• Бүгін: 13.11.2018 |$1 = ₸374.83

«Қазақ еліне мың алғыс!» монументі бой көтеріп жатыр

         Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатқан «Қазақ еліне мың алғыс!» монументімен танысты. 
Биіктігі жеті жарым метр болатын монумент өңірдегі этномәдени бірлестік төрағаларының бастамасымен қолға алынған болатын. Оңтүстіктегі жүзден астам этнос өкілдері атынан тұрғызылып жатқан нысанның құрылыс барысы туралы облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Бочорошвили жан-жақты айтып берді. Қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың қазақ еліне деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі ретінде бағаланған монументті алдағы айда аяқтау жоспарлануда. 
«Қазақ еліне мың алғыс!» монументі еліміздегі барлық этностарға ортақ Отанымызды қос алақанымен көкке көтеріп тұрғандай күн бейнесін сипаттайтын шаңырақтан, іргеміздің берік болуын көрсететін керегеден және болашаққа басқан әрбір қадамымыздың нық болуын әспеттейтін таға іспеттес жарты шеңберден жасалған. Жарты шеңберге «Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныстанған барлық этностар атынан ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ мың алғыс!» деген жазулар бар.


           Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облыстық ассамблея хатшылығының бастамасымен облыстық этномәдени бірлестік өкілдері мен білім саласының жауапты қызметкерлері «Қоғамдық келісім» КММ-нің мәжіліс залындағы дөңгелек үстел басында кездесті. Жиынға қатысушыларға еліміздің білім беру жүйесіндегі үштұғырлы тіл саясатының іске асырылу кезеңдері түсіндіріліп, ұсыныс-пікірлер алмасылды. Кездесу барысында үштұғырлы тілді білім беру саласына енгізу барысындағы мемлекеттік деңгейдегі тапсырмалар және оның қоғамның бірігуі мен қазақстандық біртектіліктің қалыптасуындағы рөлі туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы А.Кенжебаев пен А.С.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Д.Манкеева айтып берді. Жиында сөз алған орыс, славян және казак ұйымдары бірлестіктерінің облыстық филиал төрағасы Ю.Кирюхин тіл саясатындағы міндеттерді тиімді іске асыру аясында білім беру саласы мен этномәдени бірлестіктер арасында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.