• Бүгін: 15.11.2018 |$1 = ₸374.14

ОҚО-да жылу маусымына дайындық жұмыстары кестеге сай жүруде

Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайым облыстың 2016-2017 жылдардағы жылу маусымына дайындығы бойынша айтқан баяндамасында хабарлады. Басшының айтуынша, өңірдегі 3272 бюджеттік мекеменің тоқсан тоғыз пайызы маусымға дайын болса, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 2278 көпқабатты тұрғын үйлердің сексен тоғыз пайызына жылу беруге болады. Ал облыс орталығы – Шымкенттегі дайындық сексен алты пайызды құрап отыр.  «Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелердегі жалпы қазандықтар саны 48. Олардан бүгінгі күнге дайындалғаны 46 (96%). Бұл жерде тек ТЭЦ-3 - 1 қазандық және ТЭЦ-5 - 1 қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуге байланысты бітпей отыр, талапқа сәйкес 1 қазанға дейін толық аяқтау тиіс, жұмыстар жүргізілуде», - деді басқарма басшысы.


Баспасөз жиынында спикер облысқа 105,9 мың тонна қатты отын мен 27 мың тонна сұйық отынның қажеттігін айтып, бүгінгі таңда тасымалдау жұмыстары кестеге сай атқарылып жатқанын жеткізді. Марғұлан Зұлқарнайұлы жылу маусымын ойдағыдай өткізу үшін Шымкенттегі 44,3 шақырым жылу құбырларына қайта құру және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ретке келтірілгенін хабарлады. Сондай-ақ, ол жылу маусымына дайындық жұмыстары 15 қазанға дейін жалғасып, кескеге сай толық дайын болатынын айтты. Айта кетейік, ОҚО-дағы мектептерге қысқа арналған қатты және сұйық отын тасымалдау жұмыстары мемлекеттік тапсырыс арқылы тамыз айынан басталып кетті. Мәселен, бір ғана Шымкент қаласындағы көмірмен жылытылатын мектептер үшін 4400 тонна көмір қажет екен. Бұл күнде Шымкенттегі 127 білім ошағының 15-і ғана қатты отын пайдаланады. Бастысы мектептерге сапалы отын жеткізілу мақсатында арнайы комиссия бекітілген. Ал, алдағы уақытта ОҚО-ның мектептері қатты отынмен емес, жаппай газбен жылыту қондырғыларымен толықтай жабдықталатын болады.


 


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.