• Бүгін: 21.10.2018 |$1 = ₸366.11

Ұлт игілігі, ұрпақ қамын ойлаған әжелер

«Әже – ұлт ұйытқысы» байқауы ОҚО, Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов, Тастұмсық, Арыс, Балықты ауылдық, Састөбе поселкелік округтерінде жалғасын тапты. Рысқұлов ауылдық округіндегі отбасы және әйелдер ісінің төрайымы Күләш Жүнісбекова округтің жетістіктері туралы баяндама жасады. «Домалақ ана» клубының жұмысына тоқталды. «Шебер» тобының әжелері байқаудың алғашқы турынан-ақ өздерінің жан-жақты дарындылықтарын көрсетті.  Ұлттық киім киіп, кимешек оранған аналардың сәндері келісіп-ақ тұр. Халық әндерін де билеп тұрып, нақышына келтіре шырқады.   Оқушы қыздар «Әже ақылы» атты көріністе әжелерінің өсиеттерін, ырым-тиымдарын жарыса әңгімеледі. «Шебер» тобының әжелері «Келіннің босануы», «Бесікке салу» атты көріністі де шебер орындап шықты. Келіннің жеңіл босануын ырым етіп, ежелгі ғұрпымыз бойынша абысындары келі түйді. Ауыл азаматы аспанға мылтық атты. Баланың бесігіне ырымдап, қадірменді болыстың шапанын жапты. Бәрі де жарасымды. Сұрақ-жауаптан да мүдірмей, киіз басуды әндетіп, билеп тұрып көрсетті. Қолдан жасаған дорба, қоржындары, құрақ көрпелері қандай тамаша! Шәкірттер әжелерінің өнеріне таң-тамаша болып, үлкен қошеметпен қол соғып отырды. Арасында концерттік бағдарлама көрсетіліп, байқаудың шырайы ашыла түсті.


Тастұмсық ауылдық округіне қарасты «Ұмай ана» әжелер тобының мүшелері де өз өнерлерін ортаға салып, көпшілікке тамаша көңіл-күй сыйлады.  Аналар «Қыз ұзату» және ұмытылып бара жатқан «Ау Шадияр», «Ау жар» дәстүрлерін шынайы көрсете білді. Округ әкімі Қ.Сәрсембаев, Лермонтов мектебінің директоры Ж.Төребеков және О.Кошевой мектебінің ұжымы, оқушылары байқаудың өз деңгейінде өтуіне атсалысты. Байқау арасында концерттік бағдарлама көрсетілді. Қолөнер бұрышы ұйымдастырылыпты. Тастұмсық ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Мақұлбеков бастаған аталар қауымы да байқауды тамашалап, әжелерге қолдау білдіріп отырды. «Ұмай ана» әжелер тобының қолдарынан шыққан бұйымдары  ерекше тартымды екен. Қызғалдақ бейнесіндегі құрақтары, қолдан тоқылған тор, қоржын, дорбалары да жап-жақсы


Әр округтің озық тұстарын айта кеткенді жөн санаймын. Жаскешу ауылдық округіндегі «Қазына» әжелер тобы әнді  әуелете нақышымен шырқаудан алдарына жан салмайды. Қазима апай шаңырақты шебер безендіріпті. Қазақша «люстраларымыз» - шаңырақ баулар қандай көркем?! Шаңырақтың   төрт  жағынан баулықтар тартылған.  «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген жақсы идея негізге алынып, «ағайынның бірлігі – елдің бірлігі» дегенді меңзеп, халықтар достығын паш етіп тұр. Осы идеяларды әжелер нақпа-нақ түсіндіріп берді.   «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші,  Арыс ауылдық округінің «Асыл әже» тобы  да әр турда өздерінің жан-жақтылығын көрсетті.  Байқауды округ өнерпаздары әсем әндерімен, мың бұралған билерімен көркемдей түсті.  Күміскүл апай шырқаған қырғыздың халық әні «Жаңбыр төкті» әні көрермендердің құлақ құрышын қандырды.  Бұл округтің әжелері керемет тігілген біркелкі ұлттық киімдерімен және көз тартар кимешектерімен ерекшеленді. Керейт мәдениет үйінің меңгерушісі Ж.Оразалиев әжелердің ұлттық киіміне демеушілік жасаған аудандық мәслихаттың депутаты Асқар Айдарбековке өз атынан және округ халқы атынан зор ризашылығын жеткізді. Әркез жақсы істердің ұйытқысы болып, өз өңірін көркейтуге қомақты үлес қосып жүрген іскер азамат бұл жолы, халқымыздың салт-дәстүрін жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуіне атсалысып, алғыс арқалады.  Састөбе поселкелік округінің әжелерінің арасында күміс көмей әнші де, биші де, дайын әртіс те бар екен. Жанды дауыста шырқалған «Айқаракөз» әні құлағымыздан әлі кете қойған жоқ. Ал, "Төркіндеп бару салты" бойынша қойылған көрініс – кәдуілгі кәсіпқой әртістердің қойылымынан кем түспеді десек, артық айтқандық емес. Тарихымыздан сыр шерткен шынайы көрініс болды.  Ұлт игілігі, ұрпақ қамын ойлаған әпкелі-сіңлілі Ақбикеш, Мақпал қыздарымыздың тапқырлығы, даналығы көрерменнің жанын елжіретпей қоймады. Қысқаша мазмұнына тоқталар болсақ, бірнеше жылдан кейін еліне төркіндеп келген Ақбикеш немере сіңлісі Мақпалды өзімен бірге алып кетуге  ағайындарына қолқа салады. Сәбилі бола алмай жүргендіктен сіңлісін өзінің күйеуіне қоспақ болады. Елдікті, бірлік пен ұрпақ жалғастығын ойлаған Ақбикештің шешімін аталар жағы қолдап, ақ батасын береді. Сонымен бірге төркін жағынан қайнысына да қыз айттырып кетеді. Сонымен Мақпал ұрпақ өрбітіп, өсіп-өнеді. Жақсы ниетіне беріп, Ақбикеш те ұлды-қызды болады. Екеуінің туған балалары әулетті кеңейтіп, үлкен рулы елге айналған екен. Әжелердің өнерімен қатар, А.Макаренко атындағы жалпы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Э.Қалдыбекова мен үйірме жетекшісі А.Адырбекованың актерлік қабілеттеріне таң-тамаша болдық.  Ал, Балықты ауылдық округінің әжелері ұлттық биімі «Қамажайдан» бастап, еліміздегі ұлттар достығын насихаттап, интернациональдық билерді жақсы орындауымен есімізде қалды. Әрине, сайыс болған соң кем-кетіксіз де болмайды. Мұндай кемшіліктерді әділқазылар алқасының төрайымы дер кезінде ескертіп, жетістіктерді мадақтап, саралап отырды.  Аналардың жан-жақты өнерлері әділ қазылардың әділ бағасына ие болды. Округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы , ауылдың қазыналы аталар жағы да ұлттық киім киіп келіп, байқауды тамашалап, өз пікірлерін ортаға салып, ақ баталарын беріп жүр.


Жалпы, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатқан «Әже – ұлт ұйытқысы» байқауының жас ұрпаққа берер тағылымы, өнеге-өсиеті мол. Ұлағатты ұстаз, жастар тәрбиесін бар ынтасымен қолына алып жүрген, игі істердің жанынан табылатын  ардақты ана Гүлбибі Ешенқұловаға қарап бой түзеп келе жатқан қыздарымыз аз емес. «Ұрпақ тәрбиесіне бәріміз жауаптымыз. «Өздеріңіздей шебер, өнерлі,  ұлт ұйытқысы болатындай асыл аналарымыздан жас ұрпақ тәлім-тәрбие, өнеге алса деген үлкен мақсаттың жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымын» деді Гүлбибі апай.


Айгүл СҮНДЕТОВА.  


 


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.

Күнтізбе
<= Қаз 2018 =>
ЖкДсСсСрБсЖмСн

22

23

24

25

26

27

28

29

30

31

Видео

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратуға қылмыстық жауапкершілік туралы

Радикалды ағымдардыңы таралу қаупі туралы

Терроризм қаупі туралы

ЭКСПО-17