде Бегім-ана белгісі бар. Бегім-ана тама Қарабура әулиенің қызы. Осы белгі-мұнараның тұрғызылуы жөнінде мынандай аңыз бар.


Бегім-ана Сырдария өзенінің төменгі құйылысындағы Жанкент шаһарының ханымы екен. Бір күні хан аң аулауға шығыпты. Жолда келе жатып шақшасын ұмыт қалдырғанын байқайды. Үйіне бір қосшысын жұмсайды. Қосшы жігіт Бегім-ананы көргенде сұлулығына таң қалғаннан талып қалыпты. Хан қосшыдан неге кешіккенін сұрайды. Ханның қаһарынан қорыққан жігіт ханымның қолынан ұстап жібермей, кідірткенін айтады. Қосшысының сөзіне сенген хан дереу кейін қайтып, Бегім-ананың бір бұрымы мен бір қолын кесіп тастайды.


Қызының жағдайы түсіне енген Қарабура әулие: "Қызым адал ғой, қолы мен бұрымы орнына келер, өзі құс болып ұшып кетер... Қызыма күмән келтірген жанның бәрін қара жылан шағып өлтірсін!"- деп қарғайды. Айтқаны келіп, Бегім-ананың қолы мен бұрымы орнына келіпті, өзі құсқа айналып ұшып кеткен екен дейді. Құс бір биік төбенің басына барып қонақтайды. Қазіргі Бегім-ана белгісі сол құстың қонған жеріне салынған екен.


 Арада көп уақыт өтпейді, қалаға келе жатқан бір жолаушы жол бойында жатқан месті көреді. Түртіп көрсе, іші былқ-былқ етеді. Не нәрсе екен деп қызыққан жолаушы месті жарады. Іші толған жылан екен. Ордалы жылан әлгі жолаушыға тиіспейді, қалаға келіп кіреді. Алдымен ханды шағып өлтіреді, сосын айналасындағыларды шаға бастайды. Аман қалғандары бас сауғалап қашып кетеді, бірақ құтыла алмапты дейді аңыз әңгімеде. Осылардың ішінен біреуі Бұхараға, екіншісі Хиуаға барып паналаған екен, кейін базарға сатуға апарған малдың мүйізіне оратылып барған екі жылан әлгі екеуін шағып өлтіріпті. Қазіргі Қазалы ауданы Өркендеу аулының маңында "жылан сорған қала" атанған ескі Жанкент шаһарының орны әлі бар.


Бұл аңызды әкемнен естігенмін. Көкем жас кезінде мұнараны көргенін, бір таң қаларлығы - мұнараның есігі жоқ екенін айтып отыратын.


Маған мұнараны көрудің сәті 1991 жылы түсті.


Күз мезгілі болатын. Ол кезде Жаңақазалыда тұрамын. Сәйпе ағамның қолындағы келіні науқастанып, соны Бегім-ананың басына апару керек болыпты. Сәкең: "Көлігің бар ғой, апарып келсеңші. Ауылда Төкең күтіп отыр, Бегім-ананың басына өзі алып барып түнетеді"- деді. Төкең деп отырғаны бізбен немерелес Төлебай көкем еді. Баласы Бостандық пен келінді ертіп жолға шықтым. Ауылдан Төкең мен Аймахан нағашымды алып, Бегім-анаға бет алдық  (Төкең Айекең құрдасын қайда барса да қасынан қалдырмайды).


Жаңақұрылыс ауылына баратын жолмен оншақты шақырым жүргеннен кейін батысқа қарай бұрылып, қара жолға түстік. Жолды көрсетіп келе жатқан Төкең. "Нұраның үстімен де баруға болады, бірақ ол жол алыс. Біз қазір төте жолман барамыз"- деп бастап келеді. Бес-алты шақырым жүргеннен кейін жол аңызға[5] келіп тірелді. Аңыз арасындағы жолмен жүріп келеміз. Бір кезде жол ауырлай бастады. Машинаның жылдамдығын өзгертіп, төменгі жылдамдықты қостым.


Төкеңе: "Мына аңыздың ішінде машинамыз батып қалмай ма?"- деп едім, ол қашанғы өзінің әзілқойлығына басты. "Немене, көлігіңе сенбей келе жатсың ба, әлде өзіңе сенбей келе жатсың ба, бала? Сәл жүргеннен кейін алдымыздағы нұраға шығамыз, сосын аяғымызға шаң тимейді". Көптен машина жүрмегендіктен болар, жол қопсып, босап қалған. Машинаның алдыңғы белдеуін қосуыма тура келді. Төрт дөңгелегі бірдей жұмыс істейтін "УАЗик" бар мүмкіндігіне салып-ақ келеді. Сәлден соң жүру мүлде қиындап кетті, баттық та қалдық. Не алдыға, не артқа жүре алмаймыз. Жерге түсіп қарасам машинаның екі белдеуі де май топыраққа белшесінен кіріп кетіпті. Бұл жағдайда өз күшімізбен шыға алмайтынымыз анық еді.


Шынымен сасайын дедім. Осы кезде барып Айекең: "Бағана нұралықтағы жолмен жүру керек еді, Төке…"- деді. Бұл жерге машина келе бермейтіні анық. Тас жолға дейін бес-алты шақырым, ауылға дейін жиырма шақырымнан әрі болатын. Бетіне айтпағанмен, байқаймын, бәріміз де Төкеңді кінәлап тұрмыз. "Алыс та болса сол жолмен жүруіміз керек еді"- деймін мен де ішімнен.


Өзін кінәлі сезінетін Төкең жоқ. "Ештеңе етпейді, ренжімеңдер. Әулиенің басына талап қылып шықтық қой, далада қалмаспыз"- деп қояды. Басқаларды қайдам, өзім бұл жерге машина келе қояды деп үміттенгенім жоқ. Енді не істейміз? Ендігі амал тас жолдың бойына барып машина күту, машина кездеспесе жаяу барып ауылдан көлік әкелу еді. Біздің арамызда оған баратын Бостандықтан басқа адамның ыңғайы жоқ. Ол да осыны сезді-ау деймін, басы салбыраған күйі жерге отыра кетті. Не істерімізді білмей жиырма минуттай отырдық. 


Осы кезде кенеттен машинаның гүрілі естілді. Ұзамай-ақ бері қарай келе жатқан көк кабиналы Газ-53 автокөлігі көрінді. Жақындай бере тоқтады. Ішінен толықтау келген бір жас жігіт түсіп, бізге қарай беттеді.


Амандастық. Ауылдағы Жұмағали деген кісінің Қызылордада жұмыс істейтін баласы екен. Мекемесі жазда осы жерге бақша егіп, су айдау үшін насос орнатыпты. Соны алып кетуге сонау Қызылордадан келе жатқан беті көрінеді. Біздің жағдайымызды білгеннен кейін қолын бұлғап шоферін шақырды. Шофері машинамызды бір айналып шықты да: "Тәуекел, жақындап көрейін…"- деді. Мүмкіндігінше жақындап келген әлгі машинаның тросына мендегі тросты жалғап, көлігімізді әзер дегенде шығарып алдық. Екеуіне қайта-қайта рахметімізді айтып жатырмыз. Алдымыз нұралық екен, жолға түсіп жүріп кеттік.


Не істерімізді білмей отырғанда ғайыптан жаңағы машинаның тап бола кетуі түсім сияқты көрініп келеді. Бірақ бұл түсім емес, өңім болатын. Төкеңе қарап қоямын. Төкең көзін жұмған күйі ішінен бірдемені күбірлеп келеді, шамасы аят оқып отырса керек.    


Бір кезде алыстан биік мұнара көзге шалынды.


Мұнара орналасқан төбенің баурайына келіп тоқтадық. Жерге түсіп, үстіміздің шаңын қағып, алып келген суымызбен жуынып-шайынып жатырмыз. Мұның бәрін Төкеңнің айтуы бойынша орындаудамыз. Төкеңнің бұл бірінші келуі емес екен, бұрын да бірнеше рет келген көрінеді.


Бұл уақытта көлеңке едәуір ұзарып, күн еңкейіп қалған болатын.


Мұнараның қасына келіп тізе бүктік. Төкең құран оқуға кірісті. Оқып болғаннан кейін, келінді ертіп, мұнараны айналып шықты. Бостандыққа отын жинаттырды, от жақтырды. Мен мұнараны қызықтап көре бастадым.


Биіктігі едәуір екен (оншақты метр болып қалатын шығар). Кәукейдің жанындағы мемлекеттік қорғауға алынған XI ғасырдың жәдігері "Сараман-Қоса" белгісіне қатты ұқсайды. Одан айырмасы дөңгелек емес, қырлы етіп жасалынған. Ұмытпасам, сегіз қыры болу керек. Белгі жақсы сақталған. Кірпіштерінің бүлінген, мүжілген жерін байқамадым (кейін білдім, реставрация жасалынған екен.) Мазардың есігі жоқ. Жоғарғы жағында, түйелі адамның қолы жететіндей жерде, терезе тәріздес ойық бар екендігі байқалады.


Төкең бәріміздің басымызды қосып тағы да құран оқыды. Белгінің айналасындағы бұталардың басында зиярат етушілер байлап кеткен шүберектер мен орамалдар бар екен. Құран оқылғаннан кейін соларды шешіп алып, біздерге үлестіріп берді. "Сақтап қойыңдар, тастамаңдар"- деп жатыр.


Ол кезде басында үй жоқ болатын (кейін зиярат етушілерге арнап үй салынды деп естідім). "Ал, бала, бұл жердегі жұмыс осымен бітті, енді ауылға қайтамыз" - деді Төкең бір кезде шапанының етегін қағып орнынан тұрып жатып. «Түнейміз» дегенге қонатын шығармыз деп отырғанмын. "Осы зиярат еткеніміздің өзі түнегенге есеп болады, бала"- деді Төкең менің сұрағыма қолымен батыс жақты нұсқап көрсетіп тұрып. Бұл кезде күн ұясына толық батқан болатын. Қайтарда нұрадағы жолмен жүріп отырып, еш қиындықсыз ауылға жеттік.


Осы сапар есіме түссе, әлгі машинаның келуі кездейсоқтық па, болмаса Бегім-ана әулиенің шапағаты ма деп ойланамын. Қалай болғанда да, сол қиналған сәттегі көліктің тап болуы Бегім-ананың жіберген көмегі сияқты болып көрінеді де тұрады маған.


                                                                                                2013 жыл  


                                      Шекті  Жанқожа батыр


1985 жылдың көктем айларының бірінде аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, райкомның бюро мүшесі Шапшаңов Қуанышқали біздің шаруашылыққа өкіл болып келді. Қызылқұм бөлімшесінде малшы аралап жүргенімізде (ол кезде кеңшарда директор болатынмын) Жанқожа батырдың бейітін көргісі келетінін айтты. Басына барайық деді.


Жәкеңнің бейіті бөлімшенің оңтүстігінде, алпыс шақырымдай жерде болатын. Ертеңіне қасымызға батырдың тікелей ұрпағы, шырақшы болып жүрген Иманғали деген азаматты ертіп алып, қорымға қарай бет алдық.


Алдымен төбенің баурайындағы бұлақтың (артезиан құдығы) қасына тоқтап, жуынып-шайынып алдық. Төбеге жаяу көтерілдік. Жәкеңнің бейіті ең биік жерінде. Алғашқыда бұл жерге батырдың бір өзі жерленген екен, кейін үлкен қорымға айналған. Бастапқы бейіті жігер сексеуілден шегенделіп жасалыпты. Жетпісінші жылдары халықтан жиналған қаражатпен қыш кірпіштен төртқұлақ бейіт тұрғызылған. Алғашқы бейітіндегі сексеуіл томарлары төртқұлақтың ішінде осы күнге дейін сақталған. Басында араб ғарпімен жазылған құлпытас бар. Құлпытастағы жазуды оқи алмадық, дегенмен "1860" деген цифрды анық көруге болады. Бұл батырдың өлген жылы болса керек.


Қасында атақты Қызылбас балуан жерленіпті. Бұл кісінің бойы екі метрден астам болған көрінеді, ат көтере алмағандықтан түйеге мініп жүреді екен. Қаза боларының алдында өзін Жәкеңнің қасына жерлеуді өтініпті.


Батырдың бейітіне тәу етіп, құран оқыдық.


Ол кез Кеңес заманы болатын. Ауданның белгілі атқамінерлерінің бірі бола жүріп, батырдың басына зиярат жасаған Шапшаңовқа риза болғанымды жасыра алмаймын. Бұдан бұрын (бұдан кейін де) аудан басшыларының Жанқожаның бейітіне барғанын байқаған емеспін.


Кешегі Кеңес заманында Жанқожа батыр жайлы айтылмай және жазылмай келді. Оған Жанқожаның орыстармен соғысқаны, орыс отаршылдығына қарсы қол бастап ұрысқа шығуы себеп болса керек. Ауыз әдебиетінде де, қазақ батырлары жайлы қиссаларда да көп айтыла бермеді. Алтынның қолда барда қадірі жоқ демекші, Қырымның қырық батырын қырық күн бойы жырлайтын Сыр бойының атақты жырауы Нұртуған төсек тартып жатқанда: "Әттеген-ай, ішімде бір өкініш кетіп бара жатыр. Қайдағы ноғайлының батырларын дәріптегенше, неге Жәкең жайлы жырламадым екен?.."- деп өкініпті деген сөз бар.


Орыс зерттеушісі И.В.Аничков 1894 жылы Ресейдің Қазан баспасынан "Киргизский герой Джанходжа Нурмухаммедов" атты кітап шығарған. Бұл батыр жайлы жазылған алғашқы кітап болса керек. Жанқожа жайлы көп естіген орыс зерттеушісі 1890 жылы әдейі елге келіп, халық арасынан ол жайлы деректер жинаған. XIX ғасырда жазылып, кейін Кеңес заманында ұмытылып кеткен отыз беттік осы тарихи очерк батыр жайлы орыс архивтерінен алынған деректер мен ел арасында тараған аңыз әңгімелерден тұрады.


Жанқожа Нұрмұхамметұлы қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданы аймағында дүниеге келіп (туған жылы белгісіз), 1860 жылы Арал теңізінің оңтүстік-шығысындағы қызылқұмда, Ұялы маңында  қайтыс болады. Кейбір деректерде батыр сексен алты жасында дүние салды деп айтылады. Олай болса, Жанқожаның туған жылы 1774 жылдың шамасына келеді.


Ата-тегі кіші жүз әлім, оның ішінде кішкене-шекті. Әкесі Нұрымбет (Нұрмұхаммет) пен атасы Киікбай да батыр болған. Түп нағашысы тама Есет батыр. Жанқожа жас кезінен-ақ атқа қонып, ел қорғауға қатысқан. Қарақалпақтың батыры Тықыны жекпе-жекте жеңгенде он алты жаста екен. Содан бастап елі мен жерін түстіктегі өзбек пен түрікмендерден, арқадағы орыстардан қорғап аттан түспеген. Елдің есінде сақталған белгілі ұрыстары Қоқан мен Хиуа хандарына қараған Созақ пен Сауран қамалдарын алуы, Жаңақала мен Бабажан бекіністерін қиратуы және орыстардың Сырдария бойындағы алғашқы ірі форты Қазалыға шабуыл жасауы.


Жоғарыда айтылғандай, Кеңес дәуірінде Жанқожа батыр жайлы насихатталмады. Дегенмен, батырдың ел арасындағы беделі азайған жоқ, қайта қиял-ғажайып ертегілеріндегі алыптардай аңызға айналып, ол жайлы деректер ауыздан-ауызға тарап отырды. Бала кезімізде үлкендердің аузынан: "Ол кісінің бұлты болған екен... Әруақты адам болған…"- деген сөздерді жиі еститінбіз. Менің әкем батырдың Бабажан қорғанын қалай алғаны, қазақтарға көп зәбір көрсеткен Бабажан сартты қалай жазалағаны жөнінде естігендерін айтып отыратын еді.


Жанқожа - батыр ғана емес, ел ішіндегі небір қиын дауларды әділ шеше білген би болған және атақ-даңққа көп қызықпаған адам. Орыс әкімшілігінің берген шен-шекпендері мен марапаттарын қабылдамаған. Батырдың ел арасындағы абройының биіктігі соншалықты, оны бүгінгі күнге дейін әулие есебінде қадір тұтады.


Белгілі зерттеуші Мұхаметжан Тынышпаев өзінің "Қазақ-қырғыз халқының тарихына материалдар" атты еңбегінде: "Жанқожа үш жүзге белгілі атақты батыр және би. Қазақтың тәуелсіздігі үшін болған күресте ол Ресейді, Хиуа мен Қоқанды, тіпті сол кездегі қазақ хандарын да мойындамаған. Аты бүкіл әлім тайпасының ұранына айналған адам..."- деп ерекше атап көрсетеді.


Бұл адамның тазалығы сонда – егін салып жатқан елдің әкеп берген кеусенін «егіншінің маңдай тері бар» деп алмайды екен. Оның орнына құмда өсетін құмаршық деген шөптің дәнін қолдиірменге тартып, ұн жасатып, соны пайдаланған. Мұндай адамды әулие демей, кім дейсің?


Жанқожа батыр өзіміздің қазақтардың, яғни табындардың қолынан қаза тапқан. Әкемнің айтуынша, қызылдың ішінде жалғыз үй отырған батырды кешкі апақ-сапақта табындардың қолы келіп қоршайды. Кешкі дауыс алысқа естіледі, бір топ аттылардың ұрандап шауып келе жатқанын естіген батыр жеті-сегіз жасар немересін жұмсапты. "Не деп ұрандап келе жатыр екен, білші"- депті. Төбе басына шығып келген немересі: "Ата, тостаған-тостаған деп шауып келеді"- дейді. "Е-е, табындар екен... Менің оларға жазығым жоқ еді ғой"- деген батыр ақшам намазын оқуға кіріседі.


Келгендер алдымен батырдың белдеуде тұрған Көкешкі атын ұстайды. Сосын үйді қоршап, далаға шығуын талап етеді. Батыр намазын бұзбапты. Шыдамаған қол үйдің үзігіне найза сұғып, «шық та шықтың» астына алады. Намазын аяқтаған батыр үстіне сауытын киіп, қаруларын асынып далаға шығады. Бойын кернеген ашудан сауыттың жағасындағы ілгегі салуға келмепті дейді. Осы себептен мойыны ашық қалған көрінеді.


Табындар сөзге келместен ұрысқа кіріседі. Қалың қолмен жалғыз өзі жаяу соғысады. Осылай жұлдыз шыққанша шайқасады. Жау қолы қоршаған күйі садақ ата бастайды. Сонда да жыға алмайды. Осы кезде жаудың бір мергені батырдың мойын тұсының ашық екенін байқап қалады. Шиті мылтықпен сол жерден көздеп атады. Оқ тамақтан тиіп, батыр сол жерде көз жұмады. Жәкең жығылмаған көрінеді. Жерге шаншулы қылышының сабынан ұстаған күйі, құбылаға қарай тізерлей отырып қалыпты. Қасына баруға батылы жетпеген табындар, өлі-тірісін біле алмай, еліне қайтыпты дейді. Бұл әкемнің аузынан естігенім.


Кіндік кесіп кір жуған жерін ата жауынан қорғап жетпіс жыл бойы аттан түспеген, «қолым жауымның жағасында жүріп майдан даласында өлсем арманым жоқ» деп тілеген батыр қапыда осылай өз қандастарының қолынан қаза табады. Жәкеңнің жасы бұл кезде сексен алтыда екен.


Жәкеңді не себептен өлтірген деген сұраққа әкем дөп басып жауап бере алмайтын еді. Бұл сұрақтың жауабын жоғарыда айтылған  И.Аничковтың кітабынан табуға болады. Автордың жазуы бойынша батырдың өлімі төре-сұлтандардың табындарды шектілерге қарсы айдап салуынан болған. Соның алдындағы руаралық қақтығыстарда шектілердің қолынан табынның Байқадам атты батыры қаза табады. Сол кездері Қасымұлы Елікей сұлтан[6] табындардың ханы болып есептеледі екен. Жоғарыдағы жағдайды шебер пайдаланған Елікей сұлтан табындарды шектілерге қарсы айдап салған көрінеді. Байқадамның өліміне Жанқожаның ешқандай қатысы болмаса да, табындар Қызылдың ішінде жалғыз үй отырған Жәкеңді өлтіреді. Жанқожаны ататын Байқадамның баласы Сейіл екен. Төрелер бұл жерде бір оқпен екі қоянды атып алған - табындардың "кегін алып берген" және Жанқожадан құтылған.


Жанқожа төре-сұлтандармен жақсы қарым-қатынаста болмаған көрінеді, бұл жөнінде мынандай дерек бар.


Жәкең Хиуа ханына қарасты Бабажан бекінісін шабарда Кенесарыдан көмек сұрайды. Хан інісі Наурызбай бастаған бес жүз жігіт бермек болады. Бұған риза болған батыр туған ағасы Ақмырзаның Батыма атты қызын (кейбір деректерде Фатима деп айтылады) "Абылайдың алтын босағасына байладым" деп Кенеге әйелдікке береді. (Кейін Жанқожа Бабажан сарттың бекінісін Наурызбайдың көмегінсіз, өз жасағымен алады).


Батымамен некелескеннен кейін Кене бөлек отау тіктіріп, кіші отаудан біржола шықпай қойған көрінеді. Бұған ерегіскен ханның өзге әйелдері Батымадан құтылудың амалын іздейді. Осыдан кейін  төлеңгіттердің бірімен көңілі жақын деген өсек таратады. Осы өсекке сенген хан Батымаға бір ауыз сөз айтпастан еліне қайтарады. Бұл жағдай шектінің батыры Жанқожаның да, сонымен бірге шекті елінің де сүйегіне басылған таңбамен бірдей еді.


Арада біршама уақыт өткенде Жанқожа қасына алпыс сарбазын ертіп ханның аулына аттанады. Батырдың келе жатқанын естіген хан бір шақырымға дейін кілем төсеттіреді, он бес шатыр тіккізеді[7]. Батыр шатырға түспейді. Онда сарбаздарын қалдырып, өзі жанына екі жолдасын ертіп, төселген кілемді ат тұяғымен бастыра хан ордасына келіп бір-ақ тоқтайды. Атының шылбырын жанындағы жақайым Қызылбас балуанға ұстата салып, қасына құрманай Төремұрат жырауды ертіп ордаға кіреді.


 Жайғасып отырғаннан кейін әңгіме қиюласа қоймапты. Осыны байқаған Кене: «Сөз кезегін ақындарға берейік»- дейді. Батыр: «Мен ақын айтыстыруға келгенім жоқ»- деп келіспейді. Кенесары тағы айтады. Осыдан кейін намысқа тырысқан Жәкең Төремұрат жырауды ортаға шығарады. Ордадан Доғалақ деген жырау шығыпты. Айтыс көпке созылады. Төремұрат басым түсіпті. Жеңіліп бара жатқан Доғалақ сөзінің соңында:


- Жанқожаны батыр деп мақтайсың. Батыр болса, Батыманы түйеге теріс мінгізіп аулына қайтарған Кенеханға не істеді?- деп салады.


Доғалақ осы сөзді айтқанда Төремұрат тоқтап қалыпты. Осы кезде Жанқожа қылышының бәйенегін ағытып жіберіп, қынынан бір қарыстай суырған күйі, ханның қасына тізерлеп жетіп барған екен.


-  Атаңа нәлет таз қалмақ[8]! Хан болсаң, қарындасымның кінәсын мойнына қойып неге жазаламадың? Қатын-қалаштың сөзіне еріп, жазықсыз адамға азар бердің... Бұл кімді басынғаның?!- дейді.


Кенесары басын көтерместен үнсіз отырып қалыпты. Бұл кезде орданың ішіндегілер де, сырттағы айтыс тыңдауға жиналған халық та енді не болады деген оймен демдерін іштерінен алып тұрған екен.


Ашуға мінген Жәкең шауып жіберер ме еді, қайтер еді, осы үнсіздікті бір дауыс бұзады.


- Бәрекелді, батыр болсаң осындай бол! Бәрекелді, хан болсаң да осындай бол! Батыр сөкті, хан көтерді. Батыр-еке, хан кінәсін мойындап отыр ғой, ұсынған басты қылыш кеспес болар...


Бұл сөзді айтқан елінде адам өлтіріп Кенесарыны сағалап жүрген Ерсына деген қырғыз екен. Бәтуәлі сөзге тұрмайтын қазақ бар ма, мына сөзге Жанқожа тоқтайды. Қылышын қынына салады да, ордадан шығып кетеді.


Сәлден соң ішке Кенесарының інісі Наурызбай кіріпті.


- Көке, бүкіл елдің алдында атаңызды сөктіріп не болғаныңыз? Шектінің томашадай шалы өлтіріп кетеді деп қорықтыңыз ба? Өлтірсе, артымда кек алатын адамым жоқ деп тосылдыңыз ба?- дейді.


Сонда Кенесары:


- Сол ата екеумізге ортақ емес пе еді, сен неге келіп шауып тастамадың?- депті.


Наурызбай төмен қараған күйі:


- Жалаң қылышпен ордаға қарай үш рет ұмтылдым. Үшеуінде де бір дәу қара кісі ту сыртымнан құшақтап алып, сыртқа қарай лақтырып тастады,- дейді.   


Айтып отырған «дәу қара кісісі» Қызылбас балуан екен...


Батыр осыдан кейін Кенесарымен қатыспай кеткенге ұқсайды. Тек Кенесары ғана емес, хан тұқымының басқа да өкілдерін Жәкеңнің мойындамағаны ауызша жеткен әңгімелер мен кейбір тарихи құжаттардан белгілі. Хан тұқымы кекшіл келеді, Елікей сұлтанның табындарды Жанқожаға айдап салуына батырдың осы мінезі себеп болуы мүмкін.


Кек дегеннен шығады, Жанқожа өлгеннен кейін шектілер табындардың аулын шабады. Мақсаттары Жанқожаның кегін алу еді. Жанқожаны атқан Сейілді таба алмайды (өзін тірі қоймайтынын біліп, қашып кетсе керек). Осыдан кейін шектілер оның жақын бауырын ұстап, соны жазаламақ болады. Енді өлтіргелі жатқанда ауылдың ақсақалдары: "Бір шаңырақта алты қыздың ортасындағы жалғыз ұл еді, жанын қалдырыңдаршы"- деп сауға сұрапты. Мына сөзді естіген кішкене-шектілер ойланып қалады. Сонда батырдың жақын туыстарының бірі: "Бұл алты қыздың ортасындағы жалғыз ұл болса, Жәкең алты әлімнің ортасындағы жалғыз Жанқожа еді. Соны да көздерің қиып өлтірдіңдер ғой! Жаны одан артық емес шығар, обал-сауабын маған беріңдер!"- деп өз қолымен жазалапты деген ел ішінде айтылып жүрген әңгіме бар.


Қазақ жазушыларының ішінен Жанқожа батыр жайлы алғаш қалам тербеген Зейнолла Шүкіров болса керек. Коммунистік партияның басшылық жасап тұрған кезінде осындай тақырыпты көтеріп, батыр жайлы шындықты елге жеткізу оңай емес болатын. З.Шүкіровтың бұл кітабы ол кезде жарық көрген жоқ.


Еліміз егемендік алған жылдары Әбдісаттар Оспановтың "Жанқожа батыр" атты екі томдығының алғашқы томы жарық көрді. Кейін Молдахмет Қаназовтың батыр жайлы жазылған тағы бір кітабы дүниеге келді. 1994 жылы шыққан "Қазақстан тарихы" атты жоғары сынып оқушыларына арналған оқулыққа батырдың Сыр бойындағы шаруалар көтерілісіне басшылық жасағаны енгізілген. (Осы жерде айта кетейік, кітапта батырдың шыққан тегі кішкене-шекті деудің орнына, «кішкентай шекті» деп қате көрсетілген).


1992 жылы Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің (бұрынғы Жаңақазалы қыстағы) ортасынан батырға кесене тұрғызылды. Қызылқұмдағы қорымының басынан топырақ әкелініп, кесенеге қойылды. Облыс көлемінде үлкен ас берілді.


Көшпенді қазақтың ең соңғы ханы Кенесары болса, ең соңғы батырларының бірі Жанқожа Нұрмұхамметұлы. Құдайға шүкір, қазақта батыр мен би, тіпті әулие де жетерлік. Бірақ осындай үш қасиетті бір басына сыйғызған тұлға өте аз. Олай болса, Жанқожа батырдың өмірін ғылыми тұрғыдан зерттеп, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында бұдан да кең көлемде насихаттай беруіміз керек сияқты.


                                                                                              2014 жыл


  Кезек дүние


Ресейдегі ауа-райы бізден өзгешелеу болып келеді. Елде бұл кездері қырық күн шілденің аптап ыстығы қайнап тұрған болса, мұнда олай емес, қоңыр салқын. Талма түстің өзінде күн сәулесі шақырайып төбеңді теспейді, ара-тұра ойнақшып шыға келетін ақша бұлттар майда жаңбырды себелеп өтіп, күн көзі шуағын мейірлене шашып тұрады.


Пенза қаласының маңындағы "Сосновый бор" аталатын санаторийде демалып жатырмын. Келгеніме екі күн болған еді, асханада бір қазақ жігітін жолықтырдым. Ауқаттанып болғасын далаға шығып, серуендеп жүріп таныса бастадық. Ақтөбе облысынан екен, мамандығы жоғары білімді зоотехник. Институтты Ресейден бітіріпті, менен бес-алты жастай үлкен болып шықты.


Түрлі тақырыпта әңгіме қозғаймыз. Көбінесе ойымыз бір жерден шығатын сияқты. Қала іргесінен ағып жатқан Сура өзенін бойлап, қараңғы түскенше (орман ішінде күн тез батып, өзен жағасы тез салқындайды), әңгіме-дүкен құрып қайтамыз.


Бір күні әңгіме тақырыбы қазақтың мақал-мәтелдеріне, нақыл сөздеріне қарай ауысты.


- Білетін шығарсың, қазақта "дүние кезек" деген сөз бар. Мен осы мәтелге онша мән бермеуші едім, соның растығына бірде көзім жетті,- деді.


- Қалайша?


- Бұл ұзақ әңгіме. Егер жалықпасаң, айтып берейін,- деп бетіме қарады.


- Айтатын адам болса, мен тыңдаудан жалықпаймын,- дедім.


- Онда тыңда. Институттан кейін жұмысты кеңшарда зоотехник-селекционер болып бастадым. Шаруашылықтағы бас зоотехниктің жасы менен он бес жастай үлкен болатын. Екеуміз бір кабинетте отыратынбыз.


Ай сайын ферма мамандары мал есебін тапсырады. Есеп берер алдында ферма меңгерушілерінің бас зоотехникке кіріп шығатын әдеттері бар. Оңаша әңгімелеседі. Ондай кездері бастық маған: "Сен шыға тұр!"- дейді. Шығып кетемін. Өзі шақырғанша далада жүремін немесе ауызғы бөлмеде отырамын. Шынымды айтсам, бастықтың бұл қылығын жақтырмаймын.


Осындай бір "шыға тұрдан" кейін:


- Мен ауызғы бөлмеге ауысайын, - дедім.


Бастығым қарсы болмады. Мал дәрігері отыратын бөлмеге  ауысып алдым. Енді бұрынғыдай емес, қысылып-қымтырылмай еркін отыратын болдым.


Арада үш жыл өткенде мені аудандық ауылшаруашылығы басқармасына шақырды. Бұрынғы бастығым енді алдыма келіп есеп беретін болды. Кейде құжаттарын шала-пұла алып келеді. Ондайда: "Кеміс жерін өзің бітіре саларсың..." дейтіні бар. Жасын силап, үндемей алып қала беремін.


Екі жылдан кейін қайтадан оның қол астына барып ферма меңгерушісі болып жұмыс істеуіме тура келді.


Жұмысқа кіріскеніме бір айдай уақыт болған еді. Кешкі мезгіл болатын. Балам: "Сыртта бір кісі шақырып тұр" дегенге үйден шықсам, есіктің алдында бас зоотехниктің көлігі тұр екен. Кабинасында өзі отыр. Амандастым. 


-  Үйге кіріңіз. 


Сәлемімді алмастан: "Неге малшыларың әлі көшпеген!"- деп бірден айқайға басты. Шамасы, отарларды аралап келген болу керек. Алғашқыда түсіндірмекке тырысып едім, тыңдайтын түрі болмады. "Ана жер анандай... Мына жер мынандай!.."- деп біртіндеп тізе бастады. "Қолдағы бар техникамен көшіріп жатырмыз. Орталықтан бөлінген техникалар әлі келген жоқ, техника жетіспей жатыр"- дегеніме:- "Жұмыс істегілерің келмейді! Сендер үшін менің істеуім керек пе, сонда?!"- деп біраз жерге апарып тастады.


Кемшілік болған шығар, бірақ қара аспанды қапылдыратындай бүлінген ештеңе жоқ болатын. Мына ісіне күйініп кеткен мен:


- Ендеше, тіреп тұрған аспаныңызды тастап жіберіңіз!- дедім де, үйге кіріп кеттім.


Сол жолы директорге не айтып барғанын білмеймін (мақтамайтыны белгілі еді), бірақ директор бұл жөнінде маған бір ауыз ескерту жасаған жоқ. Бұдан кейін де ол менің жұмысымнан кемшілік іздеуін қоймады, үнемі кінәлауға бейім тұратын еді.


Арада жыл өткенде ол бас зоотехниктік қызметтен алынып, орнына мені қойды. Бұрынғы бастығым енді қарамағымда зоотехник болып жұмыс істей бастады. Өткендегі істерін ұмытқандай болып жүре бердім. Бес-алты айдан кейін бухгалтерияға кассир болып ауысты.


Малшы аралар кезімде совхоз директоры кассирді менің қасыма қосатын еді. Мен отар аралаймын, ол малшылардың еңбекақыларын таратады. Оның жұмысында менің шаруам жоқ, бірақ кейбір адамдарға қарызға ақша беріп, қағаздарға қол қойдырып жатқанын байқайтынмын. Айлығымнан ұстарсың деп ақша сұрасам, маған бермейді. "Директордың рұқсатынсыз бере алмаймын"- дейді.


Төрт жылдан кейін совхоз директоры аудандағы басқа жұмысқа ауысты. Орнына мен директор болдым.


Бір күні кабинетіме кассир кірді. "Құжатқа қол қою керек еді…"- деп бір ведомості ұсынды. Қарап отырсам, ұзын саны жиырмаға жуық малшыға қомақты ақша берген.


- Бұл ақшаны не себептен тараттыңыз?


- Жайлаудағы малшылар сізге келе алмайды ғой, сол себепті қажет ақшаны менен сұрайды...


- Мына құжатқа қол қойылмайды,- дедім.


Не айтарын білмеген кассир шығып кетті. Барып айтқан болу керек, сәлден кейін кабинетке бас бухгалтер келді. Кассирдің ісінің дұрыс еместігін айта отырып, бұрын осылай босата беретіндерін, бұл ақшаны кейін айлықтарынан ұстап қалатындарын айтты.


- Директордың қолынсыз кассадан бір тиын да босатылуы тиіс емес екенін білесіз ғой! Ведомосқа қол қоймаймын, ақшаны орнына салыңдар!- дедім.    


Шалғайдағы малшылардың орталыққа келуінің оңай емес екенін білемін, бірақ мұндай мәселені менімен ойласпай шешкен олардікі де дұрыс емес болатын. Бас бухгалтер үндеместен шығып кетті (кассаны тексерген жағдайда ақшаның кем шығатыны анық еді).


Арада көп уақыт өткен жоқ, бас бухгалтер жұмыстан босатуды сұрап өтініш берді. Орынбасары пенсия жасына келіп қалған адам болатын, сол себептен ауданнан маман сұрадым. Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл орынға бір маманды ұсынды.


Ол біздің кассирдің туған інісі болып шықты.


Бас бухгалтер жұмысқа кіріскеннен кейін кассирді ауыстыру қажет болды. Заң бойынша ағайынды адамдардың бірі бас бухгалтер, екіншісі кассир болып істеулеріне болмайды. Мен кассирді шақырып алып осыны ескерттім. Ол жұмыс істей бергісі келетінін айтты. Бұл орында қалдыра алмайтынымды айтып, мамандығы бойынша жұмыс тауып беретінімді ескертіп, жұмыстан босаттым. Кассирлікке басқа адам алынды.


Кассир арызданып ауданға барды. Бірақ, бұл арыз жөнінде бізге келген де, хабарласқан да адам болған жоқ. Екі айдай жұмыссыз жүргеннен кейін мал бордақылау алаңындағы босаған орынға өтініш берді. Қайтадан зоотехник болды.


Осы оқиғадан кейін ақ қағазға: "Дүние кезек деген рас сөз екен!" деп жаздым да, жұмыс столымдағы әйнектің астына салып қойдым. Осы "ішірткі" алдыма келген жандарға ретсіз дауыс көтермеуге, қолымда билік бар деп асыра сілтемеуге септігін тигізер дедім. Менің басымнан осындай бір жағдайдың өткені бар...


"Ол кісімен қазір араларыңыз қандай?"- деген сұрақ көмейіме келіп қалған еді, осыны сезгендей-ақ, әңгімесін былай аяқтады:


 - Дегенмен, ол менің өндірістегі алғашқы ұстазым болатын. Менің де ренжіткен кездерім болған шығар (адамның қателігі өзіне біліне бермейді ғой), егер сол қатемді өзіме айтып жатса, қай уақытта болмасын одан кешірім сұрауға дайын едім.


- Қызық оқиға екен... Ал әлгі "ішірткіңіздің" пайдасы тиді ме?


- Пайдасы болды ғой деп ойлаймын,- деді сәл үнсіздіктен кейін,- ол сөзді мен араб ғарпімен жазғанмын. Бұл әліппені "Шалқар[9]" газетінен үйреніп алған едім. Қағазда басқа да мақал-мәтелдер бар болатын, сондықтан пайдасы тимеуі мүмкін емес қой.    


Оның осы сөзінен кейін ешқандай сұрақ қойғаным жоқ.


                                                                                                                   2014 жыл


Қазалының Диогені


 «Алтын Орда» газетінің 14 тамыз 2003 жылғы санында төмендегідей мақала жарық көрген болатын.


                     « Пәһуадин әулие кереметтері.


Жұрт оны Пәһуадин әулие атап кеткен. Бала кезде ауыл ортасындағы темірден құрап тұрғызылған, сырын ішіне бүккен бізге беймәлім жұмбақ үйге таңырқап қарайтынбыз. Киіз үй пішінді, ескі-құсқы тот басқан темір-терсектен құрастырып жасалған иесіз үйді бала біткен айналшықтап жүріп алатынымыз бар. Бірақ ауласы шеңгел шарбақпен қоршалған сұсты үйдің жанына жақындап баруға батылымыз жетпей, жүрексініп тұрып қалатынбыз.


Біз, балалар, сабақтан қайтып келе жатып кешкілік әлгі есігінің алдын жантақ басқан темір үйге көз қиығымызды салып өтіп, әр түрлі қорқынышты әңгімені жарыса айтушы едік. Біріміз: «Бұл үйге кірген адамның есі ауысып, аузы қисайып кетеді екен»,- десек, екіншіміз: «Түнде ол үйге көзге көрінбейтін біреу кіріп, шырақ жағып кетеді екен»,- деп, әрқайсымыз үлкендерден естіген-білгендерімізді даурыға айтатынбыз. Абайсызда көршілердің қыт-қыттаған тауықтары ғана кіріп кетпесе, ол үйге кірген не шыққан адам баласын аңдамайсыз, не бұзылғанын көрмейсіз. Жан-жағына жаңа үйлер ірге қалап үлгерген соң ауылдың сәнін кетірген темір үйді трактормен бұзамыз деген талайлар кесапатқа ұшырап, бұл үйдің тегін еместігіне көз жете бастады.


Кейін ес жия келе Пәһуадин әулие жайлы үлкендердің айтқан аңыз секілді әңгімелерін ден қойып тыңдайтын болдық. Ол жас кезінде ұшты-күйлі жоғалып кетіп, жеті жыл жер астында оқыған екен деседі. Кейін ел ішіне оралып, өзінің үйін тұрғызған. Науқас адамдарды қарап, ем-дом жасаумен күн кешіпті.


Иығына дорбасын асынып, дәруіштерше ел кезіп жүреді екен. Кеңестік кезеңнің нағыз күшінде тұрған кезі. Көненің көзіндей қария кісілер болмаса, ол тұста жастар жағы шоқпыт-шоқпыт киінген, дүниенің бар қызығынан безген, заманның дүрбелеңіне ілеспей, ешкімде жоқ әдетпен қара құрым темірден үй соққан осы адамның тосын қылығына осқырына қарайтын. Әркім әртүрлі әңгіме қылғанымен, жанына дерт батқан кісілер осы әулиені жағалайтын. Ол алдына келген адамның тұла-бойына қарап тұрып өткені мен келер күнін айнытпай айтқан, тамырын ұстап науқасын анықтаған, ем жасаған.


Бұл кісі жайлы көбінесе менің әкемнің әпкесі айтып отыратын. Өзімнің әжем әулие кісімен бөле болып туылады екен. Әжем ертеректе дүниеден өткендіктен, ол кісі жайлы әңгімені осы әпкемнің аузынан естігенмін. Әжем бірде Пәһуадиннен:


 - Әй, Пәһуадин, осы жұрт сені әулие дейді. Әулие болсаң айтшы, мен қанша балалы болады екем? – деп сұрайды.


Әулие:


- Сен көп бала туасың, бірақ қолыңа ұстайтының үшеу ғана, - депті.


Расында, әжем көп құрсақ көтерген. Алайда, перзенттері бір жасқа толмай, жер баспай шетіней береді екен. Тек түсінде аян берген үш бала ғана (оның екеуі қыз) аман қалады.


Ол заманда дін жолындағыларға теріс қарағаннан ба, әлде өзінің құпиялары бар ма, әйтеуір, әулие кісі көпке сыры ашылмаған жұмбақ күйінде өткен. Кезінде оған тіл тигізген бір кісі дертке шалдығып, жаны қиналған соң туған-туыстары қолқалап әулиенің есігінің алдына әкелген көрінеді. Пәһуадин баба сыртқа шықпай қойыпты. Тек есігін сәл ашып, қаҺарлана:


- Бара бер! Таусылар демің бұл жолы емес.., - деп бір ауыз сөзбен тәубасына келтіріпті. Кейіннен сол сырқат адам дертінен айығып кетіпті.


Әулие кісі атам мен әжемнің замандасы болған. Менің атама қарап қойып: «Арқасы бар адам» деп айтып отырады екен. Атам көріпкел не тәуіп болмаса да, өмірінің соңына дейін бес уақыт намазын үзбей оқыған, сәждеге бас иіп өткен кісі болған. Атамда жер ортасы жасқа келгенше екі қызынан басқа түтінін жалғастырар ер бала болмапты. Ол айтқан бетінен қайтпайтын, ашуы қатты, адам баласы қарсы келуге қаймығатын кісі болған екен. Сондықтан үлкен қызы бой жеткен кезде айттырып келуге ешкімнің батылы бармапты. Ұлындай ер мінезді етіп тәрбиелеген сол қызы бір күні сөзі жарасқан жігітпен қашып кетеді. Сан соғып қалған атам: «Қызымды тауып әкеліңдер!» деп бұлқан-талқан болып ашуланыпты. Сонда құдай қосып құдағи болған жігіттің анасы атамның алдына келіпті.


- Бір ашуыңызды беріп, сөзіме құлақ салыңыз, құда! Мен таяуда түс көріп едім - түсімде сіз маған алтын жүзік сыйлапсыз, мен болсам қазығыңа қошқар байлап жатыр екенмін. Түсім оңғарылса, сіз кешікпей ұлды боларсыз. Енді мына көңілдері жарасқан балаларыңа батаңызды беріңіз, - депті.


Мына сөзді естігеннен кейін атам райынан қайтып, батасын беріпті. Арада жыл өткенде менің әкем дүниеге келіпті.


Пәһуадин әулиенің отыз жыл бұрын айтқан үшінші баласы осы екен.


                        Құралай Исламқызы.


                        Жаңақазалы қаласы, Қызылорда облысы»


Мақаланың авторы менің журналист қызым Құралай еді. Бұдан он екі жыл бұрын жазылған осы мақаланы жақында қайта оқып шығып, шынында да біз Пәһуадин әулие жайында не білеміз, ол жайлы айтылып жүрген әңгімелердің қайсысы аңыз, қайсысы ақиқат деп ойға шомдым.


Пәһуадин ақсақалды көзіміз көрді. Ол кезде Жаңақазалы қыстағындағы Сакко көшесінде тұратынбыз. Иығына шағын ғана қол дорбасын салып, сәл еңкейе асықпай басып үйдің жанынан жиі өтетін еді. Кейде есік алдында көкеммен не анаммен әңгімелесіп тұрғанын байқайтынмын. Үйге кірмейтін. Азғана сөйлесіп кетіп қалатын. Ол кезде жаспыз. Киім киісі мен жүріс-тұрысы елден ерекше осы кісіге таң қалып кім екенін сұрағанымда анам: «Бұл Пәһуадин деген ағаң болады, бала кезімізден бірге өскенбіз...» дейтін. «Халық осы кісі жайлы әртүрлі әңгіме айтады ғой...» дегенімде: «Жұрт не десе о десін, сен көрген жеріңде сәлеміңді бер, алдын кесіп өтпе! Бұл жеті жыл Самарқан, Бұхара, Орынборда оқып оқудың бәрін тауысқан ғұлама адам...»- деп ескерткені есімде.


Бұл кісі жайлы айтылып жүрген әңгімелердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін қазіргі кезде анықтау өте қиын. Солай да болса көпшілігі шындыққа саятын сияқты. Оның науқастарды емдегені рас (көзіміз көрді), тіпті алдында бір рет болғаным да бар. Дегенмен осы кісіні елден ерекшелендіріп тұратын бұл да емес сияқты.


Ақниет деген мұғалімнен естуім бойынша оның көз байлайтын (гипноз) қасиеті де болыпты. «Бірде ауруым жаныма батқан соң Паһуадинге бардым (дәрігерлерден көмек бола қоймады). Ауласының ішінде жүр екен, амандасып болғасын келген шаруамды айттым. Пәкең алдымен тамырымды үстады, сәлден соң емін айта бастады. Осы кезде ашық қалған қақпаның алдына бір аттылы адам келіп тоқтаған еді. Атынан түспестен және амандық-саулық сұрамастан: - «Әй, Пәһуадин! Менің қара-ала сиырымның үйге келмегеніне бүгін үш күн болды, қайда жүргенін айтып жіберші»- деді. Қолында қамшысы бар, аттың үстінде шіреніп отыр. Пәкең менің қолымды босатып жіберді де (сұқ саусағымен тамырымды басып тұрған болатын), әлгі адамға тесіле қарады. Неге екенін білмедім, осы кезде жаңағы «батырдың» қолындағы қамшысы жерге түсіп кетті. Бұдан кейінгі болған оқиғаны айтсам көп адам сенбейді. Қамшы бір кезде жыланға айналды. Кәдімгі жылан! Ирелең-ирелең етеді. Ысылдай басын көтеріп, әлгі адамға тап-тап береді. Қорыққанынан атынан аударылып қала жаздаған әлгі «батыр» атын тебіне түсіп безе жөнелді. Мен осыны өз көзіммен көрдім, інім» - деп әңгімесін аяқтаған болатын. «Жыланның ақыры не болды?»- деген сұрағыма: - «Жаңағы кісі кеткеннен кейін жерге қарасам, кәдімгі қамшы жатыр екен»- деді. Жоғары білімі бар, мектепте сабақ беріп жүрген ұстаздың сөзіне сенбеуге бола ма?


Гипноздық өнердің кез-келген адамның қолынан келе бермейтіндігі белгілі, ол ерекше қасиетке ие жандарға ғана тән болса керек. Ендеше бұны Пәкең ақсақалдың тағы бір қыры деп есептеуге болады. 


Өзі қатарлы адамдар шатырлы үй салып, тіпті жеке автокөлік мініп, өркениеттің жетістіктерін рахаттана пайдаланып жүрген заманда бұл адамның баспанасын ескі-құсқы темір-терсектен тұрғызуын және жападан-жалғыз өмір сүріп, өте қарапайым күн кешуін қалай түсінуге болады? Қаражаты болмады деп айта алмаймыз, емделген жандардың құр қол келмейтіндігі белгілі еді.  


Ежелгі Римде Диоген деген ғұлама болыпты. Жазған трактаттары оқу орындарында оқылып, заманының белгілі оқымыстысы ретінде аты шыққан адам. Сол Диоген өмірдің бар қызығынан өз еркімен баз кешіп, қарапайым ғана өмір сүрген екен. Тіпті, үйі де болмапты - бөшкеде тұрыпты.


Осы Диоген атақты Александр Македонскиймен замандас болған. Бірде Македонский патша Диогенді сарайына шақырады. «Қолым бос емес, менде шаруаңыз болса, өзіңіз келіңіз»- депті патшаға. Қасына нөкерлерін ерткен Александр Диогенге барады. Бұл кезде Диоген теңіз жағасындағы құмда күнге қыздырынып жатса керек. Патша келді ғой деп орнынан тұра қоймапты. Оның бұл қылығын тәртіпсіздікке балаған нөкерлері қылыштарын жалаңдатып қасына жетіп барады. Сонда Александр: «Тиіспеңдер! Егер мен Александр болмағанда, сөзсіз Диоген болуды қалар  едім»- деген екен.


Пәкең ақсақал жайлы сөз болғанда менің есіме осы Диоген түседі. Екеуінің ұқсастығы бар сияқты. Диогендей атақты болмаса да, Арал мен Қазалы халқына түгел танымал осы емшінің тақуалық өмір кешіп, темір-терсектен құрастырған күркеде тұруы қалай? Өз заманының ілімін біршама меңгерген адамның "кісі киік" болып, елден ерекше жұмбақ өмір сүруі неліктен? Бұл сұрақтарға жауап беру қиын.


Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған ғұлама жерлесіміз Аль-Фарабидің алпыс үш жастан кейін жер астына түсіп өмір сұргенін, әлемде тұңғыш рет еңбекші халықтың мемлекетін құрған В.Лениннің өте қарапайым адам болғанын және осы құдіретті мемлекетте отыз жылдан астам билік жүргізген И.Сталиннің ешқандай жекеменшік дүние-мүлкі болмағанын (қазіргі тілмен айтқанда - жылжитын және жылжымайтын мүліктері) еске алсақ, жұмбақ жандардың жұмбақ өмірлерін түсіну қарапайым пенделер үшін қиынға түсетінін амалсыз мойындауымызға тура келеді.


Бұл әлі толық зерттелмеген феномен.  


                                                                                            2015 жыл


 


       


 


Жеті  әңгіме


1987 жылы Қазалы аудандық ауруханасының терапия бөлімінде емделдім.


Кешкі тамақтан кейін серуенге шығатынбыз. Аулада үш беседка бар: біріне әйелдер жайғасады, екіншісін у-шу болып бала-шаға иемденеді, үшіншісі біздікі, яғни еркектердікі. Аздап серуендеп келгеннен кейін еркектер қауымы дөңгелете қойылған ағаш скамейкаларға жайғасып, маса шыққанша әңгіме айтамыз. 


Көрші палатада "Қызылту" кеңшарында бухгалтер болып жұмыс  істейтін Кенжебай деген кісі жатты. Менен оншақты жас үлкен. Кенжекеңнің бір ерекшелігі - ұлағатты әңгімелерді жақсы айта біледі екен. Ем-дом жайлы, ауа-райы, басқа да түрлі жаңалықтар айтылып болғаннан кейін Кенжекеңе қараймыз. Бұнымыз әңгіме дәметкеніміз. Сәлден кейін ол кісі әңгімесін бастайды. Сол айтқандарынан осы әңгімелер есімде қалыпты.


Бірінші әңгіме.


Лұқпанның оңы мен солын танып ер жеткен кезі болса керек. Өзі жас болса да, ел мен жер аралай жүріп түрлі дәрі шөп жинап, науқас жандарға ем-дом жасайды екен.


Бірде жалғыз келе жатып атқа мінген ақсақалды кісіге кездеседі. Сәлем беру кішіден - Лұқпан сәлем береді. Жөн сұрасу үлкеннен деген, ақсақал сәлемін алып жөн сұрайды. Лұқпан аты-жөнін, бара жатқан бағытын айтады. Ақсақал: "Жолымыз бір екен, жүре бара танысармыз"- дейді. 


Көп ұзамай ауыл көрінеді. Ақсақалды кісі: "Әнебір қазан асылып жатқан үйге түсейік, балам"- деп есігінің алдында от жағылып жатқан үйге қарай ат басын бұрыпты. Құдайы қонақпыз деп кіріп барады. Төрге шығып жайғасып отырады. Біршама уақыт өткеннен кейін қазанға бір ит ауызын батырады да тұра қашады. Итті қарғап-сілеп әйелі, оның соңынан күйеуі жүгіреді. Ит иттігін істеп үлгіргесін, жүгіргеннен не пайда? Ашуланған отағасы әйелін сабайды. Соққы жанды жеріне тиіп, әйелі табан астында жан тапсырады. У-шу болып жатқан жерде береке бола ма, екеуі аттанып кетеді.


Былай шыға ақсақалды адам:


-  Балам, екеуміздің жолымыз енді екіге бөлінеді,- депті.


- Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл деген сөз бар. Есіміңізді айтпадыңыз, мен кіммен жолдас болдым деймін?- дейді Лұқпан.


-  Мен Әзірейілмін!- деген екен сонда әлгі кісі.


-  Кәдімгі жан алатын Әзірейіл ме?


- Ия, соның өзімін. Жаңағы әйелдің бүгін демі таусылған күні еді, мен соның жанын алуға келдім. Иттің қазанға ауыз салуы мен күйеуінің әйелді сабауы сол шығар жанның себебі ғана,- дейді.


- Онда айтыңызшы, менің жанымды қашан аласыз,?- дейді Лұқпан.


 - Үйленгеннен кейін үшінші күні, таң алдында,- депті де Әзірейіл жөніне кетіпті.


Өз қатарларының бәрі үйленеді, балалы-шағалы болып жатады. Лұқпан бойдақ күйі жүре беріпті. Ата-анасы үйлендірейік десе ат-тонын ала қашады. Болмағаннан кейін, әкесі құдалыққа адам жіберетін болады. Амалы таусылған Лұқпан басынан өткен оқиғаны айтады. "Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды" деген, бұл сөз елге жайылып кетеді.


Көрші елде  бой жетіп отырған бір қыз бар екен дейді, бір күні содан хабар келіпті: "Лұқпан құда түсіп келетін болса, мен оған күйеуге шығамын және жанын алып қаламын". Қыздың аузына періште салып отырған шығар деген оймен бұлар барып құда түседі. Ұзамай тойын жасап, некесін қияды.


Үшінші күні таңға жақын үй сыртынан:


-  Хабарлас!- деген дауыс естіліпті.


Шырт ұйқыда жатқан Лұқпан шошып оянады. Дауысты таниды -  баяғы өзіне жолдас болатын Әзірейілдің даусы. Тілдесуге бейімделген Лұқпанға: "Сіз жата беріңіз"- деп, далаға әйелі шығады.


-  Лұқпанға айт, жанын алуға келдім,- дейді Әзірейіл.


- Лұқпан сізбен аз уақыт жолдас болған екен, алдымен жолдастық ақымды берсін деп жатыр,- дейді әйелі.


-  Не сұрайды екен?- депті Әзірейіл.


-  Мың жас сұрайды.


- Бұл тек Алла-Тағаланың ғана қолынан келеді, мен Аллаға жеткізейін,- деп Әзірейіл ғайып болыпты.


Әзірейіл Аллаға барып айтқан көрінеді.


-  Жолдас болғаның рас па?- деп сұрапты Алла.


-  Рас,- депті Әзірейіл.


- Олай болса, жолдастық ақыны өтемеу ауыр күнә - сұраған мың жасын бердім. Бірақ, жақсы достарымен отырған әрбір отырысты бір жылға есептеймін,- деген екен Алла-Тағала.


Лұқпан мың жасапты деген сөз осыдан қалған көрінеді…


Екінші әңгіме.


Шал мен кемпірдің жалғыз ұлы болыпты. Баласы жасынан ауру - екі аяғын баса алмайтын мешел екен. Бірақ ақыл-ойдан және сөйлер сөзден кемдігі болмайды. Күндердің күнінде ата-анасы Хәкім Лұқпан деген емші бар, жазбайтын ауруы жоқ дегенді естиді. Екеуі кезек арқалап, бірнеше күн жол жүріп, баласын Лұқпанға әкеледі.


Лұқпан кітап ашыпты. Ойланып отырып: «Өкінішке орай, баланы емдеу қолымнан келмейді екен»- депті.


Байғұс кемпір мен шал жылап-еңіреп еліне қайтады.


Жолда бір биік төбенің басындағы бейіттің көлеңкесіне аялдапты. Шал су әкелуге, кемпір шөпшек теруге кетеді. Осы кезде моланың іргесінен бір жылан шығыпты. Әлгі жылан өсіп тұрған бір шөптің гүліне уын құсады да, қайтадан ініне кіріп кетеді. Бала бәрін көріп отырады. "Қартайған әке-шешеме масыл болғанша, жыланның уын жеп өлейін"- деп ойлаған бала шөптің гүлін уымен қоса жұтып жіберіпті.


Осыдан кейін қалың ұйқыға кетеді. Кемпір мен шал оралып, шәй дайын болғанда баласын оятады. Баласы ояна сала өзінде бір өзгеріс болғанын байқайды - аяқ-қолына жан бітіп, қозғалуға келіп қалған сияқты. Мұны көрген кемпір мен шал қуанғандарынан естерінен танып қала жаздайды. Бала болған жағдайды айтып береді.


Екеуі баласын Лұқпанға қайтадан алып барыпты.


- Сіз емі жоқ деп едіңіз, бала жазылды,- дейді емшіге. Қалай болғанын да айтып береді.


Сонда Хәкім Лұқпан:


- Кітапта жазылған бір ғана ем бар еді – ол кәмелетке толмаған қыздың қабіріне шыққан мәуенің гүліне құм жыланның жаңа құсқан уын қосып жегізу болатын. Қыздың моласы табылғанмен, оның басына шыққан мәуені табу қиын. Шөп табылғанмен, жыланның жаңа құсқан уын қайдан табамын? Емдеу қолымнан келмейді дегенім осы себептен еді. Алла өзі сәтін келтіріпті. Бәрі Алланың қолында, біз тек соған себепшіміз,- деген екен.


Үшінші әңгіме.


Ертеде халқына қатал Күлмесхан деген хан болыпты. Бір күні ханның назары бас уәзірінің қызына түседі. Уәзірін шақырып алып, қызын алатынын айтады. Ханның отыз әйелі бар екен, маңдайындағы жалғыз қызын отыз әйелдің үстіне бергісі келмесе де, уәзір  амалсыз көнеді.


Түнімен ұйықтай алмай шыққан уәзір ертеңіне сарайда отырып көзі ілініп кетіпті. Оның қалғып отырғанын көрген хан:


- Уа, уәзірім, саған не болды? Түнде ұйықтай алмадың ба?- дейді.


Өтірік айта алмаған уәзір:


- Уайымсыз адам бола ма, түнімен ұйықтай алмағаным рас еді,- депті.


- Уайымсыз адам неге болмасын? Мысалы, менің қайғым жоқ,- дейді хан.


- Сіздің қайғыңыз бәрінен де үлкен, тақсыр. Қазынаның байлығын қайтсем көбейтем деп күндіз уайымдайсыз, тақтан қайткенде айрылып қалмаймын деп түнде уайымдайсыз. Отыз некелі әйеліңіз бола тұра менің қызымды алам деп отырсыз, бұл да сіздің төрт құбылаңыздың түгел еместігінің белгісі. Ақылы бүтін адамның ішінде уайымсызы болмайды,- дейді уәзір.


Уәзірінің мына сөзін көңіліне алған хан:


- Ендеше мен табамын ондай адамды! Табамын да, сенің басыңды аламын!- дейді.


Хан қалаға жар салдырады:


 -  Ешқандай қайғысы жоқ адам болса, ханның алдына келсін!


Бірақ ондай жан табыла қоймапты. Қаладан табылмағасын, бүкіл елден іздестіре бастайды. Елден де табылмайды. Осылай сабылып жатқанда: "Көрші елде Мұңсызхан деген хан бар. Бір қайғысыз  адам болса, сол болады"- деген хабар жетіпті. Өз сөзін қайтсе де дәлелдемек болған хан үлкен керуен дайындатып, саудагер атымен сапарға шығады.


Келген қонақтарды қала қақпасының алдынан екі көркем жігіт күтіп алады. Бұлар ханның балалары екен. Алыс жолдан келген құрметті қонақты әкеміз дидарласуға шақырады деп сарайға алып барады. Мұңсызханмен танысады. Қалада бір айдай болып, осы уақыттың ішінде ханның бір рет те қабақ шытқанын көрмейді, ренжігенін байқамайды. Осыған кейін менің уәзірім қателескен екен, өмірде уайым-қайғы дегеннің не екенін білмейтін адам болады екен деген тұжырымға келеді.


Осы оймен еліне қайтуға жиналады. Қайтарда Мұңсызханға барады. Өзінің бір елдің ханы екенін, уәзір екеуінің арасында болған әңгімені, соның себебімен осы елге келгенін, естіген сөзінің расқа айналғанын, енді елге барып уәзірдің басын алатынын айтады.


Қонағының сөзін тыңдап болған Мұңсызхан: «Мен сізге өзімнің сарайымды көрсетейін» - дейді.


Екеуі сарайдың ішін аралауға шығады. Аралап жүріп, есігінің алдында қарулы күзет тұрған бөлмеге кіреді. Төрдегі тахтада шіреніп бір қара құл жатыр екен, керемет сұлу әйел оның аяғын уқалап отыр. Төменде ойнап отырған бес-алты жастағы бала ханды көріп "көкелеп" алдынан шығады. Құл да, әйел де хан келді-ау деп ізет көрсетпейді. Баланы басынан сипаған хан үнсіз шығып кетеді. Оған ілесе аң-таң болған Күлмесхан да шығады.


Қайта келіп дастарханға жайғасқан соң Мұңсызхан:


-  Сіз таң қалған және сізге оғаш көрінген жағдай болды ма?- дейді.


- Әрине, болды. Менің таң қалғаным - ана қара құл мен сұлу әйелдің сізді көргенде ізет жасамауы және баланың сізге «әке» деуі. Осыған түсіне алмай отырмын?


- Бұл адам баласына айтылмайтын құпия еді,- дейді хан,- бірақ мен сіздің не мақсатпен келгеніңізді білгеннен кейін және жазықсыз уәзірдің қанын мойныма жүктемес үшін айтпасқа амалым қалмай отыр. Енді тыңдаңыз,- деп әңгімесін бастапты.


- Мен патшаның баласы едім. Әкем мені жас кезімде осы елдің патшасының қызына атастырды. Он бес жасқа толғанымда қалыңдығымды көрсетті. Бір көргеннен ғашық болдым. Қыз да мені ұнатты. Екеуміз бір-бірімізді көрмесек тұра алмайтын болдық. Бір жылдан кейін үйленетін болып келісіп, елге қайттық. Көп ұзамай аңда жүргенде әкем қайтыс болды. Әкемнің менен басқа баласы жоқ еді, мен кәмелет жасқа толғанша тақта бас уәзір отырды. Әкемнің бар кезінде ығында жүрген уәзір, оның көзі тайғасын, менен құтылудың амалына кірісті. Сарайдағы бір жанашырдың көмегімен елден қашып шықтық. Менің болашақ қайын атама, осы елге келдік. Пана сұрап келген бізді атам жылы қабылдай қоймады. "Мына күйеу балаңызды қамқорыңызға алыңыз"- деген шешеме: "Егер қызымда ойларың болса, қалыңмалына қырық қалта гауһар тас бересің"- деді. Ондай байлық бізде жоқ болатын.


Жолын тауып қызға жолықтым. Қыз мені әлі де жақсы көреді екен, әкесінің сұраған гауһарын өзі тауып беретін болды. Арада көп уақыт өтпей қызметші әйелі арқылы хабар айтты: "Таң алдында менің тереземнің тұсына келетін бол. Күн сайын бір қалта гауһар тастаймын. Соны жинап, әкеме апарып бересін". Күнде таң алдында қыздың терезесінің алдына барамын. Осылай, отыз тоғыз күн барып, отыз тоғыз қалта гауһар жинадым.


Қырқыншы күні терезесінің алдында отырып қалғып кетіппін. Күзетшілерден қауіптеніп қанжарымды қолыма алып отыратынмын. Қырсыққанда гауһар салған қалта қолымның үстіне түсіп, ұстап отырған қанжарым еркектік мүшемді кесті де кетті. Сәлден соң есімді жидым, сүйретіліп үйіме әзер жеттім. Бір емші кісі үш ай дегенде жазып шығарды.


Тәуір болғасын қырық қалта гауһарды алып атама бардым. Гауһарды көрген атам басқа амал таба алмады, қызына қосуға келісімін берді. Бірақ көп ұзамай атам да қайтыс болды. Таққа қызы отырды. Таққа отырғаннан кейін мешітке барып некемізді қидық.


Арада бір апта өткенде әйелім сұрақ қойды: "Мені ұнатпайтын болсаң, шыныңды айт. Ондай жағдайда саған қалаған қызыңды алып берейін, содан кейін бұл елден кететін боласың!"


Түрлі сылтау айтқаныммен құтыла алмасымды білдім. Шынымды айтуыма тура келді. Менің жылап отырып айтқан сөзіме әйелім алғашқыда сенбеді. Денемдегі жараның орнын көргеннен кейін ғана шындыққа көзі жетті. Үш күннен соң ол маған былай деді: "Сен менің некелі күйеуімсің, бірақ еркек емессің. Некемізді бұзбау үшін саған қоятын мынандай екі шартым бар: біріншісі, бұдан былай елге сен патша боласың, бірақ бәрін менің айтуым бойынша істейсің. Екіншісі, мен мына есік күзетіп тұрған құлдың біреуін өзіме ашына етемін, мұны екеумізден басқа тірі жан білуге тиісті емес. Егер осы шарттарға көнер болсаң, қазір сарай адамдарын шақырып алып, сенің патша болғаныңды жариялаймын".


Көнбеске амалым қайсы? Барлық шартын орындайтынымды айтып уәдемді бердім. Жаңағы қара құлдың аяғын уқалап отырған сұлу менің некелі әйелім. Жанындағы бала мен қала қақпасы алдынан сізді күтіп алатын екі жігіт те сол құлдан туған. Мен осының бәрін ешкімге білдірмей келдім. Сездірмеу үшін риза адамның кейпінде жүремін. Менің уәдемді бұзып, сырымды айтуыма сенің уәзіріңнің кінәсіз төгілер қаны себеп болып отыр. Егер мені қайғысыз адам дейтін болсаңыз, өзіңіз біліңіз,- деп сөзін аяқтапты. 


Мына әңгімені естіген Күлмесхан: "Егер Мұңсызханның басында осындай қайғы болса, онда менің төрт құбыласы түгел адам іздеуім ақымақтық екен"- деп еліне қайтыпты. Келгесін халқын жинап, билікті  уәзіріне беріпті. Өзі алыс елдер мен жерлерді көру үшін сапарларға шығуды әдетке айналдырған екен дейді.


Төртінші әңгіме.


Бір бай адам дүниеден өтерінде бар байлығын екі баласына тең бөліп беріпті. Екі ұлы да тиесілі үлестерін алып, тірлікке кіріседі. Үлкен баласы дәулетті адам болып шығады. Кішісі берекесіздеу болса керек, бар байлығын аз күнде тауысып, тақыр кедейге айналады. Осыдан кейін жылап-еңіреп ағасына барыпты. Бауырына жаны ашыған ағасы қолына пұл береді. Бірақ бұл да ұзаққа бармайды, қалай болса солай жұмсап, жоқ қылады. Екінші келгенінде алдына мал салып береді. Мал да құтаймайды.


Ағасы не істерін білмей дағдарады. Бұлай берген дүниенің дәулет болмайтынын байқап, басқа ой ойлайды. Інісін ауыл маңындағы биік төбенің басына алып шығыпты. Келе жатып ат тұяғындай алтынды білдірмей жол үстіне тастап кетеді.


-  Сен байлықты менен сұрама, Алладан сұра. Қазір келген ізіңмен кейін қайт. Жолыңда кездескен затты тастама, Алланың бергені деп қабылда. Шашпай-төкпей пайдалан, сауда жаса... Мүмкін, сонда мұратыңа жетерсің,- дейді.


Інісі келген ізімен кейін қайтады. Оның соңынан келе жатқан ағасы жерден өзі қалдырған алтынды көреді. Алтынды қолына алып, бауырын қуып жетеді.


- Жолда не көрдің?


- Ештеңе...


- Мына алтынды мен жолдан тауып алдым, сен қалай көрмей өттің?- деп таң қалады. 


 - Келе жатқанда басыма «соқырлар қалай жүреді екен» деген ой келіп, көзімді жұмып жүріп едім... Сол кезде көрмей өткен шығармын,- деген екен інісі.


Алла бұйыртпайын десе, осылай болады екен!


Бесінші әңгіме.


Жүсіп пайғамбар періштелер арқылы Алламен тілдесіп, үш сұрақ қойыпты дейді.


 -  Пендені жараттыңыз, не себептен ауру бердіңіз?


 - Егер ауру бермесем пендем менің бар-жоғымды сезінбес еді...


 -  Не себептен өлім бердіңіз?


 -  Егер өлім бермесем пендем менен қорықпас еді...


 -  Не себептен пейішті және тозақты жараттыңыз?


 - Егер мен пейіш пен тозақты жаратпасам, пендем менен үміттенбес еді,- депті Алла.                             


Алтыншы әңгіме.


Ораза айында Қыдыр мен Бақ ел аралайды екен. Осы кезеңде екеуінің көзіне түскен адам бай болып, барша мұратына жететін көрінеді.


Бір жігіт Бақ пен Қыдырды өзіне қаратқысы келіпті. Үйдей тасты көтеріп алып өзеннен ары өтеді, бері өтеді... Қаншама тер төксе де екеуінің көзіне түсе қоймапты. Келесі жылы оны Қыдыр көреді. Жігіт сонда да байымапты, себебі Бақ қарамай өткен екен. 


Үшінші жылы Қыдыр Баққа айтыпты:


- Осы жігіттің тас көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болды, көзіңнің қиығын салып бір қарашы.


Бақтың қалың қасы екі көзін жауып тұрады екен, кім көрінгенге түсе бермейтіні осыдан болса керек. Қыдыр айтқаннан кейін қасын екі қолымен жоғары көтеріп көз салады.


Жігіттің әкесі мал ұрлауды кәсіп етеді екен. Тап сол кезде бір үйір жылқыны айдап әкеліп қамап жатқан жерінен бір жабағы тұра қашыпты. Мұны көріп тұрған баласы қолындағы тасты лақтыра сала әлгі жабағыны қуып кетеді. Осы мезетте Бақ пен Қыдырдың көзі өзен жағасында тезек теріп жүрген бір кедейдің қызына түсіпті дейді. Қыздың әкесі өзінің адал еңбегімен күнін көріп жүрген қарапайым қайықшы екен. Кейін осы қыз бүкіл бір рулы елді аузына қаратқан ардақты бәйбіше болыпты.


Жігіт әлі тас көтеріп жүрген көрінеді...


Жетінші әңгіме.


Бір қарақшы болыпты. Санап отырса... өлтірген адамының саны   жүзге жеткен екен. Жасы да ұлғайып қалса керек, о дүниеге баратыны есіне түсіпті. Тәубасына келіп, молдаға барады. Басынан өткендерін айтып бере отырып: "Осы күнәларымды Алла кешіре ме?"- дейді. Молда Алланың мейірім-шапағатының мол екенін, егер таза жолға түссе, әлде де кешіруінің мүмкін екенін айтады. Қарақшы: "Сонда не істеуім керек?"- депті. Молда: "Алдымен намазға жығыл. Содан кейін адамдардан неғүрлым көп бата ал - солғұрлым күнәң азая бермек"- деп жауап беріпті.


Қарақшы намазға жығылады. Намаз оқи жүріп жүргінші көп жүретін қара жолдың бойына бақша егіпті. Бақшасы піскен кезде барлық өнімін жол бойынан өтіп жатқан жолаушыларға таратып береді. Шөлдеген жолаушылар сусындарын қандырып, баталарын беріп, аттанып жатады. Күндер өте береді. Бақша көтерілуге жақындайды.


Бір күні жолдың бойынан адам өтпей қойыпты. Бүгін батасыз қалатын болдым-ау деп отырғанда, алыстан бір аттылы адам көзге шалынады. Бірақ ол бұған назар салмастан өте шығыпты. "Ей, жолаушы, мына қауын мен қарбыздан ауыз тие кетіңіз"- дейді қарақшы. Әлгі адам тоқтамайды. Қарақшы жолаушыны қуып жетеді. "Жолдың бойынан өтетін адамдар үшін бақша егіп едім. Ауыз тие кетіңіз, ақы сұрамаймын"- десе де тоқтамапты. Болмағасын қойнына екі қауынды тықпалаған екен, әлгі адам: «Түсінбейтін не деген ақымақ едің, мен сенен қауын сұрадым ба?"- депті. Бұған шыдай алмаған қарақшы әлгіні басынан салып жібереді. Жолаушы сол сәтте тіл қатпастан өліп кетіпті.


Молдаға барып болған жағдайды айтады.


- Мен саған таза жолға түс, елден бата ал дедім. Сен тағы адам өлтірдің. Саған берілер жаза да, мейірім-шапағат та бір Алланың қолында. Бірақ, кешіремін десе, Алланың мейірімі әлі де жетеді,- дейді молда.


Қарақшы ойлана келе: "Мен не де болса пайғамбардың жатқан жеріне барайын!"- деп шешіпті. Осы оймен Мекке-Мәдинаға жаяу аттанады. Жолда келе жатып татар дәмі таусылады, бетін құбылаға қаратқан күйі қаза тауыпты.


Алла-Тағала періштелерден сұрапты дейді:


- Бұл пендемнің күнәсі қанша болды, сауабы қанша болды?


 Оң иығындағы періште сауабын, сол иығындағы періште күнәсін айтыпты. Таразыға тартқанда тең шыққан екен. Осы кезде оң иығындағы періште соңғы өлтірген адамын күнәға емес, сауапқа жатқызуға болатынын айтады. Себебі, оның өзі адам өлтіруге бара жатқан екен.


Алла-Тағала:


- Енді жолын өлшеңдер. Алды көп пе екен, арты көп пе екен?- депті.


Сол иығындағы періште табанынан бастап өлшеп, алды мен артын бірдей етіп шығарыпты. Оң иығындағы періште кеудесінің тұсынан өлшеп, мәйіттің жол ортасынан Меккеге екі қадам болса да жақын жатқанын айтады.


Сонда Алла-Тағала:


- Иман кеудеде болады, бұл пендемнің пейілі маған қарай шын бұрылған екен. Барлық күнәларын кешірдім, - депті.


Бұдан алатын ғибрат - хақтың таза жолына түсудің еш уақытта кеш емес екендігі болса керек...


...Ауруханаға біреулер келіп түсіп жатады, енді біреулері шығып жатады. Кенжекең де жазылып шықты. Хош айтыстық. Өкінішке орай, бұдан кейін кездестіре алмадым.                                                


            


             2015 жыл


 Самарқан сапары


2016 жылдың шілде айында Кемал[10] қоңырау шалды.


«Ата-анамның аманшылығын білуге ауылға келген едім, енді Самарқан қаласына барып қайту ойымда бар,- дейді,- Ескі шаһар ғой,  тарихи жерлерін көру көптен ойымда жүрген еді. Бірге барып қайтуға қалай қарайсыз?»- деп ұсыныс жасады. Бірден не айта қояйын, ойланып көрейін дегенмін. Шынымды айтсам, егер бір төтенше жағдай болып қалмаса, табан астынан жолға шығу менің әдетімде жоқ нәрсе. Оның үстіне, Самарқанға бару дегеніңіз біршама қаражатты қажет ететіні белгілі еді. 


Ертеңіне тағы қоңырау шалынды. «Ойланып үлгергенім жоқ...» деген әзіліме: «Исеке, біреуден екеу жақсы дегенім ғой, бірге барып қайтайық»- деді шешімді түрде. Осы сөзінен Самарқанға баруға шын бекінгенін және қасында менің болғанымды қалайтынын аңғару қиын емес еді.


- Шымкентке ертең кешке барып түсемін. Ташкент арқылы барғанымыз дұрыс болар...- деді трубканы орнына қойып жатып.


Уәделі күні келіп жетті. Үйде қонақ болды. Ертеңіне Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы кеден бекетіне қарай (бұрынғы Черняевка селосы) жолға шықтық. Екі сағатта бекетке келдік. Адам көп екен. Қазақстан жағынан көп кедергі болған жоқ, Өзбекстан кеденінде екі сағаттай кезекте тұруымызға тура келді. Күн ыстық. Синоптиктер бүгін 43º ыстық болатынын хабарлаған еді, бөлменің ішін салқындатуға кондиционердің шамасы келетін емес.


Сағат 12-ден өте шекараның арғы бетіне өттік, әйтеуір. Жергілікті уақыт сағат 11-ді көрсетіп тұр (Шымкенттен бір сағат айырмасы бар екен). Самарқанға қалай жетеміз деген сұрағымызға таксист өзбек: «Қалада Самарқан пятак аталатын жер бар, содан такси және автобустар қатынайды»- деді. «Онда, бізді сонда апарыңыз»- дедік.


«Самарқан пятак» кеден бекетінен 50 шақырым жерде болып шықты. Ташкентте күн күйіп тұр, нағыз аптап ыстықтың өзі. Бүгін көлеңкеде +45º екен. Сол маңнан түскі асымызды ішіп алып, жергілікті уақытпен сағат екіде Самарқан бағытына қарай жолға шықтық.


Самарқан қаласына жету үшін Өзбекстанның төрт облысының жерінен өтуіміз керек екен. Біріншісі Ташкент облысы. Одан кейін Сырдария, Жизақ және Самарқан облыстары. Таксист жігіт Ташкент-Самарқан автомобиль жолының ұзындығы 350 шақырымды құрайтынын айтты. (Кейін білдік, таксист асырып айтқан екен, спидометр бойынша 300 шақырымды көрсетті).


Бір сағаттай жүргеннен кейін Сырдария облысының шекарасына кірдік. Орталығы Гүлстан қаласы. Бір таң қаларлығы – Ташкенттен шыққалы жолдың екі жағы егіс алқабына толы. Бос жатқан алақандай жер көрінбейді: түрлі жеміс ағаштары мен жүзімдіктер, басқа да көкөністерге малынып тұр. Суды қайдан алады деген сұрағымызға жүргізушіміз: «Сырдариядан алады»- деп жауап қайтарды.    


- Сырдария алыс па?


- Онша алыс емес, жақын қалды.


- Жақындағанда ескертерсіз,- дедім.


Бұлай айтып отырған себебім - жолға видеокамера ала шыққанмын,  дарияның Өзбекстандағы бөлігін суретке түсіріп алғым келді.


Жолдың екі жағын камераға түсіріп келе жатырмыз. Бір кезде таксист дарияның жақын қалғанын ескертті. Көпір көрінгеннен кейін мен камераға түсіре бастаған едім, таксист өзбек:


- Кеденнен өтерде тексереді. Егер күдікті деп тапса, проблема туындауы мүмкін,- деп ескерту жасады.


- Өзенді түсіруге болмай ма, сонда? 


- Анығын білмеймін, солай деп естігенім бар... Мен сіздер үшін айтып отырмын, өздеріңіз білесіздер,- деді.


Бұдан кейін түсіруге зауқым соқпай қалды. Өзіміздің Сұлу Сырдың жоғарғы бөлігін түсіріп алуға қаншама қызықсам да, қазақтың «ай жүрсең де аман жүр» деген мақалы есіме түсіп, амалсыздан тоқтата қойдым.


Анда-санда жолдың екі жағынан жеміс-жидек, қауын-қарбыз сатып отырған әйелдер мен бала-шаға көрінеді. Осылардың біреуінің қасына келіп тоқтадық. Кемал машинадан түсіп, қауын саудалауға кірісті. Мен кабинада камераға түсіріп отырмын. Ұзақ саудаласудан кейін бір қауын сатып алды. Таксист те өзіне біреуін алған еді, соны жүксалғышына салып жатып: «Сырдарияның қоуыни бик шәрбат булади...»- деп мақтап қойды.


Кемалға:


- Көп саудаластың ғой, өзекеңдерді ұта алдың ба?- деп әзілдеп жатырмын.


- Бұларды саудадан ұту қиын ғой, дегенмен сұрағанын бере салуға да болмайды. Қазақ ештеңе білмейді екен деп ойламасын,- деп ол да күліп жатыр.


Дарияның келесі беті Жизақ облысына қарайды екен. Орталығы Жизақ қаласы. Енді жер бедері өзгерді. Тегіс жерлер азайып,  оның орнын ойлы-қырлы қыраттар басты. Жизақ қаласынан шыға бере (қаланың шетімен өтіп кеттік) алдымыздан биік жоталар кездесе бастады. Жол біресе ылдиға түседі, біресе жоғары қарай - белеске өрлеп келеді. Жолдың көп бөлігі бетоннан төселген. Бұл автомобиль жолы сонау Кеңес үкіметі кезінде салынған екен, бетон болғандықтан жағдайы жақсы.


Бір кезде сол жағымыздан тау көрінді. Кемал екеуміз бұны қай тауға жатқызарымызды білмей келе жатқанбыз. Біздің сөзімізге түсінген болу керек, жүргізушіміз бұл таудың арғы жағында тәжіктер тұратынын айтты.


- Онда бұл Памир тауының сілемі болды ғой?


- Памир емес, Зеравшан тауы. Алдымызда Самарқанның қасынан өтетін Зеравшан деген дария бар. Бұл тау Нұратауға барып жалғасады,- деп батысқа қарай қолын сілтеді.


Нұратау туралы да, Нұрата туралы да естуіміз бар, әрине. Нұратада қазақтың белгілі үш биінің бірі төртқара Әйтеке бидің денесі жатыр. 2009 жылы Қазақстаннан арнайы барған делегация басына мазар орнатып, ас беріп қайтқан болатын. 


Осы кезде есіме Әйтеке бидің бабасы Жалаңтөс батыр түсті. Самарқанды ширек ғасыр бойы билеген төртқара Жалаңтөс қай жерге жерленген екен?


- Кемал, білесің бе, Жалаңтөс батырдың сүйегі қайда?


- Осы Самарқанда болу керек.


- Осы жақта екенінен менің де хабарым бар, бірақ нақты қай жерінде екен?


- Мына өзбектен сұрап көрелік...


Біздің: «Жалатөс батыр жайлы не білесіз, ол қайда жерленген?»- деген сұрағымызға:


- А-а, Ялантуш баһадур ма? Ол катта баһадур, катта һаким болған адам. Оның денесі шаһардың сыртында, бірақ  шаһарға жақын,- деді таксист.


  Осы кезде оның Жалаңтөс жөніндегі пікірін білгіміз келді. (Қазақша түсінбеген кезде орысша сөйлесіп келеміз, ол орыс тілін біршама біледі екен).


- Жалаңтөс батырдың ұлтын білесіз бе? Қай ұлттан?


Ол иығын қиқаң еткізді. Сосын:


- Ялантуш - мұсылман. Мұсылман болғасын, бәрі бір емес пе?- деді.


- Неге бәрі бір болады? Мысалы, сіздің ұлтыңыз өзбек, біздікі қазақ деген сияқты...


- Ол заманда қозақ-узбек иок булган, Һаммаси битта булган.


Таксистің Жалаңтөс батырдың қазақ екенін мойындағысы келмейтіні белгілі болды. Енді басқа тақырыпқа ауыстық.


- Әмір Темірдің денесі қай жерде?


- Сіздер мұнда қандай мақсатпен келе жатырсыздар?- деп жүргізушіміз қарсы сұрақ қойды.


- Біз қонақпыз. Самарқанды көруге келе жатырмыз.


- Э-э-э,- деп сенбегендей сыңай танытты таксист,- мүмкін емес...


- Қалайша мүмкін емес? Самарқанды көруге, оның тарихи жерлерін аралауға әдейі келе жатқанбыз...


- Е-е-е,- деді күліп,- одан да сухофрукты алуға келе жатқан едік деп шындарыңды айтсаңыздаршы.


Енді біздің күлуімізге тура келді. Шек-сілеміз қатып, рахаттана күліп алдық.


- Неге олай ойлайсыз? Самарқанға туристер аз келмейді ғой, біз де солардың біріміз,- дедік.


Біздің күлгенімізге ренжіп қалды ма, әлде басқа себебі болды ма, жүргізушіміз көпке дейін үн қатқан жоқ.


Әңгімелесе отырып Самарқан қаласына да келіп қалыппыз. Жол жиегінен кішкене өзен көрінді. Бұл Зеравшан екен. Таксистің «дария» дегенінен әжептәуір үлкен өзен болар деп ойлағанбыз. Олай емес, суы шап-шағын, жылға болып ағып жатыр. Бірақ  аңғары кең.


Қалаға кірдік. Бұл кезде жергілікті уақыт кешкі сағат 6-ны көрсетіп тұрған еді. Таксист «Камила» аталатын қонақүйдің алдына келіп тоқтады. Жүргізушімен есеп айырысып, рахметімізді айтып, қонақүйге қарай бет алдық.


Қонақүйдің бірінші қабатындағы екі адамдық люкс бөлмесіне орналастық. Кондиционер жұмыс істеп тұр. Бөлменің іші сап-салқын. Жолдан шаршаған екенбіз, душқа түсіп, жуынып-шайынып алғаннан кейін, бір сағаттай тынығып алдық. Әуелде қаланы аралауға ертең шығармыз, бүгін демалайық деп жоспарлағанбыз. Салқын душқа түскесін бойымыз жеңілденіп, әжептәуір сергиін дедік. Осыдан кейін түнгі Самарқанды көруге көшеге шықтық.


Уақыт кешкі 8-дің шамасы. Көшеде адам көп емес. Атақты Регистан[11] біз түскен қонақүйден алыс емес екен (қонақүй кезекшісі жаяу баруға болатынын айтты). Жарты сағаттан соң аяңдап отырып Регистанға жеттік. 


Регистан алаңында көмкере орналасқан үш ғимарат тұр. Біріншісі әмір Темірдің немересі Ұлықбек салдырған медресе. Бұл құрылыс XIV-ғасырда салынған көрінеді. Көршілес екі ғимаратты Самарқанда әмір болып тұрған шағында Жалаңтөс батыр салдырған екен. Бұлар «Ширдор» (1619-1636 жж.) және «Тіллә-қари» (1647-1660 жж.) медреселері. Гидтің айтуы бойынша Ширдор «арыстан» дегенді, ал Тіллә-қари – «алтынмен қапталған» деген ұғымды білдіретін көрінеді. Үш ғимараттың да ішін аралап көрдік. Бөлмелердің қабырғалары мен төбесіндегі оюлары, ғимараттардың сыртқы бетіндегі нақыштары шығыс сәулет өнерінің үлгісін паш еткендей, керемет әсер қалдырады.


Үш ғимараттың да алдында құрылысты кімнің салдырғаны және қай жылы басталып, қай жылы аяқталғаны жөніндегі кесте (паспорт) бар. Онда, жоғарыда айтылғандай, Регистан комплексін Ұлықбек пен Жалаңтөс батырдың салдырғандары жазылған.


Сөздің реті келгенде гидтен: «Жалаңтөс батырдың ұлты кім болады?»- деп сұраған едім. Ол кідірместен: «Бул қозақ баһадури, ю»- деп жауап қайтарды. Біз бұған әжептәуір қуанып қалдық. Осындай көтеріңкі көңіл күймен таксиге отырып, темір жол вокзалына бардық. Ертең сағат 11-де Ташкент бағытына жүретін электричка бар екен, үш сағатта жеткізетін көрінеді. Билетімізді алып, көңіліміз орнына түскен соң, ауқаттанатын жер іздедік. Таксист тәжік: «Мен сіздерді катта кәуап дайындайтын жерге алып барайын»- деді. Ұзамай-ақ бір кәуапханаға алып келді. Бұл кезде салқын түскен болатын. Ашық шәйханада адам көп. Осыған қарағанда, күннің ыстығынан болу керек, самарқандықтар көшеге түнде шығады ма деп ойлап қалдым. Кәуапқа тойғаннан кейін, шөл басу үшін, бірнеше саптыаяқ сыра сіміріп алып (мына ыстықта одан артық шөл басатын сусын бола ма), қонақүйге келіп ұйықтауға кірістік.


Бірден ұйқы келе қоймады. Әрнәрсені сөз етіп жатырмыз. Бір кезде әңгіме баяғы студенттік кезеңге қарай ауысты.


- Екеуміздің милицияға түскеніміз есіңде ме?- деді кенет Кемал.


- Есімде...


- Есіңде болса, сол жолы милицияның төбелескенімізді институтқа хабарламай, бізді ың-шыңсыз босатып жібергені қалай? Соған осы күнге дейін таңым бар! 


- Оған таңданатын ештеңесі жоқ, босататын себебі бар болатын.


- Қандай!?


...Біз сол күні ойда-жоқта кездесіп қалған едік.


Келесі емтиханға дайындалуға Абай даңғылының бойындағы үлкен кітапханаға кіргенмін. Оқу залында Кемал отыр екен. Көптен бері кездеспеген едік, екеуміз шұрқырасып амандасып қалдық.


Кемал халық шаруашылығы институтының бірінші курсында оқиды, мен зоотехникалық-малдәрігерлік институттың үшінші курсындамын. Тапсырыс берген кітабымды қолыма алғаннан кейін бір сағаттай отырып дайындалдым. Бір кезде кітабымды тапсырып далаға шықсам, Кемал күтіп тұр екен. Екеуміз есік алдында оны-мұны әңгіме етіп біраз уақыт тұрдық. «Ал, жақсы...»- деп тарап кетуге бір нәрсе бөгет болып тұрғандай ма, қалай?


Осыны байқады ма, Кемал: 


- Исеке, көптен бері кездеспеген едік, бір жерге барып әңгімелесіп, уақыт өткізсек қалай болады?- деді.


- Қайда барамыз?


- Паркке барайық. Ертең демалыс қой...


- Жақсы, кеттік!


Автобусқа отырып, Горький атындағы Орталық саябаққа қарай бет алдық.


Біз барған кезде парктің ішіндегі би алаңынан музыка даусы шығып жатқан еді. Бас-басымызға екі шашлыктан алып, оны екі кружка сырамен жөнелткеннен кейін, біз де солай қарай бет алдық. Алаң самаладай жарқырап тұр. Бидің қызған кезі. Қыз-жігіттер музыка әуенімен бидің неше түрін көрсетуде. Аңысын аңдап сәл тұрдық. Сосын оңашалау тұрған екі орыс қызына жақындап, биге шақырдық. Олар қарсы болмады, көппен араласып билеп кеттік.


Би аяқталғаннан кейін қасымызға үш орыс жігіті жақындады.


Ұзындау біреуі әй-шәй жоқ:


- Ребята, убирайтесь по-хорошему! - демесі бар емес пе?


Мен: «Кететін адамды тапқан екенсің!»- дедім де, қыздардан:


- Вы знакомы?- деп сұрадым.


Қыздар иығын қиқаң еткізді. Бұдан олардың таныс еместігін аңғарып қалдық. Жігіттердің бІзге тиіскісі келіп тұрғаны белгілі еді. Осы кезде музыка ойналды. Мен қыздардың бірін биге шақырдым. Кемал екінші қыздың қасындағы қалған болатын.


Билеп жүрген кезімізде алаңның бір бүйірінен айқай-шу шықты. Алғашқыда назар аудара қоймағанмын. Бір кезде Кемалдың шақырған даусы естілгендей болды. Қызды тастай сала, есікке қарай ұмтылдым. Алаңның сыртында, алакөлеңкелеу тұста, төбелес болып жатыр екен. Әлгі үш жігіт Кемалды ортаға алып соққылап жүр.


- Жігіттер, ұят қайда? Үшеуің бір адамға..,- деген менің сөзімді тыңдайтын емес. Біреуі маған қарай тұра ұмтылды. Едірейіп келеді. Қолын сілтей бергенде... қапсыра құшақтай алдым. Сол құшақтасқан күйі жерге құладық. Менен әлдеқайда денелі және бойшаң екен. Босап шықса, оңдырмайтын түрі бар. Құшақтап алып, ұруға мүмкіндік бермедім. Аударысып жатып Кемалды іздеймін. Оны екі жігіт қалың ағаштың арасына қарай бейімдеп барады екен.


Мен жанұшыра:


- Милиция!!!- деп айқай салдым.


Алдында алаң маңында милицияның түрғанын көргенмін. Менің айқайымды естіді ме, әлде өздері келді ме, осы кезде милицияның ысқырығы естілді.    


...Милиция бөлімшесінде отырмыз. Иығында аға лейтенанттың пагоны бар жас қазақ жігіті жауап ала бастады. Жауап беруші үш адамбыз. Кемал екеуміз және менің «тұтқыным» - ұзын сары орыс жігіті. Оны милиционер келгенше жібермеген болатынмын. Міне, енді ол да бізбен бірге жауап беруде. Достары қашып кеткен. Бет-аузы бүлк етпестен: «Бұл екеуі маған жабылды, төбелесті осылар бастады»- деп зәбірленуші есебінде түсінік беріп отыр.  


Аға лейтенант бәрімізден түсінік алып болған соң:


- Қоғамдық орында тәртіпсіздік жасағандарың үшін заңға сәйкес жауапқа тартыласыңдар. Сенің жұмыс орныңа (орыс жігітіне қарады- И.А.), ал сен екеуіңнің институттарыңа хабарлаймыз,- деді.


Менің: «Бұлар бірінші тиісті ғой, топ болып жабылды. Біз қорғандық...»- дегеніме, әлгі лейтенант: «Оны сот анықтайды»- деп жауабын қысқа қайырды.


Егер институтқа хабарласа, екеумізге де оңай соқпайтын  еді.


- Біздің кете беруімізге бола ма?


- Болады. Бірақ шақыру қағазын алған кезде міндетті түрде келулерің керек. Егер келмесеңдер, милиция жіберіп алдырамыз,- деп ескертті жас лейтенант.


- Мақұл!


Далаға шықтық. Бұл кезде көлік атаулының бәрі тоқтап қалған еді. Таксиге ақшамыз жетпейді, жаяу қайтудан басқа амалымыз жоқ. Бірақ, менің қайтқым келмей тұр. Аға лейтенантпен оңаша сөйлескім келеді, қалайда тіл табыссам деймін.


Қайтадан ішке кірдім. Кабинетінің есігін қақтым. «Да...»- деген дауыс естілді. Қайта кірген маған милиционер қабағын түйе, жақтырмай қарады.


- Не керек?


- Бір ауыз сөзім бар...


Ол үн-түнсіз алдындағы қағаздарын аударыстыра бастады. Мен сөйлеспей қоя ма деп қауіптеніп тұрған едім.


- Айта бер,- деді бір кезде.


- Институтқа хабарланса, екеумізді де оқудан шығарып жіберуі мүмкін. Қазақтың екі баласын институттан шығарғаныңыз үшін сіздің шеніңіз көтерілмейтін шығар... Біздің тағдырымыз қазір сіздің қолыңызда, жәрдем беріңіз,- дедім.


- Қолымнан келмейді...


 Бірақ бұрынғыдай емес, жұмсарайын деген сияқты.


- Бұл жерде сізден шені жоғары адам жоқ. Біз де қарап қалмаспыз. Бір аптадан кейін стипендия береді, сол кезде хабарласамын. Егер хабарласпай кетсем, барлық құжат өзіңіздің қолыңызда, не істеймін десеңіз де еркіңіз білсін...


Аға лейтенант жауап қатқан жоқ, мен бұны келіскені деп ұқтым. «Рахмет!»- дедім де, шығып кеттім.


Түн ортасында жаяулап-жалпылап жатақханаларымызға жеткен едік...


Милиция лейтенантымен болған бұл әңгімені Кемалға айтпаған болатынмын. Не болары әлі белгісіз еді. Егер сәтті аяқталып жатса, кейін айтармын деп ойлағанмын.


Бұл оқиға шынында да сәтімен аяқталды.


Арада бір аптадай уақыт өткенде жатақхана вахтері мені телефонға шақырды. Трубкадан өзіме таныс милиционердің даусын естідім. Ескі таныстардай-ақ амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Әңгіменің соңында: «Қашан кездесеміз?»- деді.


- Ертең кездесейік.


Ол «Қазақстан» рестораны маңында кешкі жетіде күтетінін, қасында әйелінің болатынын айтты. Сөзінің аяғын: «Сенің жалғыз келгенің жөн»- деп бітірді.


Ертеңіне аталған жерге бардым. Бұл Алматы қаласындағы сол кездегі маңдай алды ресторан болатын. Тағамы да әжептәуір қымбат еді. Екі-үш сағаттай отырып тамақтандық, уақыт өткіздік. Осы «демалыс» мен үшін бір айлық стипендияға түскен еді. Бірақ өкінгенім жоқ. Себебі, аға лейтенант та сөзінде тұрды - оқиға «жабулы» күйінде қалды.


Осының бәрі көз алдымнан жеделдетіп көрсетілген кинотаспадай лезде өте шықты. Енді милиционермен болған оқиғаны қысқаша  ғана айтып беруіме тура келді.


Әңгіме аяқтала бере, Кемал кенеттен басын көтеріп, төсегінің үстіне малдасын құра отырды.


- Бұны осы уақытқа дейін неге айтпай келдің?


- Кезінде айтпаған. себебім, сенен бірдеме дәметкендей болар едім. Ал кейін... ұмытылып кетті,- дедім.


Кемал басын шайқады да, қайтадан төсегіне қисайды. Әңгімелесіп жатып ұйықтап кетіппіз...


Таңғы сағат 7-де ояндық. Шәйімізді ішіп болған соң қонақүймен есептестік. Поездың жүруіне үш сағат уақыт бар еді. Ендігі жоспарымыз Ақсақ Темірдің сүйегі жатқан Гөр Әмір мазаратын көру. Егер үлгіретіндей болсақ Жалаңтөс батырдың да басына бару ойымызда бар.


Гөр Әмір қонақүйге жақын болып шықты. Көшеде адам аз. Бір ерекшелігі - кездескен адамдардың бәрі де: «Ассалам-алейкум"- деп амандасып өтіп жатыр. Біз де амандасып келеміз. Көшелері тап-таза. Көлік жүріп жатқан үлкен көшелері болмаса, кварталдардың  арасы (оларша махалла) өте тар. Кейбірінің ішіне, тіпті, көлік кіре алмайтындай.  Самарқанда тәжіктер көп деп естігенбіз, бірақ түсіне қарап қайсысының тәжік, қайсысының өзбек екенін ажырату қиын.


Ғимаратқа жақындаған кезімізде автобуспен бір топ адам келді. Бұлар жапондық туристер екен. Солармен бірге мазаратқа кірдік. Жергілікті халық пен шет елдерден келген туристер үшін тариф екі түрлі – шетелдіктерге жеті еседей қымбат.


Орта Азия архитектурасының тамаша ескерткіші Гөр Әмір мазаратының құрылысы Әмір Темірдің пәрменімен 1404 жылы басталып, келесі жылы біткен көрінеді. Гидтің айтуы бойынша 1405 жылы Отырарда қайтыс болған Темірдің денесін осында әкеліп жерлеген. Кеңес кезінде, 1941 жылдың июнь айында денесі қазылып алынып, атақты антрополог М.Герасимовтың зертханасына әкелінеді. Герасимов бас сүйекке қарап Темірдің бет бейнесін жасаған және бойының ұзындығы 169 сантиметр екенін, бір аяғы екінші аяғынан бес сантиметрдей қысқа екенін анықтаған. «Темирлан» аталуы осы себептен екен («лан» – ақсақ дегенді білдіреді). 1942 жылы сүйегі қайтадан орнына қойылады.


Мазараттың ішінде тоғыз адамның мүрдесі бар. Ақсақ Темірдің сағанасы ортасында орналасқан. Бас жағында Мирсаид Бараканың (гидтің айтуы бойынша ұстазы), сол жағында Мухаммед Сұлтанның, аяқ жағында Ұлықбектің сағанасы бар. Бұлардан басқа бес сағана немерелерінікі  екен.


Күмбез бедерлерінің безендірілуі, ағаш есіктерінің ою-өрнектері ерекше көз тартады. Әсіресе, шыға берістегі үлкен есік сондай әсем.


- Бұл есік сол заманғы ма, кейін қойылған ба?


- Сол заманғы есіктер, қарағаштан жасалынған,- деп жауап қатты гид.


Орыс суретшісі Г.Верещагиннің «Темір қақпасы» деген картинасы есіңізде ме? Есіңізде болса, картинада кескінделген есік осы болуы керек.


Экскурсия аяқтала бере жол бастаушымыз:


- Құран оқылу керек пе?- деп сұрады.


- Біздің  атымыздан осы мазаратта жатқан жандардың аруақтарына арнап құран бағыштаңыз,- дедік (бұл да ақылы екен).


Құран оқылды. Мазарат ішіндегі мұсылмандар түгелімен қол жайып, «Әумин!» деп бет сипастық. Біздің бұл ісімізге жапондық туристер таңдана қараумен болды.


Біз мазараттан шыққан кезде жергілікті уақыт 10-ды көрсетіп тұрған еді. Жалаңтөс батырдың басына баруға үлгіреміз бе? Гидтен анықтап сұрап алғымыз келді.


-  Жалаңтөс батырдың жатқан жері неше шақырым болады?


- Ялантуш баһадур «Дагбид кишлак» деген жерде, осы арадан жиырма шақырымдай болып қалар..,- деді.


Өкінішке орай, поездың жүруіне бір сағаттай уақыт қалған еді. Үлгірмейтініміз анық болды. Теміржол вокзалына қарай бет алдық. Сағат 11-ден өте бере «Бұхара-Ташкент» жүйрік поезына отырып, сағат 3-те (Шымкент уақыты бойынша 4-те) Ташкентке жеттік.


Жібек жолы кеден бекетінде көп кідіріс болған жоқ (бұл күні адам аз болды). Өзбекстан кедені видеокамераны тексеретін шығар деп ойлаған едім, олай етпеді. декларацияға қарады да үн-түнсіз өткізіп жіберді. Осыдан кейін Сырдарияны түсірмегеніме қатты өкініп қалдым.  


Кеденнен шыққан соң таксиге отырып, екі сағатта үйге жеттік. Самарқан сапарынан жақсы көңіл-күймен оралдық.


Ертеңіне Кемал Алматыға қайтты.


Р.S.


Самарқан шаһары б.з.б. 4-ғасырда Мараканда деген атпен белгілі болған. Сол кездері Түрік қағанатының құрамына енген Соғды мемлекетінің астанасы екен. Самарқанды б.з.б. 329 жылы Александр Македонскийдің әскерлері, біздің заманымыздың 8-ғасырында арабтар, 9-10 ғасырларда Самани әулеті, 11-ғасырда Қарахан әулеті, одан соң түрік салжұқтары, 12-ғасырда қарақытайлар басып алады. 13-ғасырда Хорезм шахтары билік жүргізген. Қаланы 1220 жылы татар-монғолдар қиратқан. 14-15-ғасырларда Темір мемлекетінің астанасы болған. 1500 жылы Шайбани мемлекетінің, 16-ғасырда Бұхар хандығының құрамына кіреді. 1868 жылы Россия империясы басып алады. Самарқанда Совет үкіметі 1917 жылы 28 ноябрьде орнайды. 1924-30 жылдар аралығында Өзбек ССР-нің астанасы болады. 1970 жылы Самарқанның 2500 жылдығы атап өтілген. Қазір Өзбекстандағы Самарқан облысының орталығы[12].


2017 жыл


ҚОСЫМШАЛАР


 


[1] Көбек - кішкене-шектінің ішіндегі асаннан тараған аталық.


 


[2] Алматының зоотехникалық-малдәрігерлік институты.


[3] Владимир Енгибарян – армян боксшысы, Әлемнің және Европаның чемпионы, КСРО-ның үш дүркін чемпионы.


[4] Таспадағы негативті позитивке айналдыратын ерітінділер


[5] Аңыз - дақылы жиналып алынған егістіктің орны.


[6] Қасымов Ермұхаммед (Елікей) - Әбілхайр ханның шөбересі.


[7] Ә.Оспанов. "Жанқожа батыр" 1-кітап, Алматы, 1992 ж.


[8] Кенесарының әкесі Қасым сұлтан Абылай ханның қалмақ әйелінен туады.  Жәкең бұл жерде осыны меңзеп отыр.


[9] "Шалқар" – 1980-жылдары араб ғарпімен (А.Байтұрсыновтың әліппесі бойынша) басылып шыққан республикалық газет.


[10] Қабақов Кемал – Қазалы ауданы Бекарыстан би ауылының азаматы. Алматы халық шаруашылығы институтын 1975 ж. бітіріп, қаржы саласында республикалық және облыстық мекемелерде көп жыл қызмет істеді.


[11] Регистан – парсы тілінде «алаң» дегенді білдіреді.


[12] Қазақ Совет Энциклопедиясы, 10-том, 6-бет.


 


 


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.