• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Мемлекеттік қызметшілер «Әдет-ғұрып және салт дәстүрлер орталығына» барды

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты Мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығы директоры Зәурет Қабылбекованың басшылығымен «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет: негіздері, қағидаттары мен даму келешегі» атты қайта даярлау курсынан өтіп жүрген тыңдаушыларға «Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығында» қонақ дәрісі болды. Талантты драматург, журналист, жазушы және педагог, орталық директоры Асылбек Мұхамбетқалиұлы Ихсановтың «Тұлғаның қалыптасуындағы ұлттық мәдениеттің ролі» атты тақырыптағы дәрісі тыңдаушылардың зор қызығушылығын тудырды. Салт-дәстүріміздің мәніне шолу жасаған Асылбек Мұхамбетқалиұлы дәріс барысында қазақ халқының мәдениеті мен өнерін жапон, өзбек, беларус, орыс халықтарының мәдениетімен салыстыра келе, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының астарын ашып айтты. Сонымен қатар, халқымыздың ырым-тыйымдарының астарында да үлкен философиялық мән-мағына жатқандығын да түсіндірді. «Әрбір мемлекеттік қызметкер өнердің символдық астарын біліп, қазақ мәдениетінің қайталанбайтынына көз жеткізуі керек» деген ойын білдірді.
Дәрістің мемлекеттік қызметшілерді оқыту курстарындағы аса маңыздылығына тоқталған Зәурет Бердіқұлқызы алдағы уақытта да Асылбек Мұхамбетқалиұлын әріптестік байланыста болуға шақырып, алғысын айтты.


Жалпы «Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығы»  ұлтымыздың көне дәстүрлерімен, халық жадынан кейінгі кездері ұмытыла бастаған қазақы ырым-тыйым, жөн-жоралғыларымен көпшілікті, келген қонақтарды, келуші қауымды таныстырып отырады. Әсіресе, жастар, оқу орнының студенттері, мектеп оқушылары үшін пайдалы. Студенттердің білімін дамыту мақсатымен жан-жақты ақпарат беруде ұлт тарихынан бастап, әрбір ұлттың өзіне ғана тән ұрпаққа мұра болып қалатын ерекшелігі – салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы және тілі екендігін ұғындыруда осындай жобалардың берері мол. Көбінде келген студенттер орталықтағы Отырар археологиялық қорық мұражайының уақытша көшпелі көрмесін тамашалап, «Достық» және «Ұлттық» залдарымен танысып шығады.


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.