• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман

Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі жолдауларында басқа-басқа жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алу қажеттілігі бірінші орынға қойылады. Осы орайда республика бойынша білім ошақтарын салу қарқында жүруде. Еліміздің оңтүстігі тек мәдени ошақтардың ғана емес білім ордаларының да көп шоғырланған өлкесі. Ағымдығы жылы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 мектептің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілуге дайын. «25 жылдыққа орай 25 мектеп» бағдарламасы аясында Шардара ауданында да жаңадан 2 білім ұясы бой тіктеп келеді. Одан өзге, биыл ауданда тағы 2 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Шардара қаласындағы Сағырбаев Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебіне тиесілі 200 орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуға шақ. Оған бөлінген 342 млн. 864 мың теңге толығымен игерілген. Мердігер «ШарОрда» ЖШС-нің қызметкерлері межеленген мерзімде құрылыс жұмыстарын аяқтамақ. Ал, Тұрысбеков ауылдық округіндегі Әлімбетов атындағы жалпы орта мектептің қосымша ғимаратын салуға облыстық және жергілікті қазынадан 385 млн. 280 мың теңге қаражат қарастырылған. Мердігер «Ел құрылыс тобы» ЖШС-і құрылыс жұмыстарымен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз еткен.  Мектептің құрылысы біте салысымен ондағы кабинеттер заманауи зертхана,  лингафон,  мультимедия кабинеттерімен жабдықталмақ. Тіпті компания өз есебінен мектеп ауласына бейнебақылау құрылғыларын да орнатуға ниетті. Осындай игі қолдаудың арқасында Шардара ауданында бүгінде апаттық жағдайдағы мектептер жоқтың қасы. Бұл өз кезегінде бүлдіршіндердің білімге деген құштарлығын арттырып, ұстаздар қауымының жауапкершілігін күшейтетіні сөзсіз. 


   Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев  Қазақстан халқына жолдауында: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деген болатын. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы- білім жүйесі. Орта мектеп- білім жүйесінің ең басты буыны. Орта мектепте  қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Елдің қуаты ең алдымен азаматтарының білімімен өлшенетін  заманауи әлемде «қуатты ел» болайық!


Назгүл АХИМБЕКОВА


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.