• Бүгін: 15.11.2018 |$1 = ₸374.14

Оңтүстік өнерпаздары ҚХР гастрольдік сапармен болды

Оңтүстік Қазақстан облысының өнер шеберлері желтоқсан айының соңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қытай  Халық Республикасына гастрольдік сапармен барып қайтты.


Бұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Б.Жорабеков айтты.


Сонымен қатар, бүгінгі баспасөз мәслихатына ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазына» би ансамблінің жетекшісі З.Әжібекова  мен ҚР Мәдениет қайраткері, «Түркістан» сарайының көркемдік жетекшісі А.Исаева қатысып, Қытай еліндегі қандастарымыздың қазақ мәдениетіне деген сағынышы туралы айтып берді.


Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Қытай мемлекетінде өткен концерттік бағдарлама ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.


Қос ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, мәдени іс-шаралар арқылы қандастар рухын асқақтатып, мерекелік көңіл-күй сыйлау       мақсатында өткен концерттік шара үш күнге жалғасты.


Берік Жорабековтың айтуынша,  аталған мерекелік шара Санжы қаласының «Ащылы», «Моргу» мәдениет орталықтарында күніне 2 рет ұйымдастырылды. Өнерпаз топ ішінде ҚР Мәдениет қайраткері Аблайхан Оспанов, Халықаралық би байқауларының бірнеше дүркін лауреаты «Қазына» би ансамблінің жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері З.Әжібекова, концерттік бағдарламаның режиссері,  ҚР Мәдениет қайраткері  А.Исаева, Халықаралық ән байқауларының лауреаттары, дәстүрлі әнші Р.Ахынбеков, эстрада әншісі Г.Нұржанова, вокал Қ.Абдушариповалар бар.


Концерттік бағдарлама барысында  өнерпаздар  фольклорлық-этнографиялық жанрлармен қоса қазақтың халық әндерін, қазақ композиторларының әндері мен классикалық әуендерін, эстрадалық ән тартуларын арнап, қандастарға мерекелік леп сыйлап, рухын асқақтатты.


Шарадан ерекше әсер алған көрермендер алғыстарын білдіріп, елден барған өнерпаз топқа қазақ кәдесіне сай сый-құрмет көрсетті.


ОҚО әкімінің баспасөз қызметі


Бөлісу:

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.