• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Шымкентте «Street Workout» спорттық бағыты қолға алынуда

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Әрбір қазақстандық үшін басты құндылық - өзінің денсаулығы» - деп ескеріп кеткендей елімізде жаппай спортты дамыту, дені сау және салауатты ұрпақ тәрбиелеу мемлекеттің басты басымдылықтарының бірі болып табылады.


     Осыдан 10 жыл бұрын АҚШ елінде пайда болған «Street Workout» спорттық бағыты бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде қарқынды түрде дамып келеді. Бұл спорт түрімен бүгінде Шымкент қаласында 3000-ға жуық жастар айналысады. 
     Салауатты өмір салтын сақтауға арналған "Street Workout" қозғалыс құралдары облыс орталығының бірнеше аумағына орнатылып, шаһарлықтардың тегін спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасап отыр. Осындай бір орталықтың ашылуына  Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті қолдау көрсетіп,  Шымкент шаһарынының «Тәуелсіздік» саябағында тұсауын кескен болатын.
     Бұл ойын алаңдары 20-дан астам түрлі снарядтардан құралған көлденең барлармен турниктер, горизонтальді баспалдақтармен  жабдықталған.


     Осындай алаңшалардың бірі Қошқар ата өзенінің жағалауында орын тепкен. Мұнда арнайы орнатылған турниктерде ниет білдірген адамдар кез келген уақытта тегін жаттыға алады. Бұл алаңшаның құрылысына инвесторлар тарапынан 2,5 млн. жуық теңге бөлінген. Қошқар ата өзенінің жағалауында орын тепкен алаңшаның ашылу салтанатына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов арнайы келіп, тұсауын кескенболатын. Бұл кездесуге келген спортшылар қатарында есімі көпшілікке танымал Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, боксшы Мұхтархан Ділдәбеков, көркем гимнасшы Әлия Юсупова, боксшы Біржан Жақыпов та болды. 
     Аталмыш жоба еліміздің әр өңірінде балалар мен жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын оятуды көздейді. Осындай алаңдарды облыстың басқа аудандарында да салу жоспарланып отыр. Бұл орайда, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өз сөзінде «Демеушілер есебінен алдағы уақытта Шымкентте дәл осындай 10 алаңша салынатын болады. Және оның екеуі халықаралық талапқа сай болмақ. Қазірдің өзінде пайдалануға берілген алаңшалардың бірнешеуі халықаралық деңгейдегі түрлі бәсекелерді қабылдауға әзір»,- деген болатын.
   «Street Workout» спорттық бағыты болашақ чемпиондарды тәрбиелеу үшін таптырмас мүмкіндік болып табылады.


Балнұр ҮПІБЕК


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.