• Бүгін: 17.11.2018 |$1 = ₸369.74

«Отбасында қолдау болса, әрдайым жетістікке жете аласыз»

Роза Ізтілеуқызы Қадірбаева,


педагогика ғылымдарының докторы,


Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының


«Тарих және педагогика» факультеті деканы:


-Роза Ізтілеуқызы, сіз ғылым саласында да, оқу-ағарту ісіндегі басшылық қызметте де белді, әрі белсенді қызмет атқарып келе жатқан әйел азаматтардың бірісіз. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын алғаш рет Жезқазған педагогикалық институтында оқытушы болып еңбек жолыңызды бастаған екенсіз. Міне, содан бері қанатыңыз талмай жұмыс істеп, бұрынғы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында, одан Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде де өзіңіздің келбетіңізді танытып, өнегелі ізіңізді қалдырдыңыз. Ғылым шыңына жетіп, бұл күндері докторлық диссертацияңызды қорғап, еңбегіңіздің жемісін көріп отырсыз. Ендеше айтыңызшы, өкшеңізді басып келе жатқан сіңлілеріңіз бен қыздарыңыз бар, жетістікке жету жолында оларға қандай кеңес бересіз? Гендерлік саясатты қолдайсыз ба?  


- Гендерлік саясат жөнінде ел ішінде, бұқаралық ақпарат құралардарында әрқандай талас-тартысты көзқарастар мен пікірлер айтылады. Менің өзім осы елдің азаматы ретінде гендерлік саясатты қолдаймын. Бүгінде, әйел азаматтардың билікке де, ғылымға да, бизнеске де араласып нәтижелі еңбектің арқасында ізгі істерімен танымал болып жатқандары белгілі. Оның бәріне  Егемендіктің арқасында қол жеткізудеміз. Біз егемендік алғаннан бері қаншама жақсылықтарды көріп,  қаншама биіктерге самғап, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатырмыз.  Мен оның мысалы ретінде - өзімнің отбасымды алайын, кенже ұлым төртінші сыныпта оқып жүргенде, математика пәні бойынша Францияға олимпиадалық жарысқа барып, жүлделі орын алып келді. Сонда республикадан жиналған жиырма шақты ата-ана Астананың әуежайында балаларымызды шығарып салып тұрғанда, қатты толқыдық. Бұл егемендігіміздің арқасы ғой. Шынашақтай бала елдің атынан барып, намысын қорғауға, білімін көрсетуге бара жатыр. Бұрын оның әке-шешесінің, тіпті ата-бабасының табаны тимеген жер. Қазір үш жасар балақайға дейін шетелдегі байқауларға қатысып, өнерін паш етіп жүр. Бәрі тәуелсіздігіміздің белгісі. Ал сол жас ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына  негізгі жауапкершілік аналардың,  яғни әйел азаматтардың мойнында. 


Әйелзаты ертеңгі күні еліміздің туын ұстайтын арда азаматтарды өмірге әкелетін, олардың бойына жақсы қасиеттерді сіңіретін, ұрпақтың  тәрбиесімен тікелей айналысатын  жан. Отбасы ұйытқысында бірден-бір әсер етуші, әулеттің бел ортасында жүретін де әйелдер. Әйел-ананың ұрпағы таза болып, ұл-қызының тәрбиесіне шынайылықпен берілсе, болашағымыз жарқын бола бастайды. Міне, осындай әйелдер шаңырақтың туын көтеріп ғана қоймай, ел қызметіне белсене араласып, билікті де ұстағандары дұрыс деп ойлаймын. 


Алайда қызмет баспалдағына өрлеймін деп, сіңлілеріміз отбасылық өмірді де көңілден ұмыт қалдырмаған жөн. Әйелзаты қаншама нәзік болғанмен, біздің өмір сүріп отырған қоғамда олардың мойнына жүктелетін жауапкершілік орасан зор.  Меніңше қызметті де, отбасын да қатар алып жүре алуы керек. Осыған қалыптаса алса, жетістікке жете алады. Ең бірінші адамға керегі жауапкершілік деп айтар едім. Өзінің  жұмысына және отбасына деген жауапкершілігі болса, ол адам нәтижеге кенеліп, асуларды бағындырмай қоймайды.


-Жақсы. Сіз қыз-келіншектер қызметті де, отбасын да қатар алып жүре алуы керек дедіңіз. Өзіңіз осы екі аралықты қалай ұштастыра алып отырсыз? Білуімізше, сіз үш баланың анасы боласыз, балдай немере сүйген бақытты әжесіз.    


- Әрине, қызметті де, отбасын да қатар алып жүру оңай емес. Оның дұрыс ұштасуына әртрлі себептер бар. Егерде мен өмірде қандай да бір жетістіктерге жеткен болсам, ол: біріншіден, ұшқан ұямда ата-анамның берген тәрбиесі мен білімге құштарландырған ұстаздарымның еңбегі; екіншіден, келін болып түскен қайын жұртым мен жолдасымның қолдауы; үшіншіден, қай жерде болса да өте тамаша  ортада керемет әріптестермен бірге жүруді жазған алланың сыйы. Оның үстіне балаларды тәрбиелеу мен оқытуда да көп шаршаған жоқпын, өйткені олар алғыр болып, сабақтарын өте жақсы оқыды.


Мен қолыма диплом алған 1983 жылдан бері үзбей жұмыс істеп келе жатырмын, тіпті бала күтімімен де көп демалыс алған емеспін. Өзім Түркістанда туып өстім, бала кезімнен математикаға құштар болдым. Ол маған анамнан дарыған, өйткені анамды дипломы жоқ туабітті математик десем болады. Өз қалауыммен, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетін бітірдім. Математиктер бір орында тапжылмай ұзақ отырып, нәтижеге жеткенше жұмыс істейтін адамдар ғой. Кез-келген есепті қолға алдың ба, соны аяғына жеткізуің керек, нәтижесін шығаруға тиіссің. Бұл математиктердің бойына біткен қасиет. Сан-салалы жұмысты, үйді, ғылымды, ұжымды... бәрін ұйымдастыра білгенім математикалық тұрғыдан есептей білу, дәлдікті сақтау, әр істің шешімін таба білу секілді дағдылардың бойымнан табыла білгендігі болар.


 Әрине, мен айтып отырған сексенінші жылдардағы уақыт пен қазіргі уақытты салыстыруға келмейді. Сексенінші жылдары не деген кең уақыт еді, оқу-білімнен басқа, көп нәрселерге үлгеруге болатын. Бұл күні уақыт тапшы. Мұны ересек адамнан кішкентай балаға дейін сезінеді.   


Ал, менің өзіме бұрыннан, тіпті өмір бақи уақыт жетпей келеді. Баяғыда құрбы-құрдас бір-біріміздің амандығымызды білу үшін хат жазушы едік ғой, сол кеңшілік кездің өзінде бір жолы құрбыларыма: «хат жазуға да уақыт жоқ» деппін... (күліп – авт.) Уақыттың тапшылығын сол кездің өзінде сезіне бастағанмын. 


-Сол тапшылықты қалай жеңуге болады, уақыттың аздығы неден деп ойлайсыз?


- Өйткені қазір ақпараттық қоғам. Ақпараттың тасқыны минут сайын өсіп жатыр, ақпарат көп болғаннан  кейін адамға уақыт жетпейді. Мұның пайдасы да бар, зияны да бар. Мен уақытымды тиімді пайдалану үшін кейде  демалыстарымды қысқартуыма тура келеді.  


Осындайда замандастарымыздың арасында билікке араласу үшін өзінің жеке өмірін сарп етіп, тек біржақты кетіп жатқандары да кездеседі, дегенмен бәрін қатар алып жүргендер де аз емес. Әлгінде айттым ғой, ең бірінші жауапкершілік деп, ал екіншіден, отбасыңның саған деген қолдауы. Егер отбасында қолдау болмаса, жарыңыздан демеу таппасаңыз, әйелдің жолы тар. Әрине, менің осындай жетістіктке жетуіме бірден-бір себепші ең алдымен өмірлік жолдасымның арқасы.


         -Жұбайыңызбен Жезқазғанда жолықтым деп қалдыңыз. Ол кісі арқаның азаматы ма?


         -Отағасы Мұрат осы оңтүстіктің, соның ішінде Төлеби ауданының тумасы. Бірақ, біз арқа жерінде бас қостық. 1983 жылы ҚазҰУ-ін тәмамдаған соң, сол кездегі ректор, академик марқұм Өмірбек Жолдасбековтің қолынан Жезқазған педагогикалық институтына жолдама алдым. Ол кезде жастарды дипломмен басқа өңірлерге жіберетін. Институтқа оқытушы болып орналастым. Арқаның керемет халқымен етене емен-жарқын араласып, алғашқы еңбек тәжірибем, өмірге, елге деген көзқарастарымыз қалыптасты. Арқа жақта еңбек еткеніме өкінбеймін, мақтан тұтамын. Сол жақта серігіммен табысып тұрмыс құрдым, қос перзентіміз өмірге келді, сондықтан Жезқазған қаласы бізге ыстық.       


         Тоқсаныншы жылдары жолдасымның жұмысының ауысуына байланысты оңтүстікке келдік. Ол кісінің мамандығы құрылысшы-инженер. Жиырма алты жасынан бастап, құрылыста бас инженер болған. Жезқазғанда жиырма жеті жасында обдыстық құрылыс-жөндеу басқарма басшысы болды, қызметке жастай араласып, айтулы үлкен кісілермен жүріп, өмірді ерте танып, ерте есейген азамат. Шындығын айтқанда, біз әйел ретінде кейде шаршаймыз. Ғылым жолы оңай емес. Кей кезде артқа қарай шегінгім келеді, тоқтағым келеді, сондайда ол мені қайрап, жігерлендіріп, алға қарай  ұмтылдырып отырады. Кандидаттық диссертацияны қорғайтын кезде қатты шаршадым. Қарсы кедергілер кездесті. Сонда мен: «бармаймын енді, қорғамаймын» деген кезде, ол намысымды қамшылады. «Сен қалай жарты жолдан қайтасың, шамаң келмесе оны айт, ал шамаң келсе шыда, мұндай нәрсенің әлі талайы кездеседі» дейтін, әрине, мен шамам келмейді деп айта алмаймын, өйткені қолымнан келетінін білемін. Сондайда қайта тұрып, намыс жетелеп, алға қадам басамын.


-Осындай өнегелі отбасының балалары кімдер? Олар өмірде өз орнын тапты ма?


-Қызымыз Жазира ғылым жолын қуды. Ұлымыз Жомарт қазір Қостанайда қызмет атқарып жүр. Екеуінің жас арасы қатар, яғни тете, екеуі өмірде өз орындарын тауып орнықты. Екеуі де отбасылы. Ал, кенжеміз – Атымтай. Оның өмірге келу тарихы қызық. Бұл күндері жүзге жақындаған апамыз бар. Сол кісі әрдайым айтып қоймайтын: «Неге мына Жомарттың Атымтайы жоқ» деп... Ғылымға ден қойған соң, жұмыстарымды біржақты етіп аяқтап алайын деген ниетпен екі баламен шектеліп жүргенмін. 1996 жылы кандидаттықты қорғап болдым, «Алла Тағала құрсағыма берсе, қарсы емеспін» деп жүргенімде ойда-жоқта 2004 жылы қырық екі жасымда осы бала дүниеге келді. Оның аты он жеті жыл бұрын қойылып қойған дедік-дағы, ешқандай ойланбастан Атымтай деп азан шақырып, ат бердік. Өйткені апамыздың аузы дуалы.


Атымтай жасынан математикаға құмар болды, төртінші сыныбында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы, ОҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтынан  Ұлмекен Жазықбаева апайдың ұйымдастыруымен шетелдегі байқауға қатысты, екінші орын иеленіп келді. Одан кейін де талай конкурска қатысты, сөйтіп Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне түсті. Қазіргі таңда сегізінші сынып оқиды.


-Бәрекелді. Роза Ізтілеуқызы, немерелі болсаңыз да, үйде келіннің рөлін атқарады екенсіз.


-Иә, қолымда енем бар, апам сексенде. Өзімнің анам жетпіс жетіде. Бір кездері Түркістанға жұмысқа шақырып, Ясауи атындағы Қазақ-түрік университетінде біраз жыл қызмет атқардым. Аптаның төрт-бес күнінде Түркістанда, сенбі-жексенбі Шымкентке қатынап тұрдым.  Кішкентайыма үйде енем қарап қалды. Атымтай айтқанынан қайтпайтын бала, «Түркістанға ауыспаймын, осында қалада оқи беремін» деген соң, №65 мектебінде қалдырдық.  Сосын балама: «Төрт күн Түркістанда қонамын, үш күн сенің жаныңда жатамын»  деп келісіп, уәде бердім. Сол келісіммен кеттім. Бес-алты жыл бойы сол уәдемде тұрдым. Шымкент-Түркістан ортасында барып-келіп жұмыс істедім. Әрине, ауыр. Жол жүреміз ғой, таңертең сағат алтыда енем Шымкенттен тілеуімді тілеп шығарып салады. Сағат тоғызда Түркістанға жетіп, кабинетке кіріп отыра бергенімде телефоным шыр ете қалады. Түркістаннан анам «Аман-сау жеттің бе?» деп телефон соғады.  Анам жұма күні «Шымкентке кетіп бара жатсың ба?» деп шығарып салады, кешке енем қарсы алады. Осылай екі анам екі жақта тілеуімді тілеп,  бірі шығарып салып, бірі қарсы алып, отырғанның арқасында шығар жолым ақ болып, жұмысымыз абыройлы болды.


- Қос анаңызды ойыңызға алғанда, ерекше сезіммен толқып айттыңыз. Қанша ағайынды болдыңыз?


- Бір анадан үш ұл, жеті қыз, барлығы 10 бауырмыз. Бүгінде барлығының бала-шағасы бар. Өсіп-өнген. Немере көріп отыр. Әкеміз жетпіс үш жасында дүниеден өтіп кетті. Он сегіз жыл болып қалды.


-Роза Ізтілеуқызы, біздің газет психологиялық, отбасылық басылым болған соң, шаңырағыңызға, жеке өміріңізге қатысты сұрақтар қойдық. Сұхбат соңында институт жайлы айтып кетсеңіз. Қандай жаңалықтар бар, ғылыми инновациялық жобалар қолға алынып жатыр ма?  


-  Мен қазір институттың «Тарих және педагогика» факультетінде деканмын, әрі информатика кафедрасының оқытушымын. Мен осы қара шаңыраққа алғаш келгенде кафедраның аты «Алгебра және есептеу математикасы» еді,  ол кезде академик Қалдыбай Бектаев кафедра меңгерушісі болатын. Сонда информатикадан сабақ беруге тура келді. Себебі, бастапқыда информатикадан маман болмады. Сондықтан жас математиктерді арнайы дайындықтан өткізіп, информатикаға бейімдеді.  


Бүгінгі таңда білім беру жүйесін ақпараттандыру, электронды оқыту мен қашықтықтан оқыту мәселелері - біздің зерттеу жұмыстарымыздың негізгі өзегі. Қазіргі таңда кафедрада ақпараттық коммуникациялық пәндік орталарды жасату арқылы болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыретілігін қалыптастыру  мәселелері бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұны біз ынталы инновациялық жоба ретінде тіркегенбіз.


Ақпараттық коммуникациялық пәндік орта жасау деген не? Ақпараттық-коммуникациялық пәндік орта – ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың интерактивті құралдары арқылы пәндік облыстың ақпараттық ресурстарын жасау және  қолданушылар арасындағы ақпараттық әрекеттестікті орындау  іс-әрекеттерін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін жиынтық. Мысалы,  пәннің электронды оқулығы бар, ол баланың өздігінен оқуына қажетті құрал. Енді коммуникацияның жетістігі мен ғаламтордың қарқынды артуының арқасында, біз  электрондық оқулық деген ұғымнан гөрі кең ұғымға көшуіміз керек. Әлгі айтқан ақпараттық коммуникациялық пәндік ортаға оқушы,  студент болсын, сол оқитын пәні бойынша интернет арқылы кіріп, сол ортадан өзіне керекті мәліметтің бәрін ала білуі керек. Яғни ол жерде  өзін-өзі бақылай білу керек, сол пәнге қатысты ол жерден керекті фильмін көре білу керек. Тағы сол пәнге байланысты өзге де дереккөздерге сілтеме ала отырып, басқа мәлімет көздерінен ақпарат алуына мүмкіндік алады. Болашақта  интернет арқылы оқытып, мұғалім қайда қалады десеңіз, мұғалімнің рөлі бұрынғыдан да артып, жетекші рөл атқарады деп айтар едім. Оқыту ешуақытта мұғалімсіз болмайды.


Жаңағы мен айтып отырған дүниені жасайтын кім? Мұғалімдер. Пәнді ақпаратпен толтыратын кімдер? Мұғалімдер. Мұғалімнің жұмысы бұрынғыдан күрделенбесе, азаймайды. Біз қазір мұғалімді  жаңа заманның заманауи, жаңа тұрпатты мұғалімі дейміз. Ол статусқа ие болу  мұғалімдердің жауапкершілігінде. Міне, өзіміздегі жаңа буынның болашақ мұғалімдерін осы бағытта тәрбиелеу, оқыту - біздің негізі міндетіміз.


Мен, бүгінгі таңда жұмыс атқарып отырған ОҚМПИ-мен  мақтана аламын. Бұл оқу орны бүгінде, 80 жылға жуық тарихы бар қара шаңырақ ретінде, өз статусын қалпына келтіріп, болашақ ұстаздарды даярлау үдерісінде отандық жоғары оқу орындарының арасында бірқатар жетістіктерімен алдыңғы орыннан көрінуде. Оқу орнының басшысы - профессор О.Аяшев мырза бастаған оқытушы-профессорлар құрамы,  білім беру жүйесін жаңғыртуда инновациялық тұрғыдан аянбай еңбек етудің арқасында, кәсіби құзіреттілігі заман талабына жауап бере алатын  маман иелерін көптеп шығаруда.  


Мен сұхбат барысында сөзімді түйіндей отырып, өзінің сексен жылға жуық тарихы бар ордалы оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына барша түлектерді оқуға шақырамын. Сапалы маман дайындау базасында оқу орнының атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Ол туралы институттың сайты okmpi.kz арқылы көптеген мәліметтермен қанығып, бағыт-бағдар алуыңызға болады.


-Жылы әңгімеңізге көп-көп рахмет!


Құралай АХМЕТОВА


 


Бөлісу:
Жамила жазған (2016-04-11 07:56:40):
Ордалы оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтын, расында барша халық біледі. Оңтүстік өңіріндегі барлық педагог мамандарды дайындап, ұлы ұстаздар шыққан оқу орны. Сонымен қатар Роза Ізтілеуқызындай асыл жар, ардақты ана, ұлағатты ұстаз, адал келін, ғалым қандасымыздың осында қызмет атқарып, бүкі жұртқа үлгі, өнеге болып отырғаны бәріміз үшін мақтаныш. Қызметті де , отбасын да қатар алып жүру кез-келген азаматтың қолынан келе бермейтін іс. Әсіресе мен жастарға осы ұстаздан үйренеріміз көп дегім келеді. Осы заманның "Әлиясы мен Мәншүгісіз!". Роза Ізтілеуқызы жақсы тақырыптағы жақсы тәлім-тәрбиеге толы әңгіме-сұхбатыңыздың көпшілікке берер жасы әсер береріне сенімдімін. Нағыз қазақ аруы, қазақ анасы, қазақ ұстазысыз! Көптеген ата-ана ретінде де мен ұл-қыздарымның сіздей ел мақтанышы, ардақты ұстазы бар оқу орнында оқытқым келеді. Әрбір адамның әрбір жетістігіне ұстаздың сіңірген еңбегі, ілімі мен білімі, тәрбиесі үлес қосатынын да дүйім жұрт біледі. Сізге шығармашылық табыстар тілеймін

Пікір білдіруші: Жамила Сарсенбаевна

(*) Толтыру міндетті өрістер. HTML кодына рұқсат етілмеген.