• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Жат ағымға жол жоқ!

Кешегі Ақтөбе және Алматы қалаларында болған лаңкестік оқиғалар әлі ел есінен кете қойған жоқ. Жат ағымның жетегінде кеткен басбұзарлар құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен тұрғындарға шабуыл жасап, қасақана мерт етті. Ел тыныштығын қорғау сапында жүрген бірнеше боздақтар қыршын кетті, арыстай азаматынан айрылған аналары мен жан жары, перзенттері жетім-жесірдің күйін кешіп қала берді. Іле-шала қылмыскерлер құрықталып, қамауға алынғанмен, алайда халық секем алып қалғаны рас. Бейбіт күнде бүлік шығарып, елді ала тайдай бүлдіріп жүрген кімдер? Оларды қоғам ішінде қалай танимыз? Қалай сақтанамыз? Осы сұрақтар төңірегінде Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімінің мәжіліс залында арнайы кездесу болып өтті. Қазіргі діни ахуалға байланысты туындаған мәселелерді түсіндіру және дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, Исламның құндылықтарын насихаттау мақсатында осындағы басқосуға «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің доктаранты Оралхан Сейдманов арнайы келген.  Жиынды аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Нұрлан Қалдыкөзов ашып, пікір сайысты аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Шахмардан Сақыбеков жүргізіп отырды. Кездесуге аудан аумағындағы құқық қорғау, прокуратура, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, дін тану пәнінің мұғалімдері қатысты. Бала кезінен дін жолына түсіп, бұл күні ғалымға айналған Оралхан Сейдманов неліктен кейбір адамдардың бөтен ағымның жетегінде кететінін ұғындыра келе: -Рухы әлсіз, санасының түбінде ешқандай діни түсінігі жоқ жандар көбінесе тез адасып кетеді. Олар бұрыс бағытқа түскенін білмейді, әрі өзінше талдау-сараптау жүргізе де алмайды.  Сондықтан біздің әрқайсымыз теріс жолдың шырмауына түспес үшін діни сауатымыз болып, ішкі түйсігімізбен төтеп бере алатындай көзқарақты болуымыз қажет, - дейді. Ол сонымен қатар дін тақырыбындағы керағар қайшылыққа толы көзқарастар мен ұстанымдардың қайдан және қалай туындап жатқан себебін, радикалдарға қарсы біздің Ханаби Мазхабының орынды дәлелдері мен орнықты пікірлерін келтіріп өтті.


Өз тілшіміз.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.