• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

Қажымұқанның тұяғы

Шаттық Айдарханұлы ҚАЖЫМҰҚАН,


Қ. Мұңайтпасов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі төреші.


*    *   *


Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Шаттық Айдарханұлы күш атасы Қажымұқаннның немересі, ата жолын қуған бірден-бір тікелей ұрпағы. Әрине, қазақтың маңдайына біткен алып тұлғасы Қажымұқан жайлы қалам тербеген ақын-жазушылар жетерлік. Олардың қай-қайсысы болмасын есті естеліктерге толы, тіпті кейбірі аңызға бергісіз оқиғаларды баяндайды. Дүние жүзіне аты мәшһүр жеңістері тарихта қалды, ал жеке өмірі, өзінен өрбіген ұрпақтары жайлы да кейінгі жылдары шежіреде айтылып  жүр, тіпті тасқа қашалып жазылды.


Алып атаның табаны тимеген мемлекеті аз. Шартарапты шарлап жүріп, талай қарсыласының жауырынын жерге тигізіп, шаң қаптырған,  сөйтіп омырауына сансыз медаль  таққан оның тағдыры да толассыз алып ұрған адуынды толқын секілді сан-қилы болған. Төрт әйелінен туған ұл-қыздары қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатыр. Бүгіндері атаның немерелері өсіп-өніп,  шөбере-шөпшектері тамыр жайған.


Қажымұқан атаның ұлы Айдарханнан туған Шаттық қазір Шымкент қаласында тұрады. Осында Қ.Мұнайтпасов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы.


 


-Шаттық Айдарханұлы, өз атаңыздың есімі берілген мектепте жұмыс істейсіз. Мұның өзі сізге арқалы күш беретін болар...


- Иә, үлкен мәртебе.


-Өмірде спортта жүргеніңіз тек пен қаннан берілген қабілет деп ойлаймын. Атаңызға ұқсағыңыз келіп, спортқа келдіңіз бе, әлде өзіңіздің жан қалауыңыз ба? Бұлай сұраған себебім, ұрпақтарының арасында жолын қуғаны тек сіз көрінесіз...


- Мен он жасымнан дзюдоны қалап, мектеп секцияларына, спорт үйірмелеріне қатыса бастадым. Одан көп ұзамай каратэге көштім. Содан бері каратэні тастамадым, менің өмірім каратэмен бірге. Балалық арманмен және өз таңдауыммен осы салаға келдім десем болады. Өзім 1978 жылы туылғанмын, 1989 жылдан спортты бастадым. Яғни, бала кезімнен алға қойған мақсаттарым - чемпион атану!


    Ал, атамызға келсек, тағдырдың жазуымен әкем Айдархан Қажымұқанұлы мен анам Жақсыгүлдің жолы екіге айрылып бөлек кетеді. Анам Жақсыгүл Аралдың қызы. 1975 жылы туған әпкем Бақытты және мені ешкімнен кем етпей, бағып-қағып асырады. Ес біле келе анам: «Балам, сенің атаң алып палуан болған кісі. Сен Қажымұқан атаның немересі боласың» деді. Ол шақтары кәсіби спортқа бет бұра бастағанмын, содан соң біржола ден қойдым.


-   Қажымұқан атаны бір деректерде Ақмола жақтан дейді, енді бір деректерде оңтүстіктікі делінген. Сіз анықтай алдыңыз ба? Тағдыр айырса да, әкеңізбен ұлы ретінде араласып тұрдыңыз ба?


-  Ата туралы болжамдар да, деректер де көп. Нақты қайсысы шындық екенін білмеймін. Бірақ, оған қатысты барлық материалдарды жинап жүремін. Ал, әкем бертінде тоқсан бір жасқа келіп қайтыс болды. Араласа алғанымыз жоқ.


-   Өмірімді спортқа арнадым дедіңіз. Шыққан биіктеріңіз бен жетістіктеріңізді айтып өтерсіз...


-    2006 жылға дейін кәсіби спортшы болып жарыстарға қатысып жүрдім, содан кейін жаттықтырушылықты қолға алдым. Көп шәкірт тәрбиеледім. Өзім ҚР он дүркін чемпионы, Халықаралық турнирлердің чемпионы, бір Спартакиада чемпионы, екі Азия ойындарының жүлдегері болдым. ҚР Президенті «Алғыс хаты» мен төсбелгісін иелендім. Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасында жүгірдім. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Дене тәрбиесі және спорт» факультетін, кейінірек Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің заң факультетін тәмамдадым. Үлкен-кіші жетістіктерім осы.


-   Қасыңызда қазір анаңыз бар ма?


-    Анам 2003 жылы дүниеден озды. Менің алған асуларымды, жеңістерімді көріп кетті. Алайда, немелерін көре алған жоқ.  Ақтық сапарға  арттанар алдын үйлендім, келінін көрді. Бәлкім, ертерек шаңырақ көтеруім керек пе еді? Осылай биік шыңдарды бағындырамын деп жарыстардан бас алмай ұзақ жүрдім. Құдайға шүкір, бұл күндері Томирис деген қызым, Рахат пен Темірлан атты қос ұлым бар.  Кешегі күндері өзім каратэге баулыған шәкірттерімнің алды балалы болды. Әлем чемпионы Данияр Юлдашев, Азия ойындарының чемпионы Дархан Асадилов, тағы да әлем чемпионы Абылай Төлтай өзімнің ізіме ерген төл шәкірттерім. Олардан да көп үміт күтемін. Сондықтан біздің алар асуларымыз әлі де алда!


Олай болса, сіздерге сәттілік тілейміз!!!


  Құралай АХМЕТ 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.