• Бүгін: 09.12.2018 |$1 = ₸370.66

Мешітті қайта жөндеуден өткізген қайырымды қыз

Жеміс-жидектің отаны саналған Түлкібас ауданы Майтөбе ауылындағы орталық мешітке соңғы 25 жылда жөндеу жұмыстары мүлде жүрмеген екен. Иә, қайырымды жандардың шапағаты тимеген соң тірлік қайдан оңсын. Уақыт өте келе ол мешіттің де кескін-келбеті солғын тартып, шаруасы шатқаяқтай бастаған. Енді міне, 25 жылдан бері барша мұсылман қауымын имандылыққа баулып келе жатқан Құдай үйінің екінші тынысы ашылды. Мешіттің сыртқы келбеті көркейіп, бойын тіктеп келеді. Мұнда сырлау, әктеу жұмыстары жүргізіліп, дәрет алатын арнайы бөлмелер, әжетханалар қайта өңдеуден өтіп жатыр. Сонымен қатар, арабша сауат ашатын шағын медресе ғимараты да ұзатылатын қыздың жасауындай жайнап тұр. Мешіттің едендері де жаңартылып, мешіт ауласында жеміс-жидек пен гүлдер алдағы күндері көптеп егіледі деп күтілуде. Хош, сонымен бұл мешітке жанашырлық танытып, демеушілік көрсетіп келе жатқан кім деп ойлайсыз ғой? Ол ер азамат емес, тұла бойы ізгілік пен мейірімділіктен жаралған нәзік жанды қыз бала беп айтсақ сенесіз бе?


            Ендеше таныстырып өтейік, оның аты-жөні Цустан Мәжитқызы Шамшилова болады. Цустан осы Майтөбе ауылының төл тумасы. Осында оқып, бойжеткен соң Ташкент қаласына тұрмысқа шыққан. Бүгінде Ташкентте тұрып, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген ол туған жеріне деген қамқорлықты да есінен шығармапты. Мешіттен бөлек ол қызымыз Майтөбеге сағынып келген сайын ауылдағы жетім-жесірлерге, көп балалы отбасыларға жәрдем беріп тұратын көрінеді. Мәселен, биыл бір отбасыға бұзаулы сиыр сатып алып берсе, екінші бір отбасыға судай жаңа тоңазытқыш сыйлапты. Енді міне, онша-мұнша ер азаматтың қолынан келе бермейтін істі атқарып, мешітті жаңартып беруге күш салып отыр. Бүгінде жерлестерінің ыстық ілтипатына бөленіп отырған Цустан қызымыз Мекке Мәдинада қажылық сапарда жүр екен. Құрбан айт мерекесі қарсаңында біздің мейірімді  кейіпкеріміз мешітке құрбандық шалып бес жүзге жуық адамға құдайы тамақ беріпті. Мұны енді қайырымдылықтың ерен үлгісі демей көріңізші. Ендеше, әрдайым жорытқанда жолың бола берсін, Цустан қарындас! Жерлестеріңнің өзіңе деген ыстық ықыласы өзіңді көкке көтере берсін. Елдің алғысына бөленіп жүрген өзіңнің шығар биігің әлі алда деп ойлаймыз.


Орынтай КӨМЕКОВ


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.