• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

ОҚО-дан шыққан тоғыз тұлға ел жүгін аманаттап тұр

Кешелі-бері саяси доданың дүрмегі басылып, ҚР-ның алтыншы Парламенті өз жұмысын қызу бастап та кетті. Халыққа бұрыннан таныс сақа депутаттар бар, құрамында жаңадан бой көрсетіп жатқандары бар, екпіндері басылар-басылмас абыр-сабыр сәтте-ақ Елбасы оларға тапсырманы жаудырып тастады.


Мемлекет басшысы алдымен халық қалаулыларына іске шапшаң кірісуді талап етіп, нық жауапкершілік жүктеп өтті.  «Монополияға қарсы саланы реформалаудың екінші кезеңінде бәсекелестік туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Бұдан бөлек, мемлекеттік функцияларды одан әрі бәсекелестік ортаға беру бойынша заңнамаларды жаңарту керек. Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамалық актілер өздерінің бюджеттік меншіктерін тиімді басқаруы үшін жетілдірілуі тиіс. Сонымен қатар, әлемдік экономиканың және халықаралық қатынастардың дамуы Парламент пен мемлекеттік органдардың,  біздің жоспарларымыздың алдағы кезеңіне өз өзгерістерін жасауы мүмкін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 


Сөз барысынан ұққанымыз, электр энергиясы туралы жаңа заң қажет, бірыңғай салық және кеден кодексін қабылдау кезекте тұрған өзекті мәселе. Бүгінгі Парламент иығына артылар жұмыс шаш-етектен. «Кім жақсы жұмыс істесе, сол мол жалақы алады» деген сөзді де айта келіп, Елбасы халық қалаулыларын өзі ойлаған межеден көргісі келетінін және күткен үміттің ақталатынына сенім білдіргендей.   


Енді кезекті шақырылымдағы жаңа Парламент Мәжілісінің аяқ алысы алдағы уақытта белгілі болады. Әзірге Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған депуттарды шолып шығайық. Олар: Құдайберген Ержан – ОҚО мәслихатының хатшысы, Байділдә Жылқышиев – ОҚО әкімі аппаратының басшысы, Фахридин Қаратаев – «Жанубий Қазақстан» газетінің бас редакторы», Уәлихан Қайназаров – Сайрам ауданының әкімі, Сәкен Қаныбеков – ОҚО әкімінің орынбасары, Берік Оспанов - «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Сауытбек Абдрахманов. Сонымен бірге тағы Палата Мәжілісінен орын алған оңтүстікқазақстандық екі азаматты қатар атауға болады. Мұхтар Тілдабекұлы Ерман және Сапархан Кесікбайұлы Омаров. Екеуі де оңтүстіктің тумасы. Мұхтар Ерман бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» фракциясының аппараты басшысы қызметінде болды. Яғни, төтеннен келген жоқ, қызметіне мығым, істің қыр-сырын біледі. Ал, Сапархан Омаров біраз жыл ҚР Парламентінің Шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары болып, сосын  Президенті Әкімшілігінде қызмет атқарған жан. Оны да бөтен деп айта алмаймыз. Түйіндей келгенде, оңтүстіктен шыққан депутаттардың түсін түстеп атап, түгендеп отырған себебіміз, ел жайын етене біледі, ертеңгі күні өңірге қатысты түйінді мәселелер мен сұрақтарға бей-жай қарамайды деген ниеттен туып отыр.   . 

Міне, ОҚО-дан бас-аяғы тоғыз тұлға алдыңғы шептен көрініп, ел жүгін аманаттап арқалай алып тұр. Әдеттегідей бұл сайлауда да «Нұр Отан» саяси партиясының даусы басым. Жылдар бойы жинаған тәжірибе мен еңбектің арқасында айтулы партия ел сенімінен шыға білді.


 


Естеріңізге сала кетейік, сайлауға ел ішінен алты саяси партия қатысып, солардан үш партияның өкілдері дауыс жеңіп алған болатын. Мәжіліске депутаттыққа баратын мандаттар саны нақтыланып, Парламенттің төменгі палатасында 107 орын белгіленген. «Нұр Отан» партиясы 84 мандат, «Ақ жол» Демократиялық партиясы 7 және Қазақстан коммунистік халық партиясы да 7 мандат алды.  Қалған 9 орынға Қазақстан халық Ассамблеясынан сайланған үміткерлер жайғасты. Орталық сайлау комиссиясының ресми ақпаратына сай депутаттық орындар партиялардың жинаған дауысына байланысты бөлінген.  Нақтырақ айтсақ, өз таңдауын жасаған сайлаушылар дауысының 82,20 пайызы «Нұр Отан» партиясына, 7,14 пайызы Қазақстан коммунистік халық партиясына тиісті. Ал «Ақ жол» партиясы 7,18 пайыз дауыс жинаған. 


Құралай АХМЕТ



Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.