• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Шымкент кілемінің «Қазақ кілемі» атанатын күн де алыс емес

Отандық өнімге деген әлі оң қабақ таныта көрмеген тұтынушылардың сапасы нашар, бояуы оңып кетедi екен деген қаңқу сөздері кәсiпорын басшысының қабырғасын қайыстырғанымен «Қазақ кiлемi» атауын брендке айналдыруға күш салып жүрген кәсіпкер Талғат Исхахов «Бал Текстиль» ЖШС өнімін шығаруды тоқтатпады. «Бал Текстильдiң» алғашқы өнiмi базарға 2013 жылы шыға бастаған еді. Алдымен iшкi нарыққа жол тартқан тауардың сатылғанынан сатылмай тұрғаны көп болатын. Жоғары технологияларды басшылыққа алған, әлемдiк тәжiрибеде мәртебеге ие қондырғылармен тоқылып жатқан кiлемнiң сапасы шетелдiк тауардан еш кем түспеді. Бар мәселе «Шымкенттiң кiлемi», «отандық өнiм» деген ұғымға тұтынушылардың әлi де болса күмәнмен, күдiкпен қарауынан туындаса керекті.


Кәсіпкер Исхаховтың айтуынша, базардағы сатушылар отандық кiлемдердi «Түркияның кiлемi», «Бельгияның кiлемi» десе, тез сатылып кетедi екен. Осыны бiлген кей алып сатарлар «Қазақстанда жасалған» деген этикетканы жапсырмай-ақ қойыңыздаршы»,- деп өтiнiш айта бастапты. Бұл ұсыныстар әрине кәсіпкердің намысына тиеді. Сапасы түркиялық кілемдерден артық болмаса, кем түспейтiн отандық өнiмдi, салыстырмалы түрде алғанда бағасы да қалтаға қонымды келетiн кiлемдердi, керiсiнше, мақтанышпен сатуымыз керек деп тапқан кәсіпкер, түрлi деңгейдегi көрмелер ұйымдастыру iсiн қолға алады. Елге қазақ та кiлем тоқи алатындығын, қазақтың кiлемi көзтартарлық ою-өрнекпен көмкерiлгендiгiн iсiмiзбен дәлелдеуге тырыстық дейді.


   Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы ­Назарбаев Шымкентке келген сапары барысында фабрика жұмысымен танысып, «Қазақстанда жасалған» деген белгi ұрылған тауар ең сапалы, ең өтiмдi болатынына сенім білдіріп, кілемдердің сапасын жоғары бағалаған болатын. Өндiрiс орнын ашу бiр басқа, өнiм шығару, оны тұтынушының сұранысына ие болатындай ету «Бал Текстиль» ЖШС –не оңайға түспеді. Елiмiзде баламасы жоқ, жобалық құны 8,450 млрд теңгенi құраған өндiрiс орны осылай дүниеге келдi. Еуропа елдерiне танымал, түркиялық «Kartal Carpets» компаниясымен бiрлесiп ашылған «Бал Текстиль» кәсiпорны күнiне 6 мың шаршы метр кiлем тоқып, сауда нүктелерiнен бөлек, фабриканың өзiнде бүгiнде 240 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сауда нүктелерiндегi қызметшiлердi қосқанда серiктестiкте мыңнан астам адам еңбек етуде. Олар үш мезгiл тегiн тамақпен, 20 орынды жатақханамен қамтамасыз етiлген. «Бал Текстиль» ЖШС-нiң өнiмдерi Қырғызстан, Ресей, Тәжiкстан нарығында жоғары сұранысқа ие болғаны өз алдына, үйге қажеттi тұрмыстық заттар брендiн қалыптастыруда аты әйгiлi шведтiк «IKEA International Group» компаниясы «кiлемдi сiздерден алсақ» деген өтiнiштерiн бiлдiруде. «Бал Текстиль» кәсiпорны бүгiнде жылына 2 млн шаршы метр кiлем тоқып, 3 мың тонна жiп иiрiп отыр. Елiмiзде фабрика кiлемдерi «Тұран», «Хантәңiрi», «Алатау», «Лидер», «Сарыарқа», «Барыс» маркаларымен танымал болса, шетелдерде қазақ кiлемдерiн «ANTIQUE IMPTRIAL», «ASTАNA DELUXE», «VIZION», «MASHAT SILK», «KASHAN», тағы басқа маркаларымен тұтынушылар бiрден танып жатады. «Бал Текстиль» кiлем тоқып қана қоймай, кiлем тоқуға қажеттi «Heat Set», «BCF», «Freeze» полипропилендi жiптер иiрiп отыр. Жiп иiру, текстуралды созу, орау машиналарының бәрi де әлемдiк өндiрушiлерден, Германиядан, Бельгиядан сатып алынған қондырғылар. Себебi мұнда ең бастысы сапаға үлкен мән берiледi.


   Кәсіпорын басшысының алдағы мақсаты Қытай, Моңғолия нарығына шығу. Отандық өндiрiстi қолдауға басымдық берiп отырған «Даму» қоры арқылы қаржылай несие алып, өндiрiстi одан әрi қарай дамытуға бет алған «Бал Текстиль» ЖШС-нiң кiлем фабрикасы алдағы кезде өндiрiстiң үшiншi кезеңiн iске қоспақ. Ондай жағдайда жылына 15 млн шаршы метр кiлем тоқылып, 8 мың тонна полипропилен кiлем жiбi иiрiлетiн болады. Бұл өз кезегiнде фабрикадағы жұмыс орнын 700-ге жеткiзедi деген сөз.
   «Бар арманым «Қазақ кiлемi» деген брендтi қалыптастыру» дейдi кезiнде жалғыз сиырын сатып, кәсiп iздеп кеткенiне еш өкiнбейтiн, бүгiнде төрт ұл-қыз өсiрiп отырған кәсiпкер. Отандық өнiм өндiрушiнiң өз мақсатына жетуiне бiз де тiлектеспiз.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.