• Бүгін: 17.07.2019

Аудармалар

АУДАРМАЛАР


 (ЕРКІН АУДАРЫЛҒАН)


 Көркем әдебиет     


 А.Пушкин[1]


 Бекетші


 әңгіме


 «Коллежский регистратор,


Почтовой станции диктатор.


 ..................................... ................               


Князь Вяземский[2]»


 Қара жолдың бойындағы қарапайым бекетшіге кім ұрыспайды, оны кім балағаттамайды дейсіз? Дөрекілігі мен дұрыс қызмет жасамағандығы үшін үстінен қай жолаушы шағым айтпаған? Қайсыбірі оларды адам баласының азғынына теңесе, екіншісі тіпті баскесер қарақшыға балап жататыны өтірік пе? Дегенмен, істің әділіне көшсек, олардың да жағдайына түсіністікпен қарауға болатын сияқты? Бекетші деген кім өзі? Князь Вяземский әзілдеп «әмірші» атап кеткен олар қандай жандар? Он төртінші класты[3] шені бар, тек осы шенінің арқасында ғана кім көрінгеннің таяғынан аман қалып жүрген (онда да үнемі емес) нағыз бейнетқор жандар осылар емес пе? Шынына келсек, адал жанды оқушым біліп отырған шығар, күндіз-түні бір тыным таппайтын олардың жұмысы нағыз тозақ емес пе? Жол соғып шаршап келе жатқан жолаушы өзінің шаршағанын да, жолда көрген азабын да осы бекетшіден алады. Ауа райының қолайсыздығына, жолдың нашарлығына, атқосшының дөрекілігіне, тіпті қатты жүрістен аттардың болдырғанына да бекетші кінәлі ме, сонда?! Оның аласа үйіне екпіндей кірген кез-келген жолаушы бірден ат ауыстыруды талап етеді; беймаза қонақтың талабын қанағаттандыратындай оның қолында дайын тұрған жарамды аттары бола қойса жақсы, болмаса қайтпек?.. Күндіз-түні зыр қағып, шақшадай басы шарадай болып, қыстың қақаған аязында үйіне кіріп (!) жылынып алуға, жаздың аптап ыстығында бір сәт дамылдап алуға уақыт таппайтын оның, құдай сақтасын, неше түрлі былапыт сөздерді еститіні анық!


Кенеттен генерал келіп қалады; қорыққаннан тізесі қалтырай жүріп оған жедел түрде шабармандарға арналған аттарды жегіп жібереді; бұған генерал рахмет те айтпайды, аттанып кетеді. Ұзамай тағы қоңырау даусы естіледі – бұл жолы қолында шұғыл құжаты бар шабарман жетеді. Оған да ат дайындау керек! Ойланып көріңізші, осыдан кейін бекетшіге қалай жаның ашымайды? Тағы бір айтарым - жиырма жылға жуық уақыт болды, мен Россияның көп жерін араладым; көптеген пошта жолдары маған етене таныс; осы себептен менің таныс бекетшілерім де жетерлік. Жол үстіндегі басымнан өткендерімді еске түсірсем үлкен бір шығармаға арқау болар еді. Ал қазіргі айтқым келгені - қоғамда бекетшілер қауымы туралы жалған пікір қалыптасқан. Шындығында бұлар табиғатынан көпшілікке қызмет жасауға бейім тұратын, ол үшін көп нәрсе талап та етпейтін өте қарапайым жандар. Олармен әңгіме-дүкен құра білген адам көптеген қызық жайларға қанық болар еді және сол әңгімелердің ішінде ғибрат аларлықтары да жетерлік. Бекетшілер арасында жақсы таныстарымның бар екенін байқап отырған боларсыздар, соның ішіндегі біреуі айрықша еске алуға тұрарлық деп есептеймін. Енді, құрметті оқушым, осыны сізбен бөліспекшімін.


Менің 1816 жылдың мамыр айында Н. губерниясындағы бір пошта бекеті арқылы жол жүруіме тура келді.


Ол кезде төменгі шенді қызметкермін (қос ат жалдауға ғана шамам келеді), сондықтан болар, бекетшілер маған аса құрмет көрсете қойған жоқ. Дегенмен мен өзімнің дәрежеме сай құқығымды пайдалана білдім, есемді жібергенім жоқ. Кейде, әрине, айқайсыз болмайтыны белгілі. Әрі жас әрі қызу кезім - маған дайындап қойған аттарды шені жоғарылау басқа біреудің арбасына жегіп жатқанын көргенімде қалай ғана үн-түнсіз тұра аламын? Сол сияқты бекет асханасындағы даяшы шені жоғары адамға (ол менен кейін келсе де) қызмет жасап жатқанын көргенде қалай қаның қайнамайды? Қазір маған бұлардың бәрі қалыпты жағдай болып көрінеді. Шынында маң даладағы қара жолдың бойында шеніне қарай құрметте деген қағиданың орнына ақылына қарай құрмет жаса деген тәртіпті енгізсек қалай болар еді? Кімнің ақылды, кімнің ақылсыз екенін дәлелдеп көріңіз! Байғұс қызметшілердің де бастары қатары анық. Дегенмен әңгіме желісіне оралайық.


Күн ыстық болатын. Бекетке үш шақырымдай қалғанда жаңбыр сіркірей бастады, ұзамай-ақ оның соңы нөсер жауынға айналды. Ашық күймеде келе жатқан менің үсті-басым малмандай болды. Бекетке жеткесін киім ауыстырып, ыстық шәй ішсем деп келемін.


Жету бойына бекетшіден шәй сұрадым. «Дуня!,- деп айқай салды бекетші,- мырзаға шәй дайында, қаймағымен болсын!». Үйден жасы он төрт-он бестер шамасындағы жас қыз шықты. Оның сұлулығы мені қатты таң қалдырды. «Сенің қызың ба?»- деп сұрадым бекетшіден. «Менің қызым!- деді ол мақтанышпен,- қолынан бәрі келеді, марқұм анасына тартқан». Осыдан кейін жол қағаздарымды қолына алып журналға түсіре бастады. Мен бөлменің қабырғаларына ілінген картиналарды қарай бастадым. Картиналарда адасқан ұлдың үйіне оралу тарихы баяндалған екен: біріншісінде қарт адамның баласына батасын беріп, бір қолына ақша, екінші қолына қоржын ұстатып сапарға аттандырып жатқаны бейнеленген. Екіншісінде баланың еркін өмір кешкені суреттелген: айналасында бейтаныс та күмәнді достары бар, жартылай жалаңаш бейәдеп әйелдер қауымымен думандатып отырғаны көрсетілген. Одан кейінгі картинада әлгі жігіт алба-жұлба киініп шошқа бағып жүр. Бетінде әбден шаршаған, өмірден күдер үзген, сонымен қатар істеген ісіне өкінген адамның кейпі бар. Соңғы төртінші картинада оның үйіне қайта оралған сәті кескінделіпті - адасқан ұл қарт әкесінің алдында тізерлеген күйі кішірім сұрап отыр; әріректе бір қызметшінің жас қожайынның келу құрметіне торай сойып жатқаны байқалады. Суреттердің астында неміс тілінде өлеңдер жазылған. Осының бәрі қазірге дейін менің көз алдымда, тіпті терезе алдындағы құмырада өскен бальзамин гүліне дейін ұмытқаным жоқ. Үстіне ұзын жасыл сюртук киген, кеудесіне лентасы ескіріп кеткен медаль таққан, жасы елулер шамасындағы бекетші тың да көңілді болатын.


Мен ат айдаушымен есептесіп те үлгергенім жоқ, Дуня ішке буы бұрқыраған самаурын алып кірді. Қыз менің ұзағырақ қарағанымды байқады ма, көгілдір де әсем көздерін төмен түсіріп үнсіз тұрып қалды; Оны шәй ішуге шақырдым; екеуміз сөйлесе бастадық; қыз естияр адамдай еш қысылмастан жауап қайтарып отырды. Әкесіне пунш ұсындым. Үшеуміз бұрыннан таныс адамдардай-ақ әңгімелесіп кеттік.


Аттар әлдеқашан дайын болған еді, бірақ мен кете алмай отырмын. Осылай отыра бергім келетін сияқты. Ақыры менің олармен қоштасуыма тура келді. Әкесі - Самсон Вырин - сәтті сапар тілеп үйінде қала берді, ал Дуня күймеге дейін шығарып салған еді. Ауыз бөлмеде сәл кідіріп қолынан сүюге рұқсат сұрадым; Дуня қарсы болған жоқ; мен оның қолынан ұстадым да... бетінен сүйіп алдым. Осы күнге дейін талай қызбен сүйіссем де, тап сол жолғыдай ләззат алмаған шығармын деп ойлаймын. Мен бұны көпке дейін ұмытқаным жоқ...


Арада бірнеше жыл өткенде сол жолмен тағы жүруіме тура келді. Есіме бекетші мен оның қызы түсті. «Бекетші ауысып кеткен шығар,- деген ой келді маған,- ал Дуня бұл кезде тұрмысқа шыққан болар». Оларды кездестіре алмаймын-ау деген оймен бекетке көңілсіз күйде келіп жеттім.


Аттар бекеттің алдына келіп тоқтады. Асығыс түрде үйге кірген менің көзіме бірден баяғы таныс картиналар түсті; бөлмедегі жиҺаздар да орнын өзгертпеген, сол қалпы; тек терезе алдындағы әсем гүл ғана көрінбейді; сонымен қатар бөлменің көптен бері жиналмағандығы көрініп тұрды. Керуетте тонын айқара жамылған біреу ұйықтап жатыр. Мен келгеннен кейін оянып, орнынан тұрған еді... Самсон Выриннің нақ өзі болып шықты; бірақ түрі қалай өзгерген десеңізші! Жол қағаздарымды көшіріп боламын дегенше мен оған қарап отырдым: шашы ағарған, бет-аузын терең әжім басқан, көптен қырынбағандықтан сақал-мұрты да өсіп кеткен. Арада өткен төрт-бес жылда белі бүгілген кәрі шалға айналыпты. «Мені таныдың ба?- деп сұрадым одан,- біз ескі таныстармыз ғой». «Мүмкін..,- деп жауап қайтарды ол,- бұл жолмен кімдер өтпеген дейсіз?». «Дуняның жағдайы қалай?». Шал қабағын шытынғандай болды. Сосын: «Бір құдай біледі...»- деп күңк етті. «Шамасы, ол күйеуге шыққан болда ғой?». Шал менің сұрағымды естімеген адамдай жұмысын жалғастыра берді. Осыдан кейін сұрақ беруді тоқтатып, шәй қоюын өтіндім. 


 Шәй үстінде пунш ұсынған едім, қарсы болған жоқ. Ішіп салды. Осыдан кейін сәл өзгергендей болды. Екінші стаканнан соң ашыла түсіп, мені енді ғана есіне түсіргенін айтты (немесе есіне түсірген түр көрсетті) және басынан өткендерін айта бастады.


«Сіз менің Дунямды білесіз ғой?,- деп бастады ол әңгімесін,- оны бәрі білетін еді. Эх, Дуня, Дуня! Қандай қыз болатын! Жолаушылардың бәрі оған сүйсіне қарап, мақтап кетуші еді ғой. Кейбір жолаушылар орамал, қайсыбірі тіпті сырға сыйлап жататын. Қандай да бір ашулы мырза келмесін, оны көргенде өзгере қалатын еді, осыдан кейін менімен де басқаша сөйлесе бастайтын. Ол барда тұрмысым толы, көңілім жай болатын: келген қонақтарға да қызмет жасайды, тамақ та пісіреді, үй шаруасына да үлгіреді – қолынан бәрі келетін еді. Мен ақымақ кезінде оның қадірін білмеппін ғой. Бірақ мен Дунямды шын сүюші едім. Қолымнан келгенше әлпештеп өсірдім, шамамның келгенінше ешнәрседен кемдік көрсеткенім жоқ. Бірақ тағдырға дауа жоқ - маңдайға не жазылса, сол болады екен...».


Осыдан кейін асықпай тәптіштеп айта бастады.


Бұдан үш жылдай бұрын, қыс кезінде, есік алдына күймелі арба келіп тоқтайды. Ішінен үстінде әскери шинелі бар, басына черкес бөрік киген жас жігіт түседі. Үйге кірген гусар өзінің асығыс екенін айтып (бұл кезде Самсон жаңа журнал дайындап, Дуня перденің артында өзіне көйлек тігіп отырған болатын), тез арада аттарын ауыстыруды талап етеді. Бекетші дайын ат жоқ екенін айтады. Бұны естіген гусар ашуланып, тіпті бекетшіге қарай қамшы көтермек болады. Осы кезде перденің арғы жағынан Дуня шығады. Бұндай айқайдың талайын естіп жүрген Дуня гусардың қасына келіп, егер жас жігіт сәл сабырлық сақтаса аттардың сәлден кейін дайын болатынын айтады. Оған дейін тамақтана тұруын өтінеді. Дуняның келуі ашулы гусарға бірден әсер еткендігі сондай, ол тамаққа тапсырыс бере бастайды. Шешініп, жуынып-шайынып алып, тамақтануға отырады.


Бұл қияқтай қара мұрты бар, ұзын бойлы әсем жігіт болатын. Еш мұқтаждық көрмей байлық пен молшылыққа малынып өскені көрініп-ақ тұрды. Дегенмен бекетшінің ұядай тар бөлмесін қомсынбай, бұлармен бірге шәй ішеді, тамақтанады. Өте көңілді кейіпте отырады.


Үзамай аттар келеді. Бекетші оларды дереу гусар жігіттің күймесіне жегуге тапсырма беру үшін далаға шығады. Ішке қайта кіргенде әлгі жігіттің кенеттен ауырып қалғанын көреді: табан астынан жүрегі айныпты. Жүруге шамасы жоқ... Енді не істеу керек?! Бекетші амалсыздан науқас қонаққа өзінің керуетін босатып береді, сонда жатқызады. Қолдарынан келгенше күтіп-бағады.


Науқас ертеңіне де жазыла қоймайды, тіпті жағдайы нашарлай түседі. Осыдан кейін бекетші қаладағы дәрігерге адам жібереді. Дуня жігіттің маңдайына салқын орамал басып, оны ауық-ауық ауыстырып, үнемі қасында болады. Науқас жігіт бекетші кірген кезде сөйлемей, тек ыңқылдай берген. Соған қарамастан түскі асты айрықша тәбеттене отырып жеген. Бекетшінің бір байқағаны: науқас жиі-жиі су сұрайды; бірақ әкелген суды ішпейді; тек Дуняға ризашылығын білдіріп, білегін сипалай беретін көрінеді.


Түске таман дәрігер келеді. Ол науқастың тамырын ұстап, өкпесін тыңдайды. Екеуі неміс тілінде ұзақ сөйлеседі (дәрігер неміс болатын). Сосын орыс тілінде науқасқа демалыс керек екенін, екі күннен кейін тұруына болатынын айтады. Гусар оның қолына тұтас жиырма бес сомдық ұстатып, бірге тамақтануға шақырады. Дәрігер келіседі. Екеуі тамақтанады, тіпті қосылып шарап та ішеді. Соңында бір-біріне риза болып тарқасады.


Ертеңіне гусар жазылып кетеді. Ол өте әзілқой және көңілді адам екен. Бекетшімен де, Дунямен де тынымсыз әзілдесіп уақытты көңілді өткізеді. Тіпті бекетшіге жүргіншілердің жол қағаздарын көшірісуге, журналға түсіруіне көмектеседі. Гусардың бекетшіге ұнап қалғандығы соншалықты, үшінші күні жас жігіт жол жүруге жиналғанда, Самсон онымен қимай қоштасады.


Күн демалыс болатын. Дуня шіркеуге баруға дайындалып жатады. Гусардың күймелі арбасы да дайын болады. Ол бекетшіге қонақжайлығы мен қызметі үшін рахмет айтып, молдау қылып қызметақысын төлейді. Қоштасып тұрып, Дуняны шіркеуге дейін апарып салғысы келетінін айтады. Дуня ештеңе айта қоймапты. «Неменеге қорқып тұрсың, Дуня,- дейді әкесі,- жоғары мәртебелі мырза қасқыр емес қой, сені жеп қоймайды. Шіркеуге дейін жетіп алсаңшы». Дуня күймеге мінеді, көшір атқа қамшы басады.


Бейшара бекетші қызын бейтаныс гусарға өз қолымен жетектетіп жібергенін білмеген еді. Арада жарты сағаттай өткенде бекетшінің жүрегіне күдік ұялай бастайды, одан әрі шыдап тұра алмаған ол шіркеуге қарай жаяу аяңдайды. Шіркеуге барса, халық тарап жатыр екен. Бірақ олардың арасынан Дуняны көре алмайды. Бекетші ішке кіреді: поп шырақтарды өшіріп шыққалы жатыр; әріректе екі кемпір бүгежектеп әлі құлшылық жасап жүр; Дуня бұнда да жоқ. Шыдамаған бекетші поптан сұрайды, ол Дуняны көрмегенін айтады.


Енді бір ғана үміт қалған еді: жастықтың желігімен Дуня келесі бекетке кетіп қалуы мүмкін ғой (онда өкіл шешесі тұратын). Енді ат айдаушының келуін күтеді. Ақыры, кеш түсе, әжептәуір қызуы бар көшір де жетеді. Оның әкелген хабары мынау болды: «Дуня гусарға еріп кетіп қалды». Бейшара бекетші есінен танып, құлап қалады. Өзін алдап соққан жылпос гусардың төсегіне енді өзі келіп жығылады. Жігіттің табан астынан ауырып қалуын, дәрігермен басқа тілде сөйлесу себептерін, яғни гусардың қалай «ауырғанын» осы кезде түсінеді. Ыстығы көтеріліп, қаладағы дәрігерге барады. Бұл баяғы гусарды емдеген неміс болатын. Ол бекетшіге шындықты жайып салады: «Гусар науқас адамның кейпіне енгенмен, сау еді. Бірақ ол мені қорқытты: егер айтқанын орындамасам, қамшының астына алатынын айтты. Менің келісуден басқа амалым қалмады...». Қорқытты деуі шындық па, әлде ақталу ма, кім білсін, қалай болғанда да дәрігердің сөзі бекетшіні жұбата алған жоқ.


Төсектен тұру бойына, бастығынан демалыс сұрап алып, жаяулап-жалпылап қызын іздеуге аттанады. Ротмистр Минскийдің (бұл әлгі гусар болатын) Смоленскіден Петербургке бара жатқанын жол қағазынан көрген болатын. Көшірдің айтуынша, Дуня өз еркімен бара жатса да,  жолда жылаумен болыпты. «Мүмкін,- деп ойлайды бекетші,- адасқан қызым үйге қайта оралар». Осы оймен Петербургке келіп жетеді. Осындағы Измайлов полкінде бірге қызметтес болған, қазір демалысқа шыққан қарт унтер-офицердің үйіне тоқтайды. Үзамай-ақ ол ротмистр Минскийдің осы қалада, Демутов трактиріне жақын маңда тұратынын анықтайды.


Ертеңіне оның үйіне барады. Есік алдындағы әскери үлгіде киінген қызметшіге өзін «жоғары мәртебелінің ескі танысы - қарт солдатпын» деп таныстырып, кездесуге келіп тұрғанын хабарлауды өтінеді. Қызметші мырзаның демалып жатқанын, сағат он бір болмайынша қабылдамайтынын айтады. Бекетші кетіп қалады. Сағат он бірде қайта оралады.


Үйден үстіне халатын жамылған Минский шығады. «Саған не керек, туысқан»- дейді. Мына сөзді естіген бекетші жылап жібереді. Даусы қалтырап: «Жоғары мәртебелі тақсыр... Аяушылық жасай көріңіз!..»- дегеннен басқа сөз айта алмайды. Оны енді ғана таныған Минский қолынан жетектеп, кабинетіне алып кіреді. «Жоғары мәртебелім,- дейді бекетші осы кезде,- оны да, мені де аяңыз. Болар іс болды ғой, енді қызымды өзіме қайтара көріңіз». «Ия,- дейді Минский,- болар іс болды - мен сенің алдыңда кінәлімін, тіпті кешірім сұрауға да бармын. Бірақ Дуняны қайтарады деп ойлама. Ол қазір бақытты. Мені сүйеді, бұрынғы тұрмысын ұмытқан». Осыны айтады да, бекетшінің қолына бір уыс ақша ұстатып, есіктен итеріп шығарып жібереді. Бейшара бекетші есін далаға шыққаннан кейін барып бір-ақ жинайды.


Бұдан әрі не істерін білмеген ол есік алдында көп тұрады. Бір кезде уысындағы ақшаны көреді. Алақанын ашса - бес және он сомдық қағаз ақшалар екен. Бекетшінің көзі қайтадан жасқа толып кетеді. Ақшаны жерге атып ұрып, өкшесімен таптай бастайды. Көрген қорлығын, ішіндегі ашу-ызасын осылай шығарады.


Оның бекетке қайтуы керек еді, бірақ Дунясын көргісі келеді. Бір рет те болса көрсем, сөйтіп мауқымды бассам деп ойлайды. Осы оймен екі күннен кейін Минскийдің үйіне тағы келеді. Бірақ бұл жолы күзетші оны кіргізбейді. Кеудесінен итеріп жіберіп, есікті жауып алады. Бекетші амалсыз кері қайтады.


Сол күні шіркеуден құлшылық жасап келе жатқан Минскийді көріп қалады. Оның шанасы бір үйдің алдына келіп тоқтап, гусар ішке кіріп кетеді. Осы кезде бекетшіге ой келеді: «Дуня, мүмкін, осында тұратын шығар?». Ол көшірдің қасына келіп: «Ей, бауырым! Бұл Минский мырзаның шанасы ма?- деп сұрайды. «Ия,- дейді көшір,- онда нендей жұмысың бар?». «Минский мырза мені Дуня ханымға жұмсаған еді, хат апарып беруім керек. Үйін ұмытып қалыппын, айтып жібермес пе екенсіз?».  «Осы үйдің екінші қабатында тұрады,- дейді ат айдаушы,- бірақ сен кешігіп қалдың, достым. Жаңа ғана мырзаның өзі ішке кіріп кетті!». «Рахмет,- дейді бекетші,- не істеу керек екенін енді өзім білемін».


Ол үйге кіріп, екінші қабатқа көтеріледі. Есік жабық екен; қоңырауды басады; кілттің сылдыры естіліп, есік ашылады. Іштен жас қызметші қыз шығады. «Авдотья Самсоновна осында тұра ма?». «Осында,- дейді қызметші,- оның саған не қажеті бар?». Бекетші жауап қатпастан бөлмеге кіреді. «Кіруге болмайды!- деп ізінен айқай салады қызметші,- Авдотья Самсоновнада қонақ бар». Бекетші тыңдамастан жүре береді. Алдыңғы екі бөлме қараңғы екен, үшінші бөлмеден жарық көрінеді. Ол ашық тұрған есіктің алдына келіп тоқтайды. Қымбат жиһаздар қойылған бөлменің ортасындағы креслоға Минский жайғасқан. Қасында, креслоның жамбасында, әсем киінген Дуня жіп-жіңішке саусақтарымен Минскийдің қап-қара бұйра шашын тарап отыр. Бейшара бекетші! Ол қызын бұндай күйде ешуақытта көрмеген еді. «Кірген кім?»- деп сұрайды Дуня мойнын бұрмастан. Бекетші үнсіз тұра береді. Жауап болмағаннан кейін Дуня басын бұрады. Бекетшіні көреді де... шыңғырып жібереді. Сосын кілемнің үстіне құлап түседі. Қорқып кеткен Минский Дуняға ұмтыла бере... сілейіп тұрған бекетшіні көреді. Дуняны тастай сала, оның қасына жетіп келеді. Ашудан қып-қызыл болып: «Саған не керек?!- деп тістеніп айқай салады,- сен неге менің ізімнен қалмайсың? Мүмкін, өлтіргелі жүрген шығарсың? Шық үйден!». Қарулы қолымен шалдың жағасынан алады да, баспалдақтан төмен қарай итеріп жібереді.


Шал есін пәтеріне келгенде бір-ақ жинайды. Досы оған шағым жасауға кеңес берген еді, ол қолын бір сілтеп қайтуға жиналады. Өзінің бекетіне келіп, жұмысына кіріседі.


«Содан бері үш жыл өтті,- деді кәрі бекетші,- Дунядан ешқандай хабар жоқ. Тірі ме, әлде өлі ме, білмеймін. Өмірде бәрі кездеседі ғой... Осы жолдың бойынан Дуня сияқтылардың басын айналдырып алдап алып кетіп жатқандар аз ба? Петербургте ондайлар жеткілікті. Бүгін үлде мен бүлдеге оранып өмір сүреді, ертеңіне сыраханаларда еден жуып нан табады немесе тәнін сатып күн көреді. Дуняның да осындай жағдайға душар болуы мүмкін екенін ойлағанымда, жаным күйзеледі. Өзімді қоярға жер таппаймын...»


Мен құйған пуншты іше отырып, кәрі бекетші әңгімесін аяқтағанша бірнеше рет жылап алды. Көзінен сорғалап аққан жасын кір-кір суртюгінің жеңімен сүртіп, еш ұялмастан балаша жылады. Бұндай жағдайда оны жұбатудың оңай болмайтынын түсініп отырған боларсыз. Өзімді көңілшек адамдардың қатарына қоспасам да, бұл әңгімені бей-жай отырып тыңдау мүмкін емес еді. Шалдың басынан өткізген оқиғасы мені қатты толқытты. Біз ескі достардай қимай қоштастық.


Жақында мен сол жолмен тағы жүрдім...


Күз мезгілі болатын. Аспанды сұрғылт бұлт тұмшалап алған; қураған жапырақтарды күздің суық желі қуалап әкетіп жатыр. Ауа райы адамның көңіл күйіне әсер етпей қоймайды ғой, мен көңілсіз келе жаттым. Сондықтан болар, бекетке жақындай бере ойыма кәрі бекетші түсті. Жағдайын білгім келді. Ат басын бекетшінің үйіне қарай бұрдым.


Мен тұтқаға қолымды апара бергенім сол еді, есік ашылып, іштен толық келген бейтаныс әйел шықты. «Бекетші бар ма?»- деген сұрағыма таңдана қарап, оның бұдан бір жыл бұрын қайтыс болғанын, қазір бұл үйде сыра қайнатушының тұратынын айтты (әйел соның жұбайы екен). «Ол қалай қайтыс болды?»- деп сұрадым. «Көп ішіп кетті, қария»- деп жауап қатты әйел. «Қай жерге жерленді, білесіз бе?». «Ескі қорымда, кемпірінің қасында жатыр». «Басына барғым келген еді, жол көрсетіп жібермес пе екенсіз?». «Эй, Ванька!- деді әйел аула жаққа қарай айқайлап,- мысық байғұсты азаптағаның жетер енді, таста оны! Мырзаны бейіттің басына алып бар, бекетшінің моласын көрсет».


Жыртық көйлек киген сары бала жүгіріп келіп, мені бейіт жаққа қарай бастай жөнелді.



  • Бекетшіні танушы ма едің?- деп сұрадым баладан.

  • Оны кім танымаушы еді, селоның бәрі танитын. Маған қамыстан сыбызғы жасауды үйретті. Кейде сыраханадан келе жатады (жаны жаннатта болсын!), ал біздер, балалар, оны қоршап аламыз: «Ата, атажан, жаңғақ беріңізші!» - ол үнемі қалтасына жаңғақ салып жүруші еді, таратып беретін.

  • Жүргіншілердің арасынан оны еске алғандары болды ма?

  • Қазір жолушылар аз ғой... Жазда бір ханым келген еді. Бекетшіні сұрады, моласының басына барды.

  • Қандай ханым?- деп сұрадым мен қызығушылықпен.

  • Керемет сұлу ханым,- деді бала,- күймелі арбамен келді. Қасында күтушісі мен кішкентай балалары бар. Кәрі бекетшінің қайтыс болғанын естіген кезде жылады, сосын балаларына: «Сендер отыра тұрыңдар, мен бейіттің басына барып келейін»- деді. Алып бардым. Сол үшін маған бес сом күміс ақша берді. Сондай мейрімді ханым екен.


Біз бейіттің басына келдік. Айналасы қоршалмаған, ешқандай ағаш отырғызылмаған, өте қарапайым бейіттің күтімсіз екені көрініп тұрды.



  • Кәрі бекетшінің моласы осы,- деді бала қарайып кеткен ағаш кресі бар төмпешікті нұсқап.

  • Ханым осы молаға келді ме?

  • Ия,- деді Ванька,- мен қарап тұрдым. Ол төмпешікті құшақтап көп жылады. Мені жұмсап, попты шақыртып алды. Оған да ақша берді. Сосын аттанып кетті.


Мен де баланың қолына бес сомдық күміс ақша ұстаттым.


  2016 жыл


 


 


М.Лермонтов[4]


Жазмыш


 әңгіме


Менің екі аптадай жаяу әскер батальоны орналасқан станицада тұруыма тура келген еді. Кеш түсе офицерлер бас қосатынбыз - кезекпен әр үйде карта ойналады.


Бірде майор С-ның үйінде бостон[5] ойыны жалықтарған соң картаны жинап қойдық та, ұзақ-сонар әңгімеге кірісіп кеттік. Әңгіме әдеттегіден тыс тақырыпта - мұсылмандар арасында кең тараған тағдыр маңдайда жазулы деген ұғым жөнінде еді. Бұның кейбір христиандар арасынан да қолдау табатыны айтылды, әркім өз пікірлерін түрліше жеткізіп жатты, яғни «pro» немесе «contra» дегендей[6]...


– Бұның барлығы да дәлел емес, мырзалар,– деді үй егесі жасамыс майор,– себебі сіздердің ешқайсыңыз да айтып отырған оқиғаларыңызды өз көздеріңізбен көрген жоқсыздар ғой!


– Әрине, көргеніміз жоқ, – деп келісті көпшілігі,– бірақ біз жалған айтпайтын жандардан естігенбіз...


– Бос сөз!– деді тағы бірі,– адамның өлетін мезгілі жазылған тізімді көрген жан бар ма екен, сірә?.. Егер бәрі жазмышқа байланысты болса адамға сана мен еркіндік не үшін беріледі? Ондай жағдайда адам неге өз қателігі үшін жауап беруге тиісті?


 Осы кезде бөлменің бұрышында отырған бір офицер жай басып ортаға қарай беттеді. Ол алдымен бәрімізге салмақты кейіппен қарап шықты. Бұл биік бойлы, қараторы өңді, мойылдай қара шашты, қара көзді, ұлтына сай зор мұрынды серб жігіті болатын. Оның мінезі де сыртқы бейнесіне сай еді. Үнемі миығынан күліп жүретін бұл офицердің есімі Вулич болатын. Ол көп сөйлемейтін, бірақ ойын тіке айта білетін; ішкі құпиясы мен жеке өмірі жайлы ешкіммен бөліспейтін; шарапты да көп ішпейтін, тіпті казак қыздарымен де әуестене бермейтін еді. Бірде офицерлер оған полковниктің әйелінің көз тігіп жүргенін айтқанда шынымен-ақ ашуланғаны бар.


Вуличтің жұрттың бәріне әйгілі бір ғана осалдығы болды – ол карта ойынына өте құмар еді. Ойын үстінде өзін-өзі ұмытып кететін; көбінесе ұтылып қалады, бірақ бұл оны одан сайын ызаландыра түсетін. Мынандай қызық жағдай да болған:  бірде ол әжептәуір ұтып отырады; осы кезде кенеттен атыс басталып дабыл қағылады; барлығы ұшып тұрып қаруларына жармасады; ал Вулич болса орнынан тұрмастан қарсыласына: «Ақшаңды сал!»– деп айқай салыпты; қарсыласы ақшасын салады да: «Жетілікті жүрдім»– деп шығып кетеді. Болып жатқан айқай-шуға қарамастан Вулич картасын ашып қарайды - ұтылып қалған екен.


Ол өз тобына атыс әбден қызып жатқан кезде келіп қосылады. Чешендердің қардай бораған оғының астында ұтысқа ие болған қарсыласын тауып алады. Қасына келіп қарсылығына қарамастан ұтылған ақшасын санап береді. Осыдан кейін бір топ солдатты ізіне ертіп алған ол чешендермен атысқа кірісіп кетіпті.    


Поручик Вулич столға жақындап келген сәтте барлығы оған ерекше бір әрекет күткендей үнсіз қарап қалған еді.


– Мырзалар!– оның дауысы бәсең де болса салмақты шықты,– бос сөз неге керек? Адамның тағдыры өз қолында ма, әлде алдын-ала жазылып қойылған ба, бұны сынап көруге болады ғой... Кәні, кімнің сынағысы келеді?


– Жоқ... Қажеті не...– әр жерден дауыстар естіле бастады,– қызық екенсіз! Адамның басына осындай да ой келеді екен-ау!..


– Мен бәс тігемін!– дедім әзілдеп.


– Не үшін?                                                                                     


– Меніңше жазмыш деген жоқ! – Осыны айтым да қалтамдағы жиырма червонецті стол үстіне қойдым. Бұл менің бүкіл ақшам еді.


– Келістім,– деді Вулич,– Майор, сіз төреші болыңыз. Міне, сізге он бес червонец. Маған бес червонец қарыз болатынсыз, соны мынаған қосуыңызды өтінемін.


– Жақсы..,– деді майор,– бірақ қалай бәстесетіндеріңізді мен түсіне алмай тұрмын.


Вулич үндеместен майордың жатын бөлмесіне қарай беттеді. Ізінен біз де ердік. Ол түрлі қарулар ілінген қабырғаға жақын келді; біз әлі ешнәрсеге түсінбей тұрмыз; сосын пистолеттің бірін қолына алды да құлағын қайырды. Осы кезде бірнеше адам еріксіз дауыстап жіберіп оның қолына жармасты.


– Сен не істегелі тұрсың? Бұл ақымақтық қой!


– Мырзалар!– деді ол қолын жайлап қана босатып алып,– сіздердің қайсыңыз менің орныма жиырма червонец тігуге келісесіздер?


Ешкім үн қатқан жоқ.


Вулич залға қайта оралды. Столға келіп отырды (біз ізінен еріп жүрміз). Ыммен отыруға шақырды. Үнсіз орындадық. Осы минутта ол бәрімізді белгісіз бір құпия күшпен айтқанына көндіріп отырғандай еді. Мен оның көзіне қадала қарадым (ол да менің көзқарасыма салмақты кейіппен төтеп бере білді). Ернінен белгісіз бір жымиған күлкінің табы байқалатындай, бірақ соған қарамастан оның бет әлпетінен өлетін адамның бейнесін көргендей болған едім. Кәнігі жауынгерлер жақсы біледі - адам бұл дүниемен қоштасар алдында айналасына ерекше бір көзқараспен қарайтыны бар. Бірақ бұны көбісі аңғара бермейді.


– Сіз өлетін адамға ұқсап тұрсыз...– дедім оған.


Ол бей-жәй түрде:


– Өлуім де мүмкін, өлмеуім де мүмкін...– деді.


Сосын майордан: «Қару оқталған ба?» - деп сұрады. Майор сасқалақтап есіне түсіре алмады.


– Болды, Вулич!– деді осы кезде бір офицер,– бас жағына оқтаусыз мылтықты кім ілуші еді? Осы ойының де жетер!..


– Осындай да әзіл бола ма екен!– деді екіншісі.


– Мен елу червонец тігуге бармын - пистолет оқталмаған!– деп айқайлады үшіншісі.


Қайтадан бәс тігіле бастады.


Бос сөзден жалыққан мен:


– Тыңдаңыз!– дедім оған,– Сіз не істегелі тұрсыз? Егер ештеңе істемейтін болсаңыз пистолетті орнына қойыңыз, тарқайтын уақыт болды...


– Әрине,– деді көпшілік,– ұйықтайтын мезгіл жетті ғой...


– Мырзалар, орындарыңыздан қозғалмауларыңызды өтінемін,–  деді Вулич осы кезде. Сосын пистолеттің тұмсығын жәйлап апарып самайына тақады. Бәрі орындарында тас болып қатып қалды.


– Печорин мырза,– деді маған қарап,– столдан бір картаны алып жоғары лақтырыңыз.


Мен столдан қолыма ілінген картаны алдым да (оның тұз қарға екені әлі есімде), төбеге қарай лақтырып жібердім. Жұрт тына қалды. Бәрінің көзі енді картаға қарай ауды – екпінімен жоғары көтерілген тұз қарға бірнеше мәрте қиғаштай аударылып барып жерге түсті. Осы кезде Вулич шүріппені басып қалды. Пистолет от алмады!


– Құдайға шүкір,– деп бірнеше адам қатарынан дауыстап жіберді,– қару оқталмаған екен!


– Дегенмен тағы бір сынап көрелік...


Осылай деді де Вулич пистолеттің құлағын қайтадан қайырды. Терезенің жоғарғы жағында ілулі тұрған өзінің фуражкесін көздеп, шүріппені басты. Пистолет гүрс етіп атылды. Бөлменің іші түтінге толып кетті. Түтін сейілгеннен кейін фүражкені алып қарадық – оқ бас киімді тесіп өтіп, қабырғаға сіңіп кеткен екен!


Үш минутке жуық еш адам дыбыс шығармады. Осы аралықта Вулич сабырлы қалыпта асықпастан, стол үстіндегі ақшаны өзінің әмиянына салып жатты.


Сәлден соң қайта дабырласып алғашқы кезде пистолеттің неге от алмағанын айта бастадық. Біреулер бұны дәрінің ылғал болғандығынан көрсе, екіншілері сыбырлай сөйлеп: «Вулич қаруды ауыстырып үлгірді»- деп жатты. Оларға бұл ойларының дұрыс еместігін айтуыма тура келді, мен пистолеттен көз алмаған болатынмын.


– Сіз ұттыңыз!– дедім Вуличке.


– Өмірімде алғашқы рет,– деді ол риза кейіппен,– бұл «банк» пен «штосқа»[7] қарағанда тиімді екен.


– Оның есесіне қауіпті де ғой...


– Мүмкін... Сіз жазмышқа әлде де сенбей тұрсыз ба?


– Енді сенетін болдым,– дедім,– бірақ не себептен екенін білмеймін, сіз маған өлетін адамдай болып көрінген едіңіз...


Жаңа ғана сабырлы түрде өз самайына пистолеттен оқ атқан адам енді табан астынан ашулана кетті.


– Жетер!– деді ол орнынан атып тұрып,– бәс тігу менің пайдама шешілді, енді сіздің әзіліңізді орынсыз деп есептеймін... – Осылай деді де оқ тескен фуражкесін басына киіп алып шығып кетті. Мен оның бұл қылығына таң қалған едім – оным бекер болмай шықты!..


Біз Вуличтің ісін біразға дейін талқыға салдық, содан кейін ғана тарқай бастадық. Бәрі де мені құптамаған болатын, яғни бәс тігу арқылы мен адамды өлімге итермелеген болып шықтым (егер мен болмасам да ол осылай істеген болар еді деп ойлаймын).


Станицаның босап қалған көшелерімен пәтеріме қарай аяңдап келе жатырмын; қызғылт түске малынған толық ай үйлердің шатырынан жоғары көтеріліп келеді; қоңырқай аспанда мың-сан жұлдыздар жымың қағады; осыларға қарап аспан денелерінің адамдардың тағдырына әсер етуін, яғни жер бетіндегі тіршілік пен аспан әлемі арасында байланыс бар деп сенген бабаларымызға іштей күліп келемін; бірақ кім біледі, осы сенім олардың мақсаттарына жетуі үшін күш-қуат беріп, ұлы істерге жетелеген де  болар; біз болсақ - қазіргі ұрпақ - ешқандай сенім мен нанымсыз өмір сүріп жатқандаймыз; жалпы адамзат үшін деп айтпай-ақ қоялық, тіпті өзіміздің жеке тірлігіміз үшін де батыл істерге бара бермейтініміз анық. Басыма шым-шытырық ойлар келеді (мейлі, келе берсін, мен оларды еш уақытта тежеген емеспін), бұның ақыры неге апарып соғар екен?.. Бозбала кезімде мен арманшыл едім, неше түрлі кейіпкерлерге еліктедім, олардың әрқилы бейнелеріне ұқсағым келетін... Қазір содан не қалды? Шынайы өмірде мүлдем басқаша болып шықты! Мазмұны белгілі кітапты қайта-қайта оқи бергендей өмір жалықтырып бара жатыр ма, қалай?


Осы кештегі болған оқиға маған айрықша әсер еткен еді; тап қазір де  мен жазмышқа сенетінімді анық айта алмаймын, бірақ сол сәтте оған шынымен-ақ сенген едім; себебін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ болатын - бәрі менің көз алдымда өтті ғой; сондықтан мен бабаларымыздың астрология[8] туралы түсініктеріне қалай қарауды білмей бас қатырып келе жаттым; дегенмен мен өзімнің ешнәрсеге үзілді-кесілді қарсы болуға және құлай берілуге болмайды деген ұстанымым бойынша метафизиканы[9] былай ысырып тастап, қазіргі шаққа қайта оралған едім; мен жоғарыдағы ойдан дәл уақытта арылған екенмін – тап осы кезде жұмсақ бір нәрсеге сүрініп кеттім. Еңкейіп қарағанымда - бұл кезде ай әжептәуір көтеріліп қалған еді - аяғымның астында жатқан... сіз не деп ойлайсыз?..  қылышпен қақ бөлінген шошқаны көрдім. Анықтап қарай бастағаным сол еді, жүгіре басқан аяқ дыбысы естілді; жақын жердегі шолақ көшеден екі казак жүгіре шықты; бірі менің қасыма келіп: «Шошқа қуып жүрген мас казак көзіңізге түспеді ме?»- деді; мен көрмегенімді айттым және оларға өліп жатқан шошқаны көрсеттім.


- Ай, қарақшы-ай!– деді екінші казак,- чихирьге[10] тойса болды, қолына ілінгеннің бәрін қирата бастайды. Жүр, Еремеич, тауып алайық, әйтпесе тағы бірдемені бүлдіріп жүрер...


Олар кетіп қалды. Мен жәй басып пәтеріме беттедім. 


Станицада бір кәртамыс урядниктің үйінде тұрып жатқанмын. Қожайын өте мейрімді әрі аққөңіл жан болатын, оны осы мінезіне бола ұнататынмын. Оның үстіне әсем де ойнақы Настя атты қызы бар еді.


Бойжеткен иығына жылы орамалын жамылып есік алдында отыр екен; ай сәулесі оның бетіне түсіп тұр, әдемі еріндері түнгі салқыннан бозғылт тартқандай; мені көріп күлімсіреген еді, мен: «Қайырлы түн, Настя»,- деп қасынан өте шықтым. Ол бірдеме айтқысы келді де... күрсініп қала берді.


Есікті жауып шырақты жақтым да, төсегіме құлай кеттім. Ұйқы бірден келе қоймады (бұл кезде таң атуға жақын қалған болатын). Тағдыр маған бұл түні ұйықтауға жазбаған екен, көзім іліне бере терезені біреу қатты қаға бастады. Мен ұшып тұрдым. Бұл не?.. «Тұр... Тез шық...» - деген дауыс естілді. Тез киіндім де далаға шықтым. «Не болғанын білесің бе?» - деді мені оятуға келген үш офицер қатарынан; олардың бет-әлпеттері аппақ қудай болып кетіпті.


- Не болды?


- Вуличті өлтіріп кетті...


Мен не дерімді білмей тұрып қалдым.


- Ия, өлтіріп кетті!– деп жалғастырды қасындағы жарыса сөйлеп,- тез барайық.


- Қайда барамыз?


- Жолда түсіндіреміз... 


Жүріп келеміз. Олар осыдан жарты сағат бұрын ажал аузынан аман қалған адамның қалай өлгенін баяндап келеді. Вулич қараңғы көшемен жалғыз қайтып келе жатады; осы кезде оған мас казак кез болады (бұл, шамасы, шошқаны шауып өлтірген казак болса керек); казак өтіп кетер ме еді, қайтер еді, Вулич ілгі казакқа қарап: «Кімді іздеп жүрсің, бауырым»- депті. «Сені!» - деген казак қолындағы жалаң қылышпен оны басынан шауып жіберген... Осы кезде маған кезігетін екі казак жетіп үлгіріп, құлап жатқан Вуличті көтеруге әрекет жасаған екен, ол: «Оның айтқаны келді!»- депті де... көз жұмыпты; бұл сөздің кімге арналғанын мен ғана түсінген едім - ол мен туралы айтқан еді; сезімім алдамапты, оның өлерін жарты сағат бұрын айтқан екенмін.


Вуличті өлтірген казак станица шетіндегі бір егесіз үйге барып паналаған екен, солай қарай бет алдық. Халық ағылып жатыр (іштерінде жылап жүрген әйелдер де бар), көше абыр-сабыр.


Біз келіп жеткен уақытта үйдің айналасында халық жиналып қалған екен. Офицерлер мен казактар өзара дабырласып әңгімелесіп тұр. Әйелдердің арасында бір кемпір айрықша көзге түседі: екі қолымен басын айқара ұстап бөрененің үстінде теңселіп отыр: бұл әлгі казактің анасы екен. Еріндерін жыбырлатып бірдемені күбірлейді: шамасы құдайға жалбарынып отырса керек.


Қалай болғанда да қылмыскерді қолға түсіру керек еді, бірақ соы бастауға ешкімнің батылы жетпей тұрған сияқты.


Мен терезеге жақын келіп, саңлаудан ішке үңілдім: казак қолына пистолетін қыса ұстаған күйі жерде етпетінен жатыр; қасында қанға боялған қылышы бар; жан-жағына алақтап қарап қояды: арасында қос қолымен басын қапсыра қысады, соған қарағанда не бүлдіріп қойғанын өзі де түсіне алмай жатса керек.


Жағдайды байқағаннан кейін майордың қасына келдім. Уақыт өткізбей тез қимылдау керек екенін, арасы ұзаған сайын оның қауіпті бола бастайтынын айттым.


Осы кезде есаул есікке жақындап келіп, оның атын атады.


– Күнәһар болдың, Ефимич,– деді,– енді қарсыласудың қажеті не, беріл!


– Берілмеймін!– деді казак.


– Құдайдан қорықсаңшы... Сен чешен емес, христиансың ғой. Сайтан азғырып күнә жасаған екенсің, енді мойында... Жазмыштан қашып құтыла алмайсың!


– Берілмеймін!– деп казак ызалана қайталады, сосын қаруының құлағын қайырған дыбысы естілді.


– Ей, анасы!– деді есаул енді кемпірге қарап,– балаңмен сөйлесіп көрсеңші, мүмкін, сені тыңдар... Қарсыласқаннан түк пайда жоқ екенін неге түсінбейді?


Кемпір мағнасыз кейіпте оған ұзақ қарады да... басын шайқады.


– Василий Петрович,– деді есаул майорға жақын келіп,– ол берілмейді, мен оны жақсы білемін. Есіктен кірер болсақ, көбімізді жайратып салуы мүмкін... Атып тастасақ қалай болады? Мен терезе жақтан саңлау көрген едім...


Осы кезде менің басыма ғажайып бір ой келді. Вулич сияқты мен де өз тағдырымды сынап көрсем қалай болады?


– Кідіре тұрыңыз,– дедім майорға,– мен қазір тірілей қолға түсіруге әрекеттеніп көрейін.


Есаулдан әңгімесін жалғастыра беруді өтіндім. Қасыма үш казакты ертіп алып (олар маған жәрдемге ұмтылуы керек еді), үйді айналып өттім. Терезеге жақындадым. Жүрегім қатты соға бастады.


– Ақымақ-ау,– есаул оны әдейі сөзге алаңдатып тұр,– немене, біздерді мазақ еткің келе ме?.. Әлде, қолға түсіре алмайды деп ойлайсың ба?..


Мен саңлаудан казактың әр қимылын бақылап тұрмын. Ол арқа жақтан қауіп күтпейтін сияқты. Осыған көзім анық жеткеннен кейін, терезеден ішке қарай баспен сүңги жөнелдім. Атылған оқ эполетімді жұлып, құлағымның түбінен зу етіп өте шықты. Бөлменің ішін түтін алып кетті. Осы кезде қылышын таба алмай қалған болу керек, мен оның қарусыз қолына жармастым. Қасымдағылар да көмекке жетіп үлгірді, арада үш минут уақыт өтпей-ақ қылмыскерді байлап тастадық. Офицерлер мені құттықтап жатыр – олардың құттықтауы, әрине, орынды болатын!


Осыдан кейін жазмышқа қалай сенбейсің? Бірақ, солай да болса, түбегейлі сенуге бола ма деген күдігім тағы бар... Себебі, біз кейде бір сәттік әсерге беріліп, іс-әрекетімізді жазмышқа балап жататынымыз да бар ғой! 


Мен қандай нәрсеге болмасын күдікпен қарауды ұнататын адаммын - бұл батыл болуға, тез арада шешім қабылдауға еш кедергі жасамайды. Керісінше, алдымда не күтіп тұрғанын білмеген жағдайда, менің шұғыл қимыл жасайтын әдетім бар.


Қамалға оралғаннан кейін басымнан өткен осы оқиғаны Максим Максимычке айтып берген болатынмын. Жазмыш жөнінде оның не ойлайтынын білгім келген еді. Алғашқыда ол пікірін ашып айтпады.


– Қиын сұрақ... Дегенмен азиялық қарулардың уақтылы майланбаған жағдайда немесе шүріппені дұрыс баспаған кезде от алмай қалатыны бар; шынымды айтсам, черкестердің отқаруларын ұнатпаймын; олар бізге лайық емес - құндағы кішкентай,  абайламасаң, мұрныңды күйдіріп алуың мүмкін... Бірақ, қылыштары мақтауға тұрарлық!  


 Сосын аз ойланып отырып:


– Ия, бейшараға обал болған екен... Түн ішінде мас адамға тіл қатып несі бар еді!.. Маңдайына солай жазылған шығар...– деген қорытындыға келді.


Бұдан басқа ешнәрсе айтпады. Ол метафизикалық пікірталастарды онша жақтыра бермейтін еді.


2013 жыл


 ***


 Л.Толстой[11]


 Кавказ тұтқыны


 (болған оқиға ізімен)


 Кавказда Жилин атты офицер қызмет етті.


Бірде оған үйінен хат келді. Анасы былай деп жазыпты: «Мен қартайдым, балам! Өлер алдында сені көргім келеді, жағдайымды көріп кетсеңші. Саған қалыңдық таңдап қойдым - әрі көрікті, әрі ақылды, байлығы да бар. Егер ұнатып жатсаң, мүмкін, қалып та қоярсың». 


Жилин хатты алды да ойға шомды: «Шынында да анамды көре алмай қалуым мүмкін ғой. Барайын, егер қалыңдық ұнап жатса, несі бар, үйленуге де болады».


Осылай ойлаған Жилин полковниктен демалыс сұрады. Сосын жолдастарын шақырып, оларға жолаяқ жасап, жолға жиналды.


Кавказда ол кезде соғыс жүріп жатқан еді. Қамалдың сыртына шыққан бірен-саран орыстарды татарлар өлтіріп кететін, болмаса тауға алып кетеді. Жол жүру өте қауіпті болатын. Сапарға шыққан адамдарды бір қамалдан екінші қамалға қарулы солдаттар күзетіп алып барушы еді.


Жаз айы. Солдаттардың қоршауындағы арбалы керуен таң ата жолға шықты. Жилин салт атпен келе жатыр. Жүктері арбада.


Жиырма бес шақырымдай жол жүру керек. Керуен баяу жүріп келеді: кейде арбаның доңғалағы шығып кетеді, кейде солдаттар тоқтап қалады, тағы бірде аттар кедергі жасайды; бұндай жағдайда бәрінің де кідіріп, бірін-бірі күтулеріне тура келеді.


Күн сәскеден ауды, ал керуен әлі жарты жолға да жеткен жоқ. Шаң, қапырық ауа, аптап ыстық, көлеңкелер жер жоқ. Жолдың бойына ағаш өспеген, тіпті бұта да жоқ.


Жилин керуеннің алдыңғы жағында келеді. Арбалар тағы тоқтап қалды. Осы кезде Жилинге бір ой келді: «Неге жүре бермеске? Астымдағы атым жарамды, татарлар кездесіп қалса қашып құтыламын. Қалай қылсам екен?..».


Ойланып тұр. Осы кезде қасына Костылин атты офицер келді.



  • Өзіміз кете берсек қайтеді, Жилин. Мына ыстыққа шыдай алатын емеспін, қара терге түстім. Қарным да шұрқырап барады.


Денелі келген семіз Костылиннен тер шүмектеп ағып тұр.



  • Мылтығың оқтаулы ма?

  • Ия, оқтаулы.

  • Онда кеттік! Бірақ, келісім былай болсын – біз бір-бірімізден ажырамауымыз керек.


Олар жолға түсіп жүріп кетті. Айнала көз жетер жерге дейін ашық далалық еді. Сәлден соң жол екі таудың арасындағы шатқалға келіп тірелді. Осы кезде Жилин:



  • Биікке шығып айналаны қарап алайық. Мына жықпылдың арасынан біреулер шыға келсе, көрмей қалармыз,- деді.

  • Несіне қараймыз? Жүре бермейміз бе?.


Жилин оны тыңдамады.



  • Жоқ,- деді,- сен осы жерде тұр, мен қарап келейін.


Тебіне түсіп биікке беттеді. Аты жарамды болатын (құлын кезінде 100 сомға сатып алып өзі бас білдірген еді), қырға ойнақтап шыға келді. Қалай шықты – солай алдынан татарлар кез бола кетті.  Отызшақты атты татар мұны көре сала мылтықтарын суырып алып, қиқулай тап берді. Атына қамшы басып ойға қарай құлдилай жөнелген Жилин Костилинге қарай айқай салды:



  • Мылтығыңды дайында!


Ал өзі ішінен күбірлеп келеді: «Тұлпарым, алып шыға көр! Тек сүріне көрме, менің жаным енді сенің қолыңда! Мылтыққа жетсем бұларға алдыра қоймаспын».


Костылин татарларды көру бойына қаша жөнелген еді, көтерілген шаңнан атының құйрығы ғана бұлғаң-бұлғаң етіп барады.


Жилин жағдайдың қиын екенін түсінді. Мылтығы арбада қалған еді, жалғыз қылышпен не істей алады? Атын барынша қамшылап керуенге қарай жанұшыра шауып келеді. Татарлар да қалысар емес, тіпті бірнешеуі алдын орай бастады. Байқап келеді – ақбоз ат мінген жирен сақалды айқай салып мылтығын кезенді. Бірақ атпады.


«Ия,- деп ойлады Жилин,- тірідей ұстағылары келеді екен ғой. Өлмей беріспеспін сендерге!».


Жилин шағын денелі болғанымен шымыр еді. Қылышын қынынан суырып, жирен сақалдыға қарай тап берді. «Атпен бастырып өтейін, болмаса қылышпен шабармын».  


Жилин қылышын сілтей бергенде ту сыртынан атылған мылтықтың даусы естілді. Оқ атқа тиген болу керек, астындағы аты мұрттай ұшты. Жилин аяғы үзеңгіден шықпаған күйі құлаған аттың астында қалды.


Дереу босануға талпынған болатын, бірақ үлгіре алмады. Екі татар аттарынан секіріп түсіп бұған жабыла кетті. Оларға бой бере қоймап еді, тағы үшеуі келіп қосылды. Біреуі мылтығының құндағымен басынан ұрды. Қатты соққыдан көзінің алды бұлдырап кетті. Татарлар дереу қолын артына қайырып байлап тастады. Бас киімі мен етігін шешіп алды. Қалталарын ақтарып, ақшасы мен сағатын алды.


Атына қарап еді, аяғын серпіп жатыр екен. Оқ басынан тиіпті, аққан қан топырақпен араласып қап-қара болып көрінеді. Татарлардың бірі ер-тұрманын сыпыра бастады. Аяғын серпуін қоймағаннан кейін қынынан қанжарын алды да, аттың сағағына тақап тұрып орып жіберді. Ат қырылдаған дауыс шығарып барып аяғын соңғы рет бір серпіді. Сосын тына қалды.


Жирен сақалды татар Жилинді артына мінгестіріп алды. Құлап қалмас үшін беліне мықтап байлап тастады. Сосын тауға қарай алып кетті.


Қырдан қыр асып, төбеден төбеге көтеріліп бұлар ұзақ жүрді. Бір өзенді кесіп өтті. Жилин жолды аңғарғысы келген еді, бірақ көзінің алды баттасқан қан, ешнәрсе көре алатын емес. Сүртейін десе қолдарын артына қайырып тас қылып байлап тастаған. Татардың киімінен тер сіңген қолаңса иіс шығады. 


Қас қарая тағы бір өзенді кешіп өтті. Ұзамай құлақтарына үрген иттердің дауыстары келді. Ауыл көрінді.


Татарлар аттарынан түсу бойына Жилинді ауыл балалары қоршап алды. Мәз-майрам болған олар қызықтап қарай бастады. Кейбір батылдаулары тіпті оны таспен атқылауға кірісті. Жирен сақалды татар біреуді дауыстап шақырған еді, ұзамай үстінде жыртық көйлегі бар жалпақ бет ноғай көрінді. Татар әлгі ноғайға өз тілінде бірдеңе айтты. Ол тез барып кісен мен бұғау алып келді.


Жилиннің қолына кісен салды. Аяғына ағаштан жасалған бұғау кигізіп, сарайға апарып қамап тастады. Жилин малдың қиы сасыған қара топыраққа құлай кетті.


Түні бойы көз ілген жоқ. Жазғы түн тез өте шықты – айнала жарық бола бастады. Осы кезде ол орнынан тұрып саңлаудан сыртқа көз салды.


Жол көрінеді. Жолдың оң қапталында жанында екі түп ағаш өскен үй тұр. Есіктің алдында бір ит жатыр, одан әрі құйрықтары шошайған ешкі-лақтар жүр.


Беткей жақтан жас татар қызы көрінді. Қасында кешегі ноғай бар. Тал шыбықтай бұрала басып, төбесіне көтерген құмырасын бір қолымен демеп келеді. Қыз үйге жақындаған кезде алдынан үстіне жібек бешпет жамылған, белінде күміс сапты қанжары бар жирен сақалды татар шықты. Бір-екі рет керіліп алды.  Ноғайға бірдеме айтты да, үйіне кіріп кетті.


Жайдақ атқа мінген екі бала өтті. Өзеннен суғарып келе жатқан болулары керек, аттардың сирақтары мен сауырларының түсі өзгерген, су кешкендері байқалады.


Сарай маңына балалар тағы жинала бастады. Кейбіреулері саңлаудан ішке ши жүгіртуге кірісті. Жилин дауыстап жіберген еді, бәрі жан-жаққа тарыдай бытырап, табандары жалтырап қаша жөнелді.


Жилинді шөл қысып барады. Кім болса да келсе екен деп тіледі. Осы кезде бір адам есіктің құлпын аша бастады. Ішке кешегі келген жирен сақалдыға қосыла қараторы өңді, қара көзді, шоқша сақалды татар келіп кірді. Бейтаныс адам әсем киінген екен: көгілдір жібектен бешпенті бар, белінде күмістелген қанжар, аяғында қызғыш былғарыдан тігілген жеңіл етік. Басында ақшыл марқа қозының терісінен тігілген биік баскиім. Көңілді.


Жирен сақалды кірген бойда сөйлей жөнелді, ұрысып тұрған сияқты; бір қолы қанжарында – қозғап-қозғап қояды; Жилинге қалың қабағының астынан қасқырша ызалана қарайды. Ал қараторы татар болса қарсы алдына малдасын құрып отырып алған, тістерін ақсита күліп бұған өз тілінде бірдеме деп былдырлайды.  Бар түсінгені «корошо урус» болды.


Басқа сөздеріне түсінбеген Жилин: «Су... Су беріңдер»- деді. Қараторы татар әлі күліп тұр, бар айтатыны: «корошо урус».


Жилин шөлдегенін ыммен түсіндіре бастады.


Қараторы түсінген сияқты. Күлді де, есік жаққа қарап біреуді шақырды: «Дина!»


Сарайға 12-13 жас шамасындағы жас қыз жүгіріп кірді. Өзі бейтаныс татарға қатты ұқсайды екен (шамасы, соның қызы болса керек) - көзі мөлдірдей қара, бет әлпеті сүйкімді. Үстіне ұзын жеңді мол көйлек киген. Аяғында биік өкшелі аяқкиім. Мойнына күміс тиындардан алқа тағынған. Жалаңбас. Қап-қара шаштарын өріп қойған. Бұрымдарының ұшынан бір сомдық күміс тиын жарқырап көрінеді.


Әкесі бұйрық берді. Қыз жүгіре басып шығып кетті де, ішке құмыра алып кірді. Құмыраны Жилинге ұсынды. Өзі қарсы алдына малдасын құрып отыра кетті. Жилинге жабайы аң көргендей таңдана қарайды.


Жилин суды ішіп болып құмыраны қызға қайта ұсынды. Осы кезде қыз орнынан лақша атып тұрып қаша жөнелді. Оның бұл қылығына, тіпті, әкесі де күліп жіберді. Қызды тағы жұмсап еді, бұл жолы қыз Жилиннің алдына дөңгелек тақтайшаға салып нан әкеліп қойды. Өзі жерге отырып алып Жилинге қызыға қарауға кірісті.


Татарлар шығып кеткеннен кейін есік аузына әлгі ноғай келді.



  • Айда, қожайын, айда!


Жилин бір жаққа шақырып тұрғанын түсінді.


Аяғын ақсаңдай басып ізіне ерді (бұғаумен жүру қиын). Оншақты үйлі татар ауылы, ортасында биік мұнаралы мешіт көрінеді. Бір үйдің алдында ерттеулі үш ат тұр. Үйден бағанағы бейтаныс қараторы татар шықты. Бұларға қарай қолын бұлғады. Бірдеме айтты да, қайтадан ішке кіріп кетті.


Бұлар үйге кірді. Бөлме әжептәуір кең екен, қабырғалары тегіс етіп сыланған. Бір қабырғада киімдер, екі қабырғада қымбат кілемдер ілінген. Кілемдердің бетінен күмістеліп жасалынған әртүрлі қару-жарақтар көзге түседі. Бір қапталында аласа пеш бар екені байқалады. Бөлменің едені жер, солай да болса таза. Жерге киіз төселген, үстіне кілем жайылған. Құс жастықтар тасталған кілемнің үстінде татарлар жайғасып отырып алған: жирен сақалды мен қараторыдан басқа тағы үш татар отыр. Бәрі де алдарындағы ағаш дастарханға қойылған тағамды жеу үстінде. Саусақтарының арасынан аққан майды анда-санда жалап қояды. Дастархан үстінде  құмыраға құйылған боза – татарлардың сырасы тұр. 


Жалшы Жилинді есікке таяу жерге отырғызды. Өзі аяқкиімін шешіп, қожайындардан төменірек киіздің шетіне жайғасты. Тамаққа бірден қол салған жоқ. Түкірігін жұтынып отыр.


 Татарлар ауқаттанып болды. Осы кезде ішке татар әйелі келіп кірді. Дастарханды жинап әкетті. Қолына шылапшын мен құмыра ұстап қайта кірді. Қонақтардың қолдарына су құйды. Қолдарын жуып болған татарлар құран оқуға кірісті. Оқып болғасын беттерін сипасты.


Өзара әңгімелесіп отыр. Сәлден соң қонақтардың бірі Жилинге қарап орысша тіл қатты.



  • Сені,- деді,- Қази-Мұханбет ұстады,- иегімен жирен сақалдыны нұсқады,- Қази-Мұханбет Абдулмұратқа берді,- қолымен қараторы татарды көрсетті,- енді сенің қожайының Абдулмұрат болмақ.


Жилин үнсіз отыр.


Абдулмұрат сөйлей бастады, арасында қолымен Жилинді көрсетіп қояды. Көңілді. Жилиннің бар түсінгені: «солдат урус, корошо урус».


Аудармашы аударып отыр: «Ол саған  үйіңе хат жаз дейді. Ақша төленсе басыңа бостандық беріледі».


Жилин ойланды да жауап қатты: «Қанша сұрайды?»


- Үш мың сом.


- Болмайды.- деді Жилин,- мұндай ақшаны төлей алмаймын.


Абдул орнынан атып тұрды. Жилинге қарай қолын сермеп сөйлей жөнелді. Шамасы Жилинді түсінеді деп ойласа керек. Тілмаш: «Қанша төлей аласың?»- деді.


Жилин ойланды да былай деді: «Бес жүз сом».


Татарлар даурығысып кетті. Абдул жирен сақалдыға қарай аузынан түкірігі шашырай айқай салды. Жирен сақалды шегіншектеп, басын шайқай берді.


Бәрі басылған кезде тілмаш Жилинге түсіндірді:



  • Бес жүз сом аз дейді. Қази-Мұханбет Абдулға үш мың сом қарыз болған. Сені қарызының өтеміне беріп отыр, бұдан төмен түсіруге болмайды. Келіспесең дүре соғады және зынданға тастайды.


«Е-е,- деп ойлады Жилин,- бұлардың айтқанына көнсең, не сұрамайды дейсің».


Ол орнынан атып тұрды:



  • Сен айт ол итке! Егер мені қорқытпақ болса, бір тиын да ала алмайды. Тіпті хат та жазбаймын. Сендерден бұған дейін қорыққан емеспін, әлде де қорықпаймын.


Тілмаш аударып берді. Бәрі қайтадан дуылдасып шуласа жөнелді. Көп даурығысты. Ақыры қараторы татар орнынан тұрды. Жилиннің қасына келді.



  • Нағыз жігіт екенсің!- деді. (Жилин «жігіт» деген сөзді түсінді.) Сосын сөзін әрі қарай жалғастырды. Аудармашы: «Мың сом сұрайды»- деді.


Жилин өз дегенінен қайтқан жоқ:



  • Бес жүз сом! Бұдан артық берерім жоқ. Өлтіретін болсаңдар бұны да ала алмайсыңдар.


Татарлар жалшыны бір жаққа жұмсап жіберді. Өздері тынышталып, біреуді күтіп отырғандай есік жаққа көз тігіп қояды.


Жалшы кірді. Онымен бірге үсті алба-жұлба, жалаңаяқ-жалаңбас, толық келген бір адам ішке енді. Аяғында бұғау. Жилиннің таңданғаннан даусы шығып кетті – бұл Костылин еді. Оны да ұстап алған екен. Екеуін қатар отырғызды.


Абдул Костылинды қолымен көрсетіп Жилинге бірдеме айта бастады. Аудармашы аударды: «енді екеуі бір қожайынның қарамағында болады, қайсысы бұрын төлейді, соны бұрын босатады».



  • Мынау,- дейді Костылинді көрсетіп,- хат жазып берді. Бес мың сом төлейтін болды. Бұны енді жақсы тамақтандыратын болады, ренжітпейді. Ал сенің неге келіскің келмейді?

  • Бұның,- деді Жилин,- байлығы бар шығар, менде ондай байлық жоқ. Өлтірем десеңдер өздерің біліңдер, бес жүз сомнан артық берерім жоқ!


 Бәрі үнсіз қалды. Кенет Абдул орнынан ұшып тұрды. Қасындағы кішкене қобдишадан қағаз бен қалам алды. Жилинге ұсынды.



  • Жаз!- деді,- бес жүз сомға келістім!


- Тоқтай тұрыңыз...- деді Жилин тілмаш татарға қарап,- оған айтыңыз – бізді адам сияқты киіндіріп, тамақтандырсын. Сосын екеумізді бір жерде ұстасын және бұғауды алсын. Сонда ғана мен хат жазуға келісемін.


Жилиннің қойған шартына Абдул шамданған жоқ.



  • Жарайды,- деді,- киім де береміз, жақсылап тамақтандырамыз да. Екеуің бірге тұрасыңдар, бірақ бұғау алынбайды, түнде ғана босатамыз.


Жилинді арқасынан қақты: «Иван корош, Абдул корош!»


Жилин хат жазды. Бірақ хатты үйіне баратындай етіп жазбады, ойдан құрастырған мекен-жайға жаза салды. Ал өзі ішінен: «Бәрібір қашып кетемін ғой»- деп ойлады. 


Екеуін қайтадан сарайға әкеліп қамады. Бұл жолы астарына сабан, үстеріне ескі-құсқы киім, аяқтарына солдаттың етігін берді (өлген солдаттан шешіп алған болулары керек). Нан мен бір құмыра су әкеліп қойды. Түнге қарай аяқтарындағы бұғауларын алып, есікке құлып салды.


Бұлар осылай бір ай тұрды. Қожайын көңілді еді. Айтатыны: «Иван корош, Абдул корош». Бірақ тамақ жөніндегі уәдесін орындамады. Беретіндері тарының ұнынан пісірілген құрғақ шелпек және су. Кейде наны шикі болып келеді.


Костылин үйіне тағы хат жолдады. Күні бойы хабарды сарыла күтумен болады немесе ұйқыға кіріседі. Жилин жазған хатына жауап келмесін біледі, екінші рет хат жазған жоқ.


«Анам ақшаны қайдан таппақ,- деп ойлады,- онсыз да менің жіберген ақшама өмір сүріп жатыр ғой. Құдай қолдаса қашып шығармын».


Өзі күні бойы ауыл аралайды. Қалай қашуды ойластырады. Арасында ермек үшін түрлі заттар жасайды - саздан ойыншықтар мүсіндейді немесе жас шыбықтардан қорап тоқиды. Тыным таппайды. Жилиннің қолынан келмейтіні жоқ еді.


Ол бірде балшықтан кішкене қуыршақ жасады. Оны татарша киіндірді. Сосын үйдің төбесіне шығарып кептіріп қойды.


Суға шыққан татар әйелдері қуыршаққа қарап таңдана өтіп  жатты. Қожайынның қызы да көрді. Құмырасын жерге қойып көз алмастан қарап тұр. Оның алғысы келген еді, бірақ батылы жетпеді. Жилин сарайдың саңлауынан қарап тұр – не болар екен?


Бір кезде Дина қуыршақты жыдам қолына алды да, жүгіре басып кетіп қалды.


Ертеңіне Динаның есігінің алдында қуыршақпен ойнап жүргенін көрді. Оны түрлі-түсті шүберектермен киіндіріп қойыпты. Алдына алып тербетіп, кәдімгідей әлдилеп қояды. Үйден кемпір шығып, ойнап отырған Динаның қолынан қуыршақты жұлып алды. Жерге ұрып сындырып тастады. Динаны жетектеп басқа жаққа алып кетті.


Осыдан кейін Жилин тағы қуыршақ жасады. Бұнысы алдыңғысынан да әдемі шыққан еді. Динаға берді.


Ертеңіне Дина қолына құмыра ұстап келді. Құмыраны сарай алдына қойып, өзі алыстау жерге барып отырды. Жилинге қарап күліп қояды және саусағының ұшымен құмыраны нұсқайды.


«Неге күледі?»- деп ойлады Жилин. Құмыраны қолына алып іше бастады. Су болар деп ойлаған еді - сүт екен. Жилин ішіп болып: «Жақсы!»- деді дауыстап. Дина мәз болып күлді.


- Хорошо, Иван, хорошо!- орнынан ұшып тұрып Жилиннің қолынан құмыраны алды да, қаша жөнелді.


Осыдан кейін Дина күн сайын жасырын сүт әкеліп беретін болды. Кейде ешкі сүтінен жасалған ірімшік әкеледі. Қожайыны бірде қой сойған еді – Дина жеңіне жасырып піскен ет әкеліп берді. Лақтырып жіберіп қаша жөнелді.


Бір күні қатты нөсер жауды. Жауын шелектеп құйған еді, сай-саланың бәрі суға толып кетті. Іші пысқан Жилин қожайыннан пышақ сұрап алды. Ағаштан ойып ойыншық жасауға кірісті. Алдымен кішкене доңғалақ жасады, оған қанатша қосты. Екі қуыршақ дайындады. Әлгі қуыршақтарды тақтайшаның бетіне орналастырып, астына доңғалақ бекітті. Сосын оны ағып жатқан судың жиегіне орнатты. Ағын су қалақшалы доңғалақты айналдырады, ал доңғалақ екі қуыршақты секіртеді, яғни билетеді.


Бүкіл ауыл жиналды. Балалармен қатар ересектер де көріп таң қалып жатыр. Таңдайларын қағып, бастарын шайқасады:



  • Ай, урус! Ай, Иван!


Абдулдың бұзылған сағаты бар екен, соны Жилинге көрсетті. Ымдап түсіндірді. Жилин:



  • Жөндеп көрейін,- деді.


Пышақ алдырып, ішін ашты. Барлық бөлшектерін тексеріп көрді. Қайтадан жинап еді, сағат сыртылдап жүріп кетті!


Қожайынның қуанышында шек жоқ. Жилинге ескі бешпент әкеліп берді. Түте-түтесі шыққан, киюге жарамсыз екен. Солай да болса алды. «Киюге жарамаса, жамылуға жарар»- деді ішінен.


Жилиннің атағы ауылға ғана емес, жақын маңайға да тарап кетті. Оған адамдар келе бастады: бірі мылтығын әкеледі, екіншісі сағатын көрсетеді. Осыдан кейін қожайын үйіндегі кейбір құралдарын әкеп берді: қысқаш, бұрғы, ара деген сияқты...


Бірде көрші тұратын татар ауырып қалып Жилинге адам жіберген еді. Жилин оның немен ауырғанын да, қалай емдеуді де білмейді, әрине. Бірақ көріп болып ойланды: «Онша қауіпті емес сияқты ғой, мүмкін өзі-ақ жазылып кетер». Суға топырақ қосып араластырды. Тұндырды. Суды ауруға әкеп берді. Татарлардың көзінше дем салды да ішкізді. Бір ғажабы – әлгі татар жазылып кетті.


Жилин бірте-бірте оларша түсіне бастады. Кейбірі бұған іш тартып «Иван, Иван!»- дейтін болды. Дегенмен көбісі бұрынғыша көз аларта қарайтын еді.


Жирен сақалды татар Жилинді ұнатпаушы еді. Көрген жерде бұрылып кетеді. Оның басқа ауылда тұратын туысы болды. Шағын денелі, құстүмсық; әжім басқан бетінде аппақ сақал-мұрты бар; кемиек аузында екі ғана тісі бар; үнемі тұнжырап жүретін осы шал анда-санда мешітке келетін еді. Басында сәлде, қолында таяғы болады. Осы шал Жилинді көрсе аш қасқырдай ызбарлана қарап, бірдеме деп күбірлейді де теріс айналып кететін.


Бірде Жилин тау беткейіндегі ауылға барды. Көше бойымен келе жатып ішінде шие мен шабдалы өскен үлкен баққа тап болды. Бақта омарта бар екен, айналасы гуілдеп ұшқан араларға толы. Жақындай бергенде өзіне таныс шалды көрді: ол тізерлеген қалпы күйбеңдеп бір нәрсе істеп жатыр (шамасы, бал жинап жатқан болу керек). Жилин кете бергісі келген еді, аяғындағы бұғауы тасқа соғылып сарт еткен қатты дыбыс шығарды. Шал жалт қарады. Сосын айқайлап жіберді де, пистолетін суырып алды. Жилинге қарай атып жіберді. Құдай оңдағанда мүлт кетті.


Ертеңіне шал Абдулға келіп шағым жасады. Абдул Жилинді шақырып алды. Бірақ онша ашулы емес, қайта күлімсіреп тұр.  


- Сен онда неге бардың?



  • Жәй... Көргім келген еді...


Қожайын үндеген жоқ, ал шал болса әлі басылар емес. Бірдемелерді айтып, Жилинге қарай қолын сермеп қояды. Айтқандарын түгел түсінген жоқ, түсінгені: «бұларды өлтіріп тастау керек!».


Шал кеткен соң Жилин қожайыннан оның кім екенін сұрады.



  • Ол кезінде үш әйелі мен сегіз ұлы болған белгілі бай; орыстармен болған соғыста жеті баласы оққа ұшты; өзі де көптеген орысты өлтірді; бірақ тірі қалған жалғыз ұлы орыстарға тұтқынға түсті, кейін соларға сатылып кетті; бұны білген шал өзі барып тұтқынға түсті; тұтқында жүріп баласын тауып алды; оны өз қолымен өлтіріп қашып келді; осыдан кейін соғысуды қойды; Меккеге барып қажы атанды. Шал сендерді жек көреді, менен екеуіңді де өлтіріп тастауды талап етіп отыр. Бірақ, Иван, сен маған қатты ұнап қалдың, мен сені өлтірмеймін. Ақшаңды төлеген күні бостандық аласың, мен саған уәде беремін. «Твоя Иван корош, моя Абдул корош!»- деп күлді Абдул.


Тағы бір ай өтті. Күндіз ауыл аралайды - біреудің онысын, біреудің мұнысын жөндеп береді. Түнімен, ел орынға жатқаннан кейін, жер қазуға кіріседі. Тастақ жер оңай қазыла қоймайды, сонда да болса қолындағы бар құралымен тыным таппайды. «Тек қана,- деп ойлайды,- қай бағытқа жүру керек екенін біліп алсам болғаны».


Абдул жоқ кезде қырдың басына шығып айналаны бағдарлағысы келеді. Қожайынның ұлы қасынан бір елі қалмайды, шамасы әкесі тапсырып кеткен болу керек.



  • Тау жаққа барма,- дейді,- әкем айтып кеткен. Тыңдамасаң халықты шақырамын!


Жилин баланы алдарқатуға кірісті.



  • Мен алысқа бармаймын. Ана төбені көріп тұрсың ғой, соның басына ғана шығамын. Дәрі шөп іздеуім керек. Екеуміз бірге барайық, мен бұғаумен ешқайда кете алмаймын. Саған ертең садақ жасап беремін, келістік пе?


Бала көнді. Екеуі тауға қарай бет алды. Былай қарасаң жақын сияқты, бірақ жеткізер емес; әрі бұғау да кедергі жасап келеді. Әзер дегенде қырдың басына шықты. Отырды да алдыңғы жағына көз салды. Еңісте жылқылар жайылып жүр. Төменіректе бір ауылдың қарасы көрінеді. Арғы жағында тағы бір тау бар. Онан әрі бәрінен биік тұрған, төбесінде аппақ қар жатқан биік шың. Аралығында көгілдірленіп орман алқабы көрінеді. Келген жағына қарады (орыстар осы жақта болу керек), төменде өзен ағып жатыр. Өзеннің бергі бетінде ауыл бар (өзі тұратын). Кішкене қуыршаққа ұқсаған әйелдер жағалауда кір жуып жатыр. Өзеннің арғы жағынан бір-біріне жалғасып жатқан бірнеше қырат көзге шалынады. Сол қыраттардың арғы жағында – алыста - тегістік жер бар сияқты. Жилин қамалда тұрған кезін есіне түсіре бастады. «Күн қай жақтан шығып, қай жаққа қарай батушы еді?» Есіне түсірді: сол тегістікте орыстардың қамалы болу керек! Ендеше қашқан кезде солай қарай, шығысты бетке ұстап жүрген дұрыс.


Осы ойға бекінгеннен кейін айналасын тағы бір шолып өтті. Күн еңкейе бастады. Тауда күн ерте батады, биік шыңның аппақ басы қызғылт реңге бояна бастапты. Төменнен жәйлап қана тұман көтеріліп келеді. Күншығыс жақ көрінбеуге айналды: қамал бар деп болжаған жағынан тұман ба, әлде түтін бе, соған ұқсас қою мұнар көзге шалынады.


Кеш түсті. Төменнен азан шақырған молданың даусы естілді. Өрістен қайтқан сиырлардың мөңірегені құлаққа келеді. Бала да тынышсыздана бастады: «Қайтайық!»- деп қояр емес. Ал Жилиннің қайтқысы келмейді.


Бірақ қашанғы отырады (әрі татарлардың сезіктеніп қалуы мүмкін ғой), ауылға қарай бет алды. «Бағдарды біліп алдым,- деп ойлады көңілденіп,- енді тездетіп қашу керек».


Оның осы түні-ақ қашқысы келген еді - айдың өлара кезі, түн қараңғы болатын - бірақ реті келмеді. Сол күні ауылда қайғылы оқиға болды. Бұрын татарлар жорықтан көбінесе мал айдап әкелетін еді: улап-шулап, азан-қазан болып оралатын. Бұл жолы олай болмады, мал орнына өлген адамды – жирен сақалды татардың бауырын алып келді. Ауыл тым-тырыс. Ертеңіне оны жерлеуге кірісті.


Көру үшін Жилин де далаға шықты. Ауылдың ақсақалдары (ортасында молдасы бар) түгел жиналды. Ақ матаға оралған марқұмның денесін биік шынар ағашының түбіне әкеліп қойды.


Молда бәрінің алдында тұр. Одан кейін сәлде ораған үш шал, олардан кейін татарлар қатарға тізілген. Бір кезде бәрі отырды. Бастарын төмен салды. Сосын қайтадан тұрды.


Осы кезде молда басын көтеріп:


- Алла!- деді.


Жалғыз ауыз сөз айтты да үнсіз қалды. Бәрі тым-тырыс. Осылай үш рет қайталанды. Соңында молда бетін сипады. Бәрі де беттерін сипасты.


Мүрдені абайлап көтеріп, алдын-ала дайындаған шұңқырдың қасына әкелді. Жайымен апарып шұңқырға түсірді. Баяғы жалшы ноғай бауланған қамыс алып келді. Қамыспен мүрденің бетін жапты. Сосын тездетіп шұңқырды көмуге кірісті. Бейіттің бас жағына тас қойды. 


Маңайын тазартып болғасын бейітті қоршай отырысты. Жирен сақалды татар ақсақалдарға ақша таратуға кірісті. Құран оқылып, бет сипалды. Осыдан кейін тарай бастады.


Ертеңіне семіз күрең байталды союға алып келді. Жирен сақал бастаған үш жігіт жылқыны ауыл шетіне алып шықты. Бірі бешпентін шешіп, жеңін қайырды. Қолына қанжарын алып қайрақпен қайрады. Сосын жігіттер жылқыны жығып салып бауыздап тастады. Еркектер терісін сыпырып жатқанда әйелдер мен қыздар ішек-қарынды бөліп алып тазалауға кірісті. Етті бөлшектеп болғасын, ішек-қарынға қоса жирен сақалдының үйіне алып кетті. Бүкіл ауыл сонда жиналды. Қаза болған адамның аруағына арнап құран оқылып жатқан сияқты.


Осы аза тұту үш күнге созылды. Татарлар үш күн бойы ет жеп, боза ішумен болды. Төртінші күні тағы жинала бастады. Ішінде жирен сақалды бар, оншақты адам аттарын ерттеп белгісіз жаққа аттанып кетті. Абдул ауылда қалды.


Жаңа ай енді ғана туып келе жатқан еді, түн әлі қараңғы болатын.


«Қашатын мезгіл жетті,- деп ойлады Жилин. Осы ойын Костылинге айтты, бірақ ол келісер емес.



  • Қалай қашпақшымыз, жолды білмейміз ғой.

  • Мен жолды білемін.

  • Түн ішінде жете аламыз ба?

  • Жете алмасақ орман ішінде паналаймыз. Мен нан дайындап алдым, екеумізге де жетеді. Татарлар қазір бұрынғыдай емес, адамы өлгеннен кейін қатты ызалы. Бізді тіпті өлтіріп тастаулары да мүмкін...


Костылин ұзақ ойланды. Ақыры көнді:



  • Жарайды.


Жилин тесікті кеңейтуге кірісті (Костылин үшін). Кеңейтіп болғасын, ауыл ұйқыға кеткенше, екеуі тым-тырыс күтіп отырды.


Ауыл тегіс ұйықтады-ау деген кезде тесіктен далаға бірінші болып Жилин шықты. Шықты да Костылинге жәйімен белгі берді: «Шық!». Костылин тырмысып шығам деп жатқанда аяғымен бір тасты қозғап жіберді. Домалаған тастың даусынан қожайынның иті – аты Лашын болатын - үріп ала жөнелді. Оған көршінің иттері қосылды, абалап басылар емес.


Үйден қожайынның даусы шықты:



  • Айт, Лашын! Айтақ!


Жилин итті өзіне үйретіп қойған болатын. Қасына келген Лашынға нан лақтырып еді, ит үргенін қоя қойды. Ол қойғасын басқа иттер де басылды. Қостылин демін ішінен алып жерде етпетінен жатыр. Жилин Лашынның тамағынан, құлақ түбінен қасып тыныштандырып отыр. Ит құйрығын бұлғаңдатып Жилиннің аяғына сүйкеніп, қолын жалап қояды.


Бәрі тынышталды. Қорадаға қамаулы қойлар ғана анда-санда маңырап қояды, алыстан өзен суының сылдыры естіледі. Түн тастай қараңғы; аспанда мың-сан жұлдыз жайнап көрінеді; қырқадан жаңа туған айдың сүйір ұшы көріне бастады. Еңістен бозғылт тұман көтеріліп келеді.


Жилин орнынан тұрды. Костылинге қарады: «Кеттік, бауырым!»


Қозғала бергендері сол еді, мешіт жақтан азан шақырған дауыс естілді: «Бисмилла-иррахмани-иррахим!» Енді халық мешітке қарай ағылуы тиіс. Бұлар бұға қойды. Адамдар өтіп болғанша күтті. Қайтадан тыныштық орнады.


«Құдай жар болсын!». Шоқынып алып жүріп кетті. Еңіске түсті. Өзенді кешіп өтіп, арғы бетіне шықты. Жер бетін қалың тұман басқан, бірақ жоғарғы жағы ашық, төбеден жұлдыздар анық көрінеді. Жилин жұлдызға қарап бағдарлап келеді. Шамалы жүргеннен кейін етігі аяғын қажай бастады, жүру қиындай түсті. Етігін шешіп тастап жалаңаяқ жүрді. Костылин кейін қала бастады.



  • Жайырақ жүр,- дейді Жилинге,- етігі құрғыр аяғымды қажап, жүргізер емес.

  • Шешіп таста!


Костылин жалаңаяқтанып жүріп көріп еді, табаны мен өкшесін тасқа жырғызып, аяғын мүлдем баса алмай  қалды.



  • Ештеңе етпейді, жара жазылады ғой. Ал егер ұстап алса, өлтіріп тастайтыны анық,- деп Жилин жұбатып жатыр.


Костылин қайтадан жүре бастады. Күңкілдеп келеді. Олар жазықпен ұзақ жүрді. Бір кезде оң жақтан үрген иттің даусы естілді. Жилин тың-тыңдады, сосын биікке шығып қарап келіп:



  • Әттеген-ай,- деді өкініп,- біз оңға қарай ауытқып кетіппіз. Бұл жақта ауыл бар, мен тау басына шыққанда көргенмін. Енді қайтадан төменге түсіп, орманға қарай жүруіміз керек.


Костылин:



  • Аз ғана дем алайықшы, аяғымды тас ойып тастады, жүре алар емеспін..,- деп қояр емес.

  • Жазылып кетеді, бауырым. Сен мына мен сияқты секіріп-секіріп жүріп көр.


Осылай деп ойға қарай жүгіре жөнелді. Костылин әзер ілесіп келеді. Сүрініп-қабынып екеуі орманға жетті. Ағаштардың арасына келіп кірді. Онсыз да жыртық киімдерін енді бұталар іліп сау-тамтығын қалдырмауға айналды. Орман арасындағы жалғызаяқ соқпақ жолмен жүріп келеді.


Бір кезде ат тұяғының дыбысы естілгендей болды.



  • Тоқта!


Демдерін іштерінен алып тыңдап тұр. Тұяқтың дыбысы тына қалды. Бұлар қозғалды. Осы кезде әлгі дыбыс тағы қайталанды. Бұлар жүрсе жүріп, тұрса тұратындай. Жилин дыбыс шыққан жаққа еңбектеп жақындап еді, әлсіз ай жарығынан бірдеме қарайып көрінді. Не нәрсе екенін аңғару қиын. Ат дейтін ат емес, адам дейтін адам емес - құбыжық бірдеме. «Бұл не ғаламат?» Жилин жәйлап ысқырған еді, әлгі құбыжық пысқырып жіберді де, тұра қашты. Ағаштардың бұтақтарын сындыра сатырлатып безіп барады.


Костылин қорыққанынан жерге құлап түсті. Ал Жилин күліп жатыр:



  • Бұғы екен ғой! Біз одан қорықсақ, ол бізден қорқып жүр.


Тағы жүріп кетті. Дұрыс келе жатыр ма, әлде бұрыс па, білмейді. Оның үстіне түн тастай қараңғы, ешнәрсені бағдарлап болар емес. Жилиннің ойынша оларды осы жолмен әкелгенге ұқсайды. Олай болса әлде де оншақты шақырым жол жүру керек.


Ашық алаңқайға шықты. Осы кезде Костылин жерге отыра кетті:



  • Сен не істесең ол істе, мен енді жүре алмаймын,- деді.


Жилин жалына бастады. Костылин көнер емес. Ақыры Жилин:



  • Қош бол! Мен онда жалғыз кеттім!- деді.


Костилин орнынан әзер дегенде тұрып, тәлтіректей басып ізіне ерді. Осылай төрт шақырымдай жүрді. Тұман қалыңдай түсіп, жұлдыздар көрінбеуге айналды.


Тағы да ат тұяғының дыбысы естілгендей болды. Жилин жерге жата қалып тың-тыңдап еді, тасқа тиген ат тұяғының дыбысы анық естілді.



  • Шынында да аттылы адамдар келе жатыр.


Бұлар жолдан шығып, бұтаның арасына барып жасырынды. Жилин қарап отыр – бір аттылы татар сиыр айдап келеді.  Мұрнының астынан бірдеме деп күбірлеп қояды. Өтіп кетті.


Жилин Костылиннің қасына келіп:



  • Құдай сақтады!- деді,- енді бұл жерден тездетіп кетуіміз керек.


Бірақ Костылин орнынан тұрмады.



  • Құдай үшін, мені қинамашы...Шамам жоқ!


Осылай деп жерге жата кетті. Жилин оны күштеп тұрғызбақ болған еді, Костылин айқайлап жіберді:



  • Ой-бай!!! Ауырады!..

  • Тиыш! Неге айқайлайсың? Татар әлі ұзаған жоқ қой, естіп қояды.


Өзі ішінен ойлап тұр: «Шынында да бұның жүруге шамасы келмейді,  тастап кетуге де болмайды, не істесем екен?».



  • Тұр орныңнан,- деді,- тез арқама мін!


Костылинді арқалап алды. Аяғын әзер басып жүріп келеді. Костылин мойнынан құшақтап арқасына жабысып алған. Оның зор денесі арқасында тұрмай, төмен қарай сырғи береді. Жилин анда-санда тоқтап, сілкіп, жоғары көтерген болады. Бірақ жүгі арқасына жайғасар емес. «Сен,- дейді Жилин,- менің тамағымнан қыспа, иығымнан ғана ұстасайшы».


Шамасы Костылинның айқайын сиыр айдаған татар естіп қалған болса керек, сәлден соң ат тұяғының дүбірі қайтадан естілді. Іле-шала адамның даусы шықты. Жилин дереу бұта арасына тығылды. Татар бұларға қарай бірдеме деп айқайлады, жауап болмағаннан кейін мылтық атты. Оқ бұларға тиген жоқ. Өз тілінде бірдемені айтты да кетіп қалды.



  • Бауырым,- деді Жилин Костылинге,- егер біз үш-төрт шақырымға ұзап кете алмасақ – онда ұсталдық. Мына татар қазір бүкіл ауылды жинап келеді.


Костылин Жилинге қарап:



  • Өзің жүре бер,- деді,- көріп тұрсың ғой, менің шамам жоқ.

  • Мен сені тастап кете алмаймын, ол жолдастыққа жатпайды.


Зорға көтеріп арқасына салды. Тағы бір шақырымдай жол жүрді. Әбден шаршады. Орман таусылар емес. Тұман сейілейін деген еді, оның есесіне аспанды бұлт торлай бастады. Жұлдыздар көрінбеуге айналды.


Жол жиегінен шағын бұлақ кез бола кетті. Бұлақтың басына келіп Костылинді жерге түсірді.



  • Сәл тынығайық... Нан жеп, су ішіп әлденіп алайық. Қорған жақын қалған болу керек.


Етпетінен жата қалып бұлаққа бас қойғаны сол еді, артқы жақтан ат тұяғының дүбірі естілді. Орындарынан ұшып-ұшып тұрып жол жиегіндегі қалың бұтаға қарай тұра жүгірісті. Жасырынып үлгерді. Ұзамай бір топ аттылы адамдар көрінді. Татарлар бұлақ басына тоқтап, өзара сөйлесуге кірісті. Не істеу керек екенін ақылдасып тұрған сияқты.


Осы кезде бұталардың арасынан үрген иттің даусы естілді, бір дәу ит Жилиннің алдынан шыға келді. Жилинді көріп ырылдады, сосын арсылдап үре бастады. Татарлар бұлар тығылған қалың бұтаға қарай тұра үмтылды. Бәрі топырлай келіп бас салды. Жилин мен Костылиннің қарсылық көрсетер шамалары жоқ еді. Екеуін де байлап, арттарына отырғызып алды. Бұлар бейтаныс, бөтен татарлар болатын.


Үш шақырымдай жүрген кезде алдарынан қасында екі адамы бар Абдул кез болды. Ол татарлармен сөйлесті де, бұларды жетектегі атқа мінгізіп ауылға қарай алып жүрді. Бәрі үнсіз.


Таң ата ауылға келді. Екеуін аттан түсіріп, байлаулы күйінде жерге тастады. Балалар жиналып алып у-шу болып қызықтауда. Кейбірі тас лақтыруға, кейбірі таяқтап ұруға кірісті. Ересек татарлар дауласып жатқанға ұқсайды. Жилин естіп отыр, көпшілігі өлтіргісі келмейтін сияқты: алысқа алып кету керек немесе зынданға тастау керек деген сияқты сөздерді айтып жатыр. Бірақ таудан келген шал көнер емес, даусы ерекше шығады: «Бұларға бір ғана жаза лайықты, ол өлім жазасы!» Бірақ Абдул келіспей отыр: «Мен,- дейді,- бұлар үшін ақша төлегенмін, ақшамды қайтаруым керек».


Шал айтады: «Сен бұлардан көк тиын да ала алмайсың, тек зиян шегесің. Бұларды асыраудың өзі күнә, сондықтан тездетіп көздерін жою керек».


Осылай, ешқандай шешімге келе алмастан, бәрі тарқасты. Қожайын Жилиннің қасына келді.



  • Үйлеріңнен ақша келмесе өмірлерің нағыз тозаққа айналады. Бұл дүниеге неге келдім деп өкінетін боласыңдар, әлі. Қашпақ болсаңдар азаптап өлтіремін. Қазір тағы хат жазасыңдар.


Қолдарына қалам мен қағаз берді. Екеуі хат жазды. Бұларды аяқтарына бұғау салып мешіттің сыртындағы зынданға апарып тастады.


Жағдайлары мүлде қиындап кеткен еді: бұғауды алмайды, күн көзіне шығармайды. Нанды төбеден лақтырып кетеді. Суды құмырамен арқанға байлап түсіреді. Зынданның іші сасық, ылғал. Костылин ауру. Қол-аяғы ісіп кеткен, ыңырсиды да жатады. Жилиннің де жағдайы мәз емес: ұнжырғасы түсіп, құтылудан күдер үзген.


Зынданның түбін қазып көрмек болды, бірақ бұл әрекетінен түк те шықпады. Топырақты қайда шығармақ? Әрі қожайын біліп қойса өлтіріп тастауы да мүмкін еді.


Бірде зындан түбінде ойға шомып отыр еді, алдына дөңгелек шелпек нан келіп түсті. Іле-шала үстіне бір уыс шие шашылды. Жилин жоғары қарады - шұңқырдың жиегінде Дина тұр екен. Бұған қарап күлді де, кетіп қалды. Осы кезде Жилинге бір ой келді: «Дина көмектеспес пе екен?»


Зынданның қабырғасынан саз топырақ қырып алды. Сосын түрлі ойыншықтардың - сиырдың, жылқының және иттердің мүсіндерін жасауға кірісті. Тіпті адамға дейін жасады. «Дина келсе берермін»- деп ойлады.


Бірақ ертеңіне Дина келген жоқ. Жилин естіп отыр - мешіт маңына адамдар жиналып жатқанға ұқсайды. Даурыққан дауыстар шығады, арасында «урус... урус...» деген сөздер естіледі - баяғы қырсық шалдың даусы. Байқауынша әңгіме бұлар жайлы болып жатқанға ұқсайды.


Бір кезде дауыс басылды, татарлар тарап кеткен болу керек. Осы кезде төбеден аяқ дыбысы естілді. Дина көрінді. Зындан жиегіне тізерлей отыра қалып төменге көз салды. Шамасы ештеңе көрмей тұрса керек. Ал Жилинге бәрі анық көрініп тұр. Динаның төмен еңкейгені соншалықты, екі тізесі басынан аса шошайып кеткен; мойнындағы алқасы салпылдап бұлғаң-бұлғаң етеді; қап-қара көздері моншақша жылтырайды. Жеңінен күлше нан шығарып, Жилинге тастады.


Жилин нанды алды да тіл қатты:



  • Неге көрінбей кеттің, Дина-жан? Мен саған ойыншық жасап қойдым. Міне, қарашы!


Ойыншықтарды бірінен соң бірін жоғары лақтыра бастады. Дина оларды алмады, басын шайқай береді: «Қажеті жоқ».



  • Неге?

  • Иван, сені өлтіргелі жатыр...

  • Кім?

  • Менің әкем. Оған ақсақалдар айтты... Мен сені аяймын.

  • Егер мені шынымен аяйтын болсаң, онда көмектес. Маған ұзын сырық әкеліп бер.


Дина басын шайқады: «Әкеле алмаймын»- дейтін сияқты.


Жилин жалына бастады:



  • Дина-жан, өтінемін. Әкеліп берсейші.

  • Әкеле алмаймын ғой,- дейді Дина,- үйдегілер көріп қояды.


Сосын кетіп қалды.


Кеш түсті. Жилин әлі ойланып отыр: «Енді не болар екен?» Ауық-ауық аспанға қарап қояды. Зындан аузынан жұлдыздар көрінеді. Ай әлі көтерілмеген. Жилин ұйқыға кірісейін деді. «Белгілі болды,- деп ойлады ол,- қыз әкесінен қорыққан ғой».


Кенеттен төбеден сауылдап топырақ құйыла бастады. Жалт қараған Жилин қараңғыда төмен қарай сырғып келе жатқан сырықтың ұшын көрді. Әжептәуір жуан сырық екен (бұны қожайынның үйінің төбесінен көрген еді). Қуанып кеткен ол орнынан атып тұрды. Жалма-жан таяққа жармасты.


Жоғарыдан Динаның сұлбасы көрінеді. Оның арғы жағында, биікте, жұлдыздар жымыңдайды. Дина қолымен ымдап: «Тыныш... тыныш...»- дегендей белгі берді.


Сыбырлап:



  • Бәрі кетіп қалды, үйде екі-ақ адам бар,- деді.


Жилин Костылинге қарады.



  • Ал, достым, соңғы рет тәуекел етіп көреміз бе, қайтеміз?


Костылиннің тыңдағысы да келмеді.



  • Мен,- деді,- мына күйіммен қайда бармақшымын?

  • Онда сау бол. Ренжіме, бауырым.


Сырықтың жоғарғы ұшы Динаның қолында. Жилин төменгі ұшынан ұстап жоғары өрмелей бастады. Аяғындағы бұғау кедергі келтіреді, екі рет құлап түсті. Жандәрмен қайта өрмеледі. Үшінші ретте Костылин демеп жіберді. Дина да көйлегінен тартып көмектесіп жатыр. Бала емес пе, арасында сықылықтап күліп қояды. Әзер дегенде зынданның ернеуіне қолын жеткізді.


Сыртқа шыққаннан кейін Жилин сырықты Динаның қолына ұстатты.



  • Мә, орнына апарып қой. Әкең біліп қойса мықтап таяқ жейтінің анық.


Сырықты қолына алған Дина жүгіре жөнелді. Жилин тездетіп еңіске қарай бет алды. Жүру қиын. Шамалы ұзағаннан кейін қолымен бұғаудың құлпын алуға талпынып көрді. Құлып мықты, алынар емес. Осы кезде ауыл жақтан жүгіріп келе жатқан адам көрінді. Дина екен, қолында тас бар. Келе сала үн-түнсіз Жилинге көмектесе бастады. Құлып бұзатындай күш қайдан болсын - білектері шидей, жіп-жіңішке. Оған бұзыла қоятын құлып жоқ. Тасты лақтырып тастап жылап жіберді. Жилиннің өзі әрекеттеніп көріп еді, онда да болмады. Таудың басынан ай көріне бастады. «Ай көтерілгенше орманға жетіп алуым керек»- деп ойлады Жилин.



  • Қош бол, Дина-жан! Енді саған кім ойыншық жасап берер екен?


Құшақтап бауырына басты, шашынан сипады. Дина болса оның қойнына нан тыққылап жатыр.



  • Рахмет,- деді Жилин,- мен сенің жақсылығыңды өмір бойы ұмытпаймын.


Дина жылап жіберді, қолымен бетін басып жүгіре жөнелді. Лақтай секіріп барады. Мойнындағы алқасының әлсіз сылдыры естіледі.


Жилин шоқынып алды. Сосын бұғаудың шынжырын қолына ұстап, жүріп кетті. Жүріп келеді, ауық-ауық жаңа көтеріліп келе жатқан айға қарап қояды. Жолды анық біледі - тура жүргенде сегіз шақырымдай болатын шығар деп шамалайды. «Ай көтерілгенше орманға жетіп алуым керек». Өзеннен өткенше ай көрінген жоқ. Орманға жақындап қалды. Осы кезде қырдың басынан ай көтерілді. Біртіндеп жарық бола бастады. Толық ай арқан бойы көтерілген сәтте айнала кәдімгідей жарық болды. Таса-тасамен жүріп келеді. Түн тып-тыныш. Тек өзен суының сылдырап аққан дыбысы ғана естіледі.


Орманға жетті. Қалың ағаштың арасына кіргеннен кейін аздап демалу үшін құйрық басты. Динаның берген бір күлшесін жеп алды. Тас тауып алып бұғауды бұзуға кірісті. Бұза алмады. Тағы жүрді. Бір шақырымдай жүргеннен кейін аяғын басу мүлде қиындап кетті. «Отырмауым керек,- деп ойлады Жилин,- егер отырсам тұра алмай қаламын. Қамалға жақындай түсуім керек. Бүгін түнде жете алмаспын. Ондай жағдайда күндіз тасада демалып, қараңғы түсе тағы жолға шығармын».


Түні бойы жүрді. Он қадам жүреді де тоқтайды. Жолда екі татар кездесіп еді, оларды алыстан байқаған Жилин жасырынып қалды. Татарлар өтіп кетті.


Таң атуға жақын қалды. Шық түсті. Жилин орманның шетіне жете алар емес. «Енді отыз қадам жүрейін,- дейді,- сосын дем алармын». Отыз қадам жүріп еді, ағаштар сирейін деді. Тағы отыз қадам басты. Орманның шеті көрініп, айнала жарық бола бастады. Бар күшін салып жүріп келеді. Ұзамай орман бітіп, ашық алаңқайға шықты. Алаңның арғы жағы кең дала екен. Даланың арғы шетінде, көз ұшында таныс қамал бірден көзге шалынады. Беріректе, қамал сыртында, жағылған отты айнала қоршап бір топ солдаттар отыр. Қастарында біріне-бірін сүйеп айқастырып қойылған мылтықтары бар.


Қуанғаннан Жилиннің көзінен жас шығып кетті. Соңғы күшін жинап, қамалға қарай жүгіре жөнелді. Құдайға жалбарынып келеді: «Мына ашық далада татарларды кездестіре көрме! Егер кездессе құтыла алмаймын ғой». Осылай ойлағаны сол еді, екі жүз қадамдай жердегі қолтықтан үш атты татар шыға келді. Көре сала бұған қарай тұра шапты. Жилиннің қорыққаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Бар даусымен демі жеткенше солдаттарға қарай айқай салды:



  • Бауырлар! Құтқарыңдар! Бауырла-а-ар!!!


Солдаттар дауысты естіген сияқты. Оншақты казак аттарына міне сала татарлардың жолын кеселей бұған қарай шапты. Жилиннің өзі де бұғаудың шынжырын жоғары көтере жандәрмен жүгіріп келеді: «Бауырлар!.. Бауырларым!..»


Татарлар казактарға қарағанда жақын еді. Бірақ казактар көп болатын, алдыңғылары мылтық ата бастады. Сондықтан болар, татарлардың батылдары жетпей, ат басын кейін бұрды.


Казактар Жилинді қоршап алды. Жапырласа сұрап жатыр: «Кімсің?.. Неғып жүрген жансың?.. Қайдан келесің?..»


Ал Жилин жылай береді:



  • Бауырлар! Бауырларым менің!..


Солдаттар да келіп жетті. Бірі нан ұсынып, енді бірі арақ құйып, үшіншісі үстіне шинель жауып жатыр. Төртіншісі аяғындағы бұғауды бұзуға кірісті. Бір офицер оны таныды. Жилинді қамалға қарай алып жүрді.


Қамалда оны ескі таныстары қарсы алды. Бәрі де қуанып жатыр, шамасы бұны марқұм болғандардың қатарына қосып қойса керек. Жилин оларға басынан өткен оқиғаның бәрін айтып бере отырып:



  • Міне, мен үйге барамын және үйленемін деп осындай жағдайға тап болдым. Мүмкін, маңдайыма осылай жазылған шығар?- деді.


Осыдан кейін Кавказдағы қызметінде қалды.


Арада бір айдай уақыт өткенде, өлім халіндегі Костылинді қамалға жеткізді. Оны бес мың сом төлеп сатып алыпты.


2016 жыл


 


 ***


 М.Шолохов[12]


ҚАЛ


әңгіме


Стол үстінде шашылып жатқан патрондар, карта мен түрлі қағаздар, аттың жүгені, нанның қиқымдары... Ағаштан қиып жасалынған орындықта еңкейе түсіп эскадрон командирі Николка Кошевой отыр. Қозғалыссыз қалған оң қолының саусақтарына қаламын қыса ұстаған. Стол бетіне төселген плакаттың үстінде жартылай толтырылған анкета жатыр. Онда мынандай сөздер жазылған: Кошевой Николай. Эскадрон командирі. Шаруа. РКЖО[13] мүшесі.


  «Жасы» деген графаның тұсына келгенде көп ойланып барып: он сегіз жас дегенді қосты.


Денелі келген Николка едәуір ересек болып көрінетін еді. Оған себеп көзінің айналасына ерте түскен әжімдер мен ұзынтұра бойының сәл еңкіштігі болса керек.


- Жап-жас қой әлі, аузынан ана сүті кеппеген,- дейді эскадрондағылар әзілдеп, - бірақ жарты жыл бойы эскадронды ұрысқа батыл бастап келген, онымен тұрмай екі банданы бірдей өз адамдарынан шығын шығармай құртып жіберген бұдан басқа командирді тауып көріңіз!


Николка өзінің небәрі он сегіз-ақ жаста екеніне қатты қысылатын. Анкета толтырар кезде осы бір қиын сұрақтың тұсына келгенде қаламы жүрмей қалады. Тісін қайрай отыра, амалсыздан, шын жасын жазуға мәжбүр болады. Әкесі казак болатын, сондықтан мұның өзі де казак болып есептеледі. Алты жасар кезінде әкесі атқа отырғызып: «Жалынан мықтап ұста, балам!- дегені есінде қалыпты. Анасы есіктен әрі қуана, әрі қорқа қарап тұрған болатын. 


Содан бері көп уақыт өтті. Әкесі герман соғысынан қайтып оралмады, хабар-ошарсыз жоқ болды. Анасы қайтыс болды. Николканың атқа деген құштарлығы әкесінен қалған болу керек, шамасы. Әкесінен қалған тағы бір ерекше белгісі бар еді - балтырында кептердің жұмыртқасындай дөңгелек қалы болатын.  


Он бес жасына дейін әркімнің босағасында жалданып жүріп күн көрді. Бірде станицаның үстінен қызыләскерлер полкі өткен еді, соларға ілесті де, Врангельмен соғысуға кете барды.


Биыл жазда әскери комиссармен Дон өзеніне суға түскен болатын. Ол Николканың балтырындағы қалды көріп қалды. Сосын бұның күнге күйген жауырынынан қағып тұрып, кекештене (контузиядан қалған):


- Сен сондай... бақы-ытты адам-сың! Қалы бар адам... ба-ақытты бо-олады... – деген еді.


Николка суға бір сүңгіп шықты да, тісін ақсита күліп:


- Қызық екенсіз... Жасымнан жетім өстім, кісі есігінде жүрдім... Ал сіз қайдағы бір бақыт туралы айтып тұрсыз!.. – деп жүзе жөнелді.


Содан Донның арғы жағалауынан бір-ақ шықты.


 


Николканың тұрып жатқан пәтері Дон өзенінің тік жағалауына жақын орналасқан. Терезеден жасыл желекке бөленген өзен аймағы түгел  көрінеді. Желді күндері, әсіресе түн ішінде, жарға соққан толқын үні анық естіліп жатады. Ондайда өзеннің суы ұрлана келіп еден астынан шыға келетіндей болып сезілетін еді. Оның басқа пәтерге ауысқысы келген, бірақ реті келмеді. Осы пәтерде күзге дейін тұрды.


Таңғы тыныштықты бұза, нәл қаққан етігімен ауызғы бөлменің еденін тарсылдата басып, Николка далаға шықты. Ауладағы шие бауына кіріп, мөлдір шық тамшыларына малынған шөп үстіне рахаттана жата кетті. Қора жақтан үй егесі әйелдің сиыр сауып жатқаны байқалады. Сиыр мен бұзаудың мөңірегені, сауылған сүттің ыдысқа құйылып жатқан сарыны айқын естіліп тұр. 


Осы кезде қақпа ашылып, үрген иттің даусы шықты. Ұзамай  взвод командирінің:


- Эскадрон командирі үйде ме? – дегені естілді.


Николка басын көтерді.


- Мен мұндамын! Жай ма?


- Станицадан хабаршы келді. Саль округінде банда шыққан көрінеді, «Грушинский» ұжымшарын басып алыпты...


- Шақыр мұнда.


Хабаршы атын жетектеп келе жатқан еді, терге малшынған ат аулаға кіре бере алдыңғы аяқтары бүгіліп, тұмсығымен жер сүзе құлады. Сосын қырылдай дауыс шығарып, әйнектей жалтыраған көздерімен шабалаңдай үрген шынжырлы итке таңдана қарап, тұяқтарын бір-екі рет серпіді де, қимылсыз қалды. Хабаршы әкелген пакетте «өте шұғыл!» деген белгі бар екен - үш крест таңбасы салыныпты. Осы хабарды жеткізу үшін қызыләскер қырық шақырым жерге дем алмастан шауып келіпті. Николка пакеттің аузын ашып, хатты оқыды. Онда ұжымшар төрағасы бандадан құтқаруды сұрапты.


 «Оқуға бару керек еді, банда деген бәле тағы тап болды... Әскери комиссар эскадрон басқарып жүріп дұрыстап жаза да алмайсың деп кінәлайды... Менің қандай кінәм бар? Оқуға мүмкіндік бар ма? Өзі қызық адам! Міне, тағы да банда шығып жатыр... Тағы қан төгіс ...»


Карабинін жүре оқтап далаға шықты. Басына: «Келгесін бәрін тастап, міндетті түрде оқуға кетуім керек!» - деген ой келді.


Атқораға бара жатқанда өліп қалған аттың жанынан өткен еді, оның тұмсығындағы топыраққа араласып қатып қалған қанға көзі түсті. Қарауға дәті шыдамады, бұрылып кетті.


 


Бірде көрініп бірде көрінбейтін ескі соқпақтардың бірімен атаман өзінің бандасын бастап келеді. Банда Кеңес үкіметіне қарсы шыққан елуден астам дондық және кубандық казактардан тұрады. Үш тәулік бойы аш қасқырдай алас ұрып қашып келеді. Олардың ізіне түскен Николка Кошевойдың жасағы еш қалар емес.


Банданың құрамы бұрын атты әскер қызметінде болған, көпті көрген кәнігі казактардан құралған. Солай да болса атаман қалың ойдан арыла алмай келеді, әлсін-әлсін үзеңгіге шірене көтеріліп алысқа көз салады. Бірақ жақын маңда бұлар жасырынатындай орман да, тоғай да жоқ. Олар Донның арғы бетінде.


Банда осылай бұлталаңға салып қашып келеді. Николка Кошевойдың эскадроны ізінен қалар емес.


Әр жерден егіске орақ түсетін уақыттың болғанын еске салғандай, жайқалып өскен егістік көзге шалынады. Бұл жерлерге көбінесе қара бидай себіледі, одан қолдан жасалынған арақ дайындалады. Атам заманнан осылай: әкелері, аталары, бабалары да ішкен. Тіпті Дон Әскери Облысы казактарының гербінде шарап құйылған бөшкенің үстінде отырған мас казак бейнеленген ғой. Сондықтан күз болды дегенше хуторлар мен станицаларда мас болып теңселіп жүрген казактардан аяқ алып жүре алмайсыз.


Атаман да бір күн сау болған емес, үнемі ішумен келеді. Соңына ерген тобыры, тіпті тачанкадағы пулеметшілерге дейін алабұртып алған.


Атаманның өз ошағын көрмегеніне биыл жеті жылдан асқан еді. Алғашқыда герман соғысында болып, немістерге тұтқынға түсті. Кейін Врангельге қосылды... Одан кейін Константинопольдегі қырғын...Сосын қайтадан тікенді сыммен қоршалған лагерь... Одан қашып шықты. Ақыр соңында банда басқарды. Атаманның өмірі, егер артқа қарай көз салатын болсақ, осындай болатын. Сол жылдардың нәтижесі болар, жүрегінде аяушылық деген сезім жоғалып, оның орнын көзсіз қатігездік басқан еді. Жүрегін сыздатып ауыртатын түсініксіз бір сезімді басудың жолын арақтан іздейтін, бірақ оның емі арақ емес екенін өзі де білетін, сонда да болса ішетін еді. Себебі ішуге арақ табылатын. Оның үстіне хуторлар мен станицаларда ерлері соғысқа кеткен казак әйелдері көп еді. Олар кереметтей етіп – бұлақ суындай мөп-мөлдір - қолдан жасалған арақ дайындай алатын және күтпеген қонақтарды (егер атаман болса тіптен жақсы) сыйлай білетін.


Таң алдында көк шөпті алғашқы суық ұрып өтті. Далаға шыққан Лукич шөптің түсі өзгеріп қоңырқай тарта бастағанын, желдиірменнің қанаттарындағы шықтың мұз боп қатып қалғанын байқады.


  Азанмен мазасы болмаған еді: белі ауырып, аяқтары сырқырап, басқан сайын зар қақсап қоя береді. Диірменді әзер дегенде айналып шықты. Осы сәтте інінен жылт етіп шыққан тышқан жылтыраған көздерімен бұған таңдана қарап тұрды да, қайтадан ініне сүңгіп кетті; диірменнің шатырында кептерлердің құрылдаған үні естіледі; жаңа тартылған ұнның керемет иісі танау қытықтайды.


Омартаның қасына келді, азырақ демалуды ойлады. Тұлыбын айқара жамылып ұйқыға кірісті. Ұзамай-ақ аузы ашылып, ернінен аққан сілекейі мұртына жабыса қорылға басты...


Оны ұйқыдан ат тұяғының дүбірі оятып жіберді. Орнынан әзер тұрған Лукич бері қарай келе жатқан екі аттылы адамды көрді. Аттылының бірі бұған қарап айқай салды:


- Әй, шал, бері кел!


Лукич оларға күдіктене қарап тұр. Соғыс басталғаннан бері қару асынған адамдарды – ұн мен жемді сұраусыз алып кететін, ақысын бермек түгілі рахметін де айтпайтын кәззаптардың талайын көрген болатын. Лукичті олардың қандай әскер екендігі, қандай үкіметті қорғап жүргендігі қызықтыра қоймайтын; шынына келгенде олардың бәрін де жақтырмайтын еді.


- Тез кел, кәрі қақпас!


Омарта ұяларының арасымен ақсаңдай басып, ішінен бірдемелерді күбірлей сөйлеген Лукич, қонақтардан аулақтау барып тоқтады.


- Біз қызылдармыз, әке... Сен бізден қорықпа, - деп жұмсақ үн қатты атаман, - Банданы қуып келеміз. Өз адамдарымыздан бөлініп қалған едік...  Мүмкін, көрген шығарсың, бұл жерден қызылдар өтпеді ме?


- Біреулер өткен...


- Олар қалай қарай кетті, әке?


- Сайтаным біліп пе? Маған айтқан жоқ...


- Диірменде олардың адамдары жоқ па?


- Жоқ.


Осыны айтты да Лукич бұрыла берді.


- Тоқта, қарт! – Атаман атынан қарғып түсіп, қисық аяқтарымен теңселе басып оның қасына жақындады (аузынан арақ исі мүңкіп тұр). – Біз, әке, коммунистердің көзін жойғалы келе жатқандармыз... Осылай! Біздің кім екенімізді сенің білуің міндетті емес, оған сенің ақылың жетпейді. – Сүрініп кетіп атының шылбырын қолынан шығарып алды. – Сенің жұмысың біздің аттарымызға жем тауып беру! Шұғыл түрде жетпіс атқа жем бересің және бұны еш адам білмеуі керек. Түсінікті ме? Астық қай жерде?


- Жоқ... - деді Лукич көзін тайдыра.


- Жоғы қалай? Мына амбарда не бар?


- Жарамсыз заттар ғой...


- Кәнеки, көрейік!


Қартты желкесінен бүре ұстаған атаман оны амбарға қарай сүйрей жөнелді. Есігін ашып жіберді. Ішінен үйілген бидай мен арпа көрінді.


- Мынау не? Бұл астық емес пе, кәрі қақпас!


- Бұл тұқымдық астық қой... Тұқымға деп сақтағанбыз... Сен болсаң атыңды жемдегің келеді...


- Сонда біздің аттарымыз аштан өлуі керек пе? Сенің, немене, қызылдарға бүйрегің бұрып тұр ма, алжыған неме? Қазір-ақ жаныңды жаһаннамға жіберейін! – Атаман қылышының сабына қолын апарды.


- Мырза, не үшін? Аяй көр... – Лукич басынан қалпағын жұлып алып, аппақ басын ие, атаманның алдына тізерлей жығылды. Оның қылыш сабында тұрған қолын сүйе бастады.


- Айт шыныңды, сен қызылдар жағындасың ба?


- Кешіре көр, мен еш жақта емеспін... Өлтіре көрме... – деген шал еңкейген бойы атаманның аяғын құшып дауыс шығара жылап жіберді. 


- Онда қызылдар жағында емес екеніңді немен дәлелдейсің, кәрі қақпас? Әй, сен, шоқынба! Одан да топырақ же! Ия, солай... дәлелде!


Лукич бір сәт атаманға қарап тұрып қалды. Оның шын ниетімен айтып тұрғанын түсінгеннен кейін, жерден бір уыс топырақты қалтыраған қолымен іліп алып, тіссіз аузына салып шайнай бастады. Көзінен аққан жас тамшылары аузына құйылып, топырақпен араласып жатыр...


- Енді сенуге болады! – деді атаман риза кейіппен, - тұр орныңнан!


Шал бірден тұра алмады, белі мен тізесі ұйып қалыпты - икемге келер емес. Атаман қарқылдай күліп қасындағыларға бұйрық берді. Казактар амбарға қарай лап қойды. Астықты алып шығып, қып-қызыл бидайды жерге төге бастады. Аттарын жемдеуге кірісті.


Таң алды. Тұманды қараңғылық сейіле қоймаған шақ.


Күзетшілердің жанынан білдірмей өткен Лукич жолсызбен, терең жылғаның ішімен, өзіне мәлім хуторға қарай төтесінен бет алды. Міне, хуторға да жақындап қалды. Кенет жер астынан шыққандай екі салт аттының сұлбасы пайда бола кетті.


Іле-шала таңғы тыныштықты бұза:


- Тоқта! Кімсің? – деген дауыс естілді.


- Бұл мен... – Лукичтің қорыққаны сондай, басқа сөз аузына түспеді.


- Менің кім? Түн ішінде қаңғып жүрген қандай жансың?


- Диірменшімін ғой... Көрші станицадағы... Бір қажеттілікпен келе жатыр едім.


- Қандай қажеттілік ол?  Жүр, командирге барасың! Алдыма түс... – деді біреуі атпен бастырмалата жақындап келіп.


Лукич аяғын ақсаңдай басып алдына түсті. Аттың ыстық демі желкесінен үрлеп келеді.


Хутордың ішіне кірді. Қызыл шатырлы еңселі үйдің алдына келіп тоқтады. Терезеден шамның әлсіз жарығы байқалады. Айдаушы аттан түсті де, қару-жарағын салдырата, басқышпен жоғары көтерілді.


- Менің соңымнан ер!..


Ішке кірген Лукич темекі түтініне тұншығып қала жаздады, түшкіріп жіберді. Бас киімін алып, бұрышқа қарай асығыс-үсігіс шоқынып алды.


- Хуторға келе жатқан мына шалды ұстап алдық...


Ұйқысын аша алмай отырған Николка ұйпа-тұйпа болған басын жоғары көтеріп, қатал түрде сұрақ қойды:


- Қайда барасың?


Лукич алға қарай бір қадам басты да, қуанышты түрде:


- Сен екенсің ғой, жарқыным... Мен тағы да әлгі оңбағандарға тап болдым ба деп қорқып едім... Қорыққаннан кім екендеріңді сұрау да ойыма келмепті... Диірменшімін... Митрохин жақтан келе жатып менің диірменімде болдыңыздар ғой, менің қолымнан сүт ішкенсіз... Енді есіңізге түсті ме?


- Ия... Не айтайын деп едің?


- Айтайын дегенім, қымбаттым, кеше менің диірменіме банда келді. Қоймадағы барлық астықты тартып алды, аттарына берді... Шашты-төкті... Мені мазақ етті, малғұндар! Бастығы ант бересің деп маған топырақ жегізді...


- Қазір қайда олар?   


- Диірменде... Өздерімен ала келген арақтарын ішіп тойлауда. Мен әзер дегенде сытылып шығып осында жүгірдім. Сендерден басқа пана таба алмадым...


Николка шалға күлімсірей қарап орнынан тұрды. Шинелінің жеңіне қолын сұғып жатып бұйрық берді:


- Аттарды дайындаңдар!


Таң атқан мезгіл.


Ұйқысыз түннен жүзі сұрғылт тартқан Николка пулемет орнатылған тачанканың қасына келді.


- Шабуылға шығу бойына жаудың оң қапталына қарай оқ боратасыңдар! Біз сол жақтан тиісеміз. Құтылып кетулеріне жол бермеу керек!


Осыны айтты да лап беруге дайын тұрған эскадронға қарай беттеді.


Алыстан төрт-төрттен сап түзеп келе жатқан аттылы адамдар көрінді. Ортасында пулемет орнатылған тачанкасы бар.


- Алға! – деп айқай салған Николка атын қамшымен сауырға тартып жіберді. Ытыла жөнелген атының үстінде келе жатып артынан ерген эскадронды, жүздеген ат тұяғының дүбірін сезіп келеді.


Пулеметтің сақылдаған дауысы естілді. Осы кезде банда да дереу қанатын жайып, бұларға қарсы ұмтылған еді.


 


Қалың бұта арасынан үстіне ошаған жабысқан қасқыр шыға келді. Басын жерге тақап тұрып тың тыңдады. Жақын маңнан атылған мылтықтың, оған қосыла шыққан ат тұяғының дүбірі мен адамдардың айқай-шуы естіледі.


Тук-тук! Мылтық даусы алыстан жаңғырығып «так-так» болып қайталанады. Сосын жиірек: тук, тук, тук!.. Алыстан «так, так, так!..»


Қасқыр аз тұрды да, маңайын бір шолып шығып, асықпаған күйі  қалың жынысқа қарай бет алды.


- Шыдаңдар!.. Тачанканы қалдырмаңдар!.. Тоғайға қарай... Тоғайға қарай дедім ғой сендерге, енеңді ұрайындар!.. – атаман үзеңгіге шірене тұрып айқай салды.


Осы кезде пулеметшілер тачанкаға жегілген аттардың қайыстарын қылыштарымен асығыс-үсігіс кесе бастаған еді. Қардай бораған оқ пен жақындап келіп қалған лекке төтеп бере алмастарын білген олар енді бас сауғалауға кіріскен болатын...


Атаман да атының басын бұра берген еді, өзіне қарай құстай ұшып келе жатқан жалғыз аттылы адамға көзі түсті. Лектен бөліне, қолындағы қылышын күн сәулесіне жарқылдата төніп келеді. Үстіне жамылған буркасы мен мойнындағы бинокліне қарап білді - жәй қызыләскер емес. Атаман тізгінін тежей берді. Алыстан байқады - жап-жас екен, тіпті мұрт та шығып үлгірмепті. Қарсы соққан желден көзін сығырайтып алған, ашудан ерні қисайып кеткен. Атаманның аты тартылған тізгіннің әсерінен билеп тұр. Ол кабурасынан маузерін суырып алып айқай салды:


- Күшік!.. Мен саған қалай соғысу керек екенін көрсетейін!..


Төніп келе жатқан бурканы нысанаға алып атып жіберді. Атты  адам екпіндей келіп мұрттай ұшты.


Ерден ұшып түскен Николка дереу атып тұрды. Иығынан карабинін жұлып алып атаманды атып жіберді. Тигізе алмады. Ата түсіп бірте-бірте жақындап келеді.


«Қызу қанды екенсің, боқмұрын! Сондықтан ғой өзіңе өлім тілеп келе жатқаның...»- деп ойлап үлгірген атаман, оның оғының таусылғанын білгеннен кейін, атының басын бұрып, тақымын қысып қалды. Салмағын үзеңгіге сала ерден көтеріле беріп... қылышын сілтеп жіберді. Қылыш жүзінің көздеген жеріне дәл тигенін қолымен сезген атаман бір сәт бұрылып қараған еді - майысып құлап бара жатқан денені көрді.


Атаман атынан қарғып түсті. Дереу өліктің мойнындағы биноклін сыпырып алды. Бұрылып кете бермек еді, өлі дененің әлі дірілі басыла қоймаған аяғына көзі түсті. Етігі жап-жаңа екен. Жерге отыра қалып, асықпастан, хром етікті сыпыра бастады. Бір етігі оңай шешілді. Екінші етік шұлғауына оратылып қалса керек, шешіле қоймады. Ашуланған атаман боқтап жіберіп қатты тартып қалғанда етік шұлығымен қоса шықты. Ашылып қалған балтырында кептердің жұмыртқасындай қалы бар екен. Атаман өліктің бас жағына барып жүзін жоғары қаратты. Аузынан қан ағып жатыр, бетінде топырақ аралас қою қан баттасып қалған. Анықтап қарады да...  күңірене дауыстап жіберді:


- Ұлым!.. Николашым!..Сенсің бе, жаным менің!..


Әп сәтте қап-қара болып түтігіп, айқай салды:


- Бір ауыз тіл қатсаңшы, балам-ау! Неге үндемейсің? Бұл қалай болды, ә?..


Баласының оты сөніп бара жатқан көзіне қарап тұрды да, басын жерге ұрды. Сосын былқ-сылқ еткен денені қапсыра құшақтай алып, сілкілей бастады. Николка бір маңызды нәрсені айтқысы келіп, бірақ айта алмай жатқан адамдай, тілін көгерте тістеген күйі үнсіз жата берді.


Атаман ұлының өлі денесін кеудесіне басты. Мұздап үлгірген қолынан сүйді, сосын маузерінің салқын ұңғысын аузына салды да... шүріппені басып қалды.


 


Сүйікті командирі мен басқа да қаруластарын жер қойнына берген қызыл эскадрон майдан даласын артқа тастап ұзай берді. Осы кезде көк аспанда жемтік іздеген құзғындар пайда бола бастады. Солардың бірнешеуі айналып ұшып жүрді де, баяу ескен желмен шашы желбіреп шалқасынан жатқан атаманның үстіне келіп қонды.


2013 жыл


  ***


 Б.Лавренев[14]


Қырық бірінші


 повесть


 Бірінші тарауды


автор қажет болғандықтан ғана жазып отыр


 Қылыштары жарқылдаған атты казактардың қоршауының арқа тұсы аузынан от шашқан пулеметтің күшімен бір сәтке сетінегендей болып еді, комиссар Евсюков ең соңғы күшін сарқа пайдаланып, осы «жыртыққа» қарай тұра ұмтылды.


Өлім қоршауынан қызғылт Евсюковпен бірге жиырма үш адам және Марютка ғана құтылып шықты.


Жүз он тоғыз адам мен түйелердің көбі бұйра сексеуілді құм жалдарының арасында шәт-шәлекейі шығып шашылып қала берді.


Есаул Бурыгке жаудың аман қалған аз ғана тобының құтылып кеткенін хабарлағанда, ол мұртын ширатып тұрып бір есінеп алды да:



  • Әй, мейлі! Қумай-ақ қоялық, атты қинап қайтеміз. Құмның ішінде өздері-ақ өледі! – деді.


Ал қызғылт Евсюков бұл кезде қасындағы жиырма үш адамы мен Марюткасы бар, ұшы-қиыры көрінбейтін құм алқабының арасында бұлталақтап қашып бара жатқан болатын. 


Оқушы қызғылт Евсюковы несі деп таң қалып отырған болар?


Енді бәрін ретімен баяндайық.


Колчак өзі бекінген Орынбор белдеуінің осал жерлерін қолына мылтық ұстауға жарайтын тобырлармен бекітуге кіріскен кезде, теміржол бойындағы паровоздардың барлығы дерлік тығырықтарда тұрып қалған болатын. Осы себептен Түркістан республикасында тері бояйтын қара бояу табылмай қалған еді.  


Ал оның қажет уақыты туды.


Үйсіз-күйсіз, суық пен аштықта, жауын мен қардың астында, оқ пен оттың ортасында жүрген адамға мықты да жылы киім керек-ақ.


Суықта тоңбас үшін адам баласы былғары күрте ойлап тапқан.


Күртелер әдетте қара түске боялатын еді, ал Түркістанда мұндай бояу жоқ болып шықты.


Осы себептен Ревштабқа жергілікті жердегі өзбек пен түрікмен әйелдерінің кілем тоқитын жіптерін бояйтын анилин ұнтағын (немістер шығарған) тәркілеп алуларына тура келді.


Осы ұнтақпен қой терілерін бояп, одан тон мен күрте тігіп шығарғанда түркістандық Қызыл Армия жауынгерлері кемпірқосақта қанша түс болса, соның бәрімен бірдей боянып шыға келген болатын.


Тағдыры солай ма, әлде наряд бойынша солай болды ма, кім білсін, киім-кешек қоймасының меңгерушісі Евсюковке малина түстес ашық-қызғылт шалбар мен күрте берді.


Евсюковтың бет-әлпеті жас кезінен-ақ осы түске ұқсас еді. Сарғыш кірпікті, шашы үйректің түбітіндей майда болатын. Бұған оның бойының қысқалығы мен денесінің шомбалдығын қоссаңыз қызғылт шалбар мен сол түстегі күрте киген Евсюков боялған пасха жұмыртқасына судың егіз тамшысындай ұқсап қалған еді. 


Арқасындағы айқыш-ұйқыш тартылған белдіктері «Х» әрпіне ұқсас, сондықтан бері қарағанда алдынан «В» әрпі шыға келетіндей болып көрініп тұратын, яғни, «Христос воскресе!»


Бірақ олай емес еді, пасха мен Христосқа Евсюков сенбейтін.


Ол Кеңеске, Интернационалға, ЧК-ға және қарулы да бекем қолына ұстаған ауыр наганына ғана сенеді. 


Өлімнің отты қоршауынан Евсюковпен бірге құтылып шыққан жиырма үш адам қарапайым ғана қызыләскерлер болатын.


Тек Марютка ғана олардан ерекше еді.


Марютка Астрахань түбіндегі балықшы қыстағынан шыққан тұлдыр жетім қыз. Жеті жасынан бастап он екі жыл бойы балық шырышы сіңген тақтай үстінде бұтына иілмейтін қаудырлақ брезент шалбар киіп балық союмен айналысты.


Қалалар мен ауылдардан бұл кездері Қызыл гвардияға еріктілер алына бастаған еді. Марютка еш ойланбастан қолындағы пышағын ағаш тақтайға шанышты да, қаудырлақ брезент шалбарын шешпеген күйі Қызыл гвардияға жазылуға кетті.


Әуелде қабылдамады, қуып шықты. Кейін, қыздың алған бетінен қайтпасын білген сон, қызылгвардияшылар қатарына алуларына тура келді. Бірақ, сонымен бірге, қашан еңбекші халық қанаушы тапты толық жеңіп шыққанша әйелдік өмірден бас тарта тұруына, анығын айтқанда - өмірге ұрпақ әкелуді тоқтата тұруы жөнінде қолхат алды.  


Марютка өрген сары бұрымын текелік қоңыр папахасының астына жасырып ұстайтын тал шыбықтай ғана жас қыз. Қиғаштау келген жасыл көздері өткір де отты.


Марютка арманшыл. Армандауға құмар-ақ. Оның үстіне өлең жазады. Қолына түскен кез-келген қағазға сынық қаламының ұшымен өзінің қисық әріптерінен құрастырып өлең жазып отырғаны. 


Оның мұнысын бүкіл жасақ біледі.


Қай қалаға келмесін, кеңселерден қағаз сұрап жүргені. Қатты толқудан кебірсіген еріндерін жалап алып, өлеңдерін таза қағазға көшіріп отырады. Әр өлеңінің басына тақырып қояды, соңына өзінің аты-жөнін жазады: Мария Басованың өлеңі.


Өлеңдері әртүрлі болып келеді. Көбісі революция жөнінде, тап күресі мен  олардың көсемдері жайлы. Арасында Ленин туралы да өлеңдер бар.


Ленин пролетарлар көсемі,


Мәңгіге өшпейді есімің,


Құлаттың патшаның сарайын


Еңбектің тербетіп бесігін...


Бірде өлеңдерін редакцияға алып барған еді. Ондағылар үстіне былғары күрте киген, атты әскер карабинін асынған талдырмаш қызға таңдана қарап, өлеңдерін алып қалды. Оқып шығатындарына уәде берді.


Отырғандарды жайбарақат түрде көзімен бір шолып өтіп, Марютка шығып кеткен еді.


Не жазды екен деп қызыққан редакция хатшысы дереу өлеңге шұқшиған болатын. Сәлден соң оның иықтары селкілдеп, күлкіден аузын жия алмай қалды. Қызметкерлер жиналғаннан кейін, күлкіге шашала отырып, оларға өлеңдерді оқи бастады.


Кейбір қызметкерлер іштерін басып, еден үстінде арлы-берлі домалап жатты (ол кездері редакцияда мебель атаулы болмайтын еді).


Ертеңіне Марютка келді. Бет әлпеті күлкіге бейімделіп тұрған хатшының бетіне қадала қарап тұрды да, қолынан қағазды жұлып алды.



  • Яғни жариялауға болмайды демекшісіз ғой? Өңделмеген бе? Мен бұларды жүрегімнің түбінен балтамен шапқандай етіп суырып алғанмын, сонда да нашар дейсіңдер, ә! Жарайды, шамалы еңбектенейін, амал қанша... Өлең жазу не деген қиын еді, қарасан келгір?


Сөйтті де, түрікмен папахасын көзіне баса киіп, сыртқа шығып кетті.


Марюткаға өлең жазу қиын болғанымен, винтовкадан нысана атудың асқан шебері еді. Ол Евсюковтың жасағындағы ең үздік атқыш болатын және қызғылт комиссардың қасынан қалмайтын.


Евсюков саусағымен нұсқап:



  • Марютка, қара! Офицер! – дейді.


Марютка ернін жымқырып алып, асықпай көздеуге кіріседі. Мылтық гүрс етеді, оқ еш уақытта мүлт кетпейді. 


Атқан сайын мылтығын түсіреді де:



  • Отыз тоғызыншы, қарасан келгір... Қырқыншы, қарасан келгір... – деп өлтірген жауының санын айтады.


«Қарасан келгір» оның жиі қолданатын сөзі.


Боқтық сөздерді ол жақтырмайтын еді. Біреулердің боқтасып жатқанын көрсе қысылып үндемей қалады, тіпті қызарып кетеді.  


Штабқа берген сертін Марютка берік ұстады, жасақта ешкім де «Марюткамен ондаймын-мұндаймын» деп мақтана алмайтын.


Бірде, түн ішінде, отрядқа жақында қосылған мадьяр Гуча оны ұйқысынан оятқысы келген еді (екі-үш күн көз алмай жүргеннен кейін), бірақ мұнысы сәтсіз аяқталды. Самай тұсына револьвердің құндағы тиген және оған қоса үш тісінен айрылған мадьяр өз орнын әрең дегенде тапқан болатын.


Қызыләскерлер Марюткамен әзілдесіп те, қалжыңдасып та жүреді, бірақ ұрыс кезінде оны көздің қарашығындай қорғайды.


Олардың бұл әрекетінен қалың күртелерінің ішіне жасырын ұстаған құпия заттай белгісіз бір сезім, үйде қалған ыстық та ғажап жар құшағын аңсағандық байқалатын еді.


Ысылдаған құмның ішіне бойлай еніп солтүстікке қарай бет алған жандар осылар: қызғылт Евсюков, Марютка және жиырма үш қызыләскер болатын.


Боранды ақпан айы әлі өз күшінде. Төбеге шықсаң жел ұлыған аңдай шулайды. Төмен түссең жау оғындай ызыңдап ысқырады.


Құм мен қардан аяқтарын әзер көтерген ашқұрсақ түйелер де боздай түсіп жүріп келеді.


Жел үрлеп тастаған тақырлардағы тұз қиыршықтары кей жерлерде жалтырай көрініп қалады.  Аспан мен көкжиектің арасын ажырату қиын, көзге көрінетін жердің арғы жағы пышақпен кескендей бұлыңғыр. 


Әңгімедегі осы тарау, шынында да, артық сияқты.


Негізінен бұл әңгімені ең басты нәрседен, яғни келесі тарауда айтылатын оқиғадан бастауым керек еді.


Бірақ құм арасындағы Қарақұдықтың солтүстік шығысындағы отыз жеті шақырым жерде ерекше гурьевтік жасақ қалдықтарының қалай пайда болғанын, қызыләскерлердің қатарында әйел адамның не себептен жүргенін, Евсюковтың неге «қызғылт комиссар» атануын, тағы басқа да жайларды оқушы білуі керек қой. 


Сондықтан мен осы тарауды жазып отырмын. Бірақ бұл тараудың онша маңызды емес екенін тағы ескертемін.


Екінші тарауда


көкжиектен белгісіз бір нәрсенің пайда болатыны, оның кейін гвардия поручигі Говоруха-Отрокке айналатыны айтылады.


Қарақұдық пен Сайқұдықтың арасы жетпіс шақырым, одан әрмен Ұшқан бұлағына дейін тағы алпыс шақырым жол бар.


Түн ішінде, мылтығының құндағын жерге дүңк еткізіп қоя салып, Евсюков жуыспаған аузымен:



  • Тоқтаңдар! Түнейміз!- деді.


Бірі сексеуіл сындыруға, екіншісі от жағуға, үшінші біреуі тамақ дайындауға кірісті. Жүк шешіліп, ішінен күріш пен май алынды. Шойын қазанда қуырылған қой етінің иісі мұрын қытықтап, ботқа қайнай бастады. Сексеуілдің қызуы айналасындағы құмды қыздырып, қарды ерітіп шыжғыра түсуде.


Бәрі оттың айналасына сығылысып, тістері-тістеріне тимей қалтырап, жыртық киімдерінің қуыс қолтықтарынан кірген боранның мұздай суық шеңгелінен қорғанғысы келгендей отқа төне түсуде. Тоңған аяқтарын жалынның үстіне тосады, су сіңген ескі етіктерінің шыжғырылып быжылдағанына қарамай аяқтарын жылытуға әлек.


Тұсаулы түйелер боздаумен тұр.


Евсюков икемге әзер келген саусағымен темекі орауға кірісті.


Түтінін шығарып, демін алды да:



  • Қалай қарай жүру керегін ақылдасуымыз керек, жолдастар,- деді қарлыққан дауыспен.

  • Қайда бармақпыз,- деген күңкіл естілді оттың арғы жағынан,- қайда барсақ та бір өлім. Гурьевке қайту мүмкін емес, сайтан алғыр казактар жолды жауып тастады. Ал Гурьевтен басқа барар жер басар тау бар ма?

  • Хиуаға барсақ ше?- деді біреуі.

  • Хы-ы! Айтады екенсің! Қыстың көзі қырауда қарақұмның ішімен алты жүз шақырым жол жүрмекпісің? Жолда нені қорек етпексің? Қойныңдағы битіңді қуырып жейсің бе?


Әр жерден күлкі естілді. Әлгі дауыс тағы қайталанды:



  • Бәрі бір өлім!


Евсюковтың жүрегі қысылып дір еткендей болды. Бірақ сыр берген жоқ, сөйлеушіні тыйып тастады:



  • Сен, жылайман, дүрбелең салма! Өле салу кез-келген ақымақтың қолынан келеді. Ал тірі қалу үшін баспен ойлану керек.

  • Александровск портына қарай бару керек шығар, онда өз бауырларымыз - балықшылар бар ғой.

  • Болмайды,- деді Евсюков,- Деникин десант түсірді деген мәлімет бар. Красноводск де, Александровск де ақтардың қолында.


Қараңғыда біреудің күрсінгені естілді.


Евсюков отқа қызған тізесін жұдырығымен бір соқты да, үзілді-кесілді түрде бұйрық берді:



  • Бір ғана жол бар, жолдастар, ол Арал! Аралға дейін жетсек теңіз жағасында ел бар, өлмейміз. Одан әрі теңізді жағалай отырып Қазалыға жетуге болады. Ал Қазалыда майдан штабы бар. Сөйтіп үйге де жетеміз.


Айтты - бітті. Айтылған сөз атылған оқпен бірдей. Бірақ аман-сау жететіндеріне оның өзі де сеніп отырған жоқ еді. 


Тағы біреу сұрақ қойды:



  • Ал Аралға дейін нені талғажау етеміз?


Евсюков тағы да пышақпен кескендей:



  • Белдікті тарта түсу керек! Сен, немене, бай-патшаның тұқымы ма едің? Мүмкін саған бал мен бекіре керек шығар? Ештеңе етпейді! Әзірше күрішіміз бар, аздаған ұнымыз да бар.

  • Үш асудан асқанша жетпейді ғой...

  • Алты түйеміз бар. Азығымыз таусылған кезде соларды соямыз. Осылай жетеміз!


Бәрі үнсіз. Оттың маңында отырған Марютка да кірпігін қақпаған күйі жалыннан көз алар емес.


Евсюков күртесінің қарын қағып орнынан тұрды. 



  • Бітті! Менің бұйрығым таңертең жолға шығу! Мүмкін, бәріміз бірдей жете алмаспыз..,- комиссардың даусында аздаған діріл пайда болды,- бірақ жүруіміз керек! Себебі, жолдастар, революция болып жатыр ғой... Бұл жер жүзінің еңбекшілері үшін ғой!


Комиссар жиырма үш адамның беттеріне жағалай қарап шықты. Бірақ олардың көздерінен өзі көптен бері байқап жүрген үйреншікті отты бұл жолы көре алмады. Мөлиген көздер тіке қараудан именіп, төмен түсірілген кірпіктерінің арасына жасырынып қалғандай еді.


Біреуі тағы күңк етті: 



  • Түйелерді жерміз, олар таусылған соң нені жейміз?


Тағы үнсіздік.


Кенет Евсюков қатты күйзелген адамның жан даусымен оған қарап айқайға басты:


 - Сөз таластырушы болма! Революциялық міндетіңді білесің бе, сен?! Антыңды ұмыттың ба? Жап аузыңды! Бұйрық берілді ме, бітті! Болмаса... атып тастаймын!


Кенеттен жөтел қысып, жерге отыра кетті.


Осы кезде тамақ пісіріп жатқан қызыләскер көңілді үн қатты:


- Неменеге ұнжырғаларың түсіп кетті, жауынгерсымақтар! Ботқа дайын болды! Мені бостан-босқа пісірді ғой деп пе едіңдер, жеп алыңдар, енеңді ұрайындар, - деді.


Жауынгерлер күріштен дайындалған майлы ботқаны суып қалмасын деген оймен ыстық күйінде ауыздарын күйдіре асап жатыр. Жұтамын дегенше суып үлгірген майдың кілегейі еріндеріне жабысып қатып қалуда. Оған қарап жатқан ешкім жоқ.


От сөнуге жақындады. Жанып бітпеген сексеуіл шоғы қараңғы түнде соңғы ұшқындарын шашуда. Ұйқыға кіріскен адамдардың қорылы басталды. Арасында ұйқылы-ояу ыңырсыған және түс көрген жандардың ұйқысыраған дауыстары естіліп қалады.


Евсюков таңға жақын иығынан тартқан қатты жұлқудан оянып кетті. Мұз араласа жабысып қалған кірпіктерін әзер ашып, әдеті бойынша бірден винтовкасына жармасты.  


Үстіне төне түсіп Марютка тұр екен. Ақ түтек бораннан оның екі көзі ғана жалтырап көрінеді.


- Не болды?


- Тұр, комиссар жолдас! Тек қатты дауыстай көрме... Сіз ұйықтап жатқан кезде мен айналаны шолып келгенмін. Жанкелді жақтан қырғыздардың[15] керуені көрінеді.


Евсюков екінші жамбасына аударылып түсті.


- Қайдағы керуен, не сандырақтап тұрсың...


- Шын айтамын, қарасан келгір. Қырық шақты түйелі керуен келе жатыр!


Евсюков жатқан жерінен атып тұрды. Сосын саусағын аузына апарып, ысқырып жіберді. Жиырма үш адам суықтан сіресіп қалған аяқ-қолдарын әзер дегенде икемге келтіріп, орындарынан қозғала бастады. Керуен келе жатыр деген хабарды естігеннен кейін барлығы да бойларын тез жинап алған еді.


Жиырма екі адам орнынан тұрды, жиырма үшінші адам тұрған жоқ. Аттың жабуына оранған күйі, жерде селк-селк етіп дірілдеп жатыр.


- Денесі от..,- деді Марютка жатқан адамның жағасына қолын сұғып тұрып. 


- Эх, сайтан алғыр! Не істейміз енді? Киізбен жауып таста, жата берсін. Қайтып келіп алып кетерміз. Керуен қай жақтан келе жатыр?


Марютка қолымен батыс жақты нұсқады.


- Онша алыста емес, бес-алты шақырымдай болып қалар. Түйелерінің бәріне жүк артылған, бай керуен!


- Енді өлмейміз! Тек қолдан шығарып алмауымыз керек. Жақындаған бойда жан-жақтан тиісеміз. Аянып қалмаңдар! Оңға және солға бөліне жүріңдер. Кеттік!


Барлығы алға ұмтылды. Құм жалдарының арасымен бірінің ізінен бірі бүкшеңдей жүгіріп барады. Жүгірген сайын денелері қызып, бұрынғыдай емес, сергектене түсетін сияқты.


Ұзамай-ақ төбенің басынан тақырда келе жатқан түйелер тізбегі - керуен көрінді. Түйелерге жүк артылғаны анық байқалады.


- Құдай тілеуімізді берді, мейрімі түсті деген осы, - деп Гвоздев деген жас жігіт күбір еткен еді.


Евсюков шыдай алмады:


- Қайдағы құдай?! Саған айтылмап па еді, ешқандай құдай жоқ деп! Барлығы да өзінің ретімен, солай болуы тиіс болғандықтан болып жатыр.


Айтысып жатуға уақыт жоқ еді. Бұйрық бойынша әр төмпешік пен әр бұтаны паналай бәрі алға ұмтылды. Мылтықтарын қолдарына серт ұстап келеді: бұл керуен олардың ең соңғы үміті - егер керуеннен айрылса бәрінің біткені.


Керуен асықпай жәй жүріп келеді. Жақындап келгенде түйелердің үстіндегі жүк ораған киіздердің ою-өрнектері, қазақтардың киген қасқыр ішіктері мен жылы шапандарының түстері айқын көріне бастады.


Осы кезде қызғылт күртесі күн сәулесіне шағылыса, мылтығын бейімдей ұстаған Евсюков төбе басына шықты да:


- Тоқтаңдар! Мылтықтарыңды дереу жерге тастаңдар! Ешқандай «тамашасыз» болсын, болмаса бәріңді атып тастаймыз!- деп қарлыққан дауыспен айқай салды.


Ол сөзін аяқтап үлгірмей-ақ қатты қорыққан қазақтар беттерін жерге баса, жата-жата қалысқан еді.  


Ентіккен кызыләскерлер керуенге қарай жан-жақтан тарпа бас салды.


Евсюков:


- Жігіттер, алдымен түйелерді ұстаңдар,- деп айқайлады.


Оның даусын кенеттен керуен жақтан түйдектей атылған винтовка гүрсілі басып кетті.


Оқтар зуылдап өтіп жатыр. Евсюковтың қасындағы жауынгер екі қолын алға созған күйі, жерге шаншыла құлады.


Евсюков басын төмпешікке жасырып жатып:


- Жатыңдар!.. Жата қалып соғыңдар оларды, сайтандарды!.. – деп айтып үлгірді.


Әр жерден атылған мылтық даусы естіледі.


Атып жатқандар шөккен түйелердің тасасына жасырынған беймәлім адамдар еді. Қазақтарға ұқсамайды, себебі атыс мейлінше біркелкі және түйдегімен шығып жатыр.


Оқтар жерге жабысқан қызыләскерлердің жан-жағынан бұрқ-бұрқ етуде. Екі жақтан да мылтық даусы жаңғырыға естіледі. Сәлден соң атыс саябырсығандай болды.


Осы сәтті пайдаланған қызыләскерлер кезектесе жүгіріп, керуенге жақындай түсті.


Керуенге отыз қадамдай қалғанда түйе тасасынан ақ сөлкебайы бар, басына тері құлақшын киген адам көзге түсе кетті. Оның иығында алтын түсті жолағы бар еді.


- Марютка, қарашы! Офицер!– деді Евсюков еңбектеп жақын келген  Марюткаға.


- Көріп тұрмын.


Асықпай көздей бастады. Мылтық гүрс етті.


 «Қырық бірінші, қарасан келгір!» деп айтып үлгіруі сол-ақ екен, үстіне көкшіл тұлып киген ақ сөлкебайлы адам түйе тасасынан винтовкасын жоғары көтерген күйі шыға келді. Винтовка найзасының ұшына ақ орамал байланған.


Қатты тоңғаннан саусақтары икемге келмеді ме, әлде жүгіргеннен ентікті ме, Марютка бұл жолы мүлт кетті. Ол ызаланғаннан винтовкасын жерге лақтырып жіберді. Ашуланғаны сондай, көзінен жас шығып кетті.


Евсюков офицердің қасына жетіп барды. Оған ілесе мылтықтарының найзасын оңтайлай ұстап, шаншып түсуге ыңғайланған бірнеше қызыләскер де жеткен еді.


- Тимеңдер... Тірілей алуымыз керек, тимеңдер!- деді комиссар айқайлап.


Бәрі тұлыптыға жабыла кетті. Жерге жығып салды.


Оның жанындағы бес адам түйенің тасасынан шықпай қалған еді. Олардың барлығы да, түйе де оққа ұшыпты.


Қуанған қызыләскерлер улап-шулаған күйі (кейбірі күліп, кейбірі жылап жүр) түйелерді бұйдаларынан ұстап бір-біріне байластырып жатыр.


Керуеншілер Евсюковтың ізінен жүгіріп жүр. Бірі қолынан, екіншісі күртесінен, үшіншісі шалбарынан тартып, оның бетіне қысық көздерімен жалына қарайды. Бірдемелерді айтып өздерінше түсіндірмек болады.


Евсюков қолдарын сермеген күйі олардан сытылып шықпақшы. Ашуланғысы келеді, бірақ ашулана алмайды (іштей оларды аяйтын сияқты). Наганының ұңғысын біреуінің жалпақ тұмсығына тақап тұрып айқай салды:


- Тоқта, қоя тұр! Ешқандай қарсылық болмауы керек!


Үстінде қымбат тұлыбы бар ақсақалды адам Евсюковтың белбеуінен ұстап алған. Жәй ғана сыбырлай сөйлеп былай дейді:


- Ой-бай... Плоха дела... Киргиз верблюда жить нада. Киргиз без верблюда помирать пошел... Твоя, бай, так не делай. Твоя деньга хотит – наша дает. Серебряна деньга, царская деньга... киренка бумага... Скажи, сколько твоя давать, верблюда назад дай[16]?


- Сен түсінсеңші, шақша бас-ау! Бізге түйе қажет, онсыз өлгелі тұрмыз ғой. Мен тонап жатқаным жоқ, революция атынан уақытша алайын деп тұрмын. Сендер өз үйлеріңе жаяу да жете аласыңдар, ал біз жете алмаймыз. Түсінікті ме?


- Ой-бай. Никорош. Отдай верблюда, бери абаз. Киренки бери, - деп ол өзеуреп қоймады.


Евсюков шыдамай кетті.


- Сайтан алсын сені, сайтан алғыр! Айттым - бітті. Ешқандай сөз болмасын! Қолхат аласың, сонымен іс бітеді.


Ол қолхат жазылған газеттің алақандай қиындысын оның қолына ұстата берді. 


Қазақ қағазды жерге лақтырып тастады. Сосын жата қалып жылап жіберді. Қалғандары көздеріне келген жастарын әзер тыйып үнсіз тұр.


Евсюков бұрылып кете бермек еді, кенеттен есіне тұтқын офицер түсті.


Ол екі қызыләскердің ортасында тұр екен. Салмақты кейіпте, оң аяғын алға бере, шылым шеккен күйі комиссарға мысқылды кейіппен қарап тұр.


- Кім боласың? – деді Евсюков.


- Гвардия поручигі Говоруха-Отрок. Сен өзің кім боласың? - деді өз кезегінде офицер аузынан темекі түтінін бұрқ еткізе.


Сосын басын кекжите көтерді.


Евсюков те, басқа қызыләскерлер де поручиктің көкшіл көзінің мөп-мөлдір екенін байқады. Байқамасқа болмайтын еді - көзі бейне бір жоғарғы сортты француз бояуымен бояп қойғандай мөлдір көк болатын.  


Үшінші тарау


Орта Азияда түйесіз сапар шегудің қиындықтары туралы және Колумб серіктерінің сезімдері жайлы.


 Марютканың есебі бойынша қырық бірінші гвардия поручигі Говоруха-Отрок болуы керек еді.


Тоңғаннан немесе толқығаннан болды ма, Марютка алғаш рет мүлт кетті.


Осылайша поручик тірі адамдардың қатарында артық сан болып қала берді.


Евсюковтың бұйрығымен оның киімдерін тексергенде былғары френчтің жасырын қалтасы бар болып шықты. Қызыләскерлер құпия қалтасын тапқан кезде поручик бейне бір бас білмейтін құнан аттай тулаған болатын, бірақ оны тырп еткізген жоқ. Тек дірілдеген еріндері мен аппақ қудай бет-әлпеті ғана оның қатты толқып және абыржып тұрғанын әшкере еткендей еді.


Қалың шүберекке оралған затты абайлап ашқан Евсюков құжаттарды оқуға кірісті. Сосын, басын шайқап қойып, ойға кетті.


Құжатта гвардия поручигі Говоруха-Отрок Вадим Николаевичтің «Ресейдің жоғарғы билеушісі» Колчактың үкіметі атынан генерал Деникинге жіберілген өкіл екендігі жазылыпты. Онда: «...берілген құпия тапсырмаларды поручик ауызша жеткізуге тиісті» делінген.


Құжаттарды ұқыптап қойнына салып алған Евсюков поручикке сұрақ қойды:


- Сізге берілген тапсырмалардың мазмұны қандай, офицер мырза? Бәрін жасырмай айтуыңызға тура келеді, себебі сіз қызыл әскердің тұтқынындасыз. Мен осылардың басшысы комиссар Арсентий Евсюков боламын.


Поручиктің көкшіл көзі Евсюковқа қарай жарқ ете қалды. Мысқылдай күліп өкшелерін сарт еткізді. 


- Monsieur Евсюков?.. Танысқаныма өте қуаныштымын! Өкінішке орай, сіздей тамаша адаммен дипломатиялық келіссөз жүргізуге менің өкілеттігім жоқ.


Евсюковтың бет әлпеті өзгеріп сала берді - поручик бүкіл жасақтың алдында оны мазақ етіп тұр еді.


Комиссар наганын суырды.


- Сен... ақтың құйыршығы! Кімді ақымақ етпекшісің? Ішіңдегіңді ақтар, болмаса оққа ұшасың!


Поручик иығын қиқаң еткізді.


- Комиссар болсаң да ақылың жоқ екен. Өлтірер болсаң, ештеме де біле алмай қаласың!


Комиссар наганын түсірді.


- Сайтанның сапалағы... Мен саған әлі гопак билететін боламын... Сен әлі ән салатын боласың... Көрерсің! – деді. 


Поручик сол жымиған қалпы тұра берді.


Евсюков жерге бір түкірді де, кетіп қалды.


Офицердің жанындағы қызыләскер:


- Не істейміз, жолдас комиссар? Жанын жаһаннамға жіберейік пе, қалай қыламыз, - деген болатын.


Евсюков мұрнын сипалай ойланып тұрды да:


- Жо-жоқ, олай жасауға болмайды. Бұны Қазалыға жеткізуіміз керек. Сондағы штабта барлық білетінін сығып алады, әлі.


- Қалай алып жүрмекпіз бұны? Өзіміз аман-сау жетсек те жарар еді! Енді ахфицерлерді де қатарымызға қабылдайтын болғанбыз ба?


Евсюков кеудесін көтере зірк етті:


- Болды, жетер енді! Ол сенің жұмысың емес! Мен тұтқындадым, мен өзім жауап беремін.


Бұрыла бере Марютканы көрді.


- Міне!.. Марютка, саған тапсырма! Көзіңнен таса етпейсің! Айрылып қалсаң, теріңді сыпырып аламын.


Марютка үн-түнсіз иығынан винтовкасын алып, тұтқынның қасына келді.


- Кәні, жақында бермен! Бұдан былай менің қарамағымда боласың. Тек есіңде болсын, мені әйел ғой деп қашып кетуді ойлама. Үш жүз метр жерден қағып түсіремін. Бір рет мүлт жібердім, сол да жетер! Енді олай болмайды, қарасан келгір.


Поручик көзінің қиығымен қарады да, жымия тұрып иіліп сәлем етті.


- Сіздей керемет амазонканың қол астында тұтқын болу қандай бақыт!


- Немене?.. Не деп тұрсың өзің?!– Марютка поручикті жек көрген көзбен бір шолып өтті,- Шандрапа! Шамасы, билеуден басқа қолыңнан ештеңе келмейтін сияқты ғой! Бос сөзді қой, түс алдыма! Бас аяғыңды!


Бұл күні олар қақ суынан пайда болған кішкене көлшіктік жағасында түнеп шықты. Мұз жиегінен тұрып қалған судың жағымсыз иісі келеді.


Бәрі де жақсы ұйықтады. Керуендегі жүктерден шешіп алынған киіздер мен кілемдерге оранып, жұмаққа кіргендей рахаттанып ұйықтап шықты.


Марютка түнге қарай поручиктің қол-аяғын түйенің шылбырымен мықтап байлап, бір ұшын қолына алып жатты. 


Маңайындағылар күліп жатыр. Семянный аталатын қызыләскер бәріне естілердей етіп:


- Қараңдаршы, Марютка тұтқынды өзіне қосақтап жатыр,- деді.


Марютка күлкі етушілерге қарап:


- Құрыңдаршы әрі, қарасан келгірлер. Сендерге күлкі керек... Қашып кетсе қайтемін?


- Ақымақпысың? Құм ішінде қайда қашады?


- Сонда да осылай сенімдірек... Ұйықта сен, кавалер.


Марютка киізге оранып жатқан поручикті түртіп қалды. Өзі қасына жантайды.


Қалың киіздің астында жатып ұйықтау қандай рахат. Киізден жүн иісіне қосыла жазғы даланың, тіпті, жусанның иісі шыққандай болады. Денесі жылынған сайын адам да маужырай түседі.


Кілемнің астынан Евсюковтың қорылы естіледі. Беріректе, бетінде арманды күлкінің табы сақталған Марютка, оның қасында шалқасынан созыла түсіп, жұқа да әдемі еріндерін жымқырып алған гвардия поручигі Говоруха-Отрок ұйықтап жатыр.


Тек күзетші ғана ояу. Бұл кезде әйелінен де жақын болып кеткен жан серігі винтовкасына сүйене, киіздің шетінде бұйығып отыр. Қар жамылған шетсіз-шексіз далаға үңіле қарайды. Анда-санда түйелерге тағылған кішкене қоңыраулардың сыңғыры естіледі. Түйелер саны қазір қырық төртке жеткен.        


Қызыләскерлердің көңілдері орындарына түскен.


Жел жұлқа тартып қардың майда түйіршіктерін ары-бері қудалауда. Жел қуған қар түйіршіктері кейде күзетшінің жеңіне, жағасына кіріп кетіп жатыр. Күзетші жиырыла түсіп, жердегі киіздің пұшпағын арқасына қарай тартқан болады. Сол кезде бойын жайлаған суық бір сәтке болса да баяулайтын сияқты...


Қар, құм, жел...


Азияның дегбірсіз даласы...


- Түйелер қайда, түйелер?... Енеңді ұрайын, Анафема! Жетесіз ақымақ, ұйықтап қалғансың ба? Сен не істедің, ақымақ! Ішек-қарныңды ақтарайын ба?


Бүйірінен тиген ауыр тепкіден күзетшінің басы айналып кетті. Мағнасыз көзімен жан-жағына алақ-жұлақ қарай береді.


Айнала қар мен азынаған жел.


Айнала құм. Азанғы күңгірт дала.


Түйелер жоқ. Олардың шөккен орындары ғана қалыпты. Маңайында үшкір тұмсықты аяқкиімдердің іздері жатыр.


Керуеншілер түнде жасырынып келіп күзетшінің ұйықтаған сәтін пайдаланған. Түйелерді айдап әкеткен.


Қызыләскерлер топтала жиналып үнсіз тұр. Не істеу керек? Қуу керек пе? Қуғанда мына құмның қай жерінен табасың?


- Сені, иттің баласын, атып тастау да аздық етеді! – деді Евсюков күзетшіге кіжіне қарап.


Күзетші үнсіз. Көзінен аққан жас тамшылары кірпіктеріне мұз болып қатып қалған.


Киіздің астынан поручик шықты. Айналаға қарада да, ысқырып жіберді. Мысқылды кейіппен:


- Кеңестік тәртіптің түрін қараңыз! Мәс-саға-ан!- деді.


- Жап аузыңды, арамза! – Евсюков зірк етті де, өзінікіне мүлде ұқсамайтын басқа дауыспен әмір берді: - Неғып тұрмыз? Кәні, кеттік бауырлар!


Киімдерінің жалба-жұлбасы шыққан он бір адам құм жалдарының басына өрмелей шығып, теңселе басып жүріп келеді.


Тоғызы қара жолдың бойында мәңгілікке қалған.


Нұры кеткен көзін соңғы рет ашып, добалдай іскен аяқтарына ие бола алмай, тамағынан қырыл шығарып жерде жатқан адамның қасына келген Евсюковтың түрі де бұрынғыдай емес еді. Бетінің түсі өзгерген, жақтары суалған, секпілдері айқындала түскен.


Көрді де басын шайқады. Осыдан кейін оның наганының тұмсығы әлгінің самай тұсына қарай бағытталды. Атылған оқ бас сүйекті ешқандай қан шығармай тесіп өтті.


Өлікті тездетіп көмді. Барлығы қайтадан жолға шықты.


Үстеріндегі лыпалары жыртылып біткен, аяқкиімдерінің быт-шыты шыққан, үсіген аяқтарын киіздің қалдықтарымен, басқа да қолдарына түскен жалбалармен орап алған он адам соққан желдің екпініне әзер дегенде шыдап, сүріне-қабына теңселе басып жүріп келеді.


Тек бір адам ғана тіп-тік түзу қалпында. Ол гвардия поручигі Говоруха-Отрок еді.


Қызыләскерлер Евсюковке бірнеше мәрте айтқан болатын:


- Жолдас комиссар! Бұны не үшін сүйреп келеміз? Бостан-босқа тамаққа ортақ болуда. Оның үстіне киімдері де тәуір екен, бөліп алуымызға болады.


Бірақ Евсюков поручикке қол тигізуге тыйым салды.  


- Қалайда штабқа жеткізуіміз керек немесе осымен бірге өлемін. Ол көп нәрсені біледі. Мұндай адамды бостан-босқа өлтіре салуға бола ма? Тағдырынан қашып құтыла алмайды.


Поручиктің қолы байлаулы, шылбырдың ұшы Марютканың белінде. Марютка әзер жүріп келеді, тотыққан жүзінде көздері ғана жылтырайды.


Поручиктің онша қиналатын түрі жоқ. Тек бет-жүзі сәл қуқыл тартқан сияқты.


Бірде Евсюков оның қасына жақындап келді де, көгілдір көзіне тесіле қарап тұрып:


- Сайтан біле ме? Қосжандысың ба, немене? Денең шап-шағын, бірақ  күшің жетіп-артылады. Мұндай күш-қуат қайдан шығып жатыр? – деді.


- Түсінбейсің... Екеуміздің түсінігіміздің арасы жер мен көктей. Сенің денең рухыңды билейді, менің рухым денемді бағындырады. Яғни, мен өзіме-өзім тапсырма беріп, оны орындата аламын.


- Солай де... – деп таң қалған еді комиссар.  


Биік те аласа, қатты да жұмсақ, жайпауыт та тік құм жалдары бірінен кейін бірі артта қалып жатыр.


Шегі мен шеті жоқ құм алқабы таусылатын емес.


Әбден әлсіреген қызыләскер жерге жата қалып, тісін шықырлата қайрайды. Сосын әлсіз дауыспен жалынады:


- Жүре алмаймын, комиссар! Сәл дем алайыншы... Шамам жоқ...


Евсюков жанына келді. Боқтап-боралап немесе ұрып-соғып тұрғыза алмасын біледі, салмақты үнмен:


- Жүресің!- деді,- Революция атынан бұйырамын!!!


Әлгі адам ең соңғы күшін жинап жерден көтерілді. Сосын мылтығына сүйене жүріп кетті.


Бәрі жүріп келеді...


Бір кезде құмның басына бірінші болып шыққан қызыләскер артына бұрылды да, әлсіз дауыспен айқай салды:


- Бауырлар... Арал!


Сөйтті де жерге құлап түсті.


Евсюков бар күшін жинап төбеге шыққан кезде көзіне көк теңіздің көз шағылыстырар сәулесі жарқ ете қалды. Кірпігін еріксіз төмен түсірген ол жерге отыра қалып, дірілдеген саусақтарымен құмның бетін сипалай берді.


Комиссар атақты саяхатшы Колумб жайлы ештеңе білмейтін еді. Сондықтан «Жер көрінді!!!» деген сөзді естігенде испан теңізшісінің де дәл осылай, алақанымен кеме палубасын сипалай бергенінен оның хабары жоқ болатын.  


Төртінші тарауда


Марютка поручикпен әңгімелесе бастайды және комиссар теңіз экспедиясын жасақтайды.


 Екінші күні теңіз жағасындағы қазақ аулына тап болды.


Алғашқы кезде мұрындарына жанған тезектің күлімсі иісі келген болатын, осыдан-ақ бұлардың асқазандары шұрылдай бастаған. Ұзамай алыстан қоңыр-сарғыш жапқыштары бар дөңгеленген киіз үйлердің төбесі көзге шалынды, осыдан кейін түрлі-түсті және үлкенді-кішілі иттер шабалаңдап үріп алдарынан шықты.


Жалба-жұлба болып біріне-бірі сүйеніп әзер келе жатқан бір топ адамды көрген қазақтар есіктерінің алдарына шығып, таңдана әрі аяушылықпен қарап тұр.


 Тәмпіш мұрынды ақ сақалды қарт бұлардың қасына жақындап келді де, селдір сақалын алақанымен бір сипап өтіп амандасты:


- Ассалау-малейкум. Куда такой идош, тюра?


- Біз қызылдармыз. Қазалыға бара жатырмыз. Бізге тамақ беріңіз, ақсақал. Сол үшін Кеңес үкіметі сіздерге алғыс айтатын болады әлі...


- Ой-бай... Красни аскер. Большак. Сентир пришол, - деді шал басын шайқап  тұрып.


- Жоқ, төре, біз орталықтан емес, Гурьев жақтан келеміз.


- Гурьяв? Ой-бой... Кара-Кум ишол?


Қазақ шалының көзінен таңданыспен қатар үстіне қызғылт күрте киген қызыләскерге және ақпанның қарлы боранында Гурьевтен Аралға дейінгі аралықты жаяу жүріп өткен мына адамдарға деген құрмет байқалғандай еді


Бірнеше әйелді дауыстап қасына шақырған ақсақал оларға тәртіп бере бастады.


Сосын комиссардың қолынан ұстап:


- Иди, тюра, кибитка. Испи мала-мала. Сыпышь, палав ашай,- деді.


Жылы үйлерге бөлініп кірген әскерлер бірден ұйқыға кірісті. Осылай, тұяқ серіппестен, кешке дейін ұйықтады.


Тамақ дайын болғасын ауқаттануға кіріскен қызыләскерлерді қазақтар достық кейіппен арқаларынан қағып қонақ қылуда.


- Ашай, тюра, ашай. Твоя немного высохла. Ашай, здорова будишь. 


Түйілгендеріне қарамастан ашкөзденіп жеуге кірісті. Ашқұрсаққа ішкен тамақтан кейін көбісі күпті бола бастады. Қайсыбірі құсып жатыр. Далаға шығып құсып келіп, қайтадан тамақ жеуге кіріседі. Сосын әбден титықтап, дәрмендері құрыған бейшаралар, қайтадан ұйқыға бас қойды.


Ұйықтамаған тек Марютка мен поручик еді.


Марютка мосының астындағы әлі жанып бітпеген шоққа тесіле қарап, үнсіз отыр. Жүзінде жүріп өткен жол азабының ізі де қалмаған.


Сөмкесін ақтарып, ішінен көзінен таса қалдырмайтын қарындаштың тұқылын алды. Қазақ қызынан сұрап алған «Жаңа уақыт» журналының бетіне өлең жаза бастады. Бетке үлкен етіп финанс министрі граф Коковцевтің портреті басылған екен. Коковцевтің маңдай тұсынан бастап сақалына дейінгі ашық аралыққа Марютканың қисық әріптері бірінен кейін бірі қатарласып түсе бастады. 


Марютканың белінде шылбыр бар, оның бір ұшы бұрынғысынша поручиктік арқасына қайырылған қолына мықтап байланған.


Марютка поручикті тамақтанып алуы үшін бір сағатқа ғана босатты, сосын қайтадан байлап тастады.


Қызыләскерлер тағы күле бастады:


- Туһ, бейне бір ит байлағандай екен...


- Мықтап байла, Марютка. Болмаса, кім біледі, Марья Маревне деген әйел кілеммен ұшып келіп қастерлеп күткен адамыңды ұрлап әкетуі мүмкін ғой.


Марютка үн қатқан жоқ.


Поручик арқасын киіз үйдің қабырғасына тіреп үнсіз отыр. Арасында көгілдір көздерімен Марютканың тұқыл қарындашына көз салып қояды. 


Кеудесімен алға ұмтыла түсіп жәймен ғана:


- Не жазып отырсың? – деді.


Марютка маңдайына түскен кекілінің арасынан оған жақтырмай қарады:


- Оның саған не қажеті бар?


- Мүмкін... хат жазу керек болар? Сен айтып отырсаң мен жазып берейін.


Марютка жайымен күліп алды.


- Пәлесін көрдің бе? Яғни мен сенің қолыңды босатады екенмін, сен мені желкемнен бір періп, қашып кеткің келіп отыр ғой, солай ма? Қандай адамға тап болғаныңды ұмытпағайсың, қарағым. Маған сенің көмегіңнің қажеті жоқ! Мен хат емес, өлең жазып отырмын.


- Өле-е-ең? Сен өлең жазасың ба?


Марютка жазуын қоя қойды, қызарып кетті.


- Неменеге бажырая қалдың? Сенің ойыңша, сендер ғана падекатрды билей аласыңдар, ал мен шаруа әйелімін ғой? Сенен асқан ақымақ емеспін!


Поручик иығын қиқаң еткізді (қолы байлаулы болатын).


- Мен сені ақымақ деп ойламаймын. Таң қалатыным - қазір өлең жазатын уақыт па?


 Марютка жазуын тоқтатты. Иығына төгілген шашын бір сілкіп түзетіп қойды.


- Сен өзің қызық адам екенсің! Өлеңді тек құстөсекте жатып жазу керек пе? Егер менің ішімде өлең қайнап жатса ше? Егер мен біздің аш-жалаңаш, азып-тозған күйде құмның ішімен босқанымызды өлеңмен айтқым келсе ше? Адамдардың ішіндегі сыртқа шығара алмаған армандарын жеткізгім келсе ше? Мен осы үшін барымды салуға дайынмын. Тек өлеңдерімді жарияласам екен... Әлде де оқу керек дейді, оқуға уақыт бар ма? Қарапайым ғана тілмен мен жүрегімнен жарып шыққанды жазамын! Түсіндің бе, енді?


Поручик жәй ғана жымиып қойды.


- Сен өлеңіңді оқысаңшы. Қызығып отырмын, мен өлеңнің жайын жақсы білемін.


- Сенің түсінуің қиын! Өйткені сенің тәрбиең мен қаның бөлек. Саған гүл жайлы, қатындар жайлы өлең керек. Ал менікі жарлы-жақыбайлар жайлы, революция жайлы болып келеді, - деп сөзінің соңын көңілсіз аяқтады Марютка.


- Неге түсінбейді екенмін? – деді поручик, - мүмкін маған оның мазмұны жат шығар, бірақ адам адаммен әрқашанда түсінісе алады ғой.


Марютка екіұдай сезімде қолындағы Коковцевтің суретін айналдырып қарай бастады. Үнсіз отыр.


- Жарайды онда! Сен тек күлмегейсің... Сені әкең осы жасыңа дейін оқытушы жалдап оқытқан болар, ал мен өзім оқып үйренгенмін.


-  Күлмеймін, шын сөзім!


- Онда тыңда! Бұл жерде бәрі жазылған... Казактармен қалай соғысқанымыз, құмның ішін қалай кезгеніміз туралы...


Марютка алдымен жөткірініп алды. Сосын даусын сәл бәсеңдетті де, көзінен ұшқын шаша, әр сөзін анықтап оқи бастады:


Патшаның малай жендеттері,


Казактар шықты ұрысқа.


Қызыләскер қырандар,


Қарсы алды оқпен ұрыста.


 


Казактар саны көп еді,


Амалсыз кейін шегіндік.


Евсюков бастап қоршауды,


Бұзып шығуға кірістік.


 


Пулеметтен оқ септік,


Өліммен келіп бетпе-бет.


Бүкіл рота жер құшты,


Жиырмамыз ғана құтылдық...


- Әрі қарай жылжыр емес, қарасан келгір. Түйелерді қалай келтірерімді білмей отырмын? – деді Марютка торыққан кейіппен.


Қараңғыда поручиктің бет-әлпеті толық көрінбейді, дегенмен сәл үнсіздіктен кейін былай деді:


- Ия... керемет! Экспрессия, сезім дегендер жеткілікті. Жүректен шыққаны көрініп-ақ тұр,- сосын дереу жалғастырды,- Сен тек ренжи көрме: өлеңдерің нашар жазылған, өңделмеген, икемсіз...


Марютка бір күрсініп алып қағазын тізесіне қойды. Үн-түнсіз киіз үйдің шаңырағына қарап отыр. Иықтарын қусырып алған.


- Сезімге толы екенін өзім де білемін, жазған кезімде бауырым елжіреп кетеді. Ал өңделмегені туралы барлық жерде айтып жүр. Тура сен сияқты: «Сіздің өлеңіңіз өңделмеген, басуға келмейді». Ал оны қалай өңдеу керек? Оның құпиясы неде? Сіз ғой ентиллегентсіз, мүмкін, білетін шығарсыз? - Марютка толқығаннан поручикті «сіз» деп қалды.


Поручик көпке дейін жауап қатқан жоқ.


- Бірден айту қиын... Өлең деген, білесің бе, өнер ғой. Ал кез-келген өнердің өз заңдылығы бар. Мысалы инженер көпір құрылысының заңдылықтары мен ережелерін білмесе, көпірді сала алмайды. Сала қойған жағдайда жарамсыз болып шығады. 


- Көпір ол көпір ғой. Ол үшін арихметиканы меңгеру керек, анженерлік құпияларды үйрену керек. Ал өлең басқаша, ол маған бесіктен жұққан. Бұл талант емес пе?


- Болса ше? Талантты дамыту үшін де ғылым керек. Инженер сондықтан инженер - доктор емес - оның туғаннан құрылысқа икемі болуы керек. Бірақ, оқымаса, одан ештеңе де шықпайды.


- Солай ма?.. Сен, міне, қандай адамсың, қарасан келгір! Қалай соғысты аяқтаймыз, солай оқуға барамын. Өлең жазуды үйрететін мектеп бар шығар?


- Болуға тиіс... – деді поручик ойланып отырып.


- Міндетті түрде барамын. Бұл өлеңдер менің жанымды жеумен жүр ғой. Қашан «Мария Басованың жазған өлеңдері» деп кітапқа басылып шыққанша шыдай алар емеспін.


От сөнді. Қараңғы түн.


Соққан жел киіз үйдің үзігін желпілдетіп қояды.


- Сен, кадет, естіп отырмысың? – деді кенет Марютка, - қолың ауырған шығар, ә?


- Онша емес, тек ұйып қалады.


- Былай болсын... Сен маған қашып кетпеймін деп уәде бер. Мен сенің қолыңды шешейін.


- Құмның ішінде қайда қашпақпын? Қасқырларға жем болу үшін бе? Мен өзіме-өзім қастық жасайтын адам емеспін.


- Жоқ, сен уәде бер. Менің айтқанымды тыңда және қайтала: «Қызыләскер Мария Басоваға қашып кетпеуге ант етемін».


Поручик қайталап айтып шықты.


Қатты байланған шылбыр арқан шешілді, поручиктің қолы босады. Ол рахаттанған кейіпте қолдарын созып, саусақтарын қозғалысқа келтіре бастады.


- Енді ұйықта, - Марютка есінеп алды, - Егер қашсаң, ең соңғы жексұрын адам болып есептелесің! Мә, мына киізді ал да, жамыл.


- Рахмет, тонымды жамыламын ғой. Қайырлы түн, Мария...


- Филатовна! – деп маңғаздана қосты Марютка киіздің астына кіріп жатып.


Евсюков майдан штабымен хабарласуға асықты. Бірақ алдымен тойынып, сосын тынығып алу керек еді.


Бір аптадан соң Евсюков теңізді жағалай отыра Аралға, одан әрмен Қазалыға жетуге шешім қабылдады.


Екінші аптада көрші ауылдан келген қазақтардан теңіз жағасында жатқан, күзгі дауыл кезінде далаға шығып қалған қайық бар екенін естіді. «Қайық жағада жатыр, адамдары суға кеткен болу керек»- деді қазақтар. Көрген адамдар қайықтың бүтін екенін айтты.


Комиссар қайықты көруге асықты.


Мықты емен ағашынан жасалған жап-жаңа дерлік қайық онша бүліне қоймапты. Тек желкені жыртылған және рөлі зақымданған екен.


Қызыләскерлермен ақылдасқаннан кейін Евсюков жауынгерлердің бір бөлігін теңіз арқылы Сырдарияның төменгі құйылысына аттандырғысы келді. Қайық аздаған жүгімен төрт адамды еркін көтере алатын еді. 


– Осылай жасағанымыз дұрыс,– деді ол,– біріншіден, тұтқынды орталыққа тезірек жеткіземіз, жолда қандай жағдайға ұшырайтынымызды сайтан біле ме? Ал оны міндетті түрде штабқа тапсыруымыз керек.  Екіншіден, штабтағылар біз жайлы хабар алғаннан кейін, киім-кешек пен азық-түліктен көмек жібереді. 


Жел оңынан тұрған жағдайда қайық үш-төрт күнде теңізді кесіп өтіп, Қазалыға жететін еді.


Евсюков хат жазды. Күртесінің ішкі қалтасында сақтап жүрген поручиктің құжаттарын оған қосып тікті.


Жыртылған желкенді қазақ әйелдері жамап берді, ал рөлді Евсюковтың өзі қолына түскен ағаш сынықтарымен жөндеді.


Ақпанның қытымыр аязында, таңертеңгі күн мыс табаққа ұқсап көкжиектен енді көтеріле бастаған кезде, қайықты түйемен тартып суға түсірді.


Бәрі орналасып болғаннан кейін, Евсюков Марютканы оңаша алып шықты:


– Сен басшы боласың, барлығы үшін жауап бересің! Кадеттен көзіңді алма. Тірі болсын, мейлі өлі болсын, қайтсеңде штабқа жеткіз. Егер жазатайым ақтарға тап болсаңдар, оны тірі қалдыра көрме. Ал, қозғалыңдар!


Бесінші тарау


түгелдей Даниель Дефодан ұрланып алынған деуге болады, тек мұнда Робинзон Жұманы іздеп әуре болмайды.


 


Арал көңілді теңіздердің қатарына жатпайды.


Жайпауыт, кейде тік жарқабақты жағалаулар, белес-белес құмдар, онда тырбия өскен жусандар.


Мұндағы аралдар табаға пісірілген құймақ тәріздес жалпақ әрі аласа болып келеді  -  жаға мен теңіздің шекарасын ажырату қиын. Тірі жан мекендемейді.


Құс көп болмайды, шөп аз шығады. Адам баласының мұнда тек жазда ғана келуі мүмкін.


Теңіздегі ең үлкен арал Барсакелмес деп аталады.


Қазақтардың айтуы бойынша бұл «барған жан қайтпайды» деген ұғымды білдіреді.


Жаз айларында Арал қыстағынан балықшылар келеді. Бұл жер балыққа бай, қайнап жатады.


Күздің қара суығынан бастап келесі көктемге дейін мұнда балықшылар болмайды, олар балықты Арал қыстағының маңындағы қуыс-қолтықтардан аулайды.


Күзгі дауылға дейін тасып үлгіре алмаған балықтарын тұздап, ағаштан соға салған ашық-тесік сарайсымақтарда қалдырып кете береді.


Қыс қатты болған жылдары Чернышев пен Барыс басаттарының арасы мұз болып қатып, аң-құстардың құдайы береді. Мұз үстімен жеткен аңдар тұздалған қаяздар мен сазандарға мейлінше қарық болады, тіпті, тойғандығы сондай, шөлден өліп те жатады.


Ондай жылдары, Сырдарияның сарғыш суы теңіз мұзын еріте бастаған кезде, балықшылар күзде қалдырған балықтарынан ештеңе де таппай қалады.


Қараша айынан ақпан айына дейінгі мерзімде теңіз үсті бораннан арылмайды. Басқа уақыттарда олай емес. Ал жазда Арал тыныш - теңіз беті айнадай жалтырап жатады.


Солай болса да Арал көңілсіз.


Аралдың бір кереметі - суы көкпенбек, мөп-мөлдір.


Теңіздің суы мөлдір асыл тастай құлпырады, түбіне дейін анық көрінеді.


Барлық елдердің географиясында бұл жайлы жазылған.


Жолаушыларды аттандырарда Евсюков жақын арада дауыл болмайды деп есептеген болатын. Көп жылғы тәжрибелеріне сүйенген қазақтар да осылай айтқан еді.


Сондықтан Марютка мен поручик (олармен бірге Семянный мен Вяхирь аталатын екі қызыләскер бар), Қазалыға жету үшін теңіз арқылы осы қауіпті сапарға аттанған болатын.


 Бірқалыпты соққан жел жамаулы желкенді тырсита үрлеп келеді, қолдан құрастырылған рөл сықыр-сықыр етеді. Көпіршіген толқын қайық ернегіне соққылауда.


Марютка поручиктің қолдарын босатқан еді – қайықтан қайда қашады – қазір Говоруха-Отрок екі қызыләскердің ортасында шкотты басқарып келеді.


Яғни өзін-өзі тұтқынға алып бара жатыр.


Кейде киіз жамылып қайық түбінде жатқан кездері, өзі ғана білетін құпия сыры бар жандай, жымиып қоятыны бар.


Бұл қылығы Марютканы таң қалдырады.


«Үйіне келе жатқан адамдай неменеге мәз болады? Штабта жауап алады да, атып тастайды ғой. Соны білмейді ме екен?»


Марютка осылай ойлағанмен, поручиктің күлкісі тыйылмайды.


Марютка бірде шыдай алмай сұрақ қойды:


– Теңізге бейім екенсің, бұны қайдан үйреніп жүрсің?


Говоруха-Отрок ойланып барып жауап қатты:


– Петербургте... Менің жеке яхтам болды ғой... Үлкен! Теңізге шығатынмын. 


– Қандай яхта?


– Сондай кеме болады... желкенді.


– Айтады екенсің! Яхтаны білмейді дейсің бе? Астраханның буржуйларында неше түрлісі болатын. Талай рет көргенмін: аппақ, биік және әсем аққуға ұқсастары бар. Мен сенен атын сұрап отырмын ғой, қалай аталатын еді?


– «Нелли»


– Бұл қандай атау?


– Бұл менің әпкемнің аты, яхта соның есімімен аталған.


– Христиандарда бұндай есім жоқ қой.


– Елена ғой... ағылшынша Нелли болады.


Марютка салқын ғана сәуле шашып жарқырап тұрған күнге қарап үнсіз қалды. Күн еңкейіп, көкшіл теңіздің деңгейіне жақындап қалған еді.


Қайтадан тіл қатты:


– Теңіз суы не деген көкпенбек! Каспийдің суы жасылдау болып келеді, ал мұнда, қарашы, қандай мөлдір!


Поручик өзіне-өзі айтқандай үн қатты:


– Форель өлшемі бойынша үшінші номерге жақын келеді.


– Не дедің? – Марютка барлық денесімен бұрыла қарады.


– Өзімше айтып отырмын. .. Теңіз суы жөнінде гидрографиядан оқығаным бар, бұл теңіздің түсі өте көкшіл болып келеді. Форель деген ғалым теңіз суының түсін анықтау үшін кесте жасаған. Ең көкшіл түс Тынық мұхитта. Ал Аралдың түсі осы кесте бойынша үшінші номерге сәйкес келеді.


Марютка түрлі түске боялған Форель кестесін көз алдына елестеткісі келгендей көзін жұмды.


– Қандай көк, ешнәрсемен салыстыруға келмейді. Таң қаларлық...


 Ол көзін қайтадан ашты. Осы кезде оның қарашығы поручиктің көгілдір көзімен кездесіп қалған еді. Таңғажайып бір жаңалық ашқандай, бүкіл денесімен алға ұмтыла түсіп, күбір етті: – Мәс-саған! Сенің көзіңнің көктігі тура аумаған теңіздің түсі ғой! Неге ұқсатарымды білмей жүргенмін... қарасан келгір!


Поручик үндеген жоқ.


Көкжиек қызыл шапаққа бөлене бастады. Әудем жердегі толқындар қара-көк түске боялып, көпіршік атуда. Салқын түсейін деді.


– Шығыстан жел тұрып келеді, – Семянный жыртық шинелін қаусырына түсті.


– Дауыл тұрмаса нетті... – деп жауап қатты Вяхирь.


– Тұрмайды. Енді екі сағаттай жүзсек, Барыс аралы көрінуі керек. Сонда түнеп шығармыз.


Үнсіздік. Қара-қошқыл түске енген толқындар қайықты теңселте бастады. Аспанның түсі өзгеріп, елпілдеген жалба бұлттар пайда болды.


– Айтқаным келді, дауыл тұрып келеді...


– Сол жағымыздан Барыс көрінуге тиісті. Барысқа жетсек, құрғақ жерге аяғымыз ілінер еді. Ұлыған теңізден ештеңе көрінер емес, тіпті... Дұрыстап ұста шкотты, ақымақ! Бұл саған үстелде отырып шәй ішу емес!


Поручик шкотқа ие бола алмай қалған еді, қайық қапталымен толқынға соғылып, шашыраған көбікті су бәрінің үстін шайып өтті.


– Менің қандай қатысым бар? Мария Филатовна ғой, рөлде отырып қалғыған, – деді поручик ақталғысы келіп.


– Мен бе ұйықтаған? Есіңде болсын, қарасан келгір, мен бес жасымнан рөлде отырғанмын!


Толқындар арыстанның жалындай буырқанып, жұтып қоюға асыққандай, қайықты жан-жағынан қақпақылдай бастады.


– Э-эх, енеңді ұрайын!.. Барысқа тез жетсек екен, қараңғыда ештеңе көрінер емес.


Вяхирь сол қапталға үңіле қарауда. Кенет шыңғыра айқайлап жіберді:


– Көрдім! Әне, көрінді!


Қараңғылықта, шашыраған теңіз көбігінің арасынан ағараңдаған жолақ байқалғандай болды.


– Жағаға қарай бұр, жағаға! – Семянный жанұшыра айқай салды, – құдай жар болсын!


Келесі толқын ұрған кезде қайықтың ішіне су құйылып, құйрық жағы бата бастады.


– Суды төгіңдер! – деп айқай салды Марютка.


–  Немен төгеміз, бақыр жоқ қой!


–  Бас киімдеріңмен!


Семянный мен Вяхирь дереу бас киімдерін жұлып алып, суды сыртқа қарай төге бастады.


Поручик бір сәт ойланып қалған еді. Сосын, теріден тігілген баскиімін сыпырып алып, ол да көмекке ұмтылды. 


Әлгі ағараңдап көрінген жолақ қар жамалған жағалау болып шықты. Жағалауға ұрған толқын көпіршігінен жаға одан сайын ағарып, анық көріне түсті.


Жел ұли түсіп, ауыр толқындар қайықтың ернеуінен аса ішке құйыла бастады.


Осы кезде ширыға келіп соққан жел, онсыз да тырсиып әзер келе жатқан желкенді жыртып жіберді. Әбден тозығы жеткен ескі желкен мылтық атқандай тарс етті.


Семянный мен Вяхирь діңгекке қарай тұра ұмтылды.


– Желкенді ұста! – деп айқай салды бар күшімен румпельді басып жатқан Марютка.


Шуылдай келіп ұрған кезекті толқыннан қайық бір қапталына қатты қисайған еді, қайта қалпына келген кезде діңгек маңында Семянный да, Вяхирь де жоқ болып шықты.


Діңгекте тек желкеннің қалдығы ғана жалбырайды. 


Қайықтың түбіндегі суға белшесінен батқан поручик тез-тез шоқына бастады.


– Ібіліс!.. Не істеп отырсың? Тез суды төк!.. – Марютка өмірінде алғаш рет боқтыққа басты.


Есін енді ғана жинағандай болған поручик суды төге бастады.


Марютка жел мен теңіз шуылымен араласа, тұңғиық қараңғылыққа қарай айқай салды:


– Семя–я–анна–аа–ай!.. Вя–яя–яхи–ииирь!


Толқын көбік атып жатыр. Адам даусы естілмейді.


– Суға кетті ме... жын соққырлар...


Ортасына дейін суға толған қайықты жел жағаға қарай қуып келеді. Судың беті қайнап жатқандай бұрқ-сарқ етеді. Бір кезде қайықтың түбі құмға тірелгендей болды.


– Секір суға! – деді Марютка. Өзі де секірді, поручик те қарғып түсті.


–  Қайықты сүйре!


Толқынмен арпалыса жүріп қайықты жағаға шығарды. Марютка винтовкаларды қолына алды.


–  Азық салған қапшықты ал!  


Поручик бағынышты кейіппен айтқанын орындап жатыр. Құрғаққа шыққаннан кейін Марютка винтовкаларды жерге қойды. Қолындағысын поручик те қойды.


Қараңғылыққа қарап Марютка тағы айқай салды:


– Семянна–ай!.. Вяхи–ирь!..


Жауап жоқ.


Ол қаптың үстіне отыра қалып, әйелдерше дауыс салып жылап жіберді.


Поручик оның сырт жағында тісі тісіне тимей қалтырап тұр.


Сонда да болса, иығын қиқаң еткізіп, кімге айтқаны белгісіз:


– Қызық! Нағыз ертегінің өзі! Жұманың қол астындағы Робинзон болдым! –  деді. 


 


Алтыншы тарау,


бұнда екінші рет әңгімелесудің сәті түсетіні туралы айтылады.


 


Поручик Марютканы иығынан тартты.


Бір нәрсе айтқысы келіп еді, жуыспаған ауызы икемге келе қоймады.


Жағын қолымен басып тұрып әзер сөйледі:


– Жылағаннан түк өнбейді. Жүру керек. Бұл жерде тұра берсек, қатып өлеміз.


Марютка басын көтерді. Торыққан үнмен:


–  Қайда бармақпыз? Біз аралдамыз ғой. Айнала су... - деді.


–  Жүру керек. Меніңше осында сарай болуы тиісті.


–  Сен қайдан білесің! Бұл жерде болып па едің?


–  Болғаным жоқ. Гимназияда жүргенде оқығаным бар – балықшылар міндетті түрде сарай соғады. Сол сарайды табуымыз керек.


–  Таптық дейік, сосын не істейміз?


–  Таңғы ас тәңірдің мойнында деген... Тұрайық, Жұма!


Марютка поручикке үрейлене қарады.


–  Құдайым-ай, есің ауысқаннан саумысың? Енді не істеймін! Бүгін жұма емес, сәрсенбі ғой.


– Ештеңе етпейді! Назар аудармай-ақ қой. Бұл жөнінде кейін айтып беремін. Тұралық!


Марютка көнген кейіппен орнынан тұрды. Поручик винтовкаларды алмаққа еңкейе берген еді, қыз оның қолын қағып жіберді.


– Тоқта! Қалжыңдама! Қашпаймын деп сөз бергенің қайда!


Поручик қолын тартып алды. Сосын қарқылдап күліп жіберді.


– Мен емес, сен есіңнен ауысқан шығарсың! Ойланшы өзің, қазір қашуды ойлайтын уақыт па? Мылтықтарды саған ауыр болмау үшін алғалы жатырмын...


Марютка басыла түсіп, жәй дауыспен:


– Көмегіңе рахмет. Сені жеткізу жөнінде маған бұйрық берілген ғой... Саған қару беруге менің құқым жоқ, сен үшін жауап беремін! – деді.


Поручик иығын қиқаң еткізді де, жердегі қапшықты қолына алды. Алға түсіп жүріп кетті.


Аяқ астынан құм араласқан қардың сықыры естіледі. Жайпақ жағалаудың шеті көрінбейді, созылып жатыр.


Алыстан қарға бөккен бір нәрсенің қарасы көрінді.


Марютка үш винтовканың салмағынан еңкейе түсіп жүріп келеді.


– Ештеңе етпейді, Мария Филатовна! Сәл шыда! Міне, мынау, сарай болу керек.


– Шаршадым... Не де болса тезірек жетсек екен.


Сарайға келіп кірді. Іші көзге түртсе көрінгісіз қараңғы. Ысталған дымқыл балықтың иісі келеді.


Поручик жинаулы тұрған балық текшелерін қолымен ұстап көріп жатыр.


– Ого! Балық көп! Енді аш болмаймыз.


– От болса ғой... Қарап көрейік, мүмкін ықтау жер табылып қалар, – деді Марютка үміттене. 


– Бұл жерден электр пеші табыла қоймайтын шығар.


– Балықты жағуға болады, отқа жақсы жанады.


Поручик тағы күлді.


– Балықты жағамын дейсің бе? Сен шынымен-ақ ақылыңнан адасқан шығарсың?


– Неге олай дейсің? – деді Марютка ренжи сөйлеп, –  Бізде, Жайық бойында, балықты отқа жаға береді. Ағаштан кем жанбайды.


– Бірінші рет естіп тұрмын... Сонда қалай жағамыз? Менде шақпақ бар, ал басқасы жоқ...


– Эх, жігітсымақ!.. Өмір бойы анаңның шалғайына жармасып өскенсің-ау деймін. Патронның оғын суыра бер, мен қабырғадан ағаштың қабығын сыпырып көрейін.


Поручик тоңған саусақтары икемге келмегендіктен патрондардың үшкір оқтарын тісімен суыра бастады. Қолында майда жаңқалары бар Марютка қараңғыдан шыға келді:


– Дәріні мынаның үстіне төк. Шашпай сал... Енді шақпағыңды бер.


Марютка шақпақты тұтатып дәріге тигізген еді, ол быжылдап барып лап ете түсті. Осыдан кейін көкшіл-сары жалынның тілі құрғақ ағаш жаңқасын орап ала жөнелді.


– Дайын! – Марютка қуанып кетті, – балықты әкел. Семіздерін таңда.


Жанған оттың үстіне балықтарды текшелеп қоя бастады. От үлкейіп, жалын күшейе түсті.


– Енді үстіне сала бер, балық жетеді.


Марютка жан-жағына қарады. Әр жерде жатқан балық үйінділері жалынның сәулесінен дір-дір қозғалады, көлеңкелер билеп тұрғандай әсер қалдырады. Қабырғалардағы жарықтар мен тесіктер анық көріне бастады.


Марютка сарайдың ішін аралауға кіріскен еді, бір бұрыштан оның даусы шықты:


– Қолайлы жер табылды! Отқа балықтарды молырақ сал, сөніп қалмасын. Мен мына жерден бөлме дайындайын.


Поручик оттың жанында отыр. Жылынуда. Бұрыш жақтан Марютканың лақтырған балықтарының сарт-сұрт соғылған дыбысы шығады. Бір уақытта:


– Дайын! Отты бері әкел,– деді.


Поручик жанып жатқан бір сазанды құйрығынан ұстап бұрышқа алып барды. Марютка балық үйінділерінен үш қабырғасы бар әжептәуір баспана жасап қойған екен.


– Ішке кір. Ортаға балық үйіп қойдым, соны тұтата бер, ал мен тамақтарды алып келейін.


Поручик текшелеп жиналған балықтардың астына қолындағы сазанда тықты. Балықтар жайлап жана бастады. Марютка қайтып оралды. Мылтықтарды қабырғаға сүйеді, қапшықты жерге қойды.


–  Эх, қарасан келгір! Жігіттердің обалын айтсаңшы, бостан-босқа суға кетті...


–  Киімдерді кептіріп алсақ болар еді, суық тиюі мүмкін ғой.


–  Оның не қиындығы бар? Балықтың қызуы жетерлік. Шешін де кептіре бер!


Поручик үндемей қалды.


– Сіз кептірініп алыңыз, Мария Филатовна. Мен аулаққа шыға тұрайын, сосын мен кептірінермін.


Марютка дірілдеп отырған поручиктің бетіне аяушылықпен қарады.


– Ақымағым-ау, ақсүйектік мінезіңді қойсаңшы енді! Немене, жалаңаш әйел көрмеп пе едің? Қорқатын ештеңесі де жоқ!


– Мен ол себептен емес... Сізге ыңғайсыз болар дегенім ғой...


– Бос сөз! Барлығы да бір балшықтан соғылған, қандай айырмасы бар? – Осылай деді де айқайлап жіберді: – Шешін, кәні! Тісің болса пулеметше сақылдап тұр... Маған масыл болмасаң нетті!


Сүйеп қойылған винтовкалардың үстіне жайылған киімдерден бұрқырап бу шыға бастады.


Поручик пен Марютка жалыннан қорғана түсіп, от жаққа арқаларын бере, қыздырынып отыр.


Марютканың көзі кенеттен поручиктің аппақ, арық арқасына түсті. Еріксіз мырс етті.


– Қандай аппақсың, қарасан келгір! Сені, немене, жас кезіңде сүтке шомылдырған ба?


Поручик қызарып кетті. Мойнын бұрып бірдеңе айтқысы келген еді,  жанған оттың сәулесіне шағылысқан Марютканың кеуде тұсына көзі түсіп, көкшіл қарашығын дереу түсіре қойды.


Киімдер кеуіп болды. Марютка киіне бастады.


– Ұйықтау керек. Ертеңге дейін дауыл да тынып қалар. Бақытымызға қарай қайық аман, мүмкін жайымен жүзіп отырып Сырдарияға да жетерміз. Онда балықшыларды кездестіруге болады. Сен жата бер, мен отқа қараймын. Ұйқым келген кезде сені оятармын. Кезекпен ұйықтармыз.


Поручик астына көйлегін төсеп, үстіне тонын жамылды. Бірден ұйықтап кетті. Түс көрген болу керек, ыңырсып қояды. Марютка қозғалмаған қалпы оған қарап отыр.


«Маңдайыма тап болғанын қарашы! Ауырып қалмаса игі еді. Үйінде үлде мен бүлдеге оранып өскен ғой, шамасы. Эх, өмір–ай... қарасан келгір!»


Таңертең, сарай шатырының саңлауынан таңғы сәуле саз бере бастаған кезде, Марютка поручикті оятуға кірісті.


– Естимісің, отқа қарай тұр, мен жағаға барып келейін. Мүмкін, біздің жігіттер бір жерде жүрген шығар, қарап көрейін...


Поручик орнынан әзер тұрды. Екі қолымен самайын қыса ұстап:


– Басым ауырып тұр,– деді.


– Ештеңе етпейді... Бұл шаршағандық пен түтіннің әсерінен. Сәлден соң қояды. Қапшықтан нан ал. Сазанды отқа сал да, пісіріп жей бер.


Мылтығын қолына алып, далаға шығып кетті.


Поручик еңбектеген күйі отқа жақындады. Қапшықтан нан алды. Аузына салды. Бір-екі рет шайнады да... оттың жанына етпеттей құлап түсті.


Марютка келу бойына поручикті жұлқылай бастады:


– Тұр тез!.. Сорладық! Тұрсаңшы...


Поручик көзін кең ашқан күйі үнсіз жатыр. Аузы ашылып кеткен.


– Тұр деймін! Қайықты толқын теңізге алып кетіпті. Енді не істейміз!?


Поручик үн қатқан жоқ, сөйлемейді.


Марютка поручиктің отсыз, нұрсыз көгілдір көзіне үңіле қарады да... түсіне қойды.  Марютканың қолында жатқан оның басы от болып жанып тұр екен.


– Ақыры салқын тигізіп алдың ба, сайтанның сапалағы! Енді не амал қыламын?


Поручиктің ерні жыбырлады. Марютка құлағын тосқан еді:


– Михаил Иванович... Бірлік баға қоймаңызшы... Мен дайындалмаған едім... Ертең оқып келемін...– деген сөздерді естіді.


– Не деп жатырсың?– Марютка қорқып кетті.


– Трезор... Тез... Қырғауыл...– деп айқай салған поручик кенеттен орнынан атып тұрды.


Марютка кейін шегініп кетіп, қолымен бетін басты.


Поручик қайта құлады. Алақанымен құмды шеңгелдей уыстап, жер тырналап жатыр.


Түсініксіз бірдемелерді былдырлап, сыбырлаған үнмен айта бастады.


Не істерін білмеген Марютка үнсіз күйде айналасына жалтақтап қарай береді.


Сосын былғары күртесін шешіп, жерге төседі. Ес-түссіз жатқан поручикті әрең көтеріп әкеліп соған жатқызды. Үстіне тонын жапты.


Не істерін білмеген шарасыз күйде бір уыс болып бүрісіп, қасында отыр. Төмен қарап отырған бетінен жайымен ғана сорғалап ағып жатқан жас тамшылары байқалады.


Поручик ұрынып, үстіне жапқан тонды ашып тастайды. Ондайда Марютка қайта жабады, үсті-басын мойнына дейін қымтап қояды. Ыңғайлы болсын деп басының астына қапшық төседі.


Жоғары қарап, аспанға айтқандай, жыларман дауыспен:


– Өліп қалады ғой... Евсюковке не айтамын? Басыма пәле болмасаң нетті!– деді.


От болып күйіп жатқан дененің үстіне еңкейе түсіп, нұры тая бастағын көкшіл көздеріне үңіле қарады.


Кеудесі шаншып кеткендей болды. Алақанымен поручиктің ылғал, бұйра шаштарын бір сипап өтті. Сосын оның күйіп-жанған басын екі қолымен айқара құшақтап:


– Ақымағым менің, көгілдір көздім менің!– деді сыбырлап.


Жетінші тараудың


басы түсініксіз болғанымен, соңғы жағында бәрі айқындала түседі.


Күміс трубалар, оларға ілінген кішкене қоңыраулар. 


Трубалар ән салады, қоңыраулар нәзік үнмен сыңғыр қағады: «Тили-дин, дин, дин, дин... Тили-тили, длям-длям-длям».


Трубалар ерекше түрде әндетеді: «Ту-ту-ту-ту, ту-ту-у-ту-у».


Марш тәрізді. Кәдімгі марш. Кәдімгі парадтағы марш.


Алаң. Күлен ағаштарының жасыл жапырақтары арасынан күн сәулесі сығалап түсіп тұрған сол бұрынғы алаң.


Капельмейстер оркестрді басқарып тұр.


Бір кезде капельмейстер оркестрге арқасын берді де, шинелінің артқы қиығынан құйрығын шығарды. Сарғыштау келген түлкі құйрығының ұшына алтын сақина кигізілган, ал сақинаға камертон ілінген.


Құйрық бұлғаңдаған сайын камертон түрлі дыбыс шығарады, осылайша корнеттер мен тромбондарға қалай бастау керек екенін көрсетіп тұр. Музыкант үлгіре алмай қалса, камертон маңдайына тоқ еткізеді.


Музыканттар барын салуда. Жақсы музыканттар...


Солдаттар, кәдімгі қарапайым солдаттар, әртүрлі лейб-гвардиялық полктарден жиналған. Оркестр де құрама топ.


Музыканттардың ауыздары жоқ... Мұрындарының асты теп-тегіс. Ал трубалар бәрінің сол жақ танауларына тығулы.


Оң танауларымен ауаны сорып алады, сол танауларынан трубаны үрлейді, сондықтан болу керек, трубаның үні ерекше, ашық және көңілді.


- Маршқа да-а-а-йын-да-ал! 


- По-олк!


- Ба-таль-он!


- Рота-а-а!


- Взвод бойынша оңға... Бірінші батальон алға-а бас!


Капитан Швецов билеп жүр. Капитанның артқы жағы шошқаның бөксесіндей жап-жалтыр, теп-тегіс. Дрыг-дрыг.


- Жарайсыңдар, жігіттер!


- Поручик!


- Поручикті генерал шақырып жатыр!


- Қай поручикті?


- Үшінші ротадағы Говоруха-Отрокты генералға!


Бурыл мұртты қызыл шырайлы генерал алаңның ортасында ат үстінде тұр.


- Поручик мырза, бұл не қылған бассыздық?


- Хи-хи-хи!.. Ха-ха-ха!


- Есіңнен адасқансың ба?.. Неге күлесің?.. Кіммен сөйлесіп тұрсың?..


- Хо-хо-хо!.. Сіз генерал емессіз, сіз мысықсыз, сіздің жоғары мәртебеңіз!..


Генерал аттың үстінде. Беліне дейін генерал сияқты, ал белінен төменгі жағы мысыққа айналған. Белгілі тұқымды мысық болса бір сәрі ғой, олай емес: үсті-басы ұйпаланған, сұрғылт түсті жолағы бар кәдімгі қаңғыбас жабайы мысық.


Аяқтарының тырнақтарымен үзеңгіге шірене түседі.


- Мен сені сотқа беремін, поручик! Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай ғой! Гвардия поручигі кіндігін көрсетіп жүр! 


Поручик қарады да таң қалды – мойынорағышының астынан кіндігі шығып тұр, түсі жап-жасыл және керемет жылдамдықпен шыр айналады. Кіндігін ұстағысы келеді, бірақ ұстатар емес.


- Қамауға алыңдар! Антты бұзғаны үшін!


Генерал аяғын үзеңгіден суырды. Сойдиған тырнақтарын ашып, мұны ұстап алуға ұмтылды. Аяғында шпораның орнына көз салынған екен.


Кәдімгі көз. Қиғаш көз, жасылдау келген қарашығы бар, адамның жүрегінің түбіне үңіліп тұрғандай.


Әлгі көз мейірімді түрде қарап тұрды да, сөйлеп кетті:


- Қорықпа!.. Қорықпа!.. Ақыры дұрысталдың-ау!


Көзін ашқанда көргені – бұның басын біреу қолымен сүйеп отыр, оның қуқыл тартқан бет-әлпетінен әлгі көз мейірлене қарайды. 


- Қатты қорқыттың ғой. Бір апта болды сенімен арпалысқаныма. Өліп қаларсың деп ойлап едім... Жалғыз өзім... Дәрі-дәрмек те жоқ. Қайнаған сумен ғана емдеген болдым. Алғашқы кездері құсумен болдың... Тұзды су жақпаған ғой...


Жұмсақ дауыспен айтылған мейрімді сөздер поручиктің санасына әзер дегенде жетті.


Ол кеудесін көтерді, ештеңеге түсінбеген кейіппен жан-жағына көз салды.


Айнала балық текшелері. От жанып жатыр. Шомполға ілінген ыдыстың ішінде қайнаған су бұрқылдайды.


- Не болды?.. Мен қайдамын?..


- Ұмытып қалдың ба? Танымадың ба? Мен Марюткамын ғой!


Қауқарсыз қолымен поручик маңдайын сипады.


Есіне енді түсті, әлсіз ғана жымиды. Сосын жайымен ғана:


- Ия... есімде... Робинзон мен Жұма,- деді.


- Ой, тағы сандырақтадың ба? Жұманың не қажеті бар! Бүгін қай күн екенін де білмеймін, есептен жаңылып қалдым.


Поручик жымиып күлді.


- Менің айтайын дегенім ол емес!.. Адамның аты... Сондай әңгіме бар, бір адам дауылдан кейін елсіз аралға тап болады. Оның досы болған... Жұма деген... Оқымап па едің?..


- Жо-о... Ертегілерді көп оқыдым, бірақ мынаны білмеймін. Сен жат... Тыныштал... Қайтадан ауырып қаларсың. Мен балық пісірейін. Жеп ал, саған тамақтану керек. Бір апта бойы аузыңа судан басқа ешнәрсе алған жоқсың. Балауыз шамдай ағарып кеттің. Жатып дем ал!


Поручик әлсіз түрде көзін жұмды. Басының ішінде әлде де хрусталь қоңыраулар дыбыс шығарып жатқандай еді. Есіне трубалар мен қоңыраулар түсті, жәймен ғана күліп алды. 


- Неге күлесің?


- Жәй, есіме түсіп жатыр... Қызық түс көрдім... Ұйықтаған кезде...


- Айқайладың ғой! Бұйрық та бердің, боқтық та айттың... Не айтпадың дейсің? Далада жел ысқырады, айнала елсіз дала, сарайда екеуміз ғанамыз. Ал сен болсаң есіңді білмейсің... Қатты қорықтым, не істерімді білмедім,- Марютка мұңая сөйледі.


- Мені қалай аман алып қалдың?


- Алып қалдым ғой... Сені аштан өлтіріп алам ба деп қорықтым. Қолдағы бар нанды суға салып жібітіп бергенмін, қазір балықтан басқа ештеңе қалған жоқ. Ауру адамға тұздаған балық ас болушы ма еді? Ал сенің көзіңді ашқаныңды көрген кезде, мен де жеңілденіп қалдым.


Поручик қолын созды. Жуылмаған, жіңішке, кір-кір қолдарымен Марютканың білегінен ұстады. Жәй ғана сипалай түсіп тіл қатты:


- Рахмет саған, көгершінім!


Марютка қызарып кетті, қолын итеріп тастады.


- Рахмет айтпай-ақ қой, қажеті жоқ. Сеніңше, жәрдем бермеуім керек пе еді? Мен аң емеспін ғой?


- Мен кадетпін... Жаумын. Сол себептен маған жәрдем бермеуіңе де болатын еді ғой. Өзің де әрең жүрсің...


Марютка бір сәтке үнсіз қалды. Сосын қолын сермей күліп жіберді.


- Қайдағы жау! Қол көтерердей қауқарың жоқ, қалайша жау боласың? Мені саған тағдыр кездестірген шығар... Саған тигізе алмадым, өмірімде алғаш рет мүлт кеттім, енді өмір бойы сенен құтыла алмайтын шығармын... Мә, же!


Ол піскен балығы бар ыдысты поручикке ұсынды. Поручик қолына алып, жей бастады. Араны ашылғандай асап жатыр.


- Тұзы көп екен. Тамағымды ашытып жіберді.


- Амал жоқ, жеуге тура келеді. Тұщы су болса, соған салып жібітіп берар едім, оны қайдан табарсың? Балық та ащы, су да ащы, қарасан келгір!


Поручик ыдысты қайтарып берді.


- Немене, жеп болдың ба?


- Тойдым. Өзің де жесеңші.


- Жо-жоқ! Бір аптадан бері әбден жалықтырып жіберді. Тамақтан әрең өтеді.


Поручик бір жамбасымен шынтақтап жатыр.


- Шіркін... Темекі болар ма еді!- деді ол мұңайған үнмен.


- Шылым тартқың келді ме? Оның не қиындығы бар? Семянныйдың қапшығында темекі бар екен, мен кептіріп қойдым. Сенің темекі сұрайтыныңды білгенмін. Шылым тартатын адамның темекіні аңсайтын әдеті болады ғой. Мә, ал!


Поручик толқыған түрде темекі салынған кисетті қолына алды.


- Сен нағыз алтынның өзісің, Маша! Тіпті менің күтуші анамнан да артықсың!


- Күтушісіз өмір сүре алмайтын адам сияқтысың ғой?- деді Марютка салқын ғана. Сосын қызарып кетті.


- Енді қағаз жоқ... Сенің қызғылт комиссарың мендегі бар қағаз атаулыны сыпырып алды ғой. Ал трубкамды жоғалтып алғанмын...


- Қағаз дейсің бе?.. – Марютка ойланып қалды.


Сырт киімінің өңірін ағытып жіберіп, төс қалтасынан ораулы буманы суырып алды. Ішін ашты да, бірнеше бет қағазды поручикке ұсынды.


- Міне, қағаз!


Поручик қағазды қолына алды, үңіліп қарады. Сосын Марюткаға әрі таңырқай, әрі түсінбеген кейіппен көз салды.


- Бұл сенің өлеңдерің ғой! Сен, немене, ақылыңнан алжастың ба? Жо-оқ, мен бұны алмаймын!


- Ал деймін! Менің жанымды жеме, қарасан келгір!- деп Марютка айқайлап жіберді.


Поручик Марюткаға әлі қарап отыр.


- Рахмет! Мен бұны ешуақытта ұмытпаймын!


Шетінен абайлап қана жыртып алды. Темекі орады. Тұтатып алып, рахаттанып соруға кірісті. Темекі түтінінің арасынан алысқа көз салды.


Марютка оған ойлана қарап отыр. Кенет сұрақ қойды:


- Саған қараймын да ойға қаламын, не себептен сенің көзің осындай көгілдір? Өмірімде бұндай көзді кездестірген емеспін. Мөлдірлігі сондай -  адам батып кететіндей.  


- Білмеймін,- деді поручик,- осылай туылғанмын... Шынында да көпшілігі айтып жатады, ерекше екен деп... 


- Шынымен бе!.. Сені тұтқынға алған кезде-ақ ойлағанмын: бұл қандай көз өзі деп... Өте қауіпті көз!


- Кім үшін?


- Әсіресе әйелдер үшін қауіпті сияқты. Өңменіңнен өтіп, бірден жүрекке жететіндей... Адамды бей-жай қалдырмайды.


- Ал сені ше?


Марютка қызарып кетті.


- Сайтан! Бұл жөнінде сұрақ қоюшы болма! Сен жата бер, ал мен суға барып келейін.


Орнынан тұрды да салмақты кейіппен ыдысты қолына алды. Ұзай бере артына бұрылды:


- Ақымағым менің, көгілдір көздім!- деді.


Сегізінші тарауды


түсіндіріп жатудың қажеті жоқ.


Наурыздағы күн сәулесі көктемнің алғашқы белгісі.


Арал теңізінде наурыздың ішінде-ақ күн көзі адамның тұла бойын қытықтап, қан жүгірте бастайды.


Поручиктің далаға шыққанына бүгін үшінші күн.


Сарайдың қасында отырып күнге қыздырынады. Дүниеге қайта келгендей кейіппен теңіз суындай көгілдір, мөлдір көздерімен көңілді түрде айналаға қарап отырады. Бұл кездері Марютка аралдың бір шетінен екінші шетіне шығып, кезумен жүреді. 


Үшінші күні кешке көңілді оралды.


- Ертең орын ауыстырамыз!


- Қайда?


- Балықшылардың үйін таптым! Хан сарайы дерсің! Құрғақ, жылы, тіпті терезелеріне дейін бар. Ешқандай бүлінбеген. Күріш пен жарты пұттай ұн да бар. Ұн аздап көгерген екен, бірақ жеуге жарайды. Күзгі дауыл кезінде асығып жүріп қалдырып кетсе керек. Енді ашықпайтын болдық!


Ертеңіне олар жаңа қонысқа көшіп алды. Барлық заттарды Марютка алып жүрді, көмектеспек болған поручикке ешнәрсе ұстатқан жоқ.


- Қажеті жоқ! Қайтадан ауырып қалып жүрерсің. Өзіңді күт. Қорықпа, мен талдырмаш болғанмен мықтымын. Өзім-ақ жеткіземін!


Үйге де жетті. Сынған топсаны жіппен байлап, есікті қалпына келтірген болды. Ішін қардан тазартты. Пешке толтыра балық салып, от жақты. Қызған пештің жанында отырып:


- Ғажап... Қандай керемет!,- деді Марютка қуанышты кейіппен.


- Жарайсың, Маша! Өмір бойы сені құрметтеп өтермін... Сен болмасаң не істер едім...


- Белгілі ғой не болатының, ақсаусағым!


Қолдарын отқа қыздырып, үнсіз отыр.


- Жылынып алдық... Енді не істейміз?


- Не істегені қалай? Күтеміз.


- Нені күтеміз?


- Көктемді күтеміз. Көктем келіп қалды. Қазір наурыз айының ортасы, енді екі аптадан кейін балықшылар да келетін шығар... сол кезде бізді құтқарады.


- Жақсы болар еді... Балық пен бұзылған ұнмен біз ұзаққа шыдай алмаспыз, қарасан келгір!


- Қарасан келгір деген не сөз, қандай мағына береді? Қайдан үйреніп жүрсің?


- Біздің Астрахандық балықшылардың сөзі ғой. Мақал болып кеткен. Боқтықтың орнына айтылады. Мен боқтағанды ұнатпаймын. Ал кейде, ашу кернеген кезде, ішіңдегіні сыртқа осылай шығарғың келеді.


Ошақтағы балықты шомполмен бір аударып қойып, поручикке:


- Сен маған бір арал жайлы ертегі бар деп едің ғой... Жұма туралы... Қарап отырғанша, әңгіме болсын, соны айтып берсеңші. Ертегіні керемет жақсы көремін. Көрші кемпірлер менің тәтемнің үйіне жиналатын. Жасы жүзге келген Гугниха деген кемпір болды (мүмкін, одан да үлкен болар), соны алып келіп айтқызатын. Әлгі кемпір ертегі айтқан кезде мен бұрышқа тығылып, демімді шығармай тыңдайтынмын. Кейде қорыққаннан дірілдеп отырамын, бірақ үн шығармайтынмын,- деді. 


- Робинзон жайлы айтып отырмысың? Көбісін қазір ұмытып қалыппын. Оқығаныма көп уақыт болды ғой.


- Ал сен есіңе түсір, сосын айтып бер.


- Жарайды. Есіме түсіріп көрейін...


Поручик көзін жұмып ойланып отыр.


Марютка күртесін сәкіге төсеп, үстіне шығып жатып алды.


- Мұнда кел, мына жер жылырақ екен.


Поручик оның қасына жайғасты. Пештің қызуынан ба, екеуінің де бет-жүздері алабұртып  кеткен.


- Немене сен, болсайшы! Шыдай алар емеспін, ертегі тыңдауды керемет ұнатамын.


Поручик шынтақтап жатқан күйі әңгімесін бастап кетті.


- Ливерпуль қаласында Робинзон Крузо деген бай адам болған...


- Қала қай жерде?


- Англияда. Сонымен Робинзон Крузо...


- Тоқта!.. Бай деймісің? Ертегілердің бәрі неліктен байлар мен патшалар жайлы болады? Неге кедейлер туралы ертегілер айтылмайды?


- Білмеймін,- деді поручик,- басыма мұндай ой келмепті...


- Шамасы, ертегілердің бәрін байлар шығаратын болу керек. Кедейлер мен сияқты ғой – өлең жазғым келеді, бірақ оған сауатым жетпейді. Мен кедей адамдар жайлы кереметтей етіп жазған болар едім. Ештеңе етпейді, әлі үйренемін, сол кезде жазамын.


- Ия... Сонымен Робинзон Крузо кемемен дүние жүзін аралап шықпақшы болады. Басқа қалаларда, бөтен елдерде халықтардың қалай өмір сүріп жатқанын көргісі келген ғой. Осы мақсатпен үлкен желкенді кемеге мініп сапарға шығады...


Пеште от сытырлап жанып жатыр. Поручик бірқалыпты, жәй дауыспен баяндап отыр.


Марютка тым-тырыс қалпы, әңгіменің кей тұсында таң қала дауыстап жіберіп, көз алмай тыңдауда.


Поручик кеменің апатқа ұшыраған кезін айта бастаған тұста, Марютка жақтырмаған кейіппен иығын қиқаң еткізіп, сұрақ қойды:


- Немене, одан басқасының бәрі түгелімен суға кеткен бе?


- Ия, түгелдей.


- Капитаны ақымақ болған ғой, шамасы. Жақсы капитан кеме құрамын түгелдей суға кетіреді дегенге мен сенбеймін. Біздің Каспийде де қаншама кеме апаттары болды. Көп болса екі-үш адам ғана суға кететін, қалғандары аман-сау құтқарылатын еді.


- Неге олай дейсің? Семянный мен Вяхирь де суға кеткен жоқ па? Сонда сенің жаман капитан болғаның ба?


Марюка асығыс түрде:


- Ұстаған жерін көрдің бе, қарасан келгірдің! Жалғастыра бер...- деді.


Робинзонның Жұмаға кездескен жеріне келгенде әңгімені тағы үзді.


- Мені неге Жұма атағаныңды енді түсіндім. Сонда сенің Робинзон болғаның ғой?  Жұманы қап-қара негр дедің бе? Мен Астраханның циркінде негрді көргенмін... Бұйра шашты, ерні үлкен болады екен. Мұрындары таңқиған, қорқынышты. Біз, балалар, қоршап алып айқайға басқанбыз: "Мә, же, шошқаның құлағын же!" Ол қатты ашуланып, біздерге тас лақтырып қуған болатын.


Әңгіменің пираттармен айқасқа түсетін тұсына келгенде Марютка көзінен от шаша поручикке қарады:


- Бір адамға оны жабылған ба, сонда? Қарасан келгір, шпаналар!


Поручик әңгімесін аяқтады.


Марютка поручиктің иығына сүйенген қалпы, арманды кейіппен оған тығыла түсіп үнсіз отыр.


Жәймен ғана:


- Қандай тамаша! Ғажап! Басқа да ертегілер білетін шығарсың? Сен күн сайын маған бір ертегіден айтып беріп отырсайшы,- деді.


- Ұнады ма?


- Керемет! Уақыттың қалай өткенін, кештің қалай болғанын сезбей  қалдым.


Поручик есінеп алды.


- Ұйқың келді ме?


- Жоқ... Аурудан кейін әлсіреп қалдым-ау деймін...


- Ия, әлсіредің...


Марютка алақанымен поручиктің шашын сипап өтті. Осы кезде ол өзінің көкпенбек көзімен қызға таңдана қарады.


Оның осы көзқарасынан Марютканың жүрегіне көзге көрінбейтін бір өткір сәуле келіп қадалғандай болған еді. Поручиктің жүдеу тартқан, сақалы өсіп кеткен бетіне өзінің ыстық ерінін тақап, сүйіп алды.    


 


Тоғызыншы тарауда


жүрекке әмір жүрмегенімен сананы тұрмыс билейтіні дәлелденеді.


Гвардия поручигі Говоруха-Отрок Марютканың өлім тізімінде қырық біріншісі болуы керек еді. Оның орнына бірінші махаббаты болды.


Марютканың жүрегі поручиктің нәзік дене тұрқына, бірқалыпты жәй даусына, бәрінен бұрын оның ерекше көгілдір көзіне беріле құлады. Оның осы көгілдір көзі өмірін өзгертіп жіберді.


Аралдың бұрынғы көңілсіздігі де, балықтың ащы тұздалғаны да, ұнның ескірген дәмі де ұмыт болды. Елсіз аралда махаббатқа берілген ессіз құштарлыққа толы күндер бірінен кейін бірі өтіп жатты. Күндіз әдеттегі қалпынша нан пісіреді, балық асады, соның арасында теңіз жағалауына барып, ғайыптан пайда болатын балықшы қайығын іздеуді де ұмытпайды. 


Кешкілік, көктемгі енді буырқанып келе жатқан күн көкжиекке қарай еңкейе бастаған кезде, пештің үстіне шығып поручиктің қойнында жатып әңгіме тыңдайды. Поручик әңгімені жақсы айтатын еді.


Күндер өтіп жатты...


Бір күні поручик көзін сығырайта түсіп (Марютка есік алдында, күншуақта балық тазалап отырған болатын), иығын қиқаң еткізді де:


- Хм... Бәрі бос сөз екен, сайтан алғыр!- деді.


- Сен не жайында айтып отырсың, жаным?


- Бәрі де бос сөз деймін... Өмірдің өзі де түкке тұрмайды екен. Өмір туралы ұғымдар... идеялардың бәрі былшыл! Топографиялық карта бетіндегі шартты белгілер сияқты... Гвардия поручигі?.. Сайтаныма керек пе маған гвардия поручигі деген шен? Менің өмір сүргім келеді! Жиырма жеті жасқа келіппін. Қарап отырсам, әлі дұрыстап өмір сүре алмаған екенмін. Ақшаны оңды-солды шашыппын, қайдағы бір идеяларды іздеп түрлі жерлерді кезіппін, ал жүрегімнің түбі әлі сол бос күйінде қалыпты - іздегенімді таба алатын емеспін. Енді ойлап отырмын: егер біреу маған өміріңнің ең бақытты күндерін елсіз аралда өткізесің деген болса, мен сенбеген болар едім.


- Қандай күндерді айтып отырсың?


- Нағыз бақытты күндерді. Түсінбей отырсың ба? Саған қалай айтсам екен?.. Мынау әлемнен бөлініп, яғни алдыңа мақсат қойып, соған жету үшін жұртпен қырық пышақ болудың орнына, сол әлеммен бірге,- ол құлашын кең жайды,- бірігіп өмір сүру не деген ғанибет! Мен соны енді түсінгендеймін, сол әлеммен енді қауышқандаймын. Ол қалай сезінсе, мен де солай сезінемін! Теңіз суының жағаға ұрып жатқанын сезесің бе: шылп... шылп... Бұл теңіз емес - мен...


Марютка жұмысын тоқтатып, қолындағы пышағын былай қойды.


- Сен оқымысты адамның тілімен сөйлеп отырсың, айтқаныңның көбісі маған түсініксіз. Ал мен қарапайым тілмен айтайын - қазір шексіз бақыттымын!


- Екеуміз екі түрлі айтқанмен мағынасы бір ғой. Маған қазір осы аралда, осы құмның ішінде мәңгіге қалсақ, қандай рахат болар еді деген ой келіп отыр.


Марютка бір нәрсені есіне түсіргендей төмен қарап ойланып отырды да, айыпты адамның кейпінде күлімсіреді:


- Жо-оқ... Неге олай айтасың? Мен бұнда қалмас едім. Жаныңды ауыртады... Өзіңнің бақытыңды басқаға көрсете алмайсың... Айнала сасыған балық. Наурыз айы аяқталып келеді, балықшылар тез келсе екен. Адамдарды сағындым.


- Біз адам емеспіз бе, сонда?


- Адамбыз, әрине. Ұн таусылуға жақын қалды. Цингамен ауырып қалуымыз мүмкін, сонда не болады? Содан кейін, жарқыным, қазір пештің түбінде отыратын уақыт емес. Қан төгіліп жатыр. Әрбір адам есепте... Осындай жағдайда менің пеш түбінде жатқаным дұрыс па? Әскери антты мен не үшін бердім?


Таңданғаннан поручиктің көзі шарасынан шығып кете жаздады.


- Сен, немене, тағы да солдат болмақсың ба?


- Енді қалай деп едің?


Поручик қолына ұстап отырған ағаш жаңқасын әрі-бері айналдырып отырды да, аулаққа лақтырып жіберді. Сосын бірқалыпты дауыспен сөйлей бастады:


- Қызық адамсың! Мен саған мынаны айтқым келеді, Маша: мені бәрі тойдырып бітті. Қаншама қантөгіс, қаншама жауыздық болып жатыр. Мен анамнан солдат болып туылған жоқпын ғой, мен де бір кездері бейбіт өмір сүргенмін. Герман соғысына дейін студент болдым, филологияны оқыдым. Менің жеке кітапханам болатын, бөлменің үш қабырғасы толы кітап еді. Петербургтің тұманды кешінде, жанып жатқан отқа жылына отырып, тап қазіргідей еш уайымсыз кітап оқуға кірісетінмін. Оқуды жаным сүйетін, сол сәтте көктемгі гүл шашқан миндальдей боп құлпыратынмын, рахат табатынмын содан! Түсініп отырсың ба?  


- М-гм,- деді Марютка бірдеңеден қауіптене бастағандай-ақ.


- Осының бәрінің бір күнде быт-шыты шықты ғой... Сол күн әлі есімде. Саяжайдағы террасада кітап оқып отырғанмын. Оқыған кітабыма дейін ұмытқаным жоқ. Күн қып-қызыл болып алаулап батып бара жатқан еді. Қаладан әкем келді. Қолында газеті бар. Айтқаны: «Соғыс!» деген бір-ақ ауыз сөз. Осы сөз батып бара жатқан күннің алауындай бәрімізді шарпып өткендей болды. "Вадим, сенің әкең де, атаң да, тіпті арғы атаң да отанға қауіп төнген кезде қару асынған болатын. Сені де солардың жолын қуады деп үміттенемін..."- деді әкем. Мен кітапты тастадым да, соғысқа аттандым. Мен сонда шын ниетіммен аттанған едім.


- Қызық?!- деді Марютка иығын қиқаң еткізіп,- сонда қалай? Менің әкем мас болып, басын қабырғаға ұратын болса, мен де солай істеуім керек пе? Маған түсініксіз...


Поручик күрсініп қойды.


- Ия... Сен бұны түсінбейсің. Сен еш уақытта мойныңа мүндай жүк көтеріп көрген жоқсың. Ата-тек, ар-ождан, міндет дегендер болады... Біз осыларды құрметтедік, осыларды мақтан тұтқанбыз.


- Сонда қалай? Марқұм әкемді мен де жақсы көретінмін, бірақ ол арақты көп ішетін маскүнем болды. Менің сонда әкемнің ізімен кетуім керек пе?  Әр адам өз жолын табуы керек қой. 


Поручик мысқылды кейіпте күлімсіреді.


- Ия, солай... Бірақ мен олай жасай алмадым... Өзімнің пәк жүрегімді өз қолыммен апарып боқтыққа батырдым. Соғыс бізді әбден діңкелетіп бітті ғой. Одан кейін революция келді. Оған да сендік. Ал ол болса... Мен еш уақытта солдатты қолыммен түртпеген адаммын. Мені Гомельде бір топ қашқындар ұстап алды, погонымды жұлды, бетіме түкірді. Не үшін? Білмеймін! Қашып Оралға бардым. Отаныма деген сенімім өлмеген еді. Қирап қалған отаным үшін, жұлынған погондарым үшін әлде де соғысқым келді. Соғыстым. Соғыстым да білдім: Отан да, революция да бос сөз екен! Екеуі де қанқұмарлыққа бейім. Адамның нағыз және шын Отаны – өзінің ойы мен парасаты екен. Енді кітаптарымды қолға аламын, олардан кешірім сұрай отырып, ішіне үңілемін. Солармен бірге өмір сүретін боламын. Отанды, революцияны ойлап тапқан адамдарға түкіргенім бар!


- Солай де!.. Дүние дүр сілкініп екіге айрылып жатқанда, адамдар шырылдап шындық іздеп қанға бөккен кезде сен жылы пештің үстінде жатып ертегі оқымақшы екенсің ғой?


- Білмеймін... Білгім де келмейді,- деп айқайлаған поручик орнынан тұрып кетті,- Білетінім біреу ғана - ақырзаман тақап қалды! Сен дүние екіге айырылып жатыр деп дұрыс айттың. Ия, тозығы жеткен ескі дүние жыртылып-айрылып жатыр. Бұрын өмір деген гүл жарған жеміс ағашындай үміттендіретін еді, қазір не болды? Бәрі бітті! Адамдар бірін-бірі өлтіріп жатыр! Не үшін? Тірі қалғандары өз үлестерін көбірек алып қалу үшін бе? Мен өз шындығымнан басқа шындықты білгім келмейді. Шындық дегенді сенің большевиктерің ашқан деп ойлайсың ба? Адамның жанын ордер мен паекпен алмастырғылары келеді олардың? Жетер! Мен енді бұл іске араласпаймын. Қолымды ластағым келмейді!


-  Ақсүйексің ғой, ақсаусақсың ғой, ә? Сенің орныңа басқа адамдар қолдарын былғауы керек екен ғой?


- Ия! Мейлі! Мейлі, сайтанның сапалағы! Басқа адамдарға ұнаса істей берсін. Тыңдашы, Маша! Осы жерден қалай құтылып шығамыз, сол бойда Кавказға кетейікші. Менің онда, Сухумитің түбінде, саяжайым бар. Сонда кетеміз. Бәрін тастап кітаппен айналысамын. Тыныш өмір сүремін. Менің шындық іздеп әуре болғым келмейді. Сен де оқитын боласың. Сенің оқығың келетіні рас қой? Сауатым аз деп өзің ғой айтқан? Мен саған барлық жағдайды жасаймын. Сен мені өлімнен алып қалдың, мен оны ешуақытта ұмытпаймын.


Марютка орнынан атып тұрды. Нықтап тұрып былай деді:


- Яғни, менің түсінуім бойынша, жұрт шындық іздеп қан төгіп жатқанда мен сенімен құстөсекте ләззатқа батуым керек екен ғой. Жұрт аш жүргенде мен сенің қасыңда конфет жеп отыруым керек екен ғой? Сенің әр конфетіңнен қанның дәмі шығатынын білесің бе, білмейсің бе!?


- Неге бұлай дейсің? Неге дөрекі түрде? 


- Дөрекі ме? Сен үшін бәрінің сыпайы, әдемі, қант қосқандай тәтті болғаны керек екен қой? Солай ма? Жоқ, тоқта! Сен жаңа большевиктік шындық жайлы ғайбат сөздер айттың, білгім келмейді дедің. Сен оны білуге талпынып көрдің бе, өзі? Оның түбіне үңіліп көрдің бе? Шындықтың қарапайым халықтың маңдай тері мен көзінің жасынан тұратынын білесің бе?


- Білмеймін,- деді бәсең дауыспен поручик,- мені таң қалдыратын нәрсе - сенің қыз бола тұра осыншама дөрекіленіп кеткенің және берекесіз, битті тобырмен бірге адам өлтіруге және дүниені қиратып-бүлдіруге  ұмтылатының.


Марютка екі бүйірін таянып алды.


- Олардың, мүмкін, киімдерінде бит бар шығар, бірақ жүректері таза! Ал сенің жаныңды бит басқан! Сендей адаммен байланысқаныма ұяламын. Еркек емес, нағыз жылаймансың сен! "Машажан, жылы төсекте жатайық, жайлы өмір сүрейік",- ол поручиктің сөзін ызалы түрде қайталады,- Өзгелер дүниені жаңарту үшін өлімге барып жатыр, ал сен болсаң... Иттің күшігісің, сен!


Поручик ашулы кейіппен тісін шықырлатты.


- Ғайбаттама!.. Абайлап сөйле, бейпілауыз!


Марютка алға қарай бір қадам аттады да... поручиктің бетінен шапалақпен тартып жіберді.


Поручик теңселіп кетті. Жұдырығын түйген қалпы тұрып қалды, сосын жерге бір түкірді:


- Әйел болғаның үшін қуан! Болмаса... Көргім келмейді сені, салдақы!


Сөйтті де үйшікке кіріп кетті.


Марютка дуылдап кеткен алақанына абыржи қарады да, қолын бір сілтеп, кімге айтқаны белгісіз:


- Мырзаның мінезін көрдің бе? Қарасан келгір!- деді.


Оныншы тарауда


 поручик Говоруха-Отрок ғаламшардың жарылғанын естиді, автор барлық түйіннің шешілуін айтып, өз міндетінен құтылады. 


Осы оқиғадан кейін поручик пен Марютка үш күн бойы сөйлеспеді. Бірақ, алақандай аралда қайда барасың? Оларды көктем татуластырды. Көктемнің қызуы күшейе бастағын жаймашуақ сәулесі татуластырмасқа қоймайтын еді.


Аралдың үстіндегі қар мен мұздың сауыты жыртылды. Жағалаудағы мұз еріп, қызыл су пайда бола бастады.


Талма түстегі күн сәулесі құмды қыздырып, алақанды күйдіретіндей дәрежеге жеткен болатын.


Көгілдір аспанға ілінген алтын табаққа ұқсаған оңтүстіктің күні өзінің сәулесін аямай шаша бастады.


Қашып құтылмастай жарқыраған күн сәулесінен, үздіксіз соққан өкпек желден, басталып келе жатқан цинга ауруынан екеуі де әбден әлсіреді. Ұрыс-керіс жайына қалды.


Олар ұзақ күн бойы жағалаудағы құм үстінде жатып, теңіз айдынына көз салатын еді. Үмітті көздерімен қайық немесе желкен көрінер ме екен деп дәмеленетін.


- Менің шыдамым таусылды! Егер үш күннен кейін қайық көрінбесе, өзімді атып тастаймын,- деді теңізге қараудан көзі талған Марютка.


Поручик ысқырып жіберді.


- Маған «жылаймансың» деп едің, енді өзің уайымға беріле бастадың ба? Шыда, атаман боласың! Сенің таңдауың сол ғой - қарақшылар тобырын басқару.


- Сен неге өткенді қазбалап отырсың? Өткен нәрсе өтті де кетті. Сенің жігерсіздігің менің жүрегімді ауыртып жіберді, сол себепті айтпасыма болмады. Мен саған қатты ренжідім. Менің маңдайыма қайдан ғана тап бола қалдың сен, көгілдір көзді сайтан! Бүкіл ішкі дүниемді өртеп, әлек-шәлегімді шығардың ғой...


Поручик құмға шалқасынан жатып, аяғын жоғары көтере қайшылады да, қарқылдап күле бастады.


- Не болды саған? Жындандың ба?


Поручик күлуін жалғастыра берді.


- Әй, әпенде, айтсаңшы!


Ол орнынан тұрып, көзінің жасын сүрте бастады.


- Ал, айтшы, неге соншама күлдің?


- Сен жақсы қызсың, Мария Филатовна. Кімді болса да күлдіре аласың, тіпті өлген адамды да күлдіретін шығарсың?!


- Енді қалай деп едің? Сеніңше, суға аққан бөренедей болып, біресе оң жағаға, біресе сол жағаға соқтығысып, қақпақыл ойнау керек пе? Онда өзіңе өзің жиренішті боласың, жұртқа да жексұрын көрінесің!


Поручик тағы күлді. Марютканы арқасынан қағып тұрып, былай деді:


- Айтқаның дұрыс, амазонка ханшайымы, менің сүйкімді Жұмам! Сен мені өзгертіп жібердің, өміріме жаңа нәр құйдың. Енді, сенің бейнелеп айтқаныңдай-ақ, менің судағы бөрене болғым келмейді. Кітапқа отырудың әлі ерте екенін көріп тұрмын. Жоқ, әлі өмір сүру керек, тістесу керек қасқырша, көрсету керек азуды оларға!


- Немене дедің? Сен шынымен-ақ ақылға келейін дедің бе?


- Ақылға келдім, көгершінім! Үйреткенің үшін рахмет! Егер біз билікті сендерге беріп қойып өзіміз кітап оқумен айналыссақ білгендеріңді істемекші екенсіңдер ғой. Сендердің бүлдіргендеріңді біз сосын бес ұрпақ бойы жөндей алмай жылайман күй кешпекпіз ғой. Жо-жоқ, олай болмауы тиіс менің қымбатты ақымағым! Бір мәдениет екінші мәдениетке қарсы шыққан екен, енді өліспей беріспеу керек! Біреуі...


Осы жерге келгенде ол сөзін кілт үзіп тастады. Оның көгілдір көздері көкжиекке қарай қадала қарап, үлкейе бастады. Кенеттен қолын созды да, көзінен ұшқын шаша, дірілдеген дауыспен:


- Желкен!!!- деді.


Марютка қалай атып тұрғанын өзі де байқамай қалды.


Көздің ұшында, алыс көкжиекте, білінер-білінбес болып қалт-құлт еткен кішкене желкен көрінді.


Қатты толқығаннан діріл қаққан кеудесін алақанымен қыса ұстап, Марютка сенер-сенбесін білмей, тесіле қарап тұр.


Поручик жүгіріп келіп Марютканың қолын өзіне тарта бейімдеді де, шыр айналып билей жөнелді. 


Жыртық балақты жіңішке аяғын жоғары көтере билеп жүр. Сонымен бірге ән салады:


Жал-ғыз жел-кен жал-тыл-дап,


Тұ-ман-ды тең-із ө-рін-де... Бим-бам, Бим-бом, ө-рін-де-е-е!


- Болды енді, ақымақ,- деді ентіккен Марютка қуанышты түрде.


- Маша! Қымбаттым менің, амазонкам менің! Біз құтқарылдық!


- Сайтанның сапалағы! Енді елсіз аралдан кетіп, көпшілікке қосылғың келген екен ғой?


- Ия, қосылғым келді! Мен саған айтпап па едім, қосыламын деп!


- Тоқта!.. Оларға белгі беру керек шығар? Шақыру керек қой!


- Қажеті не? Өздері-ақ келеді.


- Басқа жаққа кетсе қайтеміз? Қырғыздардың айтуынша арал көп, өтіп кетулері мүмкін ғой. Мылтықты әкел!


Поручик үйшікке қарай тұра жүгірді. Басынан асыра көтеріп мылтықты алып келді.


- Тез!- деп айқайлады Марютка,- үш рет атып белгі бер.


Поручик мылтықтың құндағын иығына тақады. Атылған оқтың дауысы тұнып тұрған тыныштықты қақ айырып жібергендей болды. Мылтық дүмінің әр соққысынан поручик теңселіп кетеді, ол өзінің қаншалықты әлсіз екенін осы кезде білді.


Желкен анық көріне бастады. Әжептәуір үлкен, қызғылт-сарғыш желкен судың бетімен қалқи түсіп жақындап келеді.


- Қалай өзі,- деп таңырқай қарады Марютка,- мынау қандай қайық? Балықшының қайығына ұқсамайды ғой, тым үлкен сияқты.


Қайық аралға сол қапталымен жақындап келеді. Осы кезде одан бір адам көтеріліп, қолымен аузын көлегейлей айқай салды.


Дауысты естіген поручик еріксіз селк еткендей болды. Алға қарай ұмтыла түсті де, қолындағы винтовкасын құмға лақтыра салды. Сосын бір-ақ секіріп суға түсті. Қолын созып, есі кеткен адамша қатты айқайлап жіберді:


- Ур-ра! Біздікі, біздің адамдар!.. Бері қарай, мырзалар... тезірек!


Марютка қайыққа үңіле қарады. Румпельде отырған адамның иығындағы погоны жалт ете қалды.


Марютканың есіне Евсюковтың: "Егер ақтарға кезіксең, оны тірілей қолға берме!"- деген сөзі түсті. Шыңғырып жіберген ол жерде жатқан мылтыққа ұмтылды. Сосын поручикке қарай айқай салды:


- Ей, қарғыс атқыр кадет, кейін!!! Кейін дедім ғой мен саған, сайтан алғыр!


Поручик тұрған бойы қолын сілтей салды.


Кенет оның құлағына сұмдық алапат дауыс келіп жетті – оған ғаламшар жарылғандай болды. Бірақ не болғанын түсінген жоқ, бір қапталына қарай құлап түсті. Осы үн оның ең соңғы естігені болды.


Марютка неге екені белгісіз, аяқтарымен құмды таптай түсіп, жансыз денеге мағнасыз кейіпте қарап тұр.


Поручик суға басымен құлаған еді, аққан қан су бетіне жолақтана жайыла бастады.


Марютка мылтығын лақтырып жіберді. Алға қарай қадам басты. Еңкейді. Сосын еңіреген күйі гимнастеркасының өңірін екіге айырып жіберді.


Су бетінде алқызыл тамырға ілініп, ұясынан бөлінген адамның көзі қалқып жүр еді. Көздің теңіз түстес қарашығы оған түсінбеген кейіпте, тесіле қарап қалғандай...


Ол тізерлеген күйі өлі денені бас салды. Оның жансыз, оқ тескен басын жоғары көтермекке әрекеттенді. Кенеттен үстіне құлады да, қан араласқан суға былғанып жатып, жылап жіберді.


- Жаным, не істедім мен!? Тұрсаңшы, менің көгілдір көзім!


Жағаға келіп тұмсық тіреген қайықтағы бейтаныс жандар ешнәрсеге түсінбеген күйі, үнсіз тұрып қалған еді.


 


2013 жыл


 


***


Л.Шейнин[17]


Тесік динарлар


әңгіме


Бұл әңгімені бастамас бұрын, алдымен, бір қылмыскердің басынан өткізген оқиғасын айтып бергім келіп отыр. Ол ұрыдан мен сенім дегеннің кейде кәнігі қылмыскер адамның да жүрегін қозғайтынын тұңғыш рет естіген болатынмын. Биік бойлы, алып денелі бүл адамның бет әлпеті өзінің «мамандығына» тіпті сәйкес келмейтіндей еді. Аңғал да жұмсақ көзқарасы айналаға мейірлене және таңдана қарайтындай әсер қалдыратын. Дегенмен өзі бірнеше қылмыс жасап үлгірген, қылмысты ортаға (сонымен бірге МУР-ға[18] да), «Итбалық» деген лақап атпен белгілі қылмыскер болатын.


Бір күні кезекті жауап алудан кейін «Итбалық» темекі сұрап тартты да:


- Темекіңіз бен жылы сөзіңіз үшін рахмет. Бұндай жағдайда менің де сіздің алдыңызда қарыз болып қалғым келмейді: сыйға сый, сыраға бал деген бар ғой... Егер рұқсат етсеңіз, басымнан өткен ерекше бір жағдайды айтып бергім келіп отыр...


- Айтыңыз,- дедім маған белгісіз себеппен қысыла түскен оған таңдана қарап.


- Өзіңізге белгілі, мен тонаушылықпен көптен бері айналысып келемін,- деп бастады әңгімесін одан сайын қысыла түсіп,- бірақ адам өлтірген емеспін және өлтірмеймін де. «Жұмысқа» ылғи түнде шығатынмын. Қараңғы көшеде күтіп тұрамын. Жалғыз жүргінші кездесе қалса, егер ол әйел болса тіптен жақсы, жақын келемін де амандасамын. Сосын жәйімен шешіндіре бастаймын: кейде тонын, кейде сөмкесін, ал кейде сағатын аламын.  Ыңғайына қарай... Осының бәрін мәдениетті түрде істеймін, себебі өзім мәдениетті адаммын - киноға баруды ұнатамын және дөрекілікті жаным сүймейді, оны ескіліктің қалдығы деп түсінемін... Сондықтан еш уақытта еш жанды саусағымның ұшымен түртіп көрген емеспін, егер сенбесеңіз тексеруіңізге болады. Менің мына қолымды іске қосудың қажеті де жоқ қой...


«Итбалық» қысыла күлімсіреп маған қарай нән алақанын созды. Сосын күрсініп қойып, әңгімесін қайта жалғастырды.


- Өтірік айтып қажеті не, істеген ісіме ұялған кезім болған емес. Жайбарақат бірқалыпты өмір өтіп жатты... Тек бір күні бір қызға тап болдым...


- Махаббатыңызға ма?- дедім мен әңгіме әйел мен еркек арасындағы көп кездесетін роман жайлы екен деп ойлап. 


- Олай емес... Ар-ұятыма кезіктім,- деді ол,- Бұл түн ішінде, Қыздар алаңындағы бір көшеде болған еді. Мен өзімнің «жемтігімді» күтіп, әдеттегідей, бас салуға дайын тұрғанмын. Айнала көзге түртсе көрінгісіз қараңғы. Шытымыр аяз, көшеде жан жоқ. Кенеттен бір үйдің есігінің сарт етіп ашылғаны естілді. Артынша үстінде былғары тоны бар, талдырмаш келген жап-жас қыз көшеге жүгіріп шықты. Жан-жағына қаранып алып тонының жағасын көтерді. Шамасы, қараңғы көшеден  қорқып тұрған болу керек. Сосын бері қарай жүгіре жөнелді. Біреу қуып келе ме дегендей артына жалтақтап қарап қояды. Құдай тілегімді берді, енді мына тонды иемденетін болдым деп қуанып тұрмын. Тасадан шықтым да қарсы жүрдім. Ол мені көрді. Көру бойына қасыма жүгіріп келіп, жеңімнен ұстай алды. Жалынған дауыспен: «Ағатай, құдай үшін, кешіріңіз! Қатты қорқып тұрмын, арбакешке дейін жеткізіп салмас па екенсіз, өтінемін...»- деді. Бұдан да оның бетімнен салып жібергені дұрыс еді! Алғашқыда не істерімді білмей сасып ақалған едім. Сосын қызды қолтықтап алдым да: «Қорықпаңыз, мен сізді шығарып саламын, абыржымаңыз»- дедім міңгірлеп. «Ой, сіз қандай мейірімді жансыз! Сіздің осындай адам екеніңізді мен бірден байқағанмын, сізге мың рахмет!». Жүріп келеміз... Менің жүрегім дүрсілдеп, денем бір ысып, бір суып, не болғанын білмей келемін. «Жұмысыма» кірісе алар емеспін. Не болды маған? Ақыры сол қызды Қыздар алаңына дейін шығарып салдым. Шығарып салып қана қоймай, оны арбаға отырғызып, үсті-басын қымтап, сәтті сапар тіледім... Міне, азамат тергеуші, сенім дегеніңіз кейде осындайға да душар етеді екен...       


- Бірақ, кейін сіз «жұмысыңызды» жалғастыра бердіңіз ғой?- дедім мен.


- Үш күн бойы үйден шықпадым. Сосын... қайтадан бастадым. Бірақ, білесіз бе, менде бір өзгеріс пайда болды - әйел атаулыға тиіспейтін болдым. Бір сөзбен айтқанда бұрынғы дүниетанымым күрт өзгеріп кетті... Енді, берілген мерзімді өтеп болғаннан кейін, өткен өмірмен ат құйрығын кесісемін. Жетер! Шамам келер емес!.. Әсіресе, жаңағы оқиғадан кейін...


Оның көзінен өкініштің белгісі көрініп тұрған еді. Мен «Итбалықтың» осы айтқанына, яғни өткен өмірімен ат құйрығын кесетініне күмән келтіргенім жоқ.


Сол жылдары мен Мәскеу қаласының Қызыл пресня ауданында халық тергеушісі қызметін атқарған едім. Маған қарайтын аймаққа бүкіл Горький көшесі – Аңшылар қатарынан (Охотный ряд) бастап Ленинград тасжолына дейінгі Қызыл пресня және оның айналасындағы көшелер түгелімен кіретін. МУР мекемесі Үлкен Гвоздников көшесінде орналасқан еді, яғни менің учаскемде болатын. Сол себепті оның көптеген қызметкерлерімен таныс едім. Әсіресе бірінші бригаданың бастығы Николай Филиппович Осиповпен, оның орынбасары Георгий Федорович Тыльнермен достық қарым-қатынаста болдық. Осиповтың жасы сол кездері отыздан асқан және Тыльнер де осы шамада болатын.


МУР-дың бірінші бригадасы адам өлтіру, тонау және қарақшылықты ашумен айналысатын еді, сондықтан жалпы қылмыс ашу жұмыстарының өзегі болып есептелетін. Сол кездері кәсіби қылмыстардың көп болғанын еске алсақ, менің достарымның қандай күш-қайратпен жұмыс істегенін түсінуге болады.


Осипов пен Тыльнер өте талантты криминалистер еді. Екеуі де өздерінің ауыр да күрделі жұмыстарын жанындай сүйетін, сол себептен бойларындағы барлық күш-қуаттарын аянбай жұмсайтын. Жіңішке келген, тартылған сымдай тіп-тік жүретін, сарғыш шашты Николай Филиппович ақылды көздерімен кімге де болса үнемі зер сала қарайтын және адамды жақсы тани білетін еді. Адамның психологиясын, қылмыскерлердің жаргондарын жетік меңгерген, сонымен қатар мотоцикл спортымен де айналысатын.


Мен үшін, яғни жұмысты жаңа бастаған жас тергеуші үшін, бұл таныстығымыз тек қолайлы ғана емес, сонымен қатар пайдалы да еді. Менің көп нәрсе үйренуіме тура келді. Олардың қым-қиғаш қылмысты істерді ашқандары жөніндегі түрлі әңгімелерін қызыға тыңдайтынмын.


Осиповтың (Тыльнердің де) қылмыскерлерден жауап алғанына қатысқан кездерім болды. Сөздерінде қылмыс әлемінің жаргондары мен кәсіби терминдерінің көп болатыны соншалықты, алғашқыда мен қай тілде және не жөнінде сөйлесіп отырғанын түсінбей таң қалғанмын.


Мәскеулік қылмыс әлемінің Осипов пен Тыльнерді жақсы білетінін ерекше айта кетуім керек. Әдетте қылмыс ашумен айналысатын қызметкерлерді жек көретің қылмыскерлердің өздері Осипов пен Тыльнерге құрметпен қарайтын еді. Бұл, негізінен, ол екеуінің қылмыс әлемінің өкілдеріне деген көзқарастарына байланысты болса керек. Сонымен бірге, жеке бастарының батылдығы мен әділдігі де оларды мойындатуға мәжбүр еткен секілді.


Осы бір ерекше әлемді - қылмыс әлемін - жақсы зерттеген Осипов жауап алып отырған жанды еш уақытта қорламайтын, олардың адами қасиеттерін таптамайтын, заңның барлық тармақтарын қатаң сақтай отыра және оларға ешқандай жеңілдік жасамай-ақ, тұтқынмен тең дәрежеде сөйлесетін еді. Ол кез-келген қылмыскердің ішкі жанына үңіле білетін.


Тыльнер - өте тәрбиелі, ажарлы, тәртіпті қызметкер - өзінің ерекше есте сақтау қабілетімен аты шыққан еді. МУР-дағылар айтқандай, ол Мәскеудің әйгілі қылмыскерлерінің аты-жөндерін, лақап аттарын, ерекше белгілері мен неше рет сотты болғандарына дейін «басында ұстайтын». Олар да бұны жақсы білетін және өздері: «Ең дұрысы -  Тыльнер баронның көзіне түспеу керек. Оған бүкірді соқыр етіп, соқырды бүкір етіп көрсете алмайсың»- дейтін. Бұнысы оны алдай алмайсың дегендері.


Менің учаскеме Горький көшесіне келіп тірелетін Благовещенск көшесі де қарайтын. Осы көшеде сырты кафелді плиталармен қапталған, негізінен жауапты қызметкерлер тұратын әсем үй болды (қазір де бар). Осы үйде халық комиссары С. тұрды. 


Шілде айларының бірінде, С. қала сыртындағы саяжайына кеткен мезгілде, үйіне ұры түседі. Ұрылар заттармен бірге көне дәуірдің тиындары сақталған былғары қалтаны да ала кетеді. Бұл тиындар С-ның ұзақ жылдар бойы жинаған қымбат дүниесі екен.


Үлкен айқай-шу басталды. МУР-дың пәтер тонаушылықпен айналысатын екінші бригадасы ұрыны ұстаудың қиын болатынын, бүл істің қолайсыздықтан басқа ештеңе әкелмейтінін бірден түсінді. Екінші бригаданың бастығы - ұзын бойлы, адаммен тіл табысқыш, үздік дипломат Степанов бұны білгеннен кейін, қатты абыржығаны соншалықты, өзінің күнделікті белгілеген нормасынан артық темекі шегіп қойды (Степанов қандай істі болмасын белгіленген тәртіп бойынша жасайтын: ешуақытта асықпайтын, асығыстық денсаулыққа зиян деп ойлайтын, ол денсаулығын қатты қадірлейтін еді. Осыған орай, қылмыскерлер арасында оны «Жайбасар Вася» деп атайтын).


Ол тырнағы мұқият алынған саусақтарына қарап, ұзақ ойланып отырды да, өзінің көмекшісі Кротовқа:


- Миша, бұл ұрлық саған қарапайым емес, кәсіби ұрлық сияқты болып көрінбей ме? Қалай ойлайсың?- деді.


Кротов басын таң қала көтерді де, бастығын бірден түсіне қойды (қылмысты істер кодексінің жүз сегізінші бабы бойынша жәй ұрлықпен қылмыс ашу органдары айналысады, ал күрделі, яғни кәсіби ұрлықтарды халық тергеушілеріне өткізетін). Сосын, өмірінде бұрын-соңды бұндай күрделі ұрлықты кездестірмегенін айтып, ант-су іше бастады.


Заң бойынша есік-терезені бұзған немесе құралмен ашып кірген жағдайда ғана ұрлық кәсіби деп аталатын еді. Ұрылар пәтерге терезеден түскен болатын, сондықтан бұл ұрлықтың түрі «форточник» деп айтылатын, яғни қарапайым ұрлық түріне жатады. Степанов ант-су ішіп отырған Кротовқа мысқылдай қарады:


- Қылмысты істер кодексінің жүз алпыс екінші бабындағы істі кәсібиге жатқызатын белгілердің қатарына, неге екені белгісіз, Кротовтың сөзіне сенуді қоспапты... Ұры, көгершінім, терезеден түскен ғой, ә?


Кротов бір сәтке не айтарын білмей қалды, бірақ берілген жоқ.


- Ия. Бірақ терезені техникалық заттың көмегімен бұзды ғой,- деді ол бастығының бетіне көз алмастан қарап тұрып.


- Солай ма? Менің есіме түспей тұрғаны... Егер сен, көгершінім, адамның саусақтарын техникалық зат деп дәлелдей алсаң, онда, әрине...


- Василий Яковлевич, бұл жерге адамның саусағын араластырудың не қажеті бар?- Кротов қызуланып кетті,- істегі дерек бойынша шпингалеттің сынғаны белгілі ғой... Яғни, терезені құралмен ашпай, немен ашты деп ойлайсыз? 


- Солай ма? Бұндай қызық істен айрылып қалу қандай өкінішті, бірақ заңның аты заң, Миша... – Степанов өзінің дағдылы тәртібін тағы бұзды, бір тал темекіні тұтатты, бірақ бұл жолғысы қуаныштан еді,- Ия, көгершінім, ештеңе істей алмайсың... Істі жүз сегізінші бабқа сәйкес халық тергеушісіне өткізуге дайындауымыз керек. Қаулы жазыңыз!


Келесі күні менің алдыма Кротовтың дайындаған қаулысы келіп түсті. Ондағы жазылған баяндаулар бойынша: «...оқиға болған жерді қарау хаттамасына сүйене отырып анықталғаны - ұры терезені бұзу үшін арнайы техникалық зат қолданған...» және «...терезенің шпингалеті айғақты зат ретінде іске қоса тігілген...».


Іс келіп түскеннен кейін бір сағаттан соң Степанов телефон шалды. Сыпайы түрде менің денсаулығымды, көңіл-күйімді сұрады. Сосын Татьяна Бахтың «Сильвасы» туралы ұзақ әңгіме қозғады, маған оны көруге кеңес берді. Ең соңында:


- Лев Романович, сізге бір іс жіберген едік. Ия, бәрі заң бойынша... Сіз қауіптенбеңіз... көмектесеміз ғой. Міндетті түрде көмектесеміз! Істі қабылдап алғаныңыз жөнінде анықтама бере салыңызшы, маған есепке қажет еді. Анықтаманы алуға Кротов барады,- деді.


Менің мына аңқау басым өзіме қандай жұмыстың тап болғанын ол кезде аңғара қоймаған еді, сол себептен мен таң қаларлықтай тез келген Кротовқа анықтаманы бере салдым.


Мәселенің мәнісін ертеңіне түсіндім.


Таңертең губерния прокуроры, бәріміз сыйлайтын ақылгөй де мейрімді қартымыз, Сергей Николаевич Шевердин телефон шалды (бұл да коллегия төрағасы Дегтярев сияқты каторгада болған адам еді). Менің Благовещенск көшесіндегі ұрлық жайлы іспен тез жетуім керек екенін айтты.


Мен алдымен құжаттарды мұқият қарап шықтым. Сонда барып түсіндім - істі кәсіби ұрлыққа «зорлап» бейімдеген екен. Бірақ мен енді ештеңе істей алмайтын едім, Кротовтың қолына берген анықтамам менің аяқ-қолымды бірдей тұсап тастаған еді.


Ол кісі мені тыңдап болып, ішінде МУР-дың анықтамасы бар құжаттарды қарап шықты да, былай деді:


- Солай, солай... Өте қызғылықты... Ақылды Степанов бұл істі сізге лақтыра салған, ал сіз болсаңыз, менің сарыауыз балапаным, бұны өндіріске қабылдап алғансыз. Сіз қазір сондай бір бақытты кезеңдесіз: не істеу керек екенін білесіз, бірақ не істемеу керек екенін әлі білмейсіз...  Ал Степанов болса осының екеуін де біледі. Енді не амал қыламыз? Бұндай ұрлық тез ашыла қоймайды... С. Болса, арыстанша ақырып, айқай салып жатыр - қазір алдына барып есеп беруіміз керек. Барайық, балам! Оңай болмайтынын мен сезіп тұрмын, оның мінезін білемін...


Біз халық комиссарының кабинетіне кірдік. Шевердин оған мені тергеуші деп таныстырған кезде, аласа бойлы, енді ғана толыса бастаған қоңырқай шашты С. ашуын тежей алмай қалды.


- Мынау тергеуші ме? Ұрылардың халық комиссарының үйіне неге түсетінін енді білдім!.. Жолдас Шевердин, сіз прокуратураны басқарып отырсыз ба, әлде балалар бақшасының меңгерушісіз бе?


Шевердин өте сыпайы түрде және салмақты кейіппен менің жас та болсам жұмысыма жауапты қарайтынымды, болашағынан зор үміт күттіретін тергеуші екенімді айта келіп, өзіне қойылған сұраққа жауапты былай деп аяқтады:


- Мен сізден, жолдас халық комиссары, қарамағыңыздағы инспекторлардың жасын сұраған жоқпын ғой?


С. бұл сөзге одан бетер шамдана түсті. Айқайға басты. Үш күннің ішінде ұрлық ашылмаса, Үкіметке шағым жасайтынын, өзінің нумизмат екенін, ұзақ жылдар бойы жинап келген коллекциясының өте құнды дүние екенін, оның ішінде Александар Македонский заманындағы тесік динарлардың бар екенін, бұның ойыншық еместігін, губерния прокурорының бейқамдығын түсінбейтінін, аузынан ана сүті кеппеген тергеушіге (яғни, маған) сенбейтінін айта келіп, қорытындысында, осы минуттен бастап үш тәулік мерзім беретінін ескертті.


Шевердин де өз кезегінде ашуланып (әңгімені жас тергеушінің көзінше жалғастыруды жөнсіз көрді ме), менің шыға тұруымды өтінді. Жарты сағаттан соң ашудан қып-қызыл болып қызара бөрткен ол кабинеттен шықты.


Жол бойы, тіпті өзінің кабинетіне кіргеннен кейін де, С-ның «байларға тән» қылықтарын айтып, оның «біздің фанаберияға жатпайтынын» сөз етумен болды.  (Шынында да, бірнеше жылдан кейін С. сенімді ақтамаған қызметкер ретінде, орнынан босатылды).


Мен қатты толқығанымнан тұттыға отырып ұрыны да, жоғалған заттарды да табудың қолымнан келмейтінін мойындадым.


Ақыры мынандай шешімге келдік: мен Степановке барамын, одан барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып ұрлықтың ашылуына жәрдем беруін сұрауым керек.


Алдына барғанымда ол бұл ұрлықтың ашыла қоятынына сенімі жоқ екенін бірден айтты.


- Түсініңіз, қымбатты Лев Романович,- деді,- ұры терезеден түскен және кімнің үйіне түскенін білмейтін болса керек. Кәнігі ұрының бұлай жасамайтынын сіз білетін шығарсыз? Яғни, бұл ұрлықты жасаған кәсіби ұры емес, қайдағы бір шпана. Оны табу өте қиын. Кротов екеуміз осы істі сізге жібермес бұрын біраз басымызды қатырғанбыз,  қымбаттым...


Осыны айтты да Степанов жымия күлді.


Басым салбыраған күйі мен бірінші бригадаға келдім. Мені тыңдап болған Осипов: «Оңбаған Жайбасар, ол әр уақытта осылай - суға батпай, отқа жанбай аман құтылады»- деп басын шайқады. Бірінші бригаданың жігіттері Степановты ұнатпаушы еді, оның «дипломатиялық әдістерін» жақтырмайтын. Менің қандай жағдайға тап болғанымды Осипов түсінді, шын көңілімен көмектескісі келді, сонымен бірге тәжірибелі маман ретінде істің үмітсіз екенін де бірден мойындады. Ол «кәнігі ұры халық комиссарының үйіне түспейді» деген сөзбен толық келісті.


- Саған қалай көмектесуді білмей отырмын, достым,- деді Осипов мұңая,- бар білетінім, мына нумизмат сенің соңыңнан қалмайды. Коллекционермен істес болудан қиын шаруа жоқ, олар да маньяктар сияқты ғой... Оның үстіне, мәселе тесік динарлар жайлы болып отыр екен... Бүтін болса бір сәрі, ал тесік болса... онда хана, істің біткені...


Осы сәтте ішке секретарша келіп кірді. «Одессадан келген...» деп, Осиповтың қолына телеграмма ұстатты. Ол оқып шықты. Сәл ойланды, сосын тұйықтан жол тапқан адамша, жүзі жайдарыланып сала берді.


- Оқы, достым,- деді маған қарап,- бұның саған да қатысы бар. Сен жолы болғыш жігіт екенсің...


Мен телеграмманы екі қайтара оқып шықтым, бірақ ештеңеге түсіне алмадым. Онда былай деп жазылған екен:


«МУР-дың бастығы Емельяновке.


Оперативтік мәлімет ретінде хабарлаймын. Бүгін жүрдек поездың халықаралық вагонында әйгілі сейф бұзушы «адмирал Нельсон» Москваға аттанды. Гастролдік мақсатпен аттануы мүмкін. Ол бұдан бір жыл бұрын амнистия бойынша босатылған. Тұтқындауға, әзірше, ешқандай негіз жоқ. Бұрын Ястржембский, Романеску және Шульц деген аттармен белгілі болған. 


Одесса ГубУР бастығы Николаев».


- Коля, бұның тесік динарларға қандай қатысы бар?- дедім мен таңырқай қарап.


- Бар!- деді ол көңілді түрде,- Бар, достым! Мен «адмирал Нельсонды» жақсы білемін. Ол темір сейфтерді ашудың асқан шебері, патшалық Ресей кезінде бүкіл Европаға танымал болған. Бір сөзбен айтқанда - соңғы могикан! Ол қылмыс әлемінің королі, оның сөзі олар үшін заңмен бірдей. Анығын айтқанда, ол бізге көмектесуі керек... Ертең күтіп аламыз.


Азанда Киев вокзалынан Одессадан келетін поезды күтіп алдық. Поезд тоқтар кезде халықаралық вагонның алдына бардық. «Адмирал Нельсон» жұқалтаң келген, жалғыз көзімен адамға көңілді де сенімді түрде қарайтын, сары адам екен (екінші көзін қара жібек орамалмен таңып алыпты). Басында сабан шляпа, білегінде қымбат бағалы коверкоттан тігілген плащ, қолында піл сүйегінен жасалған таяғы бар.


- Саламат па, «адмирал»,- деді Осипов оған жақын барып,- астанаға аман-сау келіп жетуіңізбен!


- Николай Филиппович, қандай тағдырмен!- көңілді кейіпте дауыстап жіберген «адмирал» Осиповтың қолын қысып, осы кездесуді асыға күткен адамдай-ақ қайта-қайта сілкілей берді,- Көрмегелі қанша заман... Байқап тұрмын, біздің қылмыс ашу мекемесінің жігіттері мен жайлы жеткізген екен ғой. Олардың істейтін жұмыстары жоқ, сосын осындай маңызды адамның алтын уақытын алады, ай-ай-ай... Мен емшектегі баладай жалаңаш күйімде келдім ғой: заттарым да, құрал-саймандарым да жоқ, олардың неге шу шығарып жатқанына түсінбеймін? Солай емес пе?.. Мен мұнда көңіл көтеру үшін, қапастан кейін бой жазу үшін келдім, ал олар болса сіздің мазаңызды алады! Екінші жағынан оларға рахмет айтуға да болады - сізбен кездестірді ғой...


- «Адмирал», маңызды іс бар,- Осипов оның сөзін бөліп жіберді,- ресторанға барып сөйлесейік.


- Егер пристав отыр десе түрегеп тұрудың қажеті жоқ... Бір кездері Одессада осылай айтушы еді,- деп күлді «адмирал»,- бір-бір саптаяқтан сыра ішіп, өмір жайлы әңгіме қозғайық... Мына сүйкімді жас жігіт кім болады? – Ол мені нұсқады.


- Бұл менің досым,- деп жауап қатты Осипов,- екеуміздің мәселеміз ортақ...


Ресторанға кіргеннен кейін тесік динарлар жайлы оқиғаны естіген «адмирал» тіптен көсіліп кетті.


- Сіздердің мына астаналарыңызда не болып жатыр, өзі?- ол аузынан сыраның көбігін шашырата айқай салды,- мәскеулік ұрылар неге бетімен кеткен? Мен сізден сұрап отырмын?! Халық комиссарының үйіне түсу деген не сұмдық! Оларға, немене, нэпмандар жетіспей жатыр ма? Әлде жекеменшік кеңселер мен шетелдік алпауыттар құрып қалып па? Бұл Кеңес үкіметіне қол салу деген сөз ғой! Бұл дегеніңіз... контрреволюция ғой! Бұны мен кеңес адамы ретінде айтамын! Николай Филиппович, сіз менің куррикулум витэмді, тағы қалай деп атаушы еді, мен латын тіліне шорқақпын ғой... Сіз бәрін білесіз, Ұлы Октябрь революциясынан кейін «адмирал Нельсон» мемлекеттік немесе кооперативтік сейфті абордажға алды ма? Ия ма, жоқ па?..  


- Алған жоқ,- деп келісті Осипов,- бұл факт.


- Факт дейсіз бе? Бұл факт ғана емес, бұл менің өмірлік көзқарасым. Француздар айтпақшы профессион де фуа. Сіз естіп отырсыз ба, жас жігіт, бұны білу сізге өте қажет, себебі сіз үлкен өмірді енді бастағалы отырсыз. Өмірлік көзқарас!.. Криминалистердің Венада өткен дүниежүзілік конгресінде Берлиннің полицей-президентінің өзі менің қолымды теңдесі жоқ ерекше құбылысқа теңегенін білесіз бе? Ол былай деді: «Майн либе герр, даст ист вундерлихт унд артистик». Осындай қолмен мен Мемлекеттік банктің тіпті уездік бөлімшесіне тиістім бе екен? Құдай сақтасын!.. Мен өзіме былай дегенмін: «Семен, сен халықтың бір тиын ақшасына тиіспе! Тиіссең, қолыңды шауып таста!». Менің ашуланып отырғаным осы себептен!..


- Сонымен біз қалай келісетін болдық, «адмирал»,- Осипов оның аузынан шығып жатқан сөз тасқынын үзіп жіберді. 


  «Адмирал Нельсон» оған  ойлана қарады да, жәй дауыспен:


- Сізге менің ұстанымым белгілі ғой, Николай Филиппович. Қысқасы, динарлар табылады, бірақ адамы табылмайды. Түсінікті ме?


- Түсінікті,- деді Осипов орнынан тұрып жатып және осы сөзімен кездесудің аяқталғанын білдірді.


«Адмиралмен» қош айтыстық. Ол «демарш жасау мен ультиматум қою үшін» кейбір адамдармен кездесу керек екенін айтты. Қоштасарда Осиповтың телефон номерін алуды да ұмытпады.


Біз машинаға отырып МУР-ға қарай бет алдық.


- Одессаның мына жөлігіне сеніп отырсыз ба,- деп сұрадым мен Николай Филипповичтен.   


- Егер әлгі динарларды сайтан алмай, адам алған болса табылады,- деді ол салмақты кейіппен,- Ең ары кеткенде екі күннен қалмай табылатыны анық. Сен бұл адамды білмейсің ғой, достым! Бұның Мәскеуге келуінің өзі қылмыскерлер үшін үлкен оқиға. Оның қалай ашуланғанын көрдің ғой, енді «адмирал» олардың астаң-кестеңін шығарады. Ол ешуақытта МУР-ға мәлімет берген емес, бермейді де! Бірақ оған адам ретінде өтініш жасасаң – өлсе де айтқанын орындайды.


- Маған ол мақтаншақ адам болып көрінді,- дедім мен,- жаңағы айтқан Берлин полицей-президентінің мақтауы туралы сөзі...


- Аңыз демекшісің бе? Солай ма?- Осипов қайталап сұрады,- жүр, кеңсеге барайық. Мен саған оның қандай адам екенін көрсетейін. Бұл адамның қолы шынында да алтын...


Жарты сағаттан соң мен мұрағаттан алынған патшалық қылмыс ашу полициясы шығарған формулярды қолыма алып, оның сарғыш тартқан беттерін парақтап  отырдым.


«Ястржембский Казимир Станиславович, әрі Романеску Жан, әрі Шульц Вильгельм – өте қауіпті халықаралық дәрежедегі сейф бұзушы, империяның ішінде және шет елдерде гастрольде жүреді. С-Петербург, Одесса, Москва, Дондағы Ростов және Нахичеван, сонымен қатар Польша патшалығы қылмыс ашу полицияларына белгілі».


Формулярда аталған қалалардағы полиция бөлімдерінің ұсталмайтын сейф бұзушы «адмирал Нельсон» жайлы мәлімдемелері мен ақпараттары, түрлі шағымдар мен рапорттар, сұранымдар бар екен.


Осылардың ішінде Ішкі істер министрлігі Полиция департаментінің директоры С.П.Белицкийдің 1913 жылдың он екінші наурызында «Жоғары мәртебелі Ішкі істер министрі Н.А.Маклаков мырзаға» деп жазған «меморандумы» ерекше көзге түседі. Министрдің резолюциясы бойынша бұл құжаттың көшірмелері Ресей империясының барлық қалаларындағы полиция бөлімдеріне «басшылыққа алу» мақсатында жіберілген көрінеді.


Онда былай деп жазылған екен:


«Сіздің жоғары мәртебеңіздің бұйрығына сәйкес белгілі сейф бұзушы, осы ісіне байланысты бірнеше мәрте сотталған одессалық Ястржембский (Романеску, Шульц) жайлы хабарлаймын.


Полиция департаменттерінің мәліметтеріне қарағанда үстіміздегі жылы империяның бірнеше қалаларында банк тонау мен сейф бұзу фактілері орын алған, бірақ солардың ішінде Нижний Новгород пен Самара қалаларында болған жағдай ерекше назар аударуды қажет етеді.


 Нижний Новгород қаласында он екінші тамыз күні түнде белгісіз біреу «Волга-Камск банкінің» жергілікті бөлімшесіне кіріп, ондағы Лейпциг қаласынан әкелінген «Отто Гриль және Кº» фирмасының ерекше конструкциялы екі сейфін ашып тонап кеткен.


Осы іс бойынша губернатордың ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунігінің қатысуымен қалалық полиция бөлімінің қызметкерлерінің анықтағаны төмендегідей болды: ұры банкте небәрі жарты сағат ғана болған. Себебі банктің түнгі күзетшісі Иван Прохоров-Козолуп өзінің жұмыс орнын осындай уақытқа ғана тастап кеткен.


Козолуптың айтуы бойынша түнгі сағат бірден өте көшедегі адам қарасының азайып, «Россия» қонақүйі ресторанының да шамдары сөнгеннен кейін ол аз уақытқа жұмыс орнын тастап, ұйқы ашу үшін үйіне барып шәй ішкен. Пәтері онша қашық болмағандықтан сыртқы есікті ғана бекіткен. Жолда оны бір бейтаныс жігіт тоқтатып, темекісін тұтатып алған.


Жарты сағаттан кейін келген күзетші кіреберіс есіктің ашық жатқанын көреді. Іштегі темір сейфтер сақталған жертөлеге апаратын темір есіктің де ашылып қалғанын байқайды. Козолуп дереу полиция шақырады. Сонымен бірге банк директорын, қалалық думаның мүшесі құрметті азамат Валентин Павлович Голощекинді де іздестіре бастайды. Ол жергілікті приставтың көмегімен азанғы сағат беске таман Скороходова деген екінші гильдиялы көпес әйелдің ашқан жезөкшелер үйінен табылады.


Одан әрі анықталғандай, ерекше конструкциясы мен құпия құлпына қарамастан ұры аса білгірлікпен және таңқаларлық жылдамдықпен екі сейфті де ашқан болып шықты. Ішіндегі жүз мың рубль шамасындағы мемлекеттік ассигнацияны иемденіп, белгісіз бағытқа кетіп қалған.


Лейпцигтік «Отто Гриль және Кº» фирмасының сейфін бейтаныс жанның ашуы мүмкін еместігі жөнінде «Волга-Камск банкінің» дирекциясына берген кепілдемесі болғандықтан, Голощекин мырза болған жағдайды фирманың басшысы Грильге телеграф арқылы хабарлайды. Одан сол күні жауап келеді: онда Нижний Новгород қаласына фирманың аға инженері Ганс Шмельцті іс-сапарға аттандыратыны, жол ақысы мен басқа да шығындарын фирманың өзі мойнына алатыны айтылған. Шмельц Нижний Новгород қаласына бірнеше күннен соң келді. Банк директоры мен полиция шендерінің қатысуымен екі сейфті де қарап шықты. Қарап болғаннан кейін, сейфтің конструкторы және сейф жөніндегі маман болуына қарамастан, өзінің кілтсіз жарты сағат уақытта аша алмайтындығын, ол үшін үш сағаттай уақыт керек екендігін, онда да арнайы құрал арқылы аша алатынын мойындады.


Сонымен қатар, қалалық полицмейстермен болған жеке әңгімелесу кезінде, егер банк тонаушы адам ұсталып жатса, жазасын өтеп болғаннан кейін «Отто Гриль және Кº» фирмасының оған қызмет ұсынуға дайын екенін ескертті. Тіпті инженер полицмейстерге сейфті ашқан адам мен фирма арасында делдал болуды өтініп, оған қымбат сыйақы ұсынған. Ол сыйақыдан бас тартқан. Өзінің губернаторға берген рапортында полицмейстер осылай айтады. 


Жергілікті полицияның қолданған жедел шараларының нәтижесінде бұдан басқа төмендегі жағдайлар анықталды. Он үшінші тамыз күні волгабойы пароход қоғамына қарасты «Великая княжна Татьяна» кемесінің бірінші класты каютасына басына биік шляпа киген, үстінде қымбат киімдері бар сары адам келіп орналасқан және сол күні кеште кеменің бірінші класты салонында болған карта ойынына қатысқан. Кейін анықталғандай, ойыншылардың арасында Зигмунд Пшедецкий атты белгілі шулер[19] болған. Нижгород қаласындағы  жәрмеңкеде болып, сондағы карта ойындарынан әжептәуір ұтысқа ие болған ол өзін поляк графы Ланкевичпін деп таныстырған. Шулер жәрменкеден қайтқан орыс және парсы көпестерімен карта ойынын ұйымдастырған. Асхана қызметшісі татар Мурзаев ойынға қатысқан жолаушыларға қызмет көрсеткен - салқын және бой қыздыратын сусындар жеткізіп тұрған. Оның айтуынша ойын өте күрделі сомада жүрген. Пшедецкий самаралық бірінші гильдиялы көпес Прохоровтың, граф Кушелевтың, парсы көпестері Гуссейн Хаджар мен Сулейман Айромның ақшаларын ұтып алған, барлығы жүз мың рубльден астам ақшаға ие болған. Шляпа киген адам да әжептәуір ұтылған көрінеді, ол ақшаны былғары портфелінен шығарып беріп отырған. Мурзаев үлкен портфельдің банкілік ассигнацияға толы екенін байқаған.


Ойын аяқталып, жолаушылар тарқағанан кейін, Мурзаев салонның ішін жинап жүрген кезде, үшінші каютадан айқай естіген. Жақындап барып сығалап қарағанда шляпа киген адамның Пшедицкийдің жағасынан ұстап: «Жарты ұтысыңды бересің, жөлік, болмаса жаныңды жаһаннамға жіберемін!» деп айқайлап жатқанының үстінен шыққан. Пшедицкий оған ұтылған ақшасын ғана қайтарамын дегеннен кейін екеуінің арасында төбелес басталған. Шляпа киген жігіт Пшедицкийдің басына құтқарғыш дөңгелекпен ұра бастаған, осыдан кейін ғана Пшедицкий оған ұтысының жартысын беруге келіскен. Түн ішінде келесі пристаннан түсіп қалған шулердің соңынан әлгі жігіт: «Енді, фраер, Одесса-ананы ұмытпайтын боласың! Сен шулер емес, пижонсың!»- деп айқайлаған.


«Великая княжна Татьяна» кемесі Самара қаласына келген күннің ертеңіне қалалық көпестік банкісіне ұры түскен. Ондағы екі сейфті де ашып, ішіндегі жүз елу алты мың рубльді алып кеткен. Бұнда да Нижний Новгород қаласындағы сияқты ұры сейфті өте қысқа мерзімде ашып үлгірген.


 Іс бойынша тексеру жүргізгенде «Великая княжна Татьяна» кемесі келген күні «Волга» қонақүйіне шляпа киген сары адамның келіп орналасқаны белгілі болды. Ол қонақүйге Казимир Ястржембскийдің атына берілген паспорт ұсынған. Келесі күні түнгі үштің шамасында қолында саквояжы бар қонақ номерге қайта оралған және есік ашқан қызметші Аграфена Горинаның қолына шәйлық үшін тұтас бес рубль ұстатқан. Горинаның берген жауабында қонақтың арақ ішпегендігі, бірақ қатты шаршағандығы білініп тұрғаны айтылған.


Сонымен бірге Харьков қылмыс ашу полициясының мәліметі бойынша белгілі сейф бұзушы Шульц–Романескудің бұдан бұрын Ястржембский деген атпен тіркелгендігі анықталды.


Осы және басқа да деректерге сүйене отырып істің беті ашылғандай болғанымен, осы сәтте Шульс-Романеску-Ястржембскийдің Самарадан белгісіз бағытқа кетіп қалғандығы белгілі болды.


Арада сегіз ай уақыт өткенде Шульц-Романеску-Ястржембскийдің ізі Берлин қаласынан барып шықты, ол жақтағы полицей-президиумнан төмендегідей хабар келіп түсті.


1913 жылдың ақпан айында Берлин қаласында герман және басқа да европалық мемлекеттердің шығарған техникалық тауарларының көрмесі болып өткен. «Банк және сауда құрал-саймандары» павильонында бірнеше фирма құпия құлпы бар темір сейфтерін көрсеткен. Солардың арасында «Отто Гриль және Кº», «Симменс-Шуккерт» фирмалары да болған. Аталған фирмалар жарнамалау мақсатында көрмеге қатысушылар арасынан сейфті ашқан адамға сыйлық берілетінін, ал егер сейфтің сиренасын ажыратып дыбысын шығармай аша алса өте үлкен сыйлыққа ие болатыны хабарлаған.


Жетінші ақпан күні биік шляпа киген сары жігіт павильон администраторына келіп, көпшіліктің көзінше өзінің «Отто Гриль және Кº», сонымен қатар «Симменс-Шуккерт» фирмаларының сейфтерін ашуға талпынып көретінін айтқан. Оның ұсынысы қабылданған. Фирма өкілдері мен көрмеге қатысушы көпшіліктің көзінше, оларды таң қалдыра, әлгі адам екі сейфті де жиырма екі минутте ашып берген. Тіпті екінші сейфтің сиренасын ажыратып, дабыл қақтырмай ашқан.


Оған сол жерде ақшалай сыйлық берілген. Ол неміс тілінде әзер сөйлеп барлық қатысушыларды «Вагнер» сыраханасына шақырған, осыдан кейін оларды сыраға тойдырған. Өзі мас бола жүріп чечеткаға билеген және Одесса қаласы үшін тост көтерген, оны «Одесса ди мутер» деп атаған.


«Отто Гриль және Кº» фирмасының өкілі Ганс Шмельц (бұл жоғарыда айтылған инженер), осы оқиға жайлы дереу Берлин полициясына хабарлаған және сейфтің ашылу тәсілінің Нижний Новгород қаласындағы сейфті ашу тәсіліне өте ұқсас екенін айтқан.


Арада көп уақыт өтпей берлиндік полиция өкілдері «Вагнер» сыраханасына келіп, әлгі адамнан құжатын көрсетуді талап еткен. Ол Ястржембскийдің атына берілген орыс паспортын көрсеткен, паспортта шет елге шығуға заңды визасы болған. Солай да болса полиция өкілдері оны өздерімен бірге алып кеткісі келген. Бұған жас жігіт келіспеген және айналасындағы жаңа таныстарынан өзін қорғауды сұраған. Бұл кездері мас бола бастаған көпшілік оны қоршап тұрып алған, полиция өкілдерінің алып кетуіне мүмкіндік бермеген. Осы алас-қапасты пайдаланған Ястржембский қашып үлгірген.


Жоғарыдағы деректерді Сіздің жоғары мәртебеңізге хабарлай отыра, өз кезегімде, осы жағдайды сыртқы істер министрі жоғары мәртебелі Сазонов мырзаға мәлімдеуіңізді, одан белгіленген халықаралық келісім бойынша Герман полициясынан Ястржембский-Романеску-Шульцті дереу тұтқындап, аса қауіпті қылмыскер ретінде бізге тапсыруын өтінуіңізді сұраймын. 


Ішкі істер министрлігі Полиция департаментінің директоры С.П.Белицкий».


 Мұрағаттық құжаттарды оқып отырып патшалық Ресейдің ішкі істер министрлігінің «адмирал Нельсонды» іздеу мақсатында герман полициясымен бір жыл бойы хат алысқанын, бұл іздестірудің Бірінші жүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты ғана тоқтатылғанын байқадым.


Сарғайған құжаттарды қарап шыққанша кеш түсті. Ең маңызды деген жерлерін есіме сақтап Осипов екеуміз «Арс» кинотеатрына қарай бет алдық (қазіргі Станиславский атындағы драма театры).  


Билет алғаннан кейін сеанстың басталуына әлі де бір сағат уақыт болғандықтан, екеуміз серуендеуге бет алған едік.


- Николай, «адмирал Нельсонның» ендігі тағдыры қалай болар екен?- дедім мен Осиповқа қарап.


- Менің өзім де ол туралы және соған ұқсас адамдар жайлы жиі ойланамын,- деді ол,- қалай айтсам екен, достым... Бұл өте кұрделі және қиын сұрақ. Ескі заман бізге мұра ретінде әжептәуір қылмыс әлемін қалдырып кетті. Ол әлемнің өзіндік салт-дәстүрлері, керек десең тіпті «мектебі» мен «мамандары» да бар. Қазір НЭП-ке[20] байланысты бұлар қайтадан жандана бастады. Ресторандар мен жеке дүкендер, ақша тігілетін бәйгелер мен құмар ойындар, тіпті сол нэпмандардың өздері қылмыстың көбейе түсуіне түрткі болары анық. Ескі «мамандар» - адам тонаушылар, ұры-қарылар, жынойнақ үйін ұстаушылар, т.с.с. әлі де бар. Бұлардың көпшілігін ерте ме кеш пе, біз ұстап тиісті жеріне жібереміз ғой деп ойлаймын. Қандай да бір бөлігі өткен өмірмен ат құйрығын кесісіп еңбек ете бастар. Ал «адмиралдың» қайда баратынын айту қиын... Бірақ оның мемлекеттік және кооперативтік банктерден ақша алмайтыны анық! Бұл, біле-білсең,  нюанс... Жалпы айтқанда өмір көрсетеді ғой...


Ертеңіне ертемен С-ның хатшысы телефон арқылы хабарласып бастығының қатты уайымдап жатқанын, сонымен қатар енді екі сөтке мерзім қалғандығын айтты. Бұл хабар мені одан әрмен абыржытты. Сағат екінің шамасында Осипов хабарласты. Ол қазір ғана «адмиралмен» сөйлесіпті: жұмыс қайнап жатқан көрінеді, бірақ тиындар әлі табылмай жатыр депті.


Жұмыстың соңына таман Шевердин телефон шалды. Істің барысын сұрай келе, егер тиындар табылмаса, менің қиын жағдайда қалатынымды ескертті. Мен ол кісіге МУР-дағы таныстарымның көмектесіп жатқанын, бірақ әлі ешқандай нәтиже жоқ екенін жалпылама сөзбен жеткіздім.


- Өкінішті, өте өкінішті,- деп күрсінді Шевердин,- Нарком[21] қатты ашулы, барыңызды салыңыз менің жас достым! Болмаса, екеуміздің де географияға байланысты оқиғаға тап болуымыз ғажап емес...


Сол күннің кешінде менің тереземнің алдынан Осипов мінген «Пежоның» сигналы естілді. Сол кездегі менің көңіл-күйімнің қандай болғанын түсіну қиын емес шығар? Мен кабинеттен атып шықтым. Алыстан досымның жайыла күлген бет-әлпеті көрінді, қасында өзінің талантты көмекшілерінің бірі Николай Ножницкий бар екен.


- Отыр, кеттік,- деп айқайлады Осипов,- «адмирал» телефон шалды. «Мәдени бұрышқа» тез жетуімізді сұрайды.


Дереу машинаға отырдық. Көлік Горький көшесінің бойымен заулай жөнелді. Бағытымыз Кіші Гнездников көшесінде орналасқан «Мәдени бұрыш» аталатын сырахана (қазір ол үй бұзылып, орнына биік ғимарат салынған). Бұл сырахана өзінің мәденилігімен ғана емес, дәмді пісірілген шаяндарымен, сонымен қатар ерекше тұздалған балығымен де ерекшеленетін еді.


«Адмирал Нельсон» бізді сырахананың бір бұрышында күтіп отыр екен. Үстіне өте жарасымды костюм киген, көңіл-күйінің де салтанатты екені байқалады.


- Қайырлы кеш, қайырлы кеш...- деп соза сөйледі ол,- япырмай, сіздер маған қандай жұмыс тауып бергендеріңізді білесіздер ме? Мен астанаға демалу және бой сергіту үшін келдім емес пе? Ал керек болса!.. Бұндай бой сергітуден кейін, менің марқұм әкем айтқандай, о дүниелік болып кету де ғажап емес. Ал Одессада менің әкемнен ақылды адам болған емес, енді тіпті болмайтын да шығар... Реті келгенде айта кетейін, ол Одесса атты ұлы қаладағы ең шебер слесарь-механик болатын. Менің көзімнің анық жеткені - тұқым қуалау заңдылықтарының кім көрінгеннің ойдан шығарған сандырағы емес екендігі... Бір рет мынандай жағдай болған еді...


- Негізгі мәселеге жақындайық,- Осипов оның сөзін бөліп жіберді,- Марқұм әкеңіздің басынан өткен бұл оқиғаны сіз маған мың тоғыз жүз жиырма бірінші жылы айтып бергенсіз...


- Пардон, есімнен шығып кетіпті,- деді «адмирал»,- олай болса, мәселеге жақындауға болады... Кеше мен вокзалдан шығу бойына, қажет деген адамдардың бәрін түгел жинап алдым. Мәжіліс өткіздім. Яғни, олардың алдында сөз сөйледім. Менің жалынды сөзіме тыңдаушылардың көңілдері босағаны соншалықты, кейбірі тіпті жылап жіберді... «Қарғыс атқыр контрреволюцияшыл аждаһалар,- дедім мен оларға,- наркомның үйіне түсуге, оның заттарын ұрлауға сендердің ар-ұяттарың қалай жетті! Ешкімге қажеті жоқ, пайдалануға жарамсыз ескі тиындарды ұрлап, маңызды адамның денсаулығын құртқандарыңды білесіңдер ме, оңбағандар! Қайдағы бір тесік динарлар үшін үкімет мүшесін мемлекеттік істен алаңдатқандарыңды түсінесіңдер ме сендер, диникиншілер! Мен Одессадағы барлық жұмысымды тастап, сендерге осы сөзімді, яғни өзімнің осы «фэмді» айтуға келіп отырмын, махновшылар!..». Мен жарты сағаттай тынбастан сөйледім, осы аралықта маған үш рет салқын су әкеліп берді, себебі, мен қатты толқыған едім... Дәл осы кезде мәскеулік ұрылардың королі, сіз оны жақсы білесіз, Николай Филиппович...


- Білемін, Сенька Барыс қой,- деді Осипов.


- Соның нақ өзі... көзінің жасын төге отырып, бұл іске ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, ант-су ішті. Көп айтып не қажеті бар, онда Мәскеудің барлық қаймақтары жиналды ғой! Барлығы да ұрланған тиындар табылмайынша жұмыстарын тоқтатуға уәде берді. Ал олардың сөздерінде тұратынын сіз білесіз...        


- Бұл рас,- деп құптады Осипов,- осы тәулікте соңғы жылдардың ішінде алғашқы рет қалада ешқандай ұрлық тіркелген жоқ...


- Ұрлығыңыз не айтып отырған?- «адмирал» ренжи сөйледі,- тәулік бойы еш адам жұмысқа шықпаса, қандай ұрлық болушы еді?! Барлығы да - көшедегі, үйдегі және тағы басқа жерлердегі – белгілі адамдар түгелімен осы іске жұмылдырылды ғой. Бір нэпман шешіндірілді ме? Бір әйелдің сөмкесі ұрланды ма? Бір аңқаудың қалтасы қағылды ма? Не айтатыны бар, қалада төтенше жағдай жарияланды ғой... Бұл тесік динарлар бізге оңайға түскен жоқ! Осы тәуліктің ішінде он минут те тыныс алған адам болған жоқ. Егер сіз мені жалған айтып отыр деп ойласаңыз, онда мен сізді сыйлауды... 


- Жоқ, мен олай ойламаймын,- деп тез жауап қатты Осипов.


- Себебі, сіз ақылды адамсыз!.. Түнімен мен басты малинада[22] болдым...


- Зоология көшесіндегі ме?- деп күлді Осипов.


- Николай Филиппович, мен сізден бұны күткен жоқ едім...- «адмирал» қабағын шытты,- адмирал Нельсон еш уақытта бірде-бір малинаны сатқан жоқ және сатпайды да. Ал бұлай сұрауыңыз біздің келісімге сәйкес келмейді... Олай болса мен тоқтатамын...


- Жақсы, сұрамай-ақ қояйын,- Осипов мырс етті,- Әрмен қарай жалғастырыңыз...


- Жалғастырайын... Малинада таң атқанша көз ілмей күтіп отырдым. Әр жарты сағат сайын қаланың тұс-тұсынан адамдар келіп, маған мәліметін беріп жатты. Айтатындары: «Әлі табылған жоқ!..». Сағат таңғы жетіде менің қалай қиналғанымды көрсеңіз - мына алдыңызда отырған адамның құны жарты тиын да болмай қала жаздады ғой... Сағат сегіз болған кезде менің бір аяғым жерде, бір аяғым  көрде тұрды – жүрек соғысым баяулап, тамырымның лүпілі сезілмей қалды. Малинаның анасы Манька Блоха жылап жіберді: «Адмирал,- деді ол көзінің жасын көл қыла отырып,- жаным, сол құрып кеткір тесік динарлар үшін шынымен-ақ өлгелі жатсың ба? Біз Одессаға не айтамыз, енді? Сені сақтап қала алмағанымызды біз қалай түсіндіреміз оларға, адмирал!..». Мені өлім аузынан кімнің алып қалғанын білесіз бе? Ол Сенька Барыс еді! Ол сағат тоғыздан отыз минут өткенде келіп жетті және мән-жайды бірден түсіне қойды - бұл кезде мен тыныс алуды мүлдем тоқтатуға жақындаған болатынмын. Мәселе мынада: Барыс бұрын фельдшерлік мектепте оқыған болатын, егер ол ұры болмағанда, міндетті түрде медицина профессоры болар еді... Жағдайды бірден түсінген Барыс дереу жақын маңдағы ауруханаға жүгіріпті. Бір аурудың пайдаланып жатқан ауа жастығын жұлып алып, маған әкеліп берді. Құдай оған мықты денсаулық берсін, бұл бүгінгі күнгі жасалған жалғыз ұрлық болатын, егер оны ұрлық деп айтуға жараса... Осыдан кейін мені Мәскеуде қалай демалды деп ойлайсыз, ә?!


- Негізгі мәселеге жақындайықшы, «адмирал»,- деді Осипов жалынғандай кейіппен.


- Біз де солай қарай келе жатырмыз, мен қазір зәкірді түсіремін,- деді «адмирал»,- есімді жинаған сәтте Марья Тоғайынан келген Колька Кроликті көрдім. Ол ентіккеннен сөйлей алмай отыр екен, тіпті түрік сұлтанының зынданынан қашып шыққандай қатты жүгіріпті. Алғашқыда мен ештеңе түсінгенім жоқ, сондықтан: «Дұрыстап және түсінікті етіп айт, ақымақ!»- деп айқайладым. Тек Сенька Барыстың араласуымен оның не айтқалы отырғаны белгілі болды – әлгі қарғыс атқыр ұры табылыпты! Ол, біріншіден, мәскеулік емес екен, екіншіден, бұл да маңызды нәрсе, одессалық та емес екен, ал үшіншіден, тіпті, нағыз ұры да емес, қайдағы бір тулалық жүгірмек болып шықты... Осыдан кейін, айтыңызшы, мына жалған дүниеде өмір сүру қажет пе, қажет емес пе?


- Тиындар қайда екен?- деп сұрады Осипов сабырлы түрде. 


- Осы сұрақты Колька Кроликке мен де қойғанмын,- деді «адмирал» салмақты кейіппен,- тиындар Тулада екен, әлгі жүгірмек сонда алып кеткен көрінеді. Коллекцияны бүлдірмей алып келу үшін құрамында беделді мүшелері бар делегация аттандырылды. Енді сол делегациядан хабар күтіп отырған жайымыз бар. Жақын арада келіп қалуы тиісті...


«Адмирал» сөзін осылай аяқтағанда, Осипов жеңілденгендей демін сыртқа бір-ақ шығарды. Ножницкий күлкіден көз жасына ие бола алмай отыр. Мен қуанғаннан жан-жағыма жалтақтап қарай беріппін.


Осы кезде біз отырған терезеге сырттан біреу тас лақтырды. «Делегация келді! Музыка марш ойнайды!» - деген сөздермен «адмирал» орнынан тұрып, есікке қарай беттеді.


Бірнеше минуттан кейін қолына былғарыдан тігілген ескі қалта ұстап салтанатты кейіппен қайта оралды.


- Міне!- деді әкелген затын стол үстіне қойып жатып (оның жалғыз көзі от шашып жарқылдап тұрды),- Мен бәс тігуге бармын: егер осы затты табу үшін бүкіл дүние жүзінің полициясы бірігіп, оның ішінде мейлі Венада өткен дүниежүзілік криминалистердің конгресіне қатысушылар да болсын, тіпті менің ісіме таң қалған, мені бір көруді аңсаған берлиндік полицей-президенттің өзінің қатысуымен іздесе де, таба алмаған болар еді... Осыдан кейін олар ұялғаннан және масқара болғаннан Мәскеу өзеніне суға батып өлген болар еді... Жас жігіт,- ол маған бұрыла қарады,- сіз үлкен өмір баспалдағын енді ғана аттағалы отырсыз, сонымен бірге маған ұнап та қалдыңыз, қараңыз, көріңіз және есіңізге сақтаңыз: егер ұрылар шын ниетімен сөз берсе, олардың қолынан бәрі де келеді!.. «Адмирал Нельсонның» кім екенін, оның беделінің қандай екенін енді білген боларсыз...  


Былғары қалтаның аузы ашылды. Ішінде тиындар орналасқан араның ұясындай бөлек-бөлек ұяшықтары бар екен. Біз қызықтап қарай бастадық. Мыстан құйылған, ескірген, мүжілген, тот басқан, кейбірінде жыланнның, бұқаның, бүркіттің, сфинкстің бейнелері бар, үлкенді-кішілі, барлығы екі жүзге жуық тиындар...


- Мың жылдық тарихтың алдында орындарыңыздан тұруларыңызды сұраймын,- деді «адмирал» салтанатты түрде (өзі шынымен-ақ орнынан тұрды),- көріп тұрсыздар, ортасындағы тесігіне қарағанда осыншама шу көтерген әйгілі динарлар осылар болуы керек, шамасы... «Құдай сақтасын, өмірде осындай да қайшылықтар болады екен?» деп еді одессалық Николай Николаевич Шнеерзон, ол мың тоғыз жүз он бесінші жылы полиция ақыр соңында мені қолға түсіргенде қорғаған адвокат болатын. Шынында да қарама-қайшылық емес пе – мына тиындарды қолға ұстауға жиіркенесің... Осындай ештеңеге тұрмайтын затқа бола осы қаланың ең таңдаулы адамдары бірнеше күн бойы сабылып, азапқа түсті ғой. Тот басқан тесік динарларға халық комиссарының не үшін  қызыққанын мен түсінбеймін! «Шынында үлкен адамдар ақымақтар» деп философ Спиноза дұрыс айтқан болса керек, мүмкін айтқан ол емес те шығар...


«Адмирал» бөсіңкіреп кетті. Екі стакан арақ пен арасында жөнелткен бірнеше саптыаяқ сырадан кейін ол бізге өзінің шешендік өнерін көрсетуден аянған жоқ. Оны сыйлағандақтан ғана, бізге жәрдем берді ғой, сөзін бөлмедік. Осипов үнсіз отыр (ол көп сөйлегенді жақтырмаушы еді). «Адмирал» болса, өзінің басынан кешкен оқиғаларын еске түсіріп, арасына одессалық фольклорларды қосып қойып,, одан кейбір пәлсапалық қорытындылар жасап, әлі сөйлеп отыр. 


Ақырында тоқтады. Анығын айтқанда, шаршады. Осы үнсіздікті пайдаланып біз қоштасуға бейімделген едік, кенеттен ол:


- Сіздер осы істе бір ғажайып жағдайдың болғанын байқадыңыздар ма?- деді,- мен өмірімде тұңғыш рет ұрлықпен емес, оны ашумен айналысыппын! Бұл да қызық нәрсе екен! Кәнігі сейф бұзушының сөзімен айтайын, бұны мен өмірімдегі ең бақытты күндерімнің бірі деп есептеймін.


Басын көтерді де, мұңға толы жалғыз көзімен бәрімізге барлай қарап шықты. Оның осы көзқарасынан мұңмен қатар, өкініш те байқалып тұрғандай еді.


- Бүгінгі бізге айтқан әңгімелеріңіздің ішіндегі ең маңыздысы осы болды, Семен Михайлович,- деді Осипов «адмиралды» алғаш рет толық аты-жөнімен атап,- егер осы тиындарды табуыңызбен қатар сіз енді өзіңіздің жаңа тағдырыңызды да тапсаңыз, бұл басы жұмыс жасайтын адамның қолынан келеді, мен сіздің одақтасыңыз болуға жарар едім.


«Адмиралдың» бет-әлпетінен Осиповтың айтқан сөзінің оған дәл тигені байқалып тұрды. Ол төмен қарап, үнсіз отырып қалды. Осипов та одан көзін алмастан, осы бір ерекше жаратылған адамға іштей тілектес кейіппен (бірақ онысын сыртқа шығармай) отыра берген еді.


Ұзақ үнсіздіктен кейін «адмирал» басын көтерді, сосын жәй ғана былай деді:


- «Тірек нүктесін тауып беріңдерші, жерді аударып жіберейін»- деп Архимед айтса керек... Мен Архимед емеспін, жер менсіз-ақ аударылып түсіп жатыр. Оның дұрыс бағытқа қарай аударылғанын көргеннен кейін, менің де ішімде бір төңкеріс болған сияқты... Мен жасы келген адаммын, Николай Филиппович! Менің жасымда өмірді қайтадан бастау өте күрделі нәрсе... Бірақ, сіз маған сенім білдіріп отырсыз ғой, ал бұл дегеніңіз әлгі Архимед армандаған тіреу нүктесі емес пе? Сондықтан, өзімнің ескі де тозығы жеткен әлемімді ақтарып көрейін... Тот басқан сейфімді балқытып, қайтадан құюға тырысайын... Кім біледі, мүмкін әлде де кәдеге жарайтын бір зат шығып қалар? Кім біледі?..


Ол орнынан тұрды да, тез басып сыраханадан шығып кетті.


Шевердинге келіп болған оқиғаны баяндадым. Ол әуелі күліп алды, сосын өте салмақты кейіппен:


- Дегенмен губерниялық соттың тәртіптік коллегиясының алдында есеп беруіңізге тура келеді, достым,- деді.


Бұл сөзге қатты қапаланған мен кабинеттен шығу бойына дереу алғашқы ұстаздарым Снитовский мен Ласкинге жеттім. Менің жағдайымнан хабардар болған олар абыржып отыр екен. Ласкин: «Аманбысың...» - деп бір күңк етті де, саусағымен столды тоқылдата бастады. Снитовский сыр берген жоқ. Кабинетте губерния прокурорының тергеу істерін қадағалау жөніндегі көмекшісі - әдеміше келген ұзын бойлы, үлкен қоңыр көзді, сарғыш бұйра шашты Острогорский отыр еді. Ол маған, тіпті, жақтырмай қарады.


- Баланың қателігін кешіруге болады, бірақ есейген адамның жіберген қателігі, оның үстіне ол тергеуші болса, өте күрделі мәселе ғой,- деді Снитовский,- Лев Романович (ол бұрын еш уақытта мені бұлай атамайтын), сіздің мына ісіңізге мен қатты ренжіп отырмын... Жақсы емес, жақсы емес... тіпті, ұят нәрсе деуге болады!.. Біз сізді осылай оқытып па едік?..


- Иван Маркович, рұқсат етіңіз...- деп міңгірледім мен бірдеме айтқым келіп.


- Рұқсат етпеймін!- ол жұдырығымен столды қойып қалды,- Рұқсат етпеймін! Ай-ай-ай, сот тергеушісі қайдағы бір алаяқ қылмыскердің алдына барып, онымен сыраханада сыра ішіп отыр деген не масқара! Сұмдық қой бұл!..


- Ия, масқара!- деп қостады Ласкин де.


- Түсіну мүмкін емес..,- деді тісінің арасынан сыздықтата сөйлеген Острогорский.


- Шевердин бәрін айтып берді. Біз ақылдаса отырып былай шештік - бұны аяқсыз қалдыруға болмайды!.. Алдағы уақытта сізге сабақ болу үшін, біздің корпорацияның атына кір келтірмеу үшін керек... 


Бір аптадан кейін мен жасыл матамен қапталған ұзын столды жағалай орналасқан губерниялық соттың тәртіптік коллегиясының алдында тікемнен-тік тұрдым. Коллегия мәжілісін оның төрағасы - сұсты да сақалды Дегтяров жүргізіп отырды.


Бұған дейін де тәжірибелі ұстаздарым Снитовский мен Ласкин менің орасан үлкен және кешірілмес қателік жібергенімді миыма әбден құйған болатын. Сондықтан тәртіптік кеңес мүшелеріне болған жағдайдың бәрін тәптіштеп, жасырмай айтуыма тура келді. Бұл маған, әрине, оңай болған жоқ!..


Дегтярев зер сала отырып тыңдады. Маған оның қоңыр-сарғыш көзінің тереңінде бір құпия сыр жатқандай болып көрінді. Арасында: «Айта беріңіз, қыраным!..», «Қарашы, қандай епті!..», «Жақсы! Айтары жоқ, жақсы!..», «Шерлок Холмстың нағыз өзі!» - деген сөздерді қыстырып  қояды.


Бұның бәрін мен кейін есіме түсірдім, ол кезде ойланып жатуға мұршам болған жоқ еді. Қатты толқығаннан және кейбір жерлерін дұрыс жеткізе алмай қаламын ба деп қорыққаннан болар, мен ештеңені жасырғаным жоқ. Бәрін бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып бердім.  


Коллегия мүшелері жиырма минуттей оңаша кеңес өткізді. Осы уақыт маған мәңгілік болып көрінді. Дегтярев коллегияның шешімін оқуға кіріскен кезде, менің құр сүлдем ғана тұрған еді. Сондықтан, бар ұққаным мынау болды: мені жұмыстан қумайды, жас екендігімді және шындықты айтқанымды ескеріп, ауызша қатаң сөгіс жариялайды.   


Осы кезде - өткен іс қой - мен жылап жібердім. Дегтярев өзінің қатал мінезіне сәйкес келмейтін өте жұмсақ дауыспен:


- Ештеңе етпейді, ештеңе етпейді... Қысылмаңыз, жылап алыңыз, балам. Бұл сіздің соңғы қайғыңыз болуына біз тілектеспіз...- деген еді.


Арада көптеген жылдар өтті...


Отызыншы жылдардың ортасында тағдыр мені «адмирал Нельсонмен» қайта кездестірді. Мен бұл кезде КСРО Прокуратурасында тергеу бөлімінің бастығы қызметінде едім.


 Бірде КСРО прокуроры И.Акуловтың кабинетіне кіргенімде, оның көңілсіз отырғанының үстінен шықтым.


- Не істерімді білмей отырмын, Лев Романович,- деді Акулов шарасыз кейіппен,- сейфтің кілтін жоғалтып алдым. Екі сағаттан кейін Үкіметте баяндамам бар, құжаттарымның бәрі соның ішінде қалды... Біздің механик аша алмайтынын айтып отыр, сейфтің ол білмейтін құпиялары бар екен. Ашу үшін бір тәулік уақыт керек дейді...


Үлкен темір сейфке қарағанымда есіме бұдан екі жыл бұрынғы Осиповтың айтқан сөзі түсті. Ол «адмирал Нельсонның» Мәскеуге көшіп келгенін, байырғы істерінен қол үзіп, қазір бір механикалық зауытта техник болып жұмыс істеп жатқанын айтқан еді. 


- Бір минутке, Иван Алексеевич,- дедім мен прокурорға,- сізге жәрдемдесуге тырысып көрейін...


Сол жерден Осиповке телефон шалдым. Ол КСРО Ішкі істер министрлігінде істейтін еді, болған жағдайды айттым.


- Бәрі түсінікті, достым,- деді ол,- қазір Семен Михайловичпен байланысып көрейін. Егер тапсам, алып барамын. Хабарласпағанымызға бір жылдай болған еді, білмеймін, тірі ме екен...


Иван Алексеевич әр уақытта мәселені жарты сөзден түсінетін адам еді, мен трубканы орнына қою бойына:


- Айтып отырғаныңыз маған айтқан «адмирал Нельсон» емес пе?- деп сұрады.


- Сол, Иван Алексеевич.


- Ия, оның қолынан келуі мүмкін... Ескі мамандар ұятқа қалдырмайды.


Осыны айтты да, адамды еріксіз тартатын сүйкімді күлкісімен жымиып қойды.


Жарты сағаттан кейін сәл ентіккен, бірақ әлі де қуаты қайта қоймаған  Николай Филиппович есіктен кіріп келді. Оның соңынан таза киінген, қолында кішкене саквояжы бар, жалғыз көзді, екінші көзін қара атлас орамалмен ұқыптап таңып алған «адмирал Нельсон» көрінді. Арада өткен жылдар өз дегенін істепті - оны бірден тани қою қиын еді, тек жалғыз көзінің түбінен жылтырап көрінетін отты ұшқындар әлі өшпеген екен.


Иван Алексеевич «адмиралды» сыпайы қарсы алды.


- Саламатсыз ба? Отырыңыз... Сіздің шебер маман... ия... шебер механик екеніңізді маған айтып еді. Солай ма?


- Кезінде Европаның барлық полициясы осылай деп мойындағаны рас, жолдас Акулов,- деді салмақты түрде «адмирал»,- бірақ полицияның да қателесетін кезі болады ғой... Дегенмен, менің сейф жөнінде азды-көпті білетінім бар... Мәселе мына қорап жайында ма?


Ол сейфті қолымен нұсқап көрсетті.


- Дұрыс айтасыз. Бұл, қателеспесем, немістікі болу керек?


- Ия, лейпцигтік жұмыс,- деді «адмирал» сейфті көзімен тез шолып өтіп,- бірақ бұл немістер айтатындай «прима» емес... Бұл «Отто Гриль және Кº» фирмасының сейфі, бұнымен менің аздап таныстығым бар. Ішінде тот баспайтын болаттан жасалынған екі серіппелі ілгегі бар, бүйірінде автоматты тежегіш орнатылған – міне, мына жерінде, сол жағында – егер құпиясын білмесеңіз құлпы ашылмайды. Ал оның құпиясы музыкасында, немістер музыканы жақсы көреді ғой...


Осыны айтты да, құлыпты бекіткен мыс бұрандалардың бірін төбесінен басып қалды. Бұранда әуенді дыбыс шығарып барып бір қапталына ығысып кетті.


- Дұрыс,- деп күлді Акулов,- көріп тұрмын: полиция қателеспепті, Семен Михайлович! Сіз нағыз маман екенсіз...


- Алдын-ала мақтамай-ақ қойыңыз, көз тиюі мүмкін,- деді «адмирал»,- біз қазір бұл «неміспен» айналысып көрейік...


Саквояжынан жіңішке болат сымтемір мен ұзын кілтті алып шықты. Осы екеуінің көмегімен, ешқандай дыбыс шығармастан, тым-тырыс жұмысына кірісті.


- Сейфтің құлпы дөрекілікті жақтырмайды,- деді ол жұмысын жалғастыра отырып,- онымен өте мәдениетті түрде «сөйлесу» керек. Бұл да әйел сияқты, күшпен ала алмайсың. Мен сияқты ескі кебістің әйелдер жайлы айтып отырғаны сіздерге күлкілі болып көрінуі мүмкін, бірақ жас кезіндегі «адмирал Нельсон» тек қана сейф жөнінің білгірі емес болатын... Тіпті көзінің жалғыз екендігіне қарамастан-ақ... Реті келгенде айта кетейін, Акулов жолдас, мені көзіме байланысты «адмирал Нельсон» деп атаған, ол кісінің да көзі жалғыз болған ғой... Бір мың тоғыз жүз бесінші жылы мен Амстердам қаласында гастрольде жүріп - өткен іс қой - бір жақсы сейфті аштым. Келесі күні газеттен, бұл қазан айының іші болатын, бір аптадан соң Горацио Нельсонның қайтыс болғанының жүз жылдығын атап өтетінін оқыдым. Сіз білесіз, әрине, ол жиырма бірінші қазан күні Трафальгар мүйісінде француз-испан флотын талқандағаннан кейін қаза тапты ғой... Даңқты аттасыма құрмет көрсеткім келді... Амстерамнан көптеген голландық қызғалдақтар сатып алып, кемеге отырдым. Англияға қарай бет алдым. Кемеден түскесін гүл шоқтарын үш фургонға тиеп, бейіттің басына алып бардым. Үстімде фрак, басымда цилиндр... Сізге ант етуге бармын, менің алып барған қызғалдақтарымды көргенде халықтың назары ағылшын лордына емес, жиынға ол да қатысқан болатын, маған қарай ауып кетті. Мен сөз сөйледім: «Леди энд джентльмен!- дедім,- әлемге талай дарынды ақындарды, музыканттарды, теңізшілерді, сонымен қатар талантты тәртіп бұзушыларды берген керемет қала Одессаның өкілі болып келу құрметіне ие болып отырмын. Сіздердің жалғыз көзді адмиралыңыз өз ісінің асқан шебері еді, бұндай қасиет тек жалғыз көзді адамдарда ғана болады...». Маған ду қол шапалақтап құрмет көрсетті. Ия, Кант айтқандай, қартайған кезде естеліктер ғана қалады екен... Бірақ мен бұған сенбеймін...


- Естеліктердің қалатынына ма, әлде... Канттың айтқанына ма?- деп тез сұрақ қойды Акулов.


- Николай Филиппович жақсы біледі - мен Кант туралы айтып отырмын. Ал естеліктер жайына келетін болсақ... қазір менде естеліктерден басқа ештеңенің де қалмағанын бүкіл қылмыс ашу мекемелері жақсы біледі.


- Дұрыс,- деп құптады Осипов.


Осы кезде «адмирал»: «Рахмет, сүйіктім... Мінекиіңіз!»- деген сөздермен сейфтің есігін айқара ашып жіберді.


Акулов «адмиралға» рахмет айтты да, сыпайы түрде өзінің қанша қарыз екенін сұрады. Бұған «адмирал» қолын сілкіп ат-тонын ала қашқандығы сондай, бұл мәселе бірден-ақ шешімін тапқандай болды. 


- Тағы да рахмет, Семен Михайлович,- деді шын көңілімен КСРО прокуроры,- мен сізбен осындай кезде, өміріңіздегі ең бір қиын сынақтан сүрінбей өткен кезіңізде танысқаныма қуаныштымын! Мен сейф туралы айтып отырғаным жоқ, әрине...


- Мен сізді түсініп отырмын, жолдас Акулов,- деді «адмирал» жәймен ғана,- сіз сейф туралы емес, оны ашқан адам жайлы айтып отырсыз ғой... Егер шындығын білгіңіз келсе, мен бұл сынақтан сонау тесік динарларды іздеген кезде-ақ өте бастаған сияқтымын. Содан бері жыл сайын Пушкин атындағы мұражайға барып тұрамын - онда көне заманның тиындары сақталған бөлім бар – сол ескі тиындарға қараймын да, тесік динарларды соққан шеберлерге рахмет айтамын... Одан да үлкен рахметті қазіргі заманымызды соққан шеберлерге де айтар едім... Тіпті, мен сияқты тозығы жеткен тиынды да қайта балқытып, кәдеге жаратып жатыр ғой... Біздің осы заманымыздың да, осы заманды жасаған адамдардың да өмірлері ұзақ болсын, жолдас прокурор!..


- Онда, қолыңызды қысуға рұқсат етіңіз!- деді Акулов.


Бұл прокурордың қартқа риза болғандығының белгісі еді.  


2014 жыл


***


 Б.Можаев[23]


Майда өлшем


повесть


 Аяқ астынан күздің қара суығы басталған кезде мен алыстағы ағаш кесушілердің қыстағында жүрген едім. Бурлит өзенімен қатынайтын көліктердің барлығы төменде, бұдан жүз шақырымдай жердегі негізгі базада қалған болатын. Басқадай көлік жоқ. Оның үстіне таңертең өзеннің жиегі қата бастады – бұл жақсы ырым емес еді! Өзен бір түннің ішінде қатып қалуы мүмкін, сол себептен мен қатты қобалжыдым. Егер Бурлиттің суы қатса, қашан орман ішімен қысқы жол түскенше, екі айдай сыртқы дүниемен қатынас болмай қалады. Ондай жағдайда поштаны аптасына бір рет самолеттен лақтырып кетеді екен. Бұндай жерде қалып қоюды құдай адамның басына сала көрмесін, әрине! 


Кенеттен, түн ортасы ауа, таң енді ата бастаған кезде, алыстан тұншыға шыққан мотор даусы естілді. Тез киініп алып өзен жағасына қарай жүгірдім. Мен келіп жетемін дегенше оншақты адам жиналып үлгірген екен. Маңдайындағы жалғыз көзі жарқырай жағаға келіп тоқтаған баржаға, тағдырымыз соның қолында тұрғандай-ақ, үміттене қарап қалыппыз. Ақырында, қайықтың моторы сөнген кезде, үстіне қара былғары күрте киген старшина жағаға шықты. Тамақтанып болғаннан кейін қайтадан жолға шығатындығын хабарлады. 


Қалып қоюдан қауіптенген жолаушылар тарап кетпей, жағалаудағы текшелеп жиналған ағаш кесінділерінің үстіне жайғасып жатыр. Кейбірі, тіпті, баржаның палубасына шығып та алған еді.


Таң атты. Әлі көріне қоймаған күннің тұманды сәулесі айналаны ептеп жарықтандыра бастады. Тұмшаланған түн ішінде қарауытып  тұрған баржаның бейнесі енді айқындала түсті. Ол түндегідей емес,  кішірейіп қалғандай еді: жоғарыдан қараған адамға тұмсығындағы зәкірі де, жүк машинасының кабинасына ұқсаған басқару будкасы да ойыншық сияқты болып көрінеді. Солай да болса старшинаның басындағы теңізші фуражкасы, оның маңдайына қадаған белгісі - теңіз шаяны енді анық көріне бастады.   


Аңғарып қараған адамға жолаушылардың арасынан бір бейне ерекше көзге түсер еді: ұзын бойлы, сәл еңкіштеу келген бұл ер адамның үстінде көнетоз фуфайкасы, аяғында ескі керзі етігі бар. Бас киімсіз. Қызғылт-сарғыш шашы сақалымен қосыла тұтасып өсіп кеткен. Шаштары мен сақалына жабысып қалған ағаш ұнтақтары оның көптен бері дұрыстап жуынбағанын және қырынбағанын байқатады. Сақалы болғанымен бұл адамға отыз бес жастан артық бере қоймас едіңіз.


Қасында аласа бойлы, бетін әжім басқан жасамыс әйел бар. Ол анда-санда әлгі еркектің жеңінен тартып:


– Женя, палубаға шығып алайықшы!.. Кейін старшина рұқсат етпеуі мүмкін... Ертерек орналасып алайық,– дейді жалынған үнмен.


Сақалды оны тыңдайтын емес, өзін қоршаған адамдармен әңгімелесіп тұр. Олардың саны бесеу. Шығарып салушылар болса керек, сақалды оларға арақ құйып, кезекпен ұсынуда.


Күн желсіз тынық болатын. Таңғы қытымыр аяз тайганың ауасын тазартып өткендей. Бұл кезде алыстағы қыраттан көтерілген әлсіз күн шапағы анық көріне бастаған еді, өзеннің бетінде қызғылт-қоңыр рең пайда болды. Жағалаудағы мұз қабыршақтары да түсін өзгертті. Кейде сынған мұздың әлсіз сыңғыры естіліп қалады.


Кенет осы тыныштықты баржаның шыңғыра айқайлаған үні бұзып жіберді. Іле-шала старшинаның:


– Жү-ре-міз! Жолаушылар палубаға көтерілсін!– деген даусы естілді. 


Біздер, жолаушылар, траппен жоғары көтеріле бастадық. Сақалды адам қасындағы әйелмен бірге ең соңынан көтерілген еді.


– Тоқта! Кейін!..– деді старшина оның алдын кеселей бере.  


– Неге, старшина?


– Сен үшін кім төлейді?


– Кім төлейдісі қалай? Кеңсе не үшін қажет деп ойлайсыз? Менің еңбекақымнан ұстайды ғой...


– Онда сенің жолақың түгілі, бас жазатын да ештеңең жоқ... Білемін ғой сені... Арақты аздап ішу керек еді!– деген старшина оның дәл тұмсығының астынан трапты көтеріп алды.


– Дұрыс айтасың, старшина. Аздап ішу керек, мен де солай ойлаймын...– деді сақалды салмақты түрде, бейне бір старшина екеуі жәйбарақат шәй ішіп отырғандай-ақ, оны құптай сөйлеп.


– Сен қандай адамсың, өзі? Сабалақ сайтан-ау, қазір қанша арақ ішкеніңді білесің бе? Бір емес, он билетке жететін еді ғой?!


– Ия, жетер еді,– деді ол басын изеп.


– Мен де соны айтып тұрмын ғой,– старшина оған жоғарыдан төмен жақтырмай қарады,– тіпті, артылып та қалар еді... 


Старшина траптың арқанын қолына ұстап тұр. Сақалды да үнсіз күтуде. Оның қалың мұртының астынан жымиып күлгені байқалатындай ма, қалай?


– Бұл менің жеке баржам емес,– деді старшина ақталғандай болып,– Бұл мемлекеттікі, сондықтан билет алу керек... Түсінікті ме?  


– Түсінікті ғой...– деп келісті сақалды.


Старшина ашуы тарқамаған күйі трапты төмен түсіре бастаған еді, осы кезде:


– Алыңыз оны, старшина, алсаңызшы!- деген дауыстар шықты топ арасынан,– жүгі де жоқ екен өзінің... Жалғыз дорбадан жүк бола ма? 


Бұл старшинаға кері әсер етті. Ол трапты қайта көтеріп алды.


Мен старшинаның қасына келіп, білегінен ұстадым. Кеңсесі төлемейтін болса, оның жолақысын өзімнің төлейтінімді айттым.


Старшина маған қарады да, фуражкесін желкесіне қарай ысырып жіберіп, жолаушыларға:


– Көрдіңдер ме, қандай мықтының табылғанын?– деді. Сосын маған бұрылып, ашулы түрде,– сізсіз-ақ бірдеңе етерміз. Баржаны не үшін басқарып жүр деп ойлайсыз? Түсіну керек қой!– деп трапты тастап жіберді.


Сақалды әйелмен бірге жоғары көтерілді. Біз Бурлит өзенінің бойымен төмен қарай ағысты бойлай жүзе жөнелдік.


                                                             * * *


 Осы бір кемесымақта жолаушылар үшін палубаның үстіне орнатылған брезенттен жасалған тенттен басқа, қайықтың ернеуіне жағалай қойылған бірнеше ұзын отырғыштар ғана бар екен. Тент жақтан тот басқан темірдің және қақталған балықтың күлімсі иісі шығады (балықты жолаушылар алып келе жатыр).


Мен қайықтың тұмсық жағына жайғасқан едім, көп ұзамай қасыма әлгі сақалды келді.


– Бұл жақта алғаш болуыңыз ба?– деді ол менің қасыма отырып жатып.


– Ия.


– Ол жақсы жігіт,– сақалды старшинаның рубкасына қарай иегін көтерді,– бұны ол әдейі істейді... Көз қылу үшін... Мына флоттық киім қайдан?..– деді кенеттен менің үстімдегі қалың курткаға көзі салып. 


– Әскердікі ғой... Борышымды жақында ғана өтеп қайтқанмын.


– Тынық мұхитта емес пе?- ол қызыққан адамдай тез сұрақ қойды.


– Ия, Тынық мұхитта. Немене, сіз де сонда қызмет еттіңіз бе?


– Болғанмын...– деп жауап қатты ол қолымен сақалын уқалап тұрып.


Мен қалтамнан темекі сауытымды шығардым.


– Алыңыз!


Попиросқа үн-түнсіз қолын созды. Оның алақанынан металмен көп айналысқан адамдарда ғана болатын қоңыр дақтарды байқап қалдым. Біз темекі тарттық. 


– Қайда бет алып барасыз?– дедім әңгімеге қарай бейімдегім келіп.


– Еш жаққа... Құр сандалып жүрген...


– Мүмкін, жаңа жұмыс орнына шығар?– деп қайта сұрадым түсініңкіремей қалып.


– Жаңа жұмыс дейсіз бе?– ол күрсініп қойды,– бұл жақта мен үшін жаңа жұмыс жоқ. Бәрі ескі.


– Тұрақты жұмысыңыз қайда дегенім ғой... Қай жерде тұрып жатырсыз, сонда?..


– Айттым емес пе... Менде тұрақты еш нәрсе жоқ: жұмыс та, баспана да уақытша...


Ол жағалаудағы сырғып қалып бара жатқан ағаштарға қарап үнсіз тұр. Әдеміше келген бет әлпеті өте шаршаған адамның кейпін аңғартады. Аспан түстес көгілдір көздерінде мұң бар, сонымен қатар, бір нәрсені есіне түсіргісі келген адамдай, қабағын шытып ойланумен тұр.


Сәлден соң ағыстың күшейгені соншалықты, толқын баржаны ағаш жаңқасындай қақпақылдай бастады. Рөл ұстаушы рубканың сынық терезесінен сыртқа қарай анда-санда бір түкіріп қойып, темекісін тартып тұр. Бұрылыстарға және су айрықтарына келген кезде ғана штурвалды қолына алып, бізге қарай айқайлап қояды:       


– Палубада жүруді тоқтатыңдар! Отырыңдар дедім ғой сендерге!


Біз отыра қаламыз, рөл ұстаушы баржаны өзектің қыл мойнына, яғни жергілікті тілмен айтқанда «құбырға» қарай бағыттай бастайды.


Мен жағалауға қарап әңгімеге себеп боларлық бірдеңе іздегендеймін (үн-түнсіз тұра беру қандай ыңғайсыз), бірақ ондай ештеңе көзге түсер емес. Жартасқа жақын келген кезде оған тырмыса өскен шыршалар, ең биігінде жоғарғы жағын кесіп тастағандай бұлтқа сіңіп кеткен алып самырсындар көзге түседі. Тегіс жерлердің бәрінде қоңырқай түсті майда талдар өскен, бірақ олар да біркелкі емес, оталған. Кей жерлерде айқыш-ұйқыш шашылған ағаш қалдықтары жатыр, қалай болса солай кесіліп алынғандығы білініп тұр.


Кенеттен рөлдегі матростың даусы естілді:


– Сырықты қолдарыңа алыңыздар! Сарқырамаға жақындап қалдық!


Трюмнен қолында төрт ұзын сырығы бар старшина шықты. Бірінші болып сырықты сақалды адамға ұстатты, одан кейін маған берді.


– Екеуің осы жерде қалыңдар,– деді де қолындағы екі сырығымен қайықтың артқы жағына қарай беттеді.


Бұл кезде баржа биік жартастың тұсынан өтіп бара жатқан болатын. Бұған дейін бірқалыпты ағып жатқан өзен суы жартастан өту бойына күшейіп, толқын баржаның қапталын ұрғылай бастады.


Қатты ағысқа түскеннен кейін алдымыздан көпіршіген белес көрінді. Белестің арғы жағы еңіс, бұрқылдап жатқан толқынның арасынан шаншылып тұрып қалған ағаш кесінділері байқалады. Судың гүрілі қорқынышты, құлаққа жағымсыз естіледі.


Палубада отырғандар, тіпті осы уақытқа дейін бір-біріне сөз бермей келе жатқан әйелдерге дейін, тым-тырыс бола қалды. Торғайларға ұқсап біріне-бірі тығыла ұйлығысып қалған. Старшинаның берген белгісі бойынша біз сырығымызды жоғары көтеріп дайындала бастадық.


Рөлдегі матрос:


– Оң жағалауға қарай!– деп айқай салды.


Біз сырықты сол жағалауға тіреп, бар күшімізбен итеріп жатырмыз. Баржа сәл іркілгендей болды да, оң жағына қарай ығыса бастады.


– Евгений, фарватер бойынша ұста!– деп айқайлады старшина.


– Құп, фарватер бойынша ұстаймын!


Осылай жауап қатқан сақалды қолындағы сырықпен старшина айтқан бағытқа қарай қозғауға кірісті.


Ағыстың дыбысы енді баржаның астынан естіле бастады. Айналамызда қойтастар мен шөгіп қалған ағаш сынықтарынан пайда болған бұрқақ су көбік шашуда. Кей жерлерде иірімдер байқалады. Баржа осы кедергілерден айналып өтуге тырысып, арасынан бұлтақтай өтіп, барын салып келеді. Ұзамай өзеннің арнасы кеңейіп сала берді. Толқын бәсеңсіп, ағыс баяулай бастады. Қайық енді өзеннің қалыпты ағысына түскендей болды. 


– Аяқталды! – Старшина жеңілденгендей айқай салды.


– Қызметтеріңіз үшін рахмет,– деді ол біздің қасымызға келіп, қолымыздағы сырықтарды алып жатып.


Біз үлкен жұмыс бітіргендей, бұрынғы орнымызға қайта жайғасып, темекі тарта бастадық. Тенттің астынан әйелдердің дауыстары қайтадан естіле бастады.


– Өзеннің ағысы қандай қатты, мүлт кетсең біткенің...


– Өзен де адам сияқты немесе адам да өзен сияқты,– деді сақалды,– өз мақсатыңа жеткің келеді, бір жағалаудан екінші жағалауға ұмтыласың, фарватеріңді дұрыс ұстауға тырысасың... Ұстай алмасаң, иірім тартып кеткенін байқамай да қаласың. Суға батып кетіп, шіріп жатқан ағаш қалдықтарын көрдіңіз бе? Бір кезде олар да тірі ағаш болған, олар да жағалауда сәнденіп өсіп тұрған.


– Ия, ия!– мен оны ықыластана құптай кеттім,– бұндай жағдайлар адамдарда да кездесіп жатады... Сіз бұл жерде көптен тұрасыз ба?


– Біршама уақыт...


– Сіздің басыңыздан қандай да бір,..- мен «қызықты оқиға» деп айтып қала жаздап, уақытында тоқтап үлгірдім (оған бұлай айту өте ыңғайсыз болар еді),– есте қаларлықтай, әрине, жұмыс жағдайына байланысты, оқиға өткен жоқ па?


– Неше түрлісі болды ғой...– ол қолындағы темекі тұқылын борттан асыра шертіп жіберді. Сосын бұрқырай ағып жатқан өзенге қарап, ойланып тұрып қалды. Мені, тіпті, ұмытып кеткендей.


Ақылды адамға тән көз қарасы мен сөйлеген сөзі үстіндегі киген киіміне сәйкес келмейтін осы адаммен үзілген әңгімені мен қалай жалғастыруды білмей тұрмын...


                                                           * * *


Баржа жағалауға жақындап келіп, ағаш кесушілер тастап кеткен қыстаққа тұмсығын тіреді. Оның сыртқы түрінің біз шыққан қыстақтан ешқандай айырмасы жоқ еді: сондағыдай ағаштан тұрғызылған үйлер, сондағыдай тақтайдан соққан ұстахана, бірінен бірі аумайтын ұзындау келген аласа барактар... Бұнда ұстаханадан шығып жатқан қою түтін сезілмейді. Терезелері сыпырылып алынған барактар (олардың орындары үңірейіп қорқынышты көрінеді) және жартылай құлап жатқан сарайлар; айнала тым-тырыс; көшеде адам да көрінбейді, тек әр жерден шығып жатқан сирек түтіндер ғана қыстақта тұрғындар бар екенін білдіргендей. 


– Қандай қайғылы және поэзияға лайықты көрініс?– дедім мен көршіме қыстақты нұсқап тұрып.


–  Жоқ, бұл адам төзгісіз көрініс!– деді ол бірден. 


– Амалдың жоқтығынан болар,– деп мен жұмсақ қана қарсылық білдірдім,– айналасындағы ағаштар кесіліп алынғаннан кейін ағаш кесушілер басқа жаққа көшіп кеткен ғой... Қыстақтың енді қажеті болмай қалған шығар?


– Қыстақты қалдырып кетпей, ағаш кесетін жерге дейін жіңішке темір жол тартуға болмас па еді? Сонда қыстақты уақытша емес, тұрақты етіп салуға болар еді. Жұмысшылар барактан баракка көшіп жүрмей, адам сияқты өмір сүрулері үшін қыстақты солай етіп салу керек!– ол тіпті айқайлап жіберді,– Поэзия!.. Қайдағы поэзия! Бұл дегеніңіз бассыздық қой! Сығандардың тірлігі! Бұл қыстақты екі жыл бұрын қалдырып кеткен еді, енді екі жылдан соң қазіргі қыстақты қалдырып кетеді. Осылай жалғаса береді. Миллиондарды желге шашып жатырмыз! Қаншама қаржы ысырап болуда! Бұның неге ұқсайтынын білесіз бе? Бұл тесік шелекпен су тасығанмен бірдей. Мінеки, сіздің поэзияңыздың түрі! Сіз, немене, өлең жазасыз ба?– деп кекете сұрақ қойды ол.


Шынымды айтсам, бұндай сөздерді күтпеген едім. Абайсызда оның жанды жеріне тиіп кеттім бе деп ойлап, жәймен қана:


– Мен газетте істеймін, сондықтан бұның қай жері ысырап екенін түсіне алмай тұрмын. Сіз неге ашуланасыз, мен бұл жердікі емеспін, пайда-зиянын да есептеп көрген жоқпын,– дедім.


– Мәселе тек зиянында ғана емес,– ол қабағын шыта сөйледі,– Адамдардың қалай қиналып жатқанын білесіз бе? Орман ше? Орманды не істеп жатыр?- Ол сиреп қалған ағаштарды көрсетті,– Қараңыз! Таңдап кесіп алған да, басқасын қалдырып кеткен... Керегін алған, керек емесін бүлдіріп кеткен! Енді бұл жерге жүз жылға дейін ештеңе өспейді. Орман да емес, дала да емес... Жаттың дүниесін жайпағандай емес пе? Бізден кейін мейлі, жер бетін топан су бассын дегендей ғой! 


- Енді түсіндім... Сіздің айтқаныңызбен келісуге тура келеді.


Ол менің қолымнан ұстап жәйлап қана қысып қойды. Сосын сырмағының түймесін ағытып, қойнынан жарты литрлік шиша шығарды. Сәл кекештене:


– Бас тартпаңыз, мүмкін, бұл менің ең соңғы ішуім болар,– деді.


– Соңғысы қалай?


– Солай! Егер тыңдағыңыз келсе сізге басымнан өткен кейбір жайларды айтып бере аламын. Бірақ, алдымен, мынадан ауыз тиелік.


Мен қарсы болғаным жоқ.


– Міне, бұныңыз дұрыс!– сақалды көңілденіп кетті,– неге екенін білмеймін, сіз маған бірден ұнадыңыз. Эх, достым! Тынық мұхитта қызмет етіпсіз ғой, мен де сол жақта болғанмын... Варька, балықты әкел!- ол серігіне көңілдене айқай салды.


– Ал енді дұрыстап танысалық,- қолын ұсынып, атын атады,- Евгений Силаев.


Өз кезегімде мен де аты-жөнімді айттым.


Варя қақталған балық пен пластмассадан жасалған екі стакан әкеліп қойды.


Евгений алдымен Варяға құйды. Ол арақты шімірікпестен ішіп салды. Көзі перламутр түстес, тәмпіш мұрынды әйелдің бет кескіні сұстылау және көңілсіздеу болып көрінді. Балықтың кесілген бөлігін қолына алған ол тенттің астына қарай кетіп қалды.


Балық иленбеген қайыстай қатты екен. Силаев тісімен айыра отырып бірнеше бөлікке бөлді. Сосын әңгімесін бастады.


– Енді, тыңдаңыз, достым. Бұл бұдан төрт жыл бұрын болған оқиға. Оның алдында флотта болғанмын - жапондармен соғыстым, кейін бес жыл әскери қызметте болдым, ақыр соңында Мәскеу түбіндегі туған қалама қайтып оралдым. Әскерге дейін механикалық зауытта слесарь болып жұмыс істегенмін, қайтадан сол мамандығым бойынша істегім келді. Ия...– ол қалтасынан папиросын іздеді, бірақ таба алмады,– ия, менде папирос жоқ екені есімнен шығып кетіпті ғой...


Менің қорабымнан алып тұтатты.


– Эх, достым! Туған көшеммен келе жатып мен қалай қуандым десеңізші! Көше бойында өскен кез-келген ағашпен, тіпті телеграф бағанасымен де қол беріп амандасуға дайын едім. Біздің көше тып-тыныш болатын, жағалай теректер мен акациялар егілген, гүлзарлармен көмкерілген, сондай әсем! Осы көшеде мен он тоғыз жыл өмір сүрдім, сондықтан қаланың кез-келген жерінен өз үйімді көзімді жұмып отырып тауып барар едім. Бірақ менің үйім жоқ болатын. Дұрысын айтқанда бар, бірақ онда басқа жанұя тұрып жатқан еді. Әкем соғыста қаза тапты, шешем соғыс кезінде қайтыс болды... Мен тіптен қонақүйден орын алып та қойғанмын, бірақ үйімді көргім келді, сол жаққа тартты да тұрды. Ол кезде осы серуеннің өмірімді күрт өзгертіп жіберетінін білгенім жоқ...


Ол әңгімесін үзіп, саусағымен уқалай отырып, сөнген попиросын қайта тұтатты. Осы аралықта жанары мол көкшіл көздері бір нүктеге қадала қарап, еш қозғалыссыз қалған еді. Айтайын деген ойын ұмытып қалды ма, әлде басқа бір нәрсені ойлап отыр ма, түсіну қиын.


– Қазіргідей есімде,– деп ол қайта жалғастырды,– үйдің қасына келіп ойланып тұрмын: кірсем бе екен, кірмесем бе екен? Кіргенде не деймін? Үй зауыттікі, ал жаңа қожайындарды танымаймын... Біздің дүние-мүлкіміздің бәрін әкемнің қарындасы алып кеткен болатын... Тек менің гармоным ғана қалған еді... Жаңа қожайын гармонда ойнай білетін көрінеді, сондықтан уақытша пайдалана тұруға сұрап алып қалыпты - апайым осылай деп жазған болатын. Қазір ол гармонь да қалмаған шығар? Оның үстіне чемоданмен кіру тіпті ыңғайсыз, тұру үшін келген екен деп ойлап қалулары мүмкін ғой? (Бірақ заң бойынша менің бұл үйде тұруға құқым бар болатын). Мен бұрылып кете бермек едім, ауладан бір дәу ит маған қарай арсылдай ұмтылды. Долылығы сондай, есік ашылып кетсе, мені бас салуға дайын. Осы кезде үйден: «Шарик, қайт!» – деген дауыс естілді.


Іле-шала ауладан сары шашты, бойшаң келген сымбатты қыз шығып, итті ішке қарай қууға кірісті. Осы аралықта мен қызға қарап үлгірдім - бірден ұнады. Қайратты екен – итті қарғыбауынан ұстап алып бес-алты метр жерге сүйреп апарды.


– Кет әрі, ақымақ! Үре берме,– дейді,– түнде маған жігіттер келгенде ғана үрерсің...


Иті ақылды екен, кейін шегініп, үйшігіне қарай кетіп қалды.


Менің күлкім келіп тұр.


– Жігіттеріңіз көп пе?– деп сұрадым қыздан.


– Қанша болса да өзімдікі,– дейді,– сіз апайыма, Ольгаға келдіңіз бе? Ой, қолыңызда чемоданыңыз бар екен ғой! Бұл жақтікі емессіз бе? Әлде туысқансыз ба?– Осылайша сұрақтарды жаудырып жатыр. Мен қолымды шекеме қойып, өзімді таныстырдым:


– Әскери қызметін өтеп келген бұрынғы старшина Евгений Силаев боламын.


Ол да қолын маңдайына апарып, пионерше салют берді:


– Косолапова - пионер ұйымының бұрынғы жетекшісімін.


Сосын мұрнын кіржитіп, тілін шығарды.


Қыз әдемі еді, өзіне осы қылықтарының бәрі жарасып тұрды. Тұлабойы станокта жонып жасалғандай - тал шыбықтай бұралған дене бітімі, тығыз да серпімді аяқ-қолдары, сарафан көйлектен көрініп тұрған жұп-жұмыр иығы – қарасаң көзіңді ала алмайсың! Жасы сол кезде он сегізде болатын. Ия...


Есіктің алдында не істерімді білмей тұрмын - жағдайым мәз емес - келген себебімді қалай түсіндірсем екен?


Ол болса:


– Айтсаңызшы, неге келдіңіз?– деп қояр емес.


– Гармонымды алуға келіп едім...


– Қандай гармонь?


– Бұрын осы үйде тұрғанбыз, шешем осында қайтыс болған...


Осы кезде түсінді ғой деймін:


– Ах, солай ма! Яғни сіз әскерден оралдыңыз ғой?- деді.


– Ия, әскерден.


– Енді қайда бармақшысыз?


– Әзірше қонақүйде тұрмақпын, кейін пәтерге шығармын...


– А-а! Онда ішке кіріңіз,– деп үйіне шақырды.


Мен ойланып та үлгіргенім жоқ, қолымдағы чемоданды алып, үйге қарай бастай жөнелді.


Кенеттен қалт тұра қалып қолын созды:


– Ната! Мені үйде бәрі осылай атайды. Сіз де осылай атаңыз.


Біз осылай танысқан едік, достым. Оның да қуанғаны көрініп тұрды, ол тіптен мұнысын жасырған да жоқ. Аулаға кірген соң бау жаққа қарай қолын сілтеп:


– Таныдыңыз ба?– деді.


– Өзгеріп кетіпті,– дедім мен.


– Ах, солай екен ғой... Мен айтуды ұмытып кетіппін!– ол сақылдап күліп алды,- бұрын аулада пайдасы жоқ теректер мен акациялар өсіп тұрған еді, біз оларды кесіп тастадық. Міне, қараңыз, алма мен алмұрттар жайқалып тұр. Арасында көкөніс те бар... Пайдалы емес пе?


Ауланың ішін көзіммен тез шолып шықтым. Байқағаным, бәрі де өзгеріп кеткен екен. Биік өскен сирень, терек, акация ағаштарының орнын аласа жеміс ағаштары басыпты. Бұрынғы гүлзардың орнынан енді қызанақ мен қияр егілген атыздар көрінеді. Ағашқа малынып тұрған қызыл шатырлы үйіміз оңашаланып, бір түрлі жетімсіреп қалғандай көрінді. Тағы бір өзгерістің бары байқалады - үйдің қапталына жапсыра сарай салыныпты, одан сиырдың мөңіреген даусы естілді.


Акация ағаштары мен гүлзарларды отап тастағаннан ба, әлде үйде басқа қожайындардың тұрып жатқандығынан ба, білмеймін, мені біртүрлі көңілсіздік басқандай болды. Осы көңіл-күйімді байқаған ол:


– Өкінбеңіз,– деді,– акацияның гүлдері жеуге жарамайды ғой, ауланың ішін бүлдіргеннен басқа не пайдасы бар?


Бұл сөзді мен әлі ұмытқаным жоқ, себебі осы сөз менің жүрегімді пышақпен осып өткендей болды. Менің сол кезде-ақ шығып кетуім керек еді, бірақ неге екенін білмеймін, енесін көрген бұзаудай болып тұрып алдым...


Ол тағы үнсіз қалды. Тайганың ұшы-қиырсыз қыраттарына тесіле қарап, қозғалмастан тұр.


Оның осы тұрысы айтып отырған оқиғасының мерзімінен алға озып кетіп, әңгімесінің арқауын қолынан шығарып алған, енді соны қалай табарын білмей тұрған адамдай еді.


– Мүмкін темекі тартарсыз?– дедім.


– Жоқ,– ол маған қарай жүзін бұрды,– одан да келіңіз, тағы бір рет ішіп жіберелік!


Менің келісімімді күтпестен стакандарға арақ құя бастады. Оның қолында сәл де болса діріл барын байқап қалдым.


– Аулада егілген қызанақ пен қиярлар сізге неліктен ұнамай қалды?- деп сұрадым мен Силаевтан.


– Сайтаным білген бе?! Шынымды айтсам, маған ұнамағаны өзім өсірген сирень ағаштарын кесіп тастап, орнына әлгілерді отырғызғаны болды-ау деймін.


– Есіңізде болар, ол қандай кезең еді! Магазиндерде ештеңе жоқ болатын, барлығын да базардан аласың. Ал базардағы баға қандай?! Тек мәскеуліктер мен ленинградтықтар ғана дүкеннің рахатын көрді ғой,– дедім мен.


– Соны ойлап жатты дейсіз бе? Соғыстан кейін әскерде болдым, онда ешқандай таршылық көргенім жоқ. Сіз әскери қызметте қай жерде болдыңыз?


– Владивостокте инженер болдым. Темір-бетон зауыттарын салдық, теңіз порттарын тұрғыздық, тағы сол сияқты жұмыстар...


– Сіз жағалауда жұмыс істеген екенсіз, яғни дүкен мен базардың жағдайын жақсы білесіз... Ал мен ашық теңізде болдым. «Дайын асқа тік қасық!». Тамақты офицерлердің кают-компаниясынан ішетінбіз. Ақша да болды. Владивостокке келеміз, қыз-қырқындармен ресторандарда сауық-сайран саламыз. Басқа не істемекпіз? Біздер - әскери теңізшілер - құдайдың кенже ұлындай болдық қой, достым. Басқа адамдардың қалай өмір сүріп жатқанымен шаруамыз болған жоқ. Дегенмен біздің де өз ұстанымымыз болды! Оһо, болғанда қандай! Біздің мақсат сапта түзу тұру, тәртіпті бұзбау және бұйрықты бұлжытпай орындау еді. Ал берілген бұйрық қандай? Ол жалқауланбау, сонымен бірге Отан алдындағы борышыңды адал атқару болатын. Біз адал қызмет еттік және сонымызды мақтан тұттық! Ал әскерден босап, бейбіт өмірге араласа бастаған кезімізде, иіс ала алмаған итше не істерімізді білмей қалдық. Бейбіт өмір мүлдем басқаша болып шықты. Тәртіп пен заңға қайшы келетін істерді көргенде (біздерше, уставқа) келіскіміз келмеді, тіпті қарсы да шықтық, тістесуге дейін бардық. Тісімізді сындырып алған кезіміз де болды... Бізді ешкім аяған жоқ... – ол темекі тартқысы келіп қалтасын қаққан еді, бұл жолы да ештеңе таба алмады, сосын құюлы тұрған стакандарға көзі түсіп, қолына алды,– Ал, кәні, алып қоялық...


Стаканын соғыстырып арақты өңешіне құя салды. Аузын дөңгелете, демін сыртқа бір-ақ шығарды.


                                                           * * *


– Біз осылай танысқан едік,– деп жалғастырды әңгімесін балықтан бір үзіп алып аузына салғаннан кейін,– анасы бізді ауызғы бөлмеде күтіп алды. Толықша келген салмақты әйел маған алғашқыда мейрімді де сыпайы болып көрінді. Аты-жөні Марфа Николаевна екен.


– Мен қонақ әкеле жатырмын,– деді Наташа көңілді түрде,– бұл Женя Силаев.


– Әкем-ау!– Марфа Николаевна алақанын соғып таң қалып жатыр,– Иван Силаевтың ұлы ма? Әскерден келіп те қалдың ба?


Кенет ол бетін алжапқышының етегімен басып, жылап алды.


– Өтіңіз үйге, кіріңіз,– деді сосын көзінің жасын сүртіп тұрып.


Үйге кіргеннен кейін Николаевна қожайынының (ол күйеуін осылай атады) зауыт комитетінің төрағасы болғанын (мен есіме енді түсірдім, маңғаз келген мұртты адам болатын), менің анам қайтыс болғаннан кейін зауыттың шешімімен осында көшіп келгендерін, қожайынның қайтыс болғанын айтып жатыр. Жалпы айтқанда жастар өседі... қарттар өтеді... бәрі өмірдің заңы ғой дегендей. 


Осының бәрін айтып тұрып арасында маған сұрақ та қояды, сосын басын қайғыра шайқап әңгімесін қайта жалғастырады. Мен, шынымды айтсам, жалыға бастағандай едім. Наташа осыны түсінді–ау деймін, көмекке келді.


– Мама, саған не болды? Жол жүріп шаршап келген адамға демалыс берсеңші!


Осылай деп мені бөлмесіне қарай сүйрей жөнелді.


– Женя, бұл менің бөлмем! Орналаса беріңіз, ешқандай қарсылық болмасын.


Менің шынында да қарсыласқым келген еді, ол аяғымен жер тепкілеп тұрып алды.


– Ұнамады ма?– деп айқай салды,– Немене, менің бөлмем саған ұнамай тұр ма!


Оған бұл бөлменің бұрынғы менің бөлмем екенін айтқан кезімде, неге екені белгісіз, ол кенеттен басыла қалды. Сосын маған тіпті басқа кейіппен көз салды. Оның осы көқарасынан-ақ арамызда бір нәрсенің боларын сезгендей едім. Мүмкін ол да осыны байқаған болар? Ағаш құлар алдында сезетін көрінеді ғой – тіпті желді күні де жапырақтары қозғалмай қалады екен... Бұның бәрі мистика, әрине! Шынына келсек, Наташа мені жетім деп аяған болу керек. Мүмкін әкесі есіне түсті ме, кім білсін, әйтеуір бөлмеден естияр адамдай салмақты кейіппен шықты.  


Мен айналама көз салдым. Қыздың бөлмесі кәдімгі бөлмелердей - төсек үстінде оюлы шілтерлері бар жапқыш пен жастық жатыр. Бұрышта үшбұрышты кішкене стол, үстінде қыздарға лайық әртүрлі майда-шүйде заттар, киноактрисалардың фотосуреттері жапсырылған альбом, тағы сол сияқтылар...


Кенеттен есік ашылды. Бөлмеге Марфа Николаевна келіп кірді. Қолында гармоным бар, ыстық сорпа әкеле жатқандай екі қолымен абайлап ұстап алыпты. Қасыма келді де: «Міне, сақтап қойғанбыз»– деді.


Гармонымның даусы зор болатын, тіпті баянды да басып кететін еді. Қазір есімде жоқ, кезінде неше түрлі әндерді ойнайтынмын. Гармонды маған беріп жатып Николаевна тағы қамығып алды.


Ауызғы бөлмеге шығып жуынын жатқанда ас бөлмедегі Марфа Николаевнаның даусын естідім:


– Әскерге кеткенде жап-жас еді, соның өзінде ортанқолдай слесарь болатын. Шамасы, пысық жігіт болса керек.


– Сен, немене, күмәнданып па едің?– деді Наташа анасына құдды «әлі ұйықтаған жоқсың ба?» дегендей үнмен. «Осы кездесудің аяғы немен тынар екен?» деген ой миымды тағы бір шарпып өткен еді.


Ертеңіне зауытқа бардым. Кадр бөлімінің бастығы жылы қабылдады. «Біз,– дейді,– сенімді кадрларды құшақ жая қарсы аламыз, тек пәтер жағы қиындау болып тұр».


Сосын сәл ойланып тұрып былай деді: «Косолапова Марфа келген еді, мен онымен сөйлестім... Ол бір бөлмесін босатып беруге қарсы емес, бұған қалай қарайсыз?».


Мен келістім. Кадр бөлімінің бастығы қуанып кетті. Ертеңіне жұмысқа шығатын болдым.


Жұмыс жайлы айтып жатқым келмейді, онда бәрі ойдағыдай жүріп жатты. Күн сайын жұмыстан кейін үйге асығатынмын. Наташа екеуміз кейде бақша суғарамыз, кейде көкөністің түбін қопсытамыз немесе киноға барамыз. Бірақ бұның барлығы күннің жарық кезінде ғана. Қалай қараңғы түсе бастайды, Марфа Николаевнаның даусы естіледі:


– Наташа, үйге кір!


Кеш түсе олар түбіт орамал тоқиды. Өнімдерін күзде сата бастайды. Бұдан әжептәуір пайда табатын еді. Олар табыс табудың түрлі жолдарын білетін: орамалдан да, бақшадан да, сүттен де... Молшылықта өмір сүруге үйренген адамдар болатын. Мүмкін ауылдан шыққандықтан болар? Өмір бойы қалада өскен, жұмысшы жанұясынан шығып, зауытта жұмыс істеген маған олардың бұл тірлігі ұнамайтын еді.


– Сонда, анықтап айтқанда, қай жері ұнамады?– деп сұрадым Силаевтан.


– Барлығы да! Бізде қалай болушы еді - жұмысыңды аяқтасаң, қайда барсаң онда бар! Кім сыраханаға барады, кім аулада домино ойнайды, кім паркте қадырады... ерік өзінде. Тіпті доп ойнап, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыссаң да мейлі. Одан қалды, кеш түсе қыздармен биге шығасың, гармонмен ән саласың... Бұрын қалада үш би алаңы болатын, тіпті қай жерде гармонь ойналса сол жерде би билене беруші еді. Қазір ше? Бүкіл қалада бір ғана би алаңы қалыпты, спорт алаңын арамшөп басып кеткен, онда балалар карта ойнайды. Бұрын адамдар жиналып алып қуанышын да қайғысын да ортаға салатын, іштеріндегісін сыртқа шығаратын еді. Мәселені бірлесіп шешетін. Қазір сондай ауызбіршілік бар ма? Кездесе қалған жағдайдың өзінде бірінің сыртынан екіншісі әңгіме айтады, тіпті аяғы ұрыс-керіспен бітіп жатады.


– Сіз сәл артық кеткен сияқтысыз...


– Мені мас болып қалды деп ойлайсыз ба?


– Жоқ... Газетшілер айтатындай, бояуын қоюлатып тұрсыз ба дегенім ғой.


– Менің орнымда болсаңыз, сіз де осылай сайраған болар едіңіз.


Силаев стаканға арақ құйды, сосын мені күтпестен ішіп салды.


 


                                                      * * *


 


– Ия... Күннен күнге Наташамен арамыз жақындай түсті. Ұмытып барады екенмін, Наташаның Оля атты апасы болды. Жүріс-тұрысы да, мінезі де айнымаған шешесі еді. Толықтау келген, жұрт айтқандай отырып қалған қыз болатын. Бір мекемеде есепші болып жұмыс істеді. Оляның ізіне Игорь Чесноковтың түсіп жүргенін білдім. Чесноковпен құрдас болатынбыз, кешкі мектепте бірге оқыған едік. Игорь қазір зауытта жабдықтау бөлімінің бастығы екен, жұрттың бәрі оны «біздің Чеснок» деп атайтын болыпты. Марфа Николаевна ол дегенде ішкен асын жерге қояды, кейде тіпті «менің сүйікті күйеу балам» деп отыратыны бар. Зауытқа оралғалы оны көрмеген едім. Шынымды айтсам, іздемеген де едім.


Бір күні үйде қауырт жұмыс басталып кетті. «Игорь келеді!». Марфа Николаевна мен Ольга үйдің ішін тазалап, есік-терезелерді сүртіп, терезенің жапқыштарын ауыстырып... әлекке түсті де қалды. Ольганың керуеті қойылған бөлмені ерекше дайындады - жаңа төсек жапқыштар, крахмалданған дастархандар, сүлгілерге дейін жаңартылып жатыр...


Наташа оларды күлкі етумен жүр. «Женя,- дейді маған қарап,- бізде бүгін мейрам - «Чесноковтың келуі» деп аталады».


Кеш түсті. Қыздар үлкен бөлмеге кіріп үсті-бастарын реттеуге кірісті. Бөлмемнің есігі сәл ашық тұрған еді, дауыстары естіліп жатты. Наташа түрлі әңгімелер айтып, апасын күлкі етуін әлі қояр емес. Оля оған жауап қатпайды. Кенет Наташаның даусы шықты.


– Ой, Оля, қарашы! Сенің «жабдықтаушың» келе жатыр! Жаңа костюм киіп алған, сондай маңғаз...


– Қызғанып тұрсың ба?– деді Оля жайбарақат түрде.


– Айтады екенсің! Қызғанатындай бірдеңесі болса екен-ау! Егер қызыққан болсам, әлдеқашан қаратып аллар едім ғой. Көзімді қысып қалсам болды, қасыма жетіп келер еді. Бірақ ол маған ұнамайды...


– Саған жолақ мәйкелі жолбарыс та болады ғой,- деп жауап қатты Оля. Шамасы, мені меңзеді-ау деймін.


Осы кезде Чесноков келіп кірді. Наташа бөлменің қабырғасын ұрып маған белгі берді. Бөлмемнен шықтым. Екеуміз ескі таныстардай амандастақ. Ол қатты өзгерген екен. Бұрын жіңішке және арық болатын. Өте пысық еді - ұстаған жерінен айрылмай, кенеше қадалатын.  Мектепте де, зауытта да оны «Ошаған» деп атайтынбыз. Қазір толығыпты, екі беті алмадай болып бұлтиып кеткен.


Наташа қасымызға келіп, таң қалғандай түрмен маған қарады:


– Сіз менің бұрынғы жігітіммен таныс па едіңіз?


Чесноков қызарып кетті, сосын сабырлы түрде:


– Мен ешуақытта «бұрынғы» болған емеспін,– деп жауап қайтарды.


– Болмасаң, енді боласың!– деді Наташа екпінімен.


Чесноков та сөзден қалысқан жоқ:


– Жақсы, онда кезекке жазып қоярсың.


Ольга күлген болып тұр. Мен, шынымды айтсам, ыңғайсыз жағдайда қалған едім. Наташа осы кезде екеумізді қолымыздан ұстап далаға алып шықты да:


– Саябаққа кеттік!- деді.


Баққа барғасын қайыққа отырып, жарысуға кірістік. Наташа екеуміз бір қайыққа міндік. Чесноковты мен мұндай ескекші деп ойлаған жоқ едім, жақсы еседі екен. Көпке дейін екі қайық қатар жүзумен болды. Сәлден соң мен қайықты басқа бағытқа қарай бұрдым, біз айырылысып кеттік.


Наташа көңілді. Қайық үстінде тікесінен тік тұр, қолын сілтеп қойып, айқайлаумен келеді. Бір кезде қайық жағаға келіп тірелген еді, Наташа екпінімен үстіме құлап түсті. Мен оны құшақтадым да... ернінен сүйіп алдым. Ол еш қарсылық көрсеткен жоқ, тек жәймен ғана:


 – Осылай боларын білген едім,– деді.


Құшақтасып отырған кезімізде кенеттен біздің қайығымызға басқа бір қайық келіп соқтығысты. Біз тіпті суға құлап кетуге аз-ақ қалдық. Бұрылып қарағанда мен Чесноковты көрдім: ол қып-қызыл болып, жарылардай қатты ашуланып тұр екен.


– Біз... сіздерге... кедергі жасадық-ау деймін..,– деді ентігін баса алмай. Наташа болса: «Ешқандай да! Сіздер де сүйісе беріңіздер»- деп қояды.


– Өзіміз білеміз..,– деп тісінің арасынан сыздықтай сөйлеген Чесноков қайығын бұрып алды. Сосын ескекке бар күшін салып есе бастады. Ольганың жыларман күйде тұрғанын байқадым, бірақ не себептен екенін білгенім жоқ.


– Чесноков неге соншалықты ашулы?– деп сұрадым Наташадан.


– Сағатын суға түсіріп алған шығар...


Сәлден кейін Чесноковты да, басқа дүниені де ұмыттық. Осылайша, бақтың қалың өскен ағаштарының арасында, түннің бір уағына дейін серуен құрдық. Бір кезде қарауылдардың ысқырығы естілді - бұл уақыттың болғандығын, енді бақтан шығу керек екендігін ескерткен белгі еді. Біз ең соңынан шықтық. Әлі есімде, көпірге жақын келген кезімізде Наташа: «Көпірмен өткім келмейді, жүзіп өтемін!»– деп айқайлап, төмен қарай жүгіре жөнелді. Сол бойымен суға қойып кетті. Ізінен киімшең мен де сүңгідім, тіпті, аяқкиімімді де шешкенім жоқ. Ия, осылай болған еді, достым...


Ол стакандарға арақ құйды, мені күтпестен сіміріп салды. Сосын қайта жалғастырды.


– Үйге түн ортасы ауа келдік. Ауызғы бөлмеде Ольганы кездестірдім. Оған не айтқаным есімде жоқ, ол маған көзінің астымен қарады да өтіп кетті. Ішке кіргеннен кейін бөлме маған қапырық болып көрінді. Терезені айқара ашып тастадым. Көпке дейін ұйқым келген жоқ. Наташа да осындай күйде болса керек, сәлден соң оның бөлмесінің есігі ашылғанын байқадым. Нық қадаммен тез-тез басып (ол екеніне күмәнім болған жоқ) Наташа далаға шықты. Мен терезеден секіріп түскім келген еді, бірақ осы кезде оның біреумен сөйлескенін естіп қалдым. Кім дейсіз ғой? Бұл Чесноков еді! Маған дауыс анық естіліп тұрды.


Алғашқыда Наташаның қорыққан даусы шықты:


– Ой, бұл кім?!


– Мен ғой... Игорь,– деді Чесноков.


– Саған не керек? Сен апама келдің бе?


– Жоқ... Мен саған келдім... Мені тыңдашы...– ол тұттыға, тездете сөйлей бастады,– Мен Ольгаға келіп жүргенім жоқ, мен саған... яғни, ол арқылы саған... түсінікті ме?


– Ештеңеге түсініп тұрғаным жоқ.


Чесноков оны көптен бері сүйетінін, осы уақытқа дейін ойын жеткізе алмай жүргенін, батылы бармағанын... тағы басқаларды айта бастады.


Шынын айтуым керек, осы кезде менің Чесноковты тұмсықтан періп жібергім-ақ келген еді, бірақ өзімді-өзім ұстадым - қыздың не жауап қайтаратынын білгім келді.


Шамасы оның құшақтағысы келген болу керек, Наташа: «Болды енді!»– деп қатты айқайлап жіберді. Өзі қаламаса Наташаның оңайлықпен берілмейтіні маған белгілі еді. Сенесің бе, достым, тап осы кезде мен минаға тап болған сапердей күй кештім: алдында қобалжып қалған едім, тіпті тер де шығып кеткен еді; кейін көңлім орнына түсейін деді - жеңілденіп сала бердім. 


 Кенет Чесноков «сеннен» «сізге» көшті:


– Сізден бір ғана нәрсені өтінемін: асықпаңыз. Күйеуге шығуға асықпаңыз...


– Мен ешкімнен кеңес сұрағаным жоқ!


– Түсінемін... Қазір сіздің басыңыз айналып, көзіңіз ешнәрсені көрер емес. Уақыт өтеді, сосын бәрін түсінетін боласыз. Кім ол? Бар болғаны қарапайым жұмысшы... Ал сіз әдемісіз, әсемсіз, ақылдысыз!


– Сонда маған сен лайықсың ба?– Наташаның даусынан кекесін білінді.


Чесноков әлі қояр емес:


– Сенің басқаша өмір сүруің керек, Наташа! Сен басқаша жаратылған жансың... – абыржығаннан болар, ол қайтадан «сен» деп сөйледі.


– Өз тағдырымды өзім шеше алатын шығармын...– деді Наташа оның сөзін бөліп. Бірақ бұл жолы кекесін емес, ойлы кейіппен айтты.


– Өзің білесің...– деді Чесноков,– есіңде болсын, сен қандай шешім қабылдасаң да, мен сені сүйетін боламын және күтемін!


– Олай болса... күтіңіз!– Наташа күлді,– қолға түспес сағымды,– деп қосып қойды.


Сосын баспалдақпен көтеріліп бара жатқан аяқ дыбысы естілді.


– Қайырлы түн,– деді Чесноков мұңайған дауыспен.


– Жақсы ұйықтауыңызға тілектеспін, егер ұйықтай алсаңыз...– деді есікті аша беріп Наташа.


Оның есікті жапқаны естілді, осыдан кейін тыныштық орнады.


                                                       * * *


Түнімен ұйықтай алмай шықтым. «Істеген жұмысына қарай адамдардың арасында қалайша айырма болуға тиісті? Мен жұмысшы екенмін, ол фон-барон ба сонда! Жо-оқ, достым, мен әлі саған кім екенімді көрсетемін!»


Біз зауытта жұмыс істей жүріп кешкі мектепте оқығанбыз. Соғыстың алды болатын. Өмір қызықты еді: жұмысқа да, сабаққа да бару керек;  футболға да, киноға да үлгіру керек; баратын жер аз ба... әйтеуір, уақыт жетпей жататын. Кейде табан астынан қоғамдық жұмыстар да шығып қалады: жиналыс болады немесе бірдемені бәріне хабарлау керек  болады, болмаса, тіпті, жарнапұл жинау керек деген сияқты... Осындай кездері Чесноковтен ыңғайлы адам жоқ еді, ол қай кезде болмасын дайын тұратын. Жақсы оқыған жоқ, бірақ адамдармен тіл табысқыш еді. Әр нәрсеге әуесқой болатын. Кіріспейтін жерге кірісіп кетеді, тұмсығын тықпайтын жері жоқ, осы қылығы үшін талай рет таяқ жегені де бар. Ал жиналыста... ол, енді, жанып кететін! Сөзге шешен еді. Көптің алдына шығып алып: «...жауыз империалистер ман фашистерді құрту үшін біз бір кісідей ат салысуымыз керек..», «жұмылған жұдырықтай бірігуіміз керек...», тағы басқа осы сияқты жиналыстарда айтылуы тиісті сөздерді шұбыртып ала жөнелетін. Бұл да өнер ғой! Жастардың арасындағы белсендісі есебінде оны зауыт комитетіне мүшелікке енгіздік. Біз соғысқа аттанғанда ол бронь бойынша зауытта қалған болатын. Соғыс біткенге дейін жабдықтаушылардың курсын бітіріп алыпты. Қазір әжептәуір қызмет істеп жүр...


Міне, сол Чесноков енді Наташаға менің теңі емес екендігімді ескертіп жатыр! Оның бұл ісіне алғашқыда күлген болатынмын. Наташаға үйленсем, қандай күйге түсер екен? Не істер екен? Сондықтан менің шынымен-ақ тезірек үйленгім келді.


Бұл ұсынысымды Наташа сыйлыққа мәз болған жас баладай қуана қабылдады. Сол сәтте-ақ бәріне айтып шықты. Енем бұған таң қалғандай және бұны күтпегендей сыңай танытып жатыр. Тіпті, жылап та алды. Тек Ольга ғана бізді құттықтамады.


Сонымен, тойдың қамына кірісетін болдық.


Тойға Чесноков та шақырылды. Бірақ ол келген жоқ.


Ольга той үстінде еш адаммен тіл қатыспады, үндемей отырды да қойды. Жұрт: «Ащ-щы...» деп айқай салып, біз Наташа екеуміз сүйісе бастаған кезде орнынан тұрып, далаға шығып кетті. Сәлден кейін мен де шықтым. Ол алма ағашының түбінде жылап тұр екен. Қасына келіп, шашынан сипадым.


– Ольга, саған не болды?


Оның маған дүрсе қоя бергені соншалықты, мен алғашқыда сасып қалдым.


– Жаның ашығансып келдің бе? Түсінбеген адам бола қалуын қарашы!– ол айқай салды,– Сіз... Сіз менің өмірімді бүлдірдіңіз! Наташа екеуің...


Мен не дерімді білмей тұрып қалған едім, ол ауладан көше жаққа шығып кетті.


Ішке кіргесін Наташаның қасына отырып жатып:


– Ольга далада жылап тұр. Сен оны жұбатып, алып келсеңші,- дедім.


– Жылай берсін!– деді жайбарақат түрде,– Бұл қызғаныштан ғой... Игорьдың тастап кеткенін менен көреді...


Әңгімеші тағы арақ құйды. Осы кезде Варя біздің қасымызға келіп, алдымызға қызыл уылдырық қойды. «Алыңыз, өзіміз дайындағанбыз»– деді маған қарап.


Уылдырық тұздықта көп ұсталған болса керек, өте ащы екен. Арақтан ішіп, бір шөкім уылдырықты аузына салған Евгений әңгімесін  жалғастырды.


– Бұл бір таңқаларлық жанұя болатын. Олар ешуақытта бірін-бірі іш тартып жақсы көрмейтін, бір-біріне мейрімдері жоқ еді. Тіпті бірін-бірі мысқылдап, кейде өштесіп те жүретін. Осыған қарамастан қажет кезінде бірін-бірі жақтай білетін еді. Бұның бәрін мен кейін түсіндім.


 Ол темекі тұтатты. Бір-екі сорып, түтінін сыртқа шығарды.


– Әкесі қайтыс болғаннан кейін сиырға шөп дайындаумен Ольга айналысқан екен. Ордерді де өзі табады, шауып беретін адамдармен де өзі сөйлеседі. Бұл жолы ордерді анасыа беріп: «Қалай шапсаңдар олай шабыңдар, енді маған сенуді қойыңдар»– депті. Мен бұны білгенім жоқ еді. Бір күні үйге келсем ас бөлмеде мол дастархан жайылған: бәліштер, түрлі дәмдер, тіпті арақ та бар. Наташа дастархан дайындаумен жүр, Николаевна терезенің алдына жайғасып алып орамал тоқып отыр. «Эх,– деп ойлап қоямын,– менің енем қандай тамаша адам!».


Бірінші стаканды алып қойғаннан кейін енем әңгіме бастады.


– Күн ыстық болып тұр ғой, шөптің гүлі түсе бастады,– деді ол алыстан орағытып,– шөп оратын мезгіл жетті.


– Мен шөп орғанды қатты ұнатамын!– Наташа менің қасыма келіп жайғасты,– бұрын әкем осы уақытта демалыс алатын еді, жанұямызбен шөп оруға шығатынбыз. Шөпті орамыз, сосын жинаймыз... Жас шөптің исі қандай тамаша! Кешкілік отты жағалай отырып алып өлең айтамыз... Мен шөмеленің үстіне шығып ұйықтайтынмын... Тамаша болатын!


– Басымнан өткізген емеспін,- дедім мен.


– Ал сен өткізіп көр, мүмкін өкінбессің...– деді енем.


– Зауыттың ішінде қалайша шөп шаппақпын?


– Егер демалыс алсаң ше?– деді Наташа.


– Маған демалысты кім береді, кіргенім кеше ғана емес пе?


– Онда сен екі аптаға ақысыз демалыс сұра,– дейді Наташа аузыма сөз салып.


– Онда қалай күн көрмекпін?


– Бұл, шыбыным, біздің шаруамыз,– деді енем осы кезде,– біз сені ешуақытта аш қалдырмаймыз.


– Шынында да, Женя, уақытша демалыс сұрасаңшы!– Наташа маған жалына бастады,– бәріміз бірге барар едік. Ордерді алып та қойғанбыз.


Наташа жүгіріп кетті де, стол үстіне қағаз әкеліп қойды.


– Міне ордер! Оля әкеп берді. Енді тек оруымыз керек.


Мен әлі де толық түсіне алмай отырған едім, сол себептен:


– Сіздер шын айтып отырсыздар ма?– деп сұрадым.


– Қалжыңдап неміз бар?– деді енем,– жұмыс та істелінеді, таза ауада демалыс та болады...


– Қызық екенсіздер! Мені шөп шабуға кім босатады? Мен не деп сұранамын, сонда? Ұят емес пе?


– Неге түсінбейсің?!– Наташа ашулана бастады,– сен шөп шабуға сұранба, уақытша күн сұра. Жанұя жағдайына байланысты деп... Әйелім науқас дейсің бе немесе енем дейсің бе... Біз дәрігерден анықтама қағаз алып береміз. Болмаса басқа бір қайғылы жағдайды айта сал, аз ба ондайлар...


Мен жайылған дастарханның, ондағы арақ пен бәліштердің, тағы басқаларының не үшін қойылғанын осы кезде барып түсіндім. Мені - бір кездегі сүңгуір кеменің бас старшинасын - осындай арзан қулықпен өтірік айтуға итермелеп отыр екен ғой!


Наташаға салмақты түрде қарадым да, үзілді-кесілді:


– Жоқ, Наташа, бұлай болмайды! Өзің ойланшы: енем ауырып жатыр деп мен қалай екі аптаға демалыс сұрамақпын? Күлкілі емес пе? Жоқ, мен олай істей алмаймын!– дедім.


– Сиырға не береміз, сонда?– деді ол.


– Бұрын қалай істеуші едіңдер, солай істеңдер.


– Шалғышыларды жалдайтынбыз, ол үшін ақша керек– деді енем.


– Жақсы, мен онда күн сайын кешке барып шауып берермін. 


Енем тағы араласты: 


– Немен бармақшысың? Жақын жер емес, бос сөздің не қажеті бар...


– Онда адам жалдаңдар, мен ақысын төлеймін,- дедім.


– Олар мың сом сұрайды, ондай ақшаны қайдан таппақсың?– Енем де берілер емес.


– Сонда маған не айтпақсыңдар!


– Сеніңше сиырды сатып жіберейік пе?


– Сатыңыздар!


– Ия, ия... өт-те ақы-ылды ұсыныс айттың,– деді енем әр сөзін соза түсіп,– сосын біз қалай күн көрмекпіз? Мүмкін сен асырайтын боларсың, сенің түкке тұрмайтын жалақыңа біз бәріміз киініп және тамақтана алатын шығармыз?!


Айлық жалақым сол кездері сегіз жүз сомның шамасында болатын. Мен енемнің мына қитұрқы сұрағына абыржып қалдым да, аузыма түскен алғашқы сөзді айта салдым:


– Наташа жұмыс істейтін болады - он жылдық білімі бар ғой!


– Еркек болғаныңа!– енем маған жек көре қарады,– үйленгендерің кеше ғана, енді әйеліңді жұмысқа салмақсың ба? Жұмыс істегенде қанша табады деп ойлайсың? Айына төрт жүз сом ба? Мен сүт сатып-ақ одан екі есе көп табамын ғой. Жоқ, одан да үйде отырып маған көмектессін.


– Сол сүтіңіз үшін менің өтірік айтуым керек пе? Жұрт білмейді дейсіз бе? Мен жалған айтып, олардың алдында қарабет болғым келмейді!– дедім мен столдан тұрып жатып.


– Рахмет!.. Күйеу балаға жарыған екенбіз...


Енем бөлмеден шығып кетті.


– Женя, сен не айтып тұрғаныңды білесің бе?– деп бас салды осы кезде Наташа,– Күз келіп қалды ғой, ал менің киетін тоным да жоқ. Сен, немене, әйеліңнің жыртық киіммен жүргенін қалайсың ба?


Арақтың әсері болар, мен шыдай алмай кеттім.


– Сонда не істеуім керек?– деп айқай салдым,– сенің тоның үшін мен өтірік айтып, арымды сатуым керек пе? 


Наташа жылап жіберді, сосын менің кеудеме құлай кетіп, кешірім сұрай бастады. Осы кезде көрші бөлмеден енем қайта оралды.


– Міне, мәселе қайда жатыр?!– деді ол көзін сығырайта қарап,– Сен адалсың да, біз адал емес екенбіз ғой... Тең-теңімен, тезек қабымен дегің келеді ғой... солай ма? Қалай ойласаңдар олай ойлаңдар, ертеңнен бастап өз күндеріңді өздерің көріңдер!


Осыны айтып, маңғаздана басып шығып кетті.


– Мейлі, мейлі,– Наташа жылап тұр,– мен бәрібір сені сүйемін. Өзіміз-ақ өмір сүрерміз...


Көзінің жасын жас баладай жұдырығымен сүртті де:


– Тонсыз-ақ амалдап шығармын. Қажеті жоқ,– деді.


Бұны енем мен Наташаның алдындағы алғашқы жеңісім деп ойлаған едім. Олай болмай шықты! Енем ашықтан-ашық соғыс жариялады – менімен амандаспай қойды. Ас бөлмеде кездесе қалса қарамай қояды немесе шығып кететін болды. Енді ай сайын жалақы әкелген кезімде сүт пен басқа да азық-түліктер үшін есеп айырысатын болдық. Менің жалақым ол кезде қас қылғандай аз болатын. Тапсырыс аз болды, әртүрлі майда-шүйде заттар дайындайтынбыз. Ең көп алғанда сегіз жүз сомнан аспайтын еді. Өмір сүруге болады, әрине. Бірақ Наташа үшін бұл аз болып есептелетін. Бірақ ол менен ешнәрсе сұрамайтын еді. Тек анда-санда киім-кешектер дүкеніне кіріп шыққанымызда, байқаймын, сөреде тұрған көйлектер мен аяқкиімдерден көз алмайтын. Осындай кездері ішімнен неге темір жонушы болмадым деп өкінетінмін.


– Бір ғана келіспеушіліктен енеңізбен араңызда соншалықты дау-дамай туда ма?– деп сұрадым мен Силаевтан.


– Мәселе дау-дамайда емес... Енем күйеу бала таңдаудан қателескенін енді аңғарды. Чесноков бұл кезде қызмет бабымен тағы да жоғарылаған болатын, тіпті, директор болуға бір-ақ қадам қалған еді. Осы жағдай енемді ойландырмасқа қоймады - оған күндіз-түні ұйқы бермеді. Тіпті, жалғыз енемді ғана емес екен. Ал мен болсам, Наташаға сенімді едім...   


Ол темекі тартты. Алысқа көз салып, үнсіз тұр.


– Сіздердің газеттеріңізде жазып жатады ғой,– ол ұйқыдан оянғандай кенет маған жалт қарады,- барын салып жұмыс істеген адамға құрмет те, басқасы да дайын деп...- сосын мысқылды күлкімен басын шайқады,– құрметтің не екені белгілі, ал басқасының не екенін білесіз бе?


– Білмедім...


– Білесіз!.. Бастықтар үшін айлық жалақысынан өзге де жеңілдіктер мен үстемелер болады. Жұмысшылар үшін де түрлі сыйлықтар - курортқа жолдама, тіпті, пәтерге ордер деген сияқты... Солай ғой? Менің енем сияқтылар сүтін сатып, көкөнісін пұлдап қосымша табыс табады... Ал мен болсам, жалаң энтузиазммен ғана өмір сүріппін! Енді қалай деп едіңіз - мен құрметті минер және көп жылғы еңбек өтілі бар слесарь емеспіе бе! Мен осылай ойлаппын...


– Сүт сатып тапқан ақша да енеңе оңайлықпен келмеген шығар?– дедім мен жайлап ғана.


– Мен де көмектестім ғой... Шөп шаптым, оны тасып әкелдім, қораға жинап бердім. Отын әкеліп оны кестім, жардым. Қолымнан келгенінің бәрін істедім... Бірақ менің осы істегенімнің еш көмегі болмады. Ең бастысы оны Чесноков сиқты пайдалы күйеу баладан айырған едім. Енем осыны кешірмеді. Чесноков Наташаға үйленсе де, Ольгаға үйленсе де, енеме бәрі бір болатын. Енді түсіндіңіз бе?..


                                                           * * *


Ақыры Наташа жұмыс істейтін болды. Осы кезде Чесноков тағы да алдымыздан шықты (бұл кезде бөлім бастығы болатын). Ол өзінің жеке «Победасымен» үйдің жанынан жиі өтетінді шығарды, кейде енеммен әңгімелесіп тұрғанын да көретінмін.


Бір күні жұмысқа бара жатып оның машинасында отырған енемді көрдім. Екеуі бір нәрсені қызу талқылап бара жатқан сияқты. Мен мән бермеген болатынмын, бәрі кешке белгілі болды.


Сол күні үйге үш жүз елу сомдай жарты айдың жалақысын әкелген болатынмын. Наташа ақшаны тездетіп санап алды да, бір күрсініп қойды:


– Шешеме сүттің ақшасын беруім керек.


Терезенің алдына барып ойланып тұрды. Ұнжырғасы түсіп кеткен. Қасына жақын келіп, құшағыма алып жұбатпақ болдым:


– Уайымдама. Көп ұзамай цехымыз жаңа әдіске көшеді, сол кезде жалақым да ұлғаятын болады.


– Мен ол жайлы емес...– деді ол жұмсақ үнмен,– біздің баламыз болады. Мен байқап жүрмін...


Білесің бе, достым, менің ішкі дүнием осы кезде бар жылдамдығыпен заулап келе жатқан торпеда қайығындай дірілдеп кетті. Оны көтеріп алып, шыр айналдыра бастадым. Ұзамай есік қағылды - ішке қолында ораулы заты бар енем кірді.


– Жалақы алған шығарсыздар?– деді ол стол үстінде жатқан ақшаға көз салып.


– Ия, мама... Сіздің қарызыңызды берейік,– деген Наташа ақшаны шетінен санап шешесіне берді. Енем ақшаны юбкасының қалтасына тыға салды да, әңгіме бастады:


– Таңертең базарға бара жатқан едім, біреу машинамен келді де жаныма тоқтай қалды. Кім деп ойлайсың ғой, Ната? Сөйтсем, Чесноков екен! Сондай сыпайы... Мені жеткізіп салды.


– Мен бүгін шомылуға бардым,– деді Наташа аты жоқ жөні жоқ. Сөйтті де, неге екені белгісіз, қызарып кетті.


Енем онысын байқамаған болды.


– Ол саған сәлем айтты: бөлімде машинисткалық орын босапты.


– Оның маған қатысы жоқ,– деді де Наташа бұрылып кетті.


– Қалайша қатысы жоқ!– енем өршелене түсті,– Ол бақтың ішінде саған айтқан жоқ па еді... Сен келіскен болатынсың...


Наташа жылап жіберудің аз-ақ алдында тұр. Осы жерде менің шыдамым жетпеді, Наташаның Чесноковпен кездескенін білгеннен кейін қаным басыма шапты. Бірақ мен Наташаға емес, енеме тиістім:


– Сіз не үшін келдіңіз? Ақшаға бола ма, әлде...


– Сен, шыбыным, айқайлама!– деді ол сыздана,– Сенен ешкім де қорқайын деп тұрған жоқ. Қарай гөр өзін! Ал менің неге келгенімді білгің келсе...– ол қолындағы заттың орауын ашып, гүлді жібек көйлекті Наташаға ұсынды,– мә, қызым, менен сыйлық болсын!


– Ой, анашым, қандай әдемі!– деген Наташа қуанғаннан шешесінің бетінен сүйіп алды. Сосын көйлекті алды да, маған қарап: «Мен қазір... киіп көрейін...»– деп шығып кетті.


Енем орнынан тұрды. Жеңген адамның кейпімен:


– Егер көйлек алып беру өзіңнің қолыңнан келмесе, басқа адамның алып беруіне кедергі келтірме,- деп есікті сілкіп жауып шығып кетті.


Мен ауа жетпегендіктен терезені айқара ашып жібердім. Тістеніп алып, бөлменің ішінде ерсілі-қарсылы сандалып жүрмін. Ашуым ішіме сияр емес. Осы кезде бөлмеге жаңа көйлек киген, гүл-гүл жайнаған Наташа келіп кірді.


– Қалай, жарасады ма? Қарашы!– Ол менің алдымда шыр айналып дөңгеленіп жүр. Ал мен есінен танған адамдай міз бақпай тұрмын.


– Саған не болды?– деді ол кенеттен,– Түсің бұзылып кетті ғой...


Мен оның қолынан ұстап өзіме жақындаттым да, бетіне бетімді тақап тұрып:


– Бұл жерден кетейікші... тезірек кетейік– дедім.


Шамасы, менің кескінім оңып тұрмаса керек, ол қорқып кетті.


– Саған не болды? Қайда кетпекпіз? Мен сені түсінбей тұрмын...


– Басқа пәтерге шығайықшы. Басқа жаққа кетейік, мейлі, қайда болса да... 


Ол енді түсінді.


– Не айтып тұрсың, Женя. Анамды қалайша тастап кетпекпін? Ұят қой, жұрттан ұят қой...


– Сен де мені түсін, мен бұл жерде тұра алатын емеспін. Тұра алмаймын!


Ол мені құшақтай алды да, тез-тез сөйлей бастады:


– Неге бұлай айтасың? Олай деме... Ол жақсы... Анам біз үшін ғой... Көрдің бе, маған көйлек сатып әперді! Ал бізден ақша алып жатқаны - ол да біз үшін...


– Біз оған керек емеспіз,– деймін мен,– біздің жанұя болғанымыз оған қажет емес. Түсінсеңші!


Ол жылап жіберді:


– Анам туралы олай айтпа! Екеуіңнің араңа түсу маған оңай деймісің... Жаным ауырады... Анам екеуің түсінісіңдер, мен сенен өтінемін, одан кешірім сұра!


– Мен одан қалай кешірім сұрамақпын, оның менімен сөйлескісі де келмейді? Мені қайтсе де мұқатқысы келеді, жанды жеріме тигісі келеді де тұрады. Мен ол үшін бір бишара сияқтымын... Солай емес пе?!


– Саған оның қалай қарайтыны, не ойлайтынының не керегі бар? Бетіңе айтпаса болды емес пе? Анам әруақытта сыпайы сөйлейді. Сенің өзің ғой, тұмсығыңды көтересің де жүресің.


Ой, құдайым-ай! Ақыры мен кінәлі болып шықтым ба?! Біз осылай  келісімге келе алмадық, достым. Оның ойынша мен кеудемді көтеріп, енемнің алдында кішірейгім келмейтін сияқтымын. Ал мен, өз кезегімде, енемнің алдында өтірік көлгірсіп, жағымпаздана алмайтынымды айтып дәлелдемек боламын. Осы күйінде, жылап жатып, ол ұйықтап қалды.


Туыс адамдардың арасында жақсы сыйластықтың болуы керек екенін түсінемін, әрине. Ал егер сол сыйластық болмаса ше? Сонда не істеуің керек? Меніңше, сыйласа алмасаң да оны құрмет тұта білуің керек! Ал құрмет тұтады екенсің, онда өтірік айтпа оған, ойыңдағыңда айт. Мейлі, ренжи берсін! 


                                                       * * *


Мен бұл түні де ұйықтай алмай шықтым. Енді бұлай тұру мүмкін емес еді. Қайда бару керек? Басқа пәтерге шығу керек пе? Наташа келіспесе не болады, ол анасын қалдырып кетпеймін деді ғой? Мен оны сүйемін, оның үстіне балалы болғалы отырмыз, оны тастап кете алмас едім. Ары ойланып бері ойланып тапқаным әйелімді көз көрмес жерге – алысқа алып кету болды.


Кетемін деген айтуға ғана оңай, сонда, қайда бармақпыз? Не істемекпіз? Қайда тұрмақпыз?


Сол кездері Қиыр Шығыстағы орман өндірісіне адам алып жатқан болатын. Көшелерде жарнама ретінде плакаттар жапсырулы тұратын. Онда орман ішінде салынған әп-әдемі, әсем үйдің суреті тұрушы еді -   жалданған жұмысшыларға үй салу үшін он бес мың сом несие беріледі немесе пәтермен қамтемесіз етіледі делінген.


Мен, достым, жасымнан орманды сүюші едім. Атам орманшы болған адам. Жазғы демалысты атамның қасында Ока өзенінің жағасында өткізетінмін... Сол күні күндіз әлгі жарнаманы көрдім, кешкісін енеммен ұрысып қалдым, ал түнде түсіме атам кірді.


Атам екеуміз қасқырға қақпан құратынбыз, арасында ағаш кесушілерді қуамыз. Атамның айтуы бойынша бұл екеуі де жыртқыштар еді. Қорымасаң ағаштан да, аңнан да айрыласың. «Біздің мақсатымыз,– дейтін атам,- тірі мақұлықтарды жыртқыштардан қорғай білу!» Атамның айтуынша ағаш тірі мақұлыққа жатады, оның да жан-жануарлар сияқты жаны бар. Сондықтан оны есеппен жарамсызын ғана, яғни қасындағы талға кедергі келтіретіндерін ғана кесу керек. Атам сауатты болатын, кітапты көп оқитын еді. Орманды сақтау керек, ол адамзаттың емшісі дейтін үнемі. Қысқасы тайга мені өзіне тартты да тұрды.


Ертеңіне Наташаны үгіттеуге кірістім. Оған тайганың әсем табиғатын, ну ормандарын, ондағы аң-құстарды, бір сөзбен айтқанда Қиыр Шығыстың кереметтерін әсірелеп суреттеп берген едім. Мені таң қалдыра Наташа оңай келісті. Оған әсіресе орман ішіндегі үйшік туралы айтқаным ерекше ұнады. «Мен орман ханшайымы боламын,- деді ол,- ертегідегідей өмір сүреміз!».


Осылайша тайгаға келдім, достым. Жалғыз мен емес, қаншама адам өз бақытын іздеп осы қиырға келіп жатқанын білетін шығарсыз?..


Қалған арақты екі стаканға бөліп құйды, шишаны борттан асыра лақтырып жіберді. Дірілдеген саусақтарымен балықты бірнеше бөлікке бөлді, ағаштың жаңқасын ұстағандай абайлап, бірінің үстіне бірін жинап қойды.   


Сосын:


– Кел, аяқтап тастайық,– деп стаканды көтерді.


Ішіп салдық. Варя балықтың қалдықтарын жинап алып кетті. Тағы оңаша қалдық.


Ішкен арақ оған әсер етпеген сияқты. Салмақты қалпында бір нүктеге қадалумен отыр. Шынымды айтсам, оның осы отырысынан менің өзім ыңғайсыз жағдайда қалғандай едім.


– Осылайша Хабаровск өлкесіне келдім,– деп ол әңгімесін жалғастырды,– жалғыз келдім...


– Қалайша жалғыз?– деп мен шыдамай үзіп жібердім.


Ол күлді.


– Түсініп отырмын,– деді сосын,– Чесноков екеуін қалай оңаша қалдырдың деп айтқыңыз келіп тұр ғой? Солай ма? Біріншіден, оның аяғы ауыр болатын; екіншіден, мен оған сендім; үшіншіден, алдын-ала жағдайды барлағым келді. Ойым, жасыратын несі бар, көп ақша тауып Наташаға да, енеме де қолымнан іс келетінін дәлелдеу болатын. Барғасын бір жыл курста оқыдым, ағаш кесудің шебері деген куәлік алдым. Курсты үздік бітірдім. Міне, куәлігім,– ол қойнына қолын салып, шүберекке оралған куәлігін алып көрсетті,– Көруіңе болады!


Куәлікті ашып, ішіндегі кілең үздік бағаларды қарап шықтым. Ол куәлігін ұқыптап орап, қайтадан қалтасына салып қойды.


– Бір жылдан кейін әйелім мен баламды поездан күтіп алғанда мен қалай қуандым десеңізші! Поезд келіп тоқтады. Кенет вагонның терезесінен әйелімді көріп қалдым. Терезе ашық еді: Ол портрет сияқты - аппақ, толыққан, керемет әдемі болып кетіпті. Вагонға кірудің орнына аузым аңқиып оған қарап қалыппын... Ол да мені көрді, сосын терезеден қызымды қолыма ұстатты. Чемоданын қасымдағы шофер алды. Қауышып болғасын біз перронды бойлай машина тұрған жерге қарай аяңдадық. Сол кездегі менің қуанышымды көрсеңіз ғой, достым! Төбем көкке екі елі ғана жетпей тұрған еді!


Орман шаруашылығы маған жүк машинасын берген болатын. Әйелімді кабинаға отырғыздым, өзім қорапқа міндім. Тайганың ішімен  екі жүз елу шақырым жердегі жұмыс істейтін жеріме қарай бет алдық. Тамыз айы еді. Тайганы білесіз ғой, жаз айларында ол кімге ұнамайды? Біз орман ішіндегі соқпақ жолмен жүріп келеміз. Айналамыздың бәрі түрлі ағаштар, ауа қандай таза, қарағайдың иісі мұрныңды жарады. Керемет емес пе! Кейде тоқтай қалып мөлдір бұлақтан су ішеміз. Алдымен өзім ішемін, сосын Наташаға ішкіземін: «Бұлақтан су ішпесең болмайды, тайга қабылдамай қояды, осындай ырым бар»– деймін. Байқаймын, Наташа да риза сияқты. Бірақ бұрынғыдай ашық-жарқын күлмейді, жымияды да қояды. Біртүрлі ойлы. 


Біз алдымен шаруашылықтың кеңсесінде болдық. Кеңсе барак тәріздес ұзын, аласа ғимаратта орналасқан. Бір таң қаларлығы, қай жерге барсаң да қыстақтар егіз қозыдай ұқсас болып келеді: баракка ұқсас кеңселер, арасы ырсиып ашылып тұрған қабырғалар, жуылмайтын лас едендер, алқам-салқамы шыққан есік-терезелер... Айналасында шашылып жатқан түрлі бөшкелер, машиналардың ескі доңғалақтары, басқа да темір-терсектер... Кеңсе маңындағы бөренелердің үстінде қазіргі мен сияқты қалай болса солай киінген адамдар отырады. Қарап отырмайды - не болса соны әңгіме етіп отырады.


Сол жолы да кеңсе маңында бір топ адамның отырғанын көргенбіз. Шофер сәл кейін қалған еді, адамдардың: «Кімді алып келе жатырсың?»– деп сұрап жатқанын естідім. «Жаңадан келген шебер ғой...». «Хе... Қасқыр жалғыз жүріп жол табады, ал бұғы тобымен жүріп торға түседі деген!..»


Бізді директордың өзі қабылдады. Өте кішіпейіл, қайырымды адамдай болып көрінді. Екеумізді креслоға отырғызып, жұмысын бұдан жиырма жыл бұрын сал ағызушы болып бастағанын, қазір директор болып отырғанын, енді жиырма жылдан соң менің де трест басқаратынымды арасына әзіл қыстырып айтып отырды. Бірақ ол бұрынғы жұмысшыға мүлде ұқсамайтын еді: алақандары ұлпадай жұмсақ, толығып кеткен, жұмысшыдан гөрі кеңсе бухгалтеріне көбірек ұқсайтын.


 – Яғни, жанұямен келдіңіз ғой?– деп сұрады ол алақанын ысқылап қойып,– Бұл жақсы... Сіздің жолыңыз болды, Силаев жолдас. Біз сізді Редькиннің бекетіне жібереміз. Сәл қашықтау, бірақ онда нағыз табиғат бар! Өкінбейсіз.


– Баспана жағы қалай болар екен?


– Бәрі де болады... Қазір жақсы ғой. Біз бастаған кезде қалай еді: палаткадан басқа ештеңе жоқ болатын... Жоспар орындау керек болды, үй тұрғызуға мүмкіндік болмады ғой. Қазір олай емес, мүмкіндік мол...


Сөйлеп отыр, бірақ неге екені белгісіз, бізге емес, терезеге қарап сөйлейді.


– Үй әсем бе?– деп сұраған еді Наташа.


– Қандай үй керек болса, сондай етіп салып береміз.


Директор біздің қолымызды қысып, есік алдына дейін шығарып салды. Біз жол бойы оның кішіпейіл екенін сөз етумен болдық.  


                                                 * * *


Бекетке жетемін дегенше екі күн трактормен жүрдік, бір күн қайыққа отырдық. Неғұрлым алыстаған сайын табиғат әсемдене түсті. Бұл Наташаға ұнады. Орман іші мүлгіген тыныштық еді: тек өзен суының сылдырлап аққаны мен жапырақтардың сыбдыры, оған қосыла құстардың неше түрлі әуендері оның басын айналдырғандай.


Ақырында қайығымыз жағаға келіп тұмсығын тіреді.


– Түсіңдер, келдік,– деді қайық жүргізуші.


Біз жағаға шықтық. Жиектегі жиналған бөренелердің қасында гимнастеркалы жігіт күтіп отыр екен.


– Силаевсыз ба? Жаңа шеберсіз ғой?


– Ия, Силаевпын.


– Жүріңіздер, мен сіздерге баспаналарыңызды көрсетейін.


– Бекеттің бастығы қайда?– деп сұрадым мен.


– Бір жаққа кеткен...– деді жігіт самарқау ғана,– маған сіздерді баракқа орналастыруды тапсырған еді.


– Барағы қалай?! Бізгі үй берілуі керек еді ғой.


– Директордың өзі осылай айтқан,– деп Наташа да араласты.


– Мүмкін, айтса айтқан шығар, бірақ маған баракқа апаруды тапсырған.


– Бұл жерде бір түсініспестік бар...– дедім мен Наташаға қарап,– министрліктен жалданған адамдарға несие бөлінуі тиіс қой.


– Дұрыс айтасыз,– деп күлді жігіт,– сол несиеңізге өзіңіз үй салып аларсыз, ендеше. Жүріңіздер, менің уақытым жоқ.


Осылай деді де бізді жапырайған қоңырқай түсті баракқа қарай алып жүрді. Тақтайдан салынған жолмен сарт-сұрт басып жүріп келеміз. Маңайдың бәрі берекесіз шашылып жатқан түрлі заттар, адам аяқ алып жүргісіз ми батпақ. Біз ертегідегі мыстан кемпірдің «патшалығына» келгендей едік. Қазір ғой менің барлық жағдайға үйренгенім, ал ол кезде жағамды ұстағанмын.


Баракқа кірдік. Бізге көрсеткені кішкене ғана лас бөлме. Еденін сүргіленбеген тақтайдан жасай салған, сықыр-сықыр етеді, терезелерінің әйнектері сынық, қабырғалары мен төбесі сатпақтанып қалған... Жалпы, оңып тұрған ештеңесі жоқ. Қабырғаның саңлауынан көрші бөлмедегі бес-алты жасар қыз баланың таңырқай қараған жүзі көрінеді: «Саламатсыздар ма, тәтелер!»– дейді.


Екінші бөлмеден шелектің сылдыры естіліп жатыр, үшінші бөлмеден: «Тыныш отыр деймін, малғұн, құлағыңды кесіп алармын...»– деген айқай естіледі. Шамасы, біреудің шашын алып жатса керек. Бір сөзбен айтқанда, барактың ана басындағы дауыс мына басына ап-анық естіліп жатқан еді.


Наташа бізді алып келген жігітке үрейлене қарады:


– Біз бұнда қанша тұрмақпыз?..


– Оны мен білмеймін,– деді ол,– менің жұмысым сіздерге көрсету ғана.


Осыны айтты да кетіп қалды.


Мен сол кезде Наташаның бетіне тура қарай алмадым, себебі оны алдап әкелгендей жағдайда едім. Ұялған тек тұрмас дегендей, ойыма келген бір әуенді ысқырып, заттарды жайғастыра бастадым.


– Бұл уақытша,– деймін Наташаға,– әлі-ақ дұрыс үйде тұратын боламыз.


– Ия, солай болар...– дейді Наташа.


Сосын саңлаудан қарап тұрған қызға көзі түсіп терезеге қарай бұрылып кетті. Терезенің алдына барып үндемей, екі көзінен аққан жасына ие бола алмай тұр.


– Саған не болған?– мен оны жұбатуға кірістім,– Бұл уақытша дедім ғой саған.. Керек болса, ертең-ақ бәрін реттеймін.


– Жоқ, қажеті жоқ,– дейді ол,– түсінбейді дейсің бе? Бұл сенің кінәң емес қой...


Өзі екі иығы селкілдеп одан сайын жылай түсті.


Оның осы сөздері - сенің кінәң емес қой дегені - менің жүрегіме ине сұғып алғандай болды. Барактан қалай атып шыққанымды білмеймін. «Тоқтай тұр, бастық!– деймін ішімнен,– мен сенімен дұрыстап тұрып сөйлесейін!».


Ашуым тарқамаған күйі кеңсеге кіріп бардым:


– Редькин деген қайсың?


Столдың арғы жағында отырған арық келген кішкене адам орнынан көтеріле бере:


– Қандай ашулы! Қателеспесем, жаңа шебер боларсың?–  деді. Сосын маған мысқылды кейіппен көзін сығырайта қарап: – Жаман емес... Болады...–  деп қосып қойды. Осыдан кейін барып өзінің бастық екенін айтты.


– Орналастыңыз ба?


– Мен орналасу үшін келгенім жоқ, мен сыған емеспін... мен адам сияқты өмір сүру үшін келдім!


Редькин болса мысқылды кейіппен:


– Құдай үшін, өмір сүре беріңіз!– дегені.


Қасында отырғандар ду күліп жіберді.


Мен әлі тоқтай алар емеспін:


– Пәтер қайда? Уәде етілген еді ғой... Әлі бітпей жатыр ма?..


Ол жымия күлді де:


– Ағашын енді кесе бастаймыз,– деді.


Осы кезде мен өзімді ұстай алмай, айқайлап жібердім:


– Қайда қыстаймын мен сонда!..


Ол естімеген адамдай жайбарақат түрде:


– Баракта он жанұя бар ғой, көңілсіз болмайсыңдар. Ағашты аямай жақсаңдар, жылы да болады,– дейді.


– Маған директордың өзі айтқан болатын - үй де, жұмыс та дайын деп...– мен де берілер емеспін.


– Олай айту, жарқыным, оның міндеті.


– Біз үшін министрлік ақша бөлген ғой! Сол үйлер қайда?


– Ол үйлерді кім салады? Менің әрбір адамым санаулы – әрқайсының мойнында жоспары бар. Олар ағаш кесе ме, үй сала ма? Егер ағаш дайындаудың жоспары орындалмайтын болса, мені жалаңбұт күйімде жұмыстан қуып шығады ғой. Маған қоса сені де қуады. Түсіндің бе, енді?


Оның осы сөздерді асықпай және сабырлы түрде жеткізгендігі соншалықты, мен басылып қалғандай едім.


– Дегенмен, жоспар да орындалу керек, адамның да жағдайын жасау керек емес пе?


Ол бетін тыржитып қолын сілтей салды.


– Менің саяси сауатымды ашудың қажеті жоқ!– сосын жеңімнен ұстап тұрып былай деді,– Сен тыңда: бірінші қысты мен палатада өткізгенмін. Көріп тұрсың ғой, маған ештеңе де болған жоқ. Мен жұмысты өзіме үй салудан емес, жоспар орындаудан бастағанмын. Бірақ мен сені кіналамаймын - әр адам өзінше әрекет жасайды. Бүгінше жайғасып алуыңа мүмкіндік беремін, ертеңнен бастап жұмысқа шығасың. 


                                                    * * *


Оның осы сөзі мені ойландырып тастады. Біз өзі қандай адамбыз? Біреу үшін кейде от пен суға түсуге дайынбыз, ал өзіміздің үлесімізді алуға немесе құқығымызды қорғауға келгенде осалдық көрсетіп жатамыз. Ыңғайсыз сияқты болып көрінеді, тіпті ұят нәрсе санаймыз. Өзіңнің жеке мәселеңді қоғамның талабынан жоғары қоясың ба дегенде ештеңе айта алмай қалатынымыз бар. Бұл жолы да солай болды.


Келе жатып ойланамын: мен осындай тоғышарлық жағдайға қалай тап болдым! Менің - жұмысшы табы өкілінің - әңгімені жұмыстан емес, үй-жайдан бастауым қалай болды? Алдымен қызмет істейтін ортамен дұрыстап танысып, сосын жұмыс жайын шешіп, содан кейін барып тұрмыс жағдайын сөз етуім керек еді ғой. Ал мен бірден жеке басымның мәселесін шешуден бастадым. Бұл тоғышарлық маған қайдан пайда болды? Мен енді түсіндім: енемді жеңдім деп ойлаған едім; жоқ, ол мені жеңген екен. Оның бақай есебі, сынықтан басқаның бәрі жұғады деген ғой, менің қыр соңымнан әлі қалмай келеді екен! 


Енді маған үйге кіру қиын болды. Наташаға не айтамын? Жақында үй алатын болдық деп өтірік айту қолымнан келмейді. Тіпті алдарқатудың не қажеті бар? «Түсінбейді дейсің бе, сенің қолыңда не бар...»– деген жоқ па? Осыдан кейін оған не айта аласың?!


Аяғымды сүйрете басып баракқа келдім. Бөлмеге кірдім. Мына қызыққа қараңыз - бөлме өзгеріп кетіпті. Терезеге перде ілінген, керуетке көгілдір жамылғы жабылған, тұсында «Огонек» журналынан қиып алынған Крамскойдың «Белгісіз әйел» картинасы тұр. Қабырғаға тұтылған кішкене кілемше саңлаулардың бәрін жауып тастапты. Еден жуылған.  Қысқасы, бөлме адам тұратын үйге ұқсап көңілденіп кеткен!


Наташа бағанағы көрші қыздың шашын тарап отыр. Қасында су толы шылапшын - шамасы қызды жуындарған болу керек. Өзіміздің қызымыз керуетте ұйықтап жатыр.


– Жарайсың, Наталья!– дедім,– қазір баламызға керует жасап берейін...


Редькин екеуміздің арамыздағы әңгіме туралы тіс жарып айтқаным жоқ, ол да сұрамады. Әрқайсымыз өз жұмысымызды істеп жатырмыз, үндемейміз.


Кеш түсе көше жақтан әндеткен адамның даусы шықты: «Мен бұл дүниеден өтемін... Мені о дүниеге шығарып салады...». Біреу етігімен коридорды гүрсілдете басып келіп біздің есіктің алдына тоқтады. Үстінде көптен жуылмаған көйлегі мен алды ашық, түймеленбеген күртесі бар, сақал-мұрты өсіп кеткен адам бізге таң қалғандай қарап тұр. Босағаға сүйене тұрып басын иді:


– Құдай бізге көрші жіберген бе? Біздің лашығымызға қош келдіңіздер! Темір ұстасы Сергованцев деген көршіңіз мен боламын.


Қызы жанына барып жеңінен тартқан еді, оны енді байқаған көршіміздің көзі шарасынан шығып кете жаздады:


– Қызым-ау, сені кім шомылдырған?– сосын табалдырыққа отыра қалып, оның шашын сипады: - сені аяған ғой, сенің жетім екеніңді білген ғой,– оның мастығы тарқап кеткендей болды,– Сіздер айып етпеңіздер, анасы қайтыс болған еді... Адасқан қозыдай болып сіздерге келген екен...


– Анасына не болды?– деп сұрады Наташа.


– Аппендицит... Кеш қалдық... Ауруханаға жеткіземіз дегенше жолда қайтыс болды. 


Ұста шығып кетті. Мен әлі де екіұдай сезімде отырмын. Бірі: «сен тоғышарсың, өзіңнің тұрмыс жағдайыңды ғана ойлайсың» дейді; екіншісі: «әйелің мен қызыңның не жазықтары бар, олар осы қиырға баракта тұру үшін келді ме, олардың жағдайына кім қарайды?»– дейді...


– Уақытша қиыншылықтар қай жерде де болады ғой?– деп мен бөліп жібердім.


– Дұрыс айтасыз!– ол қостай кетті,- мен де алғашқы кезде осылай ойлағанмын. Біз бәріміз де осылай ойлаймыз. Сіз үшін, тіпті орман шаруашылығының директоры үшін де, бұл уақытша қиыншылықтар болып есептеледі. Бірақ темір ұстасы Сергованцев үшін бұл уақытша емес, керісінше, мәңгілік қиыншылық болып отыр... Ол осы «уақытша қиыншылықтың» кесірінен әйелінен айрылған жоқ па?


Арақ тұрған жерге қарай қолын созып еді, оның жоқ екенін көргеннен кейін ыңғайсызданып жөткірініп алды. Сосын үн-түнсіз темекісін тұтатып:


– Мүмкін, менің айтып отырғаным сізге қызық емес шығар?– деп сұрады маған қарамаған қалпы.


– Неге олай ойлайсыз? Айта беріңіз, мен тыңдап отырмын,– дедім.


– Онда, жақсы... Мен қысқартып айтуға тырысайын,– деді ол,– кешкісін қонаққа шақырды. Бізді баракқа ертіп келетін жігіт келіп: «Мені бастық жіберді. Бүгін жоспарды артық орындағанымыз үшін қосымша ақы алған едік, Ефименконың үйінде жиналамыз. Сіздің де жұбайыңызбен бірге келуіңізді сұрады»- деді. (Фамилиясы Елкин екен, кейін осы жігіттің кесірінен мен бір ыңғайсыз жағдайда қалғаным бар). 


Наташаға қарап едім, ол иығын қиқаң еткізді де қойды. Жүзінде: «Бізді мына баракқа әкеліп тыққан адамдармен қалай бірге тойламақпыз?»– деген сұрау бар. Бірақ жігітке олай деген жоқ: «Менің балам бар ғой. Оны қалдырып кете алмаймын, рахмет!»– деп сыпайы ғана жауап қайырды.


Осы кезде көрші бөлмеден Сергованцевтың даусы шықты: «Бару керек, танысу керек...– дейді,– ұзақ жолдан кейін ішкеннің де айыбы жоқ. Ефименко біздің озатымыз. Баланы уайымдамаңдар, менің Манькам қарайды. Жыласа, емізікпен алдандыра тұрармыз».


Біз, осылай, Ефименконың үйіне қарай бет алдық. Үйі үлкен екен. Ауласы қоршалған, қақпасы да керемет жасалған. Есік алдынан денелі келген, жүрісі ширақ, бет әлпеті жастау, дегенмен шашы бурыл тартқан қожайынның өзі күтіп алды. Әйелі де өзіне сай келіп тұр екен: толық, мықынды, бет әлпетінен ұяң екендігі байқалады.


– Төрлетіңдер... төрлетіңдер,– деді олар қосарлана.


Бізбен бірге Елкин де кіргісі келген еді, қожайын оның желкесінен шап беріп ұстай алды.


– Сен қайда барасың, шоланға бар!– деді.


Сосын әйеліне қарады: 


–  Настасья, мынаған арақ құйып бер!


Өзі бізбен бірге үйге беттеді. Дастархан басында Редькин отыр екен, қасында жасы қырықтар шамасындағы бір ер адам бар. Бұл бригадир Анисимов екен.


– Жаңа шебер!– деп таныстырды мені Редькин.


– Ал мен ескі бригадирмін,– деген Анисимов маған қол беріп амандасты.


Қожайын Наташаға қарап:


– Қалай, ұнады ма?– деді үйін көрсете.


Наташа осында келгелі алғаш рет күлді.


– Ұнады,– деп басын изеп қойды.


Бұл кезде Редькин стакандарға арақ құйып жатқан еді. Бірінші тост қожайын мен оның іскер қолдары үшін көтерілетінін айтты. Ефименко да қалысып жатқан жоқ:


– Біздің басшымыз үшін! Сіз үшін, құрметті Николай Митрофанович! Бас пен қол бірге болса, э-эх, алмайтын жау жоқ қой...


Ішіп-жеп отырмыз. Әңгіме де айтылып жатыр. Редькин болса, Ефименконы мақтауын қояр емес:


– Біздің бригадир алтын адам ғой - жұмысты да жүргізеді, өмір сүруді де біледі,– деп қояды.


Бір кезде Наташаға мойын бұрып:


– Біздің жақ ұнады ма?– деп сұрады.


– Әсем екен!– деді ол,– орманы да, өзені де ғажап.


– Барактың терезесінен де солай болып көріне ме?


Наташа қызарып кетті.


– Ештеңе етпейді, бұның бәрі уақытша,– деді Редькин жұмсақ үнмен,– бір амалын жасармыз... Мен сіздің күйеуіңізден қорқайын дедім: маған қалай айқайлағанын білесіз бе? Осындай адаммен бірге тұрудан қорықпайсыз ба?


Наташа күліп, менің «қолға үйретілген аю» екенімді айтып жатыр.


– Не үшін мазасызданып отырсыздар? Үйге бола ма? Сол да қиын болып па? Міне, көріп отырсыздар ғой, үй дегеннің қандай болатынын!– деп Ефименко қолдарын екі жаққа жайып жіберді,– Өзім тұрғыздым. Сіздерге де тұрғызып береміз, шеберімізді далада қалдырмаймыз ғой. Бізбен бірге болсаң, бауырым, жаман болмайсың!


Көңілді отырыс болды. Біреу гармонь әкеліп еді, мен ойнай жөнелдім. Бәріміз қосылып ән айттық. Мені мақтап жатыр: «отырыстың шебері екенсің - ән саласың, гармонда да ойнайсың» дейді...


Бір сөзбен айтқанда, жақсы достай болып тарқаған едік. Наташа да көңілді еді, бірақ бұл ұзаққа бармады.


Ертеңіне Редькин маған карта бойынша жұмыс учаскемнің аумағын көрсетіп берді: мына жерде кеседі, мына жерге жинайды... деген сияқты. «Ефименконың бригадасы орман шаруашылығындағы ең озат бригада, вымпельді ешкімге бермей келеді» деп тағы ескертті.


– Жұмысшылар қайда тұрып жатыр?– деп сұрадым мен.


– Ефименконың адамдары үйлерінде тұрады, ал Анисимовтікі барактарда...


– Неге бұлай?


– Әркімнің талғамы әртүрлі ғой...– деп күлді Редькин алғашқы кездегідей көзін сығырайта қарап.


«Жақсы,- деймін ішімнен,- кейін көре жатармын».


Ефименконың бригадасы сайдың тасындай іріктелген адамдардан - кілең «қарттардан» тұрады екен. «Қарттар» деп көп жыл жұмыс істеген тұрақты адамдарды айтады. Бұлар тек кесумен, бұл жердің сөзімен айтқанда жығумен айналысады. Жығылған ағашты бұтап, таситын жалдамалы жұмысшыларды жүкшілер деп атайды. Бұлар бір немесе екі маусым ғана жұмыс істейтіндер. Жығушылар бау-бақшасы бар жақсы үйлерде тұрады, тіпті мал да асырайды. Ал жүкшілер уақытша салынған барактарда тұрып жатыр, айырмасы жер мен көктей.


Мен аңғал басыммен осы адамдарды теңестіргім келді.


                                                 * * *


Ағаш жығып жатқан жерге келдім. Алғаш көргенде төбе шашым тік тұрған еді – бәрі таңдап кесіліп жатыр! Онда да ең алып самырсындарды кескен, олар құлағанда маңайындағының бәрін қиратып жатыр. Оның үстіне, әлгі кесілген ағаштарды трактормен сүйреткен кезде жолындағы майда талдарды үтікпен тегістегендей тып-типыл етуде. Айналаның бәрі қалай болса солай шашылып жатқан ағаш қалдықтары... Адам аяқ алып жүргісіз... Бұл немене, жаудың мүлкі ме?


Маңайда бір де бір ағаш жығушы көрінбейді. Тек тракторлар ғана жұмыс істеп жатыр - ағаш сүйреп жүр. Біреуінің қасына келдім: «Ефименко қайда?». Тракторшы жерге бір түкірді де: «Құрып кетсін, құрып кеткір! Оған тек жоспар орындау керек, басқасымен шаруасы жоқ қой»– деді. 


Олар қайда кеткен, мүмкін, ағаш жинайтын жерде шығар?


Алдымен жүкшілердің барағына соғайын дедім. Бұндағы жағдайды көрсеңіз жағаңызды ұстайсыз! Барактың ішіне жағалай екі қатар койка қойылған. Кейбірінің үстінде төсеніші те жоқ - бөстектің үстіне киім жаба салған. Коридордың соңында ұзын ағаш стол тұр. Бұрышта пеш бар, ошақтың үстінен қазан көрінеді. Екінші бұрыштан кішкене шолан салынған (кейін білдім, онда Варя тұрады екен). Столда киімін желбегей жамылған Анисимов қою қара шайды сораптап отыр, шамасы бас жазып отырса керек. Варя қазанның маңында күйбеңдеп бірдеме істеп жатыр.


Амандастық. Анисимов қолымен көрсетіп:


- Мынаның бәрі біздікі, біздің баспанамыз,- деді.


Мен күлдім.


- «Жынның ұясы» атты қонақ үй десеңші.


Ол ренжіп қалды:


- Өзімізге болады...


Сосын Варяны шақырды.


– Танысыңыз, бұл біздің шаруашылық меңгерушіміз, ал былайша айтқанда - бәріміздің ортақ жолдасымыз.


Варя қол беріп амандасты. Бірақ соның алдында қолын алжапқышына қайта-қайта сүрткені соншалықты, Анисимов оған былай деді: «Болар енді, Варька, терісі жұқарып қалады».


- Ортақ жолдас дегенді қалай түсінуге болады?


Варя қызарып кетті де. қазан-ошақ жаққа қарай беттеді. Анисимов менің түсінбегеніме таң қалғандай кейіппен:


- Бұл жерде еркек көп те, әйел жалғыз... Сондықтан түсінікті шығар... – деп Варяға қараған еді, ол шелектерін даңғырлатып далаға шығып бара жатыр екен,- Жалпы, мен әзілдеп айтып отырмын,- деді осыдан кейін,- сіз басқаша түсініп қалмаңыз...


Анисимовтан білгенім - Ефименконың бригадасы кеше бір аптаның нормасын орындап, екі күнге демалысқа шыққан екен. Қазір әрқайсысы әр жақта жүр: кім шөп орады, кім қора салады, кім басқа жұмыс істейді дегендей... Бір сөзбен айтқанда, не істейтіндерін өздері біледі.


«Бұл қалай? – деймін мен,- біреулері барлық жағдайлары бар зәулім үйлерде тұрады, екіншілері бишара адамдардай баракта тіршілік етеді. Жоқ, бұлай болуы тиіс емес!.. Бұлар да адам баласы, бұларға да дұрыс баспана тұрғызып  беру керек шығар, Редькин жолдас!» 


- Араларыңда үйленгендер бар ма? – дедім.


- Бар ғой... Бірақ олар әйелдерін алдыра алмайды. Қайда тұрмақшы, жағдайды көріп түрсың ғой?


- Неге Ефименко сияқты үй тұрғызбайсыңдар? Несие беріп жатыр ғой...


- Қыстақ уақытша салынады, үй тұрғызып қажеті не?


- Бұлай тұруға да болмайды ғой...


Ол бетін тыржитты:


- Сен қорықпа, саған үй табылады, - деді.


- Мәселе мен туралы емес, - дедім, - ең болмағанда жатақхана салуға болмай ма? Мына тұрып жатқан жерлерің шошқақора сияқты ғой.


Менің айтқаным оның жанды жеріне тиіп кетті-ау деймін:


- Сен абайлап сөйле!– деді,- үй салатын құрылысшылар жоқ, ал біздің жоспар орындаудан қолымыз босамайды.


- Жоспар да орындау керек, үйді де салу керек. Осының бәрінің амалын табу керек қой.


- Қандай ақылдысың!– деп күлді ол,- қолыңнан келсе, істеп көрсетсеңші.


Ағаш жинап жатқан жерге қарай бет алдық. Текшелеп жиналған ағаш кесінділерінің қасында бір топ адам отыр. Бұлар, шамасы, бұтаушылыр мен тасушылар болса керек, яғни Анисимовтың бригадасының адамдары. Қастарында кран тұр. Оның көлеңкесінде әуендетіп ысқырып бір краншы жатыр.


Мен олармен қол беріп амандастым.


- Бұл не отырыс, жолдастар? – деймін.


- Суға түсу үшін жиналып едік... – деп Елкин қалжыңдағысы келді, - бірақ суға бірінші болып қайсымыз түсерімізді білмей отырмыз. Мүмкін, сізден бастармыз, шебер?– Ол қасындағыларға қарап көзін қысып қойды.


Бәрі қарқылдап  күлді.


- Көңілді екенсіздер, - деймін мен, - сіздер де Ефименконың бригадасы сияқты жоспарды орындап қойдыңыздар ма? Сосын демалып отырған боларсыздар?


- Біз бе?– деп краншы қайталап сұрады,- біз Ефименконың ісіне ұялғаннан жиналып отырмыз. Сіз онда болдыңыз ба?


- Ия, - деймін.


- Болсаңыз оның не істеп жатқанын көрген шығарсыз? Бір самырсын құлатады да жоспарын орындап шыға келеді. Сосын біз оны шығара алмай әуреге түсеміз.


- Мен көруін көрдім ғой, ал сендер қайда қарап жүрсіңдер?


- Біздің не істеуіміз керек, сонда?


- Айқай салуларың керек еді! Тиісті адамдарға айтуларың керек еді! Ағашты ереже бойынша кесуді талап етулерің керек еді!


- Біз айтып тұрмыз ғой, - деді Анисимов.


- Кімге?


- Саған... Сен шеберсің ғой.


- Менің сендерге айтарым мынау: бұдан былай ағашты таңдап кесуге жол берілмейді!


Осыны айттым да кетіп қалдым.


Артымнан: «Айтқыш екен!», «Театрдан келген болу керек, шамасы?», «Даусы да зор екен!» - деген сияқты сөздер айтылып жатыр. Соңынан күлкі естілді.


Ағаш таситын тягачқа отырып Ефименкоға бардым.


Оны көлден шөп орып әкеле жатқан жерінен таптым. Бұнда бау-бақшасы, шөп жинайтын сарайы, басқа да шаруашылық құрылыстары бар екен. Бәрін биік дуалмен қоршап тастаған. Міне, ол қайықпен жағаға келіп тоқтады. Әйеліне: «Настасья, шөпті түсір!»- деп әмір берді. Қайықта отырған әйелі шөпті жағалауға түсіре бастады, өзі бауланған шөпті дуалдан асыра лақтырып тұр. Күшіне қайран қалып тұрмын, басын ақ шалса да қайраты керемет: бауланған шөпті лақтырғанда еш қиналмайды, тек айырдың сабы сықыр-сықыр етеді.


Мен оған жақын келдім. Мені көрген бойда құшағын жая бері қарай жүрді. «Амансың ба, қымбаттым!»- дейді күліп. Жаңа ғана әйеліне жекіріп жатыр еді,  енді екі езуі екі құлағында, мені құшақтағалы келеді. Нағыз артист дерсің!


Осы кезде менің есіме кімнің түскенін білесіз бе? Енем түсті! Ол да осылай лезде өзгере қалатын еді. «Мені бұлай ала алмайсың, - деймін ішімнен, - менің бұл жөнінде тәжірибем бар!»


- Отырыңыз,- дейді,- мына шөптің үстіне отырасыз ба?.. Болмаса, сарайға кірейік пе? Мүмкін үйде отырып әңгімелесерміз... Мен де ойланып жүрмін, сізге үйді қай жерге тұрғызсақ екен деп...


Мен оған қатаң дауыспен ресми түрде жауап қаттым:


- Ертеңнен бастап өз еріктеріңмен демалысқа шығу тоқтатылады!


- Түсінікті,- ол сәл үндемей тұрып ернін жымқырды,- яғни, жоспарды артық орындағанымыз есепке алынбайды екен ғой?


- Ия, есепке алынбайды! Сіздер технологияны бұзып жатырсыздар, бұдан былай таңдап кесуге рұқсат берілмейді. Сосын, сізге бірнеше адам бөлуге тура келеді – олар жатақхана тұрғызулары керек.


- Менің жұмысшыларымның үйлері бар, - деді ол түнеріп.


- Оның есесіне жүкшілерде үй жоқ.


- Ол жалқаулар үшін мен кінәлі емеспін, - деді ашулы түрде, - басқа бригадада менің шаруам жоқ!


Ызадан жарыла жаздаған мен аузыма түскен сөзді айта салдым:


- Есіңізде болсын, Ефименко жолдас! Енді бір айдан кейін сіздің бригадаңыз да, басқа бригадалар да болмайды – бәрің ортақ  жұмыс істейтін боласыңдар.


Бұрылдым да кетіп қалдым.


- Көрерміз... – деп ол қала берді.


Білесіз бе, бұл ой менде бұрыннан бар болатын: үш бригаданы біріктіріп бір бригада жасау керек! Сонда жығушылар әр жерден таңдап кесе алмас еді. Себебі бұтаушылар мен тасышылар жоспарларын орындамаған жағдайда қосымша ақыдан бәрі қағылады. Бұл жерде әркім өз басын ойламайды, ортақ іс үшін жұмыс істейді. Жоспар да, еңбекақы да жөнелтілген ағаштың көлемі бойынша есептелінеді. Белгілі бір учаскенің ағашын кесіп болғаннан кейін ғана келесі учаскеге көшуге рұқсат беріледі. Курста бізді осылай оқытқан еді.  


  Ефименко келіспегенмен менің бұл ойымды бұтаушылар мен тасушылар қуана қарсы алды. Учаскелерде қазір бұл үйреншікті жағдай, оны цикл деп атайды, ал ол кезде жаңалық болатын. Ең бастысы маған ағашты таңдап кесуді тоқтату керек болды.


- Таңдап кескеннің қандай зияны бар? – деп сұрадым мен Силаевтан.


- Қандай зияны бар дейсіз бе? Мәс-саған! Тайгада не өсетінін білесіз бе? Самырсын, емен, шырша, қайың мен теректерден басқа қаншама  ағаш түрлері өседі... Таңдап кескен жағдайда самырсын мен емен, онда да тек ірілері жығылады. Олар құлаған кезде айналасындағы майда талдарды, өскіндерді қиратып кетеді. Ағаш жинайтын жерге сүйретіп жеткіземін дегенше жолындағы барлық ағаштарды құртып бітеді. Бұдан кейін орман қалпына келе ала ма?


- Майда талдарды не үшін кеспейді?


- Жоспар орындау үшін ірі ағаш қолайлы. Ағаштың өлшемі көлеммен есептеледі ғой, ірі ағаштардан көлем тез орындалады. Оның үстіне жол жоқ болғандықтан ағашты өзенмен ағызады. Ағызған кезде самырсын мен еменнен басқалары суға тез батып кетеді. Бұрынғы кездері қайың, терек, үйеңкі, басқа да майда талдарды самырсынмен араластырып сал буатын еді. Осылай ағызатын. Қазір бұлай жасай алмайды, себебі сал ағызушылар жоқ. Технология бойынша іріктеп кесуге тыйым салынған, бірақ бұнда басқаша. Онда ереже, бұнда күнделікті өмір, яғни жоспар орындау керек. Жоспар орындасаң ерсің, орындамасаң ақымақсың! Ал жоспар қандай жолмен орындалып жатыр, оған еш адамның басы ауырмайды. Енді түсіндіңіз бе?


                                                    * * *


Темекісін тұтатты.  Түтінін сорып үнсіз отыр.


- Бұның бәрі белгілі жағдай ғой, - деді сосын тісі ауырған адамдай бетін тыржитып,- мұндайда былай дейді: «Сенің қолыңнан жұмыс істеу келмейді екен, сол себептен әртүрлі заңдарды ойлап табасың!» Бұрынғы бұрынғы ма, енді Ефименко маған ерегіскеннен білгенін істей бастады – учаскенің шәт-шәлекейін шығарды. Мен тоқтатпақ болған едім: «Сонда көлемді қалай орында дейсің?»- деді. «Қанша ағашты құртып, қанша көлемді ысырап етіп жатқаныңды білесің бе?»- деймін. Ол болса ештеңе түсінбегенсіп тұр: «Қалайша?». «Сен өтірік ақымақтанба! Таңдап кесуге рұқсат жоқ!». Ол электр арасын иығына салды да: «Мен жұмыс істемеймін! Істемеген уақытым үшін ақша төлейтін боласыз»- деп кеңсеге қарай беттеді.


Ізінен мен де барған едім, кеңседе Редькин екеуі күбірлесіп отыр екен. Мен кіру бойына Редькин орнынан тұрды.


- Не болды?


- Біз ағаш кесіп жатқан жоқпыз,- деймін,- орманды құртып жатырмыз.


- Сен, немене, айдан түстің бе? Бұл жерде жиырма жылдан бері осылай кесіліп жатыр ғой.


- Мен өткен жылдар үшін жауап бермеймін. Бірақ, өзімнің учаскемде орманды бүлдіруге жол бермеймін. Барлық қаулы-қарарларда іріктеп кесуге тыйым салынған, бұл браконьерлік болып есептеледі!


- Сен айқайлама,- деді ол (тіпті, алақанымен құлағын басты),- сенің әлгі қаулы-қарарларыңда жол салу да айтылған емес пе? Қайда сол жол?


- Жоқ болса, салу керек!


- Фу-у, сен қызық адам екенсің! Кімсің өзің? Трестің бастығысың ба, әлде министрсің бе? Сен кімге бұйырып тұрсың?


- Ағаш кесуде белгіленген тәртіп бар, ол бәрімізге ортақ. Соны орындау керек.


- Тәртіп дейсің бе? Жақсы... Кел, отыр, сөйлесейік, - деді де маған орындық ұсынды, - енді заңға келейік. Заң бойынша өскінді өлтіруге болмайды, ағашты шетінен кесу керек, сосын ол жерді тазалап барып жас ағаш отырғызу керек... Солай ма?


- Дұрыс.


- Жақсы... Шетінен кесе бастайық. Шырша, қайың, терек, үйеңкілер өзенмен ағызуға келмейді, олар суға батып кетеді. Тасып жеткізетін жол жоқ. Сонда не істеу керек? Жол сала бастайық па? Онда ағаш дайындау жоспарын кім орындайды?


- Сал буайық, - дедім.


- Адамдарды қайдан аласың?  Салды кім буады, кім ағызады? Оның үстіне білгір лоцман қажет – сал ағызу кім болса соның қолынан келе бермейді! Неге үндемейсің! Мемлекетке ағаш керек пе? Керек! Мүмкін мемлекетке біз жол салып болғанша бір-екі жыл ағаш сұрамай күте тұр дерміз? Солай ма?


- Жоқ, олай емес...


- А-а, санаңа енді жетті ме? – ол орнынан тұрды да, маған көзімен тесіп жіберердей қарады: - біз самырсынды суға батпайтын болғасын кесеміз. Ия, біз өскіндерді құртып жатырмыз, орманды қиратып жатырмыз. Тіпті, тайгада аң мен құс азайып барады. Себебі, қарағай олардың панасы әрі асыраушысы. Ағаш ағызып, балықтың уылдырық шашуына да кедергі келтіріп жатырмыз. Балық азайып барады. Сенің ойыңша, осының бәрін білмейміз ғой? Білеміз! Бірақ сенің бастамаңды қолдап, айтқаныңды орындай алмаймыз. Мемлекетке ағаш қажет. Келесі жылы емес – биыл, ертең емес – бүгін қажет. Біз жоспарды қалай да орындауымыз керек! Басқа жол жоқ!


- Сонда жиырма жыл бойы амал табылмағаны ма?


- Бұл тәртіпті біз ойлап тапқанымыз жоқ, біздің жұмысымыз жоспар орындау ғана. Қайсысы қалай болады деп ойланып жатуға мұрсамыз жоқ, біз орындаушылармыз. Үлкен адамдар бар, олар жағдайды бізден де жақсы біледі. Солар шешсін, барлығы үшін солар жауап береді! 


- Қызық екен, - деймін, - сонда директор да осылай ойлай ма?


- Сен осы әңгімеңді оның өзіне айтып көрсеңші...


- Айтамын! – дедім де орнымнан тұрдым.


Шыға берісте жұмысшылар отыр екен. Амандасқалы кідірген едім, есіктен Ефименконың даусы естілді: «Басы дұрыс істемейді-ау деймін, әлде зиянкес пе?». Редькин жауап қайырды: «Өте қауіпті адам!  Бұдан көз жазбау керек, болмаса бәрін бүлдіреді». 


Жұмысшылардың кейбірі күліп жатыр, кейбірі маған жаны ашығансып ақыл айтуда: «Солармен айтысып нең бар, бәрібір жеңе алмайсың...»


- Кешіріңіз, бұныңыз Дон Кихоттың тірлігі ғой, - дедім мен де Силаевқа жаным ашып, - қалыптасқан жағдайды өзгертудің қиын екендігін сіздің түсінбегеніңіз қалай?


- Ия, солай... Бірақ ол кезде бәрін ойланып жатты дейсіз бе? Менің мақсатым дұрыс болатын және заң да мен жағында еді. Сол себептен аяғына дейін барғым келді. Егер айтқанымды орындай алмасам, менің адам болғаным қайсы? Жұрттың алдында уәде бердім, енді оны орындауға келгенде басқаша сайрамақпын ба?


Осыны айтты да Силаев сұраулы жүзбен маған қарады.


- Сонымен... директорге бардыңыз ба?


- Бардым... Жолсызбен, орман ішіндегі аңдар салған жалғыз аяқ соқпақпен екі күн жүріп, үшінші күні таңертең директорге кірдім. Оның мені қолдайтынына сенімім мол еді. Себебі, мен өзімнің емес, қоғамның және мемлекеттің меншігін жанымды салып қорғағым келіп жүр ғой. Ал ол болса... маған ақылынан адасқан адамдай қарады. «Сіз неге сонша қобалжып отырсыз, жолдас? Іріктеп кескенді кім жақтайды дейсіз, бірақ амалымыз не? Уақытша қиыншылық қой. Мерзімі келгенде жаңа бекеттер ашамыз, сол кезде бәрін де ғылыми тұрғыдан жүргізетін боламыз. Барыңыз, жұмысыңыздан қалмаңыз! Сіздің айтқан пікіріңіз құнды, біз келешекте оны еске аламыз»- деді. Бірақ, кешенді түрде жұмыс істеуге рұқсатын берді. Онысына да рахмет.


                                                         * * *


Үйге келдім. Түрім адам танығысыз болса керек, барарда да қайтарда да масаларды азықтандырып далада түнедім ғой. Бұнда да қаптаған маса. Натальяның көңіл-қошы жоқ. «Орман кезіп қаңғырып жүргенше,- дейді,- үйдің қабырғасындағы саңылауларды неге бітемейсің, масалар содан кіріп жатыр».«Мақұл,- дедім,- қазір бітеймін».


Ескі мүктерді жинап әкеліп саңылауларды бітеуге кірістім. Осы кезде Анисимов келді. Отыра қалып темекі тартты. Сосын Сергованцев келді. Оны-мұны әңгіме етіп отырмыз. Олардың не мақсатпен келгені белгілі, сондықтан көп күттірмей директормен болған әңгімені айтып бердім.


- Оған бәрі бір ғой, - деді Анисимов, -  олар қалаға жақын тұрады. Егер бізге келсе, іс-сапарға шыққаны үшін ақшасын алады... Кешенді бригада мәселесі не болды?


 - Оған рұқсатын берді. Бірақ ағаш кесушілерді зорламаңдар, өз еріктерімен кірсін деді.


- Біз бәрін заң бойынша істейміз. Жиналыс өткіземіз, дауысқа саламыз, - деді Анисимов, - қалай боларын сосын көре жатармыз...


- Не көретіні бар?– деп Сергованцев сөзге араласты,- ағаш кесушілерден басқаларының бәрі қолдарын көтеретіні анық.


- Енді жаппай кесуді қолға алсақ жұмыс сонда қызар еді.


Осы кезде Анисимов маған жымия қарады.


- Мен,- дейді,- бір баланы Тамбовкаға жұмсағанмын. Онда сал байлаушылар тұрады. Олар сал байлауға, оны ағызып апаруға келісіпті. Лоцман да табылды.


Мен қуанғанымнан орнымнан атып тұрдым.


- Осы уақытқа дейін айтпай қалай шыдап отырсың?– деймін,- Болды! Ертең жиналыс өткіземіз. Бәріңді бір бригадаға біріктіреміз – кешенді бригада болады. Сонда жоспар да, табыс та ортақ болмақ.


Біздің бұл әңгімеміз ертеңіне бүкіл қыстаққа белгілі болды. Мені Редькин шақырды. Мысқылды кейіппен:


- Сен, жаңалық ашқышым, төртінші тоқсанда тәжірибе жасау емес, жоспар орындаумен айналысатынын білесің бе, әлде білмейсің бе?– деді.


- Тәжірибе жасау үшін бөлінген арнайы тоқсан бар екенін білмеппін,- дедім мен.


Ол менің айтқанымды құлағына да ілген жоқ.


- Біздің он екі мың куб ағаш беруіміз керек. Оның үштен бірі – төрт мың кубы сенің учаскеңнің үлесінде, түсінесің бе?


- Ия.


- Жаппай кескенде осыншама көлемді орындай аласың ба?


- Орындаймын!


- Батыр екенсіз, – деп күлді Редькин, - Әлде де ойланыңыз. Егер жоспар орындалмаса, не болатынын білетін шығарсыз?


- Мен ойланып қойғанмын!


- Олай болса,- деді тағы мысқылдай күліп,- естияр адамсыз ғой, өз ісіңізге өзіңіз жауап берерсіз.


Жоспар орындалмаса не боларын білдім, бірақ менің енді шегінетін жерім жоқ еді.


Ұзамай бір қолайсыз жағдайға тап болдым. Ефименко мені аяғымнан шалып құлатты. Бұл үшін ол Варяны пайдаланды.


Әлі есімде, сол күні кеште жиналыс жасағанбыз. Мақсатымыз бригадаларды біріктіру және жатақхана құрылысына жұмысшылар бөлу еді. Редькин қолының бос есестігін айтып, жиналысты өткізуді маған тапсырды. Мен баракқа жақындағанда қараңғы түсе бастаған болатын. Кенеттен, барак маңындағы бұталар арасынан, әлдебіреулердің даусы құлағыма келді. Бірі Варянікі сияқты, екінші дауыс та таныс, кімдікі екенін алғашқыда ажырата алмадым. Варя, шамасы, кеткісі келетін сияқты, қасындағы еркек жібермей тұр: «Немене, жас қыздай-ақ!..» - дейді. Менің кете бергім келген еді, кенет Варяның айқайын естідім: «Жібер, хайуан, болмаса айқайлаймын!» - «Айқайлап көр, үніңді өшірейін!» - деді еркек адам. Алысқан дыбыстар естілді, артынша Варя шыңғырып жіберді. Мен көмекке ұмтылдым. Қараңғыда белгісіз біреудің иығынан ұстадым да, жеңінен тартып қалдым. Үстіндегі күртесі дар етіп жыртылған ол шалқасынан құлады. Осы кезде оның краншы Елкин екенін таныдым.


Ол орнынан тұрды. Сосын қолдарын шалбарының қалтасына салып:


- А-а, бұл ше-ебе-ер екен ғой, - деді таң қалғандай соза сөйлеп, - қызғанып тұрсың ба, немене? Әлде, өзіңдікі аздық етті меа? Енді, біздің ортақ дүниемізге қол салғың келген екен ғой?


- Ойпырмай! Кім десем - біздің жаңа шебер ғой! – деген дауыс шықты осы кезде арт жағымнан,- Елкин, саған не болған? Шеберге неге жол бермейсің? – Осылай деді де жөткірініп қойды, сосын күліп жіберді. 


- Қараңғыда байқамай қалдым... Біздің Варкамен алысып жатқан кім десем, өзіміздің шебер екен ғой...


Осы кезде Варка Елкиннің тұмсығынан бір салды. Ешқандай әңгіме айтқан жоқ, ұрды да жүре берді. Ефименко бұл сәтті де құр жіберген жоқ, өз пайдасына шешті:


- Ашуланудың қажеті жоқ, көбелегім, шындыққа шара бар ма? – деді кетіп бара жатқан Варяға қарап.


- Сіз алдымен анықтап алсаңызшы... – дедім мен Ефименкоға.


- Мен бе? Менің жұмысым қанша? Менен үн шықпайды,– Осылай деп тағы жөткірініп қойды. Қараңғы болса да оның Елкинге қарап көз қысқанын байқап қалдым.


Мен баракқа қарай беттедім. Жиналыс басталды. Жиналыста  Ефименко ағаш жығушылардың арасында отырып күбірлеп сөйлесумен болды. Ара-арасында күлкілер естіліп қалады. Жұмысшылар маған біртүрлі көзқараспен таң қала, тіпті, кейбірі мысқылдай қарайтын сияқты. Бұның бәрін мен кейін есіме түсірдім, ал ол кезде мән бермеген болатынмын. Мен, тіпті, шоландағы Варяны шақырып алған едім. Ол ішінен бекітіп алып шықпай жатқан еді. Шоланның есігін қағып, оның жиналысқа қатысуын сұрадым.


- Оны президиумға сайлайық, - деп күлді Елкин.


- Жиналыстың хаттамасын толтырсын... – деді Ефименко. Бәрі күліп жатыр.


Варяны столға әкеліп отырғыздым. Алдына дәптер бердім.


- Отыр. Жаза аласың ба?


Ол қызарып кетті де, басын изеді:


- Жазып көрейін...


- Онда жиналыстың хаттамасын сен жазасың!


Ефименко тағы бірдемелерді айтып жатты, оған қосыла күлкілер естілді. Біреу: «Редькин неге жоқ?» - деді. Мен оның тоқсандық есеппен айналысып жатқанын, жиналысты өткізуді маған тапсырғанын айттым да, бастап кеттім.


Көп сөйлегенім жоқ. Бәріміз бірігіп кешенді жұмыс істегеннің пайдалы екендігін: жығушылар мен бұтаушылардың, тасушылар мен тракторшы-краншылардың табыстарының соңғы нәтижеге байланысты болатынын, яғни тауарлы өнімнің көлеміне қарай ақы төленетінін, еңбек өнімділігінің артатынын, соның есебінен үй тұрғызуға қосымша адам шығаруға мүмкіндік туатынын айттым. Ал таңдап кесуді бұдан былай үзілді-кесілді тоқтату керек, ағаштар батып кетпеу үшін сал буамыз дедім.  «Салды кім буады?», «Лоцманды қайдан табамыз?»- десіп жатыр. Анисимов оларға сал буатын адамдардың да, лоцмандардың да табылғанын, олардың алдағы көктемнен бастап жұмысқа шығатынын айтты.


 Жиналыс менің ұсынысымды бірауыздан қолдап шықты. Жұмысшылар тіпті: «Кешен жасасын!», «Қосымша ақы бәріне бірдей берілсін!»- деп айқайлап жатыр. Ефименко да дауыс берді.


- Егер шебер дұрыс есептеген болса, аз адаммен-ақ жоспар орындалатын болса, мен неге қолдамаймын? Ертеңнен бастап құрылысқа  адам бөлемін, - деді.


Біз кешенді бригаданың жетекшісі етіп Анисимовты сайладық және құрылыс үшін алты адам бөлдік. Осылай тарқастық.


                                                       * * *


Ертеңіне қыстақта: «Жаңа шебер Варькамен байланысыпты!» - деген сөз тарады. Мен енді түсіндім: бәрін ұйымдастырған Ефименко екен. Бұл жерде Варяның кінәсі жоқ еді, ол да мен сияқты құрбандық болатын. Оның үстіне мен Варяны жиналысқа қатыстырып, қоярда-қоймай хаттама жаздырып, отқа май құя түсіппін. Ефименко болса өзіне күмән келтірмеу үшін ғана жиналыста мені қолдаған болып көрініпті.


Мен ақталғаным жоқ. Не үшін ақталмақпын? Менің алдымда бір ғана жол бар еді – ол ешқандай өсекке құлақ аспау, яғни «айтқан адам айта берсін, мен үшін теңіздің суы тіземнен де келмейді» деп жүре беру. Бірақ, ойлап қараңыз, әйелі бар адам үшін (және ол әйел мені іздеп жердің қиырына келген болса) бұның оңай жұмыс емес екенін түсініп отырған боларсыз. Бұл өсектің оған жететінін мен білдім, оның айқай шығаруы да мүмкін еді! Мен бұған да дайын едім, бірақ бұл жерде мені тағы аяғымнан шалды...


Ертеңіне ағаш кесіп жатқан учаскеде Редькинді жолықтырдым. Ол әдетінше менің жеңімнен ұстап тұрып:


- Абайламайсыз ба? Жұрттың бәрінің әңгімесі сіз туралы... – деді.


- Сіз Варя жайында айтып тұрсыз ба? Бос әңгіме ғой!


Ол бетін тыржитты.


- Мүмкін, бос әңгіме шығар, бірақ енді сіздің бұл учаскеден кеткеніңіз дұрыс. Сіз үшін де, шаруашылық үшін де қолайлысы осы. Мен Озерный учаскесінен орын дайындап қойдым.


«Ах, солай ма? Менен осылай құтылғыларың келген екен ғой!». Бірақ сыр бергенім жоқ. Сыпайы ғана:


- Қамқорлығыңызға рахмет, мен ешқайда кетпеймін! - дедім.


Сіз түсініп отырсыз ба, достым, егер мен басқа учаскеге кетсем не болар еді? Біріншіден, Варя туралы өсектің бәрі «шындыққа» айналар еді; екіншіден, бастаған істі аяғына жеткізбей кетуім жұмысшылардың алдында сатқындық болар еді; ал үшіншіден, менен құтылу үшін олар осының бәрін әдейі ұйымдастырды ғой. Осының біле отырып қалай кетуім керек?! Мен кетпеуге бел байладым.


Силаев тағы да темекі тұтатты. Демін терең алып, түтінін ішіне тартып ұзақ отырды.


- Кейін білдім: сол күні Редькин менің әйелімді қайықпен Озерныйға алып барған екен, сондағы бос тұрған үйді көрсетіпті. Сендер үшін әдейі босаттырып қойдым, күйеуіңді көндір де, тез көшіп алыңдар депті.


Кешкісін үйге келдім. Наташаға менің бар-жоғым бәрі бір сияқты, қарамайды. Мен бірден түсіне қойдым: оған Варя жайлы береу жеткізген болды ғой!


- Бүгін күн ыстық болды, - деймін, - күз болса да ыстық қайтар емес...


Бесік тербетіп үнсіз отыр, тіпті, бұрылып та қарайтын емес. Қасына келіп қызыма сөйлеген болып жатырмын:


- Мамаң ашулы сияқты ғой, қызым-ау, себебін білесің бе?


Наташа үндемейді.


Жуынып жатып тағы сөйледім:


- Анисимов жарады: сал буушыларды да, лоцмандарды да тапты.


Ол үнсіз.


- Саған не болды? Неге үндемейсің? – деп сұрадым ақыры.


- Сен қашан бізге назар аударар екен деп күтіп отырмын. Әлде саған әйелің мен балаңнен бөрене қымбат па?


- Мен қолымнан келгенінің бәрін жасап жатқан сияқтымын...


- Не жасап жатыр едің? Анисимов сал буатын адам тапқан екен, сол үшін сен қуанғаннан қайда болса сонда жата кетуге дайынсың? Саған бәрі бір ғой?


- Енді не істе дейсің?


- Сен әйелің мен қызыңның осындай жерде тұрып жатқанына ұялмайсың ба?


- Сонда не істеуім керек? Мен министрмін бе? Бұл жерде үй жоқ қой! Үй тұрғызатын мүмкіндікті де көріп тұрғаным жоқ.


- Сен көрмейсің, әрине. Сенің орныңа басқа біреулер көреді менің қандай азап шегіп жүргенімді. Масадан бетім ісіп кетті. Құдайым-ау, мына ит байласа тұрғысыз жерде қалай ғана өмір сүруге болады?!


- Сәл шыдай тұр... Кейін бәрі жөнделеді. Жұмысшылардың бәрі адам сияқты өмір сүретін болады, әлі.


- Сенің «кейінің» таусылмайды! Кейін, мүмкін, мен кемпір болатын шығармын? Соған дейін күтпекпін бе? Мына өмір мені шаршатты, егер сен түсінбейтін болсаң, түсінетін адамдар табылады.


- Кім саған қамқор болатын, сонда?


- Маған ғана емес, саған да қамқор болады. Редькин мені Озерный қыстағына алып барды. Онда саған жұмыс дайын, үй де бар. Ертең көшуіміз керек!


- Редькин бе сені үгіттеп жүрген? Ах, иттің баласы! Оны ма?.. 


Ол кекесін күлкімен:


- Жарайсың! Қамқорыңды ойлап жүрген адамға айтқан рахметің осы ма?– деді.


- Қайдағы қамқорлық! Ол мені де, сені де ақымақ етіп жүр ғой! Менен құтылғысы келеді, сондықтан сенің басыңды айналдыруға кіріскен. Енді түсіндің бе?


- Сен жайында жұрттың не айтатынын білесің бе?


- Не айтады?


- Барактағы бикештің сүйіктісіне айналыпсың ғой.


- Сен осы өсекке шынымен-ақ сеніп жүрсің бе? Тағы айтамын, олардың менен құтылғысы келеді, сондықтан ұйымдастырып жүр. Мен жұмысшыларды осы бастамаға көндірген едім, олар маған сеніп отыр, енді қалай тастап кетпекпін? Өзің айтшы, осы дұрыс па?


Ол айқай салды:


- Менің адам сияқты өмір сүргім келеді! Келесі жылы емес – осы биыл – сосын кенеттен жалына бастады,- Женя, мені тыңдашы... Қазір жиналайық та, ертең көшіп алайықшы. Тыңдап тұрсың ба? Мен сенен өтінемін!


- Сен ақылыңнан адасқан шығарсың?


Осы кезде ол ызадан жарылып кетті:


- Жо-оқ, ақылынан адасқан мен емес, сенсің! Сен барлық жерде өз билігіңді жүргізгің келеді! Жұрттың барлығы адам сияқты өмір сүреді, ал сен болсаң... Сен үшін бәрі дұрыс емес... Барлығы да саған қарсы сияқты... Үйде анам күн көрсетпеген еді, мұнда Редькин саған күн бермейтін болып шықты... Бәрінен ақылды болғың келе ме? Сен шектен шыққан эгоиссің! Сен мені сүймейсің! Ал мен, ақымақ басым, сенің ізіңнен жердің түбіне келдім-ау... Бар ана жезөкшеңе! Есіңде болсын, мен енді жастық шағымды сен үшін қор еткім келмейді!


Ашуланған күйі есікті тарс жауып шығып кеттім. Наташаға қатты ренжіген едім. «Неге мені түсінбейді? Жұмысшыларды өзінен артық көреді, сондықтан оларға жатақхана тұрғызуға жүгіріп жүр, сол үшін берген үйден бас тартып отыр деп қалай ойлайды? Бұл күлкілі жағдай ғой! Алдыма қойған мақсатымды орындауым үшін, сол мақсатқа жету үшін қиындықтарға шыдау керек екенін неге түсінбейді?! Оларға берген уәдемді орындамай, кетіп қалуға менің арым бара ма? Осыны неге ұқпайды! Ар дегеннің өзін кім қалай түсінеді, достым? Редькин үшін ол жоспар орындау; енем үшін өзінің және қызының жағдайын жасау; ал мен үшін не сонда?  Менің басым қатты...


Көл жағасына бардым. Түн көзге түртсе көрінгісіз қараңғы. Жағалауда бірдеме қараңдайды. Анисимов екен. Ол мені көріп:


- А-а, Аника-жауынгер[24]!- деді,- кел, отыр.


Қасынан орын нұсқады, өзі ішіп алыпты.


- Бізді аяймын деп соққы жедің бе?– Анисимов күлді де, қойнынан кішкене фляга шығарды, қақпағын ашып арақ құйды, маған ұсынды,– Іш, мен де сені аяп отырмын.


Мен бас тарттым. Ол ішіп салды, маған көзін қысып қойды.


- Енді тағы таяқ жейсің, дайындала бер...


- Бұндайда күлмеу керек, тәртіп орнату керек, - дедім мен ашуланып.


- Қарай гөр!– ол кекете күлді,- қазіргі жағдайымыздың несі жаман? Жан басына екі мыңнен табыс табамыз. Іш те же, сайран сал... бәріне жетеді... Басқа не керек?


- Сіздің,- деймін,- жанұяңыз бар шығар?..


Анисимов көпке дейін үн қатпады. Сосын салмақты түрде жауап қатты:


- Тәртіпті кім орнатады? Қожайын жоқ қой... Министрлік алыста, одан аспандағы ай жақын бізге,– ол жерде шалқасынан жатқан күйі керіліп алды,– Мен осы жылды аяқтап, тайгамен қоштасамын. Қош бол, тайга деймін! Екі жылдан кейін сен де кетесің, тек Ефименко ғана қалады бұл жерде...


- Неге бұлай? – Мен шарасыз кейіпте сұрақ қойдым.


- Себебі, біздер уақытша адамдармыз. Бір-екі жыл ғана жұмыс істейміз, сосын кетіп қаламыз. Маған, мысалы, Ефименко сияқты үй тұрғызудың қажеті не? Не үшін керек ол маған? Үш-төрт, ары кетсе бес жылдан кейін бұл жерді тастап кетеді. Мұнда Ефименко сияқтылар ғана қалады – орманшы болады немесе аңшы болып та өмір сүре береді. Олар осы орман шаруашылығын пайдаланып, өздеріне үй тұрғызып алды. Әжептәуір шаруашылықтары бар, бейімделіп қалды. Ал біз бейімделе алмаймыз, қалтамызды ақшаға толтырып алып, тайып тұрамыз. Кеңсе тілімен айтқанда біз «ағымдағы» адамдар болып есептелеміз. Мүмкін, оларға осы тиімді шығар, кім біледі?  Үй салу, жол салу... тағы басқа да жұмыстар үшін жыл сайын ақша бөлініп жатады ғой.


- Сонда не істеу керек?


- Сенің әйелің мен балаң бар, орталыққа жақын жерге ауысып алуың керек,- деді әңгіме желісін өзгертіп,- ол жақта адам сияқты өмір сүруге болады. Бұл жерде не істемекшісің? Поштаның өзі аптасына бір-ақ рет келеді.


«Жоқ, бұлай болмайды!» - деймін мен ішімнен.


                                                    * * *


Осы әңгімеден кейін Анисимов екеуміз жақын араласып кеттік. Бірақ біз ағаш жинайтын жер мен көл маңайында ғана кездесеміз. Мен баракқа баруды қойдым, өсек-аяңға жол бергім келмеді. Дегенмен Варяны аяйтын едім.


Бірде көл жағасында Варяны көрдім. Иінағашпен су алып келеді екен. Сол күні жаңбыр жауған болатын – биік жарқабаққа тайғанақтап шыға алмай жатыр. Дереу жақындап келіп иығынан шелегін алдым, биікке дейін апарысып бердім. Варя маған рахмет айтты, ал өзінің көзінен жас парлап тұр.


- Неге жылайсың, Варя? – деймін, - сенің ешқандай кінәң жоқ қой!


Ол ернін тістеді де, жылдам басып кетіп қалды.


Арада ай өтті. Осы кезде Редькиннің маған не істегенін білесіз бе? – деп сұрады әңгімешім.


- Аяғыңыздан тағы шалды ма? – деп дауыстап жібердім мен.


- Шалып ғана қойған жоқ, тақырға отырғызды! Қалай отырғызды дейсіз ғой? Майда өлшеммен! «Майда өлшем» деп орман шаруашылығында ұсақ ағаштарды айтады. Оларды дайындау өте тиімсіз: қажетсіз бұтақтар көп шығады, яғни ысырап көп болады. Редькин мен Ефименко осындай майда талы көп учаскені әдейі таңдап алыпты, сосын жаппай кесе бастапты. Мен тәжірибемнің жоқтығынан бұны кеш білдім. Не болды дейсіз ғой? Кесілген ағаш көп, бірақ тауарлы өнімнің көлемі аз болып шықты! Менің есебім бойынша жоспар орындалуы тиіс болатын. Бірақ, жығылған ағаштарды бұтап, тазалап, текшелеп жинаған кезде жоспарлы өнім орындалмай қалды - жарамсыз бұтақтар көп болып шықты. ,


Әрине, айқай басталды. «Силаевтің кесірінен жоспар орындалмай қалды» - деп Редькин мен Ефименко директорге жеткізді. Мені кеңсеге шақырды. Директор амандасқан да жоқ: «Отыр»,- деді. Отырдым. Қолдарын артына ұстап әрі жүрді, бері жүрді... Мен үндемей отыра бердім. Бір кезде шыдамады-ау деймін, қасыма келіп:


- Не істегеніңді білесің бе? – деді сыздана, - жоспарды бүлдірдің – бұл бір! Ең озат бригаданы таратып жібердің – екі!  Барлық жұмыстың быт-шытын шығардың – үш! Сен жаңашыл емес, зиянкессің! Жалғыз сен бе ақылды адам, сонда? Біздің бәріміз ақымақ екенбіз ғой, сеніңше? Сен барып тұрған демогогсың!


Мен де шыдай алмадым:


- Сіз өзіңіз демогогсыз,- дедім.


Айтқаным шамына тиіп кетті-ау деймін:


- Жарайды, - деді ол, - сенің бұл ісіңді мен аяқсыз қалдырмаймын. Есіңде болсын, сен орман шаруашылығымен екі жылға келісім-шартқа отырған адамсың. Шебер болып жұмыс істей алмайды екенсің, енді қарапайым жұмысшы боласың, жүкші болып істейсің!


Орнымнан тұрдым да шығып кеттім. Ойланып келемін: «Наташаға қалай айтамын? Айтсам ба екен, айтпасам ба екен? Мына соққыны ол қалай қабылдайды?» Бірақ ерте ме кеш пе, әйтеуір естиді ғой. Оның үстіне, ішімдегіні сыртқа шығарғым келді. Айтамын деп шештім.


Үйге келдім. Наташа маған абыржулы көрінді. Тамақ дайындап жүріп столдың үстіне өзінің орамалын жайып қойды. Орамалы бесіктің үстінде еді. Алып жатқанда байқап қалдым - астында хат бар екен. Өз көзіме өзім сенбей тұрмын: хат Чесноковтан келіпті! Наташаның қасына келіп, иығына қолымды салдым.


- Столдағы орамалыңды ал, бұрынғы орнына қой.


- Құдайым-ай, тіпті ақылымнан алжасатын шығармын,- деді де орамалды қолына алды.


Мен енді не болар екен деп күтіп тұрмын. Әне, ол орамалды орнына қою үшін бесіктің қасына барды. Хатты көрді, сосын тырп етпестен тұрып қалды. Мен оның мойын тұсының құлағына дейін қызарып кеткенін байқадым. Бірақ еш нәрсе айтқаным жоқ. Үйден шығып, баракқа қарай бет алдым. Ойым Анисимовке бару.


Ол баракта жалғыз отыр екен. Басқалары киноға кетіпті. Мен сол жолы өмірімде алғаш рет есімнен танғанша арақ іштім. Мас болғаным соншалықты, столда отырып ұйықтап қалыппын. Одан кейінгі болған оқиғаны еске алудың өзі ыңғайсыз... Тіпті, еске алғым да келмейді.


Оның басы салбырап кетті. Кенеттен қайтадан көтеріп алды. 


- Баракта мен жалғыз қалыппын (Анисимов бұрынғы әдетінше көл жағасына кетіпті). Сол кезде Варя мені шоланға апарып өзінің төсегіне жатқызыпты... Демалсын деген ғой... Мүмкін директор көріп қалмасын деп ойлаған болар? Өзі киноға кетеді. Менің шоланда жатқанымды  жұмысшылардың біреуі байқап қалыпты – ол кино көріп отырғандарға жеткізген. Варя мені ояту үшін баракқа жүгіреді. Ефименкоға керегінің өзі осы емес пе?  Қасына достарын ертіп алып Варяның ізінше олар да жеткен. Варя мені қорғағысы келіпті, бірақ бәрі керісінше болып шыққан ғой. Ол шоланды құлыптап, ішінде адам жоқ екенін дәлелдемек болады. Қалай жасыра алсын? Ол жасырғанмен, шұрық-тесік шолан жасыра ала ма? Халықтың бәрі көріпті, тіпті әйелімді де әкеліпті. Шоланның есігін ашып, төсекте жатқан мені көрсеткен...


Ол қабағын түйіп, бір нүктеге қадалған күйі үнсіз отыр. Мен де үнсізбін.


- Міне, достым, бар оқиға осы,- деді ол бір уақытта,- Мен ертеңіне ояндым. Анисимов маған бәрін айтып берді. Үйде әйелім жоқ екен. Ол азанда директордың катерімен кетіп қалыпты. Бөлменің іші шашылып жатыр: еденде түрлі газеттер, киім-кешек, төсек-орындар... Оның кеткеніне әуелде сенбей тұрған едім, кенет ашылып қалған қабырғаның саңлауынан көршінің қызын байқадым. Біздің алғашқы кездескеніміздей, өзінің қап-қара көздерімен сығалап қарап тұрекен . Мен осы кезде барып не болғанын түсіндім.


Стол үстінде Наташаның хаты жатыр. Көп жазбапты. Бар болғаны: «Кешір, бұдан әрі төзе алатын емеспін. Менің қайда және кімге кеткенімді білерсің деп ойлаймын. Іздеп әуре болма!» - депті.


Сол күні мен қыстақтан кетіп қалдым. Кеңседе директор қол қойған бұйрық ілініпті. Онда менің өндірісті ақсатқаным және моралдық азғындығым үшін орнымнан алынғаным, сонымен қатар шаруашылықта бұдан былай жұмысшы болып істейтінім жайлы жазылған екен.


Содан бері мен бармаған жер қалмаған шығар? Алғашқы кезде күйінгеннен және ызадан іштім, кейін бұл дағдыға айналып кетті... Енді ғана есімді жинағандаймын...


Варя менімен бірге кетті. Күйеуі соғыстан оралмаған жесір әйел еді,  ол да мен сияқты осы жаққа бақытын іздеп келген ғой... Осылай, екі жарты-бір бүтін болып, жүріп жатқан жайымыз бар, достым. Қазір мені емдетуге әкеле жатыр. Айтқанынан қайтпайтын мінезі бар өзінің,- ол жымиып қойды,- бір жыл бойы үгіттеумен болып еді, ақыры айтқанына көндірді.


Жаныма тақала отырып, бәсең дауыспен:


- Басқа біреу мен сияқты қолайсыз адаммен бірге жүрер ме еді?– деді,- Бұл болса, мені қайтсе де адам қатарына қосқысы келеді. Оның маған не айтатынын білесіз бе?– ол енді сыбырлай сөйледі,- Емделіп шыққаннан кейін мені іздеп әуре болма, мен саған қазір ғана керекпін дейді. Бірақ оны тастап кетеді екен деп ойламаңыз. Көріп отырсыз ғой, ол жалғыз және жасы менен үлкендеу... Оның жақсылығын мен ешуақытта ұмытуға тиісті емеспін. Міне, көрдіңіз бе, достым, адамдардың қандай болатынын,- деп әңгімесін аяқтады.


Орнынан тұрып, тайгаға көз салды. Оның әңгіме басындағы мұңды кейпі қазір мүлдем өзгеріп кеткендей еді. Жүзіне күлкі үйірілгендей ме, қалай?


- Қызым керемет сұлу - көзі қоңыр және әдемі, бұл жағы шешесіне тартқан. Ал шаштары сарғыш және бұйра – бұнысы маған ұқсаған. Қазір жүгіріп жүрген болар...


Ол тағы үнсіз қалды. Жағалаудағы үлкенді-кішілі төбешіктер мен оларға жармаса өскен ағаштарға көз алмастан қараумен тұр.


Евгений көпке дейін осы қалпынан қозғалған жоқ.


                                                   * * *


Базаға кеш түсе жеттік. Біздің кемесымағымыз жағалауға келіп портқа бүйірін тақай тоқтады. Трап түсіріліп, жолаушылар тарай бастады.


Біз қош айтыстық.


- Қалаға бет алдыңыз ба? – дедім мен Силаевқа.


- Ия, солай қарай...


- Емделіп болғаннан кейін қайда бармақшысыз, қалада қаласыз ба?


Осы сұрақты алдын-ала күткендей-ақ:


- Жоқ, тайгаға! – деп нық жауап қатты ол,- тайга маған өте қымбатқа түсті ғой... Тайга үшін мен жанұямнан айрылдым. Енді ол менен, мен одан оңайлықпен ажыраса қоймайтын шығармыз! Басқа қай жаққа бармақшымын?


Ол қайрақтай алақанымен менің қолымды қысып тұрып, тағы былай деді:


- Дегенмен, менің сол еңбегім далаға кетпеген сияқты. Қазір жаңа әдіспен жұмыс жасайтын бекеттер пайда бола бастады. Оларды мен ашпағанмен, соның ішінде менің де аздаған үлесім бар ғой деп ойлаймын. Осы ой мені үміттендіреді...


Олар жарқабаққа қарай бет алды. Көпке дейін артынан қарап тұрдым. Еңкіштеу келген ұзын бойлы Силаев сәл теңселе басып, Варяға сүйене, жоғары қарай көтеріліп бара жатты. Иығындағы ағашқа байлаулы дорбасы бұлғаң-бұлғаң етеді.


Есіме: «Мені тақырға отырғызған майда өлшем ғой!»- деген сөзі оралды. Ол осы сөзімен «майда өлшемнің» тек ағаштарда ғана емес, адамдар арасында да кездесетінін аңғартқандай болып көрінді маған.


 Кескін-келбеті мен мінез-құлқы, тіпті, іс-әрекеті де өзгешелеу осы адамның түбінде өз мақсатына жететініне мен шын көңіліммен сенген күйі қала бердім.


2014 жыл


 


Публицистикалар


 ҒАЛАМТОРДАН: Ленин осы күнгі буржуазиялық БАҚ-тардың жазуы мен кейбір әсіреинтеллектуальді жандардың пайымдаулары бойынша бәрінен бұрын қанқұйлы тиран. Ленин дегеніңіз қырғын соғыс, Ленин дегеніңіз бірін-бірі өлтіру, Ленин дегеніңіз ЧК мен НКВД... Бұлар дау мен күмән тудырмайтын нәрселер емес пе? Дегенмен, В.И.Лениннің кім болғандығы жөнінде басқа да көзқарастар бар. Соның бірі Ресейдегі Ставрополь коммунистерінің «Родина» аталатын газетінің редакторы Николай Федорович Бондаренконың пікірі. Бұл газет басқа аймақтық басылымдарға қарағанда өзінің ашықтығымен, маңыздылығымен ерекшеленеді және бұған газет редакторы Николай Федоровичтың шын мәніндегі алтын қаламының әсері бар екені даусыз. Мақаланы оқып көріңіздер.


 Н.Бондаренко[25]


Жердегі Ленин


 Діндар адамға Христостың адамзатты құтқару жолындағы ісі жайлы сөз қозғауға мүмкіндік беріп көріңізші. Ол сізге адам баласының күнәкар екендігін, тіптің дүниеге жаңа келген нәрестенің өзі де күнәкар болып туылатыны жөнінде айта бастайтыны анық. Себебі, нәрестенің ата-анасы да күнәдан пәк емес екен. Сонда олардың күнәсі неде деп ойлайсыз? Міне, осы жерде көптеген діндар адамдар жауап беруге қиналады, немесе тәннің күнәсі жайлы айта бастайды. Бірақ, тәннің бұған қандай қатысы бар?  


Адам мен Еваның алғашқы күнәсі Құдайды тыңдамағандығында, яғни тиым салынған алманы жегендігі болып есептеледі. Жаратушы олардың ұрпағын осы күнәдан тазартудың жолын, неге екені белгісіз, Христосты құрбандыққа шалудан тауыпты. Христостың құрбан болуы – адамдарды күнәдан тазартудың жолы екен.


Енді коммунистік нанымдағы адамға В.И.Лениннің адамзат қоғамының дамуы жолындағы атқарған ісі жөнінде айтуға мүмкіндік беріп көріңіз. Осы жерде, еріксіз түрде, оның Христосқа ұқсастығы байқалады. Діндар адамдар (әсіресе, дін қызметкерлері), әрине, бұл теңеуге төзбейтіні белгілі. Ленинді қалай ғана Христоспен теңеуге болады? Ленин дінсіз емес пе? Ол діндарларды қуғынға ұшыратқан жоқ па? Бұның бәрін өтірік деу, әрине, шындыққа жанаспас еді. Лениннің он алты жасқа келген шағында Құдайдан бас тартқаны рас. «Көзің мен қолың бар жерде Құдайға орын жоқ» (29 т. 53 б.). Ленин діннің үстемдік жасау құралы екендігін ерте түсінді.


Бірақ (алда әлі де осы «бірақты» бірнеше рет қайталауға тура келеді), ол діндарларға қарсы болған жоқ, коммунистер қатарына діндарларды ғана емес, тіпті дін қызметкерлерін де алуға келісті (17 т. 415-426 б.); бірақ ол діндар жандардың сезімін қорлауға қарсы болды (17 т. 422 б.); бірақ ол дінге қарсы соғыс ашуды қолдамады - дінмен емес, капитализммен күресу керек деді (17 т. 416 б.); бірақ ол ешқашан адамдардың дінге көзқарасын негізгі нәрсе деп есептеген жоқ, негізгі нәрсе саяси көзқарас екенін айтты (17 т. 417 б.); бірақ ол дін қызметкерлерінің елдегі саяси өмірге араласуына қарсы болмады (21 т. 469 б.) т.с.с.  Ленин, жалпы алғанда, Россияның қазіргі кездегі қолдарына шырақ ұстап шіркеуге барып жүрген дүмбілез байлары мен билік басындағыларына қарағанда дінге әлдеқайда жақын болатын.


Ең маңыздысы - ол Ежелгі Рустің I Петр кезінде күші жойылған патриарх билігін қалпына келтірді. Петрдің осы шешімін бұзуға Россияның Петрден кейінгі 13 патшасы мен патшайымының батылы жетпеген еді. Ал дінсіз Лениннің кезінде, мінекиіңіз, Поместік собор жиналып, патриарх сайлап алды. Кеңес заманының бірінші патриархы Тихон болғаны белгілі - шын аты-жөні Василий Иванович Беллавин, кейін әулие Тихон атанған (1865 - 1925). 


 В.И.Ленин қайтыс болғаннан кейін «Известия» газетінің 25 қаңтар 1924 жылғы санында: «Орыс православие шіркеуінің қасиетті Синоды халықты зорлық-зомбылық пен қанаудан құтқарған және бостандық пен еркіндік алып берген ұлы тұлғаның қаза табуына байланысты қайғырып көңіл айтады. Қаналушыларға бостандық алып беру жолында қасірет шегуші, шын бауырластық ниетін жақтаушы және жер бетіндегі халықтарды толық бақытқа жеткізу жолындағы ұлы күрескердің жарқын бейнесі тірі қалғандардың жүрегінде мәңгі сақтала бермек. Халықтың оны шын сүйгенін білеміз... Келер ғасырлар бүкіл адамзат бостандығының бесігі болған оның бейітіне барар жолды өшіре алмақ емес... Сенің көп қасірет шеккен, мейрімді де христиандық жан-дүниеңе мәңгілік тыныштық тілейміз және сені мәңгі есте сақтаймыз»- деп жазды. Осылайша, патриарх Тихон В.И.Лениннің жанын «христиандық» деп атап, оның өзін «қаналғандарға бостандық әперу жолындағы күрескер,  шын бауырластық ниетін жақтаушы және қасірет шегуші» деп атады.


Осы жерде Ленинді қайтадан Христоспен теңестіруге тура келеді. Інжілді еске түсірейікші - Христос нені уағыздап еді? «Жақыныңды сүй!»- деді және өзі сол үшін креске таңылды ғой. Ал Ленин ше, ол да осыны уағыздаған жоқ па? Оның мақсаты помещиктер мен капиталистерді құрту емес, оларды халықтың бақылауында ұстау, оларды өз тамағын өздерінің маңдай терімен табуына бейімдеу болатын. Лениннің әлеуметтік бағдарламасы қарапайым ғана - адамды адамның қанауына, яғни халықтың тапқа бөлінуіне жол бермеу, адамдардың барлығын бір-біріне тең және бауыр ету.


Осы ниеті үшін ол халықтан не қайыр көрді? Сол кездегі Ресей Үкіметі оның басына 200 мың алтын ақша тікті; екпінділер батальонының 50 офицері оны ұстап әкелуге ант берді; оның ізіне Треф атты үйретілген иісшіл ит түсті; эсер партиясының мүшесі Каплан оған уланған оқ атты (оқ иығы мен мойнынан тиді). «Мені ұстап алмақшы...» деп жазады Ленин достарына (34 т. 434 б.). «Егер мені атып тастаса,- деп жазды Ленин Л.Б.Каменевке 1917 жылдың 29 шілдесіндегі хатында (49 т. 444 б.),- Сізден өтінерім, менің «Мемлекет туралы марксизм ұстанымы» атты мақаламды бастырып шығарсаңыз екен». Өмірі қыл үстінде жүрсе де оның «Марксизм және мемлекет» атты шығармасының жарыққа шығуына қам жасап жүргеніне таң қаласың!  


В.И.Ленин небары 54 жыл өмір сүрді. Отқа өртенген Д.Бруно сияқты, революцияның от-жалынына шарпыла жүріп, ол кім үшін өмір сүрді деп ойлайсыз? Ол өз өмірін еңбек адамдарының бақытына арнады және сол үшін, құдды Христос сияқты, тірідей азапқа түсті. Тіпті, өлгеннен кейін де, бүгінгі күнге дейін азаптан арылмай келеді. Бүгінгі күні оны адамды адамның қанауына қарсы күрескені үшін айыптайды. Ленин жұмысшылар мен шаруаларды бақытқа жеткізсем деп армандады және сол үшін азап шекті. Бүгінгі күні сол жұмысшылар мен шаруалардың ұрпақтары оның ескерткіштерін бұзып, есімін мазаққа айналдырып жатса оны қалай ғана Христосқа теңемейсің? Оның өмірін қалай ғана Христостың өмірімен салыстырмайсың?  


Түбінде аспандағы Христостың емес, жердегі Лениннің ісі жүзеге асатыны анық[26].


 2017 жыл


  ***


 А.Михайлов[27]


Олар Қазақстанға ғылым құпиясының кілтін қалдырып кетті


Бұдан 100 жыл бұрын қазақ жерінде ғылым болған жоқ еді. Солай да болса, Евразия құрылығының кіндігінде орналасқан осы аймақ көптеген зерттеушілер мен ғылыми экспедициялардың назарын өзіне аудара білді. Бірақ, барлық деректер (сонымен бірге ғылыми да) Ресей мен Европаның ғылыми орталықтарына кетіп жатты.


Арада жарты ғасыр өтпей-ақ Қазақстанда ғылым пайда бола бастады, тіпті, кейбір салаларда жоғарғы деңгейге дейін көтерілді. Осы ретте қазақстандық физика, химия және математика ғылымдарының негізін салып, жас ғалымдарға заманауи ғылымның құпиясын ашқан, оның кілтін ұстатқан ғалымдар жайлы айта кеткен жөн ғой деймін. Себебі, бүгінгі Қазақстанның ғылыми ортасында оларды еске алу, жұмсартып айтқанда, өз дәрежесінде емес сияқты.


ҚазМУ-дың алғашқы доценті, МГУ-дің түлегі Дмитрий Владимирович Сокольский – Қазақстандағы химия ғылымының негізін салушылардың бірі. Дмитрий Васильевичтің өмірі қызықты және жұмбаққа толы. Бұған оның Энзели (Персия) қаласында туылғаны, Ұлы Отан соғысы жылдары НКВД қатарында болғаны, 1950-ші жылдары Вьетнамның ағарту министрлігінде кеңесші есебінде қызмет атқарғаны дәлел. Осы Сокольский химия саласындағы қазақстандық ғылыми мектептің негізін салушылардың бірі болып есептеледі.


МГУ-дің аспирантурасын бітірген ол 1937 жылы Алматыға келеді. Ал 1942 жылы ҚазМУ-дың профессоры және проректоры болады. 1951 жылы академик болып сайланып, 1965 жылдан 1976 жылға дейін Қазақ ССР-і Ғылым академиясының вице-президенті болды. 1965 жылдан өмірінің ақырына дейін өзі ұйымдастырған жергілікті Органикалық және электрохимия институтын (кейін өзінің атымен аталған) басқарып келді.


ҚазМУ-дың алғашқы профессорларының бірі Константин Петрович Персидский республикадағы математика мектебінің атасы болып есептеледі. Персидский (1903-1970) Сызрань қаласында туылып, Алматыда қайтыс болды. Қазан университетін бітіріп, сонда жұмысын бастаған ол диссертациясын қорғап, профессор атағын алған. 1930 жылдан бастап оның өмір жолы Қазақстанмен тығыз байланысты болды.


Персидский 18 жыл бойы КазГУ-де кафедра меңгерушісі бола жүріп ғылымнан қол үзген жоқ. 1951 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының академигі болып сайланды, 1966 жылдан бастап Алматыдағы өзі құрған Математика және механика институтын басқарды. Тұрақтылық теориясы мен дифференциалды теңдеулердің соңғы жүйесін шешумен айналысты. 


Қазақстандық физика ғылымының бастауында әйгілі В.И.Вернадскийдің шәкірті Виктор Викторович Чердынцев тұрды. Ол 1946-1960 жылдары ҚазМУ-дың экспериментальді физика кафедрасын басқарған еді. Бұл уақыт кафедра өміріндегі ең бір жарқын кезең болды. Жаңа дамып келе жатқан физика ғылымына талантты зерттеушілерді берген де осы кафера болатын. Осы ғалымдар түгелге жуық Алматыда ашылған Ядролық физика институтының кадрлық штатын толықтырды.


Чердынцев 1910 жылы Москва қаласында туылған, белгілі Радиев институтында жұмыс істеді, Қазақстанда 1944 пен 1960 жылдар аралағында тұрды. Тек тұрып қана қойған жоқ, Виктор Викторовичті білетіндер оның терең біліміне ғана емес, ғылымның түрлі саласынан хабардар екеніне таң қалатын. Ол Вернадскийдің лайықты шәкірті бола білді - физик, химик және геохимик еді. Бұдардан басқа археолог, тарихшы және мәдениет танушы.


1954 жылы П.И.Чаловпен бірге «Чардынцев-Чалов әсері» атанған уранның 234U және 238U изотоптарының табиғи жолмен бөлінуін ашты. 1960 жылы Москваға оралып, Геология институтының зертханасын басқарды. Өмірінің соңына дейін (1970) Чердынцев Қазақстанмен, ондағы өзінің шәкірттерімен байланысын үзген жоқ.


Егер Қазақстандағы физика ғылымы жөнінде айтар болсақ, онда тағы бір ерекше тұлғаға тоқталмай кетуге болмайды – ол Ядролық физика институтының негізін қалаушы ғалым, академик Георгий Дмитриевич Латышев.


Латышев 1907 жылы Орел облысында туылып, Ленинградтың политехникалық институтын бітірген. 1932 жылы алғаш рет советтік үдемелі бөлшектермен ядро ыдырату тәжірибесіне қатысты, ал 1940 жылы ғылым докторы және профессор болды. Оның ұйымдастыру қабілеті ерекше еді, сол себептен оған Алматы маңынан ядролық реакторы бар жаңа Физика институтын ашу ісі тапсырылды.


Латышевтің тұсында қазақстандық физика романтикалық нұсқада («физиктер» мен «лириктер»), яғни сол заманның талабына сай дәрежеде болды деп батыл айта аламыз. Жас және ынталы мамандарды КазГУ-дің бітірушілері қатарынан және Одақтың басқа да түкпір-түкпірлерінен іздеп, оларды Іле Алатауы етегінде орналасқан ғылыми қалашыққа жинап, жұмыс істеуге ғана емес, тұрмыстарына да қажетті жағдай жасай білді. Жас ғалымдар өздеріне жүктелген міндеттің маңыздылығын түсінді және болашақтарына сенді, сол себептен бірінші басшының талаптарын орындауға бар күштерін салды.


Академик Латышев тек институттың жұмысымен ғана айналысып қойған жоқ, оның Академиялық қалашық салудағы еңбегін ерекше атап көрсеткен жөн. «Алатау» академиялық қалашығындағы сібір ағашынан құрастырылып жасалынған фин үйлері өздерінің ерекшелігімен көз тартып, басқа да институттардың қызметкерлеріне қызғаныш сезімін тудырғаны анық. Бұның бәрі Латышевтің жігерлі еңбегінің арқасы еді. 


Сонымен қатар ол электр микроавтобустарын жүргізбекші (1960-шы жылдардың басында!) және басқа да «коммунизм құрылысшыларының» мінсіз қоғамына сай келетін қызмет түрлерін енгізбекші болған еді. Кейбірін іске асырды, кейбірін іске асыра алмады - арман күйінде қалды. Латышев 1960 жылға дейін өзі құрған институтты басқарып келді, кейін (өз еркінен тыс) Украинаға кетіп, сонда 1973 жылы дүние салды.


Бұл мақалада мен Василий Фесенков пен Гавриил Тихов сияқты физика-математика пәнінің негізін салушы астрономдарды айтпай отырмын. Себебі, олар бөлек әңгімеге арқау болатын ғалымдар (ғарыш жайлы ғой!) Біз реті келгенде оларға да тоқталатын боламыз.


 


2017 жыл


                                           Қ.Матреков[28]


 Ленин болмағанда, қазақтардың тағдыры не болар еді?


Соңғы кездері кейбір республикалық басылымдарда Владимир Ленинді қаралаған материалдар көбейе бастады. Олардың айтуынша дүниежүзі еңбекшілерінің көсемі Лениннің ескерткіші кейбір қалаларда әлі тұр, Ленин атындағы көшелер осы күнге дейін сақталып келеді. Ескерткіштерді неге алып тастамаған, көше атауларын неге өзгертпеген? Осындай сәттерде еріксіз ойыңа келетіні – сонда әлгі адамдар шынымен-ақ патшалы Ресей дәуірінің қайта оралуын қалай ма екен?    


Патшалы Ресей кезінде қазақтардың жағдайының қандай болғанын біз білеміз бе? Оларды кім адам санатына есептеді екен, олардың қандай құқығы болды деп ойлайсыз? Сол замандағы орыс-казактар қазақ даласына не істемеді дейсіз!


Орыс-казактардың келе жатқанын естіген бала жылауын қоя қоятын болған, ата-аналары қыздарын еркекше киіндіре бастаған, болмаса казактар емін-еркін зорлап кете берген. Қысқасы, ойларына не келсе соны істеген.


Кейбір деректерде Октябрь революциясының алдында патшаның пәрменімен қазақтарды православия дініне ендіру қолға алына бастағаны айтылады. Тіпті халықтың белгілі бір бөлігі ол дінді қабылдаған да екен.


Мына дерек жөнінде не айтар едіңіз? «Дат» газетінің 2017 жылғы 31 августағы санында ҰҚК-нің зейнетке шыққан полковнигі Амантай Кәкеннің «Қазақтардың құлдыққа сатылған тарихын білеміз бе?» атты мақаласы жарық көрді. Онда төмендегідей деректер келтірілген: «Қазақ даласын зерттеген Г.Н.Потанин былай деп жазады: «Сібірлік орыс-казактар қазақ даласына үнемі жорық жасап тұрды. Мақсаттары қолға түскен тұтқын қазақтарды Ірбітке апарып құлдыққа сату еді. 1743 жылдың ноябрь айында сотник Дороховтың басшылығымен 280 адамы бар орыс-казактардан құралған дружина қазақ даласына шапқыншылық жасап, құлдыққа сату мақсатында 42 ер адамды тұтқынға алған және 812 бас малды айдап әкеткен». 


Тағы бір дерек: «Қазақ қыздарын күң есебінде пайдалану XIX- ғасырдың ортасына дейін болып келді. Қазақ құлдарының бағасы төмендегідей болды (1737 жылғы мәлімет): 40 жасқа дейінгі әйел – 12 рубль; 30 жасқа дейінгі ер адам әйелімен – 1 жылқы, бір тай және 16 рубль; 16 жасар бозбала – 12 рубль; 20 жасар жігіт – 15 рубль. Ол кезде бір жылқының құны 91,5 тиын болған».


Үшінші дерек: 1808 жылғы патшаның пәрменінде (указ) былай делінген: «Барлық ерікті адамдарға қырғыздардың балаларын сатуға және сатып алуға келесі жағдайда рұқсат етіледі: 1) иеленушінің жасы 25- тен асу керек; 2) сатушы мен сатып алушылар бұл жөнінде Орынбор шекаралық комиссиясына ескертулері керек; 3) сатып алушы тұтқынды басқа адамға беруге құқылы».


Ленинге қарсы шығушылар патшалық кезеңді аңсап, құлдық қоғамға қайта оралғысы келетіндер ме сонда?


Ленин бізді осы құлдықтан құтқарды. Қазіргі орыс шовинистерінің (Жириновский, Лимонов сияқтылар) оны өлердей жек көруі осыдан болар. Себебі ол қазақтарға (басқа да барлық майда ұлттарға) автономия алып берді, бір ұлттың екінші ұлтты кемсітуін жойды, жас Кеңес мемлекетінің тең дәрежелі азаматы болуларына мүмкіндік жасады. Ұлт зиялыларының пікірімен санасты, ең бастысы ол қазақтарға өз Даласын қайтарып берді.


 Мемлекеттік Думаның биылғы отырысында Жириновский Лениннің жазбаларындағы орыс халқы жайлы айтылған пікірлерді тізіп шықты. Ленин шынында да ұлыорыстық шовинизмді қатты сынаған болатын, бұл жөніндегі оның пікірі бірнеше ондаған томдық еңбектерінде айқын көрсетілген. Ленин негізінен қазақтар сияқты өркениеттен шет қалған ұлттар жайлы көп ойланды. Оның ойынша патша зорлығынан орталық аймақ халқына қарағанда шет аймақтағы майда халықтар көп зардап шеккен. Ленин: «... біз оларды құлдық жағдайдан құтқарып, еркін өмір сүрулеріне және дамуларына мүмкіндік беруіміз керек» деп жазды. Кеңес үкіметінің негізін салушы адамның мұндай ойлары Жириновский сияқтыларға жақпасы анық.


Егер қазақ халқы осы уақытқа дейін Патшалы Ресейдің құрамында болып келген жағдайда біздің не болатынымызды көз алдымызға  елестетудің өзі қиын. Біз шет аймақтардағы көптеген губерниялардың бірі болып қала берер едік – патша түземдіктерге ешуақытта автономия бермейтіні белгілі. Біз осы күнге дейін «қырғыз» деп аталып, колония жағдайында өмір сүрген болар едік. 


Ленин бізге автономия алып берді. Мәскеуге бағынсақ та өз алдымызға дербес республика болдық. Қазақ зиялыларының талабы бойынша үлтымыздың атауы қайтарылды және тұңғыш рет шекарамызды белгіледік.


Ленин барлық ұлттардың теңдігін жариялады, сондықтан орыс-казактардың бұрынғы патша заманындағыдай білгендерін істеулерін тоқтатуларына тура келді.


Ленин берген автономияның арқасында біз бүгінгі күні тәуелсіз ел болып отырмыз.


Қоғамның дамуының бір формациядан екінші формацияға – яғни капиталистік формациядан социалистік формацияға өтуі оңай бола қойған жоқ. Бұл шектен шыққан қатігездік пен ретсіз қантөгіске, сонымен қатар асыра сілтеушілікке толы өте күрделі процесс болды. Бұдан Қазақстан да тыс қалмады. Қазақ байларына жүргізілген тәркілеуден кедейлер де зор зардап шекті. Халықтың бір бөлігі жақсы өмір іздеп Қытай мен Ауғанстанға кетсе, екінші бөлігі 1931-32 жылдардағы аштықтың салдарынан құрбан болды. Осылайша бір үлттың жартысына жуығы жойылып кетті.


Бірақ осыған кім кінәлі? Қазақстанды басқарған Голощекиннің жалғыз өзі ме? Голощекинді Қазақстанға әкелген кім еді? Қазақтардың өзі болатын! 1924-25 жылдары Сталинге «Қазақстанды қазақ басқара алмайды» деп хат жазған кімдер еді? Елге белгілі ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай мен басқа да зерттеушілердің жазуынша бұндай ұсыныс Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұловтан шыққан көрінеді.


Бұл бос айтыла салған сөз емес, мұражай құжаттарынан алынған бұлтартпас айғақтарға  негізделген тарихи шындық. Ол адамдар неге осылай істеді? Оның себебі - өзінің бақталасының  Республиканың бірінші басшысы болуын қаламады. Яғни қарапайым ғана күндестік маңызды роль атқарды.


Олай болса аштық қырғыны үшін біз неге Сталинді кіналаймыз? Ол тек қазақ басшыларының пікірін тыңдап, республиканы басқаруға басқа ұлттың өкілін жіберген жоқ па? Оның үстіне Сталин Голощекинге Қазақстанда аштық орнат деп тапсырма бермеген болатын.


Егер сол кезде Қазақстанды қазақ басқарған болса, бұндай қайғылы жағдай болмаған болар еді.


Қазір Рысқұловтың 1927 жылы қазақтардың малын тіркілеуді тездетуді сұрағаны белгілі болып отыр. Ал 1932 жылы, қазақтар аштан қырыла бастаған кезде, қазақ үкіметінің мүшесі Құрамысов «Елде аштық болып жатқан жоқ, бұл алашордашылардың ойдан шығарып жүргені. Егер қажет болса біз революция үшін қазақ халқын түгелдей құрбан етуге бармыз»- деп мәлімдеме жасаған. Ия, нақ осылай! Бірақ оған бұндай құқықты кім берген екен? Сталинге жағыну үшін олар бүкіл бір ұлтты жойып жіберуден тайынбаған! Енді осыған 1922 жылы биліктен кеткен, 1924 жылы қайтыс болған Ильичтің қандай қатысы бар деп ойлайсыз?


Ленин ұйымдастырған Октябрь революциясы қазақ халқын бірнеше ғасырға созылған аяусыз қанаушылықтан құтқарды, қазақтарды Кеңес мемлекетінің басқа да халықтарымен теңестірді. Олардың оқу мен білім алуларына, ұлт мәдениетін өркендетулеріне мүмкіндік берді. Осының арқасында социализм кезінде Қазақстан білімі мен ғылымы, мәдениеті мен экономикасы, ауыл шаруашылығы мен индустриясы дамыған республикалардың бірі болды.


Мен тұрған кеңшарда 10 мың мүйізді ірі қара, бірнеше жүздеген асыл тұқымды жылқы өсіріліп, 30 мыңнан астам гектар жерге бидай егілетін. Халық жазда да қыста да жұмыспен қамтамасыз етілді. Тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу мен су жүйесіне қосылған, газ баллондарымен үздіксіз қамтамасыз етіліп отыратын. Жыл сайын 20 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Әр бөлімшенің мектебі мен балабақшасы болды. Ол кезде ауылдан ешкімнің көшкісі келмейтін еді.


Тәуелсіздік алғаннан кейін капиталистердің уағызымен барлық шаруашылықтар таратылды. Олардың иелігіндегі мүлік пен техникалар, құрылыстар мен басқа да дүниелер талан-таражға түсті. Жылдар бойы жиналған байлық бір сәтте жоқ болды.


Және бұған еш адам жауапты болған жоқ. Халық күн көру мақсатында босқынға ұшырады.  Көпшілігі қалаға барып паналады.


Бұған да Ленин кінәлі ме?


Қазіргі кездегі көптеген жоғарғы шенділер кеңес дәуірінің адамдары. Сол кезеңде олар тегін оқып, тегін білім алып, сол дәуірдің барлық игіліктерін пайдаланғаны белгілі.  Мен де сол заманның жеңілдіктерін көзіммен көрген және пайдаланғандардың бірімін.


1974 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін тамамдағаннан кейін, сол жылы Қостанай облыстық газетіне орналастым. Келесі жылы үйлендім, бірақ баспанамыз болған жоқ еді. Қостанай қалалық атқару комитеті төрағасының қабылдауына екі рет бардым. Екеуінде де ол кісі: «Күте тұруыңызға тура келеді, қазір баспана жоқ»- деп шығарып салды.


Үшінші жолы өзіммен бірге Үкіметтің жас мамандарды баспанамен бірінші кезекте қамтамасыз ету керектігі жөніндегі қаулысын ала бардым. Төраға бұл жолы да күте тұру керек екенін айта бастағанда мен алдына Республика Үкіметінің қаулысын қойдым да: «Сіз Қазақстан Үкіметіне бағынбайсыз ба? Ондай жағдайда мен тиісті орындарға барамын»- деп айтып салдым. 


Мына сөзді есту бойына шенеунік тез өзгерді. «Сабыр етіңіз, жас жігіт, сабыр сақтаңыз»- деп мені жұбата бастады. Менен бұндай әрекет күтпеген ол шынымен-ақ қатты абыржыған еді. Себебі үкіметтің қаулысын орындамағаны үшін оның қызметінен айрылуы әбден мүмкін болатын.


Осыдан кейін көп уақыт өткен жоқ, тегіннен-тегін қала орталығындағы төрт бөлмелі пәтерге ие болдым. Бұндай бақыт менің әкеме де бұйырмаған болатын.


Қазіргі жастар бұған сенбейді. Бұның бәрі келмеске кетті. Басқа заман орнады, ақша мен байлық билік құрған қатал да мейрімсіз капиталистік жүйе өмірге келді.


Ленин әділетсіздікпен күрескен болатын. Патшаны тақтан тайдырып, «адам адамға дос, бауыр және жолдас» деген ұстанымы бар жаңа қоғам орнатты. Осы ісі үшін қазір біз оны кінәлап жатырмыз. Бұл әділдік пе?


2018 жыл


                                   


   С.Өтениязов[29]


Әбілхайыр хан – тарихшылардың жазықсыз құрбаны


 


Әбілқайыр Кіші жүзде хандық құрған кезеңде Ресейге қарсы күрес күшеймесе, бәсеңсіген емес. Оралдық орыс-казак жасақтары өздерінің құрылған күнінен бастап (1580) қазақ даласына жорықтар жасауын тоқтатқан жоқ. Олардың басты мақсаты бекіре балығына бай Жайық (Орал) өзенін иелену болды. I-ші Петрдің кезінде-ақ орыс әкімшілігі қалмақтарды қаруландырып қазақтарға қарсы айдап салған еді. Кіші жүз қазақтары мен Ресейдің арасында болған бұл қанды қырғын 300 жылға созылды.


Әбілхайыр хан тұсында 1709 жылы қазақтар Сызран қаласына бара жатқан казак-орыстардың үлкен керуенін қолға түсірді. 1911 жылы 16 мыңнан тұратын қазақ жасағы Жайық қалашығына бара жатқан астық артқан керуенді талқандап 300 казак-орысты тұтқынға алған, кейін оларды Хиуаға сатып жіберді. 1913 жылы 800 жігіттен тұратын жасақ орыстардың Самара қаласына балық тиеп бара жатқан керуеніне шабуыл жасап, түгелдей жойып жіберген. Бұндай шабуылдар жиі қайталанып отырған. 


1718 жылы 20 мың сарбаздан тұратын қазақ әскері Жайық қалашығын қоршауға алып, оны Самара қаласынан бөліп тастады. Бір айдай қоршауда ұстады. 1719 жылдың шілде айында Әбілхайыр хан бастаған 20 мыңдық қазақ жасағы Жайық қалашығын тағы қоршады, бұл жолы қаланы алуға сәл-ақ қалды. Екі жақтан да шығын көп болды. 1720 жылдың құркүйегінде Самар өзенінің бойында қазақтар мен казак-орыстар тағы кездесті, бұл жолы қолға түскен 50 қазақты орыстар сол жерде шауып өлтірді. 1721 жылы атаман Балмашнов бастаған казак-орыстар мен қалмақтар қазақ даласына жорық жасап, Ойыл өзеніне дейін келді. Тұтқын алды. 1722 жылдың ақпан айында 300 қазақ жігіті қарымта жорық ұйымдастырды. Олардың Шағын өзені жағасында орналасқан станицасын шауып, 70 адамын қолға түсірді.


1722 жылы I-ші Петр қазақ даласын толық жаулап алмақшы болды. Ол бүкіл даланы бір ғана жойқын соққымен алуды жоспарлады. 1723 жылдың қысында шығыс бағыттан жоңғар әскерлері, ал батыстан казак-орыстар мен қалмақтар басып кіруі керек еді. Ресей жоңғар әскерін ең жаңа қарулармен жарақтандырды, тіпті зеңбіректерге дейін берді. 1722 жылдың күзінде жоңғарларға артиллерия капитаны И.Унковский деген жіберілді. Оны осы кезге дейін біздің тарихшылар елші деп қателесіп жүр.


Жоңғар шапқыншылығы қыс кезінде басталды. Алғашқы шабуылдан-ақ жоңғарлар Түркістанға дейінгі аймақты жаулап алды. Бірақ батыс жақтан кірген казак-орыстар мен қалмақтар алға көп жылжи алған жоқ, іркіліп қалды. Оларға Әбілхайыр хан әскері тосқауыл болған еді.


Жоңғарлар мен еділбойы қалмақтары қазақтарға Ресейдің айдап салуымен және солардың қаруландыруымен соғыс ашты. Егер Әбілхайыр хан мықты қарсылық көрсетіп батыстағы әскердің бетін қайтармағанда, 1723 жылы-ақ бүкіл қазақ даласы Ресейдің қол астына өткен болар еді. Қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталып кеткен осы кезеңде Әбілхайыр хан толық бір ұлттың құтқарушысы міндетін атқарды. Ол батыстен келген жаудың – қалмақтар мен казак-орыс әскерлерінің жолын бөгеп қана қойған жоқ, Еділ мен Жайық аралығында оларға бірнеше жойқын соққылар жасады. Казак-орыстардың және оларға қосылған қалмақ ханы Аюкенің жасақтары Әбілқайырдан қалай құтыларын білмей састы.


1723 жылдың 28 қарашасында Ресейдің Әскери алқасында князь Волынскийдің мәлімдемесі қаралды. Онда Әбілхайыр әскерінің алғашқы ұрыста-ақ Тайшы Лекбейдің екі мың қосыннан[30] тұратын ұлысының быт-шытын шығарғаны, көптеген адамдарды тұтқындап, қыруар малды айдап әкеткені айтылған (И.В.Ерофеева, 133 бет). Осындай қиын-қыстау кезеңде Әбілхайырдың әскері Еділ мен Жайық өзендерінің арасын бақылауда ұстап, Жайық қалашығын бірнеше рет қоршауға алды.


Енді Қазақстанның Ресейге қосылуы жайлы бірер сөз. Әбілхайыр хан Кіші жүзді ешуақытта Ресейге қосқан емес. Билік басындағылар осы уақытқа дейін ол туралы жалған жазып келді. Әбілхайырдың Кіші жүзді Ресейге «қосқаны» жайлы алғаш рет А.И.Левшин XIX ғасырдың 30-шы жылдары жазады. Оның «Қырғыз-қайсақтардың ордасы мен даласы жайлы» жазбасы тапсырыс бойынша жазылған еді, осы себептен Шоқан Уәлихановтың бұл құжатқа күдікпен қарағаны белгілі. Ол Левшиннің кітабынан көптеген кемшіліктер тауып, авторын «қазақ тарихының Геродоты» деп мысқылдаған болатын. Левшин Абылай ханды орынды-орынсыз мақтай берген, ал Әбілхайыр мен Әбілмәмбетті ретсіз қаралап, тарихи деректерді бұрмалап көрсеткен.    


Левшиннің жазуы бойынша Әбілхайыр Ресейге 3-4 рет ант берген болып шығады. Бәрақ ол бір рет те ант берген емес. Мысал үшін айтсақ 1736 жылы Әбілхайыр башқұрт көтерілісшілеріне көмек берген еді, Левшин осының тонын айналдырып жазады. Бұл мәселеде Левшинді көптеген ғалымдар теріске шығарады, оның ішінде Олькотт атты ағылшын зерттеушісі де бар. Әбілхайыр ханның Ресейге бет бұруының негізгі дәлелі ретінде оның 1730 жылы жазылған хатының орыс тіліндегі аудармасы келтіріледі. Бірақ түпнұсқа аудармамен сәйкес келмейді.


Төменде осы аударманы беріп отырмыз.


 «Послание в Петербург Ее Величеству. Величайщей, благородной, богатой и умной обладательнице многих земел, Ее Величеству государыне императрице ежедневно, ежемесячно и ежегодно желаем божией милостью благополучного государствования. Наше заявление Вашему Величеству состоит в том, что с подданным Вам башкирским народом, который находится за Уралом, у нас близких отношений не было. Желая быть совершенно подвластным Вашему Величеству, я посылаю своего посланника вместе с Вашим подданным Алдарбаем. Этот Алдарбай требовал посланника от нас к Вашему Величеству, и поэтому мы, Абулхаир-хан с подвластным мне многочисленным казахским народом Среднего и Малого жузов, все преклоняемся перед Вами, являемся Вашими слугамии все вместе с простым народом желаем Вашего покровительства и ожидаем Вашей помощи, чтобы с подданным Вам башкирским народом, находящимся за Уралом, жить в согласии. Желаем Вам всякого благополучия и будем Вашими подданными. (Передали): Сейткул, Главный посланник Куттумбет с товарищами».


Біз ерекшелеген сөздер[31] түпнұсқада жазылмаған. Тарихи маңызы бар осы құжаттың Амантай Исин аударған нұсқасы мынау: «Величия и милости высокой, государства превыше, правящей землями Ее Величеству белой великой императрице обращаемся с обыденным намерением. Изо дня в день, из месяца в месяц, из года в год государство да пребывает в здравии и приумнажается. Наше заявление Вашему Величеству следующее. С народом Вашего Величества уральских ештек-башкортами меж нами нет согласия. Теперь желая получить под покровом Вашего императорского величества защиту и спокойствие, посылаю, присоединив к лесной дороги уральскому ештеку подданному Вашему Алдарбаю, своего посла. Поскольку этот Алдарбай просил посла к Вашему императорскому величию, мы, Абулхаир-хан, сорок санов казахов, Средний и Младший жузы со всеми подвластными мне караша склоняем голову. Ярлык: с Вашими слугами уральскими ештеками хотим достич согласия. С Вашим ярлыком да будем в согласии. Посланный посол Сейткул во главе с Кутлуметом с товарищи».


Хаттың мақсаты біз ерекшелеп көрсеткен сөзден айқын аңғарылып тұр: мәселе тіпті де Ресейге бодан болу жайлы емес, тек башқұрттармен қарым-қатынасты жақсарту туралы болған. Бірақ Ресей мемлекеті қазақтар мен башқұрттардың арасын татуластыру емес, керісінше, араздастыру мақсатында қолдан келгенінің бәрін жасады. Қазақ-башқұрт қатынастары жайлы көп зерттеген Шоқан Уәлиханов осыған ерекше назар аударған. Абілмәмбет хан мен Абылай сұлтан тұсындағы Орта жүз қазақтарының тарихи басқосуында да башқұрттар мәселесі сөз болған еді. Осы жиында Орта жүз қазақтарының Ресейге өз еркімен берілуі жайлы сөз болған деп кейін Ресейде қате пайымдаулар жасалды. Жиыннан Әбілхайыр ханның екі ұлы – Нұралі мен Ералі шұғыл қайтқан болатын, олар әкесінен Еділ қалмақтарының Кіші жүз қазақтарының жеріне басып кіргені жайлы хабар алған еді. Бұл жағдай Кіші жүз қазақтарының Ресейге бодан болмағанының тағы бір дәлелі болып табылады. Егер бодан болса патша әкімшілігі қал