• Бүгін: 15.11.2018 |$1 = ₸374.14

Төлебиде бес мектеп пайдалануға берілді

Жаңа оқу жылында Төлеби ауданында да жағымды жаңалықтар бар. Мұнда ауданға қарасты бес елдімекенде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 800 орындық бес мектеп пайдалануға берілді. Айтап айтқанда, ауданның Әңгірата, Абай, Көксәйек, Жіңішке және Керегетас елді мекендерінен ашылған білім ошақтары мектепке баратын бала санының артуына байланысты бой көтерген болатын. Жаз бойы құрылысы үзілмей жүргізіліп, қыркүйек келгенде жаңа оқу жылына су жаңа мектептер дайын болды. Қай-қайсы да заманауи үлгіде тұрғызылған. Білім ұяларының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Бұхарбай Парманов барша ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтап, Төлебиде 150 орындық екі мектеп және 250 орындық үш мектептің есігі оқушыларға айқара ашылғанын хабарлады. Облыстық бюджеттен Абай елді мекеніндегі 200 орындық «Қазығұрт» жалпы орта мектебінің құрылысына 212,5 млн теңге; Әңгірата елді мекеніндегі 150 оқушыға арналған орта мектебінің құрылысына 187,1  млн теңге; Көксәйек елді мекеніндегі Жеңіс негізгі мектебіне қосымша оқу блогының, шеберхана, спортзал, акт залы және асхана құрылысына 329,4  млн теңге; Керегетас елді мекеніндегі Керегетас орта мектебіне оқу блогы, спорт зал, акт зал, асхана, шеберхана, кітапхана және әкімшілік бөлмелерінің құрылысына 292,1  млн теңге қарастырылған. Аудандық бюджеттен Көксәйек елді мекеніндегі Жіңішке негізгі мектебінің құрылысын аяқтауға 150,6 млн теңге жұмсалған.


Жаңадан ашылған мектептертің ғимараттары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мәселен мұнда лингафондық кабинеттер, интерактивті тақталар, мультимедиялық құралдар, жаңа үлгідегі химия және биология кабинеттері оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндіктер туғыза алады. Сондай-ақ, спорт залдары мен шеберханалар, мәдениет залдары оқушылардың өздері қалаған кез келген спорт пен өнердің түріне баулиды.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.