• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

Оңтүстік Қазақстан облысында «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс» акциясы жалғасуда

     «Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына 25 игі іс» акциясы түрлі сала аясында айлық шаралармен өрбиді. Атап айтқанда, «Дені саудың жаны сау», «Әлеуметтік қолдау», «Отбасын қолдау», «Бірлігі жарасқан Тәуелсіз Қазақстан!» және «Игі іс жасауға асық» атты бес түрлі шаралар бойынша желтоқсан айына дейін игі істер ұйымдастырылып, өткізіледі. Мақсаты – еліміздің ширек ғасырдағы Тәуелсіздік жылдарында еңсе тіктеп, азат елге айналған халқымыздың қуанышына ортақтасып, әрбір қазақстандықтың мерекені сезінуіне атсалысу болып табылады.


     Акция аясында Түлкібас ауданы Кемербастау ауылдық округінде талай игі істер көрініс алуда. Жақында аталған округтің әкімі Мейрамбек Кішкенебатыровтың ұйымдастыруымен және округ аумағындағы жеке кәсіпкерлер «Досбол К» ЖШС-нің төрағасы Сейілбек Лесовтың, Гүлхан Жәрімбетованың демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген жиырма бес отбасыға жиырма бес қап ұн таратылып берілді. Мұны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен байланыстырған отбасылар өздерінің жүрек жарды алғыстарын жеткізіп жатты. Алдағы уақытта, мұндай игілікті істер округ аумағында әлі жалғасын табады деп күтілуде. Осылайша қайырымдылық – игі іс екендігін кемербастаулық кәсіпкерлер іс жүзінде көрсете алды. Қайырымдылық ісіңнен көрінеді, дейді қазақ. Қайырымдылық - асыл қасиет.


      «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», демекші, оларға ақпараттық қолдау білдіріп, демеп  отыруды жөн көрдік. Себебі, халқымыз көмекке мұқтаж адамға көмек көрсетіп, қайырымдылық жасауды, кіріптарға қайыр беріп, қарттарды аялауды, мүгедектерді қолдап-қорғауды әрбір қайырымды адамның адамгершілік борышы деп есептейді.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.