• Бүгін: 09.12.2018 |$1 = ₸370.66

Қарттарым – асыл қазынам

 1 қазан – Қарттар күніне орай ОҚО, Шардара ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәңірберді Ағманұлы бастаған азаматтар бір топ қариялардың шаңырағына арнайы барып, атаулы мерекемен құттықтады. Алдымен Қоссейіт ауылындағы Ұлбосын Әбжапарованың үйіне ат басын бұрған аудан басшылары 100 жасқа келіп отырған әжеге сый-сияпат жасады. 
-Әже, бүгінгі күн Елбасы Жарлығымен Қариялар күні ретінде аталып келеді. Сондықтан сізді құттықтап келдік. Ауырмаңыз, арамызда осылай жарқырап жүре беріңіз, - деген Арман Айдарұлы Ұлбосын әжеге гүл шоғы мен басқа да сый-сияпаттар тарту етті. 
Ұлбосын әже кезінде аудандағы әжелер байқауына қатысып, түрлі өнерімен көпті тәнті етіп жүретін. Әкімнің көңіл аударып келгеніне көңілденген қария өз жанынан шумақ құрастырып, өлеңдетіп те жіберді. Дастарханға бата берген Ұлбосын әже ел мен жердің амандығын Алладан сұрай отырып, азаматтарға өзінің жасына жете беруін тіледі.
Мұнан кейін аудан басшылары Жаппар Серікбаев ақсақалдың үйіне бұрылды. Тоқсан тоғыз жасқа шығып отырған Жаппар ата аудандағы көзі тірі жалғыз ғана Ұлы Отан соғысының ардагері. Майдангердің иығына оқалы шапан жауып, азық-түлік себетін тапсырған Арман Айдарұлы мен Тәңірберді Ағманұлы Жаппар атаға жүз жасқа жеткен тойыңызды тойлай берейік деген тілек айтты.
Қариялармен бірге осы күні жалғызілікті жандардың да көңілдері көтеріліп, бір сәт сергіп қалды. Қалада тұратын Балташ Ғаниева мен Анна Артюшенко есімді апалар өздерін іздеп келген аудан басшыларына алғыстарын жеткізді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев екі апаның да жағдайларын сұрап, өтініштеріне құлақ түрді. Балташ апа үйін рәсімдеуге шамасы келмей жүргенін айтып, көмектесуін өтінді. Сондай-ақ, екі апаға бекітілген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері бұл кісілерге қыс кезінде отыннан жәрдем болса жақсы болар еді десті. Аудан басшысы бұл өтініштерді орындауға уәде берді.
Әкіммен бірге қарияларды аралаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жоламан Тұрлыбековтің айтуынша 1 қазан күні аудан бойынша барлығы 98 жалғызбасты аталар мен апаларға сый-сияпат жасалмақ.
 


Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.