• Бүгін: 12.12.2018 |$1 = ₸370.21

Жапырағын жайған бәйтерек (Мерейлі отбасы)

Отбасы - адамзат бесігін тербеткен ұлық ұғым. Баланың бас ұстазы - ата - ана. Ата-бабаларымыз «Бала қыран болу үшін оны самғатып ұшыратын ата немесе әке де қыран болу керек» деп отбасылық тәрбиеге ерекше тоқтаған. «Фатимадай қызым болсын десеңіз, Пайғамбардай әке бол!» демекші, әр отбасында ата - ананың орны бөлек. Бала әкеден - ақыл, анадан - мейірім алады. Әке - отбасының асыраушысы, қамқоршысы, тірегі болса, ана - отбасының ұйытқысы, жылуы, шуағы. Жақсы ана отбасына береке әкеліп, жанұясын бақытқа бөлейтіні сөзсіз. Шүкір, қазақта өнеге тұтар мерейлі отбасылар аз емес. 8 қыркүйек – отбасы күнінің қарсаңында осындай өнегелі, өсіп-өнген отбасының бірі Нышанбай атаның шаңырағында болып, отбасы мүшелерімен әңгіме-дүкен құрып қайтқан едік. 
Бұл отбасының алып бәйтерегі – Нышанбай ата Түймебаев 1934 жылы дүниеге келіпті. Балалық шағы соғыс кезіне және соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерге тап болған Нышанбай ата 11-12 жасынан бастап, колхоздың ауыр еңбегіне жегілген болатын. «Мал бағып, тырма тарттық. Ашқұрсақ жүретін кездеріміз көп болатын. Таңның атысы, күннің батысы ата-анамызбен бірге қара жұмыс істейтінбіз. Ойын ойнау деген қайда?» деп атамыз көздерін алысқа тіге ойға шомып кетті. Қастарының арасы түйіліп, бір сәт жанарында мұң пайда болды. Сол бір қиын күндер есіне түсіп кетіп, жаны ауырып кетті ме, кім білсін?! Аз-кем үнсіздіктен соң қария әңгімесін қайта сабақтады:
- Апаң Тамарамен 1958 жылы бас құрадым. Ол да жастайынан колхозда ауыр жұмыс істеген. Еңбекқор жан болатын. Екеуміз он перзентті дүниеге әкелдік. Сегіз ұл-қызымыз: Гүлзипа, Зетбек, Гүлсара, Гүлжан, Нұрбек, Орынтай, Кәмила, Нұржанды тәрбиелеп, өсіріп, құтты орындарына қондырдық. Бүгінде олардың барлығы өмірден өз орындарын тауып, бұйырған нәпахаларын тауып жеп, тіршілік етіп жүр. Бәрі үйлі-баранды. Қосағымнан айрылғаныма сегіз жылдың жүзі болды. Бұл заман жақсы ғой. Тыныш, тоқшылық. Халықтың жағдайы жақсаруда. Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қолдаймын. Елімізді алға жетелеп келеді.
Нышанбай ата төрт жыл бойы Владивосток жақта теңіз флотында әскери борышын өтеген. Түлкібаста зауытта жұмыс істеген. Отыз жыл колхоздың жылқысын баққан. Жұбайы бие сауып, оны баптап, өңдеп, колхозға өткізіп отырған. Табиғатынан салмақты, сабырлы, жайсаң мінездің иесі Нышанбай Түймебаев ұжымының ортасында да, әулетінің арасында өте сыйлы болды. Ауылдастары да ерекше қадірлейді. «Келін-кепшік, немерелеріме жекіп сөйлеп, шекелерінен шерткен жан емеспін» дейді атай. Зетбек баласы Әділет басқармасының басшысы, ал қарашаңыраққа ие болып отырған қолындағы кенже баласы Нұржан Тастұмсық ауылдық округі әкімінің кеңесшісі болып қызмет істейді. Басқа ұл-қыздары жеке кәсіптерімен айналысады. Қарияны бағып-қағып отырған қолындағы келіні Айгүл «Айзере» балабақшасында медбике болып қызмет етеді. Аталарының қас-қабағына қарап, ауырса бәйек болып, ем-дом жасайды. Нышанбай Түймебаев бүгінде 45 немере, 30 шөбере сүйіп отырған ардақты ата. Немерелерінің барлығын да жақсы көріп, мейірленіп, ақ батасын беріп отырады. «Адал бол, өтірік айтпа, ешкімге қиянат жасама» деп немерелеріне аталық ақылын айтып отырады. Әсіресе, қолындағы немерелері Нұрила, Жансая, Нұрай және жақында ғана сүндетке отырған Нұрасылы қарияның көңіліне ерекше ыстық тартып тұрады. Атамыз бүгінде үрім бұтақтарының тілеуін тілеп, үлгілі отбасының бас егесі болып, мағыналы қарттық шағын өткізуде. Мақаламыздың соңында Нышанбай атаға бәйтерек сынды жапырақтарыңыз жайқала түсіп, ұрпақтарыңыздың қызығына кенеле беріңіз демекпіз.



Айгүл СҮНДЕТОВА


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.