• Бүгін: 09.12.2018 |$1 = ₸370.66

Қариялар әулиелі жерлерге зиярат жасады

Қарттар күніне орай орай ОҚО, Созақ ауданы әкімі М. Исаев, аудан әкімінің орынбасары Б. Айдарбеков, Сызған ауылының тұрғыны, 96 жастағы Төреханова Шырынкүл әжені құттықтап, сый- сияпат табыс етті. –Бүгінгі мерекеде сізді арнайы құттықтап келіп отырмын. Немере шөберелеріңіздің амандығын тілеп, арамызда аман есен жүре беріңіз. «Қариясы бардың - қазынасы бар». Деніңіз сау болсын- деген тілегін білдірді аудан басшысы.  
Жүзге жақындаған әже, ширақ қимылдап, анық сөйлейді. – Қарияны сыйлаған азаматтығыннан айналдым. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев аман болсын. Бейбіт заман болсын- деген тілегін жеткізді. Төреханова Шырынкүл сонау сауатттандыру заманында мұғалім, колхозда есепші, аспаз, совхоздың қара жұмысына араласқан. Кіндігінен 2 бала 5 қызы тарап, 24 немере, 29 шөберенің қызығын көріп отырған ақ жаулықты әже деп жазады Созақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі.


Сонымен қатар Созақ ауданынан 12 қария Түркістан, Отырар жеріндегі тарихи әулиелі жерлеріне зиярат етті. Шараға аудандық мәслихаттың хатшысы Б. Байғараев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Сатыбалды қатысты. Әулиелі жерге аудан әкімі М. Исаев шығарып салып ақ жол тіледі. Осындай мүмкіндік берген аудан басшылығына ризашылығын білдірген ақсақалдар, Түркістандағы Қ. А. Яссауи, Отырардағы Арыстан баб кесенесінде болып, жаңарған жасарған өңірдің тыныс тіршілігімен танысты.


Мұндай құттықтаулар Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданында да жалғасты. Аудан басшысы Төлеген Телғараев Қазығұрт спорт кешенінде зейнеткерлер мен ардагерлерді төл мерекелерімен құттықтады. -Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат -аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып келеді. Осы уақыт ішінде қарттарымызға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық күшеймесе, ешуақытта төмендемеген,-деді аудан әкімі өз құттықтауында.
Мереке барысында аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынып, ардагерлерге шахматтан жарыс ұйымдастырылды.


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.