• Бүгін: 21.05.2018

Биіктен көрінген «ДАРЫН»

Аудан көлемі ғана емес, еліміздің білім саласы бойынша биік тұғырдан көрініп жүрген ОҚО, Түлкібас ауданы «Дарын» мектеп-интернатының жай-күйін білу мақсатында, әрі алдағы ұстаздар мерекесі қарсаңындағы құттықтау ретінде осы ұжымның басшысы Фарида Пірәлиевамен әңгіме-сұхбат жүргізіп қайттық. Фарида Азмиданқызы – ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», ҚР министрлігі және ОҚО білім басқармасы,Түлкібас аудандық мәслихатының «Құрмет грамотасымен» марапатталған ұстаз. Сонымен бірге «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері.


-Фарида Азмиданқызы,  білім саласы үлкен қажырлықты, еселі еңбекті, терең ізденуді, таудай талап пен жіті жауапкершілікті қажет ететін күрделі сала. Бұл мамандықты игерген, ұстаздық жолға бет бұрған аяулы жандар арасынан «Ыбырай Алтынсарин» медалін алатындар некен-саяқ, әрі екінің біріне бұйыра бермейтін құрмет. Бұл сізге және сіз ұйытқы болып отырған мектеп ұжымына берілген баға деп есептейміз. Сонымен Түлкібас аудандық «Дарын» мектебінің өзге мектептерден үздік шығуының ерекшелігі  неде? Жетістіктеріңіздің қыр-сырын бөлісе кетсеңіз...


-Иә, алған марапаттарым мен құрметтерім тек менің ғана жемісім емес, ұжымдағы білікті педагогтардың арқасы. Тәжірибелі кадр, білімді маман тұрған жерде кез-келген қиындықтан сүрінбей өтуге болады. Екіншіден, ұжымның ауызбіршілігін, ұйымшылдығын айта кету керек. Адам қанша жерден қабілетті бола тұра, айналасынан қолдау сезілмесе, жетістікке жетуі қиын. Сондықтан адамдардың бір-біріне шынайы тілектес болуы, әсіресе әріптестер арасында бір-бірін қанаттандыруы да ұжымды алға сүйрейді. Үшінші ерекшелік – әрбір адам өз кәсібін, таңдаған мамандығын сүйе біліп,   жан-тәнімен жұмысқа қызығушылықпен берілгенде ғана, табыс көкжиегін бағындыра алады. Мінекей, мұның бар қыр мен сыры осы деп білемін. Бұл күндері біздің мектепте 230 оқушы, 30 мұғалім, 10 тәрбиеші, 4 түнгі тәрбиеші, 80 қызметші бар. Жалпы мектеп-интернаттың ғимараты 1991 жылы салынған, 2009 жылдың 29 желтоқсанында «үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесі болып ашылды. Содан бері алты жыл уақыт өтті, талпыныстың нәтижесінде табыстарға қол жеткізіп келеміз.


-Сіздер балаларды жетінші сыныптан бастап қабылдайсыздар. Соның ішінде үздік оқушыларды қалай іріктейсіздер? Әр мектептен жиналған оқушылардың басын біріктіру бастапқыда қиынға соқпай ма?


- Әрбір оқу жылының аяғында, яғни мамыр айының жиырмаларынан соң, ауданның барлық мектептерінде ережеге сәйкес тест жүргіземіз. Жоғары балл жинаған оқушы, өз қалауы бойынша біздің мектеп-интернатқа қабылданады. Айта кеткеніміз жөн болар, әр мектептің оқыту деңгейі әрқандай. Мәселен, үздік деп танылған кейбір мектептердің оқушылары бізге келген соң, нашарлай бастайды. Оның себебі, алдыңғы мектепте кейбір оқушыларға баға көтермеленіп қойылады. Мұнда баланың білім деңгейі бірден көзге түседі, кімде-кім бұрынғы мектебінде беске оқып келіп, «Дарынға» келгенде үштік бағаға оқи бастаса, дереу ол баланы өз мектебіне қайтарамыз. Бізге көбінде аудан орталығындағы мектептің балалары, тіпті Леңгір, Тараз, Алматы қаласынан, Сайрам ауданынан келіп оқиды. Қазіргі таңда 150 оқушы жатып оқитын жатақханамыз бар. Оқушылар төрт мезгіл тамақтанады. Жаңадан қосылған балалармен жұмыс істеу қиынға соқпайды деп ойлаймын, өйткені бізде  тәртіп пен қадағалау бар.


-Әлгінде жаңа оқушының сабағы төмен болып шықса, өз мектебіне қайтарамыз дедіңіз. Ол оқушыға арнайы уақыт бөліп, алға тарту, қатарға қосып жіберу тәсілдері қолданылмас па екен? Қанша дегенмен ол бала да тесттен өтіп келді ғой. Тағы бір сұрақ: сіздердегі мұғалімдердің білім деңгейі қандай, осы жөнінде айта кетесіз бе?


- Сабағы нашар баланы қайтаратын себебіміз – оқу бағдарламасы ауқымды, сол бағдарламаға сәйкес оқушы іркілмей алып кете білуі қажет. Ал, оқу үдерісіне басынан үлгермей қалған балаға барлығы қиын соғады. Айырмашылық та бірден сезіледі. Сол себепті, қатардағы мектеп пен дарынды балалар мектебіндегі оқуды игеріп кету арасында бала үшін алшақтық көп болса, амал жоқ, қайтаруға мәжбүрміз. Мұғалімдеріміздің білім деңгейіне келсек, талап өте жоғары. Мәселен, математика пәні үш тілде жүргізіледі. Оның он бес минуты қазақ тілінде, келесі он бес минуты ағылшын, сосын орыс тілінде өтеді. Үш тілде сабақ беретін ұстаздарымыз 40 пайыз үстемемен қосымша жалақы алады.  Қазіргі сәтте география, физика, биология пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілі курсынан өтіп жатыр. Олар ағылшын тілін меңгерудің төртінші деңгейіне барғанда өз пәндері бойынша үш тілде сабақ бере бастайды. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 17 «Дарын» мектебі бар болса, білім көрсеткіші жағынан былтыр бесінші орынға, биыл үшінші орынға тұрақтадық. Сонымен бірге «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық ғылыми-практикалық конференцияда «Үздік дарын мектебі» номинациясын жеңіп алып, сыйлыққа он жеті миллион теңге алдық. Бұл сыйақыға мектепке қажетті құрал-жабдықтарымызды сатып алдық. Сонымен бірге ұжымда мақтанып айта алатын ұстаздарым көп, математика пәнінен Сапура Жантаева, химиядан беретін Шолпан Қадірова, география сабағынан Ұлпан Арыстанбекова апайларымыз үздік деп танылған, өте білімді, іздегенге таптырмайтын алтын кадрлар. Біздер оқушыдан бұрын мұғалімдерімізді де жұмысқа тестпен қабылдаймыз. Жоғары оқу орнын қызылға тәмамдап келіп, тесттен өте алмаса, мектепке қабылдай алмаймыз. Ұстаздар қауымы мықты болған соң, бүгінде рейтингіміз алда келе жатыр. Былтыр 125 балл жинаған оқушымыз Лаура Абдазимова қазір С.Ж.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің білдей бір студенті. Ал, биылғы межеміз 108 балл болды.


-Соңғы жылдары білім саласындағы енгізілген реформаларға көзқарасыңыз қандай? Әсіресе, биыл өзгерістер мен бастамалар жылы болды...


-Реформалардың ішінде ең бірінші кезекте үштілділік оқу жүйесіне келсек, әрине, «Дарын» үшін бұл таңсық жайт емес. Мұнан өзге енді барлық мектептерге енгізгенін өз басым құптаймын. Қазіргі заман техниканың, ақпараттың ғасыры, оның барлығы бізге ағылшын тілі арқылы келіп жатыр. Тіл білгеннің артықтығы жоқ. Пайдасын қазіргі ұрпағымыз көріп, іске асырады, болашағын тіл білу арқылы жаңғыртып, жарқын етеді деп ойлаймын. Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжағалиұлы Сағадиевтің бекіткен «ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын» толық қолдаймын.


-Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!


Құралай АХМЕТ


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.

Күнтізбе
<= Май 2018 =>
ЖкДсСсСрБсЖмСн
1

3

9

16

17

18

21

22

23

24

25

26

27

28

29

30

31

Видео

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратуға қылмыстық жауапкершілік туралы

Радикалды ағымдардыңы таралу қаупі туралы

Терроризм қаупі туралы

ЭКСПО-17