• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Бәйдібекте ауылдарды көркейту жұмыстары жанданып келеді

Бәйдібек ауданының орталығы - Шаян елді мекенінде жыл басынан бері тындырымды тірліктер атқарылып, ауылдың ажары арта түсті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Бәйдібек ауданының орталығы Шаянда алты аллея салу жоспарланған болатын. Бүгінге дейін ауданда «Құрметті азаматтар» және «Жастар» аллеяларының құрылысы аяқталып, наурыз айында пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Бәйдібекте «Мәңгілік ел» аллеясының құрылыс жұмыстары басталды. Шаян ауылының кіре берісіндегі жол бойында орналасатын аллея республикалық бюджеттен қаржыландырылып, жалпы алаңы 0,75 га аумақты алып жатыр. Айта кету керек, бұрын бұл жердың орны бос жатқан алаң болатын.


Болашақта үлкен демалыс орнына айналуы тиіс аллеяға биіктігі 25 метр болатын еліміздің туы орнатылмақ. Арнайы қоршалып, жан-жағы абаттандырылатын орын заманауи жарықтандыру құралдарымен жабдықталып, оған субұрқақтар орнатылады. Нысан осы жылдың қараша айында пайдалануға берілмек. Мұнан бөлек, аудан жетекшілігі, алдағы күндері тағы үш аллеяның қазығын қағуды жоспарлап отыр. «Қобыз», «Үш би» және «Мұхтар Әуезов» деп аталатын саяжолдардың құрылысы таяуда басталады деп күтілуде.


       Сосын Шаяндағы ұзындығы 6,2 шақырым болатын 15 көше асфальтталып, пайдалануға берілді. Автокөліктерге арналған 6 көше кеңейтіліп, 7 жолға (ұзындығы 3,5 шақырым) жаңадан аяқжол (тротуар) төселді. Аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары мұнымен тоқтаған жоқ. Абаттандыру жұмыстарын жүйелі қолға алудың нәтижесінде, көше бойындағы жиектер (бордюрлар) жаңартылып, су ағатын арықтар орнатылды. Бәйдібектегі орталық көшелер де жаңарған. Онда бүгінге дейін 10 орталық көшенің қақпасы (арка) жаңадан орнатылып, 10 гүлзар бой көтерді. Мұнан бөлек, мекемелердің алдында автокөліктерге арналған 10 автотұрақ салынды.Сондай-ақ, аталған елді мекен көшелерін көркейтіп, көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді.   Мәселен, жыл басынан бері аудан орталығының орталық көшелеріне 2500 түп ағаш отырғызылып, 7 мың дана раушан гүлі мен 13 мың түп гүлді өсімдіктердің түйнектері егілді.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.